Пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі өңіраралық комиссиялар туралы ережені бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 21 сәуірдегі № 472 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 27 мамырда № 11200 тіркелді.

      Ескерту. Бұйрықтың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 20.07.2023 № 527 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" 2010 жылғы 24 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының 19-бабы 3) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Мыналар:

      1) Күші жойылды – ҚР Инвестициялар және даму министрінің 15.05.2018 № 330 (29.06.2018 бастап қолданысқа енгізіледі және 01.01.2024 дейін қолданыста болады) бұйрығымен.

      2) пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі өңіраралық комиссиялар туралы ереже осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Инвестициялар және даму министрінің 15.05.2018 № 330 (29.06.2018 бастап қолданысқа енгізіледі және 01.01.2024 дейін қолданыста болады); 20.07.2023 № 527 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

      2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті:

      1) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде осы бұйрықтың мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзiмдi баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастырылуын;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәлiметтердi ұсынуды қамтамасыз етсiн.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Инвестициялар және даму министрі
Ә. Исекешев

      "КЕЛІСІЛДІ":

      Қазақстан Республикасының

      Энергетика министрі

      ___________________ В. Школьник

      2015 жылғы 24 сәуір



  Қазақстан Республикасы
  Инвестициялар және даму министрінің
  2015 жылғы 21 сәуірдегі
  № 472 бұйрығына
  1-қосымша

Қазақстан Республикасының пайдалы қазбалар қоры жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы ереже

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Инвестициялар және даму министрінің 15.05.2018 № 330 (29.06.2018 бастап қолданысқа енгізіледі және 01.01.2024 дейін қолданыста болады) бұйрығымен.

  Қазақстан Республикасы
  Инвестициялар және даму министрінің
  2015 жылғы 21 сәуірдегі
  № 472 бұйрығына
  2-қосымша


Пайдалы қазбалар қоры жөніндегі өңіраралық комиссиялар туралы ереже

1. Жалпы ережелер

      1. Пайдалы қазбалар қоры жөніндегі өңіраралық комиссиялар (бұдан әрі - ҚӨК) жер қойнауына мемлекеттік сараптаманы (бұдан әрі - Сараптама) жүзеге асырады.

      2. ҚӨК қызметін ұйымдастыру, олардың құрамы, жұмыс регламенті және іс жүргізу осы Ережемен айқындалады.

      3. ҚӨК жер қойнауын зерделеу және пайдалану жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінің (бұдан әрі - аумақтық бөлімшелер) жанынан құрылады және жұмыс істейді.

      4. ҚӨК құзыретіне кең таралған пайдалы қазбалардың түрлері бойынша Сараптама, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қоры жөніндегі мемлекеттік комиссия (бұдан әрі - ҚР ҚМК) Сараптамасына келіп түсетін есептерді алдын ала қарау жатады.

2. ҚӨК міндеттері мен функциялары

      5. Негізгі міндетке сәйкес Сараптама барысында ҚӨК мыналарды:

      1) пайдалы қазбалар қорларының саны, сапасы, құрамы, технологиялық қасиеттері, сондай-ақ жер қойнауының ерекшеліктері туралы деректердің дұрыстығын;

      2) пайдалы қазбаларды өндіру және өндіруге байланысты емес мақсатта жер қойнауы учаскелерін пайдалану шарттары үшін геологиялық, тау-кен техникалық, гидрогеологиялық, инженерлік-геологиялық, техникалық-экономикалық деректердің толықтығы мен дұрыстығын;

      3) кен орындарын қазудың экономикалық тиімділігінің техникалық-экономикалық негіздемесін, көмірсутек шикізатын алу коэффициенттерін, минералдық-шикізаттық базаны кеңейту жөніндегі қорытындылар мен ұсыныстарды, пайдалануға арналған қорлар мен жер қойнауы учаскелерінің дайындығы дәрежесін;

      4) жер қойнауын геологиялық зерделеу мен бағалау жөніндегі іздестіру, барлау, тәжірибелік-пайдалану жұмыстардың нәтижелері мен сапасын;

      5) пайдалы қазбалардың кен орындарын жоюдың немесе консервациялаудың, пайдалы қазбаларды есептен шығарудың немесе қалған қорлардың теңгерімділік тиесілігінің өзгеру негізділігін айқындайды.

      6. ҚӨК өз қызметінде мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      1) қор жөніндегі комиссия отырысының хаттамасы түрінде пайдалы қазбалар қорларының мемлекеттік теңгеріміне қоюға негіз болып табылатын барланған пайдалы қазбалар қорының рентабельділігі туралы қорытынды береді;

      2) пайдалы қазбалар қорының саны мен сапасын, олардың республика экономикасы үшін маңызын, өндірудің тау-кен техникалық, гидрогеологиялық, экологиялық және басқа да жағдайларына объективті баға береді;

      3) келісімшарттық аумақтағы барлау нәтижесінде коммерциялық табу фактісін растайды.

      7. ҚӨК Сараптама барысында:

      1) орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардан, жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөніндегі уәкілетті органға ведомстволық бағынысты ұйымдар мен мекемелерден және жер қойнауын пайдаланушылардан өздеріне жүктелген міндеттерді орындау үшін қажетті ақпаратты, құжаттарды және материалдарды сұратуы және алуы;

      2) Сараптама процесінде өз құзыреті шегінде тәуелсіз сарапшыларды тартуы;

      3) қажеттілігіне қарай сараптама жүргізілетін объектілерде көшпелі отырыстарды өткізуі;

      4) "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 278-бабының 34-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, жер қойнауын пайдаланушы құзыретті орган қолданыстағы келісімшартқа тиісті өзгерістер енгізгенге дейін келісімшарттық талаптарда айтылған жер қойнауын пайдалану операцияларын жүргізу мерзімдерін бұзған жағдайда, сараптамаға ұсынылған есептерді кері қайтарады;

      5) өз функцияларына кіретін мәселелер бойынша шешімдер қабылдауы мүмкін.

      Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 20.07.2023 № 527 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

3. ҚӨК қызметін ұйымдастыру

      8. ҚӨК отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ айына кемінде бір рет өткізіледі.

      9. ҚӨК отырыстары жұмыс және пленарлық отырыстар болып бөлінеді. Жұмыс бабында қарау нәтижесі ҚӨК шешімінің жобасы болып табылады. ҚӨК пленарлық отырысында сарапталатын есептер бойынша шешім қабылданады.

      10. ҚӨК алқалы органдар болып табылады. Шешім отырысқа қатысып отырған комиссия мүшелерінің көпшілік дауысымен қабылданады. Шешімдерді қабылдау кезінде дауыстар тең болған жағдайда, төрағалық етушінің дауысы шешуші болып табылады.

      11. ҚӨК жұмыс органдары қарауға келіп түскен есептердің салалық бағыты бойынша тиісті аумақтық бөлімшелердің мамандарынан құрылатын жұмыс топтары болып табылады.

      12. ҚӨК отырыстарына комиссияның мүшелері болып табылмайтын лауазымды тұлғалар шақырылуы мүмкін.

      13. ҚӨК төрағалары тиісті өңіраралық комиссияның қызметіне басшылық етеді.

      14. Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар ҚӨК-ге жүктелген міндеттерді орындауда оларға жәрдем көрсетеді.

      15. ҚӨК ғылыми хатшылары Сараптамаға есептердің қабылдануын және оларды комиссиялардың пленарлық отырыстарына дайындауды ұйымдастырады.

      16. Сараптаманың нәтижелері пайдалы қазбалар қорларын бекіту туралы, қорларды санаттар бойынша бөлу, тәжірибелік-өнеркәсіптік өндірудің көлемдері мен мерзімдері, көмірсутекті шикізатты алу коэффициенттері, пайдалы қазбалар қорларын есептен шығару, жер қойнауы туралы ақпаратты өнеркәсіптік, ғылыми және басқа мақсаттарда қолдану мүмкіндіктері, ұсынымдар туралы деректер, сондай-ақ ҚӨК құзыретіне кіретін өзге де мәселелер бойынша шешімдер көрініс табатын хаттамамен ресімделеді.

      17. Сараптаманың нәтижелері көрсетілген хаттамаға отырысқа төрағалық етушінің қолы қойылады және ҚӨК барлық қатысқан мүшелерінің бұрыштама қолдары қойылады.

4. ҚӨК құрамы

      18. ҚӨК төрағадан, оның орынбасарларынан, ғылыми хатшыдан және комиссиялар мүшелерінен тұрады.

      19. ҚӨК төрағалары тиісті аумақтық бөлімшелердің басшылары болып табылады. ҚӨК төрағаларының орынбасарлары тиісті аумақтық бөлімшелердің басшыларының орынбасарлары болып табылады.

      20. Ғылыми хатшылар мен комиссия мүшелері жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөніндегі уәкілетті органның, геологиялық мамандықтары бар білікті қызметкерлері болып табылады.

      ҚӨК жеке құрамы тиісті аумақтық бөлімшелер басшысының бұйрығымен бекітіледі.

5. ҚӨК жұмыс регламенті және іс қағаздарын жүргізу

      21. ҚӨК кезекті жылға арналған жұмыс жоспары жер қойнауын пайдаланушылардың өтінімдері негізінде қалыптастырылады.

      22. Алып тасталды – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 20.07.2023 № 527 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      23. Алып тасталды – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 20.07.2023 № 527 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      24. ҚӨК жиынтық жоспарларын олардың төрағалары бекітеді.

      25. Жер қойнауын пайдалану құқығы бар жеке немесе заңды тұлға "Жер қойнауын пайдаланушылардың жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу туралы есептер беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 31 наурыздағы № 396 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11028 тіркелген) жер қойнауын пайдаланушылардың жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу туралы есептер беру қағидаларына сәйкес жүргізілген геологиялық барлау жұмыстары туралы түпкілікті есепті (бұдан әрі - есеп) Сараптамаға ұсынады.

      26. Жоспарланатын жылдың 30 қаңтарынан кейін түскен жер қойнауын пайдаланушылардың өтінімдері ҚӨК тіркеледі. Аталған есептерге Сараптама мынадай түрде жүргізіледі:

      1) бірінші кезекте жиынтық жұмыс жоспарына сәйкес есептер қарастырылады;

      2) екінші кезекте жоспарланатын жылдың 20 қаңтарынан кейін келіп түскен өтінімдер бойынша есептер олардың түсу кезектілігіне сәйкес қарастырылады.

      27. Жер қойнауын пайдаланушы сараптамаға:

      есепті қағаз және элетрондық тасығышта бір данада;

      есепке авторлық анықтамаларды – бір данада жібереді.

      Ескерту. 27-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 20.07.2023 № 527 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      28. Сараптамаға келіп түсетін есепті ғылыми хатшы осы Ереженің 27-тармағында көзделген белгіленген талаптардың сәйкестігі мәніне бағалайды.

      29. Ұсынылған есеп осы Ереженің талаптарына сәйкес болған кезде, оны ғылыми хатшы тіркейді, одан кейін Сараптамаға қабылданған болып есептеледі, бұл туралы жер қойнауын пайдаланушыға түскен күнінен бастап он жұмыс күні ішінде жазбаша хабарланады.

      30. ҚӨК мүшелеріне олардың тіркелуіне қарай Сараптамаға есептердің келіп түсуі туралы ғылыми хатшы хабарлайды.

      31. ҚӨК қарауына түскен есеп комиссия төрағасының орынбасарына беріледі, ол келіп түскен материалдардың салалық бағытына сәйкес комиссия мүшелерінің ішінен сараптама жүргізуге жауаптыларды айқындайды.

      32. Сараптама геология және жер қойнауын пайдалану саласында арнайы білімі бар және сараптама нәтижелеріне мүдделі емес тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып есеп тіркелген сәтінен бастап үш айға дейінгі мерзімде жүргізіледі. Аса күрделі не көлемі үлкен есепті қараған жағдайда, Сараптаманы жүргізу мерзімі комиссия төрағасының шешімі бойынша ұзартылуы мүмкін, бірақ екі айдан аса ұзартылмайды.

      33. Тәуелсіз сарапшылардың тізімін ҚР ҚӨК төрағасының ұсынымы бойынша жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөніндегі уәкілетті органның ведомство басшысы бекітеді.

      34. Жер қойнауын пайдаланушы тәуелсіз сарапшылардың қорытындыларын алғаннан және комиссияның жауапты мүшелері есепті зерделегеннен кейін жер қойнауын пайдаланушы өкілдерінің, есепті орындаушылардың, тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен ҚӨК жұмыс отырысы өткізіледі.

      Ескерту. 34-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 20.07.2023 № 527 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      35. ҚӨК-нің жұмыс отырыстары ҚӨК төраға орынбасарының төрағалық етуімен өткізіледі. Жұмысты қарау нәтижесі ҚӨК шешімнің жобасы болып табылады.

      36. Комиссиялардың пленарлық отырыстары ҚӨК төрағасының төрағалық етуімен өткізіледі. Төраға болмаған жағдайда отырысты оның орынбасары өткізеді.

      37. Пленарлық отырыс өткізілгенге дейін үш жұмыс күні бұрын ғылыми хатшы ҚӨК-нің мүшелеріне қаралатын объект бойынша есептің негізгі мазмұны қысқаша түрде көрсетілген анықтаманы танысу үшін ұсынады. ҚӨК мүшесінің талабы бойынша оған тәуелсіз сарапшылардың қорытындылары және өзге материалдар ұсынылады.

      38. Егер ҚӨК-нің пленарлық отырысына комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде жартысы қатысқан жағдайда, ол заңды деп есептеледі. ҚӨК-нің мүшелері өзінің отырысқа қатысу жөніндегі уәкілеттігін басқа тұлғаға бере алмайды.

      39. Пленарлық отырыстарда шешімдер оның мүшелері даусының көпшілігімен қабылданады.

      40. Шешім қабылдау кезінде комиссия мүшелері тең дауысқа ие болады. Дауыстар тең болған жағдайда, төрағалық етуші дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.

      41. Қабылданған шешімге келіспейтін ҚӨК-нің мүшелері ерекше пікір білдіруге құқылы. Ерекше пікір оның негіздемесін қамтитын, жеке құжатпен ресімделеді және қаралатын материалдарға қоса беріледі.

      42. ҚӨК төрағасының, ал ол болмаған кезде - орынбасарының тапсырмасы бойынша шешімнің жобасы сырттай дауыс беру тәртібімен комиссия мүшелеріне жіберілуі мүмкін.

      43. Комиссия мүшелерінің сырттай дауыс беруге арналған мерзімі дауыс беру үшін хаттама жобасын таратқан күннен бастап үш жұмыс күнінен аспауға тиіс. Сырттай дауыс беру мерзімі аяқталғанға дейін комиссия мүшелері ғылыми хатшыға өздерінің пікірін білдіретін жазбаша жауаптарды жібереді. Көрсетілген мерзімде жазбаша жауап ұсынбаған жағдайда, комиссия мүшесі қабылданған жоба шешіміне дауыс берді деп есептеледі. Егер жоба бойынша комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілігі дауыс берген жағдайда, сырттай дауыс беру өтті деп есептеледі. Шешім жобасы бойынша сырттай дауыс берудің нәтижелері хаттамамен ресімделеді.

      44. ҚӨК пленарлық отырысының хаттамасы отырыс өткен күннен бастап он төрт жұмыс күні ішінде жасалады. Хаттамада Сараптамаға ұсынылған есептің материалдары туралы мәліметтер, сараптама барысында анықталған ескертулер, ҚӨК шешімі және олардың ұсынымдары қамтылады.

      45. ҚӨК-нің пленарлық отырыстарының хаттамалары қаралғаннан кейін күнтізбелік отыз күн ішінде, бірақ кемінде тоқсанына бір рет ҚР ҚМК атына жіберіледі. Ғылыми хатшы Сараптамадан өткен есепті тиісті аумақтық бөлімшенің геологиялық қорына тұрақты сақтауға беру туралы хабарландырудың көшірмесін алған сәттен бастап екі апталық мерзімде жер қойнауын пайдаланушыға ҚӨК-нің пленарлық отырысының хаттамасын жібереді.

      46. Сараптамадан өткен есепке, есеп орындаушылары пленарлық отырыста қабылданған шешімдер және ҚР ҚМК хаттамасында көрініс тапқан қажетті толықтырулар мен түзетулер енгізеді.

      47. Енгізілген түзетулердің сәйкестігін ұсынылған есепті сараптаудан өткізуге жауапты тұлғалар тексереді және есепті орындаушылардың, ескертулер бейімі жөніндегі тәуелсіз сарапшының және ҚӨК жұмыс органы маманының қолдары қойылған актімен куәландырылады.

      48. Сараптамадан өткен есепке тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілгеннен кейін, сондай-ақ оларды қосымша түзетулерсіз қабылдаған жағдайда, жүргізілген геологиялық барлау жұмыстары туралы Сараптамадан өткенін куәландыратын мөртабан қойылады.

      49. Қабылданған қорлардың санаттары, хаттаманың нөмірі, пленарлық отырыс өткізілген күні, сондай-ақ сарапталатын материалдардың қаралуына жауапты тұлғаның қолы мөртабанда көрініс табады. Мөртабандар есеп мәтінінің титул парағында және қорлардың бұғатталғанын мен санаттарға бөлінгенін көрсететін графикалық қосымшалардың әрбір парағына қойылады.

      50. Егер сарапталатын есепке жасалған Сараптаманың нәтижесі бойынша ҚР ҚМК немесе ҚӨК теріс қорытындысы алынса, жер қойнауын пайдаланушы хаттамада жазылған ескертулер мен ұсынымдарды ескере отырып, оларды пысықтаған кезде есепті қайталама сараптамаға ұсына алады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады