Ішкі істер органдары арнайы қабылдау орындарының қызметін ұйымдастыру ережесін бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2011 жылғы 23 мамырдағы № 232 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2011 жылы 22 маусымда № 7030 тіркелді

      "Адамдарды қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнаулы мекемелерде ұстау тәртібі мен шарттары туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 30 наурыздағы Заңының 9-1-бабына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Ішкі істер органдары арнайы қабылдау орындарының қызметін ұйымдастру ережесі бекітілсін.
      2. "Әкімшілік жолмен қамауға алынған адамдарды ұстайтын ішкі істер органдарының арнайы қабылдау орындары туралы ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2002 жылғы 23 шілдедегі № 499 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 1963 болып тіркелген) күші жойылды деп танылсын.
      3. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті (Қ.С. Тыныбеков) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде тіркеуді және оны ресми жариялауды қамтамасыз етсін.
      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары полиция генерал-майоры А.В. Кулиничке және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитетіне (Қ.С. Тыныбеков) жүктелсін.
      5. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр
      милиция генерал-майоры                          Қ. Қасымов

Қазақстан Республикасы  
Ішкі істер министрінің  
2011 жылғы 23 мамырдағы 
№ 232 бұйрығымен     
      бекітілген        

Ішкі істер органдары арнайы қабылдау орындарының қызметін ұйымдастыру ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Осы ішкі істер органдары арнайы қабылдау орындарының қызметін ұйымдастыру ережесі (бұдан әрі - Ереже) "Қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнаулы мекемелерде адамдарды ұстау тәртібі мен шарттары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 9-1-бабына сәйкес әзірленді және ұстау режимін қамтамасыз ету мақсатында ішкі істер органдарының арнайы қабылдау орындары қызметінің тәртібін және оны ұйымдастыруды реттейді.
      2. Арнайы қабылдау орны - әкімшілік қамауға алынған адамдарды қабылдауға және ұстауға арналған ішкі істер органдарының арнайы мекемесі.
      3. Әкімшілік қамауға алынған адамдарды арнайы қабылдау орындарына орналастыру оларды қамауға алу туралы судья қаулысының негізінде жүзеге асырылады.
      4. Арнайы қабылдау орындарында тәуліктік кезекшілікті қамтамасыз ететін және ұсталатын адамдардың өз еркімен мекемеден тыс жерге кетуін болдырмайтын режим орнатылады.
      Арнайы қабылдау орындарында режимді қамтамасыз ету арнайы қабылдау орнының әкімшілігі мен қызметкерлеріне жүктеледі.
      5. Арнайы қабылдау орындарында ұсталатын адамдарды күзету бойынша қызмет өткеру үшін нарядқа тағайындалатын қызметкерлерге қару берілмейді. Арнайы қабылдау орынынан қашқан адамды ұстау кезінде "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қару қолданылмайды.
      Арнайы қабылдау орнына орналастырылған адамдарға "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес күш пен арнайы құралдар қолданылуы мүмкін.
      6. Арнайы қабылдау орнының әкімшілігі әкімшілік қамауға алынған адамдармен профилактикалық әңгімелесулер өткізеді, оның барысында қоғамға қарсы мінез-құлықты тоқтату қажеттілігін түсіндіріп, Қазақстан Республикасының "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодексімен таныстырады.
      7. Әкімшілік қамауға алынған адамдарды арнайы қабылдау орнына қамауға алу немесе оларды тиісті медициналық ұйымдарға жіберу туралы арнайы қабылдау орнының әкімшілігі бір тәулік ішінде тұрғылықты жері бойынша олардың жақын туыстарына хабарлайды.
      8. Арнайы қабылдау орындарында медицина қызметкерлері оларда ұсталатын адамдарға медициналық көмек көрсетуді, мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық нормалар мен ережелердің орындалуын бақылауды ұйымдастырады және жүзеге асырады.
      Емдеу-профилактикалық және санитарлық-эпидемияға қарсы жұмыс мәселелері бойынша арнайы қабылдау орындарының қызметін әдістемелік қамтамасыз етуді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Тыл департаменті, Астана, Алматы қалаларының, облыстардағы ішкі істер департаменттерінің медицина қызметтері және денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
      Әкімшілік қамауға алынған адамның медициналық ұйымдарға орналастырылғаны туралы арнайы қабылдау орнының әкімшілігі прокурор мен судьяға хабарлайды. Егер судьяның өзге шешімі шығарылмаса, сауыққаннан кейін бұл адамдар әкімшілік қамауды одан әрі өтеу үшін арнайы қабылдау орнына қамауға алынады.
      Адамның қамауға алынуын бақылау арнайы қабылдау орнының бастығына жүктеледі.
      9. Арнайы қабылдау орындарын пайдалану әкімшілік қамауға алынған адамдарды қауіпсіз ұстау үшін жарамды, санитарлық-гигиеналық нормалар мен өрт қауіпсіздігі талаптарына жауап беретін үй-жайлар болған жағдайда ғана рұқсат етіледі.
      10. Арнайы қабылдау орындарының қызметі тоқсанға құрастырылатын және Ішкі істер департаменті бастығының жетекшілік ететін орынбасары бекітетін жоспар бойынша құрылады.
      Арнайы қабылдау орындарының қызметін ұйымдастыру арнайы қабылдау орнының бастығына жүктеледі.
      11. Арнайы қабылдау орнының бастығы:
      1) бөлініске жүктелген міндеттерді орындауды қамтамасыз етеді және оның қызметін жетілдіру бойынша шаралар қабылдайды;
      2) қарамағындағы қызметкерлер мен жұмысшыларды іріктеу, орналастыру жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;
      3) қызметкерлердің қызметтік жұмысын бақылауды жүзеге асырады және арнайы қабылдау орнының қызметінде заңдылықты қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдайды;
      4) өзінің қызметкерлері мен арнайы қабылдау орны жұмыскерлерінің лауазымдық міндеттерін әзірлейді және оларды ішкі істер органы бастығында бекітеді;
      5) арнайы қабылдау орнының қызметкерлерімен тәрбие жұмысын, қызметтік, жауынгерлік және дене шынықтыру дайындығын ұйымдастырады және өткізеді;
      6) әкімшілік қамауға алынған адамдарды белгіленген нормаларға сәйкес үш реттік тамақпен жыл сайын қамтамасыз етеді;
      7) әкімшілік қамауға алынған адамдар жаза мерзімін өткерген соң оларды жұмыс, оқу орны бойынша, әлеуметтік қамтамасыз ету органына жіберуді қамтамасыз етеді;
      8) қаржыландыру жоспарларын, арнайы қабылдау орнын ұстауға арналған сметаны әзірлейді, оны қажетті құрал-жабдықпен, мүкәммалмен және автокөлікпен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдайды, үй-жайларды жөндеу және оларда тәртіпті ұстау бойынша шаралар қабылдайды;
      9) арнайы қабылдау орнының қызметкерлері мен жұмыскерлерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсарту бойынша шаралар қабылдайды;
      10) арнайы қабылдау орнының үй-жайларындағы санитарлық жағдайды, орналастырылған адамдар мен төсек-орынды санитарлық өңдеуден уақтылы өткізуді бақылауды қамтамасыз етеді;
      11) ұсталатын адамдардың хаттары мен өтініштерін, арнайы қабылдау орнының қызметкерлері мен жұмыскерлерінің іс-әрекетіне шағымдарды қабылдайды және белгіленген мерзімде қарайды, тиесілігі бойынша жолдайды;
      12) ішкі істер департаментінің бастығына арнайы қабылдау орнының қызметкерлері мен жұмыскерлерін лауазымға тағайындау, жылжыту және лауазымнан босату, сондай-ақ оларды көтермелеу және тәртіптік жазаға тарту туралы ұсыныстар енгізеді, арнайы қабылдау орнының қызметкерлеріне арнаулы атақтар беру туралы ұсынымхаттар жолдайды;
      13) материалдық бағалы заттардың сақталуына және арнайы қабылдау орнындағы іс жүргізуге жауап береді;
      14) арнайы қабылдау орнының қызметінде құпиялылық режимнің сақталуын қамтамасыз етеді;
      15) арнайы қабылдау орнының қызметкерлері мен жұмыскерлеріне демалыстар береді.
      12. Арнайы қабылдау орны бастығының орынбасары әкімшілік қамауға алынған адамдарды ұстау режимін бақылауды жүзеге асырады, олардың арасында іздестіруде жүрген адамдарды анықтау және олар жасаған қылмыстарды ашу жөніндегі іс-шараларды ұйымдастырады. Арнайы қабылдау орындарында ұсталатын адамдардың арасында жедел-іздестіру жұмысын жүргізу "Жедел-іздестіру қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады. Бастық болмаған кезде оның функцияларын атқарады.
      13. Арнайы қабылдау орны бойынша кезекші арнайы қабылдау орнының бастығына және оның орынбасарына бағынады, олар болмаған кезде арнайы қабылдау орнының жұмысына басшылық етеді.
      Кезекші:
      1) әкімшілік қамауды өткеру үшін арнайы қабылдау орнына жеткізілген адамдарды тіркейді және есепке алады;
      2) оларды жеке тексеруді, суретке түсіруді және дактилоскопиялауды жүргізеді;
      3) камералар бойынша бөледі, олардың ішінен камера бойынша кезекшілерді тағайындайды;
      4) арнайы қабылдау орнында ұсталатын адамдарға тиесілі заттардың, құжаттардың, ақша мен бағалы заттардың сақталуын қамтамасыз етеді және босаған кезде оларды қайтарады;
      5) арнайы қабылдау орнының бастығына немесе оның орынбасарына жеткізілген және орналастырылған барлық адамдар туралы баяндайды;
      6) арнайы қабылдау орнында ұсталатын адамдарды медициналық тексеруді, санитарлық өңдеуді уақтылы қамтамасыз етеді, оларды тамақтандыруды және серуендеуге шығаруды ұйымдастырады;
      7) арнайы қабылдау орнында ұсталатын адамдардың барлық шағымдары мен өтініштері туралы арнайы қабылдау орнының бастығына уақтылы баяндайды. Шағымдар, ұсыныстар мен хаттар жазу үшін орналастырылған адамдарға жазу құралдарын береді;
      8) орналастырылған адамдардың ішкі тәртіп ережесін қатаң сақтауын бақылайды, бекет нарядының қызмет өткеруін ұдайы бақылауды жүзеге асырады, орналастырылған адамдардың денсаулығы нашарлаған жағдайда медицина қызметкеріне хабарлайды, ал ол болмаған жағдайда, жедел жәрдем шақырады және шұғыл медициналық көмек көрсетеді;
      9)сигнализация, байланыс құралдары мен бекет керек-жарақтарының ақаусыз болуын бақылайды;
      10) әкімшілік қамауға алынған адамдар босатылған кезде белгіленген үлгідегі анықтамалар береді және олардың құқық бұзушылықтарға жол бермеуіне бағытталған қысқаша профилактикалық әңгімелесу жүргізеді;
      11) мынадай құжаттарды: арнайы қабылдау орнында ұсталатын адамдарды есепке алу журналын; наряд қызметтерінің кітабын; телефонограммалар кітабын; кезекшілікті қабылдау және тапсыру кітаптарын; шағымдар мен ұсыныстар кітабын; тексерушілердің ескертулерін жазу журналын; арнайы қабылдау орнының жұмысшылары үйлерінің мекенжайлары мен телефондарының тізімін; елді мекенде орналасқан ішкі істер органы телефондарының тізімін жүргізеді және ақтайды.
      14. Арнайы бөлімнің инспекторы:
      1) әкімшілік қамауға алынған адамдардың істерін жүргізеді, жазалау мерзімін өткерген соң олардың уақтылы босатылуын бақылайды;
      2) толықтыру лимиті үлкен арнайы қабылдау орындарында есептік және алфавиттік картотека жүргізеді.
      15. Бөлімше командирі бөлімше жеке құрамының тікелей бастығы болып табылады және қарамағындағылардың тәрбиесі мен оқуы, тәртібі, саптық жинақылық пен жинақы сыртқы келбеті үшін жауап береді.
      Бөлімше командирі:
      1) бөлімшенің полиция қызметкерлерін оқытады және тәрбиелейді;
      2) олардан қызметтік парызын адал орындауды, заңдылықты қатаң сақтауды талап етеді;
      3) қызметке түсетін полиция қызметкерлеріне нұсқама жүргізеді;
      4) бөлімше полиция қызметкерлерінің есебін жүргізеді және күн сайын олардың қызметінің қорытындысын шығарады.
      16. Бақылау-өткізу пункті (бұдан әрі – БӨП) бойынша кезекші-полицей арнайы қабылдау орны бойынша кезекшіге және бөлімше командиріне бағынады.
      Кезекші-полицей:
      1) арнайы қабылдау орнында өткізу режимін жүзеге асырады, әкімшілік қамауға алынған адамдардың аумақтан өз еркімен шығуына және бөтен адамдардың кіруіне жол бермейді;
      2) босатылған азаматтарды белгіленген үлгідегі анықтамалар бойынша БӨП арқылы өткізеді;
      3) БӨП арқылы өтетін көлікті тексереді, арнайы қабылдау орнына тыйым салынған бұйымдарды өткізуге жол бермейді.
      17. Әкімшілік қамауға алынған адамдарды күзету жөніндегі арнайы қабылдау орнының полицейі арнайы қабылдау орны бойынша кезекшіге және бөлімше командиріне бағынады.
      Полицейі:
      1) бекетке түскен кезде арнайы қабылдау орнының үй-жайларында ұсталатын әкімшілік қамауға алынған адамдарды қабылдайды;
      2) арнайы қабылдау орнында ұсталатын адамдарды тексереді;
      3) ұсталатын адамдардың мінез-құлқын ұдайы бақылайды, қайтыс болу, өзіне өзі қол жұмсау және денеге зақым келтіру оқиғаларын ескерту бойынша шаралар қабылдайды;
      4) арнайы қабылдау орнына орналастырылған адамдардың ішкі тәртіп ережесін сақтауын қамтамасыз етеді;
      5) кезекшімен бірге орналастырылған адамдарды күн сайын серуендеуге шығарады, оларға ведомость бойынша тамақ береді;
      6) күн сайын камералардың жай-күйін, олардың жарамдылығын тексереді және байқалған ақаулар туралы қабылдау-тарату орнының басшылығына баяндайды, оларды жою бойынша шаралар қабылдайды;
      7) сигнализация мен байланыстың ақаусыз болуын тексереді;
      8) әкімшілік қамауға алынған адам сырқаттанған жағдайда, бұл туралы медицина қызметкеріне және арнайы қабылдау орны бойынша кезекшіге хабарлайды.

2. Арнайы қабылдау орындарын құру

      18. Ішкі істер органдарының арнайы қабылдау орындары жергілікті атқарушы органдардың шешімімен құрылады, қайта ұйымдастырылады және таратылады.
      19. Арнайы қабылдау орындарын қаржыландыру бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

3. Арнайы қабылдау орындарының үй-жайлары

      20. Арнайы қабылдау орындарында:
      1) ерлер, әйелдер және балалары бар әйелдер, шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар үшін, санитарлық тазалаудан өтпеген жаңадан түскендер, науқастар үшін жеке камералар;
      2) арнайы қабылдау орнының әкімшілігі мен қызметкерлері үшін кабинеттер;
      3) электр плитасы, су қайнатқышы, шкафы, ыдыс жууға арналған үш бөліктен тұратын ваннасы (сыйымдылық) бар тамақ жылытуға арналған бөлме;
      4) төсек-орын сақтауға арналған бөлме;
      5) жеке заттарды сақтауға арналған бөлме;
      6) санитарлық өткізгіш, жуынатын бөлмелер, дезинфекциялау камерасы;
      7) кір жуатын бөлме, санитарлық тораптар көзделуі тиіс.
      21. Арнайы қабылдау орындарының ішкі қоршалған серуендеу алаңдары, болуы керек, олар сәкілермен, урналармен және дәретханалармен жабдықталады.
      22. Толықтыру лимиті 50 және одан да көп орындары бар арнайы қабылдау орындарында өткізу режимін қамтамасыз ету үшін бақылау-өткізу бекеттері жабдықталады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады