Аудандық мәслихаттың 2010 жылғы 31 наурыздағы № 182 "Аудандық бюджеттен тұрғын үйді ұстау, коммуналдық қызметті, байланыс қызметін тұтыну төлемақысы және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеудің жекелеген түрлеріне жұмсалатын шығындар өтемақысы бойынша аз қамтылған азаматтарға тұрғын үй көмегін көрсету Қағидасын" бекіту туралы шешіміне өзгерістер енгізу туралы

Күшін жойған

Ақтөбе облысы Мұғалжар аудандық мәслихатының 2012 жылғы 21 желтоқсандағы № 57 шешімі. Ақтөбе облысы Әділет департаментінде 2013 жылғы 17 қаңтарда № 3498 тіркелді. Күші жойылды - Ақтөбе облысы Мұғалжар аудандық мәслихатының 2017 жылғы 12 желтоқсандағы № 133 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Ақтөбе облысы Мұғалжар аудандық мәслихатының 12.12.2017 № 133 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы № 148 "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6 бабына, Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі № 94 "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңының 97 бабының 2 тармағына, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 "Тұрғын үй көмегiн көрсету ережесiн бекіту туралы" Қаулысына, Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің 2011 жылғы 5 желтоқсандағы № 471 "Тұрғын үй көмегін алуға, сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді алуға үміткер отбасының (азаматтың) жиынтық табысын есептеу Қағидасын бекіту туралы" бұйрығына сәйкес, Мұғалжар аудандық мәслихат ШЕШІМ ЕТТІ:

      1. Мұғалжар аудандық мәслихатының 2010 жылғы 31 наурыздағы № 182 "Аудандық бюджеттен тұрғын үйді ұстау, коммуналдық қызметті, байланыс қызметін тұтыну төлемақысы және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеудің жекелеген түрлеріне жұмсалатын шығындар өтемақысы бойынша аз қамтылған азаматтарға тұрғын үй көмегін көрсету Қағидасын" бекіту туралы (Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3-9-119 санымен тіркелген, 2010 жылы 21 сәуірде аудандық "Мұғалжар" газетінің № 17 санында жарияланған) шешіміне мынадай өзгерістер енгізілсін:

      осы шешімнің атауы келесі редакцияда жазылсын:

      "Мұғалжар ауданында аз қамтамасыз етілген отбасыларына (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындау Қағидасын бекіту туралы",

      көрсетілген шешімнің 1 тармағы жаңа редакцияда жазылсын:

      1) "Мұғалжар ауданында аз қамтамасыз етілген отбасыларына (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындау Қағидасын бекіту туралы" қосымшаға сәйкес бекітілсін.

      2) көрсетілген шешімдегі қосымша осы шешімінің қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Осы шешім оны алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.

Аудандық мәслихаттың

Аудандық мәслихаттың

сессия төрағасы

хатшысы

Д.Мұрзатаев

С.Салықбаев


  Мұғалжар аудандық мәслихатының кезекті
тоғызыншы сессиясының 2012 жылғы
21 желтоқсандағы № 57 шешіміне қосымша
Мұғалжар аудандық мәслихатының кезекті
жиырма төртінші сессиясының 2010 жылғы
31 наурыздағы № 182 шешімімен бекітілген
(2010 жылы 14 сәуірде № 3-9-119 санымен
тіркелген)

Мұғалжар ауданында аз қамтамасыз етілген отбасыларына (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындау Қағидасы

      1. Жалпы ережелер

      Осы Қағида Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 14 сәуірдегі "Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің кейбір мәселелері туралы" № 512 Қаулысына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы" № 2314 Қаулысына, Қазақстан Республикасы құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі Төрағасының 2011 жылғы 5 желтоқсандағы № 471 "Тұрғын үй көмегін алуға, сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді алуға үміткер отбасының (азаматтың) жиынтық табысын есептеу қағидасын бекіту туралы" бұйрығына сәйкес әзірленді және тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындайды.

      1. Осы Қағидада мынадай түсініктер пайдаланылады:

      1) тұрғын үй көмегі – келесі шығыстар сомасын төлеуге шығындарды ішінара өтеу үшін аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) берілетін көмек:

      тұрғын үйдiң меншiк иелерi немесе жалдаушылар (қосымша жалдаушылары) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) коммуналдық қызметтердi және телекоммуникация желісіне қосылған телефонға абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуына;

      жекешелендiрiлген тұрғын үйлерде (пәтерлерде) тұратын отбасыларға (азаматтарға) немесе мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын жай (пәтер) жалдаушы (қосымша жалдаушы) болып табылатындарға тұрғын үйдi (тұрғын ғимаратты) күтiп ұстауға жұмсалатын шығындарына;

      жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы органдар жалға алған тұрғын үйдi пайдаланғаны үшiн жалдау ақысына.

      жекешелендірілген тұрғын үйлерде (пәтерлерде) тұратын, жеке үйлерде тұратындарға тәулік уақыты бойынша электр қуатының шығынын саралап есепке алатын және бақылайтын, дәлдік класы 1-ден төмен емес электр қуатын бір фазалық есептеуіштің құнын төлеуге беріледі.

      2) тұрғын үйдi (тұрғын ғимаратты) күтiп-ұстауға жұмсалатын шығыстар - кондоминиум объектiсiнiң ортақ мүлкiн пайдалануға және жөндеуге, жер учаскесiн күтiп-ұстауға, коммуналдық қызметтердi тұтынуды есептеудiң үйге ортақ құралдарын сатып алуға, орнатуға, пайдалануға және тексеруге жұмсалатын шығыстарға, кондоминиум объектiсiнiң ортақ мүлкiн күтiп-ұстауға тұтынылған коммуналдық қызметтердi төлеуге жұмсалатын шығыстарға жалпы жиналыстың шешiмiмен белгiленген ай сайынғы жарналар арқылы төленетiн үй-жайлардың (пәтерлердiң) меншiк иелерi шығыстарының мiндеттi сомасы, сондай-ақ болашақта кондоминиум объектiсiнiң ортақ мүлкiн немесе оның жекелеген түрлерiн күрделi жөндеуге ақша жинақтауға жұмсалатын жарналар;

      3) телефон үшін абоненттiк төлемақы тарифтері өсуінің өтемақысы - 2004 жылдың қыркүйегінде қолданыста болған абоненттік төлемақы арасындағы айырмашылықты белгілейтін және телефонға абоненттік төлемақы тарифтерінің өсуінің шығындарын өтеуге арналған тұрғын үй көмегінің құрамына кіретін ақшалай өтемақы;

      4) өтініш иесі (жеке тұлға) - жеке тұлға өзінің немесе отбасының атынан тұрғын үй көмегін тағайындау үшін жолыққан адам;

      5) отбасының жиынтық табысы - тұрғын үй көмегін тағайындауға өтініш білдірілген тоқсанның алдындағы тоқсанда отбасы алған кірістердің жалпы сомасы;

      6) уәкілетті орган - тұрғын үй көмегін тағайындауды жүзеге асыратын "Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі.

      2. Тұрғын үй көмегі Мұғалжар ауданында тұрақты тұратын және тіркелген аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) беріледі.

      Тұрғын үй көмегі егер отбасының коммуналдық қызметтерді (орталықтандырылған жылыту және жеке газбен жылыту, ыстық, салқын сумен жабдықтау, кәріз, тамақ дайындағаны үшін газға, электрмен жабдықтау, қоқыс шығару) шығыстары, тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп ұстауға жұмсалатын, жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы органдар жалға алған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалдау ақысы, тұрғын үй алаңының белгіленген нормасының шегінде өтемақылық шаралармен қамтамасыз етілетін, бірақ іс жүзінде алып отырған ауданнан және коммуналдық қызметтерді тұтыну нормативтерінен көп емес шығыстар, телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының ұлғаюы бөлігінде байланыс қызметтері үшін, тәулік уақыты бойынша электр қуатының шығынын саралап есепке алатын және бақылайтын, дәлдік классы 1-ден төмен емес электр қуатын бір фазалық есептеуіштің құнының шығыстары осы мақсаттарға шекті үлесінен асқан жағдайда беріледі.

      Коммуналдық қызметтерді тұтынғаны және тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп ұстауға ақы төлеуге, тәулік уақыты бойынша электр қуатының шығынын саралап есептейтін және бақылайтын, дәлдік класы 1-ден төмен емес электр қуатын бір фазалық есептегіштің құнына және тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы органдар жалға алған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалдау ақысына және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік ақының ұлғаюы бөлігіндегі байланыс қызметіне шекті жол берілетін шығыстар үлесі отбасының жиынтық кірісінің орталық жылу жүйесімен жылытылатын тұрғын үй тұтынушыларына 5 пайыз, ал жеке газбен жылытылатын тұрғын үй тұтынушыларына 10 пайыз мөлшерінде белгіленеді.

      3. Тұрғын үй көмегі тұрғын үй иесіне, жалдаушыға (жалға берушіге) есептелген сомамен салыстыру бойынша коммуналдық қызметтерді (орталық жылыту және жеке газбен жылыту, ыстық, салқын сумен жабдықтау, кәріз, тамақ дайындағаны үшін газды) тұтынғаны және тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп ұстауға жұмсалатын шығыстарының және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы органдар жалға алған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалдау ақысы шығындарының, байланыс қызметіне телефон үшін абоненттік төлемақының ұлғаюы бөлігіне, тәулік уақыты бойынша электр қуатының шығынын саралап есепке алатын және бақылайтын, дәлдік класы 1-ден төмен емес электр қуатын бір фазалық есептеуіштің құнына шығындарының орнын толтыру үшін, азайту ретінде қолма-қол емес түрде беріледі. Белгіленген нормадан артық коммуналдық қызметті және байланыс қызметін тұтынғаны, тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп ұстауға арналған шығыстарды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалдау ақысын төлеу жалпы негізде жүргізіледі.

      4. Тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) жылыту және күтіп ұстау шығындары, жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы органдар жалға алған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалдау ақысы жөніндегі әлеуметті норманы есептеу кезінде барлық меншік түріндегі тұрғын жайлардағы тұрғын үй алаңының құрамында 1 адамы бар отбасы үшін алаңның әлеуметтік нормасы бір бөлмелі пәтердің көлемімен теңдеп 32 м2, құрамында 2 адамы бар отбасыға 40 м2, 3 немесе одан да көп құрамы бар отбасы үшін, негізгі алып отырған алаңынан аспаған жағдайда, әр адамға 18 м2 болып, ал жалғыз басты және жалғыз тұратын, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің үйде әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесінде есепте тұрған зейнеткерлерге тұрғын үй көмегін есептеу үшін алаңның әлеуметтік нормасы, негізгі алып отырған алаңынан аспаған жағдайда, 50 м2 болып белгіленеді.

      5. Тұрғын үй көмегімен қамтамасыз ету үшін, электр қуатын пайдалануға құрамында 1 адамы бар отбасына 40 кВт, 2 адамы бар отбасына 60 кВт, 3 адамы бар отбасына 80 кВт, 4 одан да көп адамы бар отбасылар үшін 1 айға 100 кВт-тан аспайтын мөлшерде белгіленеді.

      6. Коммуналдық қызметтерді есептейтін құралдары бар тұтынушылардың әлеуметтік нормасын есептеу кезінде есептегіштер көрсеткіштеріндегі нақты шығындар, бірақ белгіленген тарифтер мен нормтивтерден артық емес қолданылады.

      7. Тұрғын үй көмегін алушылар жанұя құрамының және оның жиынтық табысындағы кез келген өзгерісі туралы 15 күннің ішінде аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне хабарлауы тиіс.

      8. Тұрғын үй көмегі түрінде алынған заңсыз сома заңда белгіленген тәртіппен бюджетке қайтарылады.

      2. Тұрғын үй көмегін тағайындау

      9. Тұрғын үй көмегін тағайындау оны алу үшін жолыққан айдан бастап ағымдағы тоқсанның аяғына дейінгі мерзімде жүргізіледі. Жолығу айы деп қоса берілетін құжаттармен бірге өтініш тапсырған ай есептелінеді.

      10. Тұрғын үй көмегі отбасы құрамы, іс жүзінде тұрғын жайдың алып отырған пайдалы ауданының көлемі, отбасының жиынтық кірісі, коммуналдық қызметтерді (орталық жылыту және жеке газбен жылыту, ыстық, салқын сумен жабдықтау, кәріз, тамақ дайындағаны үшін газды, электрмен жабдықтау, қоқыс шығару) және телефон үшін абоненттік төлемақының ұлғаюы бөлігіне, тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп ұстауға жұмсалатын шығыстарына, тәулік уақыты бойынша электр қуатының шығынын саралап есепке алатын және бақылайтын, дәлдік класы 1-ден төмен емес электр қуатын бір фазалық есептеуіштің құнына шығындарына және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалдау ақысы шығындары көрсетілетін меншік иесінің, жалдаушының (жалға алушының) өтініші негізінде тағайындалады.

      11. Азаматтардың табысы жөніндегі мәліметтерді тізімдер немесе электронды тасығыштардағы ақпараттар түріндегі тиісті төлемдерді есептеуді және аударуды жүргізетін мекемелер тоқсан басында бір рет растайды.

      12. Тұрғын үй көмегін алуға жолыққан отбасының (азаматтың) жиынтық кірісін есептеу тұрғын үй көмегін алу үшін өтініш жасаған кезде өкілетті органға тапсырылатын құжат негізінде Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің 2011 жылғы 5 желтоқсандағы № 471 "Тұрғын үй көмегін алуға, сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді алуға үміткер отбасының (азаматтың) жиынтық табысын есептеу Қағидасын бекіту туралы" бұйрығына сәйкес жүргізіледі.

      13. Коммуналдық қызметтерге және байланыс қызметіне тарифтер, жалдау ақысының мөлшері өзгерген жағдайда бұрын тағайындалған тұрғын үй көмегіне ағымдағы тоқсанда қайта есептеу жүргізіледі.

      14. Коммуналдық қызметке төленбеген бережақ тұрғын үй көмегін беруден бас тартуға негіз болып табылмайды, бережақты қайтару туралы мәселені қызмет көрсетушілер сот арқылы шешеді.

      15. Ұсынылған құжаттардың қаралуы нәтижесінде екі дана келісім-шарт жасалады. Келісім-шарттың біреуі меншік иесіне (жалға алушыға) беріледі, ал екіншісі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде сақталады.

      16. Аталған келісім-шарт тұрғын үй көмегін беру үшін негіз болып табылады.

      17. Берілген ақпараттың растығына күдік туындаған жағдайда жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі тұрмыстық жағдайына тексеру жүргізуге, табысы туралы ақпарат сұрауға, табысын жасырған деректі анықтауға құқылы.

      18. Меншік иесі (жалға алушы) тұрғын үй көмегін есептеу үшін қайта тіркеуге ақпарат тапсырмаса, артық төленген көмек ақшасын қайтармаса, тұрғын үй көмегін төлеу тоқтатылады.

      3. Тұрғын үй көмегін қаржыландыру және төлеу.

      19. Тұрғын үй көмегін төлеуді қаржыландыру республикалық және жергілікті бюджеттік қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

      20. Тұрғын үй көмегінің барлық тиесілі ақшасы, көмек алушының арызы бойынша қызмет көрсетушілердің есеп шотына аударылады. Телефон үшін абоненттік тарифтердің төлемдерінің өсуіне төленетін өтемақыны есептеу Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 14 сәуірдегі № 512 қаулысымен бекітілген, қалалық телекоммуникация желісі абоненттері болып табылатын, халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобындағы азаматтарға телефон абоненті тарифінің өсуін төлеу үшін өтемақы Ережелеріне сәйкес жүргізіледі, төлем арызданушылардың екінші деңгейдегі банктердегі жеке есеп шотына аударылады.

      21. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі тағайындалған көмектің сомасын көрсетіп, меншік иелері мен жалға алушылардың тізімін қалыптастырады, ай сайын есеп жасайды, құрамын шығарады, тағайындалған көмектің сомасын есептейді және аудандық қаржы бөліміне қажетті қаражатқа тапсырыс береді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады