Ақтоғай ауданының тұрғындарына тұрғын үй көмегін көрсету Ережесін бекіту туралы

Жаңартылған

Қарағанды облысы Ақтоғай аудандық мәслихатының 3 сессиясының 2012 жылғы 10 сәуірдегі N 31 шешімі. Қарағанды облысы Ақтоғай ауданының Әділет басқармасында 2012 жылғы 11 мамырда N 8-10-148 тіркелді.

      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңына, Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңына, Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 05 шілдедегі "Байланыс туралы" Заңына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы N 2314 "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы" Қаулысына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 14 сәуірдегі N 512 "Әлеуметтiк тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерiн көрсеткенi үшiн абоненттiк төлемақы тарифiнiң көтерiлуiне өтемақы төлеудiң кейбiр мәселелерi туралы" Қаулысына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 19 шілдедегі N 710 "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің мәселелері" Қаулысына сәйкес аудандық мәслихат ШЕШІМ ЕТТІ:

      1. Ақтоғай ауданының тұрғындарына тұрғын үй көмегін көрсету Ережесі қосымшаға сәйкес бекітілсін.

      2. Осы шешім алғаш рет ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.

Сессия төрағасы

Р. Жақыпбаев

Аудандық мәслихат хатшысы

М. Оңғарқұлов


  Ақтоғай аудандық мәслихатының
2012 жылғы 10 сәуірдегі
N 31 шешімімен бекітілген

Ақтоғай ауданының тұрғындарына тұрғын үй көмегін көрсету
Ережесі

      Осы Ақтоғай ауданының тұрғындарына тұрғын үй көмегін көрсету Ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңына, Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңына, Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 5 шілдедегі "Байланыс туралы" Заңына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы N 2314 "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы", 2009 жылғы 14 сәуірдегі N 512 "Әлеуметтiк тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерiн көрсеткенi үшiн абоненттiк төлемақы тарифiнiң көтерiлуiне өтемақы төлеудiң кейбiр мәселелерi туралы", 2008 жылғы 19 шілдедегі N 710 "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің мәселелері" Қаулыларына сәйкес әзірленді және аз қамтылған отбасыларына (азаматтарына) тұрғын үй көмегін көрсету тәртібін айқындайды.

1-тарау. Жалпы ережелер

      Ескерту. Атауы жаңа редакцияда - Қарағанды облысы Ақтоғай аудандық мәслихатының 10.02.2021 N 18 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      1. Осы Ережеде келесі негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) аз қамтылған отбасылар (азаматтар)- Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес тұрғын үй көмегін алуға құқығы бар адамдар;

      1-1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, орналасқан жері бойынша жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын заңды тұлға;

      2) алушы (жеке тұлға) – тұрғын үй көмегін алушы тұлға (бұдан әрі – алушы);

      3) жалдауға беруші (жалға беруші) – тұрғын жайды жалдау шартындағы тұрғын жайдың меншік иесі немесе тұрғын үйді жалдауға беруге меншік иесі уәкілеттік берген адам болып табылатын тарап;

      4) жалдаушы (жалға алушы) – тұрғын жайды жалдау шартындағы тұрғын жайды немесе оның бір бөлігін тұрақты немесе уақытша иеленуге және пайдалануға алушы тарап;

      5) коммуналдық қызметтер – тұрғын үйде (тұрғын ғимаратта) көрсетілетін және сумен жабдықтауды, кәрізді, газбен жабдықтауды, электрмен жабдықтауды, жылумен жабдықтауды, қоқысты әкету мен лифт қызметін көрсетуді қамтитын қызметтер;

      6) кондоминиум - үй-жай азаматтардың, заңды тұлғалардың, мемлекеттің дара (бөлек) меншігінде болатын, ал ортақ мүлік оларға ортақ үлестік меншік құқығымен тиесілі болатын жағдайда, жылжымайтын мүлікке меншіктің нысаны;

      7) кондоминиум объектілерінің ортақ мүлкін күрделі жөндеу - қажет болған жағдайда құрылымдық элементтер мен инженерлік жабдықтау жүйелерін ауыстыра отырып, ғимараттың (объектінің) негізгі техникалық-экономикалық көрсеткіштерінің өзгерістерімен байланысты емес физикалық және сапалық тозуды жоюға қатысты құрылыс және ұйымдастыру-техникалық іс-шараларының кешені;

      8) алынып тасталды - Қарағанды облысы Ақтоғай аудандық мәслихатының 10.02.2021 N 18 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) шешімімен;

      9) отбасы – некеден (ерлі-зайыптылықтан), туыстықтан, жекжаттықтан, бала асырап алудан немесе балаларды тәрбиеге алудың өзге де нысандардан туындайтын және отбасы қатынастарын нығайтып, дамытуға септігін тигізуге арналған мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтар мен міндеттерге байланысты адамдар тобы;

      10) көпбалалы отбасының (азаматтың) жиынтық табысы – тұрғын үй көмегін тағайындауға өтініш білдірілген тоқсанның алдындағы тоқсанда көпбалалы отбасы (азамат) кірістерінің жалпы сомасы;

      11) өтініш беруші (жеке тұлға) – тұрғын үй көмегін тағайындау үшін жеке өз атынан немесе отбасы атынан өтініш берген тұлға (бұдан әрі - өтініш беруші);

      12) телекоммуникация желілерінің абоненттері болып табылатын, әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телефон үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы – тұрғын үйді ұстауға және коммуналдық қызметтерді тұтынуға ақы төлеу жөніндегі тұрғын үй көмегінің құрамына кіретін, телефон үшін абоненттік ақы тарифтерінің көтерілу шығындарын өтеуге арналған ақшалай өтемақы;

      13) тұрғын жайды жалдау (жалға алу) – жалдаушыға (жалға алушыға) тұрғын жайды немесе оның бір бөлігін ақысын төлетіп тұрақты немесе уақытша иеленуге және пайдалануға беру;

      14) тұрғын жайды жалдау (жалға алу) шарты – оған сәйкес жалдауға беруші (жалға беруші) жалдаушыға (жалға алушыға) тұрғын жайды не оның бір бөлігін тұрақты немесе уақытша иелену және пайдалану құқығын беретін шарт;

      15) тұрғын үй көмегін тағайындау бойынша уәкілетті орган - "Ақтоғай ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі (әрі қарай – бөлім);

      16) алынып тасталды - Қарағанды облысы Ақтоғай аудандық мәслихатының 10.02.2021 N 18 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) шешімімен;

      17) шекті жол берілетін шығыстар үлесі – көпбалалы отбасының (азаматтың) бір айда кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге, коммуналдық қызметтер мен телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды пайдалануға жұмсаған шығыстарының шекті жол берілетін деңгейінің отбасының (азаматтың) жиынтық кірісіне проценттік қатынасы;

      18) шот – өтініш беруші тұрғын үй көмегін тағайындалған кезеңде қағаз жеткізгіште немесе қызметтермен жабдықтаушы электрондық жеткізгіште ұсынатын коммуналдық қызметтерді, тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға жұмсалатын шығыстарға, тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу ақысына, байланыс қызметтеріне, қатты отын алуға ақы төлеу құжаты.

      Ескерту. 1-тармаққа өзгерістер енгізілді - Қарағанды облысы Ақтоғай аудандық мәслихатының 29.06.2018 N 224 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); Қарағанды облысы Ақтоғай аудандық мәслихатының 26.12.2019 N 355 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 10.02.2021 N 18 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) шешімдерімен.

      2. Тұрғын үй көмегі жергілікті бюджет қаражаты есебінен Қазақстан Республикасының аумағындағы жалғыз тұрғынжай ретінде меншік құқығында тұрған тұрғынжайда тұрақты тіркелген және тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға), сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды жалдаушыларға (қосымша жалдаушыларға):

      кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарға;

      коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға;

      мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеуге беріледі.

      Аз қамтылған отбасылардың (азаматтардың) тұрғын үй көмегiн есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетiлген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың сомасы ретiнде айқындалады.

      Тұрғын үй көмегі кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарды, коммуналдық көрсетілетін қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде көрсетілетін байланыс қызметтерін тұтынуға, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеуге арналған шығыстарға ақы төлеу сомасы мен отбасының (азаматтардың) осы мақсаттарға жұмсайтын шығыстарының жергiлiктi өкiлдi органдар белгiлеген шектi жол берiлетiн деңгейiнiң арасындағы айырма ретiнде айқындалады.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - Қарағанды облысы Ақтоғай аудандық мәслихатының 10.02.2021 N 18 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      3. Тұрғын үй көмегі аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жеткізушілер ұсынған ай сайынғы жарналар туралы шоттарға және шығыстар сметасына сәйкес бюджет қаражаты есебінен көрсетіледі. Кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған шығыстар отбасының шектi жол берiлетiн шығыстар үлесi отбасының (азаматтың) жиынтық табысының 10 пайызы мөлшерінде белгіленеді.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - Қарағанды облысы Ақтоғай аудандық мәслихатының 10.02.2021 N 18 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      3-1. Көпбалалы отбасы (азамат) (не нотариат куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) тұрғын үй көмегін тағайындау үшін Мемлекеттік корпорацияға немесе "электрондық үкімет" веб-порталына тоқсанына бір рет жүгінуге құқылы.

      Ескерту. 3-1-тармақ жаңа редакцияда - Қарағанды облысы Ақтоғай аудандық мәслихатының 10.02.2021 N 18 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      3-2. Құжаттарды қарау және тұрғын үй көмегін көрсету туралы шешім қабылдау немесе көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап беру мерзімі Мемлекеттік корпорациядан немесе "электрондық үкіметтің" веб-порталынан құжаттардың толық топтамасын алған күннен бастап сегіз жұмыс күнін құрайды.

      Ескерту. 3-2-тармақ жаңа редакцияда - Қарағанды облысы Ақтоғай аудандық мәслихатының 10.02.2021 N 18 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

2-тарау. Тұрғын үй көмегін көрсету нормативтерін айқындау

      Ескерту. Атауы жаңа редакцияда - Қарағанды облысы Ақтоғай аудандық мәслихатының 10.02.2021 N 18 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      4. Тұрғын үй көмегі бөліммен өтініш берушінің тұрғылықты жері бойынша келесі мөлшерлер бойынша беріледі:

      1) өтемақылық шаралармен қамтамасыз етілген тұрғын үй ауданының нормалары тұрғын үй заңнамасымен белгіленген отбасының әр мүшесіне берілетін тұрғын үй беру нормасына баламалы (18 шаршы метр), көп бөлмелі пәтерлерде тұратын жалғыз басты азаматтар үшін ауданның әлеуметтік нормасы - 30 шаршы метр;

      2) коммуналдық қызметтерді тұтыну мөлшері:

      газ тұтыну нормасы:

      қызметті көрсетушілердің шоттарын ұсына отырып (түбіртектер, чектер) баллон газын нақты шығындар бойынша, бірақ көлемді газды тұтыну бойынша айына бір адамға бекітілген нормативтен артық емес тұтыну (айына 10 килограмнан көп емес);

      қатты отын тұтыну нормасы:

      1 шаршы метр алаңды жылытуға – 1985 жылға дейін салынған тұрғын үй ғимараттары үшін, 1-2 қабатты салынған үйлері үшін 161 килограмм, 3-4 қабатты салынған үйлері үшін 98 килограмм;

      1985 жылдан кейін салынған тұрғын үй ғимараттары үшін 1-2 қабатты салынған үйлері үшін 125 килограмм, 3-4 қабатты салынған үйлері үшін 72 килограмм, бірақ үйге 7 тонна көмірден артық емес;

      жылу беру маусымының ұзақтығы 7 ай;

      тұрғын үй көмегін есептеу барысында статистика органдарының мәліметтері бойынша өткен тоқсандағы Ақтоғай ауданында қалыптасқан көмір бағасы пайдаланылады;

      айына электрэнергиясын тұтыну:

      газ плитасымен жабдықталған үйлерде - 150 киловатт;

      электр плитасымен жабдықталған үйлерде – 250 киловатт;

      3) суық суды, кәрізді, ыстық суды, қоқыс төккішті тұтыну нормалары және тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстау шығындарды басқару үлгісіне тәуелсіз (пәтер иелерінің кооперативі, өзін-өзі басқару комитеті, үй комитеттері) тарифтерді бекітетін органдармен және қызмет көрсетушілермен белгіленеді;

      4) кондоминиум объектісінің жалпы мүлкіне күрделі жөндеу жүргізуге жинақтау жарналары үй-жай (пәтер) иелеріменен жалпы жиналыста айқындалады.

      5. Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуінің сомасы Қазақстан Республикасының Үкіметімен белгілеген тәртіпте өтелуге жатады.

      6. Тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстау, коммуналдық қызметтерді тұтыну және телекоммуникация желісіне қосылған телефонға абоненттiк төлемақының ұлғаюы бөлiгiнде байланыс қызметтерiне, тұрғын үйдi пайдаланғаны үшiн жалға алу төлемақысы шығындарына белгіленген мөлшерден жоғары шамада ақы төлеу жалпы негізде жүргізіледі.

3-тарау. Тұрғын үй көмегін тағайындау және төлеу тәртібі

      Ескерту. Атауы жаңа редакцияда - Қарағанды облысы Ақтоғай аудандық мәслихатының 10.02.2021 N 18 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) шешімімен.
      7. алынып тасталды - Қарағанды облысы Ақтоғай аудандық мәслихатының 13.02.2013 N 109 (алғаш рет ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.
      8. алынып тасталды - Қарағанды облысы Ақтоғай аудандық мәслихатының 13.02.2013 N 109 (алғаш рет ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      9. Тұрғын үй құқықтық қатынастарынан туындаған даулар сот арқылы шешіледі.

      10. Тұрғын үй көмегінің мөлшері тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстау мен коммуналдық қызметтерді тұтынуға, тұрғын үйдi жалға алу ақысын төлеуге және телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуі бөлігінде іс жүзінде есептелген сомадан артуы тиіс емес.

      11. Тұрғын үй көмегі ақшалай және аударма түрінде көрсетіледі. Аударма түрі – бұл ақша қаражаттарын қызмет көрсетушілердің есепшоттарына, сонымен қоса кондоминиум объектісін басқару органының (ағымдағы, жинақтаушы) шоттарына аудару.

      Ақшалай түр ақшалы төлемдер түрінде бекітіледі. Өткен ай үшін тұрғын үй көмегін төлеу бюджеттік қаржы есебінен азаматтардың жеке шоттарына аудару жолымен бөліммен жүзеге асырылады. Жеке шотына аудару үшін алушы төмендегі құжаттарды ұсынады:

      1) алынып тасталды - Қарағанды облысы Ақтоғай аудандық мәслихатының 13.02.2013 N 109 (алғаш рет ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен;
      2) алынып тасталды - Қарағанды облысы Ақтоғай аудандық мәслихатының 13.02.2013 N 109 (алғаш рет ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен;

      3) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің линцензиясы бар мекемеге немесе екінші дәрежелі банкіде ашылған жеке есеп шоты.

      Тұрғын үй көмегінің төлем үлгісін (ақшалай немесе аударма) таңдау құқығы алушыға ұсынылады.

      Ескерту. 11-тармаққа өзгерістер енгізілді - Қарағанды облысы Ақтоғай аудандық мәслихатының 13.02.2013 N 109 (алғаш рет ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      12. Аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін төлеу мына жағдайда тоқтатылады, егер алушы:

      1) бөліммен белгіленген уақытқа сәйкес тиісті құжаттарды ұсынбаса;

      2) алынатын тұрғын үй көмегін мақсатсыз пайдаланса және тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға жұмсалатын шығыстарға коммуналдық қызметтерге және байланыс қызметтеріне төлемді өз уақытында төлемесе.

4-тарау. Тұрғын үй көмегін беру мерзімдері және мерзімділігі

      Ескерту. Атауы жаңа редакцияда - Қарағанды облысы Ақтоғай аудандық мәслихатының 10.02.2021 N 18 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      13. Тұрғын үй көмегі барлық қажетті құжаттармен өтініш берілген айдан бастап жеті ай мерзімге тағайындалады. Тұрғын үй көмегін алушыларды қайта тіркеу алғашқы құжаттандырылу рәсімдеріне сәйкес болады.

      Отбасының табыстары және құрамы туралы мәліметтерді тоқсан сайын ұсынып отырған отбасылар, құжаттарды нақты ұсынған мерзімінен тәуелсіз тұрғын үй көмегін тоқсан үшін алады.

      Отбасының табыстары және құрамы туралы мәліметтерді ағымдағы тоқсан бойы ұсынбаған отбасыларға, себебіне қарамай, тұрғын үй көмегін аудару құжаттар ұсынылған айдан бастап жүргізіледі.

      14. Тұрғын үй көмегін алушылар күнтізбелік он күн ішінде көмекті алуға және мөлшеріне әсер ететін жағдайлар жөнінде, соның ішінде тұрғын үй меншігінің нысанының, отбасы құрамы және оның жиынтық табыстарының өзгерістері, жұмыссыздар - мәртебесінің өзгергені туралы бөлімге жазбаша хабарлаулары тиіс.

      15. Тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстау және коммуналдық қызметтің ақысына, коммуналдық қызметтерге тарифтер, отбасының шекті жол берілетін шығыстарының үлесі өзгергенде тиісті өзгерістер болған уақыттан бастап бұрын тағайындалған көмектің қайта есептеуі жүргізіледі.

      16. Тұрғын үй көмегін тағайындау барысында отбасында басқа елді мекенде уақытша тұратын тұлғалары тиісті құжаттармен дәлелденуімен есепке алынбайды.

5-тарау. Тұрғын үй көмегін өтіну және тағайындау тәртібі

      Ескерту. Атауы жаңа редакцияда - Қарағанды облысы Ақтоғай аудандық мәслихатының 10.02.2021 N 18 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      17. Көпбалалы отбасы (азамат) (не нотариат куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) тұрғын үй көмегін тағайындау үшін Мемлекеттік корпорацияға және/немесе "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы өтініш береді және мынадай құжаттарды қоса береді:

      1) өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін түпнұсқасы беріледі);

      2) отбасының табысын растайтын құжаттар. Тұрғын үй көмегін алуға үмiткер отбасының (Қазақстан Республикасы азаматының) жиынтық табысын есептеу тәртiбiн тұрғын үй қатынастары саласындағы уәкілетті орган айқындайды;

      3) алынып тасталды - Қарағанды облысы Ақтоғай аудандық мәслихатының 26.12.2019 N 355 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) шешімімен;
      4) алынып тасталды - Қарағанды облысы Ақтоғай аудандық мәслихатының 10.02.2021 N 18 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) шешімімен;

      5) зейнетақы аударымдары туралы анықтама (тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынатын мәліметтерді қоспағанда);

      6) жұмыс орнынан немесе жұмыссыз адам ретінде тіркелуі туралы анықтама;

      7) балаларға және асырауындағы басқа да адамдарға алименттер туралы мәліметтер;

      8) банктік шоты;

      9) кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге ай сайынғы жарналар туралы шоттар;

      10) коммуналдық қызметтерді тұтынуға арналған шоттар;

      11) телекоммуникация қызметтері үшін түбіртек-шот немесе байланыс қызметтерін көрсетуге арналған шарттың көшірмесі;

      12) мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстар туралы шот.

      Осы тармақта көзделмеген құжаттарды талап етуге жол берілмейді. Меншік құқығында (Қазақстан Республикасы бойынша) тұрғын үйдің болуы немесе болмауы туралы мәліметтерді көрсетілетін қызметті беруші ақпараттық жүйелер арқылы алады.

      Отбасы (азамат) (не нотариат куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) қайта өтініш берген кезде осы Ереженің 17-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, отбасының табыстарын растайтын құжаттарды және коммуналдық шығыстардың шоттарын ғана ұсынады.

      Ескерту. 17-тармақ жаңа редакцияда - Қарағанды облысы Ақтоғай аудандық мәслихатының 29.06.2018 N 224 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); өзгерістер енгізілді - Қарағанды облысы Ақтоғай аудандық мәслихатының 26.12.2019 N 355 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 10.02.2021 N 18 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) шешімдерімен.

      17-1. Мемлекеттік корпорация арқылы құжаттар қабылданған кезде көрсетілетін қызметті алушыға тиісті құжаттардың қабылданғаны туралы қолхат беріледі.

      Ескерту. Ереже 17-1-тармақпен толықтырылды - Қарағанды облысы Ақтоғай аудандық мәслихатының 29.06.2018 N 224 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      17-2. Осы Ереженің 17 тармағында көзделген құжаттар топтамасы толық ұсынылмаған жағдайда, Мемлекеттік корпорацияның қызметкері құжаттарды қабылдаудан бас тарту туралы қолхат береді.

      Ескерту. Ереже 17-2-тармақпен толықтырылды - Қарағанды облысы Ақтоғай аудандық мәслихатының 29.06.2018 N 224 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      17-3. "Электрондық үкімет" веб-порталы арқылы өтініш жасаған жағдайда көрсетілетін қызметті алушының "жеке кабинетіне" мемлекеттік көрсетілетін қызмет көрсетуге сұрау салуының қабылдағаны туралы мәртебе, сондай-ақ мемлекеттік көрсетілетін қызметтің нәтижесін алу күні мен уақыты көрсетіле отырып, хабарлама жіберіледі.

      Ескерту. Ереже 17-3-тармақпен толықтырылды - Қарағанды облысы Ақтоғай аудандық мәслихатының 29.06.2018 N 224 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      17-4. Мемлекеттік корпорация өтінішті ақпараттық жүйе арқылы қабылдайды және оны тұрғын үй көмегін тағайындауды жүзеге асыратын уәкілетті органға жібереді.

      Ескерту. Ереже 17-4-тармақпен толықтырылды - Қарағанды облысы Ақтоғай аудандық мәслихатының 29.06.2018 N 224 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      17-5. Уәкілетті орган отбасы (азамат) (не нотариат куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) ұсынған құжаттардың және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) дұрыс емес екенін анықтау негізінде тұрғын үй көмегін беруден бас тартады және өтініш берілген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде өтініш берушіге "электрондық үкімет" веб-порталы не Мемлекеттік корпорация арқылы дәлелді бас тартуды жібереді.

      Ескерту. Ереже 17-5-тармақпен толықтырылды - Қарағанды облысы Ақтоғай аудандық мәслихатының 29.06.2018 N 224 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      17-6. Тұрғын үй көмегін тағайындау туралы шешімді не кызметті көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауапты тұрғын үй көмегін тағайындауды жүзеге асыратын уәкілетті орган қабылдайды. Тағайындау туралы хабарлама не тағайындаудан бас тарту туралы дәлелді жауап Мемлекеттік корпорацияға немесе электрондық құжат ретінде "жеке кабинетке" жіберіледі.

      Ескерту. Ереже 17-6-тармақпен толықтырылды - Қарағанды облысы Ақтоғай аудандық мәслихатының 29.06.2018 N 224 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      18. Құжаттар түпнұсқасымен және көшірмесімен салыстыру үшін тапсырылады, одан соң құжаттардың түпнұсқасы өтініш берушіге қайтарылып, ал көшірмелері жеке іске тігіледі.

      19. Тапсырылған құжаттарды қарау нәтижесі бойынша бөліммен алушының жеке ісі қалыптастырылады.

      20. Ақпараттың растығына күмән туындаған жағдайда бөлім тұрғын үй көмегін тағайындау үшін қажетті мәліметтер бойынша тиісті органдарға сұраныс жасайды.

      21. Тұрғын үй көмегі телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының, тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу ақысының ұлғаюы бөлігінде тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп–ұстауға арналған шығыстарға, коммуналдық қызметтер мен байланыс қызметтерін тұтынуға нормалар шегінде ақы төлеу сомасы мен отбасының осы мақсаттарға жұмсаған, осы Ережемен белгіленген шығыстарының шекті жол берілетін деңгейінің арасындағы айырма ретінде айқындалады.

  Ақтоғай ауданының
тұрғындарына тұрғын үй
көмегін көрсету ережесіне
қосымша

Тұрғын үй көмегін тағайындау туралы
Өтініш

      Өтініш берушіні қосқанда, _____ адамнан тұратын менің отбасыма, тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстау, коммуналдық қызметтерді тұтыну, оның ішінде қатты отын, тұрғын үйдi пайдаланғаны үшiн жалға алу төлемақысына, сонымен қатар телекоммуникация желiсiне қосылған телефон үшiн абоненттiк төлемақының ұлғаюы бөлiгiнде байланыс қызметтерiне ақы төлеуге тұрғын үй көмегін тағайындауыңызды өтінемін.

      Мен, және менің отбасымның мүшелері, біздің отбасы мүшелерінің табыстары жөніндегі мәліметтерді уәкілетті органдарға беруге біздің келісіміміздің нақтылануы ретінде, заңды және жеке тұлғаларға ұсынылуы мүмкін табыстар жөніндегі ақпаратты ашу үшін өз келісімімізді береміз.

      Мен, көтеріңкі немесе заңсыз тұрғын үй көмегін тағайындауға әкелген жалған мәліметтерді ұсынғанда көмек төлеудің тоқтатылатыны, ал заңсыз алынған сома өз еркімен, ал бас тартқан жағдайда – сот тәртібімен қайтарылуға жататыны жөнінде хабарландым.

      Қажетті құжаттарды қоса ұсынамын.

      Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 325 бабының 3 тармағына және 177 бабының 1 тармағына сәйкес тапсырылған құжаттардың растығына жауапкершілік туралы таныстым.

      Өтініш беруші туралы мәліметтер:

      Тегі, аты, әкесінің аты ______________________________________

      Жеке куәлігінің мәліметтері __________________________________

      ( өтініш берушінің туған күні, жеке куәлігінің N және берілген күні)

      СТН ______________________________ ӘЖК _______________________

      ЖСН ____________________ Банктің есеп шоты ___________________

      Мекен-жайы _____________________ көшесі_______________________

      үй _________________ пәтер _________________ телефон _________

      тиесілі __________________________ түрі ______________________

      (пәтер меншіктерінің кооперативтері) (жеке меншік, мемлекеттік)

      Жалпы аумағы ____________ шаршы метр.

      Бөлме саны ______________________________________________

      Әлеуметтік мәртебесі ______________ отбасы жағдайы ___________

      Жеке меншігімде тұрғын үйдің бір бірлігі бар.

      Өтініш берушінің қолы _______________

      Берілген күні _______________________

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады