Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары қолданатын тәуекелдерді басқару жүйесіне бірыңғай қағидаттар мен тәсілдерді бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 28 қарашадағы № 590 және Қазақстан Республикасы Республикалық бюджеттің бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2015 жылғы 28 қарашадағы № 10-НҚ нормативтік қаулысы мен бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 24 желтоқсандағы № 12502 болып тіркелді.

      "Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы" Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 12 қарашадағы Заңының 18-бабының 1-тармағына сәйкес, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті (бұдан әрі – Есеп комитеті) ҚАУЛЫ ЕТЕДІ және Қазақстан Республикасының Қаржы министрі БҰЙЫРАДЫ:

      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары қолданатын тәуекелдерді басқару жүйесіне бірыңғай қағидаттар мен тәсілдер бекітілсін.

      2. Есеп комитетінің Заң бөлімі заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бірлескен нормативтік қаулының және бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бірлескен нормативтік қаулы және бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның мерзімді баспасөз басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялануға жіберілуін;

      3) осы бірлескен нормативтік қаулының және бұйрықтың Есеп комитетінің интернет-ресурсына орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Бірлескен нормативтік қаулының және бұйрықтың орындалуын бақылау Есеп комитетінің аппарат басшысына және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің жауапты хатшысына жүктелсін.

      4. Осы бірлескен нормативтік қаулы және бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Республикалық бюджеттің
атқарылуын бақылау
жөніндегі есеп комитетінің
Төрағасы
_____________ Қ. Жаңбыршин

Қазақстан Республикасының
Қаржы министрі
_______________ Б. Сұлтанов


  Республикалық бюджеттің
атқарылуын бақылау жөніндегі
есеп комитетінің
2015 жылғы 28 қарашадағы
№ 10-НҚ нормативтік қаулысымен
және Қазақстан Республикасы
Қаржы министрінің
2015 жылғы 27 қарашадағы
№ 590 бұйрығымен
бірлесіп бекітілген

Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары қолданатын
тәуекелдерді басқару жүйесіне бірыңғай қағидаттар мен тәсілдер

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары қолданатын тәуекелдерді басқару жүйесіне бірыңғай қағидаттар мен тәсілдер (бұдан әрі – Бірыңғай қағидаттар мен тәсілдер) "Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы" Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 12 қарашадағы Заңының 18-бабының 1-тармағына сәйкес әзірленді.

      2. Бірыңғай қағидаттар мен тәсілдердің мақсаты мемлекеттік аудит объектілерінің тиісті жылға арналған тізбесін қалыптастырудың, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының (бұдан әрі – мемлекеттік аудит органдары) мемлекеттік аудитті жүргізуі мен өзге де қызметінің тиімділігін арттыру, мемлекеттік аудит органдарының тәуекелдерді басқарудың үлгілік жүйесін әзірлеуі үшін әдіснамалық негіз құру болып табылады.

      3. Осы Бірыңғай қағидаттар мен тәсілдерді пайдалану кезінде мынадай негізгі ұғымдар қолданылады:

      1) ден қою шаралары – тәуекелдердің алдын алуға, оларды барынша азайтуға және жоюға бағытталған мемлекеттік аудит органдары қабылдайтын іс-шаралар кешені;

      2) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау нысандары (бұдан әрі – мемлекеттік аудит нысандары) – мемлекеттік органдардың қызметі, соның ішінде мемлекеттік қаржыны басқару, саланы/аяны дамыту тұжырымдамалары, ұлттық жобалар, бюджеттік бағдарламалар, мемлекеттік органдардың даму жоспарлары, облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың даму жоспарлары;

      3) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектілері (бұдан әрі – мемлекеттік аудит объектілері) – мемлекеттік органдар, мемлекеттік мекемелер, квазимемлекеттік сектор субъектілері, сондай-ақ бюджет қаражатын алушылар;

      4) тәуекел – Қазақстан Республикасының бюджет және өзге де заңнамасын сақтамаудың, қаржылық бұзушылықтарға, бюджет қаражатының ұрлануына (ысырап болуына) әкеп соғып, мемлекетке экономикалық нұқсан келтіруі мүмкiн, мемлекеттік аудит объектiсi мен нысанына оқиғаның немесе iс-қимылдың тигiзетiн жағымсыз әсерiнiң ықтималдығы, сондай-ақ бағдарламалық құжаттарда және мемлекеттік органдардың даму жоспарларында көзделген нысаналы индикаторлар мен көрсеткіштерге қол жеткізбеу және толық көлемде орындамау ықтималдығы;

      5) тәуекел матрицасы – тәуекелдерді дәрежесі бойынша ранжирлеуден тұратын тәуекелдерді бағалауда пайдаланылатын матрица, ықтималдықтары мен ықпал етуі бойынша диапазондары бар, ден қою шаралары бойынша шешімдер қабылдау процесінде қолданылады;

      6) тәуекелге бағдарланған іріктеу – мыналарды:

      таңдау, ресурстарды аудиторлық қызметтің анағұрлым басым бағыттарына оңтайлы бөлу қағидаттарына негізделген, мемлекеттік аудитті тиімді жоспарлауды және жүргізуді;

      тәуекелдердің ықпалын барынша азайту мақсатында аудит объектілерінің тәуекелдерін немесе тәуекел салаларын бағалау негізінде аудит объектілеріне ұсыныстарды (ұсынымдарды) жолдауды қамтамасыз ететін әкімшілендіру жүйесі;

      7) тәуекелдер тізілімі – тәуекелдерді сапалық және (немесе) сандық талдау нәтижелерінен тұратын, сондай-ақ тәуекелдердің өлшемшарттары мен себептерін, олардың туындау ықтималдығын, ықпалын (нұқсан), басымдығы мен ден қою шараларын қамтитын тәуекелдердің құрылымдалған тізбесі;

      8) тәуекелдерді басқару жүйесі – есептік және басқа да деректер негізінде тәуекелдер мен олардың факторларын анықтауға, сәйкестендіруге, бағалауға және талдауға, ден қою шараларын әзірлеуге және қабылдауға, қабылданған шаралар нәтижелерінің тиімділігін мониторингілеуге бағытталған, мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесін қалыптастыру және мемлекеттік аудит органдарының аудиторлық іс-шаралар өткізу кезіндегі іс-шаралар кешені;

      9) тәуекелді бағалау – жағымсыз оқиғаның және салдарлардың тигізетін ықпалының туындау ықтималдығының сапалық және (немесе) сандық тәсілдерінің негізіндегі анықтамаларды қамтиды;

      10) тәуекелді бағалаудың сандық әдісі – тәуекелдерді деректерді талдаудың статистикалық және математикалық құралдары мен техникаларына және модельдеуге негіздеп бағалау;

      11) тәуекелді бағалаудың сапалық әдісі – тәуекелдерді сараптамалық-талдау әдістеріне негіздеп бағалау;

      12) тәуекелді сәйкестендіру – тәуекелдердің туындау себептері мен белгілерін анықтау, олардың өлшемшарттарын айқындау мақсатында, барлық тәуекелді мән-жайларды, ықтимал тәуекелді мән-жайларды және жағдайларды талдау;

      13) тәуекелді талдау – мемлекеттік аудит объектісі қызметінің қандай да бір саласына тәуекелдің ең көп туындауының ықтималдығы мен ықпалын анықтау үшін жүргізілетін іс-қимыл;

      14) тәуекелдер мониторингі – мемлекеттік аудит объектілерінің тәуекелдердің алдын алу, оларды барынша азайту, жою бойынша іс-қимылдардың тиімділігін кейін талдау және бағалау үшін тәуекел серпінінің дәрежесі бойынша мемлекеттік аудит объектілері мен нысанын есепке алу;

      15) өлшемшарттар – мемлекеттік аудиттің нысаны мен объектісін тәуекелдің белгілі бір тобына жатқызу туралы шешім қабылдауға негіз болатын көрсеткіштер тізбесі (белгілер мәнінің жиынтығы);

      16) тәуекел аясы – тәуекелдің немесе бірнеше тәуекелдің және аудит объектісі мен нысанының белгілі бір қызмет саласында олар пайда болатын шарттардың сипаттамасы;

      17) тәуекел деңгейі – тәуекелді бағалау қорытындысы бойынша алынған жекелеген тәуекел өлшемшарттары мәнінің мөлшері.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғары аудиторлық палатасының 09.03.2023 № 9-НҚ және ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрінің 09.03.2023 № 252 бірлескен нормативтік қаулысы және бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

2. Тәуекелдерді басқару жүйесінің қағидаттары

      4. Тәуекелдерді басқару жүйесі мынадай қағидаттарға негізделеді:

      1) анықтылық қағидаты – тәуекелдер мен олардың өлшемшарттарын айқындауда пайдаланылатын ақпарат пен есептік деректердің анықтығын қамтамасыз ету;

      2) бірыңғайлық қағидаты – мемлекеттік аудит органдарының тәуекелдерді басқару жүйесін ұйымдастыру және онымен жұмыс істеу кезінде бірыңғай қағидаттар мен тәсілдерді қолдануы, мемлекеттік аудиттің объектілері мен нысаны бойынша тәуекелдің дәрежесін сәйкестендіру үшін көрсеткіштер мен өлшемшарттарды пайдалану;

      3) жариялылық қағидаты – бюджеттің атқарылуына мемлекеттік аудит жүргізу процесіне жұртшылықты тарту, сондай-ақ мемлекеттік аудит объектілерін ынталандыру мақсатында, мемлекеттік құпиялар және заңмен қорғалатын өзге де құпия туралы заңнама талаптарының қамтамасыз етілуін ескере отырып, мемлекеттік аудит объектілері мен нысандары бөлінісінде тәуекелдерді басқару жүйесінің нәтижелерін жариялау;

      4) ранжирлеу қағидаты – мемлекеттік аудит объектілері мен нысандарының тәуекелі дәрежесіне қарай, мемлекеттік аудит объектілері мен нысандарын тәуекелдер топтары бойынша бөлу;

      5) толымдылық қағидаты – тәуекелдерді басқару жүйесінде мемлекеттік аудиттің объектілері мен нысандарының ықтимал және іске асырылған тәуекелдерін барынша толық әрі дәл анықтауы үшін қажетті өлшемшарттарды, соның ішінде тәуекелдер серпінінде және олардың жылдар бойынша өлшемшарттарын көрсету;

      6) уақтылылық қағидаты – уақтылы ден қою шараларын қабылдау мақсатында мемлекеттік аудиттің объектісі мен нысаны бойынша тәуекелдерді сәйкестендіру жөніндегі іс-шаралар кешенін жүзеге асыру;

      7) үздіксіздік және дәйектілік қағидаттары – тәуекелдерді мерзімдік сәйкестендіру үшін тұрақты негізде мемлекеттік аудиттің объектілері мен нысандары бойынша көрсеткіштерді жүйелік жаңарту, сондай-ақ тәуекелдерді басқару жүйесінің әдіснамасын үздіксіз дамыту және тәуекелге бағдарланған тәсілді, соның ішінде жоғары аудит органдарының тәуекелге бағдарланған тәсілді қолдануы мен дамытуының халықаралық практикасын ескере отырып жетiлдiру.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғары аудиторлық палатасының 09.03.2023 № 9-НҚ және ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрінің 09.03.2023 № 252 бірлескен нормативтік қаулысы және бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

3. Тәуекелдерді басқару жүйесіне тәсілдер

      5. Тәуекелдерді басқару жүйесі мынадай тәсілдерге негізделеді:

      1) тәуекелдер мен олардың өлшемшарттары мемлекеттік аудит объектілерінің есепті деректерінің және мемлекеттік аудит объектілерінің қызметі туралы басқа да ақпарат көздерінің негізінде қалыптастырылады;

      2) ақпаратты жинау, өңдеу және сақтау процестері алынған деректердің дұрыстығын тексеру мүмкіндігімен барынша автоматтандырылады;

      3) тәуекелдерді бағалау бағдарламалық құралдарды (ақпараттық-талдау құралдарын) қолдану арқылы процесті автоматтандыру мүмкіндігімен сапалық және (немесе) сандық әдістерді қолдануға негізделеді;

      4) өлшемшарттар тәуекелдердің туындауының ықтимал және нақты себептеріне қарай айқындалады;

      5) сараланған ден қою шараларын әзірлеу мен қабылдау мемлекеттік аудит объектісі мен нысанының тәуекелдер дәрежесіне, соның ішінде тікелей мемлекеттік аудит объектілері тәуекелдерді алдын алуға бағыттағандарға (алдын алу) қарай жүзеге асырылады;

      6) аудитті сапалы жүзеге асыру мақсатында жұмыс көлемін ескере отырып аудиторлық іс-шараларды тиімді жоспарлау арқылы мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының ресурстарын оңтайландыру;

      7) тәуекелдерді басқару жүйесін қолдану процестерін (кезеңдерін) автоматтандыру және цифрландыру.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғары аудиторлық палатасының 09.03.2023 № 9-НҚ және ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрінің 09.03.2023 № 252 бірлескен нормативтік қаулысы және бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      6. Сәйкестендіру нәтижелері бойынша айқындалған тәуекелдердің өлшемшарттары бюджеттің республикалық және жергілікті деңгейлерінде жүктелген функциялар мен өкілеттіктерге сәйкес, мемлекеттік аудит органдары үшін тәуекелдердің туындауының анағұрлым ықтималдығын анықтауға оңтайлы шарттарды қамтиды. Бұл ретте тәуекелдерді сәйкестендіру үшін өлшемшарттар тізбесі айқындалады, сондай-ақ тәуекелдің атауын, ықпалын, ықтималдығын, деңгейін және тәуекелді бағалау көрсеткіштерін қамтитын тәуекелдердің тізілімі толтырылады.

      Тәуекелдерді сәйкестендіру теріс әсер етуге қабілетті тәуекелдердің басталу шарттары мен олардың өлшемшарттарын айқындау және сипаттау мақсатында мемлекеттік аудит объектілерінің қызметі туралы және нысандары туралы деректер бойынша ықтимал және орын алған қатерлерді және туындау факторларын зерделеу арқылы жүргізіледі.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғары аудиторлық палатасының 09.03.2023 № 9-НҚ және ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрінің 09.03.2023 № 252 бірлескен нормативтік қаулысы және бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      7. Тәуекелдерді бағалау сапалық және (немесе) сандық әдістердің негізінде олардың ықтималдықтары мен әсеріне қарай есептеледі.

      8. Тәуекелдерді мониторингілеу ден қою шараларының тиімділігін және тәуекелдер дәрежесінің өзгеруін (қалдық тәуекелді анықтау) айқындау, сондай-ақ тәуекелдер өлшемшарттарын және көрсеткіштерін өзекті ету және жаңа тәуекелдер өлшемшарттарын әзірлеу мақсатында өткізіледі.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғары аудиторлық палатасының 09.03.2023 № 9-НҚ және ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрінің 09.03.2023 № 252 бірлескен нормативтік қаулысы және бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      9. Ақпаратты жинау және өзектілендіру тиісті есептік ақпаратты қалыптастырудың мерзімділігіне қарай, ай сайынғы, тоқсан сайын және жылдық негізде жүзеге асырылады.

      10. Тәуекелдерді сәйкестендіру жылдық негізде жүргізіледі.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 17.01.2018 № 2-НҚ және ҚР Қаржы министрінің 18.01.2018 № 37 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бірлескен нормативтік қаулысы мен бұйрығымен.

      11. Тәуекелдерді басқару жүйесі мынадай кезеңдерді қамтиды:

      Алдын ала:

      1) тәуекелдерге бағалау жүргізу үшін мемлекеттік аудит объектілерінен және басқа да ресми дереккөздерден алынған қаржылық, бюджеттік, бухгалтерлік есептіліктерден, сондай-ақ мемлекеттік аудит объектілерінің қызметі туралы өзге де мәліметтерден ақпарат жинау;

      2) мемлекеттік аудит объектілері мен нысандары бойынша дерекқорды жүйелеу және қалыптастыру.

      Негізгі (мемлекеттік аудит объектілері мен нысандарын тәуекелге бағдарланған іріктеу):

      1) тәуекелдердің тізілімін жасау:

      тәуекелдерді және оларды іріктеу өлшемшарттарын сәйкестендіру;

      сапалық және (немесе) сандық әдістердің негізінде тәуекелдерді бағалау;

      2) осы Бірыңғай қағидаттар мен тәсілдердің қосымшасына сәйкес, маңыздылығы дәрежесі: жоғары, орташа, төмен дәреже бойынша тәуекелдерді ранжирлей отырып, тәуекел матрицасын қалыптастыру (ішкі мемлекеттік аудит үшін).

      Аралық – тәуекелдерді бағалау нәтижелерін алу және мемлекеттік аудиттің объектілері мен нысандары, өлшемшарттары, басымдықтары, тәуекел топтары және ден қою шаралары бөлінісінде шығыс нысандарын ресімдеу.

      Қорытынды – ден қою шаралары:

      1) тәуекелі жоғары объектілер мен нысандар – тәуекелге бағдарланған іріктеу нәтижелері бойынша мемлекеттік аудит жүргізу;

      2) тәуекелі орташа объектілер – мемлекеттік аудит объектілерінің тәуекелдердің алдын алу, барынша азайту, жою бойынша ұсынымдар беру, сондай-ақ мемлекеттік аудит органдарының шешімі бойынша мемлекеттік аудит жүргізу;

      3) тәуекелі төмен мемлекеттік аудит объектілері – тәуекелдерді мониторингілеу және кейіннен бақылау.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғары аудиторлық палатасының 09.03.2023 № 9-НҚ және ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрінің 09.03.2023 № 252 бірлескен нормативтік қаулысы және бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      12. Барлық кезеңдер жүргізілгеннен кейін үшін ден қою шараларының тиімділігін және тәуекелдер дәрежесінің өзгеруін айқындау үшін тәуекелдерді мониторингілеу жүзеге асырылады.

      13. Әрбір тәуекел үшін ықтималдық және ықпал ету мәндерінің диапазоны белгіленіп, оның негізінде тәуекелдің дәрежесі айқындалады. Тәуекелдер тізілімінде және одан әрі тәуекелдер матрицасында (ішкі мемлекеттік аудит үшін) тәуекелдерді айқындау нәтижелері бойынша мемлекеттік аудит объектілері мен нысандары тәуекелдің:

      1) жоғары;

      2) орташа;

      3) төмен дәрежелеріне бөлінеді.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғары аудиторлық палатасының 09.03.2023 № 9-НҚ және ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрінің 09.03.2023 № 252 бірлескен нормативтік қаулысы және бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      14. Тәуекелдерді айқындау үш бағыт бойынша жүргізіледі:

      1) бюджеттің шығыс бөлігі саласындағы тәуекелдер;

      2) бюджеттің кіріс бөлігі саласындағы тәуекелдер;

      3) квазимемлекеттік сектор субъектілері бойынша тәуекелдер.

      15. Көрсетілген бағыттар бойынша тәуекелдерді бағалауды мемлекеттік аудит органдары бюджеттің республикалық және жергілікті деңгейлерінде жүктелген функциялар мен өкілеттіктерге сәйкес жүзеге асырады және мыналарға:

      1) мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды жүзеге асырудың ескіруіне;

      2) нәтижелілігіне – алға қойылған мақсаттар мен міндеттерге, сондай-ақ нәтижелердің көрсеткіштеріне, соның ішінде тікелей және түпкілікті нәтижелердің көрсеткіштеріне қол жеткізуге;

      3) бюджет қаражатының пайдаланылу тиімділігіне – қолда бар ресурстардың барынша пайдалы болуына қол жеткізу мақсатында, бюджет қаражатын үнемді және ұтымды пайдалану;

      4) мемлекеттік аудит органдарының және басқа да уәкілетті мемлекеттік органдардың кемінде соңғы үш жылда жүргізген аудиторлық іс-шараларының нәтижелеріне;

      5) бюджет қаражатының көлемдеріне, дебиторлық және кредиторлық берешектерге, бюджет қаражатының игерілуіне негізделеді.

      Ескерту. 15-тармаққа өзгеріс енгізілді - Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 17.01.2018 № 2-НҚ және ҚР Қаржы министрінің 18.01.2018 № 37 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бірлескен нормативтік қаулысы мен бұйрығымен.

      16. Тәуекелге ден қою шаралары мынадай санаттарға бөлінеді:

      1) ден қоюдың алдын алу шаралары:

      мемлекеттік аудит объектілерінен тәуекелдердің туындау себептері туралы ақпарат алу;

      тәуекелдердің алдын алу және барынша азайту – ішкі қаржылық бақылауды ұйымдастыру шараларын қоса алғанда, орташа дәрежелі тәуекелдері бар мемлекеттік аудит объектілері бойынша мемлекеттік аудит жүргізбей, мемлекеттік аудит объектісіне және оның жоғары тұрған әкімшісіне (басшысына) жоғары дәрежелі ықтимал тәуекелдерге әкеп соғатын жағдайлардың туындауы туралы ескертулер (хабарламалар) және оларға жол бермеу жөнінде ұсынымдар (ұсыныстар) беруден тұратын іс-шаралар кешені;

      жоғары дәрежелі тәуекелдерге әкеп соғатын жағдайлар сақталғанда, мемлекеттік аудит объектісі бойынша мемлекеттік аудит жүргізу туралы мәселені қарау қажет;

      2) директивалық ден қою шаралары – жоғары немесе орташа дәрежелі тәуекелдері бар мемлекеттік аудит объектілері мен нысандары бойынша мемлекеттік аудит жүргізу жолымен тәуекелдерді жою (мемлекеттік аудит органының шешімі болған жағдайда);

      3) тәуекелдердің жол берілетін дәрежесі – тәуекелдер дәрежесі төмен мемлекеттік аудит объектілері мен нысандары бойынша ден қою шаралары тәуекелдерді мониторингілеумен шектеледі.

      Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғары аудиторлық палатасының 09.03.2023 № 9-НҚ және ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрінің 09.03.2023 № 252 бірлескен нормативтік қаулысы және бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      17. Мемлекеттік аудит органдары жыл сайынғы негізде тәуекелдерді айқындау мен бағалаудың дұрыстығына, белгіленген рәсімдердің оларды орындау сәйкестігіне талдау жүргізеді.

      18. Мемлекеттік аудит органдары жылдық негізде ден қоюдың алдын алу шаралары, сондай-ақ тәуекелдердің өлшемшарттары мен көрсеткіштерін өзекті ету және тәуекелдердің жаңа өлшемшарттарын қалыптастыру үшін директивалық ден қою шаралары шеңберінде іс-шараларды іске асырудың тиімділігіне талдау жүргізеді.

      Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғары аудиторлық палатасының 09.03.2023 № 9-НҚ және ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрінің 09.03.2023 № 252 бірлескен нормативтік қаулысы және бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      19. Бюджеттің шығыс бөлігі саласындағы тәуекелдерді айқындау тетігі тәуекелдерді бағалаудың екі деңгейінен тұрады:

      бірінші деңгей – мемлекеттік аудит нысаны бойынша;

      екінші деңгей – мемлекеттік аудит объектілері бойынша.

      20. Бірінші деңгейдегі тәуекелдерді бағалау екі кезеңде жүзеге асырылады:

      Бірінші кезеңі – бекітілген бюджеттік бағдарламаға сәйкес бюджетті атқару барысында тікелей және түпкілікті нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізуге және жоспарланған кезеңге арналған жоспарланған бюджет қаражаты көлемдерінің және нәтижелер көрсеткіштерінің өзгерістеріне негізделген өлшемшарттар, бюджеттік бағдарламалар әкімшілері, құрылымдық және аумақтық бөлімшелер бойынша жүзеге асырылатын бюджеттік бағдарламалар (кіші бағдарламалар) бойынша тәуекелдер тізілімін қалыптастыру (ішкі мемлекеттік аудиттің мақсаттары үшін бюджеттік бағдарламалар бойынша тәуекелдер матрицаларын қалыптастыра отырып);

      Екінші кезең – бағдарламалық құжатқа және оны іске асыру бойынша нормативтік құқықтық актілерге сәйкес нысаналы индикаторлар мен көрсеткіштерге қол жеткізуге негізделген өлшемшарттар бойынша бағдарламалық құжаттардың (саланы/аяны дамыту тұжырымдамасы, ұлттық жобалар, мемлекеттік органдардың даму жоспарлары, облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың даму жоспарлары) тәуекелдер тізілімін (немесе ішкі мемлекеттік аудиттің мақсаттары үшін тәуекелдер матрицаларын) қалыптастыру.

      Ескерту. 20-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғары аудиторлық палатасының 09.03.2023 № 9-НҚ және ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрінің 09.03.2023 № 252 бірлескен нормативтік қаулысы және бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      21. Екінші деңгейдегі тәуекелдерді бағалау мемлекеттік аудит объектілерінің (бюджеттік бағдарламалар әкімшілері және басқа да мемлекеттік мекемелер) тәуекелдер тізілімін бірінші деңгейдің деректерін және ішкі мемлекеттік аудиттің мақсаттары үшін бюджеттік бағдарламалардың тәуекелдер матрицаларының нәтижелерін ескере отырып қалыптастыру арқылы жүзеге асырылады.

      Мемлекеттік органдар екі топқа бөлінеді: даму жоспарын әзірлейтін мемлекеттік органдар және даму жоспарын әзірлемейтін мемлекеттік органдар.

      Тәуекелдер өлшемшарттары, соның ішінде:

      орталық мемлекеттік органдар және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау жүйесінің негізінде;

      құрылымдық және аумақтық бөлімшелердің, ведомстволық бағынысты ұйымдардың болуына;

      бюджеттік бағдарламалардың, бюджеттік инвестициялық жобалардың санына, сондай-ақ олардың іске асырылу нәтижелеріне қарай айқындалады.

      Ішкі мемлекеттік аудит мақсаттары үшін мемлекеттік аудит объектілерінің тәуекелдер тізілімі қалыптастырылғаннан кейін мемлекеттік аудит объектілері бойынша тәуекелдер матрицасы қалыптастырылады.

      Ескерту. 21-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғары аудиторлық палатасының 09.03.2023 № 9-НҚ және ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрінің 09.03.2023 № 252 бірлескен нормативтік қаулысы және бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      22. Бюджеттің кіріс бөлігі саласындағы тәуекелдер:

      салықтық түсімдер;

      салықтық емес түсімдер бойынша айқындалады.

      23. Салықтық түсімдер бойынша тәуекелдер өлшемшарттары салық және кеден органдарының құзыретіне кіретін мәселелер бойынша айқындалады. Бұл ретте іріктеуге бағдарланған тәуекел уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінің және өңірлердің тәуекелдерін айқындау бөлігінде жүргізіледі.

      Тәуекелдерді сәйкестендіру мынадай базалық өлшемшарттарға:

      1) болжамды деректердің орындалуына;

      2) бюджетке түсетін салық берешегіне, бересіге;

      3) бюджетке түсетін түсімдер мәселесі бойынша мемлекеттік қаржылық аудит органдары тексерулерінің нәтижелеріне;

      4) алдыңғы кезеңдермен салыстырғанда түсімдердің серпініне негізделеді.

      24. Салықтық емес түсімдердің өлшемшарттары мемлекеттік органдар және олардың аумақтық бөлімшелері, жергілікті атқарушы және уәкілетті органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілері бойынша айқындалады.

      Тәуекелдерді сәйкестендіру мынадай базалық өлшемшарттарға:

      1) Бiрыңғай бюджеттiк сыныптама кодтарының бөлінісінде алдыңғы кезеңдермен салыстырғанда түсімдердің серпініне;

      2) болжамды деректердің орындалуына;

      3) уәкілетті органдардың тексерулерінің санына және олардың нәтижелілігіне;

      4) айыппұлдарды өндіріп алу деңгейіне негізделеді.

      25. Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің тәуекелдерін бағалау мемлекеттік аудит органдарының функционалдық бағыттарын ескере отырып, қаржылық есептілікке және қаржы-шаруашылық қызметті талдауға негізделген өлшемшарттар бойынша квазимемлекеттік сектор субъектілері тәуекелдерінің тізілімдерін қалыптастыру арқылы (ішкі мемлекеттік аудитті жүргізу мақсатында квазимемлекеттік сектор субъектілері бойынша тәуекелдер матрицаларын қалыптастыра отырып) жүзеге асырылады.

      Ескерту. 25-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғары аудиторлық палатасының 09.03.2023 № 9-НҚ және ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрінің 09.03.2023 № 252 бірлескен нормативтік қаулысы және бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      26. Осы Бірыңғай қағидаттармен және тәсілдермен регламенттелмеген нормалар мен ережелер, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау саласындағы өзге нормативтік құқықтық актілермен реттеледі.

  Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау
органдары қолданатын тәуекелдерді
басқару жүйесіне бірыңғай
қағидаттар мен тәсілдерге
қосымша

Тәуекел матрицасы



Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады