Коммуналдық меншікке келіп түскен қараусыз қалған жануарларды келіп түсу және пайдалану қағидасын бекіту туралы

Күшін жойған

Қызылорда облысы Сырдария ауданы әкімдігінің 2013 жылғы 20 қарашадағы № 489 қаулысы. Қызылорда облысының Әділет департаментінде 2013 жылғы 6 желтоқсанда № 4549 болып тіркелді. Күші жойылды - Қызылорда облысы Сырдария ауданы әкімдігінің 2015 жылғы 20 шілдедегі № 234 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - Қызылорда облысы Сырдария ауданы әкімдігінің 20.07.2015 № 234 қаулысымен (қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы Заңының 18-бабының 22) тармақшасына және 31–бабына, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 31-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына, "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы Заңын іске асыру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2011 жылғы 18 сәуірдегі N 49-ө өкіміне сәйкес Сырдария ауданының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Коммуналдық меншікке келіп түскен қараусыз қалған жануарларды келіп түсу және пайдалану қағидасы бекітілсін.
      2. Осы қаулының орындалуын бақылау аудан әкімінің орынбасары С.Нұртазаевқа жүктелсін.
      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      Сырдария ауданы әкімінің
      міндетін атқарушы Б. Лекеров

  Сырдария ауданы әкімдігінің
2013 жылғы 20 қарашадағы
N 489 қаулысымен бекітілген

Коммуналдық меншікке келіп түскен қараусыз қалған жануарларды келіп түсу және пайдалану қағидасы

1. Жалпы ережелер

      1. Осы қағида Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексіне, "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жасақталды және коммуналдық меншікке келіп түскен қараусыз қалған жануарларды келіп түсу және пайдалану тәртібін айқындайды.
      2. Өзінің бағуында және пайдалануында қараусыз қалған жануарлар болған адам өзінің бағуындағы жануарларды меншігіне алудан бас тартқан кезде олар аудандық коммуналдық меншікке түседі және осы қағидаға сәйкес пайдаланылады.

2. Жануарлардың аудандық коммуналдық меншікке келіп түсу тәртібі

      3. Жануарлардың аудандық коммуналдық меншікке келіп түсуі тапсыру-қабылдау актісі негізінде жүзеге асырылады. Тапсыру-қабылдау актісінде аудандық коммуналдық меншікке түсетін жануарлардың түрі, жынысы, түсі, жасы көрсетілуі тиіс. Тапсыру-қабылдау актісі жануарларды тапсырған тұлғаның, кент, ауылдық округ әкімі (бұдан әрі-әкім), "Сырдария ауданының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі-ветеринария бөлімі), "Сырдария аудандық қаржы бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі- қаржы бөлімі) жауапты қызметкерлерінің қатысуымен жасалады. Тапсыру-қабылдау актісін қаржы бөлімінің басшысы бекітеді.
      4. Бағалау жүзеге асырылғаннан кейін жануарларды қабылдау-беру актісі негізінде теңгерімге алу "Мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлік есеп жүргізу ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2010 жылғы 3 тамыздағы N 393 Бұйрығымен жүзеге асырылады.

3. Аудандық коммуналдық меншікке келіп түскен жануарларды пайдалану тәртібі

      5. Жануарларды есепке алу, бағалау, сату шығындары жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
      6. Жергілікті атқарушы орган жануарларды уақытша күтімге алатын жеке немесе заңды тұлғаларды анықтау кезінде олардың жаунарларды күтімге алу жағдайына алдын-ала зерттеу жүргізеді. Зерттеу барысында міндетті түрде күтімге алатын жеке немесе заңды тұлғаның жануарды демалу, орын ауыстыру және табиғи қалпын қабылдау мүмкіндігі үшін кеңістік көлемімен, қажет болған жағдайда олардың қозғалу, ұйықтау, табиғи белсенділік таныту, табиғи ортамен байланыс жасау, қоректену және су ішу қажеттілігін қанағаттандыру мүмкіндігімен, астаулармен, суаттармен және олардың табиғи қажеттіліктерін қанағаттандыруға арналған басқа да жабдықтармен, жем-шөппен және ішетін сумен, сонымен қатар жануарларға адамгершілік тұрғыда қарай алатыны ескерілуі тиіс.
      7. Аудандық коммуналдық меншікке келіп түскен жануарлар оларды уақытша күтімге алу үшін жергілікті атқарушы орган анықтаған жеке немесе заңды тұлғаларға қаржы бөлімімен келісім шарт негізінде бекітіліп беріледі.
      8. Жануарларды күтімге алу шығыны жеке немесе заңды тұлғаға қаржы бөлімімен жергілікті бюджет есебінен өтеледі.
      9. Жануарларды бағу мен пайдалануына берілген жеке немесе заңды тұлға жануарлардың өлім-жітімі мен іске жарамай қалғаны үшін бұған кінәсі болған кезде ғана және сол жануарлардың құны мөлшерінде жауапты болады.
      10. Аудандық коммуналдық меншікке түскен жануарларды ветеринариялық қадағалау және жұқпалы ауруларға қарсы егу іс-шаралары ветеринария бөлімінің қадағалауымен жүзеге асырылады. Ветеринариялық қадағалау және егу шығындары жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады.
      11. Аудандық коммуналдық меншікке түскен қараусыз қалған жануарларды аукцион арқылы сатуды жүзеге асырады. Жануарларды сатудан түскен қаражат заңнамада белгіленген тәртіппен жергілікті бюджет кірісіне толық есептеледі.

4. Жануарларды бұрыңғы меншік иесіне қайтару тәртібі

      12. Жануарлар аудандық коммуналдық меншікке өткеннен кейін олардың бұрынғы меншік иесі келген жағдайда, осы жануарлардың бұрынғы меншік иесіне үйірсектігі сақталғанын немесе жаңа меншік иесінің оларға қатал не өзгедей мейірімсіз қарағанын дәлелдейтін мән-жайлар болған кезде ауданның тиісті жергілікті атқарушы органдарымен келісім бойынша айқындалатын шарттармен, ал келісімге қол жеткізілмеген жағдайда сот тәртібімен оларды өзіне қайтарып беруді талап етуге құқылы.
      13. Жануарларды қайтару бұрынғы меншік иесінің оларды бағуға байланысты шығынды жергілікті бюджет кірісіне өтегеннен кейін жүзеге асырылады.
      14. Жануарлар бұрынғы меншік иесінен оларды қайтару жөнінде өтініш түскенге дейін сатылып кеткен жағдайда жануарларды сатудан түскен түсім немесе оның құны жергілікті бюджет есебінен өтеледі. Бұл жағдайда жануарларды бағуға және пайдалануына байланысты жұмсалған қаржының мөлшері шегеріледі.
      15. Жануарды қайтару немесе оның құнын өтеу бұрынғы меншік иесі мен қаржы бөлімі арасында жасалатын келісім-шартпен рәсімделеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады