"А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерімен еңбек шартын жасау, ұзарту және бұзу қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері министрінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 8 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 31 желтоқсанда № 12711 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Төрағасының 2016 жылғы 2 қарашадағы № 37 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Төрағасының 02.11.2016 № 37 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 24-бабына сәйкес,БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерімен еңбек шартын жасау, ұзарту және бұзу қағидалары бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Мемлекеттік қызмет департаменті:
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
      2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ресми жариялануын;
      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдануын қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері министрінің мемлекеттік қызмет мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі және 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап туындаған қатынастарға қолданылады.

      Министр                                           Т. Донақов

Қазақстан Республикасы    
Мемлекеттік қызмет     
істері министрінің     
2015 жылғы 29 желтоқсандағы
№ 8 бұйрығымен      
бекітілген      

«А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерімен еңбек шартын жасау, ұзарту және бұзу қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерімен еңбек шартын жасау, ұзарту және бұзу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 24-бабына сәйкес «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерімен еңбек шартын жасасу, ұзарту және бұзу тәртібін айқындайды.

2. А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерімен еңбек шартын жасау, ұзарту және бұзу тәртібі

      2. «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына тағайындау кезінде, егер Қазақстан Республикасының заңдарында және Президенті актілерінде өзге мерзім белгіленбесе, ол адаммен төрт жыл мерзімге, аталған мерзімге бір реттен артық емес ұзарту мүмкіндігімен еңбек шарты жасалады. Еңбек шарты осы Қағидалардың қосымшасына сәйкес үлгілік еңбек шартының негізінде жасалады.
      «А» корпусының уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасу барысында еңбек шарты «А» корпусының осы лауазымды атқаратын мемлекеттік әкімшілік қызметшісінің уақытша орнында болмайтын кезеңіне жасалады.
      3. «А» корпусының қызметшілерімен еңбек шартын мемлекеттік лауазымға тағайындау және мемлекеттік лауазымнан босату құқығы бар лауазымды адам (орган) не ол уәкілеттік берген лауазымды адам (орган) – (бұдан әрі – уәкілетті тұлға) жасасады.
      Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерімен еңбек шартын Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы жасасады.
      Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі тағайындайтын «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерімен еңбек шартын Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің Басшысы жасасады.
      4. Еңбек шарты жазбаша нысанда кемінде екі дана етіп жасалады және оған тараптардың қолдары қойылады. Еңбек шартының бір данасы  «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісінде, екіншісі – мемлекеттік органның персоналды басқару қызметінде (кадр қызметінде), оның жеке ісінде сақталады.
      5. Еңбек шартына өзгерістер мен толықтырулар енгізу тараптардың келісімі бойынша жазбаша нысанда жүзеге асырады.
      6. «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісін басқа «А» корпусының мемлекеттік лауазымына ротациялау барысында, онымен осы лауазымды атқару үшін заңнамамен қарастырылған мерзімге жаңа еңбек шарты жасалады.
      7. Мемлекеттік органның қайта құрылуы барысында еңбек шартына тиісті өзгерістер енгізіледі, ал «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісі атқарып жүрген лауазымында қызметін жалғастыра береді.
      8. Уәкілетті тұлға еңбек шарты мерзімінің аяқталуына кемінде төрт айға дейін мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органға негізделген ұсыныс енгізеді:
      1) «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісімен еңбек шартының мерзімін ұзарту туралы;
      2) еңбек шартын бұзу туралы.
      Еңбек шартының мерзімі аяқталғанға дейін тиісті шешім болмаған жағдайда, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы кадр саясаты жөніндегі Ұлттық комиссия (бұдан әрі – Ұлттық комиссия) не Ұлттық комиссия өкілеттігін берген жағдайда – уәкілетті тұлға шешім қабылдағанға дейін «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісі атқаратын лауазымында жұмысын жалғастырады.
      9. Ұлттық комиссияның ұсынымы негізінде уәкілетті тұлға еңбек шартының мерзімін ұзарту немесе оны бұзу туралы шешім қабылдайды.
      10. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық не мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін олардың жауаптылығын қарау жағдайларын қоспағанда, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісі өз қалауы бойынша қызметтен шығару туралы өтініш беруi, сондай-ақ мемлекеттік қызметте болу мерзімін тараптардың өзара келісімі бойынша бір жылға ұзарту құқығы ескеріліп, олардың Қазақстан Республикасының заңында белгіленген зейнеткерлік жасқа толуы жағдайында «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісімен еңбек шарты Ұлттық комиссияның ұсынымысыз бұзылады.

«А» корпусының мемлекеттік
әкімшілік қызметшілерімен
еңбек шартын жасасу, ұзарту
және бұзу қағидаларына  
қосымша         

«А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерімен үлгілік еңбек шарты

1. Жалпы ережелер

      1. Осы еңбек шарты (бұдан әрі – Шарт) бір тараптан
____________________________________________________________________
  (мемлекеттік органның атауы, лауазымды тұлғаның Т.А.Ә. (болған
                            жағдайда))
(бұдан әрі – Уәкілетті тұлға) және екінші тараптан азамат __________
_______________________________ (бұдан әрі – Жұмыскер) арасында
(жұмыскердің Т.А.Ә) жасалды.
      2. Уәкілетті тұлға Жұмыскерді _________________________________
                                         (лауазымның атауы)
лауазымына қабылдайды.
      Жұмыскер Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінде, уәкілетті тұлғаның актілерінде, лауазымдық нұсқаулықтарда көзделген еңбек міндеттемелерін орындайды.
      3. Осы шарт 20__ жылғы «___» _____________ бастап қолданылады. Шарттың қолданылу мерзімі_____жыл (мемлекеттік лауазым «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына қайта өзгертілген жағдайда: 20___жылдың «___» ___________бастап мына оқиғалардың бірі басталғанға дейін:
      мемлекеттік лауазым «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына қайта өзгертілген күннен бастап Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте алты айдың ішінде осы лауазымға орналасқан;
      мемлекеттік лауазым «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына қайта өзгертілген күннен бастап алты ай өткенге дейін – осы лауазымға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте орналаспаған жағдайда).
      4. Мемлекеттік бюджет есебінен қамтылатын Қазақстан Республикасы органдары қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеудің бірыңғай жүйесіне сәйкес Жұмыскерге осы лауазым үшін көзделген жалақы төленеді.
      5. Жұмыскерге кепілдіктер мен өтемақыларды ұсыну Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

2. Уәкілетті тұлға мен жұмыскердің негізгі құқықтары мен міндеттері

      6. Уәкілетті тұлға Жұмыскерден өзіне жүктелген функциялар мен өкілеттіктердің орындалуын, Қазақстан Республикасы заңнамасының, уәкілетті тұлға актілерінің сақталуын талап етуге, Жұмыскерді көтермелеуге, тәртіптік жаза қолдануға құқылы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтарға ие.
      7. Уәкілетті тұлға Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын, өзінің шығарған актілерін сақтауға, Жұмыскерге жұмыс жағдайын қамтамасыз етуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де міндеттемелерді сақтауға міндетті.
      8. Жұмыскеркер өзінің лауазымдық міндеттерін атқаруға қажетті ақпараттар мен материалдарды белгіленген тәртіппен алуға, өз құзыреті шеңберінде өзінің мемлекеттік қызметті өткеру мәселелерін қарау мен олар бойынша шешім қабылдауға қатысуға, олардан тиісті мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың орындауын талап етуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтарға ие.
      9. Жұмыскер мемлекеттік және еңбек тәртібін сақтауға, Қазақстан Республикасының заңнамасына және уәкілетті тұлғаның актілеріне сәйкес еңбек міндеттерін орындауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де міндеттемелерді сақтауға міндетті.

3. Тараптардың жауаптылығы

      10. Осы шартта көзделген міндеттемелерді орындамағаны және тиісінше орындамағаны үшін тараптар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.

4. Еңбек шартын өзгерту және тоқтату

      11. Еңбек шартын өзгерту және тоқтату Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы және еңбек заңнамасында көзделген тәртіпте және негіздерде жүзеге асырылады.
      12. Шарт ___ данада жасалды, оның әрқайсысының бірдей заңдық күші бар.

Уәкілетті тұлға
____________________________
(қолы, күні)

Жұмыскер
____________________________
(қолы, күні)


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады