"Жаңаөзен қалалық мәслихатының аппараты жөніндегі ереже" туралы Жаңаөзен қалалық мәслихатының 1999 жылғы 23 желтоқсандағы № 2/22 шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Күшін жойған

Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласы мәслихатының 2014 жылғы 19 желтоқсандағы № 35/276 шешімі. Маңғыстау облысы Әділет Департаментінде 2015 жылғы 27 қаңтарда № 2602 болып тіркелді. Күші жойылды-Маңғыстау облысы Жаңаөзен қалалық мәслихатының 2018 жылғы 25 желтоқсандағы № 26/328 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Маңғыстау облысы Жаңаөзен қалалық мәслихатының 25.12.2018 № 26/328 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      РҚАО-ның ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 25 бабына және Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 29 қазандағы № 410 "Қазақстан Республикасы мемлекеттік органының үлгі ережесін бекіту туралы" Жарлығына сәйкес, Жаңаөзен қалалық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1."Жаңаөзен қалалық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі-мемлекеттік мекеме) Ережесі жаңа редакцияда бекітілсін.

      2. Жаңаөзен қалалық мәслихатының аппарат басшысы (И. Орынбеков) осы шешімнің әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін, оның бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялануын және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде орналасуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы шешімнің орындалуын бақылау Жаңаөзен қалалық мәслихатының аппарат басшысына (И.Орынбековке) жүктелсін.

      4. Осы шешім әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күшіне енеді және ол алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Сессия төрағасы

Е.Өтеев

Қалалық Мәслихат


хатшысы

С.Мыңбай


  2014 жылы "19" желтоқсандағы № 35/276
Жаңаөзен қалалық мәслихатының шешімімен
бекітілген

"Жаңаөзен қалалық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесінің
ЕРЕЖЕСІ
1. Жалпы ережелер

      1. "Жаңаөзен қалалық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі Жаңаөзен қалалық мәслихатының қызметін және қалалық мәслихат депутаттарының жұмысын қамтамасыз ететін Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. "Жаңаөзен қалалық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының Заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің нормативтік құқықтық актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілеріне және осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      3. "Жаңаөзен қалалық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.

      4. "Жаңаөзен қалалық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

      5. Егер заңнамаға сәйкес оған уәкілеттік берілген болса, "Жаңаөзен қалалық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі азаматтық-құқықтық қатынастарда мемлекет атынан тарап ретінде қатысуға құқығы бар.

      6. "Жаңаөзен қалалық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Жаңаөзен қалалық мәслихаты хатшысының өкімдерімен рәсімделетін шешімдер қабылдайды.

      7. "Жаңаөзен қалалық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесінің құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.

      8. Заңды тұлғаның орналасқан жері. Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласы, Сәтпаев көшесі, 1, индекс 130200.

      9. Мемлекеттік органның толық атауы – "Жаңаөзен қалалық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі, государственное учреждение "Аппарат Жанаозенского городского маслихата"

      10. Осы Ереже "Жаңаөзен қалалық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесінің құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Жаңаөзен қалалық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі қызметін қаржыландыру жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылады.

      12. "Жаңаөзен қалалық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесіне кәсіпкерлік субъектілерімен "Жаңаөзен қалалық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесінің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

      13. Егер "Жаңаөзен қалалық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі заңнамалық актілермен табыс әкелетін қызметті жүзеге асыратын болса, онда осындай қызметтен алынған табыстар жергілікті бюджеттің кірісіне жіберіледі.

2. Мемлекеттік органның миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері

      14. "Жаңаөзен қалалық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесінің миссиясы:

      Мәслихат аппараты мәслихат пен оның органдарын ұйымдастырушылық, құқықтық, материалдық-техникалық және өзге де қамтамасыз етуді жүзеге асырады, депутаттарға өздерінің өкілеттігін жүзеге асыруға көмек көрсетеді.

      15. Негізгі міндеттері:

      1) қалалық мәслихат қызметін ұйымдастырушылық, құжаттамалық, құқықтық, ақпараттық-талдау жағынан қамтамасыз ету;

      2) қалалық мәслихатпен қабылданған шешімдердің қолданыстағы заңнамаға сәйкес болуын қамтамасыз ету;

      3) қалалық мәслихат депутаттары қызметін материалдық- техникалық жағынан қамтамасыз ету;

      4) тұрғындарды қалалық мәслихат қызметі туралы ақпаратпен қамтамасыз ету;

      5) мәслихат және оның органдарының бақылау функцияларының жүзеге асырылуын қамтамасыз ету;

      6) мәслихаттың ақпараттық жүйелерін жетілдіру;

      7) мәслихат аппараты қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және қайта даярлаудан өтуін қамтамасыз ету;

      16. Функциялары:

      1) қалалық мәслихат депутаттарына ұйымдастырушылық, құжаттамалық, құқықтық, ақпараттық- талдау бойынша қызмет көрсету;

      2) қалалық мәслихаттың қарауына енгізілген нормативтік-құқықтық актілер жобалары мен өзге де шешімдері жобаларының орындалуын бақылау, қалалық мәслихат қабылдаған нормативтік құқықтық актілер мониторингін жүргізу;

      3) мәслихат қызметін қамтамасыз етуге жұмсалатын шығындарды тағайындау, іс-сапарлық шығындарды өтеу, депутаттарды қажетті кеңсе құралдарымен және депутаттық қызметті атқару үшін қажетті өзге де тауарлармен қамтамасыз ету;

      4) бұқаралық ақпарат құралдарында мәслихат қызметі туралы басылымдардың, қалалық мәслихат қабылдаған нормативтік құқықтық актілердің жариялануын ұйымдастыру;

      5) атқарушы органдар басшыларының ақпараттарын, есептерін жинақтау және талдау, қалалық мәслихат депутаттарының алдында өз қызметі бойынша есеп беретін мемлекеттік органдардың қызмет қорытындысы бойынша анықтамалар дайындау;

      17. Құқықтары мен міндеттері:

      1) Жаңаөзен қалалық мәслихатының Регламентін өз құзыреті шеңберінде орындалуын қамтамасыз ету;

      2) белгіленген тәртіп бойынша мемлекеттік органдар мен лауазым иелерінен, өзге де ұйымдар мен азаматтардан ақпарат, анықтамалар, есептер, шешімдер жобаларын, нормативтік құқықтық актілері жобаларының бұқаралық ақпарат құралдарында басылуы туралы мәліметтер, ғылыми сараптамалар мен сараптамалық кеңестердің қорытындыларын, қалалық мәслихаттың қарауына енгізілген шешімдер жобалары бойынша қажетті келісулерді, сессиялардың күн тәртібі мен тұрақты (уақытша) комиссиялардың отырыстарында қаралатын мәселелер бойынша өзге де құжаттамаларды сұрау;

      3) мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың қызметкерлерін қалалық мәслихаттың құзыретіне жататын мәселелерді талқылауға қатыстыру, тиісті шешімдерді даярлау үшін уақытша жұмыс топтарын құру;

      4) депутаттар сауалдарын және депутаттық ұсыныстарды дер кезінде қаралуын және іске асырылуын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік органдар мен мекемелерге депутаттық сауалдар жолдау;

      5) қалалық мәслихатқа жолданған азаматтардың өтініштері орындалу мерзіміне және нәтижелеріне бақылау жүргізу;

      6) қалалық мәслихат құзыретіне жататын мәселелер бойынша мемлекеттік органдар мен лауазым иелеріне кеңестік-әдістемелік, ақпараттық, ұйымдастырушылық-техникалық және өзге де көмек көрсету.

3. Мемлекеттік органның қызметін ұйымдастыру

      18. Жаңаөзен қалалық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесіне басшылықты қалалық мәслихаттың хатшысы жүзеге асырады, ол "Жаңаөзен қалалық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесіне жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бірінші басшы.

      19. Қалалық мәслихаттың хатшысы мәслихат сессиясында депутаттардың арасынан ашық немесе жасырын дауыс беру арқылы депутаттар жалпы санының көпшілік дауысымен сайланады және қызметінен босатылады.

      20. Жаңаөзен қалалық мәслихаты хатшысының өкілеттіктері:

      1) мәслихат сессиясын және оның қарауына енгізілетін мәселелерді әзірлеуді ұйымдастырады, хаттама жасалуын қамтамасыз етеді және сессия төрағасымен бірге мәслихат сессиясында қабылданған немесе бекітілген шешімдерге, өзге де құжаттарға қол қояды;

      2) мәслихат депутаттарының өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына жәрдемдеседі, оларды қажетті ақпаратпен қамтамасыз етеді, депутаттарды мәслихат сессияларына, оның тұрақты комиссияларының және өзге де органдарының жұмысына және сайлау округтеріндегі жұмысқа қатысу үшін қызметтік міндеттерін орындаудан босатуға байланысты мәселелерді қарайды;

      3) депутаттар сауалдарының және депутаттық өтініштердің қаралуын бақылайды;

      4) мәслихат аппаратының қызметіне басшылық жасайды, оның қызметшілерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

      5) сайлаушылардың өтініштері туралы және олар бойынша қабылданған шаралар туралы мәслихатқа ұдайы ақпарат беріп отырады;

      6) мәслихаттың өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен өзара іс-қимылын ұйымдастырады;

      7) Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңның 24-бабына сәйкес әкiмге сенiмсiздiк бiлдiру туралы мәселеге бастамашылық еткен мәслихат депутаттарының жиналған қолдарының төлнұсқалығын тексеруді ұйымдастырады;

      8) өз құзыретіндегі мәселелер бойынша өкімдер шығарады;

      9) мәслихаттың тұрақты комиссиялары мен өзге де органдарының және депутаттық топтардың қызметін үйлестіреді;

      10) мемлекеттік органдармен, ұйымдармен, жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен және қоғамдық бірлестіктермен қарым-қатынастарда мәслихат атынан өкілеттілік етеді;

      11) мәслихат шешімдерінің жариялануын қамтамасыз етеді, олардың орындалуына бақылау жасау жөніндегі іс-шараларды белгілейді;

      12) мәслихат шешімі бойынша өзге де міндеттерді орындайды;

      13) мәслихат хатшысының мәслихаттың тұрақты комиссияларында болуға құқығы жоқ;

      14) бекітілген заң тәртібімен өз құзыреті шеңберінде аппарат қызметкерлерін мадақтайды және тәртіптік жаза қолданады;

      15) "Жаңаөзен қалалық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет етуге бағытталған шараларды қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың қабылдануы үшін дербес жауап береді;

      16) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаға сәйкес және Жаңаөзен қалалық мәслихатының шешімі бойынша өзге де функцияларды атқарады.

      Мәслихаттың хатшысы болмаған кезде оның өкiлеттiгiн мәслихат сессиясы төрағасының шешiмi бойынша мәслихат тұрақты комиссияларының бiрiнiң төрағасы немесе мәслихат депутаты уақытша жүзеге асырады.

      21. Жаңаөзен қалалық мәслихатының хатшысы өз қалалық мәслихатының аппараты басшысының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгілейді.

      22. Жаңаөзен қалалық мәслихатының аппаратын, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, қызметке тағайындалатынын және қызметтен босатылатынын Жаңаөзен қалалық мәслихатының хатшысы басқарады.

4. Мемлекеттік органның мүлкі

      23. "Жаңаөзен қалалық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесінің заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      "Жаңаөзен қалалық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесінің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      24. "Жаңаөзен қалалық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесіне бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

      25. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, "Жаңаөзен қалалық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі, өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

      26. "Жаңаөзен қалалық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесін қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады