Азаматтық істер бойынша сот актілерінің заңдылығын прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру және соттарда мемлекеттің мүддесіне өкілдік ету жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2012 жылғы 13 желтоқсандағы № 151 Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2013 жылы 24 қаңтарда № 8288 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Бас прокурорының 2016 жылғы 29 қаңтардағы № 21 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Бас прокурорының 29.01.2016 № 21 бұйрығымен.

      Азаматтық істер бойынша сот актілерінің заңдылығын қадағалау және азаматтық сот ісін жүргізуде мемлекеттің мүдделерін білдіру тиімділігін арттыру, азаматтардың, мемлекет пен заңды тұлғалардың конституциялық және өзге де заңмен қорғалатын құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында, 1995 жылғы 21 желтоқсандағы № 2709 «Прокуратура туралы» және 1998 жылғы 24 наурыздағы № 213-I «Нормативтік құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасы Заңдарының нормативтік ережелерін басшылыққа ала отырып, БҰЙЫРАМЫН:
      1. Азаматтық істер бойынша сот актілерінің заңдылығын прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру және соттарда мемлекеттің мүддесіне өкілдік ету туралы нұсқаулық бекітілсін.
      2. Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6464 болып тіркелген «Азаматтық істер бойынша сот актілерінің заңдылығын прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру және азаматтық іс жүргізуде мемлекеттің мүддесіне өкілдік ету жөніндегі Нұсқаулықты бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2010 жылғы 12 тамыздағы № 46 бұйрығының күші жойылды деп танылсын.
      3. Бұйрықпен Қазақстан Республикасы прокуратура органдарының, ведомстволары мен мекемелерінің барлық қызметкерлері мен қызметшілері таныстырылсын, көшірмесі Бас әскери прокурорға, Бас көлік прокурорына, облыс және оларға теңестірілген прокурорларға орындау үшін жіберілсін.
      4. Соттарда мемлекет мүддесіне өкілдік ету департаментінің бастығы осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізу үшін шаралар қабылдасын.
      Қаржы, ақпараттандыру және ақпараттық ресурстарды қорғау департаментіне осы бұйрықтың Бас прокуратураның ресми сайтында жариялануын қамтамасыз ету тапсырылсын.
      5. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жасау Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары Ж.Қ. Асановқа жүктелсін.
      6. Осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Бас Прокуроры                                      А. Дауылбаев

Қазақстан Республикасы Бас   
Прокурорының 2012 жылғы 13    
желтоқсандағы № 151 бұйрығымен 
бекітілген          

Азаматтық істер бойынша сот актілерінің заңдылығын прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру және соттарда мемлекеттің мүддесіне өкілдік ету туралы
НҰСҚАУЛЫҚ

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Нұсқаулық Қазақстан Республикасының Конституциясына (бұдан әрі - Конституция), Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексіне (бұдан әрі - АІЖК), «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі - Заң) және Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілеріне сәйкес әзірленген және азаматтық істер бойынша сот актілерінің заңдылығын қадағалауды және соттарда мемлекеттің мүддесіне өкілдік етуді ұйымдастыруды және жүзеге асыруды реттейді.
      2. Азаматтық сот ісін жүргізуде заңды дәл және біркелкі қолдануға жоғары қадағалауды мемлекеттің атынан Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры (бұдан әрі – Бас Прокурор) тікелей, сондай-ақ оның бағынысындағы прокурорлар арқылы сот талқылауына қатысу және қорытынды беру, заңды күшіне енбеген және заңды күшіне енген сот актілерінің заңдылығын тексеру және олар заңсыз болған жағдайда оларға наразылық келтіру жолымен жүзеге асырады.
      3. Азаматтық істер бойынша сот актілерінің заңдылығын қадағалаудың және соттарда мемлекеттің мүддесіне өкілдік етудің міндеттері азаматтардың, мемлекеттің және заңды тұлғалардың конституциялық және заңмен қорғалатын өзге де құқықтарын, бостандықтары мен мүддесін қамтамасыз ету, сот төрелігін жүзеге асыру қағидаттарын бұлжытпай сақтау, заңдылықты және құқықтық тәртіпті нығайту, құқық бұзушылықтың алдын алу болып табылады.
      4. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Соттарда мемлекет мүддесіне өкілдік ету департаменті (бұдан әрі – Департамент), облыстардың, Астана, Алматы қалаларының прокурорлары, аудандық, қалалық және оларға теңестірілген әскери және басқа да мамандандырылған прокуратуралар азаматтық істер бойынша сот актілерінің заңдылығын тұрақты және тиімді қадағалауды қамтамасыз етеді, соттардың азаматтық істерді қарау кезіндегі іс жүргізу мерзімдерін сақтауын тексереді, азаматтық істер бойынша сот төрелігін жүзеге асыру кезінде заңдылықтың жай-күйін жүйелі талдайды.
      Қадағалау функцияларын тиімді атқару және заң бұзушылықтарға жедел шара қолдану мақсатында прокурорлар өз қызметінде Құқық қорғау және арнайы органдарының ақпараттық алмасу жүйесін, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Бірыңғай сәйкестендірілген статистикалық жүйесін және басқа да ақпараттық ресурстары мен жүйелерін, сондай-ақ өзге мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін пайдаланады.
      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Бас Прокурорының 11.03.2015 № 42 бұйрығымен.
      5. Департаментте, облыстардың, Астана, Алматы қалаларының прокуратураларында және оларға теңестірілген прокуратураларда жұмыс заңдылықтың жай-күйін болжамдау, азаматтық істердің өзекті санаттары бойынша прокурорлық практикаға жүйелі талдау жүргізу мақсатында олардың нәтижелерін тақырыптық жұмыс топтарында, жедел кеңестерде және алқаларда қарай отырып, жүзеге асырылатын қадағалаудың тиімділігін арттыру бойынша нақты шаралар қабылдай отырып, аймақтық-тақырыптық қағидаты бойынша ұйымдастырылады.
      Тақырып қағидаты бойынша жұмыс азаматтық-құқықтық даулардың өзекті санаттарын айқындау және заңдылықтың жай-күйіне, прокурорлық қадағалауға жүйелі талдау жүргізетін, қолданыстағы заңнаманы жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды, қадағалау қызметін жетілдіру жөнінде ұсыныстарды әзірлеу мақсатында оның нысандарын, әдістерін арттыру жөніндегі ұсыныстарды енгізетін жауапты тұлғаларды бекіту арқылы жүзеге асырылады.
      Тақырып бағыттарын белгілеу кезінде заңдылықтың жай-күйін және қызмет көрсетілетін өңірлердің ерекшеліктерін, таралған азаматтық-құқықтық даулардың түрлерін негізге алу керек.
      Прокурорлардың мамандануы прокуратура жұмысын жоспарлағанда, талдамалар мен қорытындылауларды жүргізгенде, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарағанда ескеріледі.
      Аймақтық қағидат белгіленген өңірде заңдылықтың мониторингін жүргізу және жай-күйін талдау мақсатында сот актілерінің заңдылығына қадағалауды жүзеге асыратын прокурорларға сол өңірді бекітуге көрінеді.
      6. Азаматтық сот ісін жүргізуде заңдардың дәл және біркелкі қолданылуына қадағалауды жүзеге асыру кезінде жеке кәсіпкерлік субъектілері арасындағы дауларға, сондай-ақ корпоративтік дауларға негізсіз араласуға жол берілмейді (АІЖК-нің 24-бабының 2-бөлігі)

2. Соттарда мемлекеттің мүддесіне өкілдік ету

      7. Азаматтық істер бойынша соттарда мемлекеттің мүддесіне өкілдік ете отырып, прокурор Қазақстан Республикасының Конституциясына, АІЖК-не, Заңға және өзге де заңнамалық актілерге сәйкес өзінің өкілеттігін жүзеге асырады.
      Аумақтық прокурорлар өздерінің орналасқан жері бойынша құзыреті шегінде бірінші, аппеляциялық және кассациялық сатыдағы соттарда азаматтық істерді қарау кезінде, осы соттардың орналасқан жерінде мамандандырылған прокурорлардың құзыретіне осы Нұсқаулықпен жатқызылған даулар санаттарын қоспағанда, қатысуларын және кейінгі қадағалауын қамтамасыз етеді.
      Мамандандырылған әскери прокурорлар өздерінің орналасқан жері бойынша құзыреті шегінде осы Нұсқаулықтың 8-тармағында көзделген азаматтық істерді әскери соттардың қарауы кезінде қатысуды және кейінгі қадағалауды қамтамасыз етеді.
      Мамандандырылған көлік прокурорлары өздерінің орналасқан жері бойынша құзыреті шегінде бірінші, аппеляциялық және кассациялық сатыдағы соттарда даудың мәні көліктік инфрақұрылым объектілері не тараптардың бірі ретінде темір жол, автомобильдік (жолаушыларды, багаждарды және жүктерді халықаралық автомобильдік тасымалдау бөлігінде), теңіз, ішкі су, әуе, қалалық рельстік және магистралдық құбыржол көлігі, ғарыш жүйесінің ұйымдары, сондай-ақ аталған объектілер мен субъектілерге қатысты өкілеттікті іске асыратын мемлекеттік органдар және көлік прокуратура органдары болып табылатын осы Нұсқаулықтың 8-тармағында көзделген азаматтық істерді қарауы кезінде қатысуды және кейінгі қадағалауды қамтамасыз етеді.
      Мамандандырылған табиғатты қорғау прокурорлары өздерінің орналасқан жері бойынша құзыреті шегінде өздері талапкер, жауапкер не үшінші тұлға ретінде тартылған азаматтық істердің соттарда қарау кезінде қатысуды және кейінгі қадағалауды қамтамасыз етеді.
      Аумақтық прокурорлар осы бұйрықпен мамандандырылған прокурорлардың құзыретіне жатқызылған істерді сот өндірісіне қабылдаған жағдайда, осы соттардың орналасқан жері бойынша мамандандырылған прокурорларды уақтылы және тиісті түрде хабарлауын (телефонограммамен не хабарлаудың тіркелуін қамтамасыз ететін басқа байланыс құралдарымен) қамтамасыз етеді. Мамандандырылған прокурорлар қарауға тағайындалған барлық істердің мониторингін жергілікті соттың ресми сайттарын қолдана отырып немесе басқа тәсілдер арқылы жүзеге асырады.
      Мамандандырылған прокуратураның құзыретіне жатқызылған істі қарайтын соттың орналасқан жерінде аталған прокуратураның болмаған, не бұл туралы мамандандырылған прокурорды хабардар етпеген жағдайда, соттарға қатысу және кейін сот актілерінің заңдылығын тексеру тиісті аумақтық прокурорға жүктеледі.
      Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттарға қатысуды прокуратураның тиісті құрылымдық бөлімдердің прокурорлары қамтамасыз етеді.
      Көлік прокурорларының құзыретіне жататын Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты қарайтын істер бойынша қатысуды және кейінгі қадағалауды қамтамасыз ету Бас көлік прокуратурасына жүктеледі.
      Мамандандырылған ювеналды соттарда қатысуды қамтамасыз ету осы соттар орналасқан жердегі прокурорларға жүктеледі.
      Алматы және Астана қалаларында мамандандырылған ювеналды соттардың сот актілерінің заңдылығына қадағалауды жүзеге асыру тәртібін осы қалалардың прокурорлары айқындайды.
      Соттармен қаралған істер бойынша аумақтық және мамандандырылған прокурорлар тоқсан сайын өзара салыстыру жүргізеді.
      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Бас Прокурорының 11.03.2015 № 42 бұйрығымен.
      8. Прокурорлар мынадай істер бойынша міндетті түрде процеске қатысады:
      ол Заңда қарастырылған жағдайда;
      сот немесе жоғары тұрған прокурор оны қажет деп таныса;
      мемлекеттің мүддесіне қатысты болса;
      жұмысқа қайта алу туралы;
      жалақы өндіру туралы;
      азаматты басқа тұрғын үй-жай берместен тұрғын үйден шығару туралы;
      өмірі мен денсаулыққа келтірілген зиянды өндіру туралы.
      Заңда прокурордың мынадай істер бойынша қатысуы көзделген:
      прокурордың бастамасы бойынша қозғалған;
      ата-ана құқығынан айыру, оны қалпына келтіру, шектеу туралы, бала асырап алу туралы, бала асырап алудың күшін жою туралы (АІЖК-нің 36-1 тарауы, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» ҚР Кодексінің 76787987103107-баптары);
      мемлекеттік басқару органдары мен лауазымды тұлғалардың шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы (АІЖК-нің 281-бабы);
      нормативтік құқықтық актілердің заңдылығына дау келтіру туралы (АІЖК-нің 284-бабы);
      азаматтың хабар-ошарсыз кеткендігін тану немесе азаматты қайтыс болды деп жариялау туралы (АІЖК-нің 299-бабы);
      азаматты әрекет қабілеттілігі шектеулі немесе әрекетке қабілетсіз деп тану туралы (АІЖК-нің 306-бабы);
      кәмелетке толмаған баланы арнаулы білім беру ұйымына немесе ерекше режимде ұстайтын ұйымға орналастыру туралы (АІЖК-нің 308-2-бабы);
      шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу туралы (АІЖК-нің 317-14-бабы).
      Егер сот қарайтын дау көптеген азаматтардың мүддесіне қатысты болса, олардың өмірі мен денсаулығына, Қазақстан Республикасының экономикасы мен қауіпсіздігіне ауыр зардаптар әкелуі мүмкін болса, прокурорларға қорытынды беру үшін өз бастамасымен процеске қатысу қажет.
      Басқа даулар бойынша прокурор процеске жоғары тұрған прокурордың нұсқауы не соттың тиісті ұйғарымы болған жағдайда ғана қатысады.
      Іс бойынша тарап болып табылмайтын және АІЖК-нің 55-бабының 2 бөлігінде көзделген тәртіппен процеске қатысушы прокурор сот жарыссөздерінен кейін жалпы істің мәні бойынша қорытынды береді (АІЖК-нің 213-бабы).
      Өзге тұлғалардың құқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау үшін сотқа жүгінген прокурор сот жарыссөздерінде сөз сөйлейді. Жарыссөздерден кейін жалпы істің мәні бойынша прокурордың қорытындысы талап етілмейді (АІЖК-нің 211-бабының 3 бөлігі).
      Қалалардың, аудандардың прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар прокурорлардың қатысуымен қаралған азаматтық істер бойынша бірінші сатыдағы соттар шығарған сот актілерін және оларды қарау кезінде берілген, тиісті номенклатуралық істе қалыптастырылатын прокурорлардың қорытындыларын есепке алуды ұйымдастырады.
      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Бас Прокурорының 04.08.2014 № 79; өзгеріс енгізілді - ҚР Бас Прокурорының 11.03.2015 № 42 бұйрықтарымен.
      9. Азаматтық сот ісін жүргізудің барлық сатыларында осы Нұсқаулықтың 8-тармағында көзделген істер бойынша процеске қатысқан прокурорлар өз бастамасы бойынша өздерінің ұстанымдарын заң талаптарына, іс материалдарына қатаң сәйкестікте белгілейді, оны дәйекті қорғайды, заңдылық, заң және сот алдында заңды тұлғалар мен азаматтардың теңдігі, тараптардың жарыспалылығы мен құқықтық теңдігін басшылыққа алады.
      Азаматтық процестің барлық сатыларында іс материалдарымен танысу нәтижелерін іске қатысқан прокурор алдын ала тиісті жоғары тұрған прокурорға немесе жетекшілік ететін орынбасарға баяндайды және соңғылар іс бойынша берілетін қорытындыны бекітеді.
      Прокурордың қорытындысы жазбаша түрде жасалады және онда мыналар көрсетілуге тиіс:
      істің атауы;
      тараптар;
      мәлімделген талаптардың мәні;
      талапкер мен жауапкердің сілтеме жасайтын мән-жайлары;
      тараптар ұсынған дәлелдер туралы прокурордың пікірі олардың қатыстылығы, мүмкіндігі, анықтылығы және жеткіліктілігі тұрғысынан;
      қолдануға жататын материалдық және іс жүргізу құқықтарының нормалары;
      мәлімделген талаптардың мәні және сот шығындарын бөлу бойынша прокурордың тұжырымдары.
      Апелляциялық, кассациялық, қадағалау тәртібінде қайта қарауға жататын іс бойынша қорытындыда қосымша төмендегідей мәліметтер болуға тиіс:
      судья (баяндамашы, алқа құрамы), қайта қарауға жататын сот актілерінің мазмұны, соттың ұстанымы;
      қатысқан прокурорлар, қорытындылардың қысқаша мазмұны;
      шағымның (өтініштің) дәлелдемелері;
      істі зерттеу қорытындысы;
      шағымның (өтініштің) негізділігі туралы тұжырымдар.
      Қадағалау қызметі барысында Мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалары, жеке және заңды тұлғалар тарапынан заңдылықты бұзуы анықталған жаңдайда, прокурор сот алдында жеке ұйғарым шығару туралы өтініш жасайды, бұл бойынша қосымша тексеру жүргізуге шаралар қабылдауға және кінәлі тұлғаларды заңда белгіленген жауаптылыққа тарту мәселені шешу үшін және заң бұзушылықтарға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою мақсатында жазбаша немесе электронды құжат түрінде жоғары турған прокурдың назарына жеткізеді.
      АІЖК-нің 66-бабы 3-тармағына сәйкес бірінші сатыдағы сотқа тараптарда бар болған дәлеледемелердің ұсынылмауы аппеляциялық, кассациялық және қадағалау сатысындағы соттарға осы дәлелдемелерді ұсыну мүмкіндігін жояды. Сондықтан прокурорлар мемлекеттің мүддесіне қатысты даулар бойынша істі дұрыс шешуге қажет дәлелдемелерді мемлекеттік заңды тұлғалармен уақтылы ұсынылуын қамтамасыз етуге бағытталған шаралар қабылдауға міндетті.
      Прокурорлар мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың мүдделерін олардың өкілдерінің тиісті түрде өкілдік етпеу фактілеріне табанды түрде соңғыларын және қажет кезде – бірінші басшыларды жауапкершілікке тартуға бастама жасай отырып, ден қоюға міндетті.
      Ескерту. 9-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Бас Прокурорының 11.03.2015 № 42 бұйрығымен.
      10. Прокурорлар барлық азаматтық істер бойынша өндірісті тоқтата тұру туралы сот ұйғарымының заңдылығын тұрақты түрде тексереді, заңдылықты бұзу анықталған кезде оларды жоюға шаралар қабылдайды.
      Тексеру нәтижелері және қабылданған шаралар туралы мәліметтер осы Нұсқаулықтың 19-тармағына сәйкес Департаментке жіберілетін тоқсан сайынғы ақпаратқа енгізіледі.
      11. Сот қарайтын дауда прокуратура органдарының мүддесін талапкер немесе жауапкер ретінде білдіретін прокурор тараптардың іс жүргізу құқықтары мен міндеттерін пайдаланады (АІЖКнің 55-бабының 6-бөлігі).
      Прокурорлардың талап-арыздары мен арыздары негізінде қозғалған істер бойынша соттарда прокуратураның өкілдері ретінде қатысуды істі қозғаудың бастамашысы болған бөлімшелердің қызметкерлері қамтамасыз етеді.
      Прокуратура органы немесе мекемесі іс бойынша жауапкер ретінде тартылған жағдайда, жауапкердің өкілі ретінде іске қатысуды әрекеттері дауланып отырған бөлімшелердің қызметкерлері қамтамасыз етеді.
      Осындай дауларды қарағанда прокурордың сот жарыссөздерінен кейін жалпы істің мәні бойынша қорытындысы талап етілмейді (АІЖК-нің 211-бабы 3 бөлігі).
      Прокурордың бастамасымен қозғалған іс бойынша, сондай-ақ жауапкер ретінде прокуратура органы немесе мекемесі қатысқан дау бойынша апелляциялық, кассациялық наразылық келтірілмейді. Қабылданған сот актілерімен келіспеген жағдайда прокурор апелляциялық, кассациялық шағым беруге құқылы.
      Процесте жарыспалылықты қамтамасыз ету және көрсетілген санаттағы істер бойынша заңсыз сот шешімдерін даулау үшін жауапкершілік осы қызметкерлерге жүктеледі.
      Облыстардың, Алматы, Астана қалаларының прокуратуралары және оларға теңестірілген прокуратуралар талап арыздың көшірмелерін және басқа да материалдарды қоса тіркей отырып, Бас прокуратураға, прокуратура органына немесе мекемесіне қатысты сотқа талап арыздың түскендігі туралы Департаментке дереу хабарлайды.
      Ескерту. 11-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Бас Прокурорының 11.03.2015 № 42 бұйрығымен.
      12. Прокурорлар осы Нұсқаулықтың 8-тармағында көрсетілген, халықтың әлеуметтік осал тобының (зейнеткерлер, мүгедектер) құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын істер бойынша, сондай-ақ өз бастамасымен қатысатын істер бойынша апелляциялық, кассациялық тәртіппен сот актілеріне наразылық келтіру, прокурорлық қадағалаудың өзге де актілерін енгізу арқылы сот жіберген қателіктерге уақтылы шара қолдану қажет.
      Жеңілдетілген іс жүргізу тәртібінде (АІЖК-нің 13-1-тарауы) қаралған істер бойынша заңды күшіне енген сот актілеріне қадағалау ретімен шағым, наразылық келтіруге жатпайды. Сондықтан қала, аудан және оларға теңестірілген прокуратуралар апелляциялық мерзімде бірінші сатыдағы соттардың мемлекеттік органның (мекеменің, кәсіпорынның) пайдасына шығарылмаған және істің әрі қарай қозғалысына кедергі жасайтын шешімдері мен ұйғарымдарының заңдылығын тексеруге міндетті.
      АІЖК-нің 384-бабына сәйкес жергілікті және басқа соттардың заңды күшіне енген сот актілерін оларға шағым берудің кассациялық тәртібі сақталған жағдайда ғана Бас Прокурордың наразылығы бойынша Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты (бұдан әрі - Жоғарғы Сот) қадағалау тәртібімен қайта қарай алады.
      Облыстардың, Алматы, Астана қалаларының және оларға теңестірілген прокуроратуралар кассациялық тәртіппен қаралмаған істер бойынша мемлекеттік органның (мекеменің, кәсіпорынның) пайдасына шығарылмаған және шағымның түскеніне қарамастан, одан әрі жылжытуға бөгет жасайтын бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың заңды күшіне енген шешімдерінің, ұйғарымдарының, қаулыларының заңдылығын кассациялық мерзімдерде тексеруге міндетті.
      Бұл ретте прокурорлар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 9 қарашадағы № 1072 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының заң қызметтері туралы үлгі Ережесінің 8-тармағы 14-ші абзацының сот актілеріне барлық сот сатыларында дер кезінде шағымдану жөніндегі талаптарын мемлекеттік органдар (мекемелер, кәсіпорындар) заң қызметтерінің орындауы бойынша түбегейлі шаралар қабылдауы қажет.
      Осы тармақта көрсетілген істер бойынша заңды күшіне енген сот актілері туралы, олардың заңдылығын тексеру нәтижелері және қабылданған шаралар жөніндегі мәліметтер осы Нұсқаулықтың тармағына сәйкес Департаментке тоқсан сайын жіберілетін ақпаратқа қосылады.
      Ескерту. 12-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Бас Прокурорының 11.03.2015 № 42 бұйрығымен.
      13. Апелляциялық сатыдағы сотта қорытынды берген кезде прокурор істің мән-жайын, сондай-ақ сотта айтылған түсіндірмелерді, сотқа қосымша ұсынылған материалдарды ескеруге міндетті. Бұл ретте прокурор наразылықтың дәлелдемелерімен байланысты болмайды және заң талаптары мен нақты деректерді негізге алып әрекет етеді.
      Бірінші сатыдағы сотта баяндалған прокуратура көзқарасының, оның негізді болмауына байланысты кейін өзгеруінің әрбір жағдайы, апелляциялық (кассациялық) сатыдағы сотқа ұсынылған жаңа дәлелдер негізінде күші жойылған істерді, сот актілерін қоспағанда, негізсіз қорытындыны немесе наразылықты дайындаған қызметкерлердің жауапкершілігі туралы мәселені қарай отырып, талқылауға жатады.
      14. Апелляциялық наразылық АІЖК-нің 364-бабының 1-бөлігінде көзделген соттың шешімінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз болған жағдайда келтіріледі. Апелляциялық наразылық келтіру құқығы бірінші сатыдағы сотта істі қарауға қатысқан прокурорға тиесілі. Бас Прокурор мен оның орынбасарлары, облыстардың прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлар және олардың орынбасарлары, аудандардың прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлар істі қарауға қатысқанына қарамастан, өз құзыретінің шегінде сот шешіміне наразылық келтіруге құқылы.
      Кассациялық наразылық келтіру үшін негіз болып табылатын бірінші және апелляциялық сатылардағы соттардың материалдық және іс жүргізу құқықтарының нормаларын бұзу, дұрыс қолданбау АІЖК-нің 365,  366-баптарында белгіленген.
      Бірінші, апелляциялық сатылардағы соттардың заңды күшіне енген шешімдеріне, қаулылары мен ұйғарымдарына кассациялық наразылық келтіру құқығы осы сатыларда істі қарауға қатысқан прокурорға тиесілі. Бас Прокурор мен оның орынбасарлары, облыстардың прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлар істі қарауға қатысқанына қарамастан, бірінші және апелляциялық сатылардағы соттардың заңды күшіне енген шешімдеріне, қаулылары мен ұйғарымдарына наразылық келтіруге құқылы.
      Апелляциялық және кассациялық наразылықтар АІЖК-нің 335,  383-5-баптарының талаптарына сәйкес болуға тиіс.
      Аппеляциялық тәртіпте қаралмаған азаматтық іс бойынша заңды күшіне енген сот шешіміне кассациялық наразылықты бірінші сатыдағы сотқа қатысқан прокурор бере алады.
      Соттар кассациялық наразылықты негізсіз қанағаттандырусыз қалдырған кезде, сондай-ақ АІЖК-нің 55-бабы 2-бөлігінде көзделген азаматтық істі қарау кезінде материалдық және іс жүргізу құқығының нормаларын елеулі бұзуға жол бергені анықталғанда, облыстар, Астана, Алматы қалаларының прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар АІЖК-нің 44-бабына сай істі сұратып алу және Бас Прокурормен қадағалау наразылығын келтіру туралы Бас Прокуратураға ұсыныс жолдайды, ол АІЖК-нің 391-бабының талаптарына сай болуға тиіс. Ұсынысқа қадағалау өндірісі (ол бар болғанда) және іс бойынша қабылданған барлық сот актілерінің, енгізілген наразылықтардың көшірмелері қоса тіркеледі.
      Көрсетілген талаптарға, сондай-ақ осы Нұсқаулықтың 23-тармағында көзделген өлшемдерге жауап бермейтін ұсыныстар қараусыз қайтарылуға жатады.
      Прокурордың бастамасымен қозғалған іс бойынша, сондай-ақ прокуратура органы немесе мекемесі жауапкер ретінде тартылған іс бойынша қадағалау тәртібінде наразылық келтіру туралы өтініш, тек Жоғарғы Сот судьяларымен қадағалау iс жүргiзуiн қозғаудан бас тарту туралы шешім қабылданған жағдайда ғана Бас прокуратураға беріледі.
      Ескерту. 14-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Бас Прокурорының 11.03.2015 № 42 бұйрығымен.
      15. Облыс, Алматы, Астана қалаларының және оларға теңестірілген прокурорлары АІЖК-нің 55-бабының 2-бөлігінде (АІЖК-нің 350-бабының 2-бөлігі) және Нұсқаулықтың 8-тарауында көзделген істер бойынша, оның ішінде жеңілдетілген іс жүргізу тәртібінде шешілген істерді қоса алғанда, аппеляциялық тәртіпте қарау кезінде тиісті прокурорлардың қатысуын қамтамасыз етеді.
      Облыстық және оларға теңестірілген соттардың кассациялық сот алқасымен қаралатын істер бойынша қатысуды АІЖК-нің 383-15-бабының 2-бөлігіне сәйкес, облыс, Алматы, Астана қалалары және оларға теңестірілген прокурорлары, олардың орынбасарлары, ал олардың қатысуы мүмкін болмаса – бағынысты прокурорлар (басқарма бастығы, оның орынбасары, облыс прокурорының аға көмекшісі, көмекшісі) қамтамасыз етеді.
      Азаматтық істер бойынша сот актілерінің заңдылығын қадағалау саласына жеткшілік ететін облыстардың, Алматы, Астана қалалары және оларға теңестірілген прокурорлардың орынбасарлары, қалалар мен аудандардың прокурорлары және азаматтық істер бойынша сот актілерінің заңдылығын қадағалау саласына жеткшілік ететін олардың орынбасарлары кемінде жылына 4 рет бірінші сатыдағы соттардың міндетті санаттағы аса күрделі істерді, сондай-ақ қоғамдық пікір тудырған азаматтардың едәуір санының мүддесін қозғайтын істерді қарауына қатысады.
      Облыстар, Алматы, Астана қалаларының прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар не оларды ауыстыратын тұлғалар кассациялық сатыдағы соттарда Бас прокуратураның наразылықтарын білікті қолдауды жеке қамтамасыз етеді, наразылықты қарау нәтижелері туралы Департаментке дереу хабарлап, соңынан сот қаулыларының көшірмелерін жолдайды.
      Облыстар, Алматы, Астана қалаларының прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар азаматтық істер бойынша апелляциялық және кассациялық сатыдағы соттар шығарған, прокурорлардың қатысуымен қаралған азаматтық істер бойынша сот актілерін және оларды қарау кезінде берген қорытындыларды есепке алуды ұйымдастырады, олар тиісті номенклатура істеріне құрылады.
      Ескерту. 15-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Бас Прокурорының 11.03.2015 № 42 бұйрығымен.
      16. Азаматтық істер бойынша сот актілерінің заңдылығына қадағалаудың негізгі көрсеткіштері:
      қадағалу сапасы;
      наразылықтар сапасы;
      заңдылықтың бұзылуына әрекет ету тиімділігі болып табылады.
      Жоғары тұрған прокуратурамен қадағалу сапасы апелляциялық, кассациялық және қадағалау тәртібінде міндетті санаттағы, сондай-ақ прокурордың қасысуымен қаралған өзге де істер бойнша тараптардың шағымдары немесе жоғары тұрған прокурордың наразылығымен (төменгі тұрған прокурордың ұсынысысыз) күші жойылған сот актілеріне мониторинг жасау негізінде бағаланады.
      Айқын (анық) заң бұзушылықтарға байланысты күші жойылған сот актілері бойынша қадағалаушы прокурор қадағалау жұмысының талаптарын және стандарттарын бұза отырып, қасақана әрекетінің (әрекетсіздігінің) немесе салғырттығының не құқық нормаларын білмеу салдарынан прокурорлық ықпал ету шараларын көрмегені ескеріледі. Осы мән-жайлардың болуы не болмауы бірінші, апелляциялық, кассациялық және қадағалау сатыларының сот актілерін зерделеу арқылы анықталады.
      Осы мақсатта міндетті санаттағы және прокурордың қатысуымен қаралған өзге де істер бойынша бірінші саты соттарының прокурордың апелляциялық наразылығы негізінде күші жойылған шешімдердің, прокурорлардың апелляциялық шағымы бойынша күші жойылған шешімдерді қоспағанда, апелляциялық тәртіпте міндетті санаттағы және прокурордың қатысуымен қаралған өзге де істер бойынша бірінші саты соттарының күші жойылған шешімдерінің жалпы санына шаққандағы арақатысы бойынша апелляциялық наразылық келтіру тиімділігінің есебі жүргізіледі.
      Бұдан бұрын апелляциялық наразылықсыз, бірінші сатыдағы сот шешімінің күшін жойған апелляциялық қаулының (шешімнің) күші кассациялық наразалық негізінде жойылған жағдайда, тараптардың апелляциялық шағымдарымен күші жойылған бірінші сатыдағы соттардың шешімдерінің саны туралы статистикалық есептегі мәліметтер азаю жағына түзетіледі.
      Апелляциялық наразылық келтіру тиімділігін есептеу кезінде АІЖК-нің 345-бабының 2-бөлігінің тәртібінде апелляциялық сатыдағы сотқа ұсынылған жаңа дәлелдемелер негізінде, егер ол туралы апелляциялық қаулыда, шешімде тікелей көрсетілген жағдайда, күші жойылған, сонымен қатар талап қоюдан бас тартуына, тараптардың бітімгерлік немесе медиациялық келісімдер жасауына байланысты күші жойылған шешімдер есепке алынбайды.
      АІЖК-нің 366-бабының 1-бөлігінде көрсетілген іс жүргізу нормаларының бұзылуы немесе дұрыс қолданылмауы салдарынан сот шешімінің күші жойылған жағдайда, жаңа дәлелдемелер болғанның өзінде де, көрсетілген тәртіп қолданылмайды.
      Статистикалық есепте жаңа дәлелдемелер негізінде күші жойылған сот актілері туралы мәліметтердің көрсетілуі тек Департаменттің жазбаша (электрондық құжат нысанында) келісімін алғаннан кейін жүргізіледі. Тиісті өтінішхат іс бойынша қабылданған сот актілерінің көшірмелерін қоса тіркей отырып, соттың процесуалдық шешімі қабылданғаннан кейін 10 күн ішінде Департаментке жолданады.
      Міндетті санаттағы және прокурордың қатысуымен қаралған өзге де істер бойынша сот актілерінің кассациялық және қадағалау тәртібінде күші жоюлуы, наразылық келтіру тиімділігінің көрсеткішін есептеместен ескеріледі.
      Жоғары тұрған прокуратурамен наразылықтардың сапасы сұратып алынған, сотпен қайтарылған және қанағаттандырылмаған апелляциялық және кассациялық наразылықтардың мониторингі негізінде бағаланады.
      Негізсіз наразылықтар есепке алынады. Оларға, прокурормен қадағалу жұмысының талаптарын және стандарттарын айқын (анық) бұза отырып, қасақана немесе салғырттығының не құқық нормаларын, оның ішінде ведомстволық актілерді білмеу салдарынан әзірленген наразалықтар жатады. Осы мән-жайлардың болуы не болмауы наразалықты және іс бойынша қабылданған сот актілерін зерделеу арқылы анықталады.
      Осы мақсатта апелляциялық (кассациялық) наразылықтардың қанағаттандырылу есебі жүргізіледі, ол мынадай формула бойынша есептеледі:
      100 % - (қанағаттандырылмағандар/қаралғандар) х 100 % = қанағаттандырылу.
      Бұл ретте, бұдан бұрын апелляциялық (кассациялық) наразылық қанағаттандырусыз қалдырылған істер бойынша кассациялық наразылық (облыс немесе оған теңестірілген прокурордың ұсынысы бойынша келтірілген қадағалау наразылығы) қанағаттандырылған жағдайда, қанағаттандырылмаған апелляциялық (кассациялық) наразылықтар саны туралы статистикалық есеп мәліметтері азаю жағына түзетіледі.
      Облыс, Астана және Алматы қалаларының және оларға теңестірілген прокурорлары негізсіз келтірілген наразылықты кері сұратып алған жағдайда, төменгі тұрған прокурорға бұндай шешімнің себебі туралы жазбаша (электрондық құжат нысанында) хабарлауы және бұндай қателіктердің алдын алу шараларын қолдану қажет.
      Наразылық келтірген адамның не жоғары тұрған прокурордың өтінішін қанағаттандыру туралы апелляциялық (кассациялық) саты соттымен тиісті қаулы шығарылған, сонымен қатар тараптардың апелляциялық (кассациялық) шағымдарымен істерді қарау кезінде апелляциялық (кассациялық) қаулыда (шешімде) соттың наразылықты кері қайтарғандығы туралы қорытындысы болған жағдайда, наразылық кері сұратылған деп саналады.
      Қалған жағдайлардың барлығында, оның ішінде прокурордың бастамасы бойынша наразылықтар қайтарылған жағдайда, наразылықтар қайтарылған болып есептеуге жатады.
      Жоғары тұрған прокуратурамен, азаматтық істер бойынша заңдылықты бұзуға тиімді әрекет етуі прокурорлардың қатысуымен қаралған істер бойынша олардың өтінімдері негізінде заңдылықтың бұзылуы бойынша соттармен шығарылған жеке ұйғарымдарына, сонымен қатар сот отырысында анықталған мән-жайлар бойынша прокурордың бастамасымен жүргізілген тексеру мен прокурорлық қадағалау актілеріне мониторинг жасау арқылы бағаланады.
      Осы мақсатта прокурорлардың қатысуымен қаралған істер бойынша олардың өтінімдерімен заңдылықтың бұзылуына қатысты соттармен шығарылған жеке ұйғарымдарының, прокурорлардың қатысуымен қаралған істер бойынша заңдылықтың бұзылуына қатысты соттармен шығарылған жеке ұйғарымдарының жалпы санына шаққандағы арақатысының есебі жүргізіледі.
      Жеке ұйғарымның прокурордың өтінімі бойынша шығарылғандығы ол туралы тікелей сот актісінде немесе сот отырысының хаттамасында көрсетілуімен, сондай-ақ істің материалдарына қоса тіркелген прокурордың жазбаша қорытындысымен куәландырылады.
      Бағалау кезінде прокурорлардың өтінімдері бойынша шығарылған жеке ұйғарымдар, сонымен қатар прокурорлық тексерістер және прокурорлық қадағалау актілері (заңдылықтың бұзылуын жою, адамдарды заңда белгіленген жауаптылыққа тарту және басқалары) бойынша қабылданған шаралардың нәтижелілігі ескеріледі.
      Төмен тұрған прокуратуралардың қызметін бағалау басқа да көрсеткіштер бойынша жұмыс нәтижелерін ескеру арқылы жүргізілуі мүмкін.
      Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Бас Прокурорының 11.03.2015 № 42 бұйрығымен.
      17. Салық кодексінің 534-бабының 1-тармағының 14) тармақшасына сәйкес, соттардың шешімдері мен қаулыларына берілген кассациялық шағымдардан мемлекеттік баж өндіріледі. Сондықтан, облыс, Астана, Алматы қалаларының және оларға теңестірілген прокуратураларында жеке және заңды тұлғалардан келіп түскен кассациялық наразылық келтіру туралы өтініштер бойынша азаматтық істерді сұратып алумен заңды күшіне енген сот актілерінің мынадай:
      осы нұқсаулықтың 8-тармағында көзделген істер бойынша мемлекет пайдасына емес шешім шығарған жағдайда;
      жұмысқа байланысты, дансаулығына зақым келтірумен, асыраушының өлімімен немесе қылмыспен келтірілген залалдың орнын толтыру туралы (талапкердің шағымы бойынша);
      тарап ретінде Ұлы Отан соғысының қатысушылары, оларға теңестірілген адамдар, I және II топтағы мүгедектер, зейнеткерлер болып табылатын даулары бойынша заңдылығы тексеріледі.
      Өзге жағдайларда арызданушыға оның кассациялық сатыдағы сотқа кассациялық шағыммен дербес жүгіну құқығы түсіндіріледі.
      Азаматтық істі кассациялық тәртіпте тексеру үшін тиісті соттан АІЖК-нің 383-1-бабының 3-бөлігіне сәйкес, кассациялық наразылықты келтіруге құқығы бар прокурорлармен сұратып алынуы мүмкін.
      Азаматтық іс өтініштің жауапты орындаушыға түскеннен бастап 5 жұмыс күні ішінде сұратылуы тиіс. Бұл ретте, заңды күшіне енген сот актісіне кассациялық наразылықты келтіру туралы өтінішті қарау мерзімі АІЖК-нің 387-бабының 2-1-бөлігінде, 124-бабының 2-бөлігінде және 125-бабында көзделген тәртіпте есептеледі.
      Өтініш қанағаттандырусыз қалдырылған жағдайда, облыс прокурорымен (оған теңестірілген прокурормен) не оны алмастыратын тұлғамен бекітілетін дәлелді қорытынды жасалады. Арызданушыға берілетін жауаптарға облыс прокуроры (оған теңестірілген прокурор) не оны алмастыратын тұлға өзі қол қояды.
      Ескерту. 17-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Бас Прокурорының 11.03.2015 № 42 бұйрығымен.
      18. АІЖК-нің 387-бабының 1-бөлігіне сәйкес Бас Прокурор немесе оның тапсырмасы бойынша Бас Прокурордың орынбасарлары, облыстардың, Алматы, Астана қалаларының прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар азаматтық істі тексеру үшін тиісті соттан қадағалау тәртібінде сұратып ала алады.
      Облыстардың, Алматы, Астана қалаларының прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар тиісті сұрату келіп түскен кезде оны әрі қарай Бас прокуратураға жолдау үшін дереу соттардан сұратады.
      Бас прокуратураның прокурорлық қадағалау жай-күйіне талдау және жинақтау жүргізу туралы тапсырмалары мен тапсырыстары келіп түскен кезде, азаматтық істер Жоғарғы Сот Төрағасы мен Бас Прокурордың 2003 жылғы 7 сәуірдегі бірлескен хатында белгіленген тәртіппен сұратып алынады не сот актілерінің заңдылығы мен негізділігі Қазақстан Республикасы Конституциясының 83-бабына, АІЖК-нің 55-бабының 1-бөлігіне сәйкес соттарда тікелей тексеріледі.
      19. Азаматтық сот ісін жүргізудегі прокурорлық қадағалаудың жай-күйі және сот төрелігін жүзеге асыру кезіндегі заңдылықтың жай-күйі туралы ақпарат, сондай-ақ осындай талдауға негізделген прокурорлық қадағалауды жетілдіру, заңдылықты бұзуға ықпал ететін себептер мен мән-жайларды жою мақсатында қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстар Бас прокуратураға кемінде тоқсанына бір рет жолданады.
      Аумақтық прокурорлар және оларға теңестірілген прокурорлар өз қызметтерін жетілдіру мақсатында азаматтық сот ісін жүргізуде осы Нұсқаулықтың 8-тармағында көрсетілген істер бойынша прокурорлық қадағалау практикасын жүйелі талдайды, олар бойынша бірыңғай ақпарат (бақылау тәртібінде) жоғары тұрған прокуратураға жарты жылда бір рет жолданады.
      Облыстардың, Алматы, Астана қалаларының прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар көрсетілген ақпаратты есепті кезеңнен кейінгі айдың 7-күніне қарай Бас прокуратураға ұсынады.
      Жоғары тұрған прокурорлар төменгі тұрған прокурорларды ұйымдастыру-әдістемелік сипаттағы материалдармен қамтамасыз етеді, жұмыстың оң тәжірибесін таратады. Прокуратура қызметкерлерінің іскерлік және құқықтық біліктілігін арттыру бойынша оқу-әдістемелік іс-шараларын тұрақты негізде өткізеді, оларды тағлымдамадан өткізеді.
      Ақпараттық хаттарды қарау нәтижелері бойынша прокурорлар ұқсас азаматтық-құқықтық даулар бойынша әділетсіз сот актілерін жедел анықтауға, құзыреті шегінде сот қателіктерін түзетуге шаралар қабылдауға, бұл туралы дер кезінде жоғары тұрған прокурорға хабарлауға тиіс.

3. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасында азаматтық істер бойынша сот актілерінің заңдылығын қадағалауды ұйымдастыру

      20. Департамент прокурорлары «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 59-бабының 8-тармағында және 66-бабының 3-тармағында, сондай-ақ «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 13-бабының 5-тармағында көзделген істерді Жоғарғы Соттың бірінші сатыдағы қарауына қатысады.
      21. Заңды күшіне енген сот актілерінің заңдылығын Бас прокуратура қадағалау тәртібімен тексереді.
      Жоғарғы Соттың азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының қарауына тағайындалған азаматтық істерді зерделеу нәтижелері бойынша Департамент прокурорлары дәлелді қорытындылар жасайды, оларды Бас Прокурордың жетекшілік ететін орынбасары бекітеді. Қорытынды осы Нұсқаулықтың 9-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес болуға тиіс.
      22. Жоғарғы Соттың азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының отырысында қаралатын істер бойынша қорытындылар беруді Бас Прокурордың тапсырмасы бойынша ең алдымен оның орынбасарлары, ал олардың қатысу мүмкіндігі болмаса, бағыныстағы прокурорлар (Департамент бастығы немесе бастықтың орынбасары, Департаменттің басқарма және бөлім бастықтары) қамтамасыз етеді.
      Департамент прокурорлардың қатысуымен Жоғарғы Сотта қаралған азаматтық істер бойынша сот актілерін және оларды қараған кезде прокурорлар берген қорытындыларды есепке алуды жүргізеді.
      Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының және оның орынбасарларының тапсырмасы бойынша бағыныстағы прокурорлар (Департамент бастығы немесе бастықтың орынбасары, басқарма және бөлім бастықтары) Жоғарғы Соттың заңды күшіне енген сот актілеріне дау айту туралы азаматтық процеске қатысушылардың өтініштерін алдын ала қарауына қатысады.
      23. АІЖК-нің 131526-баптарында бекітілген тараптардың тең құқылығы және сотқа бағыныстылық басымдығы қағидатын негізге ала отырып, өз құқықтарын дербес қорғай алмайтын азаматтардың құқықтарына, сондай-ақ мемлекет мүддесіне қатысы жоқ іс бойынша қадағалау тәртібімен наразылық келтіру туралы өтінішті Бас прокуратура, осындай өтініш бойынша Жоғарғы Сот судьяларымен қадағалау iс жүргiзуiн қозғаудан бас тарту туралы шешім қабылданғандығы туралы мәліметтер болғанда және соттардың материалдық не іс жүргізу құқықтары нормаларының елеулі бұзылғандығы анықталғанда ғана қарайды.
      Өзге жағдайларда өтініш иесіне АІЖК-нің 385-бабына сәйкес, тікелей Жоғарғы Сотқа сот актілеріне дау айту туралы осыған ұқсас өтінішпен жүгінуге құқығы бар екендігі түсіндіріледі.
      24. Қадағалау тәртібінде наразылық келтіру туралы өтінішті қарау қажет болған кезде іс материалдарын сұратып алу арқылы жүзеге асырылады. Бұл жағдайда азаматтық іс өтініш жауапты орындаушыға келіп түскен сәттен бастап 5 күннің ішінде сұратылуы қажет.
      Өтініш қанағаттандырусыз қалдырылған жағдайда осы Нұсқаулықтың 9-тармағында айқындалған талаптарға сәйкес дәлелді қорытынды жасалады және жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау жөніндегі ведомстволық нормативтік актілерге қарастырылып тәртіпте бекітіледі.
      Бас прокуратурада азаматтық істерді сұрату үшін негіздердің нақты тізбесін Бас Прокурор айқындайды.
      АІЖК-нің 388391-баптарының талаптарына сәйкес келмейтін қадағалау наразылығын келтіру туралы өтініште, атап айтқанда:
      АІЖК-нің 388-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген мерзім өткеннен кейін берілген және оны қалпына келтіру үшін дәлелді себептері жоқ;
      өтініш жасаушы тұлға, оның тұрғылықты немесе орналасқан жері және істегі іс жүргізу жағдайы көрсетілмеген;
      сот шешімінің, ұйғарымының, қаулысының мазмұны, іске қатысушы тұлғалардың тұрғылықты немесе орналасқан жері көрсетілмеген;
      істі бірінші, апелляциялық және кассациялық сатыларда қараған соттар және олар қабылдаған шешімдердің мазмұны көрсетілмеген;
      наразылық келтіру қажет болып тұрған сот шешімі, ұйғарымы, қаулысы көрсетілмеген;
      материалдық немесе іс жүргізу құқықтары нормаларының елеулі бұзылғандығы көрсетілмеген;
      өтінім беруші тұлға немесе оның өкілі қол қоймаған;
      өкілдің өкілеттігін куәландыратын сенімхаттың немесе құжаттың көшірмесі қоса тіркелмеген;
      Оған сенім хатты немесе оның өкілдігін куәландыратын құжаттарды, сонымен қатар Жоғары Сотқа жүгінген кезде салық заңнамасына сәйкес мемлекеттік баж төленгені туралы растайтын құжаттарды қоса тіркемеген жағдайда, өтініш берген адамға қайтарылуға жатады.
      Сот актісі түсініксіз болған жағдайда, оны түсіндіру құқығы АІЖК-нің 232-бабына сәйкес істі қараған соттың құзыретіне жатады.
      Ескерту. 24-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Бас Прокурорының 11.03.2015 № 42 бұйрығымен.
      25. АІЖК-нің 384-бабына сәйкес заңды күшіне енген сот актілеріне наразылық келтіру құқығы Бас Прокурорға тиесілі.
      Бас Прокурор келтірген қадағалау наразылығын қолдауды Бас Прокурордың тапсырмасы бойынша оның орынбасарлары, ал олардың қатысуы мүмкін болмаса, бағыныстағы прокурорлар (Департамент бастығы, Департаменттің басқарма және бөлім бастықтары) қамтамасыз етеді.

4. Қорытынды ережелер

      26. Департамент азаматтық істер бойынша сот актілерін қадағалауды жүзеге асыру жөнінде төменгі тұрған прокуратуралардың қызметіне басшылық жасауды және бақылауды қамтамасыз етеді, қадағалаудың осы саласында жұмыстың тиімділігін арттыруға қолдау көрсетеді, Бас прокуратураның басқа да бөлімшелерімен, Жоғарғы Сотпен, ғылыми және оқу мекемелерімен өзара іс-қимылды жүзеге асырады.
      27. Департамент қадағалауды ұйымдастыруда қазіргі заманғы әдістемелерді енгізу, оқыту және тағылымдамадан өткізу, оның ішінде шет мемлекеттердің оқу орындарын қоса алғанда, азаматтық істер бойынша сот актілерінің заңдылығына қадағалауды жүзеге асыратын прокуратура қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, әдістемелік және практикалық көмек көрсету бойынша жұмыс жүргізеді.
      28. Департамент Бас Прокурордың және оның орынбасарларының тапсырмалары бойынша қолданыстағы заңнаманы жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды енгізу, Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының, Қазақстан Республикасы Үкіметінің, өзге де орталық мемлекеттік органдардың жұмыс топтары, комитеттері және комиссиялары құрамына қатысу, заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілердің, оның ішінде Жоғарғы Соттың нормативтік қаулыларының жобаларын дайындауға қатысу арқылы норма шығармашылық қызметке қатысады.
      29. Департамент, облыстардың, Алматы, Астана қалаларының прокурорлары, аудандық, қалалық және оларға теңестірілген әскери және басқа да мамандандырылған прокуратуралар бұқаралық ақпарат құралдарында заңдылық пен құқықтық тәртіптің жай-күйі, қадағалау қызметінің нәтижелері туралы ақпаратты жариялау арқылы прокуратура органдарының имидждік бағдарламасын іске асыруды қамтамасыз етеді. 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады