Су ресурстарын кешендi пайдалану мен қорғаудың бас және бассейндiк схемаларын және су шаруашылығы баланстарын әзiрлеу мен бекiту қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 30 наурыздағы № 19-1/277 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 1 шілдеде № 11524 тіркелді.

      Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 9 шілдедегі Су кодексінің

      37-бабы 1-тармағының 7-10) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Су ресурстарын кешендi пайдалану мен қорғаудың бас және бассейндiк схемаларын және су шаруашылығы баланстарын әзiрлеу мен бекiту қағидалары бекiтілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесінің мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялануға жіберілуін;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының



Ауыл шаруашылығы министрі


А.Мамытбеков



      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасының

      Инвестициялар және даму министрі

      ___________________ Ә. Исекешев

      2015 жылғы 21 сәуір

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрі

      ______________ Е. Досаев

      2015 жылғы 27 мамыр

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасының

      Энергетика министрі

      ______________ В.Школьник

      2015 жылғы " " сәуір




  Қазақстан Республикасы
  Ауыл шаруашылығы министрінің
  2015 жылғы 30 наурыздағы
  № 19-1/277 бұйрығымен
  бекітілген

Су ресурстарын кешендi пайдалану мен қорғаудың бас және
бассейндiк схемаларын және су шаруашылығы теңгерiмдерiн әзiрлеу
және бекіту қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Су ресурстарын кешендi пайдалану мен қорғаудың бас және бассейндiк схемаларын және су шаруашылығы теңгерiмдерiн әзiрлеу және бекіту қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының

      2003 жылғы 9 шілдедегі Су кодексінің 37-бабы 1-тармағының

      7-10) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасында су ресурстарын кешендi пайдалану мен қорғаудың бас және бассейндiк схемаларын және су шаруашылығы теңгерiмдерiн әзiрлеу және бекiту тәртiбiн айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:

      1) жедел су шаруашылығы теңгерiмi – судың нақты бар-жоғын жыл сайынғы бағалау және су тұтынушылардың пайдалануына арналған ағымдағы жылдың сулылығына қарай су ресурстарын қайта бөлу.

      2) перспективалы су шаруашылығы теңгерiмi – су тұтынушылардың пайдалануына арналған су объектілерінің перспективадағы су ресурстары мөлшерiнің болжамы;

      3) су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – елді мекендер шегінен тыс жерлерде су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы басқару мен бақылау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

      4) су ресурстарын кешендi пайдалану мен қорғаудың бас схемасы (бұдан әрi – бас СРКПҚС) – халықты және экономика салаларының суға перспективалы қажеттіліктерiн қанағаттандыру, сондай-ақ су ресурстарын қорғау немесе олардың зиянды әсерлерiн болдырмау үшiн жүзеге асырылуы тиiс жалпы ел бойынша негiзгi су шаруашылығы және басқа да iс-шараларды айқындайтын құжат;

      5) су ресурстарын кешендi пайдалану мен қорғаудың бассейндiк схемасы (бұдан әрi – бассейндік СРКПҚС) – жалпы су объектісінің бассейні немесе қаралатын аумақ бойынша су ресурстарын ұтымды пайдалану мен қорғауды қамтамасыз ету мақсатындағы iс-шараларды айқындайтын құжат;

      6) уәкілетті органның ведомствосы – су қорын пайдалану және қорғау саласындағы іске асыру мен бақылау функцияларын өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын ведомство.

      3. Бас және бассейндік СРКПҚС әзiрлеу ұзақ мерзiмдi перспективаға экономикалық және әлеуметтiк мiндеттердi шешуге бағытталған бағдарламалық құжаттарға негізделедi.

      4. Бас және бассейндік СРКПҚС-да қаралатын аумақтар мен негізгi өзендер бассейндерi бойынша су ресурстарының сандық көрсеткiштерi көрсетiледi, су объектiлерiнiң экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық жай-күйi ескеріле отырып, су тұтыну, су бұру лимиттері белгiленедi.

      5. Су көрсеткiштерi мен суға перспективалы қажеттiлiктердi бағалау суды мемлекеттiк есепке aлу, су кадастры мен су объектiлері мониторингінің деректерi негiзiнде жүзеге асырылады.

      6. Бас және бассейндік СРКПҚС-да орта мерзiмдi үш жылдық кезеңдер көрсеткіштері бөлiне отырып, кемiнде он бес жылдық ұзақ мерзiмдi кезеңге әзiрленедi.

      7. Бас және бассейндік СРКПҚС-да жоспарланған іс-шаралар мыналарға бағытталуы тиіс:

      1) өндіріс технологиясын жетілдіру негізінде су ресурстарын ұтымды және үнемді пайдалану;

      2) аз сулы және сусыз процестерді пайдалану;

      3) суармалы жүйелердегі және сумен жабдықтау жүйелеріндегі су ресурстарының қайтарымсыз ысыраптарын қысқарту;

      4) жергілікті су ресурстарын оларды реттеу, өзен ағыстарын бассейнаралық қайта бөлу, тазартылмаған ағынды суларды ағызу көлемдерін қысқарту есебінен мүмкіндігінше пайдалану;

      5) қалаларды, елді мекендерді, ауыл шаруашылығы жер-сулары мен басқа да объектілерді су басудың және су тасудың алдын алу.

      8. Уәкiлеттi орган бас және бассейндік СРКПҚС-ны, су шаруашылығы теңгерiмдерiн әзiрлеудi мүдделi мемлекеттiк органдардың қатысуымен, ғылыми және мамандандырылған жобалау ұйымдарын тарта отырып, бюджет қаражаты есебінен әзірлейді.

2. Су ресурстарын кешендi пайдалану мен қорғаудың бас және
бассейндiк схемаларын және су шаруашылығы теңгерiмдерiн әзiрлеу
және бекіту тәртiбi
1-параграф. Су ресурстарын кешендi пайдалану мен қорғаудың бас
схемаларын әзiрлеу мен бекiту

      9. Бас СРКПҚС өңiрдiң/бассейннiң әлеуметтік-экономикалық дамуы болжамы мен табиғи факторлар тепе-теңдігін сақтау ескерiле отырып, егжей-тегжейлі зерттеулер мен техникалық-экономикалық деректер нұсқаларын салыстыру негiзінде су шаруашылығы проблемаларының кешендi мiндеттерiн шешу мақсатында әзiрленедi.

      10. Бас СРКПҚС жобасын уәкiлеттi орган мемлекеттік жоспарлау, индустриялық-инновациялық қызмет, көлiк және коммуникациялар, мемлекеттік геологиялық зерделеу, жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы, өңірлік даму, жер ресурстарын басқару және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органдармен келiсім бойынша әзiрлейдi және Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 30.11.2015 № 19-1/1052 (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-т. қараңыз) бұйрығымен.

      11. Бас СРКПҚС жобасы қажет болған жағдайда басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен келiсiледі.

      12. Уәкiлеттi орган бас СРКПҚС жобасын ол бекiтiлгенге дейiн қоғамдастықтың талқылауына шығаруды қамтамасыз етедi.

      13. Бас СРКПҚС-ны әзірлеу мерзімі үш жылдан аспайды.

      14. Бас СРКПҚС бекітілгеннен кейін кемінде әр үш жыл сайын нақтылау және толықтыру рәсімдерінен өтеді.

2-параграф. Су ресурстарын кешендi пайдалану мен қорғаудың
бассейндiк схемаларын әзiрлеу және бекiту

      15. Бассейндік су шаруашылығы басқармалары уәкiлеттi органның ведомствосына бассейндiк CPКПҚC әзiрлеу жөнiнде ұсыныстар бередi, оларда бассейндiк кеңеске қатысушылар мен қоғамдастықтың ұсынымдары көрсетiледі.

      16. Бассейндік СРКПҚС жобасын уәкілетті органның ведомствосы әзiрлейдi және бақыланатын аумақтары қаралатын бассейнге жататын жергіліктi атқарушы органдардың, мемлекеттік жоспарлау, индустриялық-инновациялық қызмет, көлiк және коммуникациялар, мемлекеттік геологиялық зерделеу, жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы, өңірлік даму, жер ресурстарын басқару және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органдардың аумақтық бөлімшелерінің келісімі бойынша бекітеді.

      17. Бассейндік СРКПҚС-ны әзірлеу мерзімі екі жылдан аспайды.

      18. Бассейндік СРКПҚС бекітілгеннен кейін кемінде әр үш жыл сайын нақтылау және толықтыру рәсімдерінен өтеді.

      19. Трансшекаралық су объектілеріне арналған бассейндік СРКПҚС Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың талаптары ескеріле отырып әзірленеді.

3-параграф. Су шаруашылығы теңгерiмдерiн әзiрлеу және бекiту

      20. Су шаруашылығы теңгерiмдерi су объектiлерi бассейндерi, экономикалық аудандар және жалпы республика бойынша су ресурстарының бар-жоғын және оларды пайдалану мүмкiндiктерiн бағалау мақсатында әзiрленедi.

      21. Су шаруашылығы теңгерiмдерi жедел және перспективалы болып бөлiнедi.

      22. Су объектілерінің бассейндері бойынша жедел су шаруашылығы теңгерімдерін әр жылдың қорытындысы бойынша бассейндік су шаруашылығы басқармалары әзірлейді және уәкілетті органның ведомствасы олардың жылдық есептері құрамында келесі жылдың сәуір айынан кешіктірмей қабылдайды.

      23. Жалпы республика бойынша перспективалы су шаруашылығы теңгерiмi бас СРКПҚС-ның құрамдас бөлiгi болып табылады және оның құрамында бекiтiледi.

      24. Жекелеген су объектiсi бассейнiнде қолайсыз ахуал қалыптасқан жағдайда, уәкілетті орган су тұтынушылар арасында су ресурстарын қайта бөлу және жаңа өндiрістік күштердi орналастыру мүмкiндiгін анықтау мақсатында тиiстi су объектiсi бассейнi бойынша перспективалы су шаруашылығы теңгерiмiн әзiрлеу туралы шешiм қабылдайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады