Су қорғау аймақтары мен белдеулерiн белгiлеу қағидаларын бекiту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 18 мамырдағы № 19-1/446 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 4 тамызда № 11838 болып тіркелді.

      Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 9 шілдедегі Су кодексінің 37-бабы 1-тармағының 22) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Су қорғау аймақтары мен белдеулерiн белгiлеу қағидалары бекiтілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесінің мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ауыл шаруашылығы министрі
А. Мамытбеков

      "КЕЛІСІЛГЕН"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрі
___________ Е. Досаев
2015 жылғы 4 шілде
      "КЕЛІСІЛГЕН"
Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрі
____________ Қ. Қасымов
2015 жылғы 8 маусым
      "КЕЛІСІЛГЕН"
Қазақстан Республикасының
Энергетика министрі
___________ В. Школьник
2015 жылғы 4 маусым

  Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрінің
2015 жылғы 18 мамырдағы
№ 19-1/446 бұйрығымен
бекітілген

Су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу қағидалары

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 06.09.2017 № 379 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) 2003 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасы Су кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 37-бабы 1-тармағының 22) тармақшасына сәйкес әзірленді және су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу тәртiбiн айқындайды.

      2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жері мен мемлекеттік орман қоры құрамына кіретін су объектілерін қоспағанда, су объектілерін санитариялық-гигиеналық және экологиялық талаптарға сәйкес күйде ұстау, жерүсті суларының ластануын, қоқыстануы мен сарқылуын болдырмау, сондай-ақ өсімдіктер мен жануарлар дүниесін сақтау үшін ерекше пайдалану шарттары бар су қорғау аймақтары мен белдеулері белгiленедi.

      3. Судың ластануын, қоқысталуы мен сарқылуын болдырмау үшін арнайы шаруашылық қызмет режимі белгіленетін су объектiлерiне іргелес аумақ су қорғау аймағы болып табылады.

      4. Су қорғау аймағы шегінде оның аумағында шектеулі шаруашылық қызмет режимі белгіленген су объектiлерiне іргелес, ені отыз бес метрден кем емес су қорғау белдеулері ажыратылады.

      5. Су қорғау аймақтарын, белдеулерін және оларды шаруашылықта пайдалану режимін облыстардың республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі бассейндік инспекциялармен, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органмен, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен, жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органмен, ал сел қаупі бар аудандарда - азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органмен келiсiлiп, бекiтiлген жобалау құжаттамасы негiзiнде белгiлейдi.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 06.08.2020 № 183 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      6. Су объектілерінің су қорғау аймақтары мен белдеулерін жобалауды мамандандырылған жобалау ұйымдары жүзеге асырады.

      Су қорғау аймақтары мен белдеулерiнiң жобаларына жергiлiктi атқарушы органдар, ал жекелеген су объектiлерi (немесе олардың учаскелері) бойынша нақты объект бойынша су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу қажеттiлiгiне мүдделі жеке және заңды тұлғалар да тапсырыс беруші болады.

      7. Су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу жөніндегі жобалық құжаттаманы (бұдан әрі – жобалық құжаттама) әзірлеу кезінде су объектілерінің жағалау желілерінің өзгеруін болжауды ескере отырып, су объектілеріне және оларға іргелес аумақтарға, олардың физикалық-географиялық, топырақтық, гидрологиялық және басқа да жағдайларына алдын ала зерттеп-қарау жүргізіледі.

      8. Су объектісінің (объектілерінің) түріне қарай бастапқы деректер ретінде мынадай сипаттамалар келтіріледі:

      1) өзен (өзендер) бойынша:

      аумақтық-әкімшілік орналасқан жері;

      су тастау бассейнінің алаңы;

      негізгі өзеннің (негізгі өзендердің) ұзындығы;

      саласының (салаларының) саны және ұзындығы;

      ағынның қалыптасу сипаты;

      көпжылдық кезеңге, бірақ 5 жылдан кем емес кезеңге арналған судың шығыстар мен деңгейлер сипаттамасы;

      бөгеттердің, тоғандардың, су қоймаларының және басқа гидротехникалық құрылыстардың бар-жоғы;

      көпжылдық кезеңге, бірақ 5 жылдан кем емес кезеңге арналған химиялық құрамы бойынша судың сапалық сипаттамасы;

      ұлттық гидрометеорологиялық қызметтің 95% ағынды есептік қамтамасыз етумен бір жылға арналған деректерін ескере отырып, жағалау түзуші процестер (жемірілу, көшу, кеулеу, жинақталу, ирелеңдеу сипаты, ескі арналардың бар-жоғы және басқа да жағалауларды өзгерту процестері)жай-күйінің сипаттамасы;

      су маңының және судың флорасы мен фаунасының сипаттамасы;

      шаруашылық-ауызсумен жабдықтау көздерін санитариялық қорғау аймақтарының, балықтардың уылдырық шашу, жайылу орындарының және қыстау шұңқырларының болуы;

      емдік, курорттық, сауықтыру және (немесе) рекреациялық мақсаттарда пайдалану сипаттамалары;

      2) теңіз (теңіздер) бойынша:

      теңіз жағалауының аумақтық-әкімшілік орналасқан жері;

      жағалау типі;

      жағалау аймағының сипаттамасы (құрғақ жер мен теңіздің, жағалау мен су астындағы жағалау еңісінің заманауи тұрақты өзара іс-қимыл аймағы);

      теңізге құятын өзендер мен олардың атырабының сипаттамасы;

      толқын және жел ағыстарының, қумалау-айдау құбылыстарының сипаттамасы;

      судың тасуы мен төмендеуінің сипаттамасы (ең жоғары, ең төмен, орташа);

      жағалаулардың өзгеру серпіні (жемірілу және жинақталу процестері);

      су тастау бассейнінің алаңы;

      теңіз флорасы мен фаунасының, оның ішінде литораль биоценоздарының сипаттамасы;

      жағалау флорасы мен фаунасының сипаттамасы;

      емдік, курорттық, сауықтыру және (немесе) рекреациялық мақсаттарда пайдалану сипаттамалары;

      3) көл (көлдер) бойынша:

      аумақтық-әкімшілік орналасқан жері;

      сабалық және су тасқыны кезеңіндегі айдынның алаңы;

      деңгейлік режим сипаттамасы;

      су тастау алаңы;

      көлдерді шаруашылыққа пайдалану, оның ішінде сужинағыштың және сутастағыштың бар-жоғы, тұтынушыларға алынатын судың көлемі;

      5 жылдан кем емес кезеңге арналған химиялық құрамы бойынша судың сапалық сипаттамасы;

      жағалаулардың өзгеру серпіні (жемірілу, көшу және кеулеу процестері, жинақталу және басқа да жағалауларды өзгерту процестері);

      көлге құятын өзендер мен олардың атырабының сипаттамасы;

      толқын және жел ағыстарының, қумалау-айдау құбылыстарының сипаттамасы;

      судың флорасы мен фаунасының, оның ішінде таяздық биоценоздарының сипаттамасы;

      шөп басу алаңы мен қарқындылығы;

      шаруашылық-ауызсумен жабдықтау көздерін санитариялық қорғау аймақтарының, балықтардың уылдырық шашу, жайылу орындарының және қыстау шұңқырларының болуы;

      емдік, курорттық, сауықтыру және (немесе) рекреациялық мақсаттарда пайдалану сипаттамалары;

      4) су қоймасы (су қоймалары) бойынша:

      аумақтық-әкімшілік орналасқан жері;

      су қоймасының шаруашылық мақсаты, оның ішінде сужинағыштың және сутастағыштың бар-жоғы, тұтынушыларға алынатын судың көлемі;

      тежеуіш құрылыстың сипаттамасы және оның тиесілілігі;

      су тастау алаңы;

      қалыпты тежеуіш деңгей кезіндегі акваторияның алаңы;

      үдемелі деңгей және өлі көлем деңгейі;

      су қоймасының жалпы және пайдалы көлемі;

      таяздықтардың бары және олардың алаңы;

      толқын және жел ағыстарының, қумалау-айдау құбылыстарының сипаттамасы;

      судың флорасы мен фаунасының, оның ішінде таяздық биоценоздарының сипаттамасы;

      шөп басу мен евтрофалану алаңы және қарқындылығы;

      балықтардың уылдырық шашу, жайылу орындарының және қыстау шұңқырларының болуы;

      жағалаулардың өзгеру серпіні (жемірілу, көшу және кеулеу процестері, жинақталу және басқа да жағалауларды өзгерту процестері);

      көпжылдық кезеңге, бірақ 5 жылдан кем емес кезеңге арналған химиялық құрамы бойынша судың сапалық сипаттамасы;

      шаруашылық-ауызсумен жабдықтау көздерін санитариялық қорғау аймақтарының, балықтардың уылдырық шашу, жайылу орындарының және қыстау шұңқырларының болуы;

      емдік, курорттық, сауықтыру және (немесе) рекреациялық мақсаттарда пайдалану сипаттамалары;

      5) батпақ (батпақтар) бойынша:

      аумақтық-әкімшілік орналасқан жері;

      батпақтың типі (жоғарғы, төменгі, көшпелі; сумен қоректену көзі және басқалары);

      батпақтың алаңы;

      шаруашылыққа пайдалану сипаттамасы;

      батпақтың және оған іргелес аумақтың фаунасы мен флорасының сипаттамасы;

      6) бұлақ (бұлақтар тобы) бойынша:

      аумақтық-әкімшілік орналасқан жері;

      қайнардың сипаты (қайнап шығушы, бәсең шығушы), шығымы;

      химиялық құрамы бойынша судың сапалық сипаттамасы;

      шаруашылық-ауызсумен жабдықтау көздерін санитариялық қорғау аймақтарының болуы;

      шаруашылыққа пайдалану сипаттамасы;

      7) өзенге теңестірілген канал (өзенге теңестірілген каналдар) бойынша:

      аумақтық-әкімшілік орналасқан жері;

      ұзындығы;

      қорек алу көзі;

      шаруашылық мақсаты;

      бөгеттердің, реттегіш шлюздердің, сорғы станцияларының және басқа да гидротехникалық құрылыстардың бар-жоғы;

      сужинағыштардың, сорғы станциясы болған кезде шаруашылық-ауызсумен жабдықтау көздерін санитариялық қорғау аймақтарының бар-жоғы.

      9. Су объектісіне іргелес аумақ бойынша бастапқы деректер ретінде мынадай сипаттамалар келтіріледі:

      1) ландшафты сипаттамасы бойынша:

      геологиялық құрылымы (тау жыныстарының жамылғы топырағының жаратылысы, механикалық және минералогиялық құрамы);

      жер бедері (жайылмалар, жылғалар, іргелес беткейлер және жер бедерінің басқа да нысандары);

      топырақ, грунт;

      өсімдіктер және жануарлар әлемі;

      климаттық ерекшеліктері және микроклимат;

      2) негізгі жер бедерін түзуші процестер, оның ішінде жазықтықты және желілі эрозия бойынша:

      жарлардың және сайлардың сипаттамасы (ұзындығы, ені, тереңдегі, тығыздығы) және олардың даму серпіні;

      жарлар мен сайлардың беткейлерінің ағаштылығы мен бұталылығы;

      су объектісіне іргелес аумақ топырағының шайылу қарқындылығы:

      3) анропогендік әсердің қарқындылығы бойынша:

      жерлерді пайдалану сипаттамасы (жерлердің санатына байланысты ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, көлік және басқа мақсаттар үшін);

      қолда бар сарқынды суларды жібергіштердің, бақылау тұстамалары нүктелерінің және әлеуетті шоғырланған және шашыраңқы ластағыштардың сипаттамасы;

      іргелес аймақтан шайылатын ластаушы затардың судың сапасына және су айдындарының биотасына әсерін бағалау.

      Су объектілерін және оларға іргелес аумақтарды зерттеп-қарау нәтижелері бойынша егжей-тегжейлі деректер қоршаған ортаны ластау көзі бар объектілерді көрсете отырып, жобалық құжаттамаға түсіндірме жазбада келтіріледі.

      10. Жобалық құжаттаманы жасау шеңберінде мыналар жүргізіледі:

      осы Қағидаларға 1 және 2-қосымшаларға сәйкес нысанда жоспарланған су қорғау аймақтары мен белдеулері шекараларының шегінде, урбанизацияланбаған және (немесе) урбанизациялаған аумақта орналасқан жерлердің экспликациясын жасау;

      осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысанда жоспарланған су қорғау аймақтары мен белдеулері шекараларының шегінде орналасқан объектілердің, оның ішінде қоршаған ортаны ластау көздері бар объектілердің тізбесі мен қысқаша сипаттамасын жасау;

      жоспарлық-топографиялық материалдарды әзірлеу;

      жерлерді, шаруашылық, өнеркәсіптік, тұрғын үй, рекреациялық және басқа да объектілерді шаруашылықта пайдалану бойынша ұсынымдар әзірлеу;

      қажетті су қорғау іс-шараларын, оның ішінде су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу кезінде су ресурстарын ластауды болдырмауға, жоюға бағытталған іс-шараларды әзірлеу.

      Жоспарлық-топографиялық материалдарда ауыл шаруашылығы дақылдарының, су қорғау аймақтары мен белдеулері аумағында орналасқан объектілердің алаңдарын орналастыру, ең көп су құйылымының шекарасы, ағаш пен шөп егілген жерлердің орны және контуры, су қорғау белгілерін орнату орындары көрсетіледі. Олардың функционалдық бағыты Кодекстің 125-бабы 1 және 2-тармақтарының талаптарына сәйкес келмейтін объектілер Кодекстің 145-1-бабында көрсетілген шарттарды қоспағанда істен шығарылуға немесе жойылуға тиіс деп белгіленеді.

      Су қорғау аймағының шекарасы көк түсті тұтас сызықпен, су қорғау белдеуінің шекарасы қызыл түсті тұтас сызықпен белгіленеді.

      Жоспарлық-топографиялық материалдар құрамына мыналар да қосылады:

      1:500000 бастап 1:50000 дейінгі масштабтағы су тастау бассейнінің шолу картасы;

      жерге орналастыру масштабындағы (1:25000 немесе 1:10000) (бақ-саяжай және жеке қосалқы шаруашылық үшін 1:5000-1:1000 және 1:500 масштабында) жер пайдалану жоспары;

      М 1:25000 жоспарының ұзындығы бойынша, ал болмаған жағдайда
– М 1:100000 жоспары бойынша шақырымдық бөлеумен өзеннің су бетінің бойлық сұлбасы;

      М 1:10000 жоспары бойынша, ал болмаған жағдайда топошарттар бойынша тұстамаларға тән өзендердің ұзындығына байланысты кемінде 10-20 километр сайын далалық нивелирлеу негізінде өзеннің су бетінің көлденең сұлбасы.

      Су объектілерінің экологиялық және санитариялық жай-күйін және гидротехникалық режимін жақсарту жөніндегі қажетті су қорғау іс-шараларын әзірлеу кезінде мыналарды ескерген жөн:

      су объектісінің нысаналы мақсаты және оны пайдалану ерекшелігі;

      ауыл шаруашылығының немесе су жинау бассейнінде өзге қызметтің дамуына және қарқын алуына байланысты, су объектісіне ықтимал антропогендік әсерлер;

      ластағыш заттардың (әсіресе су объектісінің өзін-өзі тазарту қабілетінен асатын) құйылуы;

      су қорғау аймақтары мен белдеулерінде шаруашылық және өзге де қызмет режимінің бұзылу;

      топырақ және грунт эрозиясымен күрес жөніндегі және құрамында ластағыш заттар бар қатты ағынды ұстап қалуға арналған агротехникалық іс-шаралардың жүргізілуі;

      су объектілеріне су жинау алаңынан шоғырланған және шашыраңқы ластағыштардың түсуін болдырмау және жою жөніндегі іс-шаралардың жүргізлуі;

      су қорғау белдеулеріне көпжылдық шөптердің егілуі;

      климаттық, топографиялық және топырақтық жағдайларына байланысты бұталы және сүректі тұқымдарды еге отырып, агроорманмелиорациясын жүргізу;

      олардың функционалдық бағыты Кодекстің 125-бабы 1 және 2-тармақтарының талаптарына сәйкес келмейтін объектілерді Кодекстің 145-1-бабында көрсетілген шарттарды қоспағанда істен шығару немесе жою.

      Жобаланатын су қорғау аймақтары мен белдеулері шекарасы шегінде қажетті су қорғау іс-шараларын жүргізу жөніндегі ұсынымдар осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысандағы тізбеде көрсетіледі.

2-тарау. Су қорғау аймақтарын белгілеу тәртiбi

      11. Әрбір жағалау бойынша су қорғау аймағының ең тар ені көпжылдық межелік деңгейі кезiндегi су жиегінен су тасқыны кезеңiндегi көпжылдық деңгей кезiндегi су жиегіне дейін (өзен жайылымын, жайылым жылғаларын, түпкi жағалауындағы тік жарларды, жарлар мен сайларды қоса алғанда) және мынадай қосымша қашықтықтар қоса есептеліп, белгiленедi:

      шағын өзендер (ұзындығы 200 километрге дейін) үшін – 500 метр;

      басқа өзендер үшін:

      шаруашылыққа пайдаланудың қарапайым шарттарымен және су жинаудағы қолайлы экологиялық ахуалмен – 500 метр;

      шаруашылыққа пайдаланудың күрделі шарттарымен және су жинаудағы қауырт экологиялық ахуалмен – 1000 метр.

      Ені 1 километрден асатын, биік өзен аралығын қамтитын өзендер тармақтары үшін әр тармақтың жағалаулары үшін су қорғау аймақтарының ең аз ені өзеннің қалған бөліктерінің ені секілді белгіленеді.

      Өзен арнасы қарқынды ирелеңдеген жағдайда су қорғау аймағы ирелеңдеу белдеуінен (ирелеңдердің ең ирелеңдеген жерлерін қосатын сызық) белгіленеді.

      Арналық су қоймалары үшін су қорғау аймағының ең тар ені ол орналасқан өзендегідей белгiленедi. Су қорғау аймағының iшкi шекарасы қалыпты тіркелген деңгейі кезiндегi су жиегі бойынша өтеді.

      Су құйылатын су қоймалары мен көлдер үшін су қорғау аймағының ең тар ені су айдынының акваториясы екі шаршы километрге дейін болса – 300 метр және акваториясы екі шаршы километрден acca – 500 метр болып белгiленедi.

      Көлдер үшін су қорғау аймағының iшкi шекарасы судың орташа көп жылдық деңгейiнiң жағалаулық шегі бойынша өтеді.

      12. Су қорғау аймағының түпкілікті мөлшері су объектісіне және оған іргелес аумаққа жүргізілген зерттеп-қарау негізіндегі жобалау нәтижесінде айқындалады.

      Су қорғау аймақтарының шекарасына өзен жайылмасы, өзеннен бөлініп қалған тармақтар, ескі арналар, су басқан және батпақтанған аумақтар, көшу, отыру, карст, эрозияға ұшыраған жерлер учаскелері және ауыл шаруашылығы құндылығын білдірмейтін басқа да қолайсыз алқаптар кіреді.

      Тікелей су объектісіне құйылатын жарлар мен сайлардың сағасы жарлардағы эрозиялық процестердің қарқындылығына және олардың су объектісіне әсеріне байланысты 1,5 километр учаскеде су қорғау аймағына қосылады.

      Су қорғау аймақтарының құрамына су объектілерінің жағалауында орналасқан аумақтарды қосу Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 27 қаңтардағы № 18-02/43 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10360 болып тіркелген) бекітілген Өзендер, көлдер, су қоймалары, каналдар және басқа су объектiлерi жағалауларындағы ормандардың тыйым салынған белдеулерiнің енiн белгiлеу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      Сел қауіпті өзендер үшін су қорғау аймақтарының шекарасы селден қорғау құрылысының (бөгет, дамба, өзендердің тұрақты етілген арнасы) бар-жоғын және сел тасқынының болжалды шекарасын ескере отырып, айқындалады.

      Өзендер атыраптарында су қорғау аймақтары олардың сумен қоректену режиміне байланыссыз тармақтар мен атырапты өзендер жағалаулары бойынша белгіленеді.

      Тармақтар арасында қашықтық аз болған жағдайда (1000 метр) өзеннің барлық атыраптық бөлігі су қорғау аймағына қосылады.

      Өзен бұлақтар тобынан бастау алған жағдайда су қорғау аймағының мөлшері су ағыны түзілген орынан барынша қашықтағы бұлақ бойынша белгіленеді.

      Егер өзендегі немесе көлдегі аралдың ені тиісті су объектісі үшін белгіленген су қорғау аймағының енін қысқа болса, онда арал аумағы толығымен су қорғау аймағына қосылады, оның шегінде аталған өзен немесе көл үшін де су қорғау белдеуі бөлінеді.

      Су объектісіне жоғары жатқан аумақтан ағынның құйылу мүмкіндігін болдырмайтын табиғи және қолдан жасалған шептер немесе кедергілер (өзен аңғарларының мен сайлардың жарқабағы, жол-көліктік желі, дамбалар, орман алаптарының шеті және басқалар) су қорғау аймағының сыртқы шекарасы болады.

      Республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар қалалар шегінде су объектісінің су қорғау аумағының енін елді мекендерді дамытудың бекітілген бас жоспарларына сәйкес нақты жоспарлау шарттарын негізге ала отырып және қолда бар құрылыс шегінде, осы Қағидалардың 9-тармағында көрсетілгенмен салыстырғанда 70 метрге дейін қысқартуға жол беріледі, онда мынадай шарттар сақталуы қажет:

      1) су объектісіне жоғары жатқан аумақтан ағынның құйылу мүмкіндігін болдырмайтын қолдан жасалған шептерді немесе кедергілерді жайластыру;

      2) жерүсті және жерасты суларының ластануын болдырмайтын, ресурс үнемдегіш технолгиялық процестерге, шикізат пен технологиялық қалдықтарды кешенді пайдалану мен қайта өңдеуге, қалдықсыз, су аз қолданатын немесе сусыз технологиялық процестерді қолдануға, техникалық сумен жабдықтаудың тұйықталған жүйесін құруға, қатты, сұйық және газ тәріздес қалдықтарды өңдеудегі кешенді тәсілдемеге бағытталған технолгиялық жүйелерді пайдалану;

      3) су ресурстарының ластануының, қоқыстануының және сарқылуының алдын алу, оларда шөгінділердің немесе су объектілерінің ластануына, сондай-ақ атмосфера арқылы газды және аэрозольді шығарындылармен ластануына әкелетін, зиянды заттардың көп жиналуын жою шараларын сақтауды ескере отырып, жерлерді шаруашылықта пайдалану;

      4) орталықтандырылған канализацияның немесе ластанған сарқынды суларды бұрудың немесе тазартудың өзге де жүйесінің болуы.

      Канализацияны және қайтарымды (сарқынды) суларды тазарту құрылыстарын жобалау кезінде нақты жағдайларға байланысты мыналар:

      сумен жабдықтау жүйелерін толықтыру үшін қайтарымды (сарқынды) суларды пайдалану;

      техникалық сумен жабдықтауда тазартылған және залалсыздандырылған шаруашылық-тұрмыстық сарқынды суларды пайдалану;

      техникалық сумен жабдықтау үшін тазартылған су пайдалану мақсатында аумақтан бұрып жіберілген өндірістік сарқынды суларды жаңбыр және еріген қар суымен бірге тазарту;

      кемелерден ластанған сулар мен қоқысты қабылдауға арналған құрылыстарымен жабдықталған, кемелер мен басқа да жүзу құралдарында сарқынды сулар мен қоқысты порттар арасындағы рейс бойы жинау мүмкіндігі мен орындылығы қарастырылуы тиіс.

3-тарау. Су қорғау белдеулерiн белгiлеу тәртiбi

      13. Су объектілерінің су қорғау белдеулерiнiң ең тар ені осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес топографиялық жағдайлар мен алқаптар түрлеріне байланысты белгіленеді.

      Балық шаруашылығы үшін аса жоғары мәнге ие су айдындары үшін су қорғау белдеулерінің ені (уылдырық шашу орны, қыстау шұңқырлары, жайылу учаскелері) еңістігі мен іргелес жерлердің сипатына қарамастан, 100 метрден кем емес белгіленеді.

      Көмірсутегін өндіру мақсатында қолдан жасалған теңіздердегі аралдарды қоспағанда, аралдардағы жағалаулық су қорғау белдеулері олар орналасқан өзендер мен көлдердегі секілді ережелер бойынша белгіленеді.

      14. Су қорғау белдеуінің түпкілікті мөлшері су объектісіне және оған іргелес аумаққа жүргізілген зерттеп-қарау негізіндегі жобалау нәтижесінде айқындалады.

      Су қорғау белдеулерінің мөлшері он жылдық кезеңге арналған жағалаулардың табиғи өзгеру еніне қарай ұлғайтылады.

      Жағалауларды қарқынды өңдеу учаскелерінде су қорғау белдеулерінің ені жағалаудың 10 жылға арналған болжалды шегіну қашықтығына қарай ұлғайтылады. Су үйген жағажайлар учаскелерінде су қорғау белдеулерінің ені жағажайдың сыртқы (негізгі) шекарасынан белгіленеді.

      Елді мекендер шегінде су қорғау белдеулерінің ені олардың жоспарлануы мен салынуының нақты шарттарын негізге ала отырып, белгіленеді, бұл ретте су объектісінің қоқыстануы мен ластануын болдырмайтын, жағалау аймағын міндетті инженерлік немесе орманмелиорациялық жайластыру (жақтаулар, жалдар, ағашты-бұталы жолақтар және басқалар) жүргізіледі. Бұл ретте су қорғау белдеулерінің енін осы Қағидаларға 5-қосымшада көрсетілген мөлшерлерден кем қабылдауға болмайды.

4-тарау. Ерекше ережелер

      15. Су қорғау аймақтары мен белдеулерін ұйымдастыру жобалық құжаттамада көзделген су қорғау іс-шараларының кешенімен және су қорғау белгілерін орнатумен сүйемелденеді.

      Су қорғау белгілері бірінші кезекте ықтимал шомылу, палаткалы қалашықтар орнату, шөп және құрақ шабу, мал жаю орындарына антропогендік әсерге ұшыраған басқа да аумақтарға орнатылады.

      Су қорғау белгілері "ҚР СТ 1742-2008. Су қорғау белгілері. Техникалық шарттар." Қазақстан Республикасының Мемлекеттік стандартына сәйкес дайындалады.

      16. Су қорғау аймақтары мен белдеулерін шаруашылық пайдалану режимі Кодекстің 145-1-бабында көрсетілген шарттарды қоспағанда, Кодекстің 125-бабы 1 және 2-тармақтарының талаптарын ескере отырып айқындалады.

      17. Су қорғау аймақтарын ұйымдастыру сумен жабдықтау, курорттық, сауықтыру және өзге де халық мұқтаждары үшiн пайдаланылатын су көздерiн санитариялық қорғау аймақтарын құру қажеттілiгiн жоққа шығармайды, олардың шекаралары мен мөлшерлерi 2009 жылғы 18 қыркүйектегі "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының кодексінің 144-бабы 6-тармағына сәйкес бекітілетін санитариялық қағидаларға сәйкес белгіленедi.

      18. Жобалық құжаттаманы әзірлеу, оны келісу және бекіту, сондай-ақ су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу Кодекстің 116-бабының 2-тармағында айқындалған мерзімдерде жүзеге асырылады.

  Су қорғау аймақтары мен
белдеулерiн белгілеу
қағидаларына
1-қосымша
  Нысан

Жоспарланған су қорғау аймақтары мен белдеулері шекараларының шегінде, урбанизацияланбаған аумақта орналасқан жерлердің экспликациясы _____________________________________ (су объектісінің атауы )

Әкімшілік ауданның және жер пайдаланушының атауы

Су қорғау аймағындағы алаңдар (гектар)

Су қорғау белдеуіндегі алаңдар (гектар)

Барлығы

оның ішінде, алқаптар түрлері бойынша

Барлығы

оның ішінде, алқаптар түрлері бойынша

шабындық

шалғындар және пішендеме

орман, бұта

өзгелері (қолайсыз алқап)

шабындық

шалғындар және пішендеме

орман, бұта

өзгелері (қолайсыз алқап)

1

2

3

4

5

6

7

8

9

10

11

  Су қорғау аймақтары мен
белдеулерiн белгілеу
қағидаларына
2-қосымша
  Нысан

Жоспарланған су қорғау аймақтары мен белдеулері шекараларының шегінде, урбанизацияланған аумақта орналасқан жерлердің экспликациясы _____________________________________ (су объектісінің атауы )

Әкімшілік ауданның және жер пайдаланушының атауы

Су қорғау аймағындағы алаңдар
(гектар)

Су қорғау белдеуіндегі алаңдар (гектар)

Барлығы

оның ішінде ғимараттар мен құрылыстар салынған

Барлығы

оның ішінде ғимараттар мен құрылыстар салынған

1

2

3

4

5

  Су қорғау аймақтары мен
белдеулерiн белгілеу
қағидаларына
3-қосымша
  Нысан

Жоспарланған су қорғау аймақтары мен белдеулері шекараларының шегінде орналасқан объектілердің тізбесі мен қысқаша сипаттамасы _____________________________________ (су объектісінің атауы )

Әкімшілік ауданның және жер пайдаланушының атауы

Объектінің атауы

Қоршаған ортаны ластау көздерін көрсете отырын, объектінің техникалық жай-күйінің және оның жерүсті су объектілеріне әсерінің қысқаша сипаттамасы

1

2

3

4

  Су қорғау аймақтары мен
белдеулерiн белгілеу
қағидаларына
4-қосымша
  Нысан

Жобаланатын су қорғау аймақтары мен белдеулері шекарасы шегінде қажетті су қорғау іс-шараларын жүргізу жөніндегі ұсынымдар тізбесі _____________________________________ (су объектісінің атауы)

Әкімшілік ауданның және жер пайдаланушының атауы

Объектінің немесе құрылыстың атауы

Ұсынылатын іс-шара
 

Жобамен көзделген іс-шараларды орындау мерзімдері

Жалпы сметалық құны

Қаржыландыру көзі

Іс-шарадан күтілетін экологиялық әсер

1

2

2

3

4

5

6

7

  Су қорғау аймақтары мен
белдеулерiн белгілеу
қағидаларына
5-қосымша

Су объектілерінің су қорғау белдеулерінің ең тар ені

Су объектiлерi жағалауына іргелес алқаптар түрлерi

Беткейлердің құламалылығына қарай су қорғау белдеуiнiң ең тар ені (метр)

Жағалаудан еңiстiгi (нөлдік еңістік)

Жағалауға еңiстiгi

3 градусқа дейін

3 градустан астам

Шабындық

35

55

100

Шалғындар, пішендеме

35

50

75

Орман, бұта

35

35

55

Өзгелері (қолайсыз алқап)

35

35

100


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады