Авиациялық қауіпсіздік қызметі туралы үлгілік ережені бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің м.а. 2015 жылғы 26 наурыздағы № 321 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 9 шілдеде № 11603 тіркелді.

      "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі Заңының 14-бабы 1-тармағының 41-51) тармақшасына сәйкес БҰЙРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Авиациялық қауіпсіздік қызметі туралы үлгілік ереже бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті (Б.К. Сейдахметов):

      1) осы бұйрықтың заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін, күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмелерін мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесіне ресми жариялауға жіберуді;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік органдарының интранет-порталында орналастыруды;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігінің жетекшілік ететін вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Инвестициялар және даму министрінің
      міндетін атқарушы Ж. Қасымбек

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрі

      ___________ Б.Т.Сұлтанов

      2015 жылғы 11 маусым

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Мемлекеттік күзет қызметінің

      бастығы

      ___________ А.Ж. Күреңбеков

      2015 жылғы 20 мамыр

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық қауіпсіздік комитетінің

      төрағасы

      ___________ Н.Ә. Әбіқаев

      2015 жылғы 11 мамыр

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ішкі істер министрі

      ___________ Қ.Н. Қасымов

      2015 жылғы 30 сәуір



  Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және даму
министрінің міндетін
атқарушының
2015 жылғы 26 наурыздағы
№ 321 бұйрығымен бекітілген

Авиациялық қауіпсіздік қызметі туралы
үлгі ереже
1-тарау. Жалпы ережелер

      Ескерту. 1-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 23.07.2019 № 536 (01.08.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Осы Авиациялық қауіпсіздік қызметі туралы үлгі ереже (бұдан әрі – Ереже) "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді, авиациялық қауіпсіздік қызметінің міндеттерін, функцияларын, өкілеттіктерін анықтайды.

      2. Авиациялық қауіпсіздік қызметі (бұдан әрі – АҚҚ) әуежайлардағы және тұрақты әуе тасымалын орындайтын авиакомпаниялардағы дербес құрылымдық бөлімше болып табылады.

      3. Әуежайдың және авиакомпанияның авиациялық қауіпсіздік қызметінің құрылымдық схемасының үлгісі осы ереженің 1 және 2-қосымшаларына сәйкес жасалады және ұйынын басшысымен бекітіледі.

      4. АҚҚ міндеті авиация қызметіне заңсыз араласу актілерінің алдын алумен және оларды болдырмаумен қамтамасыз етілетін авиацияның қауіпсіз қызметін қамтамасыз ету болып табылады.

      5. АҚҚ өзінің қызметінде Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі саласындағы заңдары мен заңнамасын, Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияны және осы Ережені (Чикаго, 1944 ж.) басшылыққа алады.

      6. АҚҚ жұмысы азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйыммен (бұдан әрі – уәкілетті ұйым), Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарымен, құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдарымен олардың құзыретіне сәйкес өзара іс-қимыл жасай отырып жүзеге асырылады.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 23.07.2019 № 536 (01.08.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      7. АҚҚ туралы ереже осы Ереженің негізінде әзірленеді және оны әуежай және тұрақты әуе тасымалын орындайтын авиакомпания басшысы бекітеді.

2-тарау. Авиациялық қауіпсіздік қызметінің функциялары

      Ескерту. 2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 23.07.2019 № 536 (01.08.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      8. ААҚ функциялары олардың әуежайға немесе тұрақты әуе тасымалын орындайтын авиакомпанияға тиістілігіне байланысты белгіленеді.

      9. Әуежай АҚҚ мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      1) азаматтық авиация ұйымы қызметін үйлестіреді және авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша әуежайдағы мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасайды;

      2) әуежайдағы өткізу және объектішілік режимді жүзеге асырады, оның барысында әуе кемелерін күзетуді және әуежайдың бақыланатын аймағында азаматтық авиация ұйымы объектілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ұйымдастырады;

      3) әуежайдың бақыланатын аймағында шектеулі кіру аймағын ұйымдастырады;

      4) әуежайдың бақыланатын аймағына өту (жүріп өту) құқық беретін әуежайлық рұқсаттамаларды беруді және алып қоюды ұйымдастырады;

      5) мемлекеттік органдармен бірлескен әуе кемелерін басып алу (айдап әкету) әрекеттерін болдырмау және жолын кесу, төтенше жағдайлар және оның салдарларын жою жөніндегі іс-шараларға тікелей қатысады және уәкілетті ұйымның нұсқауына сәйкес авиациялық қауіпсіздікті күшейту жөніндегі қосымша шараларды жүзеге асырады;

      6) Заңның 107-бабына сәйкес авиациялық персоналды, жолаушыларды, қол жүгі мен багажды, пошта жөнелтілімдерін, жүк пен борт қорларын (борт тамағын) қарап тексеруді жүзеге асырады және қарап тексеру үдерісінде алынған, әуе көлігінде тасымалдауға тыйым салынған заттар мен нәрселерді есепке алады;

      7) әуежайдың авиациялық қауіпсіздігі бағдарламасын, әуежайда авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тәртібін регламенттейтін нұсқаулықтарды және рәсімдерді әзірлейді;

      8) авиациялық персоналдың, әуежайда орналасқан ұйымдардың, оның қызметтерін пайдаланатын тұлғалардың авиациялық қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуін талаптарды регламенттейтін нормативтік актілерді орындауларын бақылауды жүзеге асырады және уәкілетті ұйым мен әуежай басшылығының тапсырмасы бойынша олардағы бұзушылық фактілері бойынша қызметтік тексерулерге тікелей қатысады;

      9) аса маңызды ұшулар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысады;

      10) әуе кемелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша іс-шараларға қатысады;

      11) Халықаралық азаматтық авиация ұйымында (бұдан әрі – ИКАО) тіркелген азаматтық авиация оқу орындарында АҚҚ қызметкерлерін даярлау және қайта даярлау мерзімдерінің сақталуын қамтамасыз етеді;

      12) қарап тексерудің техникалық құралдарының, күзет және бейне бақылау, байланыс инженерлік-техникалық құралдарының, қарудың сақталуын және пайдаланылуын ұйымдастырады, олардың техникалық жай-күйін бақылауды жүзеге асырады;

      13) әуе кемелерін ұшу алдындағы және арнайы тексеруді өткізуге қатысады;

      14) авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша материалдар жинақтайды және талдайды, азаматтық авиация ұйымы мен уәкілетті ұйым басшылығы үшін анықтамалық және есеп материалдарын дайындайды;

      15) уәкілетті ұйыммен келісе отырып, авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Заңда көзделген тиісті іс-шараларды жүзеге асырады;

      16) уәкілетті ұйымның сұраусалуы бойынша экипаж мүшесінің куәлігін және ұшу және инженерлік техникалық құрамының куәлігі алынып тасталады және одан әрі қайта жібереді.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 23.07.2019 № 536 (01.08.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      10. Тұрақты әуе тасымалын орындайтын авиакомпания АҚҚ мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      1) авиакомпания қызметтерінің жұмысын үйлестіреді және авиакомпанияның авиациялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасайды және жүктелген міндеттерді орындауда әуежай АҚҚ толығымен көмек көрсетуін қамтамасыз етеді;

      2) авиакомпания экипаж мүшелерінің жеке куәліктерін тіркеуді және есепке алуды ұйымдастырады және оларды пайдалану ережелерінің сақталуын бақылауды жүзеге асырады;

      3) авиакомпанияның әуе кемелерін басып алу (айдап әкету) әрекеттерін болдырмау және алдын алу, төтенше жағдайлар және оның салдарларын жою бойынша іс-шараларда мемлекеттік органдарға жәрдемдеседі және уәкілетті ұйымның нұсқауына сәйкес, авиакомпания әуе кемесінің бортында авиациялық қауіпсіздікті күшейту жөніндегі қосымша шараларды жүзеге асырады;

      4) авиакомпанияның авиациялық қауіпсіздігі бағдарламасын, авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тәртібін регламенттейтін нұсқаулықтар және рәсімдер әзірлейді;

      5) авиакомпанияның әуе кемелерін пайдалану кезінде аса маңызды ұшулар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысады;

      6) уәкілетті ұйыммен келісе отырып, әуе кемелері бортындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етеді;

      7) жолаушылар мен жүк жөнелтушілердің авиациялық қауіпсіздік жөніндегі ережелер мен рәсімдерді орындауын, әуежайлардың авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шарттық міндеттемелердің талаптарын олардың орындауын бақылайды;

      8) ИКАО-да тіркелген азаматтық авиация оқу орындарында авиакомпания АҚҚ қызметкерлерін даярлау және қайта даярлау мерзімдерінің сақталуын бақылайды;

      9) авиакомпанияның әуе кемелерін ұшу алдындағы және арнайы тексеруден өткізуге қатысады;

      10) авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша материалдар жинақтайды және талдайды, авиакомпания мен уәкілетті ұйым басшылығы үшін анықтамалық және есеп материалдарын дайындайды.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 23.07.2019 № 536 (01.08.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

3-тарау. Авиациялық қауіпсіздік қызметінің басшылығы

      Ескерту. 3-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 23.07.2019 № 536 (01.08.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      11. Әуежай мен авиакомпания АҚҚ басшысы әуежайдың және тұрақты әуе тасымалын орындайтын авиакомпанияның бірінші басшыларына бағынады.

      12. АҚҚ басшысын лауазымға тағайындау ұлттық қауіпсіздік органымен келісіледі.

      13. АҚҚ басшысы:

      1) әуежайдың және тұрақты әуе тасымалын орындайтын авиакомпанияның авиациялық қауіпсіздік қызметтерінің жұмысын ұйымдастырады және үйлестіреді;

      2) әуежайдың және тұрақты әуе тасымалын орындайтын авиакомпания қызметкерлерінің авиациялық қауіпсіздік талаптарын бұзушылық фактілері бойынша қызметтік тексеру жүргізеді;

      3) әуежайдың және тұрақты әуе тасымалын орындайтын авиакомпания басшылығына авиациялық персоналды тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы өтініш білдіреді, авиациялық қауіпсіздік тәртібі мен талаптарын бұзғаны үшін АҚҚ қызметкерлерін тәртіптік жауапкершілікке тартады және қызметтік міндеттерін орындаудан уақытша шеттетеді.

4-тарау. Авиациялық қауіпсіздік қызметін материалдық-техникалық қамтамасыз ету

      Ескерту. 4-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 23.07.2019 № 536 (01.08.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      14. Әуежайдың және тұрақты әуе тасымалын орындайтын авиакомпания АҚҚ-ның өзіне авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жүктелген міндеттерді орындауы үшін мынадай жағдайлар жасайды:

      1) әуежайларда авиациялық қауіпсіздік саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарына сәйкес жолаушыларды және авиациялық персоналды, олардың қол жүктері мен багажын тексеруден өткізу үшін тексерудің техникалық құралдарымен жабдықталған және жарақталған бақыланатын аймақтардың болуы;

      2) әуежайдың бақыланатын аймақ пен әуежай объектілерінің периметрлік қоршауы, күзететін инженерлік-техникалық құралдар мен бейнебақылауы, радио және телефон байланысы құралдары мен әуежай аумағына өтуге арналған бақылау-өткізу пункттерінде жабдықталған тексеру құралдарының болуы;

      3) жүкті, пошталық жөнелтілімді және борт тамағын тексеруді жүргізу үшін кіруге шектеу қойылған аймақтардың болуы;

      4) "Күзет қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 19 қазандағы Заңына және "Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы" Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 30 желтоқсандағы Заңына сәйкес қарудың және арнайы құралдардың болуы;

      5) бақылау және бейнебақылау техникалық құралдарын, қаруды және оқ-дәрілерді, сондай-ақ оларды ұрлау және оларға рұқсатсыз өту мүмкіндігін болдырмайтын авиациялық қауіпсіздік бойынша іс-шараларды жүзеге асыру тәртібін регламенттейтін құжаттаманы орналастыруға және сақтауға арналған қызметтік үй-жайлардың болуы;

      6) сыртқы түрі жағынан әуежайдың өзге қызметтерінің, ұлттық қауіпсіздік, құқық қорғау, кеден органдарының және басқа мемлекеттік органдардың қызметкерлерінен ерекшеленетін нысанды киім-кешек пен арнайы омырау белгілерінің болуы;

      7) заңсыз араласу актілерінің және басқа да төтенше жағдайлардың салдарын жою және оқшаулау жөніндегі іс-шараларды жүргізу кезінде әуе кемелері үшін арнайы жабдықталған тұрақтардың болуы;

      8) АҚҚ қызметкерлеріне авиациялық қауіпсіздікті регламенттейтін нормативтік құжаттаманы және нұсқаманы оқыту үшін қажетті ақпараттық және материалдық-техникалық базаның болуы.

      Ескерту. 14-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 24.01.2023 № 47 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

  Авиациялық қауіпсіздік қызметі
туралы үлгі ережеге
1-қосымша

Әуежайдың авиациялық қауіпсіздік қызметінің құрылымдық
схемасының үлгісі



  Авиациялық қауіпсіздік қызметі
туралы үлгі ережеге
2-қосымша

Тұрақты әуемен тасымалдауды орындайтын авиакомпанияның
авиациялық қауіпсіздік қызметінің үлгілік құрылымдық схемасы



Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады