"Диссертациялық кеңес туралы үлгі ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 31 наурыздағы № 126 бұйрығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 04 мамырдағы № 172 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2013 жылы 03 маусымда № 8493 тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:
      1. «Диссертациялық кеңес туралы үлгі ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 31 наурыздағы № 126 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6929 тіркелген, «Егемен Қазақстан» газетінің 2011 жылғы 5 мамырдағы № 184-185 (26587) санында жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:
      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Диссертациялық кеңес туралы үлгі ережеде:
      5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «5. Диссертациялық кеңес кеңестің төрағасынан, төраға орынбасарынан, ғалым хатшыдан және кеңес мүшелерінен тұрады. Диссертациялық кеңестің құрамына кемінде 5 (бес) адам кіреді.»;
      7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «7. Әрбір мамандық бойынша диссертациялық кеңестің құрамына ғылыми дәрежесі және тиісті зерттеу саласында кемінде 5 ғылыми мақаласы бар кемінде 3 (үш) маман қосылады. Бұл ретте диссертациялық кеңес мүшелерінің кемінде 1/3-і (үштен бірі) штаттық қызметкерлер, кемінде 1/3-і (үштен бірі) басқа ЖОО өкілдері, кемінде 1/3-і (үштен бірі) ғылыми немесе басқа ұйымдардың өкілдері болуы тиіс.»;
      8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «8. Диссертациялық кеңестің құрамы ЖОО-ның Ғылыми кеңесінің хаттамалық шешімімен бекітіледі. Диссертациялық кеңестің басқа қалаларда тұратын мүшелерінің іссапар шығыстары диссертациялық кеңес жұмыс істейтін ЖОО есебінен төленеді.»;
      11-13-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
      «11. ЖОО докторанттың диссертациясы орындалған кафедраның (кафедралардың) отырысында диссертацияның талқылануын қамтамасыз етеді. Кафедра отырысына кафедра мүшелерінің кемінде 2/3-сі (үштен екісі), ғылыми кеңесшілер және докторанттың ғылыми зерттеу саласы бойынша ғылыми дәрежесі бар кемінде 2 (екі) маман қатысады. Отырыста шетелдік кеңесші болмаған жағдайда оның пікірін кафедра меңгерушісі оқиды.
      Докторант даярлықтан өткен ЖОО диссертациялық кеңеске ЖОО бланкісінде жазылған ілеспе хатпен мынадай құжаттарды ұсынады:
      1) отандық және шетелдік ғылыми кеңесшілердің пікірлері (мемлекеттік құпиялары бар диссертациялар үшін, отандық кеңесшінің пікірі);
      2) диссертация орындалған кафедраның оң қорытындысы;
      3) берік түптелген және электронды тасымалдағыштағы (CD-диск) диссертация;
      4) ғылыми еңбектерінің тізімі және олардың көшірмелері;
      5) оқитын ЖОО-ның кадр қызметі растаған жеке іс парағы;
      6) докторантураның кәсіптік оқу бағдарламаларын меңгергені туралы транскрипттің көшірмесі.
      Құжаттарды қабылдауды оларды тіркейтін диссертациялық кеңестің ғалым хатшысы жүзеге асырады және диссертациялық кеңеске ұсынады.
      12. Докторант оқыған ЖОО-да тиісті мамандық бойынша диссертациялық кеңес жұмыс істемейтін жағдайда аталған ЖОО докторанттың осы Үлгі ереженің 11-тармағында көрсетілген құжаттарын басқа ЖОО-да тиісті мамандық бойынша құрылған диссертациялық кеңеске ұсынуды қамтамасыз етеді.
      13. Құжаттар қабылданған күннен бастап 10 (он) жұмыс күнінен кешіктірмей диссертациялық кеңес диссертацияны қорғау күнін белгілейді және ғылыми дәрежесі бар және докторанттың зерттеу саласы бойынша кемінде 5 ғылыми мақаласы бар екі рецензентті тағайындайды, олардың біреуі осы ЖОО-ның немесе докторант оқыған ЖОО-ның қызметкері болмауы тиіс. Бұл ретте докторанттар құжаттарының түсу кезегі сақталады.
      Диссертациялық кеңес мүшелеріне (1/3-інен аспайтын) диссертацияны қорғауға қабылдау отырысына бейне-конференция нысанында қатысуға рұқсат етіледі.»;
      15-тармақтың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
      «Диссертацияның қағаз және электрондық тасымалдағыштағы данасы ЖОО-ның кітапханасына беріледі. Диссертациялық кеңестің ғалым хатшысы диссертацияның электрондық тасымалдағыштағы даналарын Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасына және Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасына береді.»;
      17-тармақтың бірінші және екінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:
      «17. Диссертациялық кеңестің төрағасы, төраға орынбасары және ғалым хатшысы докторанттың ғылыми кеңесшілері болып табылған жағдайда олар диссертацияны қарастыру кезінде диссертациялық кеңестің отырысында өз міндеттерін орындай алмайды. Диссертациялық кеңес төрағасының міндеттерін орындау диссертациялық кеңестің шешімімен төраға орынбасарына, төраға орынбасары мен ғалым хатшының міндеттерін орындау мүшелерге жүктеледі.
      Төраға, төраға орынбасары мен ғалым хатшы бір мезгілде болмаған жағдайда диссертациялық кеңестің отырысы өткізілмейді.»;
      19-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «19. Диссертациялық кеңес докторантқа тиісті мамандықтың философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор ғылыми дәрежесін беруге байланысты Комитетке ұсыныс жасау немесе аталған дәрежені беруден бас тарту туралы шешім қабылдау үшін жасырын дауыс беруді жүргізеді.
      Диссертациялық кеңестің шешімі, егер оған отырысқа қатысқан диссертациялық кеңес мүшелерінің 2/3 (үштен екісі) және одан көбі дауыс берсе, оң қабылданды деп саналады. Егер оң шешімге отырысқа қатысқан диссертациялық кеңес мүшелерінің 2/3-інен (үштен екісінен) кемі дауыс берсе, теріс шешім қабылданады.
      Теріс шешім қабылданған жағдайда диссертациялық кеңес диссертацияның осы Үлгі ереже мен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 31 наурыздағы № 127 бұйрығымен бекітілген және Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6951 болып тіркелген Ғылыми дәрежелер беру ережесінің («Егемен Қазақстан» газетінің 2011 жылғы 20 мамырдағы № 207-210 (26612) санында жарияланған) (бұдан әрі - Ереже) қандай талаптарына сәйкес келмейтіндігі көрсетілген қорытынды жасайды. Рецензенттердің, ғылыми кеңесшілер пікірлерінің көшірмелері, төраға мен ғалым хатшы қол қойған диссертациялық кеңес отырысының бейнежазбасы, стенограммасы мен қорытындысы шешім қабылданған күннен бастап күнтізбелік 15 (он бес) күн ішінде Комитетке жіберіледі.»;
      мынадай мазмұндағы 19-1-тармақпен толықтырылсын:
      «19-1. Диссертациялық кеңестің теріс шешіміне апелляцияны докторант диссертация қорғалған ЖОО-ға шешім шығарған күннен бастап 2 (екі) ай ішінде ерікті нысанда береді.
      Апелляция берілген күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде ЖОО ректорының бұйрығымен апелляциялық комиссия (бұдан әрі – комиссия) құрылады. Комиссия құрамына тиісті мамандық бойынша ғылыми дәрежесі бар 3 (үш) маман кіреді. Комиссия құрамына ғылыми кеңесшілер, рецензенттер, диссертациялық кеңестің немесе Ереженің 12-17-тармақтарына сәйкес жұмыс істейтін Комитеттің Сараптау кеңесінің мүшелері кірмейді.
      Комиссия өз қызметінде осы Үлгі ережені және Ережені басшылыққа алады.
      Комиссия апелляциялық өтінішті, диссертацияны, диссертациялық кеңестің диссертацияны қорғау бойынша материалдарын қарастырады және ол құрылған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде апелляция нәтижелері бойынша қорытынды дайындайды.
      Апелляциялық комиссияның қорытындысын комиссия мүшелері ашық дауыс беру негізінде көпшілік дауыспен қабылдайды және оған барлық комиссия мүшелері қол қояды. Комиссия оң шешім қабылдаған жағдайда, комиссия хаттамаларының көшірмелері, қорытынды және диссертация соңғы шешім қабылдау үшін күнтізбелік 15 (он бес) күннің ішінде Комитетке жіберіледі.
      Апелляциялық комиссияның қорытындысы оны қабылдаған күннен бастап күнтізбелік 15 (он бес) күн ішінде өтініш берушіге хабарланады.»;
      20-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «20. Диссертациялық кеңесте докторлық диссертация қорғалғаннан кейін ғалым хатшы докторанттың аттестациялық ісін жинақтайды, ол Комитетке күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде жіберіледі. Осы мерзім өткен жағдайда аттестациялық іс қарауға қабылданбайды. Докторанттың аттестациялық ісінде мынадай құжаттар қоса беріледі:
      1) диссертацияның Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығына жіберілген күні көрсетіліп, диссертациялық кеңес төрағасы қол қойған диссертациялық кеңес құрылған ЖОО-ның бланкісінде ілеспе қолдаухаты;
      2) берік түптелген және электрондық тасымалдағыштағы (CD-диск) диссертация;
      3) диссертация тақырыбы бойынша ғылыми жарияланымдар тізімі мен көшірмелері;
      4) осы Үлгі ережеге 2-қосымшаға сәйкес нысанда қазақ және орыс тілдерінде диссертацияның тіркеу-есеп карточкасы;
      5) диссертацияның авторы мен дереккөзіне сілтеме жасамай бөтен материалды пайдаланғаны тексерілгені туралы Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығының анықтамасы;
      6) ғылыми кеңесшілердің пікірлері;
      7) 2 (екі) рецензенттің пікірі;
      8) осы Үлгі ережеге 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша диссертациялық кеңес мүшелерінің келу парағы;
      9) төраға және ғалым хатшы қол қойған диссертацияны қорғау жөніндегі диссертациялық кеңес отырысының бейнежазбасы мен стенограммасы;
      10) жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім туралы дипломдардың көшірмелері, оларға қосымшалар (транскрипт көшірмелері);
      11) докторантураның кәсіптік оқу бағдарламаларын меңгергені туралы транскрипттің көшірмесі;
      12) осы Үлгі ережеге 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша докторант туралы мәлімет;
      13) оқитын ЖОО-ның кадр қызметі растаған жеке іс парағы.».
      2. Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті (С.Ә. Ырсалиев):
      1) осы бұйрықтың белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін;
      2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін бұқаралық ақпарат құралдарында жарияласын.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау вице-министр М.Қ. Орынхановқа жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                        Б. Жұмағұлов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады