Құрылыс салудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы № 238 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 26 наурызда № 10523 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы № 750 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Ұлттық экономика министрінің 30.11.2015 № 750 бұйрығымен (2016 жылғы 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізіледі).

      «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» 2001 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабының 23-14) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Құрылыс салудың үлгілік қағидалары бекітілсін.
      2. Мыналардың:
      1) «Құрылыс салудың аумақтық ережелерін әзірлеудің қағидасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі төрағасының 2012 жылғы 10 желтоқсандағы № 603 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8267 тіркелген, 2013 жылғы 17 қазандағы № 233 (2812) «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған);
      2) «Құрылыс салудың аумақтық ережелерін әзірлеудің қағидасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі төрағасының 2012 жылғы 10 желтоқсандағы № 603 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Өңірлік даму министрінің 2014 жылғы 10 қаңтардағы № 3/НҚ бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9145 тіркелген, 2014 жылғы 4 наурызда № 43 (28267) «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған) күштері жойылды деп танылсын.
      3. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитеті заңнамада белгіленген тәртіпте:
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы бұйрықтың мемлекеттік тіркелгеннен кейін он күнтізбелік күн ішінде оны ресми жариялауға мерзімдік баспа басылымдарына және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесіне жіберілуін;
      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің жетекші вице-министріне жүктелсін.
      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Ұлттық экономика министрі                           Е. Досаев

Қазақстан Республикасы     
Ұлттық экономика министрінің
2015 жылғы 20 наурыздағы   
№ 238 бұйрығымен бекітілген

Құрылыс салудың үлгілік қағидалары

1-бөлім. Жалпы ережелер

      1. Осы _______________ аумағында құрылыс салу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 1 шілдедегі Азаматтық кодексіне, 2003 жылғы 20 маусымдағы Жер кодексіне (бұдан әрі – Жер кодексі), 2007 жылғы 9 қаңтардағы Экологиялық кодексіне, 2001 жылғы 30 қаңтардағы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы», 2001 жылғы 23 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы», 1997 жылғы 16 сәуірдегі «Тұрғын үй қатынастары туралы», 1994 жылғы 3 қарашадағы «Жеке тұрғын үй құрылысы туралы», 2003 жылғы 19 желтоқсандағы «Жарнама туралы», 2006 жылғы 31 қаңтардағы «Жеке кәсіпкерлік туралы» заңдарына, өзге де нормативтік құқықтық актілерге сәйкес әзірленді және сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі субъектілерінің жер учаскелерін пайдалану, елді мекеннің аумағы мен қала маңындағы аймақтарды жобалау мен салу жөніндегі шарттар мен талаптарды белгілейді, жаңа объектілер салуға және орналастыруға, қолданыстағы жылжымайтын мүлік объектілерін өзгертуге (қайта бейімдеу, қайта жабдықтау, қайта жоспарлау, реконструкциялау, кеңейту, күрделі жөндеу), жер учаскесінің нысаналы мақсатын, үй-жайлардың функционалдық мақсатын өзгертуге, жылжымайтын мүлік объектілерін пайдалануға беруге, сондай-ақ қолданыстағы ғимараттар мен құрылыстарды бұзуға рұқсат беру рәсімдерін өту тәртібін белгілейді, сондай-ақ, _______________ аумағында сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін жүзеге асырумен байланысты өзге де қарым-қатынастарды реттейді.
      2. Қағидалар жергілікті атқарушы органдардың (бұдан әрі - ЖАО), табиғи монополиялар субъектілерінің, сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласында бақылау және қадағалау органдарының, сондай-ақ, меншік нысанына қармастан, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі субъектілерінің инженерлік инфрақұрылым желілерін қоса алғанда, құрылыс салу және/немесе реконструкциялау объектілеріне қойылатын, сондай-ақ, жылжымайтын объектілер иелерінің оларды пайдалану және күтіп ұстау бөлігінде, оның ішінде қала құрылысы құжаттамасын әзірлеу мен оның қала құрылысы кешенді сараптамасын жүргізу кезінде қолдануы үшін міндетті ережелер мен талаптарды белгілейді.
      3. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) аумақтарды аймақтарға бөлу - қала құрылысын жоспарлау кезiнде жекелеген аймақтарды қала құрылысына пайдалану түрлерi мен оларды пайдалану жөнiндегi мүмкiн болатын шектеулердi белгiлей отырып аумақтарды функционалдық аймақтарға бөлу;
      2) әкімдік (ЖАО) - облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әкімі басқаратын, өз құзыреті шегінде тиісті аумақта жергілікті мемлекеттік басқаруды және өзін-өзі басқаруды жүзеге асыратын алқалы атқарушы орган;
      3) ғимарат - адамдардың тұруына немесе iшiнде болуына, өндiрiстiк процестердi орындауға, сондай-ақ материалдық құндылықтарды орналастыруға және сақтауға пайдаланылатын функционалдық мақсатына қарай, мiндеттi түрде жер бетiне салынып, тұйық көлемдi құрайтын, тiреу және қоршау конструкцияларынан тұратын жасанды құрылғы. Yйдiң жер асты бөлiгi болуы мүмкiн;
      4) елдi мекеннiң бас жоспары - аймақтарға бөлудi, олардың аумағының жоспарлау құрылымын және функционалдық ұйымдастырылуын, көлiк және инженерлiк коммуникацияларды, көгалдандыру мен абаттандыру жүйелерiн белгiлейтiн, қаланы, кенттi, ауылды не басқа да қонысты дамытуды және құрылыс салуды кешендi жоспарлаудың қала құрылысы жобасы;
      5) жер комиссиясы – әкімдік заңда белгіленген тәртіппен құрайтын және жер учаскесіне құқық беруге байланысты мәселелерді қарайтын комиссия;
      6) жер учаскесінің жер-кадастрлық жоспары (бұдан әрі – жер-кадастрлық жоспар) – жер, құқықтық және қала құрылысы кадастрларын жүргізу мақсаттары үшін қажетті, елді мекен шегінде құрылыс салу мақсатында берілетін жер учаскесінің сәйкестендіру сипаттамаларын қамтитын құжат;
      7) жер учаскесін таңдау – жер уческесінің нысаналы мақсаты мен пайдалану режимін белгілеп, жер учаскесін анықтау;
      8) жоба – жеке және заңды тұлғалардың түпкі ойының мәнін және оны практикада іске асыру мүмкіндігін ашып көрсететін, сәулет, қала құрылысы және құрылыс құжаттамасы (сызбалар, графикалық және мәтіндік материалдар, инженерлік және сметалық есеп-қисаптар), оның ішінде құрылыстың техникалық-экономикалық негіздемесі және (немесе) жобалау-сметалық құжаттамасы нысанында ұсынылған, адамның мекендеуі мен тыныс-тіршілігіне қажетті жағдайларды қамтамасыз ету жөніндегі түпкі ойы;
      9) жобалардың сараптамасы – Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген, жобалау үшін бастапқы құжаттардың (материалдардың, деректердің) шарттарына жобалық шешімдердің сәйкестігін (сәйкес еместігін) белгілеуді, сондай-ақ жобалық шешімдер мен есептеулерде қала құрылысы мен техникалық регламенттер талаптарын, мемлекеттік және мемлекетаралық нормативтік құжаттардың нормалары мен ережелерін сақтау жолымен жобалардың сапасын талдау мен бағалау жүргізуді қамтитын сараптамалық қызмет;
      10) инженерлiк, көлік және әлеуметтік инфрақұрылымдар – инженерлiк жабдықтар (су құбыры желілері, кәріз, жылумен жабдықтау, электр желілері және т.б.), байланыс, көлік (автомобиль жолдары, аялдамалар, тұрақ орындары және т.б.) құрылыстары мен коммуникациялардың, сондай-ақ, қаланың тұрақты дамуы мен жұмыс істеуін қамтамасыз ететін, халыққа әлеуметтік және мәдени-тұрмыстық қызмет көрсете объектілердің кешені;
      11) қабылдау комиссиясы – объектінің (кешеннің) дайындығын кешенді тексеретін, технологиялық жабдықтар мен инжеренлік жүйелерді бақылау сынақтан өткізетін және салынған объектіні пйадалануға қабылдайтын уақытша алқалы орган;
      12) қайта жабдықтау – үй-жайдың (үй-жайлардың)
функционалдық мақсатының өзгеруіне, тіршілікті қамтамасыз ету, қандай да бір өнімдер шығару, пайдалану, қызметтер көрсету және тағы басқалар үшін қажетті технологиялық және (немесе) инженерлік жабдықтардың ішкі жүйесін толық немесе ішінара ауыстыруға байланысты оны (оларды) өзгерту;
      13) қайта жаңарту – өзгеретін объектіні жаңарту мен жаңғырту қажеттілігіне байланысты жекелеген үй-жайларды, ғимараттың өзге де бөліктерін немесе ғимаратты жалпы өзгерту;
      14) қайта жоспарлау - осы үй-жайдың (осы үй-жайлардың) шекарасын өзгертумен ұштасқан үй-жайдың (үй-жайлардың) жоспарын өзгерту;
      15) қала құрылысының регламенттерi - аумақтарды (жер учаскелерiн) және басқа да жылжымайтын мүлiк объектiлерiн пайдаланудың, сондай-ақ олардың жай-күйiнiң заңнамада белгiленген тәртiппен жол берiлетiн кез келген өзгерiстерiнiң режимдерi, рұқсаттары, шектеулерi (ауыртпалық салуды, тыйым салу мен сервитуттарды қоса алғанда). Қала құрылысының регламенттерi мемлекеттiк нормативтерге сәйкес орындалған қала құрылысы және сәулет-құрылыс құжаттамасымен белгiленедi. Қала құрылысы регламенттерiнiң қолданылуы олар үшiн белгiленген мерзiм шегiнде шектеледi;
      16) қала құрылысындағы жылжымайтын мүлік объектілері (бұдан әрі - жылжымайтын мүлік объектілері) – объектілер орналасқан жер учаскесін, ғимараттарды, құрылыстарды пайдалану, салу және реконструкциялау бойынша қызмет оларға қатысты жүзеге асырылатын объектілер;
      17) құрылыс жобасы (құрылыстық жоба) - көлемдiк-жоспарлық, конструкциялық, технологиялық, инженерлiк, табиғат қорғау, экономикалық және өзге де шешiмдерді, сондай-ақ, құрылысты ұйымдастыру мен жүргiзуге, аумақты инженерлiк дайындауға, абаттандыруға арналған сметалық есептеулерді қамтитын жобалау (жобалау-сметалық) құжаттама. Құрылыс жобаларына аяқталмаған объектiлер құрылысын консервациялау және өз ресурсын тауысқан объектiлердi кейiннен кәдеге жарату жобалары да жатады;
      18) құрылыс салуды реттейтiн сызық (құрылыс салу сызығы) - қызыл және сары сызықтардан немесе жер учаскесi шекарасынан шегiндiре отырып, үйлердi (ғимараттарды, құрылғыларды) орналастыру кезiнде белгiленетiн құрылыс салу шекарасы;
      19) қызыл сызық - елдi мекендердi жоспарлау құрылымындағы кварталдардың, шағын аудандардың, өзге элементтердiң аумағын көшеден (жолдардан, алаңдардан) бөлiп тұратын шекара. Әдетте қызыл сызық құрылыс салу шекарасын реттеу үшiн қолданылады;
      20) мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және қадағалау органы – құрылыс объектісінің сапасына мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыратын ЖАО құрылымдық бөлімшесі;
      21) мердігер – тиісті қызмет түрлерін жүзеге асыруға лицензиясы бар, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылыс саласында тапсырыс берушімен немесе инжинирингтік ұйыммен жасаған мердігерлік шарт немесе мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша құрылыс саласында мердігерлік жұмысты орындайтын заңды және жеке тұлға;
      22) эскиз (эскиздік жоба) - жобалық (жоспарлық, кеңiстiктiк, сәулеттiк, технологиялық, конструктивтік, инженерлiк, декоративтік немесе басқа) шешiмнiң оңайлатылған, схема, сызба, бастапқы сұлба (сурет) нысанында орындалған және осы шешiмнiң түпкi ойын түсiндiретiн түрi;
      23) объектiнi кейiннен кәдеге жарату - күрделi құрылыстың (ғимараттың, құрылыстың, кешеннiң) пайдаланылуы (пайдаланылуы, қолданылуы) тоқтатылғаннан кейiн регенерацияланатын элементтерiн (конструкцияларды, материалдарды, жабдықтарды) бiр мезгiлде қалпына келтiрiп және қайталап пайдаланып, сондай-ақ регенерацияланбайтын элементтер мен қалдықтарды өңдей отырып, бөлшектеп алу және бұзу жөнiндегi жұмыстар кешенi;
      24) рұқсат беру құжаттары - өтініш берушіге қолданыстағы ғимараттардың үй-жайларын (жекелеген бөліктерін) салу немесе өзгерту жөнінде өзінің түпкі ойын іске асыруға құқық беретін құжаттар;
      25) сәулет-жоспарлау тапсырмасы - объектiнiң мақсатына, негiзгi параметрлеріне және оны нақты жер учаскесiне (алаңға, трассаға) орналастыруға қойылатын талаптар кешенi, сондай-ақ осы елдi мекен үшiн қала құрылысының регламенттерiне сәйкес белгiленетiн, жобалау мен құрылысқа қойылатын мiндеттi талаптар, шарттар мен шектеулер. Бұл ретте, түсi жөнiндегi шешiм мен ғимараттардың (құрылыстардың) қасбеттерiн әрлеу материалдарын пайдалану, көлемдiк-кеңiстiктегi шешiм бойынша талаптар белгiлеуге жол берiлмейдi;
      26) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласындағы инжинирингтiк көрсетілетін қызметтер - оңтайлы жобалық көрсеткiштерге қол жеткiзу мақсатында құрылыстың дайындығын және жүзеге асырылуын қамтамасыз ететiн қызметтер кешенi (техникалық және авторлық қадағалау);
      27) тапсырысшы (құрылыс салушы) – жеке меншік немесе мемлекеттік мұқтаж үшін не коммерциялық мақсатта кәсіпорындар, ғимараттар, құрылыстар салу бойынша жобаны іске асыруды жүзеге асыратын жеке немесе инвестор (не өзі инвестор болып табылатын) уәкілетті еткен заңды тұлға;
      28) техникалық қадағалау - орындалған жұмыстың сапасын, мерзiмiн, құнын, қабылдап алынуын және объектiнiң пайдалануға берiлуiн қоса алғанда, жобаны iске асырудың барлық сатысында құрылысты қадағалау;
      29) егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы – қаланың немесе ауылдық елді мекеннің жекелеген бөліктері мен функционалдық аймақтары үшін, қажет болған жағдайда тұрғындар саны 50 мың адамға дейін шағын қаланың немесе елді мекеннің тұтас аумағы үшін әзірленетін қала құрылысы құжаттамасы.

2. Аумақтарда құрылыс салуды реттеу

1-параграф. Құрылыс салу үшін жер учаскелеріне арналған құқық берудің жалпы тәртібі

      4. Объект салу үшін жер учаскесiн жер пайдалануға берудi ЖАО Жер кодексінің 44-1-бабына сәйкес өз құзыретi шегiнде жүзеге асырады.
      5. Жер учаскесiне құқық табыстау туралы ЖАО шешiмiнiң жобасында:
      жерге құқық табысталатын тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда) немесе заңды тұлғаның атауы;
      жер учаскесiнiң нысаналы мақсаты;
      жер учаскесiнiң көлемi;
      жерге құқықтар түрi, ауыртпалықтар, шектеулер;
      учаске төлемақыға берiлетiн жағдайда жер учаскесiн немесе жер пайдалану құқығын сатып алу бағасы, жер учаскесiн сатып алу-сату шарттарын жасасудың мерзiмi мен шарттары;
      учаскелердің өлшемдері көрсетіле отырып, жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін алып қою, мәжбүрлеп иеліктен шығару жүргізілетін жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда) немесе заңды тұлғаның атауы;
      өзге де шарттар болуға тиiс.
      6. Сұралып отырған жер учаскесі бос емес болған жағдайда, мемлекеттік жер кадастрын жүргізетін мамандандырылған мемлекеттік кәсіпорын ЖАО сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесіне жер учаскесіне құқық беруден бас тартуға негіз болатын тиісті ақпаратты үш жұмыс күні ішінде жібереді.
      7. Жер учаскесіне құқық беруден бас тарту ЖАО сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесінің қорытындысымен ресімделеді және өтініш берушіге үш жұмыс күні ішінде жіберіледі.
      8. Оң қорытындылар мен инженерлік желілерге қосылуға қойылатын техникалық талаптар келісілген органдардан келіп түскен жағдайда, ЖАО сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесі бес жұмыс күні ішінде жер учаскесін түпкілікті таңдау актісін дайындайды және жібереді.
      9. Шағын кәсiпкерлiк субъектiлерi үшiн, құрылысқа арналған жер учаскесiнiң нысаналы мақсаты қызмет түрлерiне қарамастан, үй-жайларға (құрылыстар мен ғимараттарға) қызмет көрсету ретiнде белгiленедi.
      10. Жеке тұрғын үй құрылысы (бұдан әрі - ЖТҚ) үшін жер учаскелері сұралған кезде азаматтардың өтініштері (өтінішхаттары) арнайы есепке алынады және бөліп берілетін алаңдардың дайын болуына қарай не ЖТҚ үшін пайдаланылатын бос аумақтар бар болған кезде қанағаттандырылады.
      ЖТҚ үшін жер учаскелерін тегін негізде беру кезінде азаматта ЖТҚ үшін мемлекет құқық берген жер учаскесінің бар немесе жоқ екендігі ескеріледі.
      ЖАО азаматта мұндай жер учаскелерінің бар немесе жоқ екендігі туралы мәліметтерді уәкілетті орган жер учаскесін беру туралы қорытынды әзірлеуі және шешім қабылдауы үшін ЖАО жанындағы комиссияға ұсынады.
      11. ЖАО бөліп беруге арналған алаңдардың дайындығы туралы және жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін алуға кезектілік тізімдері туралы ақпаратқа қолжетімділікті оларды кемінде тоқсанына бір рет қазақ және орыс тілдерінде арнайы ақпараттық стендтерде орналастыру арқылы және (немесе) бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау жолымен қамтамасыз етуге міндетті.
      Бұл ретте елдi мекеннiң бас жоспарлары (немесе тұрғындарының саны бес мың адамға дейiнгi елдi мекендердi дамытудың және оларда құрылыс салудың оларды алмастыратын схемасы) негiзiнде орындалған егжей-тегжейлi жоспарлау жобалары және (немесе) құрылыс жобалары, сондай-ақ облыстар аумақтарын қала құрылысы үшін жоспарлаудың кешенді схемалары болмаса, жер учаскелерiн құрылыс үшiн беруге тыйым салынады.

2-параграф. Жер учаскелерін пайдалануға қойылатын
қала құрылысы талаптары

      12. Қазақстан Республикасында жер учаскелерін қала құрылысы мақсатында пайдалану Жер кодексіне, Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне, «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және сәулет. Қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы басқа нормативтік құқықтық актілерге сәйкес жүзеге асырылады.
      13. Аумақта әр түрлі мақсаттағы объектілерді өз бетінше салуға жол берілмейді.
      14. Елді мекендердің аумақтарында азаматтарға өмiр сүруге ыңғайлы жағдай мен қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мақсатында инженерлiк желiлер, жүйелер мен коммуникациялардағы апаттарды жою жөнiндегi қалпына келтiру жұмыстарын қоспағанда, түнгi уақытта шу шығаратын құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргiзілмейді.
      15. Қазақстан Республикасының заңнамасында тікелей көзделген субъектілер жүзеге асыратын қызметті қоспағанда, лицензияны талап ететін сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласында жекелеген қызмет түрлерін тек лицензия болған жағдайд жүзеге асырылады.
      16. Жеке және заңды тұлғалар облыс аумағында:
      1) осы қағидаға сәйкес құрылыс жүргiзудi жүзеге асырады;
      2) тарих және мәдениет ескерткiштерiне, табиғат ескерткiштерiне, қала, ауыл мен табиғат жерлерiне, инженерлiк, көлiк инфрақұрылымы және аумақты абаттандыру объектiлерiне зиян келтiретiн iс-қимылдар жасамайды;
      3) бекiтiлген сәулет-қала құрылысы құжаттамасына, құрылыс нормалары мен ережелерiне, экологиялық, санитарлықөртке қарсы және өзге де арнайы нормативтер мен талаптарға сәйкес ғимараттар мен құрылыстарды және өзге де жылжымайтын мүлiк объектiлерiн қалыпты күтiп ұстау, жер учаскелерiн абаттандыру жөнiнде жұмыс жүргiзедi;
      4) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласында бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттiк органдар мен лауазымды тұлғалардың ұсынымдарын орындайды;
      5) мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органының хабарламасы бойынша құрылыс объектiлерi жөнiнде қажеттi ақпарат пен техникалық құжаттаманы, сондай-ақ тиiстi жобалар сараптамасының қорытындысын бередi;
      6) жылжымайтын мүлiк объектiлерiне техникалық түгендеу мен техникалық тексеру жүргiзудi жүзеге асыратын ұйымдарға қала құрылысы мемлекеттiк кадастрын және облыс аумағында құрылыс жүргiзiлуiне мониторинг жүргiзуге, жеке және заңды тұлғаларға тиесiлi жылжымайтын мүлiк объектiлерiне қол жеткiзуге рұқсат бередi;
      7) тиiстi мемлекеттiк органдар мен ұйымдарға, қажеттi жобалау-сметалық құжаттаманы, кешендi инженерлiк іздеулер мен өзге де материалдарды бередi;
      8) Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi заңнамасының талаптарын сақтайды.
      17. Меншiк иелерi не жер пайдаланушылар жер учаскелерiн құрылыс салу үшін (коммуникацияларды жүргізу, аумақты инженерлік жағынан дайындау, абаттандыру, көгалдандыру және учаскенi жайғастырудың басқа да түрлерiн қоса алғанда) пайдалануды заңдарда белгiленген тәртiппен бекiтiлген жобалау құжаттамасына сәйкес және нысаналы мақсатын немесе сервитутты, аумақты аймақтарға бөлуді, қызыл сызықтарды және құрылыс салуды реттеу сызықтарын, құрылыс салу мен оны пайдалану ережелерiн сақтай отырып қана жүзеге асыра алады.
      18. Елдi мекендердiң аумақтарын дамыту және оған құрылыс салу белгiленген тәртiппен бекiтiлген қала құрылысы жобалары негiзiнде жүзеге асырылады.
      19. Көп пәтерлі тұрғын үйлер кешенін жобалағанда құрылыстық, экологиялық, санитариялық және өртке қарсы талаптарды есепке ала отырып, автопаркингтер, гараждар мен инженерлік жабдықтау құрылыстарын орналастыру үшін жерасты кеңістігін барынша пайдалану керек.
      20. Белгіленген мемлекеттік нормативтерге сәйкес бау-бақшалық және саяжай серіктестіктері аумақтарын резервтік аумақтардан тыс елді мекендердің перспективалық дамытуын есепке ала отырып, сондай-ақ қала маңы аймағының жобасына немесе аудандық жоспарлау жобасына сәйкес орналастыру керек.
      Жеке тұрғын үй құрылысының аудандары мен орамдарын жобалау және салу (реконструкциялау) қажетті инженерлік-көліктік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген, қызмет көрсету мекемелері мен кәсіпорындарын орналастырумен кешенді жүзеге асырылады.
      21. ЖТҚ жоспарлау және салу сәулет және қала құрылысы саласында қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүргізіледі.
      22. ЖТҚ үшін бөлінген алаңдар, бекітілген бас жоспарға, егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына және елді мекеннің құрылыс салу жобасына сәйкес орналастырылады.
      23. Белгіленген тәртіппен бекітіліп берілген жер учаскесінде орналасқан, тұрғын үй мен басқа да құрылыстардың көлемін, олардың сыртқы тұрқы (оның ішінде биіктігі), сондай-ақ шектес жер учаскелеріндегі белгіленген міндетті қалыптық, санитариялық, өртке қарсы және техникалық арақашықтықты қамтамасыз ететін жағдайда жеке құрылыс салушы дербес белгілейді.
      24. Тұрғын және қоғамдық ғимараттарда телерадио арналары мен кабель желілерін, ұжымдық және жеке қабылдау жүйелерін жобалау және салу сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласында мемлекеттік нормативтік-техникалық құжаттардың талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
      25. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және елді мекендердің сәулеттік келбетін сақтау үшін көп пәтерлі тұрғын үй мен қоғамдық ғимараттардың қасбеттерінде және балкондарында спутниктік және эфирлік қабылдау құрылғыларын орнату ЖАО-мен келісіледі.
      26. Қала маңындағы аймақтар қала жерінің шекарасымен (шегімен) іргелес, аталған қаланың қала аймағына кіретін басқа да елді мекендердің аумағын дамыту, сондай-ақ санитариялық-қорғау функцияларын орындау, демалу орындарын, бағбандық мен саяжайлық серіктестіктерін орналастыруға арналған жерлерді қамтиды.
      27. Қала маңындағы аймаққа кіретін елді мекендердің қала құрылысы жобалары қаланың жергілікті атқарушы органдарымен келісіледі.
      28. Елді мекендерде (тұрғын орамдарында, шағын аудандарда және тағы басқа) тасымалданатын және автомобильдерді сақтауға арналған мобильдік конструкциядан тұратын уақытша гараждарды орналастыру ЖАО-мен келісу бойынша жүзеге асырылады.
      29. Оларға кіру үшін кірме жолдар қажет болған кезде жол сервисі объектілерін жол бойындағы белдеулерге немесе объектілерді олардың шегінен тыс жерлерге орналастыру үшін жер учаскелерін беру туралы шешімдерді ЖАО қабылдайды.

2. Жобалау алдындағы рәсімдер

      30. Жобалау алдындағы рәсімдер және бастапқы материалдарды (деректерді) беру Заңның 20-бабының 23-10) тармақшасына сәйкес бекітілетін Жобалау үшін бастапқы материалдарды (деректерді) ресімдеудің және берудің, сондай-ақ жаңа объектілер салуға және қазіргі бар объектілерді (ғимараттарды, құрылыстарды, олардың кешендерін және коммуникацияларды) өзгертуге рұқсат беретін рәсімдерден өтудің қағидаларына сай жүзеге асырылады.
      Жобалау алдындағы рәсімдер және бастапқы материалдарды (деректерді) беру СЖТ және инженерлік желілерге қосудың техникалық жағдайларын (нақтыланған) берумен іске асырылады.
      Жобалау алдындағы рәсімдер қызмет мерзімі жалпы құрылыс объектілері бойынша 6 (алты) жұмыс күнін құрайды.
      31. Келесі құрылыс объектілері бойынша, жобалау алдындағы рәсімдер қызмет мерзімі 15 (он бес) жұмыс күнін құрайды:
      электр және жылу энергиясын өндіретін, өндірістік кәсіпорындар;
      тау-кен өндірісі және байыту өндірістік кәсіпорындары;
      қара және түсті металлургия, машина жасау өнеркәсібінің өндірістік кәсіпорындары;
      елді мекендер мен аумақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін гидротехникалық және селден қорғау құрылыстары (бөгеттер, тоғандар);
      елді мекендердің шекараларынан тыс орналасқан желілік құрылыстар;
      қызмет көрсету объектілерімен бірге магистралдық құбыржолдар (мұнай, газ құбырлары және т.б.);
      жоғары вольтты электр беру желілері мен талшықты-оптикалық байланыс желілері;
      қызмет көрсету объектілерімен бірге темір жолдар;
      көпірлерді, көпір өткелдерін, тоннельдерді, көп деңгейлі айрықтарды қоса алғанда, республикалық желіге жатқызылған жалпы пайдаланатын автомобиль жолдары.
      пайдаланылып отырған жер учаскесінің шекарасында (аумағында, трассасында) тіреу және қоршау конструкцияларын, инженерлік жүйелер мен жабдықтарды өзгертуге байланысты емес қолданыстағы ғимараттардың үй-жайларын (жекелеген бөліктерін) реконструкциялау (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау) жобаларын әзірлеуге 3 (үш) жұмыс күн құрайды.
      32. СЖТ және инженерлік пен коммуналдық қамтамасыз ету көздеріне қосудың техникалық шарттарын (нақтыланған) сәулет және қала құрылыс саласындағы функцияларды жүзеге асыратын тиісті ЖАО құрылымдық бөлімшесі береді және ол белгіленген тәртіпте жоба әзірлеу үшін негіз болып табылады.
      33. Инженерлiк және коммуналдық қамтамасыз ету көздерiне қосуға техникалық шарттар СЖТ міндетті қосымша болып табылады.
      34. Тапсырысшы СЖТ және техникалық шарттарын (нақтыланған) алуға арналған өтінішті сәулет және қала құрылысы саласында функцияларды жүзеге асыратын тиісті ЖАО құрылымдық бөлімшесіне ұсынады.
      Өтінішке мынадай құжаттар қоса беріледі:
      1) жерге немесе бұрыннан бар ғимараттардың үй-жайларын (жекелеген бөліктерін) реконструкциялауға (қайта жоспарлауға, қайта жабдықтауға) тиісті құқық беру туралы ЖАО шешімінің көшірмесі;
      2) жобалауға арналған бекітілген тапсырма;
      3) эскиздік жоба;
      4) техникалық шарттар (алдын ала).
      35. Бұрыннан бар ғимараттардың үй-жайларын (жекелеген бөліктерін) реконструкциялау (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау) кезінде жер учаскесін бөлу (кесіп беру) талап етілмейді, сондай-ақ, егер осы мақсатта инженерлік пен коммуналдық қамтамасыз ету көздеріне қосымша қосудың немесе жүктемені ұлғайтудың қажеттілігі болмаған жағдайда, СЖТ тиісті жазба жасалады.
      36. Сәулет және қала құрылыс саласындағы функцияларды жүзеге асыратын тиісті ЖАО құрылымдық бөлімшесі СЖТ және техникалық шарттарын (нақтыланған) алуға арналған өтінішті алған күннен кейін келесі жұмыс күнінен кешіктірмей инженерлiк және коммуналдық қамтамасыз ету жөнiнде қызмет көрсетушiлерге құжаттарды қоса беру керек.
      37. Инженерлiк және коммуналдық қамтамасыз ету жөнiнде қызмет көрсетушiлер сұрау салуды алған күннен бастап бес жұмыс күн ішінде сәулет және қала құрылыс саласындағы функцияларды жүзеге асыратын тиісті ЖАО құрылымдық бөлімшесіне параметрлері мен қосу орнын көрсетіп, техникалық шарттарды (нақтыланған) не беруден негізделген бас тартуды жібереді.
      38. Осы Қағидалардың 30-тармағында аталған объектілерді қоспағанда, объектілерді жобалау үшін СЖТ мен техникалық шарттарды беру туралы өтінішті қарау мерзімі оын алған күннен бастап сегіз жұмыс күннен не оларды беруден дәлелді бас тарту өтініш берілген күннен бастап үш жұмыс күнінен аспауы тиіс.
      39. СЖТ және техникалық шарттарын (нақтыланған) жобалау (жобалау-сметалық) құжаттаманың құрамында бекітілген құрылыстың нормативтік ұзақтығы мерзімі ішінде қолданыста болады.
      40. Егер сейсмикалық қауiптiлiгi жоғары аймақтарда (аудандарда) бұрыннан бар ғимараттардың үй-жайларын (жекелеген бөліктерін) реконструкциялау (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау) жоспарланған және конструкциялық шешімдерді қайта қарауды талап ететін жағдайда, онда СЖТ-да сейсмикалық берік құрылыс жөніндегі мамандандырылған ұйымдардың (тиісті аттестаты бар мамандардың) осы жоба бойынша қорытындысын (арнайы техникалық шарттарды) алу қажеттілігі көрсетіледі.
      41. Егер бұрыннан бар ғимараттардың үй-жайларын (жекелеген бөліктерін) тiреу және (немесе) қоршау конструкцияларын, инженерлiк жүйелер мен жабдықтарды өзгертудi, сондай-ақ қосымша жер учаскесін (аумақты, трассаны) бөлуді талап ететiн реконструкциялауға (қайта жоспарлауға, қайта жабдықтауға) байланысты болса, онда жобалауға арналған тапсырмада ол туралы жазба жасалады, сондай-ақ, сәулет-жоспарлау тапсырмасында мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдарына хабарлау қажеттілігі көрсетіледі.
      42. Бұрыннан бар (пайдаланылатын) объектілерге енгізілетін өзгерістердің жобасын әзірлеушілер жобалау құжаттамасында және эскизде (эскиздік жобада) бұрыннан бар ғимараттардың үй-жайларын (жекелеген бөліктерін) реконструкциялау (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау) жұмыстары процесінде, сондай-ақ кейіннен өзгертілген объектіні пайдалану кезінде басқа меншік иелеренің мүдделерін қозғайтын жобалық шешімдердің бар-жоғы туралы мәліметті көрсетеді.

3. Жобалау

1-параграф. Жобалау алдындағы және жобалау
құжаттамасын әзірлеу кезеңі

      43. Жобалау алдындағы және жобалау құжаттамасын әзірлеуді Заңның 20-бабының 23-17) тармақшасына сәйкес бекітілген тапсырыс берушінің (құрылыс салушының) қызметін ұйымдастырудың және функцияларын жүзеге асырудың қағидаларына және белгіленген мемлекеттік нормативтерге сәйкес жобалау (жобалау-іздестіру) жұмыстарының тиісті түрлеріне лицензиясы бар жеке және заңды тұлғалар жүзеге асырады.
      44. Жобаның немесе жұмыс жобасының мемлекеттік (Қазақстан Республикасында қолданылатын мемлекетаралық) нормативтердің талаптарына сәйкестігі туралы жоба авторының (жобаның бас инженерінің, жобаның бас сәулетшісінің) жазбасы бар әзірленген жобалау құжаттамасын Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік органдармен немесе өзге де инстанциялармен қосымша келісу қажет емес.
      45. Егер қолданыстағы объектілерді реконструкциялауға, техникалық жарақтандыруға немесе күрделі жөндеуге арналған жобалау құжаттамасы қосымша жер учаскесін бөлуді (аумақ кесіп беруді) талап етпейтін, конструкциялардың есептік беріктігін төмендетпейтін, сәулеттік-эстетикалық, өртке қарсы, жарылысқа қарсы және санитариялық сапаларын нашарлатпайтын, ортаға зиянды әсерін тигізбейтін жағдайларда жобалау шешімдерін мемлекеттік бақылау және қадағалау органдарымен, басқа да мамандандырылған ұйымдармен қосымша келісу талап етілмейді.
      46 Қазақстан Республикасының заңнамалық нормаларына сәйкес жобалау құжаттамасын тапсырыс беруші (құрылыс салушы) мынадай инстанциялар бойынша:
      1) жер ресурстарын, жер қойнауын және минералдық ресурстарды, жерасты және жерүсті суларын, орман және өсімдіктер дүниесінің өзге де ресурстарын, жануарлар дүниесінің ресурстарын пайдалану кезінде экологиялық талаптар бөлігінде жер ресурстарын басқару жөніндегі уәкілетті органмен, жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі, су қорын пайдалану және қорғау саласындағы, орман шаруашылығы саласындағы, жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті органдардан, сондай-ақ халықтың санитариялық-эпидемиологиялық әл-ауқаты саласындағы мемлекеттік органнан;
      2) екi және одан көп облыстың шекараларында орналасқан қауіпті өндірістік объектіні, сондай-ақ стратегиялық маңызы бар объектілерді салу, кеңейту, реконструкциялау, жаңғырту, консервациялау және жою бөлігінде өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік қадағалау жөніндегі Қазақстан Республикасының бас құрылыс инспекторынан немесе оның орынбасарларынан келісуден өткізеді;
      3) объектіні табиғат қорғау іс-шараларының жобасында көзделген су объектілерінде және (немесе) су қорғау аймақтарында (су қорғау белдеулерін қоспағанда) орналастыру кезінде су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы уәкілетті органмен, жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті органмен, жер ресурстарын басқару жөніндегі уәкілетті органның ведомствосымен, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық әл-ауқаты саласындағы мемлекеттік органмен, ветеринария саласындағы уәкілетті органмен, ЖАО-мен (республикалық маңызы бар қала, астан) келісу қажет.
      47. Ықтимал сел қаупі бар су объектілеріндегі осындай қызмет азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органмен, кеме қатынасы су жолдарында – су көлігі мәселелері жөніндегі уәкілетті органмен келісіледі.

2-параграф. Жобалау құжаттамасына сараптама жүргізу кезеңі

      48. Жобаларға сараптама Қаржыландыру көздеріне қарамастан, жаңа ғимараттар мен құрылыстарды, олардың кешендерін, инженерлік және көлік коммуникацияларын салуға, сондай-ақ бұрыннан барын өзгертуге (реконструкциялауға, кеңейтуге, техникалық қайта жарақтандыруға, жаңғыртуға және күрделі жөндеуге) арналған техникалық-экономикалық негіздемелерге және жобалау-сметалық құжаттамаға ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу қағидаларына сәйкес жүргізіледі.
      Сараптама ұйымдары жүзеге асыратын ведомстводан тыс кешенді сараптама (салалық сараптамаларды қоса алғанда) жүргізу мерзімдері мен ұзақтығы тапсырыс беруші мен орындаушы арасында жасасқан шартпен белгіленеді, бірақ:
      жауапкершілігі І және ІІ деңгейдегі технологиялық немесе техникалық жағынан күрделі объектілер, сондай-ақ ықтимал қауіпті өндірістік объектілер болып табылатын объектілер құрылысының жобалары бойынша 45 (қырық бес) жұмыс күнінен;
      ықтимал қауіпті санатына жатпайтын, жауапкершілігі ІІ деңгейдегі бір мезгілде технологиялық немесе техникалық жағынан күрделі емес объектілер болып табылатын объектілер құрылысының жобалары бойынша 20 (жиырма) жұмыс күнінен;
      ықтимал қауіпті санатына жатпайтын, жауапкершілігі ІІІ деңгейдегі бір мезгілде технологиялық немесе техникалық жағынан күрделі емес объектілер болып табылатын объектілер құрылысының жобалары бойынша 10 (он) жұмыс күнінен аспауы тиіс.

3-параграф. Жобалау құжаттамасын бекіту (қайта бекіту) кезеңі

      49. Жобаларға сараптаманың оң қорытындысының негізінде жобалау-сметалық құжаттама заңнамада белгіленген тәртіппен және мемлекеттік нормативтік құжаттарда белгіленген талаптарға, сондай-ақ Заңның 20-бабының 11-6) тармақшасына сәйкес бекітілген Бюджет қаражаты және мемлекеттік инвестициялардың өзге де нысандары есебінен объектілерді салуға арналған жобаларды (техникалық-экономикалық негіздемелерді және жобалау-сметалық құжаттаманы) бекіту қағидаларына сәйкес бекітілуге жатады.
      50. Мемлекеттік инвестициялардың есебінен және олардың қатысумен жүзеге асыралатын құрылысқа арналған жобалау құжаттамасын бекіту (қайта бекіту) негізгі бекітілетін техникалық-экономикалық көрсеткіштерді көрсете отырып, тиісті мемлекеттік органның немесе өзге де заңды тұлғаның бұйрығымен жүргізіледі.
      51. Қаржыландырудың басқа көздері есебінен жүзеге асыралатын құрылысқа арналған жобалау құжаттамасын бекіту негізгі бекітілетін техникалық-экономикалық көрсеткіштерді көрсете отырып, тапсырыс берушінің (заңды тұлғаның немесе дара кәсіпкердің) шешімімен жүргізіледі.
      52. Жобалау құжаттаманы әзірлеу ол бекітілген күннен бастап аяқталған болып саналады.

4. Құрылыс

1-параграф. Құрылыстың кезеңі

      53. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, жобалау құжаттамасын бекітісусіз құрылыс жүргізуге жол берілмейді.
      54. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу басталғанға дейін тапсырыс беруші мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын және қадағалауын жүзеге асыратын органдарға құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізе бастағаны туралы хабарлайды.
      55. Заңның 33-бабына сәйкес мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясына (мемлекеттік құрылыс инспекторына) құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіле басталғаны туралы хабарламаны алғаннан кейін, осы хабарлама алынған кезден бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей объектілер мен кешендерге бару құқығы беріледі.
      56. Жылжымайтын мүлік объектілерінің құрылысына техникалық және  авторлық қадағалауды ұйымдастыру сәулет және қала құрылысы саласындағы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады.
      57. Жеке меншік тұрғын үй салу ЖАО-ның сәулет және қала құрылысы саласындағы құрылымдық бөлімшесі бекіткен нобайлық жобаға сәйкес жүзеге асырылады.

2-параграф. Қолданыстағы тұрғын және тұрғын емес үй-жайларды
өзгерту (реконструкциялау, қайта жоспарлау, қайта жабдықтау)

      58. Тіреу және қоршау конструкцияларын, инженерлік жүйелері мен жабдықтарын өзгертпей қолданыстағы ғимараттардың үй-жайларын (жекелеген бөліктерін) реконструкциялау, қайта жоспарлау, қайта жабдықтау рәсімі «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңның 10-бабының 1) тармақшасына сәйкес әзірленген «Тіреу және қоршау конструкцияларын, инженерлік жүйелері мен жабдықтарын өзгертпей қолданыстағы үйлердегі үй-жайларды (жекелеген бөліктерін) реконструкциялауға (қайта жоспарлауға, қайта жабдықтауға) шешім беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына сәйкес жүзеге асырылады. Рәсімді жүргізу мерзімі 10 жұмыс күні.
      59. Қолданыстағы (пайдаланудағы) объектілерге енгізілетін өзгерістерді жобаны әзірлеушілер жобалау құжаттамасында (нобайларда (схемаларда)) қолданыстағы ғимараттардың үй-жайларын (жекелеген бөліктерін) реконструкциялау (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау) жұмыстары жүргізіліп жатқан кезде және өзгертілетін объектіні кейін пайдалану кезінде басқа меншiк иелерiнiң мүдделерiн қозғайтын жобалау шешімдерінің болуы немесе болмауы туралы мәліметтерді көрсетеді (айқындайды).
      60. Қосымша жер учаскесін (аумақты, трассаны) бөліп беруді және оның нысаналы мақсатын өзгертуді талап ететін ғимараттардағы және тұрғын үйлердегі тұрғын және тұрғын емес үй жайларды реконструкциялау, қайта жоспарлау, қайта жабдықтау кезінде құрылыс салушы (тапсырыс беруші) Жер кодексіне сәйкес ЖАО-ға өтініш жасайды.
      61. Тіреу және қоршау конструкцияларын, инженерлік жүйелері мен жабдықтарын өзгертуге байланысты, сондай-ақ оның нысаналы мақсаты өзгерген жағдайда ғимараттардағы және тұрғын үйлердегі тұрғын және тұрғын емес үй жайларды реконструкциялау, қайта жоспарлау, қайта жабдықтау кезінде үй-жайдың меншік иесі болып табылатын құрылыс салушы (тапсырыс беруші) ЖАО-дан жобалауға арналған сәулет-жоспарлау тапсырмасын алады.

5. Құрылысы аяқталған объектілерді пайдалануға беру

      62. Салынған объектiлердi пайдалануға қабылдау Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексімен реттеледі.
      63. Салынған объектiнi пайдалануға қабылдауды оның бекiтiлген жобаға сәйкес толық әзiрлiгi және сәйкестік туралы декларация, құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасы туралы қорытынды болған және орындалған жұмыс бекітілген жобаға сәйкес келген жағдайда тапсырыс беруші жүргiзедi. Рәсімді жүргізу мерзімі 17 күнтізбелік күн.
      Салынған объектiнi пайдалануға қабылдау Заңның 20-бабының 22-1) тармақшасына сәйкес бекітілген құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасы және орындалған жұмыстардың жобаға сәйкестігі туралы қорытындылардың, сәйкестік туралы декларацияның, объектіні пайдалануға қабылдау актісінің нысандарына ресімделеді.
      Меншік иесі салынған объектіні пайдалануға дербес қабылдау тәртібін, сондай-ақ пайдалануға қабылдау актісінің нысанын сәулет, қала құрлысы және құрыс қызметін мемлекеттік басқару саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган бекітеді.
      Заңның 74-бабында көзделген жекелеген жағдайларда салынған объектіні пайдалануға қабылдауды меншік иесі (тапсырыс беруші, инвестор, құрылыс салушы) дербес жүргізеді.
      64. Сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын тиісті жергілікті атқарушы органдардың құрылымдық бөлімшелерінің тиісті шешімі болған кезде меншік иесі (тапсырыс беруші, инвестор, құрылыс салушы) құрылысы аяқталған, техникалық жағынан күрделі емес объектілерді пайдалануға қабылдауды дербес жүзеге асыруға құқылы.
      65. Салынған объектіні пайдалануға қабылдау актімен ресімделеді.
      Салынған объектіні пайдалануға қабылдау актісі тапсырыс берушінің бекітуіне жатады.
      Объектiнiң пайдалануға берілген күні тапсырыс берушінің объектiнiң пайдалануға қабылдау актісін бекіткен күні деп есептеледi.
      66. Салынған объектіні пайдалануға қабылдау актісіне сәйкестік туралы декларацияның және орындалған жұмыстардың жобаға сәйкестігі мен құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасы туралы қорытындылардың негізінде тапсырыс беруші, мердігер (бас мердігер), техникалық және авторлық қадағалауды жүзеге асырған тұлғалар қол қояды.
      67. Объектілерді пайдалануға қабылдаудың жалпы тәртібі Заңның 73-бабымен регламенттелген.
      68. Объектіні пайдалануға қабылдау актісін бекітпей объектіні пайдалануға қабылдауға жол берілмейді.
      69. Салынған объектiнi пайдалануға қабылдаудың белгiленген тәртiппен бекiтiлген, ЖАО-ның сәулет және қала құрылысы саласында функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесінде тіркелген актiсi жылжымайтын мүлiкке құқықтарды тiркейтiн мемлекеттiк органда объектiнi тiркеу үшiн негiз болып табылады.
      70. Мердігерден (бас мердігерден) объектіні қабылдауды тапсырыс беруші техникалық және авторлық қадағалаулармен бірлесіп жүзеге асырады.
      71. Мердігерден (бас мердігерден) объектiнiң пайдалануға қабылдау рәсiмiне дайын екендiгi туралы жазбаша хабар алынғаннан кейiн тапсырыс беруші объектіні пайдалануға қабылдауды жүзеге асырады.
      72. Тапсырыс беруші объектiнiң пайдалануға қабылдау рәсiмiне дайын екендiгi туралы жазбаша хабар алынған күннен бастап мердігерден (бас мердігерден), техникалық және авторлық қадағалауларды жүзеге асыратын тұлғалардан сәйкестік туралы декларацияны және орындалған жұмыстардың жобаға сәйкестігі мен құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасы туралы қорытындыларды сұрайды.
      Мердігер (бас мердігер) мен техникалық және авторлық қадағалауларды жүзеге асыратын тұлғалар тапсырыс берушіден сұрауды алған күннен бастап үш жұмыс күнінің ішінде сәйкестік туралы декларацияны, құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасы және орындалған жұмыстардың жобаға сәйкестігі туралы қорытындыларды не теріс қорытындыны ұсынады.
      73. Тапсырыс беріші сәйкестік туралы декларацияның, құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасы және орындалған жұмыстардың жобаға сәйкестігі туралы қорытындылардың негізінде мердігермен (бас мердігермен), техникалық және авторлық қадағалауларды жүзеге асыратын тұлғалармен бірлесіп атқару техникалық құжаттамасының болуы мен жинақтылығы бойынша және объектінің тиісті акті бойынша пайдалануға қабылданғанын тексереді.
      74. Бекітілген жобалау шешімдерінен және мемлекеттік (мемлекетаралық) нормативтерден бұзушылықтар анықталған жағдайда, сондай-ақ теріс қорытынды болған кезде тапсырыс беруші мердігер (бас мердігер) бұзушылықтарды жойғаннан кейін объектіні пайдалануға қабылдайды.
      75. Тапсырыс берушіге жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын, сәйкестік туралы декларацияны, құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасы және орындалған жұмыстардың жобаға сәйкестігі туралы қорытындыларды ұсыну жобалау және құрылыс-монтаждау жұмыстарына мердiгерлiктiң жауапты орындаушыларынан, техникалық және авторлық қадағалауларды жүзеге асыратын тұлғалардан объектіні жобалау, салу және пайдалануға қабылдау мен беру кезінде жауапкершілікті алып тастамайды.

7. Өзге де талаптар

      76. Ғимараттар мен құрылыстарды бөлшектеу және бұзу (кейін кәдеге жарату) белгіленген мемлекеттік нормативтерге сәйкес жүзеге асырылады.
      Ескертпе: Осы Қағидалардың негізінде ЖАО әзірлейтін Елді мекендерде құрылыс салу қағидалары елді мекендердің климаттық, геологиялық, гидрогеологиялық және сейсмикалық факторларына байланысты объектілерді (кешендерді) орналастырудың және оларды жобалау мен салу үшін бастапқы материалдарды (деректерді) берудің жеңілдетілген рәсімін белгілейтін және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына қайшы келмейтін өзге де ережелермен толықтырылуы мүмкін.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады