Иондандырушы сәулелену әсеріне ұшыраған адамдардың қаны мен тіндерін алу, сақтау және пайдалану қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы № 43 бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2015 жылы 3 наурызда № 10374 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 20 қазандағы № ҚР ДСМ - 141/2020 бұйрығымен.

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Денсаулық сақтау министрінің 20.10.2020 № ҚР ДСМ - 141/2020 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Кодексінің 7-бабының 1-тармағының 82-тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Иондандырушы сәулелену әсеріне ұшыраған адамдардың қаны мен тіндерін алу, сақтау және пайдалану қағидалары бекітілсін.

      2. Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күннің ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің интернет-ресурсына орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі А.В. Цойға жүктелсін.

      4. Осы бұйрық оны алғашқы ресми жариялаған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Министр

Т. Дүйсенова


  Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау
және әлеуметтік даму министрінің
2015 жылғы 30 қаңтардағы
№ 43 бұйрығымен бекітілді

Иондандырушы сәулелену әсеріне ұшыраған адамдардың қаны
мен тіндерін алу, сақтау және пайдалану қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Иондандырушы сәулелену әсеріне ұшыраған адамдардың қаны мен тіндерін aлу, сақтау және пайдалану қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) иондандырушы сәулелену әсеріне ұшыраған адамдардың қаны мен тіндерін (бұдан әрі - биологиялық материал) алу, сақтау және пайдалану тәртібін айқындайды.

      2. Иондандырушы сәулелену әсеріне ұшыраған адамдардың биологиялық материалын алуды, сақтауды және пайдалануды денсаулық сақтау ұйымдары жүзеге асырады.

      3. Биологиялық материал мынадай иондандырушы сәулелену әсеріне ұшыраған адамдардан алынады:

      "Радиациялық қауіпсіздікке қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 2 ақпандағы № 201 қаулысымен бекітілген гигиеналық нормативтерімен (бұдан әрі - гигиеналық нормативтер) белгіленген радиациялық апатты жою кезінде ұйғарынды мөлшерден артық сәуле алған адамдардан;

      Иондандырушы сәулелендіру көздерінен осы сәлеленумен байланысты аурулары бар персонал мен адамдар үшін гигиеналық нормативтермен белгіленген мөлшерлік шектеуден артық сәулеленудің тиімді мөлшерін алғандардан;

      1949 — 1965 жылдар аралығында әуедегі және жердегі ядролық жарылыстарды жүргізу кезінде радиоактивті заттармен ластанған аумақтарда тұрған, жұмыс істеген немесе қызметін (оның ішінде мерзімді) өтеген адамдардан;

      1966 — 1990 жылдар аралығында жер асты ядролық жарылыстарын жүргізу кезінде радиоактивті заттармен ластанған аумақтарда тұрған, жұмыс істеген немесе қызметін (оның ішінде мерзімді) өтеген адамдардан;

      иондандырушы сәулелену әсеріне ұшыраған адамдардың балалары мен барлық кейінгі ұрпақтарынан.

2. Иондандырушы сәулелену әсеріне ұшыраған адамдардан
биологиялық материал алу

      4. Иондандырушы сәулелену әсеріне ұшыраған адамдардан биологиялық материал алу олардың ерікті түрде хабардар етілген келісімі болғанда және алдыңғы үш ай ішінде қан препараттарын құю және рентгендік зерттеулер жүргізілмеген жағдайда жүзеге асырылады.

      5. Биологиялық материал алуды емдік-диагностикалық манипуляциялар жүргізу (биопсиялық материалды алу, онкологиялық аурулар бойынша ота жасау) кезінде денсаулық сақтау ұйымдарының мамандары жүргізеді.

      6. Қан Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2009 жылғы 6 қарашадағы № 666 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5925 болып тіркелген) бекітілген Қанды және оның компоненттерін дайындау, өңдеу, сақтау, өткізу ережелеріне сәйкес көктамырдан алынады.

      7. Биологиялық материалды алу кезінде оны таңбалау жүргізіледі.

      8. Биологиялық материалды алу кезінде мынадай ақпараттан тұратын ілеспе құжаттар толтырылады: зерттелуші адамның төлқұжат деректері, тұрғылықты жері, биологиялық материал алынған күн, денсаулық жағдайы туралы мәліметтер (басынан өткізген аурулар, созылмалы және қатерлі аурулардың болуы, рентгендік зерттеулерінен өткені, дәрілік препараттарды ішкені, ішімдікке салынуы туралы), жақын туыстарының денсаулық жағдайы туралы ақпарат (басынан өткізген аурулардың анамнезі, қатерлі жаңа өскіндердің, созылмалы аурулардың болуы).

      9. Биологиялық материал үлгілерін сақтау орнына дейін тасымалдау Цельсий бойынша +4-тен +6 градусқа дейінгі температуралық режим сақтала отырып жүзеге асырылады.

3. Иондандырушы сәулелену әсеріне ұшыраған адамдардың
биологиялық материалын сақтау және пайдалану

      10. Биологиялық материал денсаулық сақтау ұйымында сақталады.

      11. Қан үлгілерін және тіндердің үлгілері салынған балауыз блоктарды сақтау Цельций бойынша +5-тен +22 градусқа дейінгі температуралық режим сақталатын жеке үй-жайларда жүзеге асырылады.

      12. Қан үлгілері мұздатудың және жасушалық материалды сақтаудың автоматтандырылған жүйесінде сұйық азотта немесе Цельсий бойынша -135-тен -196 градусқа дейінгі температуралық режим сақталатын терең қатырылатын тоңазытқыш қондырғыларда сақталады.

      13. Әрбір қан үлгісі арнайы сауыттарда - криотүтіктерде немесе криошишаларда сақталады.

      14. Сақтауға арналған сауыттар азоттың деңгейін және оның толу уақытын бақылауға мүмкіндік беретін автоматты дабыл жүйесімен жабдықталуы тиіс.

      15. Биологиялық материал үлгілерін сақтауға арналған арнайы жабдыққа қызмет көрсетуді осы жабдықпен жұмыс істеуге рұқсаты бар қызметкерлер жүзеге асырады.

      16. Биологиялық материалды сақтау кезінде температуралық режимге тұрақты бақылау жүргізіледі.

      17. Электр жабдығы жарамды жағдайда болады, жеке үй-жайда орналасады және үздіксіз, резервтік қоректендірумен қамтамасыз етіледі.

      18. Биологиялық материал туралы мәліметтер биологиялық материалды сақтауды жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымының базасында құрылатын электрондық дерекқорға енгізілуі тиіс.

      Сақтауға берілген биологиялық материалға мынадай ақпарат көрсетілген сәйкестендіру коды тағайындалады: зерттелуші адамның төлқұжат деректері, тұрақты тұрғылықты жері, биологиялық материалдың түрі, биологиялық материал алынған күн.

      Ескерту. 18-тармақтың орыс тіліндегі мәтіні жаңа редакцияда жазылды, қазақ тіліндегі мәтіні өзгермейді - ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің м.а. 29.07.2015 № 635 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      19. Биологиялық материалдың электрондық дерекқоры Иондандырушы сәулелену әсеріне ұшыраған адамдардың биологиялық материалының тіркелімі түрінде ресімделеді.

      20. Иондандырушы сәулелену әсеріне ұшыраған адамдардың биологиялық материалы ғылыми ұйымдар немесе ғылыми қызметті жүзеге асыратын зерттеушілер арқылы ғылыми мақсаттарда пайдаланылады.

      21. Биологиялық материалды алу үшін биологиялық материалды сақтауды жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымына мынадай құжаттар ұсынылады:

      биологиялық материал үлгісінің мөлшері және зерттеу мерзімі көрсетілген өтініш;

      өтініштер келіп түскен күнінен бастап 7 жұмыс күні ішінде қаралады.

      Биологиялық материалды сақтауды жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымының басшысы биологиялық үлгіні беру туралы шешімді өтініш келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қабылдайды.

      Биоматериалды беру биологиялық материалды сақтауды жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымының басшысы шешім қабылдаған кезден бастап 7 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

      22. Зерттеу аяқталғаннан кейін зерттеу жүргізген ғылыми ұйым немесе зерттеуші биологиялық материалды берген ұйымның басшысына:

      зерттеу барысында пайдаланылмаған биологиялық материалдың үлгілерін;

      биологиялық материалдың әрбір үлгісін зерттеу туралы есепті ұсынады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады