Арнайы экономикалық аймақты құру тұжырымдамасын ресімдеуге қойылатын талаптарды бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 27 ақпандағы № 222 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 10 сәуірде № 10692 тіркелді

      «Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы» 2011 жылғы 21 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 7-бабының 1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Арнайы экономикалық аймақты құру тұжырымдамасын ресімдеуге қойылатын талаптар бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Инвестициялар комитетіне (Е.Қ. Хаиров):
      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін оның көшірмесін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарына және Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Республикалық құқықтық ақпарат орталығының» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесіне ресми жариялауға жіберуді;
      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың  интранет-порталында орналастыруды;
      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметті ұсынуды қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Ивестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасы
      Инвестициялар және даму
      министрі                                   Ә. Исекешев

Қазақстан Республикасы      
Инвестициялар және даму министрінің
2015 жылғы 27 ақпандағы № 222  
бұйрығымен бекітілген      

Арнайы экономикалық аймақты құру тұжырымдамасын ресімдеуге қойылатын талаптар

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Арнайы экономикалық аймақты құру тұжырымдамасын ресімдеуге қойылатын талаптар «Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 21 шілдедегі Заңының 7-бабының 1-тармағына сәйкес әзірленді және арнайы экономикалық аймақты (бұдан әрі - АЭА) құруға мүдделі орталық және жергілікті атқарушы органдар, заңды тұлғалар АЭА құру тұжырымдамасын әзірлеу кезінде пайдаланады.
      2. АЭА құру тұжырымдамасын ресімдеу мына талаптарға сәйкес болуы тиіс: құру мақсатының мазмұны, орналасқан жері, қызметінің басым түрлері, АЭА-ның әлеуетті қатысушылары туралы ақпарат, тиісті өңірдің ағымдағы экономикалық ахуалын және АЭА құрудың экономикаға болжамды әсерін талдау сияқты мәліметтерді қамтиды.

2. Тұжырымдаманың құрылымы

      3. Тұжырымдаманың құрылымы мынадай бөлімдерді қамтиды:
      1) кіріспе;
      2) АЭА-ның географиялық орналасуы;
      3) АЭА құру мақсаттары мен міндеттері;
      4) өңірдің ағымдағы экономикалық ахуалын және әлемдік экономиканы талдау;
      5) АЭА қызметінің басым түрлері;
      6) АЭА-ға әлеуетті қатысушылар;
      7) АЭА құрудың өңір экономикасына оң әсері.
      4. «Кіріспе» деген бөлімде АЭА-ның атауы мен АЭА құру негіздемесі сипатталады.
      5. «АЭА-ның географиялық орналасуы» деген бөлімде орналасқан жердің алаңы және 1:20000 және 1:100000 ауқымда АЭА құру жоспарланатын жер учаскелерінің жағдайын сипаттайтын картографиялық схемалар көрініс табады.
      6. «АЭА құру мақсаттары мен міндеттері» деген бөлімде АЭА-ның географиялық жағдайымен, қолда бар табиғи және еңбек ресурстарымен, шетелдік инвесторлардың ықтимал мүдделерімен және АЭА-ны дамыту үшін қажетті экономикалық, әлеуметтік және географиялық факторлармен байланыстырылған, құрылатын АЭА-ның мақсаттары мен міндеттері көрсетіледі.
      7. «Өңірдің ағымдағы экономикалық ахуалын және әлемдік экономиканы талдау» деген бөлімде мыналар көрсетіледі:
      1) АЭА құру болжанған өңірдің негізгі әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктері;
      2) инфрақұрылыммен қамтамасыз етілгендігі, инвестициялық құрамдас бөліктері және АЭА-ның болжамды орналасатын жерін сипаттайтын өзге де көрсеткіштері;
      3) басым қызмет түрлері бойынша өңір саласының ағымдағы жай-күйін талдау;
      4) құрылатын АЭА қызметінің басым түрлерімен байланыстыра отырып, әлемдік экономиканың ағымдағы жай-күйін талдау;
      5) АЭА-ны орналастырудың негізгі алғышарттары мен өңірдің бәсекелестік географиялық және экономикалық артықшылықтары.
      8. «АЭА қызметінің басым түрлері» деген бөлімде АЭА аумағында жүзеге асырылатын АЭА-ны құру мақсаттарына сай келетін қызметтің негізгі түрлері көрсетіледі.
      Бұл бөлімде АЭА аумағындағы осы немесе өзге де қызметті жүзеге асыру орындылығының нақты негіздемелері келтіріледі.
      9. «АЭА-ның әлеуетті қатысушылары» деген бөлімде АЭА аумағында қызметті жүзеге асыруға үміткер ұйымдардың ұйымдық-құқықтық нысаны, сондай-ақ меншікті өндірісінің, қызметтің басым түрлері бойынша жұмыс тәжірибесінің болуы көрсетіледі.
      10. «АЭА құрудың өңір экономикасына оң әсері» деген бөлімде АЭА-ның жұмыс істеуінің болжамды нәтижелері жазылады.
      Бұл нәтижелер АЭА құру мақсатына қол жеткізу нәтижелері және АЭА құру болжанған аумақтағы өңірдің ерекшелігі негізге алына отырып, жазылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады