Райымбек ауданы бойынша аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындау туралы

Күшін жойған

Алматы облысы Райымбек ауданы мәслихатының 2014 жылғы 25 ақпандағы N 25-132 шешімі. Алматы облысының Әділет департаментімен 2014 жылы 20 наурызда N 2630 болып тіркелді. Күші жойылды - Алматы облысы Райымбек аудандық мәслихатының 2014 жылғы 04 маусымдағы № 32-165 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Алматы облысы Райымбек аудандық мәслихатының 04.06.2014 № 32-165 шешімімен.

      РҚАО ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқасының пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.

      Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңының 97-бабының 2-тармағына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 14 сәуірдегі "Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің кейбір мәселелері туралы" N 512 Қаулысына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы" N 2314 Қаулысына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 07 сәуірдегі "Жергілікті атқарушы органдар көрсететін әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік қызметтердің стандарттарын бекіту туралы" N 394 Қаулысына, Қазақстан Республикасы құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі Төрағасының 2011 жылғы 05 желтоқсандағы "Тұрғын үй көмегін алуға, сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді алуға үміткер отбасының (азаматтың) жиынтық табысын есептеу қағидасын бекіту туралы" N 471 бұйрығына сәйкес, Райымбек аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
      1. Райымбек ауданы бойынша аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері және тәртібі қосымшаға сәйкес айқындалсын.
      2. Осы шешімнің орындалуын бақылау аудандық мәслихаттың "Халықты әлеуметтік қорғау, еңбекпен қамту, білім беру, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет, тіл, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, қоғамдық тәртіпті сақтау және қоғамдық бірлестіктермен жұмыс, бұқаралық ақпарат құралдары жөніндегі" тұрақты комиссиясына жүктелсін.
      3. Осы шешім әділет органында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Аудандық мәслихат
      сессиясының төрайымы                       Д. Жиенбекова

      Аудандық мәслихаттың
      хатшысы                                    Е. Құдабаев

      КЕЛІСІЛДІ:

      "Райымбек аудандық жұмыспен
      қамту және әлеуметтік
      бағдарламалар бөлімі"
      мемлекеттік мекемесінің
      басшысы:                                   Зыкаев Халык Сансызбаевич
      25 ақпан 2014 жыл

      Райымбек ауданының
      "Экономика және бюджеттік
      жоспарлау бөлімі" мемлекеттік
      мекемесінің басшысы:                       Муса Кенжебаев
      25 ақпан 2014 жыл

2014 жылғы 25 ақпандағы
Райымбек аудандық мәслихатының
"Райымбек ауданы бойынша аз
қамтылған отбасыларға
(азаматтарға) тұрғын үй көмегін
көрсетудің мөлшерін және
тәртібін айқындау туралы"
N 25-132 шешіміне қосымша

Райымбек ауданы бойынша аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға)
тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері және тәртібі

      Осы тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері және тәртібі Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңының 97-бабының 2-тармағына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 14 сәуірдегі "Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің кейбір мәселелері туралы" N 512 Қаулысына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы" N 2314 Қаулысына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 07 сәуірдегі "Жергілікті атқарушы органдар көрсететін әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік қызметтердің стандарттарын бекіту туралы" N 394 Қаулысына, Қазақстан Республикасы құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі Төрағасының 2011 жылғы 05 желтоқсандағы "Тұрғын үй көмегін алуға, сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді алуға үміткер отбасының (азаматтың) жиынтық табысын есептеу қағидасын бекіту туралы" N 471 бұйрығына сәйкес әзірленді және аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындайды.

1. Жалпы ереже

      1. Осы тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері және тәртібінде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) шекті жол берілетін шығыстар үлесі – телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының, жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу ақысының ұлғаюы бөлігінде отбасының (азаматының) бір айда тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға, коммуналдық қызметтер мен байланыс қызметтерін тұтынуға жұмсалған шығыстарының шекті жол берілетін деңгейінің отбасының (азаматтың) орташа айлық жиынтық кірісіне пайызбен қатынасы;
      2) отбасының (азаматтың) жиынтық табысы – тұрғын үй көмегін тағайындауға өтініш білдірген тоқсанның алдындағы тоқсандағы отбасы (азамат) кірістерінің жалпы сомасы;
      3) кондоминиум объектісін басқару органы – кондоминиум объектісін басқару жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
      4) уәкілетті орган – тұрғын үй көмегін тағайындауды жүзеге асыратын "Райымбек аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі;
      5) тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға жұмсалатын шығыстар – кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін пайдалануға және жөндеуге, жер учаскесін күтіп-ұстауға, коммуналдық қызметтерді тұтынуды есептеудің үйге ортақ құралдарын сатып алуға, орнатуға, пайдалануға және тексеруге жұмсалатын шығыстарға, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға тұтынылған коммуналдық қызметтерді төлеуге жұмсалатын шығыстарға жалпы жиналыстың шешімімен белгіленген ай сайынғы жарналар арқылы төленетін үй-жайлардың (пәтерлердің) меншік иелері шығыстарының міндетті сомасы, сондай-ақ болашақта кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін немесе оның жекелеген түрлерін күрделі жөндеуге ақша жинақтауға жұмсалатын жарналар;
      6) аз қамтылған отбасылар (азаматтар) – Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес тұрғын үй көмегін алуға құқығы бар адамдар.
      2. Тұрғын үй көмегі жергілікті бюджет қаражаты есебінен Райымбек ауданында тұрақты тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға):
      1) жекешелендірілген тұрғын үй-жайларда (пәтерлерде) тұратын немесе мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үй-жайларды (пәтерлерді) жалдаушылар (қосымша жалдаушылар) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға жұмсалатын шығыстарға;
      2) тұрғын үйдің меншік иелері немесе жалдаушылары (қосымша жалдаушылар) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефонға абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуына;
      3) жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғын үй-жайды пайдаланғаны үшін жалға алу төлемақысын төлеуге беріледі.
      Аз қамтылған отбасылардың (азаматтардың) тұрғын үй көмегін есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетілген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың сомасы ретінде айқындалады.
      3. Тұрғын үй көмегі телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының, жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй-жайды пайдаланғаны үшін жалға алу ақысының ұлғаюы бөлігінде тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға арналған шығыстарға, коммуналдық қызметтер мен байланыс қызметтерін тұтынуға нормалар шегінде ақы төлеу сомасы мен отбасының (азаматтардың) осы мақсаттарға жұмсаған, жергілікті өкілді органдар белгілеген шығыстарының шекті жол берілетін деңгейінің арасындағы айырма ретінде айқындалады.
      4. Аталған жерлерде тұрақты тұратын адамдарға тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға арналған ай сайынғы және нысаналы жарналардың мөлшерін айқындайтын сметаға сәйкес,тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға арналған коммуналдық қызметтер көрсету ақысын төлеу, жеткізушілер ұсынған шоттар бойынша тұрғын үй көмегі бюджет қаражаты есебінен көрсетіледі.
      5. Белгіленген нормалар шегіндегі шекті жол берілетін шығыстар үлесі отбасының жиынтық табысының он пайызы мөлшерінде белгіленеді.
      Тұрғын үй көмегі:
      1) мүгедектерден және стационарлық емделуде бір айдан астам уақыт кезеңінде болатын тұлғалардан, күндізгі оқу бөлімінде оқитын оқушылардан, студенттерден, тыңдаушылардан, курсанттар мен магистранттардан, сондай-ақ бірінші және екінші топтағы мүгедектерге, он сегіз жасқа дейінгі мүгедек балаларға, жасы сексеннен асқан тұлғаларға, жеті жасқа дейінгі балаларға күтім жасайтын азаматтардан басқа, еңбек етуге жарамды жұмыс істемейтін, оқымайтын, әскерде қызмет атқармайтын, жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органдарда тіркелмеген жұмыссыз тұлғалары бар отбасыларына;
      2) уәкілетті орган ұсынған жұмысқа, оның ішінде әлеуметтік жұмыс орнына немесе қоғамдық жұмысқа орналасудан, кәсіби даярлаудан, қайта даярлаудан дәлелсіз себептермен бас тартқан жұмыссыздарға тағайындалмайды.

2. Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері және тәртібі

      6. Тұрғын үй көмегін тағайындау үшін есептеу мерзімі өтінішімен қоса барлық қажетті құжаттарды өткізген жылдың тоқсаны болып саналады.
      Жеке меншігінде біреуден артық тұрғын үйі (пәтерлер, тұрғын үйлер) бар немесе тұрғын жайды жалға немесе пайдалануға беруші аз қамтылған отбасылар (азаматтар) тұрғын үй көмегін алу құқығын жоғалтады.
      7. Тұрғын үй көмегін тағайындау үшін азамат (отбасы) уәкілетті органға немесе халыққа қызмет көрсету орталықтарына өтініш береді және келесі құжаттарды ұсынады:
      1) өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
      2) тұрғын үйге құқық беретін құжаттың көшірмесі;
      3) отбасының тұрғылықты жерін растайтын құжаттың көшірмесі (азаматтарды тіркеу кітабының көшірмесі, мекенжай бюросының анықтамасы);
      4) отбасының табысын растайтын құжаттар. Тұрғын үй көмегін алуға үміткер отбасының (азаматтың) жиынтық табысын есептеу тәртібін тұрғын үй қатынастары саласындағы уәкілетті орган белгілейді;
      5) тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға арналған ай сайынғы жарналардың мөлшері туралы шоттар;
      6) коммуналдық қызметтерді тұтынуға арналған шоттар;
      7) телекоммуникация қызметтері үшін түбіртек–шот немесе байланыс қызметтерін көрсетуге арналған шарттың көшірмесі;
      8) жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жергілікті атқарушы орган берген жалдау ақысының мөлшері туралы шот.
      Өтініш беруші тұрғын үй көмегін тағайындау үшін құжат тапсырғанда өткен айдың төлем түбіртектерінің көшірмесін ұсынуы қажет.
      Салыстырып тексеру үшін құжаттардың түпнұсқалары мен көшірмелері ұсынылады, одан кейін құжаттардың түпнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады.
      8. Уәкілетті орган өтініштерді Қазақстан Республикасының заңнамаларында белгіленген мерзімде қарайды және тұрғын үй көмегін тағайындау немесе одан бас тарту туралы шешім қабылдайды. Уәкілетті органның шешімі тұрғын үй көмегін тағайындау үшін негіз болып табылады.
      9. Тұрғын үй көмегін алушылар күнтізбелік он бес күн ішінде уәкілетті органға тұрғын үй көмегін алу құқығына немесе оның мөлшеріне ықпал ететін барлық жағдайлар жөнінде хабарлайды.
      Өтініш беруші тұрғын үй көмегін алу құқығына және оның мөлшеріне ықпал ететін жағдайларды уақытылы хабарламағанда, қайта есептеу келесі тоқсанда жүргізіледі (анықтау фактісі бойынша).
      Артық төленген сомалар ерікті түрде, ал бас тартылған жағдайда – сот тәртібімен қайтарылуға тиіс.
      10. Тұрғын үй көмегiн тағайындау бойынша уәкiлеттi орган құжаттардың көшiрмелерiн тексерiп, оларды тiркейді және өтiнiш берушiге құжаттарының қабылданғаны туралы растайтын құжат бередi.
      11. Тұрғын үй көмегін алуға үміткер отбасының (азаматтың) жиынтық табысын есептеу тәртібі Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі Төрағасының 2011 жылғы 05 желтоқсандағы "Тұрғын үй көмегін алуға, сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді алуға үміткер отбасының (азаматтың) жиынтық табысын есептеу қағидасын бекіту туралы" N 471 Бұйрығы негізінде есептеледі.
      12. Өтемақы төлемдерімен қамтамасыз етілетін тұрғын үйлер аумағының нормалары заңнамамен белгіленген отбасының әр мүшесіне тұрғын үй беру нормаларына баламалы.
      13. Коммуналдық қызметті тұтыну нормалары табиғи монополияларды (монополистік қызметті) реттеу бойынша аумақтық уәкілетті орган қолданатын, олармен көрсетілетін қызметтерге тарифтерді (бағаларды) бекіткен кездегі коммуналдық қызметтерді босату нормаларына баламалы.
      14. Тұрғын үй көмегін тағайындағанда келесі нормалар ескеріледі:
      1) газ тұтыну – айына бір отбасына 10 килограмм (1 кішкене газ баллон);
      2) электр энергиясын қолдану: 1 адамға – бір айға 70 киловатт, 4 және одан да көп адамы бар отбасы үшін – бір айға 250 киловатт;
      3) сумен қамтамасыз ету нормасын қызмет берушілер ұсынады;
      4) қатты отынды тұтынушылар үшін: пешпен жылытатын тұрғын үйлерге жылыту маусымына алты тонна көмір;
      5) қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару – ай сайын әр отбасы мүшесіне 70 теңге;
      6) тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға арналған нысаналы жарнаның мөлшері туралы шоты.
      15. Қатты отынның құнын есептеу үшін Қазақстан республикасының статистика органдары ұсынған статистикалық деректерге сәйкес өткен тоқсанда қалыптасқан орташа баға ескеріледі.

3. Қаржыландыру және төлеу

      16. Тұрғын үй көмегін төлеуді қаржыландыру аудан бюджетінде тиісті қаржылық жылға қарастырылған қаражат шегінде жүзеге асырылады.
      17. Аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін төлеуді уәкілетті орган екінші деңгейлі банктер арқылы жүзеге асырады.

4. Қорытынды

      18. Осы тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері және тәртібімен реттелмеген қатынастар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес реттеледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады