Қазақстан Республикасының ұлттық валютасының айналыстағы ақша белгiлерiнiң дизайны (нысаны) өзгерген кезде оларды ауыстыру қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2015 жылғы 19 желтоқсандағы № 228 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 28 қаңтарда № 12946 болып тіркелді.

      "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабы екінші бөлігінің 8) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 22.06.2022 № 52 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының ұлттық валютасының айналыстағы ақша белгiлерiнiң дизайны (нысаны) өзгерген кезде оларды ауыстыру қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулының қосымшасына сәйкес Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Қолма-қол ақша айналысы департаменті (Балахметов А.А.) заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) Құқықтық қамтамасыз ету департаментімен (Досмұхамбетов Н.М.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;

      3) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.

      4. Халықаралық қатынастар және жұртшылықпен байланыс департаменті (Қазыбаев А.Қ.) осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Д.Т. Ғалиеваға жүктелсін.

      6. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ұлттық Банк
Төрағасы
Д. Ақышев

  Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкі Басқармасының
2015 жылғы 19 желтоқсандағы
№ 228 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасының ұлттық валютасының айналыстағы ақша
белгiлерiнiң дизайны (нысаны) өзгерген кезде оларды ауыстыру
қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      Ескерту. 1-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 17.08.2020 № 97 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Осы Қазақстан Республикасының ұлттық валютасының айналыстағы ақша белгiлерiнiң дизайны (нысаны) өзгерген кезде оларды ауыстыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының ұлттық валютасының айналыстағы ұлттық валютасы айналыстағы ақша белгiлерiнiң (бұдан әрі – ақша белгілері) дизайны (нысаны) өзгерген кезде оларды ауыстыру тәртібін айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 22.06.2022 № 52 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Қағидалар жаңа үлгідегі ақша белгілерін айналысқа шығару талаптарын, ескі және жаңа үлгідегі ақша белгілерінің айналыста қатар жүру кезеңін, ескі үлгідегі ақша белгілерінің айналыста жүруін аяқтауды қамтиды.

      3. Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) ақша белгiсiнiң дизайнын (нысанын) өзгерту – графикалық бейнелерiн, мәтiнiн өзгерту және енгізу, қолдан жасаудан қорғаудың, мөлшерін, нысанын, түсін, бастапқы материалдарын және ақша белгісінің басқа да белгілерін өзгертудің қосымша элементтерін енгізу;

      2) банктер – Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктері;

      3) ескi үлгiдегi ақша белгiлерi – дизайнының (нысанының) өзгеруіне байланысты айналыстан алуға жататын айналыстағы ақша белгілері;

      4) жаңа үлгiдегi ақша белгiлерi – айналысқа шығарылатын, бұрынғы дизайнға (нысанға) қарағанда жаңа ерекшеленетiн белгiсi бар ақша белгiлерi;

      5) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінiң филиалдары – Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінiң аумақтық филиалдары және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінiң Кассалық операциялар және құндылықтарды сақтау орталығы (филиалы);

      6) Ұлттық почта операторы – Үкіметтің шешімі бойынша құрылған акционерлік қоғам, оның жалғыз акционері ұлттық басқарушы холдинг болып табылады, оған почта байланысының әмбебап қызметтерін, арнайы байланыс қызметтерін және қаржылық қызметтерді көрсету және қаржылық қызметті жүзеге асыру жөніндегі міндеттемелер жүктелген.

2-тарау. Жаңа үлгiдегi ақша белгiлерiн айналысқа шығару

      Ескерту. 2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 17.08.2020 № 97 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      4. Ескі үлгідегі ақша белгілерінің дизайнына (нысанына) өзгерістердің енгізілуіне байланысты жаңа үлгідегі ақша белгілерін айналысқа шығару туралы шешімді Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы қабылдайды.

      5. Айналыстағы ескі үлгідегі ақша белгiлерiн жаңа үлгiдегi ақша белгiлерiне ауыстырған кезде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (бұдан әрі – Ұлттық Банк):

      1) мерзімді баспасөз басылымдарында Ұлттық Банк Басқармасының айналыстағы ескі үлгідегі ақша белгiлерiн жаңа үлгiдегi ақша белгiлерiне ауыстыру туралы қаулысын жариялайды;

      2) мерзімді баспасөз басылымдарында, теле-, радиоарналарда Ұлттық Банктің айналыстағы ескі үлгідегі ақша белгілерін жаңа үлгідегі ақша белгілеріне ауыстыру туралы ресми хабарын орналастырады.

      Ұлттық Банктiң айналыстағы ескі үлгідегі ақша белгiлерiн жаңа үлгiдегi ақша белгiлерiне ауыстыру туралы ресми хабарында:

      1) жаңа үлгiдегi ақша белгісін айналысқа енгізу күнi, оның номиналы және дизайнының (нысанының) қысқаша сипаттамасы;

      2) жаңа үлгiдегi ақша белгiсiн айналысқа енгiзген күннен бастап жаңа және ескi үлгiдегi ақша белгiлерiнiң айналыста қатар жүру кезеңi, сондай-ақ ескі үлгідегі ақша белгілерін жаңа үлгідегі ақша белгілеріне ауыстыру тәртібі;

      3) ескi үлгiдегi ақша белгiлерi Қазақстан Республикасының аумағында заңды төлем құралы болудан қалған күннен бастап жаңа және ескi үлгiдегi ақша белгiлерiнiң айналыста қатар жүру кезеңi аяқталған күні қамтылады.

      6. Ұлттық Банк Басқармасының айналыстағы ескі үлгідегі ақша белгiлерiн жаңа үлгiдегi ақша белгiлерiне ауыстыру туралы қаулысы қолданысқа енгізілген күннен бастап Ұлттық Банк Ұлттық Банктің өкілдіктеріне және филиалдарына, банктерге, Ұлттық пошта операторына, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктерінің филиалдарына, шет елдердің орталық (ұлттық) банктеріне және Халықаралық қылмыстық полиция ұйымына (Интерпол) айналыстағы ақша белгілерін ауыстыру мерзімдері туралы ақпаратты мәлімет үшін жібереді.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 22.06.2022 № 52 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

3-тарау. Ескi және жаңа үлгiдегi ақша белгiлерiнiң айналыста қатар жүру кезеңi

      Ескерту. 3-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 17.08.2020 № 97 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      7. Ескi және жаңа үлгiдегi ақша белгiлерiнiң айналыста қатар жүру кезеңi жаңа үлгідегі ақша белгісі айналысқа енгізілген күннен бастап 12 (он екі) айды құрайды.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 24.05.2021 № 51 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      8. Айналыста қатар жүру кезеңiнде ескi және жаңа үлгiдегi ақша белгiлерi Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында барлық төлемдер мен аударымдар түрлерi бойынша, сондай-ақ банк шоттарына есептеу үшiн олардың белгіленген құны бойынша қабылдануға мiндеттi заңды төлем құралы болып табылады, Ұлттық Банктің барлық филиалдарында, Ұлттық почта операторында және банктерде шектеусіз ұсақталады және айырбасталады.

4-тарау. Ескi үлгiдегi ақша белгiлерiнiң айналысын аяқтау

      Ескерту. 4-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 17.08.2020 № 97 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      9. Жаңа және ескi үлгiдегi ақша белгiлерiнiң айналыста қатар жүру кезеңi аяқталған соң ескi үлгiдегi ақша белгiлерi Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында айналыстан алынады. Ескі үлгідегі ақша белгілері Қағидалардың 10, 11, 12-тармақтарында белгіленген тәртіппен ауыстыруға жатады.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 24.05.2021 № 51 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      10. Банктер, Ұлттық почта операторы жаңа және ескi үлгiдегi ақша белгiлерiнiң айналыста қатар жүру кезеңi аяқталған күннен бастап 3 (үш) жыл ішінде:

      1) заңды және жеке тұлғалардан ескі үлгідегі ақша белгілерін қабылдайды және жаңа үлгідегі ақша белгілеріне ауыстырады;

      2) қолда бар ескi үлгiдегi ақша белгілерін Ұлттық Банктiң филиалдарына өткізеді.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 24.05.2021 № 51 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      11. Қағидалардың 10-тармағында белгіленген мерзім өткеннен кейін банктер және ұлттық почта операторы:

      1) ескі үлгідегі ақша белгілерін жаңа үлгідегі ақша белгілеріне ауыстырмайды;

      2) 5 (бес) операциялық күн iшiнде операциялық кассадағы ескi үлгiдегi ақша белгілерінің қалдықтарын Ұлттық Банктiң филиалдарына өткізеді.

      12. Ұлттық Банктің филиалдары Қағидалардың 10-тармағында белгіленген мерзім өткеннен кейін 2006 жылғы үлгідегі банкноттарды қосқанда, жеке және заңды тұлғалардан ескі үлгідегі ақша белгілерін қабылдайды және "Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының банкноттары мен монеталарының төлемділігін айқындау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2017 жылғы 29 қарашадағы № 230 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16120 болып тіркелген) бекітілген Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының банкноттары мен монеталарының төлемділігін айқындау қағидаларына сәйкес олардың түпнұсқалығы расталғаннан кейін оларды жаңа үлгідегі ақша белгілеріне ауыстырады.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 24.05.2021 № 51 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      13. Қағидалардың 7 және 10-тармақтарында көзделген мерзімдерді ұзарту туралы, сондай-ақ ескі және жаңа үлгідегі ақша белгілерінің айналыста қатар жүруінің жаңа кезеңін, заңды және жеке тұлғалардан ескі үлгідегі ақша белгілерін қабылдау және жаңа үлгідегі ақша белгілеріне ауыстыру мерзімін белгілеу туралы шешімді Ұлттық Банк Басқармасы қабылдайды.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 24.05.2021 № 51 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

  Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкі Басқармасының
2015 жылғы 19 желтоқсандағы
№ 228 қаулысына
қосымша

Қазақстан Республикасының күші жойылған нормативтік құқықтық
актілерінің тізбесі

      1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Айналыстағы ұлттық валютаның ақша белгiлерiнiң дизайны (нысаны) өзгерген кезде оларды ауыстыру ережесін бекіту туралы" 2000 жылғы 20 шілдедегі № 301 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 1232 тіркелген, 2000 жылғы 29 тамызда "Егемен Қазақстан" газетінде № 211 (22481) жарияланған).

      2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi Басқармасының 2000 жылғы 20 шiлдедегі № 301 қаулысымен бекiтiлген Айналыстағы ұлттық валютаның ақша белгiлерiнiң дизайны (нысаны) өзгерген кезде оларды ауыстыру ережесiне өзгерiстi бекiту туралы" 2001 жылғы 29 қыркүйектегі № 376 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 1671 тіркелген, 2001 жылғы 5-18 қарашада "Қазақстан Ұлттық Банкінің Хабаршысы" журналында № 23 (220) жарияланған).

      3. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде № 1232 тіркелген Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Айналыстағы ұлттық валютаның ақша белгілерінің дизайны (нысаны) өзгерген кезде оларды ауыстыру ережесін бекіту туралы" 2000 жылғы 20 шілдедегі № 301 қаулысына өзгеріс енгізу туралы" 2003 жылғы 25 шілдедегі № 234 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 2457 тіркелген, 2003 жылғы 5 қыркүйекте "Егемен Қазақстан" газетінде № 229-230(23529) жарияланған).

      4. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Айналыстағы ұлттық валютаның ақша белгілерінің дизайны (нысаны) өзгерген кезде оларды ауыстыру ережесін бекіту туралы" 2000 жылғы 20 шілдедегі № 301 қаулысына өзгерістер енгізу туралы" 2004 жылғы 29 желтоқсандағы № 202 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3392 тіркелген, 2005 жылғы 2 ақпанда "Егемен Қазақстан" газетінде № 21 (23979) жарияланған).

      5. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Айналыстағы ұлттық валютаның ақша белгілерінің дизайны (нысаны) өзгерген кезде оларды ауыстыру ережесін бекіту туралы" 2000 жылғы 20 шілдедегі № 301 қаулысына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы" 2006 жылғы 25 шілдедегі № 69 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4343 тіркелген, 2006 жылғы 1 қыркүйекте "Заң газеті" газетінде № 158 (964) жарияланған).

      6. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Айналыстағы ұлттық валютаның ақша белгілерінің дизайны (нысаны) өзгерген кезде оларды ауыстыру ережесін бекіту туралы" 2000 жылғы 20 шілдедегі № 301 қаулысына өзгерістер енгізу туралы" 2006 жылғы 27 қазандағы № 113 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4448 тіркелген, 2006 жылғы 1-30 қарашада "Қазақстан Ұлттық Банкінің Хабаршысы" журналында № 21 22 жарияланған).

      7. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Айналыстағы ұлттық валютаның ақша белгілерінің дизайны (нысаны) өзгерген кезде оларды ауыстыру ережесін бекіту туралы" 2000 жылғы 20 шілдедегі № 301 қаулысына өзгерістер енгізу туралы" 2011 жылғы 26 желтоқсандағы № 212 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7388 тіркелген, 2012 жылғы 26 қаңтарда "Егемен Қазақстан" газетінде № 37-38 (27110) жарияланған).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады