Исатай ауданында тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен қағидасын айқындау туралы

Күшін жойған

Атырау облысы Исатай аудандық мәслихатының 2012 жылғы 27 шілдедегі № 55-V шешімі. Атырау облысының Әділет департаментінде 2012 жылғы 2 тамызда № 4-4-204 тіркелді. Күші жойылды - Атырау облысы Исатай аудандық мәслихатының 2012 жылғы 24 желтоқсандағы № 90-V шешімімен.

      Ескерту. Күші жойылды - Атырау облысы Исатай аудандық мәслихатының 24.12.2012 № 90-V шешімімен.

      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабына, Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңының 97-бабының 2-тармағына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы" қаулысына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 14 сәуірдегі № 512 "Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің кейбір мәселелері туралы" қаулысына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 7 сәуірдегі № 394 "Жергілікті атқарушы органдар көрсететін әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік қызметтердің стандарттарын бекіту туралы" қаулысының 1 тармағының 11) тармақшасына сәйкес, аудандық мәслихат ШЕШІМ ЕТЕДІ:
      1. Исатай ауданында тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен қағидасы қосымшаға сәйкес айқындалсын.
      2. Исатай аудандық мәслихаттың 2010 жылғы 14 шілдедегі № 198-ІV "Аз қамтылған отбасыларына (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсету қағидасы туралы" (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізіліміне № 4-4-168 санымен тіркелген, аудандық "Нарын таңы" газетінің 2010 жылғы 9 қыркүйегіндегі № 37 санында жарияланған) шешімінің күші жойылды деп танылсын.
      3. Осы шешімнің орындалуын бақылау аудандық мәслихаттың халықты әлеуметтік, құқықтық қорғау, заңдылық, денсаулық сақтау, білім, мәдениет, жастар ісі және депутаттық этика жөніндегі тұрақты комиссиясына (К. Нұрманова) жүктелсін.
      4. Осы шешім әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Аудандық мәслихаттың кезекті V
      сессиясы төрағасының міндетін атқарушы
      Аудандық мәслихат хатшысы                  Ж. Кадимов

Исатай аудандық мәслихатының
2012 жылғы 27 шілдедегі № 55
шешіміне қосымша    

Исатай ауданында тұратын аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен қағидасы
1.Жалпы ережелер

      1. Тұрғын үй көмегі жергілікті бюджет қаражаты есебінен Исатай ауданының аумағында тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға):
      жекешелендірілген тұрғын үй-жайларда (пәтерлерде) тұратын немесе мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үй-жайларды (пәтерлерді) жалдаушылар (қосымша жалдаушылар) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға арналған шығыстар төлемін;
      тұрғын үйдің меншік иелерінің немесе жалдаушыларының (қосымша жалдаушыларының) отбасыларына (азаматтарына) коммуналдық қызметтерді тұтыну төлемін;
      байланыс саласындағы заңнамада белгіленген тәртіппен тұрғын үйдің меншік иелері немесе жалдаушылары (қосымша жалдаушылары) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) телекоммуникация желісіне қосылған телефонға абоненттік ақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтыну төлемін;
      жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу ақысын төлеуге тұрғын үй көмегін көрсетеді.
      Аз қамтылған отбасылардың (азаматтардың) тұрғын үй көмегін есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетілген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың сомасы ретінде айқындалады.
      Тұрғын үй көмегі телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абонеттік төлемақының, жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу ақысының ұлғаюы бөлігінде тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға арналған шығыстарға, коммуналдық қызметтер мен байланыс қызметтерін тұтынуға нормалар шегінде ақы төлеу сомасы мен отбасының (азаматтардың) осы мақсаттарға жұмсаған, жергілікті өкілді органдар белгілеген шығыстарының шекті жол берілетін деңгейінің арасындағы айырма ретінде айқындалады.
      Шекті жол берілетін шығыстар үлесі – телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының, жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу ақысының ұлғаюы бөлігінде отбасының (азаматтың) бір айда тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп–ұстауға, коммуналдық қызметтер мен байланыс қызметтерін тұтынуға жұмсалған шығыстарының шекті жол берілетін деңгейінің отбасының (азаматтың) орташа айлық жиынтық кірісіне 5 пайызбен қатынасы болып табылады.
      2. Тұрғын үй көмегін тағайындау мен төлеу бойынша уәкілетті орган "Исатай аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі болып анықталды.
      3. Жеке меншігінде бірден артық тұрғын үй (пәтері, үй) бар отбасылар, немесе тұрғын үйді немесе автокөлік нысандарын жалға берушілер тұрғын үй көмегін алу құқығын жоғалтады.
      4. Өтемақы шараларымен қамтамасыз етілетін тұрғын үй аумағы бір адамға 18 шаршы метр, жалғыз тұратын азаматтар үшін 30 шаршы метрден аспайтын мөлшерде қабылданады.
      Барлық санаттағы мүгедектерді және стационарлық емделуде бір айдан астам уақыт кезеңінде болатын адамдарды, күндізгі оқу нысанында оқитын оқушыларды, студенттерді, тыңдаушыларды, курсанттар мен магистранттарды, сондай-ақ І және ІІ топтағы, 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларды, сексен жастан асқан адамдарды, жеті жасқа дейінгі балаларды бағып–күтумен айналысатын азаматтарды қоспағанда, жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органдарда тіркелмеген жұмыссыздарға, уәкілетті органдар ұсынған жұмысқа, оның ішінде әлеуметтік жұмыс орнына немесе қоғамдық жұмысқа орналастырудан, кәсіби даярлаудан, қайта даярлаудан, біліктілігін арттырудан дәлелсіз себептермен бас тартқан, осындай жұмыстарға қатысуды және оқуды өз бетінше тоқтатқан жұмыссыздардың отбасына тұрғын үй көмегі тағайындалмайды.
      Жұмыссыз адам жұмысқа, оның ішінде әлеуметтік жұмыс орнына немесе қоғамдық жұмысқа орналасудан, кәсіби даярлаудан, қайта даярлаудан, біліктілігін арттыруға жіберілген күннен бастап, оның отбасына тұрғын үй көмегі қайта қалпына келтіріледі.

2. Тұрғын үй көмегін көрсету тәртібі

      5. Тұрғын үй көмегін тағайындау үшін отбасы (азамат) (бұдан әрі – өтініш беруші) тұрғын үй көмегін тағайындауды жүзеге асыратын уәкілетті органға (бұдан әрі – уәкілетті орган) мынадай құжаттарды тапсырады:
      1) өтініш;
      2) тұтынушының жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
      3) тұрғын үйге құқық белгілейтін құжаттың көшірмесі;
      4) тұрғылықты тұратын жері бойынша тіркелгенін растайтын құжатты (мекен-жай анықтамасын не селолық және/немесе ауылдық әкімдердің анықтамасын);
      5) отбасының табысын растайтын құжаттар;
      6) кондоминиум объектісіінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге арналған нысаналы жарнаның мөлшері туралы шот;
      7) жергілікті атқарушы органмен (тұрғын үй инспекциясымен) келісілген, пәтерлердің меншік иелері мен жалдаушылардың (қосымша жалдаушылардың) жалпы жиналысында бекітілген кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеудің жекелеген түрлерін жүргізуге арналған шығыстар сметасы негізінде кондоминиум объектісін басқару органы басшысының қолымен расталған кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге қаражат жинақтауға арналған ай сайынғы жарналардың мөлшері туралы шот;
      8) коммуналдық қызметтерді тұтыну шоттары;
      9) телекоммуникация қызметтері үшін түбіртек-шот немесе байланыс қызметтерін көрсетуге арналған шарттың көшірмесі;
      10) тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жергілікті атқарушы орган берген жалдау ақысының мөлшері туралы шот.
      Құжаттың түпнұсқалары мен көшірмелері ұсынылады. Жауапты тұлға құжаттарды қабылдаған сәтте ұсынылған көшірмелерді құжаттардың түпнұсқасымен салыстырады және салыстыруды өткізгеннен соң түпнұсқаларды қайтарады.
      Ұсынылған құжаттарды қарастыру қорытындылары бойынша атқарушы орган құжаттарды тапсырған сәттен бастап күнтізбелік он күннің ішінде тұрғын үйді тағайындалғаны немесе бас тартқандығы туралы шешім қабылдайды да, өтініш берушіге жазбаша түрде хабар береді.
      6. Тұрғын үй көмегі тұрғын үй иесінің (жалдаушысының) жанұя құрамы, тұрғын үйдің нақты иеленген көлемінің пайдалы алаңы, отбасының жиынтық табысы, коммуналдық қызметке (жылумен, салқын және ыстық сумен қамту, канализация, газ, электр жүйесі, тұрғын үй шығындары, қоқыс шығару мен телефонға абоненттік ақы) төленген шығындар көлемі көрсетілген, белгіленген нысандағы толтырылған өтініш (өтініштің үлгісі қосымша № 1) негізінде тағайындалады. Өтінішке жанұя құрамы үй кітапшасы бойынша енгізіледі.
      7. Бір айға бір отбасына тұрғын үй көмегін есептегенде келесі нормалар қабылданады:
      1) электроэнергияны тұтыну 1 адамға – 90кВт/сағат;
      2–5 адамға - 350 кВТ/сағат;
      5 және одан көп адамнан тұратын отбасына – 600 кВт/сағат.
      8. Коммуналдық қызметтерді тұтыну төлемінің тарифтерін және нормаларын қызмет берушілер ұсынады.

3. Тұрғын үй көмегін алуға үміткер отбасының (азаматтың) жиынтық табысын есептеу

      9. Тұрғын үй көмегін алуға үміткер отбасының (азаматтың) жиынтық табысы тұрғын үй көмегін тағайындау мен төлеу бойынша уәкілетті органмен тұрғын үй көмегін тағайындауға өтініш берген тоқсанның алдындағы тоқсандағы жиынтық табысы Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі Төрағасының 2011 жылғы 5 желтоқсандағы "Тұрғын үй көмегін алуға, сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді алуға үміткер отбасының (азаматтың) жиынтық табысын есептеу қағидасын бекіту туралы" бұйрығы негізінде жүзеге асырылады.

4. Тұрғын үй көмегін қаржыландыру және төлеу тәртібі

      10. Тұрғын үй көмегін төлеуді қаржыландыру аудан бюджетінде тиісті қаржылық жылға қарастырылған қаражат негізінде жүзеге асырылады.
      11. Тұрғын үй көмегін төлеу есептелген сомаларды алушылардың жеке шоттарына екінші деңгейлі банктердің бөлімшелері арқылы аудару жолымен жүргізіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады