"Алматы облысының жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы" мемлекеттік мекемесінің Ережесін бекіту туралы

Жаңа

Алматы облысы әкімдігінің 2015 жылғы 30 желтоқсандағы № 584 қаулысы. Алматы облысы Әділет департаментінде 2016 жылы 10 ақпанда № 3697 болып тіркелді

      "Әкімшілік рәсімдер туралы" 2000 жылғы 27 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 9-1 бабының 4-1 тармағына, Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасы мемлекеттік органының үлгі ережесін бекіту туралы" 2012 жылғы 29 қазандағы № 410 Жарлығына сәйкес, Алматы облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ: 
      1. Қоса беріліп отырған "Алматы облысының жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы" мемлекеттік мекемесінің Ережесі бекітілсін.
      2. "Алматы облысының жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы" мемлекеттік мекемесінің басшысына осы қаулыны әділет органдарында мемлекеттік тіркелгеннен кейін ресми және мерзімді баспа басылымдарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған интернет-ресурста және облыс әкімдігінің интернет-ресурсында жариялау жүктелсін.
      3. Осы қаулының орындалуын бақылау облысы әкімінің орынбасары Ғ. Әбдірайымовқа жүктелсін.
      4. Осы қаулы әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      Облыс әкімі А. Баталов

  Алматы облысы әкімдігінің 2015 жылғы "30" желтоқсандағы № 584 қаулысымен бекітілген

"Алматы облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ереже

1. Жалпы ережелер

      1. "Алматы облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Басқарма) Алматы облысы аумағындағы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласындағы басқаруды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
      2. Басқарманың ведомстволары жоқ.
      3.,Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
      4. Басқарма мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
      5. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
      6. Басқарма егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
      7. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен рәсімделетін шешімдер қабылдайды.
      8. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.
      9. Басқарманың орналасқан жері: индекс: 040000, Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Талдықорған қаласы, Қабанбай батыркөшесі, № 26.
      10. Мемлекеттік органның толық атауы - "Алматы облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы" мемлекеттік мекемесі.
      11. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.
      12. Басқарманың қызметін қаржыландыру жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.
      13. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілерімен Басқарманың функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
      Егер Басқармаға заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер мемлекеттік бюджеттіңкірісіне жіберіледі.

2. Мемлекеттік органның миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері

      14. Басқарманың миссиясы: Алматы облысы аумағында жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласындағы мемлекеттiк басқару функциясын іске асыру.
      15. Міндеттері:
      1) экономиканың және халықтың автомобильмен тасымалдауға және өзге де жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтерге деген мұқтажын қамтамасыз ету үшiн жағдайлар жасау;
      2) жеке және заңды тұлғалардың заңды құқықтары мен мүдделерiн, сондай-ақ мемлекеттiң ұлттық мүдделерiн қорғау;
      3) халықаралық автомобильмен тасымалдау рыногында отандық тасымалдаушылардың бәсекеге қабiлеттiлiгi үшiн жағдайлар жасау;
      4) автомобильмен тасымалдаудың iшкi рыногын қорғау;
      5) автомобиль көлiгiнiң инфрақұрылымын одан әрi дамыту;
      6) автомобиль жолдарын мемлекеттік басқарудың, оларды мемлекеттің және автомобиль жолдарын пайдаланушылардың мүдделерінде салудың, пайдаланудың және дамытудың құқықтық, ұйымдық және экономикалық негіздерін реттейді.
      16. Функциялары:
      1) облыстық маңызы бар, жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп-ұстау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру;
      2) облыстық маңызы бар, жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының желісін, елді мекендер көшелерін басқару;
      3) облыстың коммуналдық меншігіндегі жолдарды және жол кәсіпорындарын басқару;
      4) облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп-ұстау жөніндегі жұмыстарды жүргізу кезінде мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;
      5) жалпыға ортақ пайдаланылатын облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын немесе олардың учаскелерін өтеусіз уақытша пайдалануға беру туралы шешім қабылдау;
      6) облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының жолға бөлiнген белдеуінде сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастыру тәртібін бекіту;
      7) бөлінген белдеудегі сауда, қоғамдық тамақтану және басқа да сервис объектілерінің, сондай-ақ олардың сыртқы жарнамаларының орналастырылуларына келісу;
      8) облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын сыныптау тәртібі мен шарттарын бекіту;
      9) елді мекендердің көшелерін күтіп-ұстау, ағымдағы, орташа және күрделі жөндеу кезінде орындалатын жұмыстар түрлерінің сыныптамасын бекіту;
      10) кiрме жолдарды және жалпыға ортақ пайдаланылатын облыстық және аудандық маңызы бар жолдарға жалғасатын жолдарды салуды келісу;
      11) облыстық маңызы бар жолдарды салуды, ұтымды пайдалануды және күтiп ұстауды қамтамасыз ету;
      12) жергілікті мәні бар жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарын және ондағы қондырғыларды күтіп ұстау, жөндеу және салу жұмыстарын жүргізуге (соның ішінде, мемлекеттік қажеттілік үшін жер учаскелерін алып қою және сатып алу) бөлінген қаржының тиімді және мақсатқа сай пайдалануын қамтамасыз ету;
      13) жергілікті мәні бар жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарын және ондағы қондырғыларды салу жұмыстарын (соның ішінде, мемлекеттік қажеттілік үшін жер учаскелерін алып қою және сатып алу) жүргізу үшін дамытуға арналған нысаналы трансферттер бойынша республикалық бюджеттен бөлінген қаржының тиімді және мақсатқа сай пайдалануын қамтамасыз ету;
      14) автомобиль жолдарының көлік-пайдалану сапасының төмендеуіне жол бермеу, көлік құралдарының жүріс қауіпсіздігін талаптарын сақтау және қоршаған ортаны сақтау мақсатында жол бойындағы қызмет көрсету объектілері мен жол бойы телімдеріне жоспарлас аумақтардың техникалық жай-күйіне бақылауды жүзеге асыру;
      15) жол қозғалысына қатысушылармен облыстың жергілікті мәні бар жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарын пайдалану ережелерінің сақталуын бақылау;
      16) жолаушылар мен багажды тұрақты облысаралық қалааралық, ауданаралық (облысiшiлiк қалааралық) тасымалдауды ұйымдастырады, оларға қызмет көрсету құқығына конкурстар өткiзедi;
      17) жолаушылар мен багажды тұрақты ауданаралық (облысiшiлiк қалааралық) тасымалдаулар маршруттарын және қозғалыс кестелерiн бекiтедi;
      18) жолаушылар мен багажды тұрақты облысаралық қалааралық автомобильмен тасымалдаулар маршруттарын және жүру кестелерiн келіседi;
      19) автовокзалдардың, автостанциялардың және жолаушыларға қызмет көрсету пункттерінің тiзiлiмiн жүргiзедi;
      20) жолаушылар мен багажды тұрақты ауданаралық (облысiшiлiк қалааралық) автомобильмен тасымалдау маршруттарының тiзiлiмiн жүргiзедi;
      21) жолаушылар көлiгiн дамытудың кешендi схемасын және жол қозғалысын ұйымдастыру жобаларын әзiрлейдi;
      22) жолаушыларды ауданаралық (облысішілік қаларалық) қатынастарда әлеуметтiк мәні бар тасымалдауларды жүзеге асыру кезіндегі тасымалдаушылардың залалдарын субсидиялауды жүзеге асырады;
      23) Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес лицензиялауды жүзеге асырады;
      24) әлеуметтік мәні бар ауданаралық (облысішілік қалааралық) және қала маңындағы жолаушылар қатынастары (маршруттар) бойынша теміржол көлігімен жолаушылар тасымалдарын жүзеге асыруға байланысты тасымалдаушының залалдарын субсидиялау;
      25) азаматтардың және заңды тұлғалардың өтініштерін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құзыреті шегінде қарау;
      26) автомобиль жолдарын және жолаушылар көлiгiн кешенді дамыту бойынша облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді бағдарламасын, мақсатты бағдарламасын әзірлеуге қатысу;
      27) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шығындарын кейіннен өтей отырып, тасымалдаушыларды төтенше жағдайларды жоюға байланысты жұмыстарды орындауға тартуға;
      28) тиiстi аумақта жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз етеді;
      29) жолдарда жол жүрісін ұйымдастыру жөніндегі іс-шараларды әзірлейді және іске асырады;
      30) жол-көлік оқиғаларынан болған ысыраптың және жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған бюджет шығындарының, сондай-ақ жолдардағы авариялылық деңгейін азайту үшін қолданылатын шаралар тиімділігінің мониторингін жүзеге асырады;
      31) шағын көлемді кемелердің кеме жүргізушілерін даярлау жөніндегі курстарды есепке алу;
      32) шағын көлемдi өздігінен жүзетін кемелердi басқару құқығына куәлiктер беру жатады;
      33) Қазақстан Республикасының заңнамасымен көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру.
      17. Құқықтары мен міндеттері:
      1) өз құзыры шегінде құрылтайшының коммуналдық меншігіндегі және өткізіп берген мүлікті иелену, пайдаланумен билік жүргізу;
      2) жол полициясы органдарымен және төтенше жағдайлар жөнiндегi уәкiлеттi органмен бiрлесiп: қысылтаяң жағдайларда (қолайсыз ауа райы-климат жағдайлары, дүлей апаттары, өрт, автомобиль жолдарының көтеру қабiлетiнiң жойылуы), көлiк құралдарының жүрiсiн шектеуге немесе тоқтатуға, автомобиль жолдарын пайдалану ережелерiнiң сақталуын бақылауға құқылы;
      3) өз атынан азаматтық-құқықтық қатынастарға түсу, мәміле жасау, Қазақстан Республикасының барлық соттарына басқарма атынан қатысуға;
      4) облыс шегінде автожол және көлік кешендерінде бақылау, үйлестіру және басқа да Заңмен ескерілген арнайы сондай-ақ рұқсат ету функцияларын жүзеге асыруға;
      5) автожол және көлік кешендеріне қатысты облыс әкімдігінің актілерінің орындалуына бақылау жасау;
      6) автожол және көлік кешендерін дамытудың жақсарту мәселелері бойынша ұсыныстармен шешімдерді әзірлеуге қатысу;
      7) әлеуметтік даму бағдарламаларының жүзеге асырылуына кедергі жасайтын, бұрын қабылданған актілерді өзгерту және күшін жою жөнінде ұсыныстар енгізу;
      8) өз құзыры шегінде кеңестер шақыру, орындалуы міндетті актілер шығару, автомобиль жолдары және көлік кешендерінде Қазақстан Республикасы Заңдарының, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің заң актілерінің, нормативтік-құқықтық актілерінің, облыс әкімдігінің актілерінің орындалуын тексеру;
      9) табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған кезде, сондай-ақ төтенше жағдай енгiзiлген кезде белгiленген тәртiппен материалдық шығындар мен залалды кейiннен өтей отырып, тасымалдаушыларды төтенше жағдайларды жоюға байланысты жұмыстарды орындауға тартуға;
      10) мемлекеттік органдардан, мекемелерден, және солардың лауазымды тұлғаларынан заңдарда көрсетілген тәртіпте қажетті мәліметтер мен материалдарды сұрауға және алуға;
      11) облыс шегіндегі автомобиль жолдары және көлік кешендері объектілеріне кіруге;
      12) облыстың және оның әрбір өңіріндегі басқа атқарушы өкімет органдарының мамандарын жұмысқа тартуға;
      13) Қазақстан Республикасының қаулыларда және нормативтік актілерде жарлықтарда, заңнамаларда көзделген өзге де құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыруға.

3. Мемлекеттік органның қызметін ұйымдастыру

      18. Басқарма басшылығын Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бірінші басшы жүзеге асырады.
      19. Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес Басқарманың бірінші басшысын Алматы облысының әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
      20. Басқарманың бірінші басшысының өкілеттігі:
      1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Басқарма қызметкерлерін лауазымға тағайындайды және лауазымынан босатады;
      2) Басқарма қызметкерлеріне тәртіптік жаза қолданады және ынталандырады;
      3) өз құзыреті шегінде Басқарма қызметкерлері орындауға міндетті бұйрықтар, нұсқаулықтар шығарады;
      4) Басқармадағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет бойынша жеке жауапкершілік алады;
      5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдар мен ұйымдарда Басқарма мүддесін білдіреді;
      6) өз құзыретіне жататын басқа да мәселелер бойынша шешімдер қабылдайды.
      Басқарманың бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.

4. Мемлекеттік органның мүлкі

      21. Басқарма заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болу мүмкін.
      Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
      22. Басқармаға бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.
      23. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарма өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

      24. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      "Алматы облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы" мемлекеттік мекемесінің қарамағындағы ұйымдардың тізбесі:
      "Жетісу" Авиакомпаниясы" акционерлік қоғамы.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады