Білім беру ұйымдарында эксперимент режимінде іске асырылатын білім беретін оқу бағдарламарын әзірлеу, сынақтан өткізу және енгізу қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 21 ақпандағы № 58 Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2012 жылы 30 наурызда № 7496 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 27 наурыздағы № 139 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Білім және ғылым министрінің 27.03.2015 № 139 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      «Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының 5-бабының 44-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Білім беру ұйымдарында эксперимент режимінде іске асырылатын білім беретін оқу бағдарламарын әзірлеу, сынақтан өткізу және енгізу қағидалары бекітілсін.
      2. «Білім беру ұйымдарында эксперимент режимінде іске асырылатын білім беретін оқу бағдарламарын әзірлеу, сынақтан өткізу және енгізу тәртібі туралы ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2001 жылғы 10 сәуірдегі № 240 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 1539 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы орталық атқарушы және өзге де мемлекеттік органдарының нормативтік құқықтық актілер бюллетенінде жарияланған, 2001 жыл № 30, 480-құжат) күші жойылды деп танылсын.
      3. Мектепке дейінгі және орта білім департаменті (Ж.А. Жонтаева):
      1) осы бұйрықтың белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін;
      2) мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін осы бұйрықты бұқаралық ақпарат құралдарында жарияласын.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау вице-министр М.Н. Сарыбековке жүктелсін.
      5. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                     Б. Жұмағұлов

Қазақстан Республикасы   
Білім және ғылым министрінің
2012 жылғы 21 ақпандағы  
№ 58 бұйрығымен бекітілген

Білім беру ұйымдарында эксперимент режимінде
іске асырылатын білім беретін оқу бағдарламаларын әзірлеу,
сынақтан өткізу және енгізу
ҚАҒИДАСЫ

1. Жалпы ережелер

      1. Білім беру ұйымдарында эксперимент режимінде іске асырылатын білім беретін оқу бағдарламаларын әзірлеу, сынақтан өткізу және енгізу қағидасы (бұдан әрі – Қағида) «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 44-1) тармақшасына сәйкес әзірленген және білім беру ұйымдарында эксперимент режимінде іске асырылатын білім беру бағдарламаларының (бұдан әрі – эксперименттік бағдарлама) мақсаты мен міндеттерін, мазмұнын, әзірлеу сынақтан өткізу мен енгізу тәртібін айқындайды.
      2. Эксперименттік бағдарламаның мақсаты – ұлттық білім беру жүйесінің ғылыми, әдістемелік, құқықтық, қаржы-экономикалық, кадрлық және материалдық-техникалық қамтамасыз етілу мәселелерін алдын ала шешуді одан әрі дамыту және жетілдіру.
      3. Эксперименттік бағдарламаның міндеттері:
      1) білім беру ұйымдарының инновациялық қызметін ретке келтіру және жүйелеу;
      2) жаңа білім беру бағдарламалары мен технологияларды, білім алушы мен тәрбиеленуші тұлғасының дамуын, оның өзіндік дамуына, өзін-өзі анықтауына және өздігінен білім алуға қабілеттілігін қамтамасыз ететін оқыту мен тәрбиелеудің озық нысандарын, әдістерін, тәсілдері мен құралдарын әзірлеу, сынақтан өткізу және енгізу;
      3) демократиялық, гуманистік және гуманитарлық білім берудің болжамдық тұжырымдамалық тәсілдерін және баламалы жүйелері мен модельдерін қалыптастыру және дамыту.
      4. Эксперименттік бағдарламаның негізгі сипаттамалары:
      1) Қазақстанның білімдік-ақпараттық, ғылыми және әлеуметтік-мәдени кеңістігін қамтамасыз ету үшін әзірленіп жатқан мәселенің көкейкестілігі мен мәнділігі;
      2) білімдік бастама авторларының инновациялық қызметінің білім беру мазмұнын жаңарту және жаңғырту, білім беру процесінің ұйымдастырылу құрылымын (оқыту мен тәрбиелеудің ұйымдастырушылық нысандарын, әдістерін, тәсілдері мен құралдарын) дамыту және жетілдіру жөніндегі міндеттерді шешуге бағытталғандығы;
      3) эксперимент өткізудің қажеттігін негіздеу;
      4) білім беру саласындағы мемлекеттік нормативтік құқықтық актілерге, білім және ғылымның халықаралық даму басымдықтарына сәйкестігі.
      5. Эксперименттік бағдарламаның авторы педагогикалық, ғылыми-педагогикалық, ғылыми ұжымдар, сондай-ақ ғылыми-зерттеу ұйымдары және ведомстволық бағыныстылығы мен меншік нысанына қарамастан білім беру ұйымдары автор (авторлар) болып табылады.
      6. Эксперимент режимінде инновациялық эксперименттік бағдарламаны іске асыратын білім беру ұйымы (білім беру ұйымдарының кешені), оның құрылымдық бөлімшелері жұмыс істеуі тиіс.
      7. Эксперимент режимінде жұмыс істеу эксперименттік бағдарлама авторына (авторларына) төмендегілерге:
      1) оқыту мен тәрбиелеудің мақсатына, мазмұнына, ұйымдастырушылық құрылымына;
      2) педагогикалық және ғылыми-педагогикалық кадрларды кәсіби даярлау мен қайта даярлау нысандарына;
      3) базасында эксперимент өткізу жоспарланған білім беру ұйымдарының жұмыс істеу және даму режиміне;
      4) білім беру ұйымдарын басқару жүйесіне өзгерістер енгізуге құқық береді.
      8. Эксперимент бағдарламаларын іске асыру және эксперимент жүргізу режимін қамтамасыз ету мақсатында Білім басқармасында консультативтік–кеңес беру органы – Эксперименттік бағдарламалар жөніндегі кеңес (бұдан әрі – Кеңес) құрылады. 7 адамнан тұратын Кеңестің құрамына Білім басқармасының, ғылыми ұйымдардың, педагогтар қауымдастықтары мен оқу-әдістемелік бірлестіктердің өкілдері кіреді.
      9. Кеңес құрамы Білім басқармасы бастығының бұйрығымен бекітіледі.
      10. Кеңес шешімдері отырысқа қатысқан Кеңес мүшелерінің көпшілік дауыс беруі арқылы қабылданады.
      11. Экспериментке жетекшілік жасайтын білім басқармасынан кеңеске басшылықты төраға жүзеге асырады. Төраға болмаған жағдайда оның функциясы Кеңес төрағасының орынбасарына жүктеледі.
      12. Кеңес мүшесі сараптамалық топтың құрамына кірмейді.
      13. Эксперимент режимінде жұмыс істеуге рұқсат алған білім беру ұйымының қызметін бағалауды Білім басқармасы жүргізеді.
      14. Эксперимент режимінде жұмыс істеу құқығынан эксперименттік бағдарлама аяқталғаннан кейін айрылады, сондай-ақ мерзімінен бұрын келесі жағдайларда айрылуы мүмкін:
      1) эксперимент оң нәтиже бермегенде;
      2) эксперименттік бағдарламаны қаржыландыру болмағанда.
      15. Эксперимент режимінде жұмысты жүргізуге рұқсат алған білім беру ұйымын құқығынан айыру туралы шешімді Білім басқармасы қабылдайды.
      16. Эксперименттік бағдарламаны қаржыландыру көздері:
      1) мемлекеттік білім беру мекемелерін ұстауды бюджеттік қаржыландыру;
      2) ақылы қызметтер көрсетуден түскен кірістер.

2. Эксперименттік бағдарламаларды әзірлеу, сынақтан өткізу және
енгізу тәртібі

      17. Эксперименттік бағдарламаны әзірлеу үшін автор (авторлар) Білім басқармасына мына мазмұндағы жазбаша өтінімді ұсынады:
      1) эксперимент өткізуді жоспарлаған білім беру ұйымы базасының аталуы, орналасу орны (заңды, нақты мекен-жайы, байланыс телефондары);
      2) эксперименттік бағдарламаның қысқаша түйіндемесі, оның ұлттық білім беру жүйесін дамытуға бағытталған әлеуметтік мәнділігінің ғылыми негіздемесі;
      3) эксперимент бағдарламасы (эксперименттің негізгі идеялары, мақсаты, теориялық-әдіснамалық ережелері, эксперименттің кезеңдері және әр кезең бойынша болжанған нәтижелері, зерттеу әдістері, эксперимент өткізуге қажетті шарттар, эксперимент нәтижесін тексеру, мониторингілеу және шынайылығын қамтамасыз ететін құралдар, эксперимент бағдарламасын қамтамасыз ететін оқу-әдістемелік әзірлемелер тізбесі);
      4) экспериментті кадрлық, экономикалық, материалдық-техникалық және ғылыми қамтамасыз ету бойынша алдын ала есептеулер; қаржыландыру көздері.
      18. Эксперименттік бағдарламаның әлеуметтік мәнділігін бағалау үшін Білім басқармасының бұйрығымен сараптамалық топ құрамы бекітіледі.
      Сараптамалық топ саны эксперименттік бағдарламаның мазмұнына қарай анықталады. Сараптама тобының құрамы эксперимент бағдарламасының мазмұнымен анықталады. Сараптама тобының құрамын қалыптастыруға эксперимент бағдарламасының авторы (авторлары) және Эксперименттік бағдарламалар жөніндегі кеңес қатысады.
      19. Сараптамалық топ құрамына эксперимент өтетін аумақтағы білім беру ұйымының, білім және ғылым саласындағы бақылау департаменттерінің және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өкілдері, білім беру ұйымының басқарушы және ғылыми-педагогикалық қызметкерлері кіреді.
      20. Эксперименттік бағдарламаның сараптамасы кезең-кезеңмен өткізіледі:
      1) бірінші кезеңде ұсынылған материалдарға алғашқы бағалау жасалады;
      2) екінші кезеңде алғашқы кезеңде мақұлданған материалдар бойынша жасалған жобаның сараптамасы мен сараптаманы өткізудің әдістемесі әзірленеді;
      3) үшінші соңғы кезеңде қорытынды сараптама жүргізіледі және әр бағдарлама бойынша сараптамалық қорытынды ресімделеді.
      21. Сараптаманың қорытынды кезеңінің нәтижесі бойынша сараптамалық топ аталған қорытындымен келіспеген ерекше пікірлерді көрсете отырып, сараптамалық топтың барлық мүшелерінің қолы қойылған қорытынды ресімделеді.
      22. Сараптама тобының қорытындысы негізінде Кеңес экспериментті жүргізу үшін экспериментті жүргізудің орындылығын негіздей отырып, ізденуші білім беру ұйымын таңдауды жүзеге асырады.
      23. Білім басқармасының бұйрығымен ізденуші білім беру ұйымына эксперимент режимінде жұмыс істеу үшін рұқсат беріледі, эксперименттің тақырыбы (проблемасы) мен мерзімі бекітіледі.
      24. Сараптамалық топ теріс қорытынды жасаған жағдайда эксперименттік бағдарламаның авторы (авторлары) кемшіліктерді пысықталғаннан кейін қайтадан, бір жылдан ерте емес уақытта Білім басқармасына өтінім бере алады.
      25. Эксперименттік бағдарламаларды енгізу мен сынақтан өткізу білім басқармасының эксперимент режимінде жұмыс жүргізу үшін рұқсат берген білім беру ұйымдарында жүзеге асырылады.

3. Қорытынды ережелер

      26. Экспериментті жүргізуге қатысатын білім беру ұйымы қызметкерлерінің инновациялық қызметін ынталандыру мақсатында білім беру ұйымы еңбек заңнамасына сәйкес еңбекақыны төлеудің нысаны мен жүйесін өз бетінше анықтайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады