Жер қойнауына мемлекеттік мониторингті жүзеге асыру кағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 31 наурыздағы № 398 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 1 шілдеде № 11519 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2018 жылғы 5 мамырдағы № 312 бұйрығымен

      Ескерту. Бұйрықтың күші жойылды – ҚР Инвестициялар және даму министрінің 05.05.2018 № 312 (29.06.2018 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" 2010 жылғы 24 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы 19-бабының 9) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Жер қойнауына мемлекеттік мониторингті жүзеге асыру қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Жер қойнауын пайдалану департаменті:

      1) осы бұйрықты заңнамамен белгіленген тәртіпте Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмелерін мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруды;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму жетекшілік ететін вице-министрі жүктелсін.

      4. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Инвестициялар және даму


министрі

Ә. Исекешев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ауыл шаруашылығы министрі

      ___________________ А. Мамытбеков

      2015 жылғы 28 сәуір

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрі

      ___________________ Е. Досаев

      2015 жылғы 16 мамыр

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Энергетика министрі

      ___________________ В. Школьник

      2015 жылғы 22 мамыр



  Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және даму министрінің
2015 жылғы 31 наурыздағы
№ 398 бұйрығымен
бекітілген

Жер қойнауына мемлекеттік мониторингті жүзеге асыру қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қағидалар "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" 2010 жылғы 24 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының 19-бабы 9) тармақшасына сәйкес әзірленген және жер қойнауына мемлекеттік мониторингті жүзеге асыру тәртібін айқындайды.

      2. Жер қойнауының мемлекеттік мониторингі жер қойнауының мемлекеттік қорын ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету және олардың өзгеруін уақтылы анықтау, келеңсіз үдерістер зардаптарын бағалау, олардың алдын алу және жою үшін жер қойнауының жай-күйін бақылау, оның ішінде Жерді ғарыштан қашықтықтан зондтау деректерін пайдалана отырып байқау жүйесін білдіреді.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Инвестициялар және даму министрінің 30.06.2016 № 531 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      3. Қазақстан Республикасының жер қойнауы және ондағы болып жатқан үдерістер жер қойнауы мемлекеттік мониторингінің объектісі болып табылады.

      4. Жер қойнауының мемлекеттік мониторингі қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің, оның ішінде жер қойнауының сапасы нормативтерін қадағалау кезінде өндірістік мониторингтің (әсер ету мониторингі) бірыңғай мемлекеттік жүйесінің құрамдас бөлігі болып табылады.

      5. Жер қойнауының мемлекеттік мониторингі Қазақстан Республикасы қатысатын жер қойнауы мен қоршаған ортаның жаһандық халықаралық бағдарламасына қосылады.

      6. Жер қойнауының мемлекеттік мониторингі тау-кен аудандарын, мұнай-газ провинцияларын, жерасты суларының бассейндерін, пайдалы қазбалардың, оның ішінде жерасты суларының кен орындарын, су кешендері мен көкжиектерді, су жібермейтін қабаттарды, геологиялық үдерістер өтіп жатқан геологиялық денелерді, геофизикалық, сейсмикалық, гравитациялық және басқа өрістерді, жер қойнауын пайдалану және жерасты суларының су пайдалану учаскелерін, ластанған жер қойнауын, тау-кен қазбаларын және су жинауды қоса алғанда, табиғи және табиғи-техногендік жүйелерде өткізіледі.

2. Жер қойнауының мемлекеттік мониторингін жүзеге асыру тәртібі

      7. Жер қойнауының мемлекеттік мониторингі үш деңгейде жүзеге асырылады:

      1) жергілікті - жер қойнауын пайдалану мен су пайдалану учаскелерін, пайдалы қазбалар (карьерлер, шахталар, ұңғымалар, су жинау құрылыстары, көму полигондары, су төмендету қондырғылары) кен орындарын барлау мен өндіруді, өндіруге және (немесе) барлауға байланысты емес жерасты құрылыстарын салуды және (немесе) пайдалануды, жер қойнауының ластануын, урбанизацияланған аумақтарды, суару алқаптарын қамтитын жекелеген табиғи-техногендік жүйелер шеңберінде;

      2) өңірлік - геология құрылымдық, гидрогеологиялық, инженерлік-геологиялық және басқа ерекшеліктер, әкімшілік, экономикалық, экологиялық және басқа шекаралар, жер қойнауының жай-күйіне әсер ететін табиғи және техногендік факторлар кешені ескеріле отырып, жекелеген табиғи жүйелердің аумағында;

      3) республикалық - қажет кезінде жалпы мемлекеттік маңызы бар ірі өңірлерді, сондай-ақ трансшекаралық жерасты су объектілерін бөле отырып, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында.

      8. Жер қойнауы мемлекеттік мониторингі қамтиды:

      1) жерасты суларының мониторингі;

      2) қауіпті экзогендік геологиялық үдерістердің мониторингі;

      3) қауіпті эндогендік геологиялық үдерістердің мониторингі;

      4) көмірсутегі кен орындарының мониторингі;

      5) қатты пайдалы қазбалар кен орындарының мониторингі;

      6) пайдалы қазбаларды өндірумен және барлаумен байланысы жоқ мақсаттарда пайдаланылатын жер қойнауы учаскілерінің мониторингі;

      7) жер қойнауын пайдаланумен байланысы жоқ шаруашылық қызметтің әсеріне ұшырайтын жер қойнауы учаскелерінің мониторингі.

      9. Жер қойнауының мемлекеттік мониторингі:

      1) мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен құрылған, жер қойнауының табиғи, сондай-ақ бұзылған алаңдарда орналастырылған мемлекеттік желілерінің бақылау пункттері мен полигондарында;

      2) геологиялық және тау-кенді бөлудегі жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) берген жер қойнауын пайдалануға арналған келісім-шарттық талаптарға сәйкес жер қойнауын пайдаланушылар, сондай-ақ арнайы су пайдалануға арналған рұқсаттардың шарттарына сәйкес су пайдаланушылар құрған жеке меншік желіні бақылау пункттерінде жүзеге асырылады.

      10. Жер қойнауының жай-күйін ұдайы болжауды қоса алғанда, деректерді сақтау және өңдеу үшін уәкілетті органның Жер қойнауы туралы мемлекеттік деректер банкінің автоматтандырылған ақпараттық жүйелері (бұдан әрі - автоматтандырылған ақпараттық жүйе) қолданылады. Автоматтандырылған ақпараттық жүйеде түрлі деңгейлер арасында, сондай-ақ "Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесі" ақпараттық жүйесі мен табиғи ресурстар мониторингі" басқа жүйелерінің дерекқорының арасында ақпаратты стандартталған түрде алмасуды қамтамасыз ететін ақпаратты бірыңғай әдістемелік негізде жинақтау, өңдеу және сақтау жүзеге асырылады.

      11. "Жер қойнауының жай-күйі туралы геологиялық есептілікті ұсыну нысанын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеудің тізілімінде 2015 жылы 29 сәуірде № 10833 тіркелді) 2015 жылғы 27 ақпандағы № 254 бұйрығымен бекітілген үлгісі бойынша, жер қойнауын пайдаланушылар бастапқы есепке алу материалдарына негізделген жер қойнауының жай-күйі туралы геологиялық есептілікті жартыжылдық үшін ағымдағы жылдың 15 тамызына және бір жыл үшін есепті кезеңнен кейінгі жылдың 15 ақпанына уәкілетті органға тапсырады.

      12. Жер қойнауының мемлекеттік мониторингі координаттар мен биіктіктердің, жіктегіштердің бірыңғай жүйесін, бірліктердің, деректердің стандартты форматтарының, көрсеткіштер кешені мен бірыңғай нормативтік-әдістемелік және техникалық база жүйесін пайдалануға негізделген бастапқы әр текті деректерді салыстыру шарттары сақтала отырып жүргізіледі.

      13. Жер қойнауының мемлекеттік мониторингін жүргізу кезінде алынатын жер қойнауының жай-күйі туралы ақпаратты уәкілетті орган жыл сайын ағымдағы жылғы бірінші тоқсанда қорытылған түрде табиғат пайдалану саласындағы шешімдерді қабылдау кезінде қолдану үшін Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдіктеріне жібереді.

      14. Уәкілетті орган жер қойнауының мониторингін жүзеге асыру бөлігінде мыналарды:

      1) республикалық және өңірлік деңгейлерде жер қойнауының мемлекеттік мониторингін жүзеге асыруды;

      2) бақылау пункттері мен полигондарды құруды, пайдалануды, ұстауды, консервациялауды және жоюды, мемлекеттік желіні оңтайландыруды, сондай-ақ тақырыптық, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды, нормативтік-техникалық құжаттардың әзірленуін, жер қойнауының мемлекеттік мониторингін қамтамасыз ету үшін геологиялық және гидрогеологиялық, инженерлік-геологиялық, геоэкологиялық және өзге де арнайы карталар жасауды қоса алғанда, мемлекеттік бақылау желілерінде жер қойнауының мемлекеттік мониторингін жүргізуді;

      3) бақылау деректері мен нәтижелерін ұсынуды;

      4) Қазақстан Республикасының жер қойнауы туралы мемлекеттік дерекқорын ұйымдастыруды және жүргізуді;

      5) жер қойнауының жай-күйі туралы деректерді жинауды, оларды жинақтап қорытуды, оның өзгеруін талдауды және болжауды, сондай-ақ ұсынымдарды әзірлеу мен белгіленген тәртіппен мүдделі органдарға тиісті ақпаратты тапсыруды қамтамасыз етеді.

      15. Жер қойнауының мемлекеттік мониторингін жүргізу мәселелері бойынша уәкілетті орган өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады