Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспарын қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2014 жылғы 22 қазандағы № 68 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2014 жылы 21 қарашада № 9890 тіркелді.

      Ескерту. Тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 04.12.2018 № 470 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Газ және газбен жабдықтау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 18) тармақшасына, "Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 22-бабы 1-тармағының 3) тармақшасына және 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Энергетика министрінің 22.01.2022 № 22 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспарын қалыптастыру қағидалары бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 04.12.2018 № 470 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Газ өнеркәсібін дамыту департаменті:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның бұқаралық ақпарат құралдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің жетекшілік ететін вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр В. Школьник

  Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің
2014 жылғы 22 қазандағы
№ 68 бұйрығымен
бекітілген

Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспарын қалыптастыру қағидалары

      Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 19.10.2023 № 371 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспарын қалыптастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Газ және газбен жабдықтау туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 6-бабының 18) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспарын (бұдан әрі – өнім беру жоспары) қалыптастыру тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар қолданылады:

      1) вагон-норма – сұйытылған мұнай газының отыз алты тоннаға тең салмағы;

      2) өнім беруші – өнім беру жоспарына сәйкес Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру және өткізу міндеті Заңмен жүктелген сұйытылған мұнай газын өндіруші немесе өздеріне меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде тиесілі көмірсутегі шикізатын өңдеу процесінде өндірілген сұйытылған мұнай газының меншік иесі;

      3) өнеркәсіптік тұтынушы – өнеркәсіп өндірісінде отын және (немесе) шикізат ретінде пайдалану үшін газ сатып алатын заңды тұлға.

      Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге де ұғымдар Заңға сәйкес қолданылады.

      3. Заңның 27-1-бабының 2-тармағына сәйкес өнім беру жоспарында осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес мыналар көрсетіледі:

      1) сұйытылған мұнай газын өндірушілердің атауы және олар мәлімдеген сұйытылған мұнай газын өндіру көлемдері;

      2) сұйытылған мұнай газын әрбір өндіруші облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тиісті жергілікті атқарушы органы бекіткен бөлуге сәйкес Қазақстан Республикасының тиісті әкімшілік-аумақтық бірлігіне (бірліктеріне) беруге міндетті болатын сұйытылған мұнай газының көлемдері;

      3)

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      3) тармақша 01.01.2025 бастап қолданысқа енгізіледі - ҚР Энергетика министрінің 19.10.2023 № 371 бұйрығымен (мәтін алып тасталды) .

      4. Заңның 27-1-бабының 5-тармағына сәйкес Заңның 27-1-бабының 4-тармағында аталған тұлғалар өнім беру жоспары шеңберінде тауар биржаларынан тыс өткізетін сұйытылған мұнай газын сатып алу құқығына өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органның және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының тізілімдеріне енгізілген:

      1) газ толтыру станцияларының иелері – топтық резервуарлық қондырғылардың, газ толтыру пункттерінің және автогаз құю станцияларының иелеріне кейіннен көтерме саудада өткізу, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіру үшін өнеркәсіптік тұтынушыларға тұрмыстық баллондарда бөлшек саудада өткізу және (немесе) өздеріне меншік құқығында және (немесе) өзге де заңды негіздерде тиесілі топтық резервуарлық қондырғылар, газ толтыру пункттері және автогаз құю станциялары арқылы бөлшек саудада өткізу үшін қажетті көлемдерде;

      2) қоғамдық маңызы бар нарықтардың субъектілері болып табылатын топтық резервуарлық қондырғылардың иелері – өздерінің технологиялық циклдарына сәйкес осындай топтық резервуарлық қондырғылар арқылы тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушыларға кейіннен бөлшек саудада өткізу үшін қажетті көлемдерде;

      3) газ толтыру пункттерінің иелері – тұрмыстық баллондарда кейіннен бөлшек саудада өткізу үшін қажетті көлемдерде;

      4) автогаз құю станцияларының иелері – көлік құралдарына құю арқылы тұтынушыларға осындай автогаз құю станциялары арқылы кейіннен бөлшек саудада өткізу үшін қажетті көлемдерде;

      5) уәкілетті орган бекітетін тізбеге (бұдан әрі – Тізбе) енгізілген сұйытылған мұнай газын мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру үшін шикізат ретінде пайдаланатын өнеркәсіптік тұтынушылар – мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру кезінде шикізат ретінде пайдалану үшін қажетті көлемдерде ие болады.

2-тарау. Өнім беру жоспарын қалыптастыру тәртібі

      5. Өндірушілер уәкілетті органға сұйытылған мұнай газын алдағы бес жылға арналған болжамды көлемін жыл сайын, жоспарланған кезең басталғанға дейін кемінде үш ай бұрын ұсынады.

      6. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары жоспарланған кезең басталғанға дейін кемінде үш ай бұрын уәкілетті органға тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында сұйытылған мұнай газын тұтынудың алдағы күнтізбелік жылға арналған болжамын жыл сайын, жоспарланған кезең басталғанға дейін кемінде үш ай бұрын ұсынады.

      7. Тұтыну болжамын дайындаған кезде облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары мынадай мәліметтерді ескереді:

      1) өткен күнтізбелік он екі айда сұйытылған мұнай газын нақты тұтыну көлемдері;

      2) әкімшілік-аумақтық бірлікте тіркелген, мотор отыны ретінде сұйытылған мұнай газын пайдаланатын жеңіл, жүк және жолаушы көлігінің саны және осындай көліктің сұйытылған мұнай газын тұтынуының есептелген көлемдері;

      3) әкімшілік-аумақтық бірлікте сұйытылған мұнай газын топтық резервуарлық қондырғылар арқылы және тұрмыстық баллондармен тұтынатын абоненттер саны;

      4) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіру үшін өнеркәсіптік тұтынушылардың сұйытылған мұнай газын тұтыну көлемдері;

      5) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында орналасқан және Тізбеге енгізілген сұйытылған мұнай газын мұнай-газ-химия өнімін өндіру үшін шикізат ретінде пайдаланатын өнеркәсіптік тұтынушылардың сұйытылған мұнай газын тұтыну көлемдері.

      8. Жергілікті атқарушы органдар осы Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген мәліметтерді уәкілетті органға ұсыну арқылы тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің сұйытылған мұнай газына деген болжамды қажеттігін растайды.

      9. Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспары өнім берушілер мен облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары ұсынған болжамдарының, сондай-ақ сұйытылған мұнай газын нақты өндіру мен тұтынуды мониторингілеу деректерінің негізінде жоспарланатын тоқсанға қалыптастырылады.

      10. Қазақстан Республикасының ішкі нарығына өткізу міндетті болып табылатын сұйытылған мұнай газының көлемі өнім беру жоспарында әрбір өнім беруші үшін сұйытылған мұнай газының өнім берушісі жалпы өндірген көлеміне пайыздық қатынаста белгіленеді. Пайыздық қатынас вагон-норманы есепке ала отырып, барлық өнім берушілер үшін бірыңғай болып белгіленеді.

      Бұл ретте егер өндірушінің есептік айдағы сұйытылған мұнай газын өндірудің нақты өндірілген көлемі жоспарланған көлемнен 120 (бір жүз жиырма) пайыздан асса, онда есептік айдан кейінгі айға осындай өндірушінің сұйытылған мұнай газының нақты өндірілген көлемі мен жоспарланған көлем арасындағы айырмаға ұлғайтылуға жатады.

      11. Өнім беру жоспарында Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2018 жылғы 19 наурыздағы № 106 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16713 болып тіркелген) Сұйытылған мұнай газын өндірушілердің тізбесіне енгізілген сұйытылған мұнай газының барлық өндірушілері көрсетіледі.

      12. Тауар биржалары арқылы ішкі нарыққа сұйытылған мұнай газын беру жоспарын қалыптастыру кезінде өнім берудің әкімшілік-аумақтық бірлігі ретінде тиісті облыс, республикалық маңызы бар қала, астана не әкімшілік-аумақтық бірліктер тобы, не Қазақстан Республикасының бүкіл аумағы белгіленеді.

      13. Тауар биржаларынан тыс сұйытылған мұнай газын жеткізу үшін әкімшілік-аумақтық бірлікті анықтау өнім берушілердің өндірістік қуаттарының географиялық орналасқан жеріне сүйене отырып, жүзеге асырылады.

      14. Егер сұйытылған мұнай газын өндіру жөніндегі өндіруші көрсететін қызметтерді өздеріне меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде тиесілі көмірсутегі шикізатын өңдеу процесінде өндірілген сұйытылған мұнай газының екі және одан да көп меншік иесі пайдаланатын болса, онда өндіруші:

      1) өздеріне меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде тиесілі көмірсутегі шикізатын өңдеу процесінде өндірілген сұйытылған мұнай газының меншік иелері арасында беруге міндетті сұйытылған мұнай газының жалпы көлемін вагон-норманы ескере отырып, олардың сұйытылған мұнай газы өндірісінің жалпы көлеміндегі үлесіне сәйкес бөлуді және 1 (бір) жұмыс күні ішінде оны өзінің интернет-ресурсында жариялауды;

      2) өздеріне меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде тиесілі көмірсутегі шикізатын өңдеу процесінде өндірілген сұйытылған мұнай газының әрбір меншік иесі үшін өнім беру жоспарына сәйкес оның сұйытылған мұнай газы көлемін жеткізу үшін әкімшілік-аумақтық бірлікті айқындауды;

      3) өнім беру жоспарына сәйкес Қазақстан Республикасының сұйытылған мұнай газына деген ішкі қажеттіліктерін қамтамасыз ету басымдығын ескере отырып, сұйытылған мұнай газын тиеп-жөнелтуді жүзеге асырады.

      Егер өндіруші сұйытылған мұнай газының екі немесе одан көп маркаларын өндіретін болса (меншік иесінің көмірсутегі шикізатынан сұйытылған мұнай газының екі немесе одан көп маркасы өндіріледі), онда мұндай өндіруші оларды өндіру көлеміне пропорционал түрде өндірілген сұйытылған мұнай газының барлық маркаларын жеткізуді жүзеге асырады.

      15. Сұйытылған мұнай газын мұнай-газ-химия өнімін өндіру үшін шикізат ретінде пайдаланатын өнеркәсіптік тұтынушыларға сұйытылған мұнай газын жеткізу үшін өнім берушілерді анықтау өнім берушілердің өндірістік қуатының географиялық орналасқан жерін есепке ала отырып, сондай-ақ (қажет болған жағдайда) сұйытылған мұнай газының құрамында қажетті фракциялардың бар болуын есепке ала отырып жүзеге асырылады.

      16. Егер сұйытылған мұнай газын мұнай-газ-химия өнімін өндіру үшін шикізат ретінде пайдаланатын өнеркәсіптік тұтынушы оның өндірістік қуаттарына түсетін фракциялардың тек бір бөлігін ғана тұтынатын болса, онда қалған фракциялар:

      1) осындай өнеркәсіптік тұтынушының өндірістік объектілерінен сұйытылған мұнай газын өндірушінің өндірістік объектілеріне тиеп-жөнелтуге;

      2) өнім беру жоспарына және бөлуге сәйкес осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген тұлғаларға жеткізілуге жатады.

      Бұл ретте мұндай жеткізу мерзімдері өнеркәсіптік тұтынушының фракцияларды алу және қалған фракцияларды сұйытылған мұнай газына қайта өңдеуі үшін қажетті уақыт кезеңін ескере отырып белгіленеді.

      17. Сұйытылған мұнай газын автомобиль көлігіне де, теміржол көлігіне де тиеп-жөнелту жөніндегі өндірістік қуаты бар өндірушілер үшін сұйытылған мұнай газын автомобиль көлігіне тиеп-жөнелту өндіруші орналасқан өңірдің алушыларына басым тәртіппен жүзеге асырылады.

      18. Өнім беру жоспарын жоспарланатын тоқсанның басталуына дейін күнтізбелік 20 (жиырма) күннен кешіктірілмейтін мерзімде уәкілетті орган өз ресми интернет-ресурсында жариялайды және сұйытылған мұнай газын өндірушілерге немесе өздеріне меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде тиесілі көмірсутегі шикізатын өңдеу процесінде өндірілген сұйытылған мұнай газының меншік иелеріне және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарына жібереді.

      19. Өндіруші зауыттар сұйытылған мұнай газы өндірісі көлемдері туралы мәліметтерді өзгерткен жағдайда уәкілетті орган тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер үшін сұйытылған мұнай газын жеткізу көлемдерін пропорционалды өзгерту арқылы өнім беру жоспарын түзетеді және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарына ол туралы хабарлайды.

      20. Сұйытылған мұнай газын өндіру көлемі тиісті өнім берушіге өнім беру жоспарын орындауға мүмкіндік бермейтін деңгейге дейін төмендеген кезде уәкілетті орган бекітілген өнім беру жоспарын өзгертеді.

      Бұл ретте қалған өнім берушілердің Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру көлемін пропорционалды арттыру және (немесе) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер үшін алынатын көлемдерді пропорционалды қысқарту жүргізіледі.

      21. Өнім берушінің сұйытылған мұнай газын өндірудің нақты көлемі есепті айда жоспарланатын көлемнен асып кеткен кезде, сондай-ақ өнім берушіде осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген тұлғалардың сұйытылған мұнай газын сатып алудан бас тартуына байланысты өнім беру жоспары шеңберінде көзделген тауар биржаларынан тыс Қазақстан Республикасының ішкі нарығында өткізу үшін міндетті сұйытылған мұнай газының тиеп-жөнелтілмеген көлемдері пайда болған кезде, мұндай өнім беруші 2 (екі) жұмыс күні ішінде уәкілетті органды сұйытылған мұнай газының қосымша көлемінің пайда болуы туралы хабардар етеді.

      Уәкілетті орган осы Қағидалардың ережелерін ескере отырып, сондай-ақ өнім берушілердің өндірістік қуаттарының географиялық орналасуын негізге ала отырып, өнім беру жоспарына толықтыру жасайды және сұйытылған мұнай газының қосымша көлемін облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарының сұрау салуларының негізінде тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің арасында қайта бөледі.

      22. Заңның 27-1-бабының 4-тармағына сәйкес өндірушілер, өздеріне меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде тиесілі көмірсутек шикізатын қайта өңдеу процесінде өндірілген сұйытылған мұнай газын өндірушілер, оның меншік иелері өнім беру жоспарын және сұйытылған мұнай газының бөлінген көлемдерін бөлуді орындауға міндетті.

      Егер өнім беру жоспары ағымдағы айда орындалмаса, онда сұйытылған мұнай газының жеткізілмеген көлемдері мұндай айға арналған өнім беру жоспарында көзделген сұйытылған мұнай газының көлемдеріне қосымша келесі айда жеткізілуге жатады.

  Қазақстан Республикасының
ішкі нарығына сұйытылған
мұнай газын беру жоспарын
қалыптастыру қағидаларына
қосымша

________ (жылғы) ________ (тоқсан) арналған Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспары

р/с №

Өнім берушінің атауы, орналасқан жері

Жеткізудің әкімшілік-аумақтық бірлігі

Тауар биржаларынан тыс жеткізілетін сұйытылған мұнай газының көлемі, тонна

Тауар биржалары арқылы әкімшілік-аумақтық бірлік үшін жеткізілетін сұйытылған мұнай газының көлемі, тонна

1

2

3

4

5






      Ескертпе:

      Егер өндіруші өздеріне меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде тиесілі көмірсутегі шикізатын өңдеу процесінде өндірілген сұйытылған мұнай газын өндіру бойынша қызметтерді басқа тұлғаларға көрсеткен жағдайда, онда өнім беру жоспарында осындай өндірушінің көрсетілетін қызметтерін пайдаланатын өздеріне меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде тиесілі көмірсутегі шикізатын өңдеу процесінде өндірілген сұйытылған мұнай газының барлық меншік иелерінің Қазақстан Республикасының ішкі нарығында өткізуі үшін міндетті сұйытылған мұнай газының жиынтық көлемі көрсетіледі

      Егер 2009 жылғы 1 қаңтарға дейін Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе құзыретті орган мен жер қойнауын пайдаланушы арасында жасалған және міндетті салық сараптамасынан өткен өнімді бөлу туралы келісімге (келісімшартқа) не Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа сәйкес өз қызметін жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы өнім беруші болып табылған жағдайда, онда мұндай тұлға үшін өнім беру жоспарында Қазақстан Республикасының ішкі нарығына және жеткізудің әкімшілік-аумақтық бірліктеріне сұйытылған мұнай газын беру көлемдері ғана белгіленеді.


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады