Кәмелетке толмаған балаларды асырап-бағуға алимент ұсталатын жалақының және (немесе) өзге де кіріс түрлерінің тізбесін бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2014 жылғы 24 желтоқсандағы № 372 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 21 қаңтарда № 10113 тіркелді.

      "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 26 желтоқсандағы Кодексінің 140-бабына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған кәмелетке толмаған балаларды асырап-бағуға алимент ұсталатын жалақының және (немесе) өзге де кіріс түрлерінің тізбесі бекітілсін.

      2. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Әділет министрінің орынбасары Б.Ж. Әбдірайымға жүктелсін.

      3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр Б. Имашев

  Қазақстан Республикасы
Әділет министрінің
2014 жылғы 24 желтоқсандағы
№ 372 бұйрығымен бекітілген

Кәмелетке толмаған балаларды асырап-бағуға алимент ұсталатын жалақының және (немесе) өзге де кіріс түрлерінің тізбесі

      1. Кәмелетке толмаған балаларды асырап-бағуға осы тізбенің 2-тармағында көрсетілген адамдардың кірістерін қоспағанда, ата-анасы алатын ақшалай (ұлттық және (немесе) шетелдік валютада) жалақының (ақшалай сыйақы, үлес) және өзге де кірістің барлық түрлерінен, оның ішінде:

      1) қызметкерлерге нақты жұмыс істеген уақыты үшін немесе орындаған жұмысы үшін еңбек ақы төлеу жүйесінде көзделген белгіленген лауазымдық айлықақыларға (мөлшерлемелерге) байланысты есептелген жалақыдан;

      2) еңбекке ақы төлеу жүйесінде көзделген қосымша ақылар мен үстеме ақылардың барлық түрлерінен, сондай-ақ еңбек ақы төлеу қоры шегінде үнемделген қаражат немесе тиісті мекемені қамтуға көзделген қаражат есебінен алынатын үстеме ақылардан;

      3) еңбек ақы төлеу жүйесінде көзделген сыйлықақылардан (ақшалай сыйақылардан);

      4) мына:

      "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" 2010 жылғы 2 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 98-бабының 7) тармақшасында көзделген;

      2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 127, 128, 129, 130, 131-баптарында көзделген төлемдерді қоспағанда, барлық өтемақы төлемдерінен;

      5) демалыс уақытында сақталатын жалақыдан, сондай-ақ бірнеше жылғы демалыстарды қосқан жағдайда ғана пайдаланылмаған демалысқа төленетін ақшалай өтемақыдан;

      6) комиссиялық сыйақыдан (сақтандыру агенттеріне, брокерлерге);

      7) азаматтық заңнамаға сәйкес жасалатын және бір жолғы сипаттағы емес шарттар бойынша орындалған жұмыстар, ұсынылған көрсетілген қызметтер үшін алынған кірістерден;

      8) авторлық сыйақы төлемдерінен;

      9) зейнетақы төлемдерінің барлық түрлерінен, "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 98-бабымен көзделген жәрдемақыларды қоспағанда, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыдан, атаулы әлеуметтік көмек сомаларынан;

      10) білім беру ұйымдарында білім алушыларға төленетін стипендиялардан;

      Ескертпе!
      ҚР Конституциялық Соты 1-тармақтың 11) тармақшасының конституциялылығын тексеру жөнінде іс жүргізу бастады.

      11) заңды тұлға құрмай кәсіпкерлік қызметпен айналысудан түскен кірістерден;

      12) мүлікті жалға беруден түскен кірістерден;

      13) бағалы қағаздар бойынша түскен кірістерден және заңды тұлғаның мүлкін басқаруға қатысудан түскен басқа да кірістерден;

      14) "Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабының 1) тармақшасымен және "Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабының 1-тармағының 2) тармақшасымен көзделген кірістерден жүргізіледі.

      Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Әділет министрінің 11.01.2018 № 59 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Әскери қызметшілерден, құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлерінен алимент ұстау қызметтік міндеттерін орындауға байланысты олар алатын төлемдердің мынадай түрлерінен:

      1) лауазымдық жалақыдан, әскери, арнайы атақ бойынша берілетін жалақыдан, арнайы атақ немесе сыныптық шен үшін қосымша еңбекақыдан және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген қызмет өткерудің ерекше жағдайлары үшін үстеме ақыдан;

      2) "Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабының 1) тармақшасымен және "Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабы 1-тармағының 2) тармақшасымен көзделген;

      3) еңбекақы төлеу жүйесінде көзделген тұрақты әрі біржолғы сипаттағы және тиісті органды қамтуға көзделген қаражатты үнемдеу есебінен алынатын сыйақылардан (ақшалай сыйақылардан);

      4) тиісті органды ұстауға көзделген қаражатты үнемдеу есебінен алынатын үстеме ақылар мен қосымша ақылар сомасынан;

      5) мына:

      мертіккен жағдайда төленетін бір жолғы өтемақыны;

      зиянды немесе қысылтаяң жағдайлардағы жұмыс үшін өтемақы төлемдерін;

      табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарын жою кезінде экологиялық әсерден зардап шеккендерге төленетін ақшалай соманы;

      тұрғын үйді жалдағаны (жалға алу) үшін мақсатты өтемақыны;

      жекешелендіруге жатпайтын, оның ішінде жабық және оқшауланған әскери қалашықтарда, шекара заставалары мен комендатураларда орналасуы салдарынан қызметтік тұрғын үйді өтеусіз жекешелендіру құқығының орнына алушыға төленетін ақшалай өтемақыларын;

      кепілдік берілген тегін медициналық көмектің көлемі шегінде емделуге жұмсалған шығындарды өтеуге төленетін ақшалай соманы;

      қызметі бойынша ауысқан, әскери қызметтен шығарылған кезде, стационарлық емделуге барған және кері қайтқан кезде Қазақстан Республикасының аумағы бойынша көлікпен жол жүруге, сондай-ақ қызметі бойынша ауысқан және әскери қызметтен шығарылған кезде он тоннаға дейін жеке мүлікті тасымалдауға жұмсалған шығындарды өтеуге төленетін ақшалай соманы;

      пошта жөнелтілімдеріне арналған шығындарды өтеуге төленетін ақшалай соманы;

      оқуға жұмсалған шығындарды өтеуге төленетін ақшалай соманы;

      бір елді мекеннен басқасына қоныс аударуға байланысты қызмет бабымен ауысқан кездегі көтерме жәрдемақыны;

      іссапарға жіберілген қызметкерлерге берілетін өтемақы төлемдерін;

      коммуналдық көрсетілетін қызметтерге жұмсалатын шығыстарды төлеу үшін төленетін ақшалай өтемақыларды;

      әскери қызметшілердің көрсетілетін қызметтерге, құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің қызметтік міндеттерін орындауымен байланысты келтірілген шығындарын өтеумен байланысты өтемақы төлемдерін;

      6) әскери-оқу, арнайы оқу орындары курсанттарының (тыңдаушыларының) лауазымдық жалақыларын (стипендияларын) қоспағанда, барлық өтемақы түрлерінен жүргізіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады