Отырар аудандық мәслихатының регламентін бекіту туралы

Күшін жойған

Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар аудандық мәслихатының 2014 жылғы 31 наурыздағы № 24/145-V шешімі. Оңтүстік Қазақстан облысының Әділет департаментінде 2014 жылғы 29 сәуірде № 2645 болып тіркелді. Күшi жойылды - Оңтүстiк Қазақстан облысы Отырар аудандық мәслихатының 2016 жылғы 11 шілдедегі № 3/19-VI шешiмiмен

      Ескерту. Күшi жойылды - Оңтүстiк Қазақстан облысы Отырар аудандық мәслихатының 11.07.2016 № 3/19-VI шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгiзiледi).
      РҚАО-ның ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.
      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 3 тармағының 5) тармақшасына және "Мәслихаттың үлгі регламентін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 3 желтоқсандағы Жарлығына сәйкес, Отырар аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
      1. Қоса беріліп отырған Отырар аудандық мәслихатының регламенті бекітілсін.
      2. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      Аудандық мәслихат
      сессиясының төрағасы Б.Зұлпыхаров
      Аудандық мәслихат хатшысы Б.Зұлпыхаров

  Отырар аудандық мәслихатының
2014 жылғы 31 наурыздағы
№ 24/145-V шешімімен бекітілген

Отырар аудандық мәслихатының регламенті
1. Жалпы ережелер

      1. Отырар аудандық мәслихатының осы регламенті (бұдан әрі – регламент) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 9-бабына, Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 3 желтоқсандағы № 704 Жарлығымен бекітілген мәслихаттың үлгі регламентіне сәйкес әзірленді және аудандық мәслихат сессияларын, оның органдарының отырыстарын өткізу, оларға мәселелер енгiзу және қарау, мәслихат органдарын құру және сайлау, олардың қызметi туралы есептердi, халық алдында аудандық мәслихаттың атқарған жұмысы және оның тұрақты комиссияларының қызметі туралы есептерді тыңдау, депутаттардың сауалдарын қарау тәртiбiн, аудандық мәслихаттағы депутаттық бiрлестiктердiң өкiлеттiктерiн, қызметiн ұйымдастыруды, сондай-ақ дауыс беру, аппарат жұмысының тәртiбiн және басқа да рәсiмдiк және ұйымдастырушылық мәселелерін белгілейді.
      2. Аудандық мәслихат (жергілікті өкілді орган) – ауданның халқы сайлайтын, халықтың еркін білдіретін және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оны іске асыру үшін қажетті шараларды айқындайтын және олардың жүзеге асырылуын бақылайтын сайланбалы орган. Аудандық мәслихат заңды тұлға құқығын иеленбейді.
      3. Аудандық мәслихаттың қызметі Қазақстан Республикасының Конституциясымен, Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерімен реттеледі.

2. Аудандық мәслихат сессияларын өткізу тәртібі
2.1. Аудандық мәслихат сессиялары

      4. Аудандық мәслихат қызметінің негізгі нысаны сессия болып табылады, онда Қазақстан Республикасының заңдары бойынша оның құзыретіне жатқызылған мәселелер шешіледі.
      Егер аудандық мәслихаттың сессиясына аудандық мәслихат депутаттарының жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, ол заңды. Сессия жалпы отырыс нысанында өткізіледі.
      Аудандық мәслихаттың шешімі бойынша сессия жұмысында аудандық мәслихат белгілеген мерзімге, бірақ күнтізбелік он бес күннен аспайтын үзіліс жариялануы мүмкін. Сессияның ұзақтығын аудандық мәслихат айқындайды.
      Аудандық мәслихаттың әрбір отырысының алдында қатысып отырған депутаттарды тіркеу жүргізіледі, оның нәтижесін сессияның төрағасы отырыс басталардан бұрын жария етеді.
      Аудандық мәслихаттың сессиясы, әдетте, ашық сипатта болады. Егер бұған қатысып отырған депутаттардың жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, жабық сессияларды өткізуге аудандық мәслихат сессиясы төрағасының немесе мәслихат сессиясына қатысып отырған депутаттар санының үштен бір бөлігінің ұсынысы бойынша жол беріледі.
      5. Жаңадан сайланған аудандық мәслихаттың бірінші сессиясын депутаттардың аудандық мәслихат үшін белгіленген санының кемінде төрттен үш бөлігі болған кезде, мәслихат депутаттары тіркелген күннен бастап отыз күндік мерзімнен кешіктірмей аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы шақырады.
      6. Аудандық мәслихаттың бірінші сессиясын сайлау комиссиясының төрағасы ашады және оны мәслихат сессиясының төрағасы сайланғанға дейін жүргізеді.
      Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы депутаттарға сессия төрағасының кандидатурасын енгізуді ұсынады, ол бойынша ашық дауыс беру жүргізіледі. Депутаттардың жалпы санының көпшілік даусын жинаған кандидат сайланған болып есептеледі.
      7. Аудандық мәслихаттың кезекті сессиясы кемінде жылына төрт рет шақырылады және оны аудандық мәслихат сессиясының төрағасы жүргізеді.
      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар аудандық мәслихатының 27.03.2015 № 35/204-V шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      8. Аудандық мәслихаттың кезектен тыс сессиясын аудандық мәслихатқа сайланған депутаттар санының кемінде үштен бірінің, сондай-ақ аудан әкімінің ұсынысы бойынша аудандық мәслихат сессиясының төрағасы шақырады және жүргізеді.
      Кезектен тыс сессия оны өткізу туралы шешім қабылданған күннен бастап бес күндік мерзімнен кешіктірілмей шақырылады. Кезектен тыс сессияда оны шақыруға негіз болған мәселелер ғана қаралады.
      9. Аудандық мәслихаттың хатшысы мәслихат сессиясын шақыру уақыты мен оның өткізілетін орны, сондай-ақ сессияның қарауына енгізілетін мәселелер туралы депутаттарға, халыққа және аудан әкіміне сессияға кемінде он күн қалғанда, ал кезектен тыс сессия шақырылған жағдайда, кемінде үш күн бұрын хабарлайды.
      Аудандық мәслихат хатшысы сессияның қарауына енгізілетін мәселелер бойынша қажетті материалдарды депутаттарға және аудан әкіміне сессияға кемінде бес күн қалғанда, ал кезектен тыс сессия шақырылған жағдайда, кемінде үш күн бұрын табыс етеді.
      10. Регламентте белгіленген тәртіппен аудандық мәслихат сессияларын, мәслихаттың тұрақты комиссияларының отырыстарын өткізу кезеңінде депутат қызметтік міндеттерін орындаудан босатылады, оған жергілікті бюджеттің қаражаты есебінен негізгі жұмыс орны бойынша орташа жалақысы, бірақ көрсетілген қызметте бір жылға дейінгі жұмыс өтілі бар аудан әкімінiң аппарат басшысының жалақысынан аспайтын мөлшерде және жол жүру уақыты ескеріліп, аудандық мәслихаттың сессиялары, тұрақты комиссияларының отырыстары өтетін мерзімдегі іссапар шығыстары өтеледі.
      11. Сессияның күн тәртібін аудандық мәслихат жұмысының перспективалы жоспарының, аудандық мәслихат хатшысы, аудандық мәслихаттың тұрақты комиссиялары, депутаттар топтары мен депутаттар, аудан әкімі ұсынған мәселелердің негізінде сессияның төрағасы қалыптастырады.
      Сессияның күн тәртібіне ұсыныстарды сессияның төрағасына жергілікті қоғамдастықтың жиналыстары, қоғамдық ұйымдар ұсынуы мүмкін.
      Сессияның күн тәртібін талқылау барысында ол толықтырылуы және өзгертілуі мүмкін. Сессияның күн тәртібін бекіту туралы аудандық мәслихат шешім қабылдайды.
      Күн тәртібі бойынша дауыс беру әрбір мәселе бойынша жеке өткізіледі. Егер мәселеге мәслихат депутаттарының көпшілігі дауыс берсе, ол күн тәртібіне енгізілді деп есептеледі.
      12. Сессияға енгізілетін мәселелерді сапалы дайындау үшін аудандық мәслихат хатшысы сессияны дайындау жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеуді уақтылы ұйымдастырады, оны аудан әкімімен келісім бойынша сессия төрағасы бекітеді.
      13. Аудандық мәслихаттың қарауына жататын мәселелер бойынша аудандық мәслихатының сессияларына аудан және ауылдық округ әкімдері, жұмысы туралы ақпарат сессияда қаралатын ұйымдардың басшылары мен өзге де лауазымды адамдары шақырылады. Сессияларға сессия төрағасының шақыруымен бұқаралық ақпарат құралдары, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар өкілдерінің қатысуына жол беріледі.
      14. Аудандық мәслихаттың отырысына шақырылған адамдар үшін мәжіліс залында арнайы орындар бөлінеді. Шақырылған адамдардың аудандық мәслихат сессиясының жұмысына араласуына, аудандық мәслихат сессиясының шешімдерін қолдайтынын немесе қолдамайтынын білдіруіне жол берілмейді.
      Шақырылған адам тәртіпті өрескел бұзған жағдайда, сессия төрағасының шешімі немесе сессияға қатысып отырған депутаттардың көпшілігінің талабы бойынша мәжіліс залынан шығарылуы мүмкін.
      15. Аудандық мәслихаттың отырыстары аудандық мәслихат айқындаған уақытта өткізіледі.
      Сессия төрағасы өз бастамасы бойынша немесе депутаттардың дәлелді ұсыныстары бойынша үзілістер жариялай алады. Жалпы отырыстың соңында депутаттарға қысқа мәлімдемелер немесе хабарламалар жасау үшін уақыт беріледі, олар бойынша жарыссөз ашылмайды.
      16. Аудандық мәслихат отырыстарында баяндамалар, қосымша баяндамалар, жарыссөзде сөйлеу үшін және отырыстарды өткізу тәртібі бойынша, кандидатураларды талқылау, дауыс беру, анықтамалар мен сұрақтар үшін сөз сөйлеу регламентін мәслихат айқындайды.
      Баяндамалардың уақыты 30 минуттен, қосымша баяндамалар 20 минуттен, ақпараттар – 15 минуттен, қорытынды сөздер – 10 минуттен аспауы тиіс.
      Жарыссөздерде сөйлегендерге 10 минутке дейін, жарыссөздерде қайталап сөйлегені үшін, сондай-ақ аудандық мәслихат шешімдерінің жобасын талқылау кезінде сөйлегені үшін – 5 минутке дейін, мәжілісті жүргізу тәртібі бойынша, дауыс беру рәсімі бойынша, кандидатураларды талқылау, арыз, ұсыныстар, өтініштер, сұрақтарға жауаптар, анықтамалар үшін – 3 минутке дейін беріледі.
      Баяндамашылар мен қосымша баяндамашыларға сұрақтарға жауап беру үшін уақыт бөлінеді. Егер сөз сөйлеуші бөлінген уақыттан асып кетсе, сессия төрағасы оның сөзін тоқтатады немесе отырысқа қатысып отырған депутаттардың көпшілігінің келісімімен сөз сөйлеу уақытын ұзартады.
      Аудандық мәслихат депутаты бір мәселе бойынша екі реттен артық сөйлей алмайды. Жарыссөздердегі депутаттық сауалдар, түсіндірме және сұрақтарға жауап беру үшін сөйлеу сөз сөйлеу деп есептелмейді. Сөйлеу құқығын басқа депутатқа беруге жол берілмейді.
      Жарыссөз сессияға қатысып отырған депутаттардың көпшілігінің ашық дауыс беруімен тоқтатылады. Жарыссөзді тоқтату туралы мәселе қойылған кезде, сессия төрағасы сөз сөйлеуге жазылған және сөйлеген депутаттардың саны туралы хабарлайды, кімнің сөз алуды талап ететіндігін анықтайды.
      17. Отырысты өткізу тәртібі бойынша сөз депутатқа сөз сөйлеп тұрған адамның сөзі аяқталған соң кезектен тыс беріледі. Сессия төрағасы анықтама, депутаттық сауал, сұраққа жауап және талқыланып отырған мәселе бойынша түсіндірме беру үшін кезектен тыс сөз бере алады.
      Баяндамашыларға сұрақтар жазбаша немесе ауызша түрде беріледі. Жазбаша сұрақтар сессия төрағасына беріледі және аудандық мәслихат отырысында жария етіледі.

2.2. Аудандық мәслихат актілерін қабылдау тәртібі

      18. Егер заңда өзгеше белгіленбесе, аудандық мәслихат өз құзыретінің мәселелері бойынша мәслихат депутаттарының жалпы санының көпшілік дауысымен шешімдер қабылдайды.
      19. Шешімдердің жобалары сессия төрағасына немесе аудандық мәслихат хатшысына беріледі.
      Сессияның төрағасы немесе аудандық мәслихаттың хатшысы қарауға қабылданған шешімдердің жобаларын барлық қажетті материалдарымен бірге тұрақты комиссияларға қарау және ұсыныстар дайындау үшін жолдайды. Бір мезгілде тұрақты комиссиялардың біріне мәслихат актісінің жобасы бойынша қорытынды, сессияға қосымша баяндама дайындау, қосымша ақпарат жинау және талдау жүргізу жүктелуі мүмкін.
      Шешімдердің жобаларымен жұмыс істеу және басқа да мәселелерді дайындау үшін тұрақты комиссиялар жұмыс топтарын құра алады. Қажет болған жағдайда жұмыс тобының құрамына басқа тұрақты комиссиялардың депутаттары тартылуы мүмкін. Жұмыс тобының жұмысына кез келген депутат қатыса алады.
      Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда, аудан әкімдігінің ұсынымы бойынша аудандық мәслихат онымен бірлескен шешім қабылдайды.
      20. Аудандық мәслихаттың жалпыға міндетті маңызы бар, азаматтардың құқығына, еркіндігі мен міндеттеріне қатысты шешімдері Оңтүстік Қазақстан облысының Әділет департаментінде мемлекеттік тіркелуге және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жариялануға тиіс.
      21. Шешімдердің баламалы жобаларын аудандық мәслихат және оның органдары негізгі жобамен бірге қарайды. Сессияға мәселе дайындауға қатысушы тұрақты комиссиялар арасында келіспеушіліктер болған жағдайда, комиссиялардың төрағалары және сессия төрағасы оларды жою бойынша шаралар қабылдайды, қалған келіспеушіліктер аудандық мәслихаттың назарына жеткізіледі.
      22. Сессияда мәселені қараған кезде баяндама, қажет болған жағдайда, тұрақты комиссиялардың, жұмыс топтары мен уақытша комиссиялардың қосымша баяндамалары тыңдалады.
      Комиссияның баяндамасында жобаға енгізілген және қайтарылған ұсыныстар көрсетіледі, түзетулерді қабылдаудың немесе қайтарудың себептері дәлелденеді.
      Қосымша баяндаманың ережелерімен немесе шешімнің жобасы бойынша қорытындылармен келіспейтін тұрақты комиссиялар, комиссиялардың және жұмыс топтарының жекелеген мүшелері өз пікірлерін қаралатын мәселе бойынша жалпы жарыссөз басталғанға дейін баяндай алады.
      23. Шешімнің жобасын талқылау тармақтар бойынша жүргізіледі. Жобаларға түзетулер ұсынылып отырған өзгерістер немесе толықтырулар нақты тұжырымдалып, олардың шешім жобасының мәтініндегі орны көрсетіліп, жазбаша түрде беріледі. Осы талаптарды қанағаттандырмайтын түзетулер қарауға қабылданбайды.
      24. Аудандық мәслихат сессиясы күн тәртібінің әрбір мәселесі бойынша шешім қабылдайды. Бір мәселе бойынша шешімдердің бірнеше нұсқасы енгізілген жағдайда, олардың әрқайсысы сессияға қатысып отырған депутаттарға беріледі.
      Аудандық мәслихаттың уақытша комиссиясы болып табылатын редакциялық комиссия шешімдердің ұсынылған нұсқаларын қабылдау немесе кері қайтару туралы өзінің пікірін жеткізеді және дәлелдейді.
      Шешімдердің енгізілген барлық жобалары дауысқа салынады. Жобалардың бірі негізге алынғаннан кейін депутаттар оған түзетулер қабылдау рәсіміне кіріседі.
      25. Аудандық мәслихат шешімінің жобасына түзетулер болған жағдайда, дауыс беру мынадай ретпен жүзеге асырылады:
      1) аудандық мәслихат шешімінің ұсынылған (пысықталған) жобасы негізге алынады, ол кері қайтарылған жағдайда, түзетулер бойынша одан әрі дауыс беру тоқтатылады;
      2) негізге алынған жобаға кірмеген барлық түзетулер кезек бойынша дауысқа салынады;
      3) сессия шешімі қабылданған түзетулерді ескере отырып, тұтастай дауысқа салынады. Шешімдердің қабылданбаған жобалары және оларға түзетулер бойынша ағымдағы сессияда қайта дауыс беруге жол берілмейді.
      26. Түзетулер жеке-жеке дауысқа салынады, оларға дауыс берудің ретін төрағалық етуші айқындайды. Өзара қарама-қайшы келетін түзетулер бойынша дауыс беру алдында соңғысын төрағалық етуші оқиды. Түзету авторларының олардың мәні бойынша түсінік беріп немесе оларды талқылаудан алып тастау туралы ұсыныспен сөз сөйлеуіне жол беріледі.
      Аудандық мәслихат шешімдеріне өзгерістер оларды қабылдау үшін белгіленген тәртіппен енгізіледі.
      Сессиялардың хаттамалары сессиядан кейін бір айдан кешіктірілмей басылып, заңнамада белгіленген тәртіппен сақталады.
      27. Жоспарлардың, ауданды әлеуметтік-экономикалық дамыту бағдарламаларының, олардың орындалуы туралы есептердің, ауданды басқару схемаларының жобалары және аудандық мәслихат сессиясының қарауына шығарылатын басқа да мәселелер, сондай-ақ олар бойынша шешімдердің тиістілігіне қарай келісу бұрыштамалары қойылған, барлық қажетті материалдары қоса берілген жобалары аудандық мәслихатқа кезекті сессияға дейін үш апта бұрын аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының қарауына енгізіледі.
      28. Отырар ауданы бюджетінің жобасы аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларында қаралады. Аудандық мәслихаттың хатшысы бюджеттің жобасын қарау жөніндегі депутаттық уақытша жұмыс тобын құрады, оның құрамына аудандық мәслихат аппаратының қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қосылуы мүмкін.
      Тұрақты комиссиялар уақытша жұмыс тобының пікірін ескере отырып, тиісті негіздемелермен және есептермен аудан бюджетінің жобасы бойынша ұсыныстар әзірлейді және оларды ұсыныстарды жинау мен аудан бюджетінің жобасы бойынша қорытынды әзірлеуді жүзеге асыратын бейінді тұрақты комиссияға жібереді.
      Экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі сессия басталуынан кемінде екі апта бұрын сессия төрағасына, аудандық мәслихаттың хатшысына барлық қажетті материалдармен бірге бюджет туралы шешім жобасының түпкілікті нұсқасын ұсынады.
      Ауданның бюджетін облыстық бюджетті бекіту туралы облыстық мәслихаттың шешіміне қол қойылғаннан кейін екі апта мерзімнен кешіктірмей аудандық мәслихат бекітеді.
      29. Мәслихаттың кезекті сессиясына тиісті жылға арналған жергілікті бюджетті нақтылауға қатысты жоспардан тыс мәселелер енгізілген жағдайда, материалдарды ұсыну бюджеттік заңнамада көзделген мерзімдерде жүзеге асырылады.
      30. Ауданның бюджеті нақтыланған кезде, аудандық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында оны шақыру туралы шешім қабылданған күннен бастап екі күн ішінде тұрақты (уақытша) комиссияларда бюджет жобасын қарау бойынша жұмыстар жүргізіледі.

3. Есептерді тыңдау тәртібі

      31. Аудандық мәслихат аудан әкімінің есептерін тыңдау жолымен жергілікті бюджеттің, аумақтарды дамыту бағдарламаларының орындалуын бақылауды жүзеге асырады.
      32. Аудандық мәслихат "Әкімдердің мәслихаттар алдында есеп беруін өткізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 18 қаңтардағы № 19 Жарлығына сәйкес сессияда аудан әкімінің есебін тыңдайды.
      Аудан әкімнің (оның міндетін атқарушы адамның) өзіне жүктелген функциялар мен міндеттерді орындауы туралы есебі және ол бойынша шешімнің жобасы тиісті сессиядан үш апта бұрын аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының қарауына енгізіледі.
      Аудан әкімі ұсынған аумақтарды дамыту жоспарларының, экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларының орындалуы, жергілікті бюджеттің атқарылуы туралы есептерді аудандық мәслихаттың екі рет бекітпеуі Заңның 24-бабына сәйкес аудан әкiміне сенiмсiздiк бiлдiру туралы аудандық мәслихаттың мәселе қарауы үшін негіз болып табылады.
      33. Аудандық мәслихат сессия төрағасының және аудандық мәслихат хатшысының, тұрақты комиссиялар төрағаларының және аудандық мәслихаттың өзге органдарының есебін тыңдайды.
      Аудандық мәслихат хатшысы жылына кемінде бір рет аудандық мәслихаттың кезекті сессияларында аудандық мәслихаттың қызметін ұйымдастыру бойынша атқарылған жұмыс, депутаттардың сауалдары мен депутаттық өтініштердің қаралу барысы, сайлаушылардың өтініштері және олар бойынша қабылданған шаралар, мәслихаттың жергілікті өзін-өзі басқарудың өзге де органдарымен өзара іс-қимыл жасауы, аудандық мәслихат аппаратының қызметі туралы есеп береді.
      Аудандық мәслихат сессиясының, мәслихаттың тұрақты комиссияларының және өзге де органдарының төрағалары жылына кемінде бір рет аудандық мәслихаттың кезекті сессияларында жүктелген функциялар мен өкілеттіктердің орындалуы туралы есеп береді.
      34. Облыстың тексеру комиссиясының аудандық бюджеттің атқарылуы туралы есебін аудандық мәслихат жыл сайын қарайды.
      35. Аудандық мәслихат жылына кемінде бір рет халық алдында мәслихаттың атқарған жұмысы, оның тұрақты комиссияларының қызметі туралы есеп береді.
      Аудан, ауылдық округ тұрғындарын аудандық мәслихаттың есебімен жергілікті қоғамдастықтың жиындарында аудандық мәслихаттың хатшысы, тұрақты комиссиялардың төрағалары басқаратын депутаттар тобы таныстырады.

4. Депутаттардың сауалдарын қарау тәртібі

      36. Аудандық мәслихат депутаты аудандық мәслихат құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша ресми жазбаша сауалмен аудан әкіміне, аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшесіне, аудан прокурорына және жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың лауазымды адамдарына жүгінеді.
      37. Сессия басталғанға дейін енгізілетін сауалдар сессияның төрағасына, аудандық мәслихат хатшысына беріледі және оларды сессияның күн тәртібіне енгізу туралы мәселе шешілген жағдайда оның отырысында қаралады. Сауал бағытталған органға немесе лауазымды адамға аудандық мәслихаттың хатшысы оның көшірмесін жолдайды. Сессияны өткізу барысында енгізілетін сауалдар төрағалық етушіге отырыста беріледі.
      38. Сессияда қаралуға тиіс басқа мәселелерге байланысы жоқ сауал күн тәртібіне жеке мәселе ретінде енгізіледі не сессия жұмысының соңында бұл үшін арнайы бөлінген уақытта қаралады. Мәслихат сессияның күн тәртібін сауалдармен және сұрақтармен жұмыс істеуге уақыт резерві көзделетіндей етіп айқындайды. Сессияда шешілуге тиіс басқа мәселелермен байланысты сауалдар күн тәртібіне енгізілмейді және төрағалық етуші оларды сессияда тиісті мәселе бойынша жарыссөздер басталғанға дейін жария етеді.
      39. Аудандық мәслихат сауалды қарауды басқа сессияға ауыстыра алады. Сауалдарды енгізген депутаттар сессияның күн тәртібі бекітілгенге дейін оларды кері қайтарып ала алады. Күн тәртібі бекітілгеннен кейін сауалды қараудан алып тастау мәслихаттың шешімі бойынша жүзеге асырылады. Жазбаша түрде берілген сауалдар сессияның хаттамасына тіркеледі.
      40. Депутаттық сауалға жауап бір айдан кешіктірілмейтін мерзімде жазбаша нысанда берілуі тиіс.
      Депутат сауалға берілген жауап бойынша өз пікірін білдіруге құқылы. Прокурорға жолданған сауалдар қылмыстық қудалауды жүзеге асырумен байланысты болмауы тиіс.

5. Аудандық мәслихаттың лауазымды адамдары, тұрақты комиссиялары, аудандық мәслихаттың депутаттық бірлестіктері
5.1. Аудандық мәслихат сессиясының төрағасы

      41. Аудандық мәслихаттың кезектi сессиясының төрағасы аудандық мәслихаттың алдыңғы сессиясында оның депутаттарының арасынан ашық дауыспен сайланады.
      Кандидатураларды енгізгеннен кейін аудандық мәслихат депутаттары ашық дауыс беруді жүргізеді.
      Егер кандидатқа депутаттардың жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, ол сайланды деп есептеледі.
      Аудандық мәслихат депутаты күнтiзбелiк бір жыл iшiнде аудандық мәслихат сессиясының төрағасы болып екi реттен артық сайлана алмайды.
      Сессияның төрағасы болмаған жағдайда оның өкiлеттiгiн аудандық мәслихат хатшысы жүзеге асырады.
      42. Аудандық мәслихат сессиясының төрағасы:
      1) аудандық мәслихат сессиясын шақыру туралы шешiм қабылдайды;
      2) аудандық мәслихат сессиясын дайындауға басшылық жасауды жүзеге асырады, сессияның күн тәртiбiн қалыптастырады;
      3) аудандық мәслихат сессиясының отырыстарын жүргiзедi, аудандық мәслихат регламентiнiң сақталуын қамтамасыз етедi;
      4) аудандық мәслихаттың сессиясында қабылданған немесе бекiтiлген аудандық мәслихат шешiмдерiне, хаттамаларға, өзге де құжаттарға қол қояды.
      Аудандық мәслихат сессиясының төрағасы өз функцияларын басқа жұмыстан босатылмаған негiзде жүзеге асырады.
      43. Егер аудандық мәслихат сессиясында дауыс беру кезiнде депутаттардың дауысы тең бөлiнген жағдайда, аудандық мәслихат сессиясының төрағасы шешушi дауыс құқығын пайдаланады.

5.2. Аудандық мәслихат хатшысы

      44. Бірінші сессияда аудандық мәслихат депутаттар арасынан аудандық мәслихаттың хатшысын сайлайды, ол тұрақты негізде жұмыс істейтін және мәслихатқа есеп беретін лауазымды адам болып табылады. Аудандық мәслихат хатшысы мәслихат өкілеттігінің мерзіміне сайланады.
      Аудандық мәслихат хатшысы өкілеттіктерін Заңға және осы регламентке сәйкес жүзеге асырады.
      45. Аудандық мәслихат хатшысының лауазымына кандидатураларды мәслихаттың депутаттары аудандық мәслихаттың сессиясында ұсынады. Ұсынылатын кандидатуралардың санына шек қойылмайды. Кандидаттар өздерінің алдағы қызметінің үлгі бағдарламаларымен таныстырады. Егер ашық немесе жасырын дауыс беру нәтижесінде аудандық мәслихат депутаттарының жалпы санының көпшілік даусын алса, кандидат аудандық мәслихаттың хатшысы лауазымына сайланды деп есептеледі.
      Егер аудандық мәслихат хатшысының лауазымына екіден көп кандидат ұсынылған болса және олардың бірде-бірі сайлану үшін талап етілетін дауыс санын ала алмаса, неғұрлым көп дауыс алған екі кандидатура бойынша қайтадан дауыс беру жүргізіледі.
      Егер қайтадан дауыс беру кезінде осы кандидаттардың бірде-бірі депутаттардың жалпы санының жартысынан астам даусын ала алмаса, қайтадан сайлау өткізіледі.
      46. Аудандық мәслихат хатшысының аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының құрамына кіруге құқығы жоқ. Аудандық мәслихат хатшысының өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, жаңа хатшыны сайлау Заңда және осы регламентте белгіленген тәртіппен өткізіледі.

5.3. Аудандық мәслихаттың тұрақты және уақытша комиссиялары

      47. Аудандық мәслихат өз өкілеттігінің мерзіміне бірінші сессияда депутаттар қатарынан аудандық мәслихаттың қарауына жататын мәселелерді алдын ала қарау және дайындау, оның шешімдерін жүзеге асыруға ықпал ету, өз құзыреті шегінде бақылау функцияларын жүзеге асыру үшін тұрақты комиссиялар құрады. Тұрақты комиссиялардың төрағалары мен мүшелерін депутаттар арасынан ашық дауыс беру арқылы мәслихат сайлайды.
      Әрбір тұрақты комиссияның тізбесі, саны және құрамы жеке-жеке дауысқа салынады. Олардың сандық және дербес құрамы сессия төрағасының, аудандық мәслихат хатшысының ұсынысы бойынша айқындалады.
      Тұрақты комиссиялардың саны жетіден аспауға тиіс.
      Аудандық мәслихаттың тұрақты комиссиялары төрағаларының кандидатуралары тұрақты комиссиялардың отырыстарына шығарылады. Кандидатуралардың санына шек қойылмайды. Аудандық мәслихат отырысында төрағалардың кандидатураларын талқылау әр комиссия бойынша жеке-жеке өткізіледі.
      Тұрақты комиссиялар жұмыс топтарын құра алады.
      48. Тұрақты комиссиялардың қызметін ұйымдастыру, функциялары мен өкілеттіктері Заңмен айқындалады.
      49. Аудандық мәслихаттың қарауына жатқызылған жекелеген мәселелерді сессияларда қарауға дайындау мақсатында аудандық мәслихат не аудандық мәслихаттың хатшысы уақытша комиссиялар құруға құқылы. Уақытша комиссиялардың құрамын, міндеттерін, өкілеттік мерзімдері мен құқықтарын оны құрған кезде аудандық мәслихат не аудандық мәслихаттың хатшысы айқындайды.
      50. Тұрақты комиссиялар өз бастамасы немесе аудандық мәслихат шешімі бойынша көпшілік тыңдаулар өткізе алады.
      Көпшілік тыңдаулар депутаттардың, атқарушы органдар, жергілікті өзін- өзі басқару органдары, ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің, азаматтардың қатысуымен осы комиссиялардың кеңейтілген отырыстары нысанында тұрақты комиссиялардың қарауына жатқызылған өте маңызды және қоғамдық маңызы бар мәселелерді талқылау мақсатында өткізіледі.
      Көпшілік тыңдаулар өткізу үшін депутаттар қатарынан жұмыс тобы құрылады. Тыңдауларды дайындау үшін өзге мемлекеттік органдар мен ұйымдардың мамандары жұмылдырылуы мүмкін.
      Тұрақты комиссия алда болатын көпшілік тыңдаулардың тақырыбын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халықтың назарына жеткізеді.
      Көпшілік тыңдауларға тұрақты комиссия мүдделі мемлекеттік органдардың, жұртшылықтың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін шақырады. Көпшілік тыңдауларда аудандық мәслихаттың басқа тұрақты комиссияларының депутаттары қатыса алады.
      51. Қаралатын мәселелер "Мемлекеттік құпиялар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекеттік немесе қызметтік құпияға жатқызылған жағдайларды қоспағанда, тұрақты комиссиялардың отырыстары, әдетте, ашық болады.
      Тұрақты комиссиялардың отырыстары қажеттiлiгiне қарай шақырылады және егер отырысқа олардың құрамына кiретiн депутаттардың жалпы санының жартысынан астамы қатысса, заңды болып есептеледi.
      Тұрақты комиссияның қаулысы комиссия мүшелерiнің жалпы санының көпшiлiк дауысымен қабылданады.
      Егер комиссияның отырысында дауыс беру кезiнде депутаттардың дауысы тең бөлiнген жағдайда, тұрақты комиссияның төрағасы шешушi дауыс құқығын пайдаланады.
      Тұрақты комиссияның қаулысы мен отырыстың хаттамасына оның төрағасы қол қояды, ал бiрнеше тұрақты комиссияның бiрлескен отырысы өткiзiлген жағдайда, тиiстi комиссиялардың төрағалары қол қояды.

5.4. Аудандық мәслихаттың редакциялық және есеп комиссиялары

      52. Аудандық мәслихат ашық дауыс беру арқылы депутаттар қатарынан құрамы тақ санды құрайтын есеп және редакциялық комиссияларын сайлайды. Есеп және редакциялық комиссияларының құрамына аудандық мәслихат аппаратының және басқа мемлекеттік ұйымдардың қызметкерлері енгізілуі мүмкін.
      53. Редакциялық комиссияның құрамы қаралатын мәселенің ерекшелігі, комиссия мүшелерінің мамандықтары, біліктіліктері мен жұмыс тәжірибелері ескеріле отырып қалыптастырылады.
      Редакциялық комиссия кезекті сессияға да сайлануы мүмкін.
      54. Ашық дауыс беру өткізілгенде есеп комиссиясы дауыс беру және оның қорытындысын шығару процесін ұйымдастырады.
      Есеп комиссиясы өз құрамынан төраға мен комиссия хатшысын сайлайды, оның шешімдері ашық дауыс беру арқылы көпшілік дауыспен қабылданады.
      Ашық дауыс беру басталмас бұрын сессия төрағасы дауысқа түскен ұсыныстардың санын көрсетеді, олардың мазмұнын оқиды.
      Жасырын дауыс берудің уақыты мен орнын, оны өткізудің тәртібін есеп комиссиясы аудандық мәслихат регламентінің негізінде белгілейді және есеп комиссиясының төрағасы хабарлайды. Бюллетеньдер беру тікелей дауыс беру алдында жүргізіледі, олар есеп комиссиясы белгілеген нысанда оның бақылауымен, отырысқа қатысып отырған депутаттардың санына тең мөлшерде жасалады және есеп комиссиясының төрағасы қол қояды. Белгіленген нысанға сәйкес келмейтін бюллетеньдер санақта есепке алынбайды.

5.5. Аудандық мәслихаттағы депутаттық бірлестіктер

      55. Аудандық мәслихат депутаттары саяси партиялардың фракциялары және өзге де қоғамдық бірлестіктер, депутаттық топтар түрінде депутаттық бірлестіктер құра алады. Аудандық мәслихат хатшысы депутаттық бірлестіктерге кірмейді. Депутаттың тек бiр ғана депутаттық фракцияда болуға құқығы бар.
      56. Депутаттық фракциялар мен топтарды тіркеу аудандық мәслихат сессиясында жүзеге асырылады, келіп тіркелу тәртібімен жүргізіледі және тек ақпараттық сипатта болады.
      57. Депутаттық бірлестіктердің мүшелері:
      1) аудандық мәслихаттың күн тәртібі, талқыланатын мәселелерді қарау тәртібі және олардың мәні бойынша ескертулер мен ұсыныстар енгізуі;
      2) аудандық мәслихат сайлайтын немесе тағайындайтын лауазымды адамдардың кандидатуралары бойынша пікірлерін айтуы;
      3) аудандық мәслихат шешімдерінің жобаларына түзетулер ұсынуы;
      4) депутаттық бірлестіктің қызметі үшін қажетті материалдар мен құжаттарды сұратуы мүмкін.
      58. Саяси партияның фракциясы өз қызметінде саяси партияның басшы органдарымен өзара іс-қимыл жасайды, сондай-ақ саяси партияның қоғамдық қабылдау бөлмесінің жұмысына қатысады. Фракция мәслихаттың кемiнде бес депутатын бiрiктiруге тиiс. Депутаттық топтың құрамында аудандық мәслихаттың кемiнде бес депутаты болуға тиiс.

6. Депутаттық этика

      59. Аудандық мәслихат депутаттары:
      1) бір-біріне және аудандық мәслихат сессияларының, аудандық мәслихат комиссиялары мен оның жұмыс органдарының жұмысына қатысатын барлық басқа да тұлғаларға құрметпен қарауға тиіс;
      2) өздері сөз сөйлегенде дәлелсіз айыптауларды, мәслихат депутаттарының және басқа тұлғалардың ар-намысы мен абыройына нұқсан келтіретін дөрекі, жәбірлейтін сөздерді қолданбауға тиіс;
      3) заңсыз және зорлық-зомбылық әрекеттерге шақырмауға тиіс;
      4) аудандық мәслихаттың, аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының және өзге де органдарының қалыпты жұмыс істеуіне кедергі келтірмеуге тиіс;
      5) сөйлеушілердің сөзін бөлмеуге тиіс.
      60. Көпшілік іс-шараларды өткізген кезде бұқаралық ақпарат құралдарында сөз сөйлегенде, мемлекеттік органдардың, лауазымды адамдар мен азаматтардың қызметіне пікір білдіргенде депутат дәлелденген, тексерілген фактілерді ғана пайдалануы тиіс.
      61. Депутат мемлекеттік органдармен және ұйымдармен, бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара қатынастарда өзінің депутаттық мәртебесінің артықшылығын жеке мүддесі үшін пайдаланбауға тиіс.
      62. Аудандық мәслихат депутаты өзіне депутаттық өкілеттігін жүзеге асыру барысында белгілі болған мәліметтерді, егер бұл мәліметтер сессиялардың, аудандық мәслихаттың тұрақты комиссиялары мен оның өзге де органдарының жабық отырыстарында қаралған мәселелерге қатысты болса, жария ете алмайды.
      63. Аудандық мәслихат атынан өкілдік етуге арнайы өкілеттігі жоқ аудандық мәслихат депутаты мемлекеттік органдармен және ұйымдармен тек қана өз атынан байланысқа түсе алады.
      64. Аудандық мәслихат депутатына өз міндеттерін орындамағаны және (немесе) тиісінше орындамағаны, сондай-ақ аудандық мәслихат регламентінде белгіленген депутаттық этика қағидаларын бұзғаны үшін Заңның 21-бабына сәйкес жазалау шаралары қолданылуы мүмкін.

7. Аудандық мәслихат аппаратының жұмысын ұйымдастыру

      65. Аудандық мәслихат пен оның органдарының қызметін ақпараттық-талдамалық, ұйымдық-құқықтық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету, депутаттарға өздерiнiң өкiлеттiктерiн жүзеге асыруға көмек көрсету үшін аудандық мәслихат аппараты құрылады.
      Аудандық мәслихат аппараты аудандық бюджет есебiнен қамтылатын мемлекеттiк мекеме болып табылады.
      Аудандық мәслихат аппараты туралы ережені мәслихат бекітеді.
      66. Аудандық мәслихат Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген штат саны мен бөлінген қаражат лимитi шегiнде аудандық мәслихат аппаратының құрылымын бекiтедi, оны қамтуға және материалдық-техникалық қамтамасыз етуге арналған шығыстарды айқындайды.
      67. Аудандық мәслихат аппаратының мемлекеттiк қызметшiлерiнiң қызметi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      Аудандық мәслихаттың өкiлеттiк мерзiмi аяқталғанда, аудандық мәслихат өкiлеттiгi мерзiмiнен бұрын тоқтатылған және оның депутаттарының жаңа құрамы сайланған жағдайларда, аудандық мәслихат аппаратының мемлекеттiк қызметшiлерiнiң қызметi тоқтатылмайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады