Сот сараптамасының әртүрлі органдарына тапсырылған кешенді сот сараптамаларын жүргізуді ұйымдастыру ерекшеліктерін бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2015 жылғы 26 қаңтардағы № 53 бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2015 жылы 20 ақпанда № 10307 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2017 жылғы 27 сәуірдегі № 484 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Әділет министрінің 27.04.2017 № 484 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен

      "Қазақстан Республикасындағы сот-сараптама қызметі туралы" 2010 жылғы 20 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 29-бабының 6-тармағына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Сот сараптамасының әртүрлі органдарына тапсырылған кешенді сот сараптамаларын жүргізуді ұйымдастыру ерекшеліктері бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот сараптамасы орталығы осы бұйрықтың мемлекеттік тіркелуін және оның заңнамада белгіленген тәртіппен ресми түрде жариялануын қамтамасыз етсін.

      3. "Кешенді сот сараптамаларын жүргізуді ұйымдастыру жөніндегі ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің м.а. 2010 жылғы 22 сәуірдегі № 134 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6227 болып тіркелген, Қазақстан Республикасының орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдарының актілер жинағында 2010 жылғы, № 15 (тираждың шығу күні 2010 жылғы 25 қараша) жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Әділет министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Министр

Б. Имашев


  Қазақстан Республикасы
Әділет министрінің
2015 жылғы 26 қаңтардағы
№ 53 бұйрығымен бекітілген

Сот сараптамасының әртүрлі органдарына тапсырылған кешенді
сот сараптамаларын жүргізуді ұйымдастыру ерекшеліктері

      1. Осы Сот сараптамасының әртүрлі органдарына тапсырылған кешенді сот сараптамаларын жүргізуді ұйымдастыру ерекшеліктері "Қазақстан Республикасындағы сот-сараптама қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 29-бабының 6-тармағына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің сот сараптамасы органдарының қылмыстық, азаматтық істер және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша кешенді сот сараптамаларын жүргізуді қызметін реттейді.

      2. Кешенді сот сараптамаларын жүргізу қылмыстық, азаматтық істердің немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы істердің жағдайларын жан-жақты зерттеу мақсатында әр алуан мамандықтағы сот сарапшылары өз құзыреті шегінде жүргізетін білімнің әр түрлі салалары негізіндегі зерттеулер қажет болған жағдайда ұйымдастырылады.

      3. Кешенді сот сараптамаларын жүргізу үшін сот сараптамасын тағайындау туралы қаулы (ұйғарым) негіз болып табылады.

      4. Сот сараптамасы органының басшысы ұсынылған материалдар бойынша кешенді сараптама жүргізу туралы дербес шешім қабылдайды және оны жүргізуді ұйымдастырады. Бұл жағдайда сот сараптамасын тағайындаушы орган (адам) сараптама мәртебесінің өзгертілгені туралы жазбаша хабардар етіледі.

      5. Кешенді сот сараптамасын тағайындау туралы қаулыда (ұйғарымда) оның атауы және оны жүргізу тапсырылған орган көрсетіледі. Кешенді сот сараптамасын жүргізу бірнеше сот сараптамасы органдарына тапсырылған жағдайда оны тағайындау туралы қаулыда (ұйғарымда) олардың ішінде қайсысы жетекші (сот сараптамасын жүргізуді ұйымдастыруды және мамандардың жүргізетін зерттеулерін үйлестіруді жүзеге асыратын) екендігі көрсетіледі.

      Егер қаулыда (ұйғарымда) жетекші сот сараптамасы органы көрсетілмесе, ол кешенді сот сараптамасын жүргізу тапсырылған сот сараптамасы органдарының басшылары арасында келісім бойынша анықталады. Жетекші сот сараптамасы органы туралы мәселе зерттеудің көлемі мен міндеттері ескеріле отырып шешіледі.

      6. Кешенді сот сараптамасын тағайындау туралы қаулы (ұйғарым) оны жүргізу тапсырылған әрбір сот сараптамасы органына жолданады және олардың әрқайсысында тіркеледі.

      7. Егер кешенді сот сараптамасын жүргізу ол тапсырылған сот сараптамасы органының ресурстарымен жүзеге асырылмаса, сот сараптамасы органының басшысы сараптама тағайындаушы органға (адамға) сот сарапшылары комиссиясының құрамына қойылған мәселелерді шешуге құзыретті адамдарды енгізу туралы талап-өтініш жасайды.

      8. Кешенді сот сараптамасын бір сот сараптамасы органында жүргізген кезде оның басшысы сот сараптамасының барлығын жүргізуді ұйымдастыруды және жүргізілетін зерттеулерді үйлестіруді жүзеге асырушы жетекші бөлімшені көрсете отырып тиісті сот сарапшыларына тапсырады. Жетекші бөлімшенің басшысы өзге бөлімшелердің басшыларымен келісім бойынша сот сарапшыларының комиссиясын қалыптастырады және жетекші сот сарапшысын тағайындайды.

      9. Кешенді сот сараптамасын бірнеше сот сараптамасы органдары жүргізген кезде сот сарапшыларының комиссиясын жетекші сот сараптамасы органының басшысы кешенді сот сараптамасын жүргізуге қатысушы өзге сот сараптамасы органдарының басшыларымен бірлесіп қалыптастырады. Жетекші сот сараптамасы органының басшысы қойылған міндеттерді шешу мақсатында сот сарапшылары комиссиясының қызметін тиісінше ұйымдастыруды және үйлестіруді қамтамасыз ететін үйлестіруші-сарапшыны тағайындайды.

      10. Үйлестіруші-сарапшы:

      комиссияның әрбір мүшесін сот сараптамасын тағайындау туралы қаулымен (ұйғарыммен) және зерттеу үшін келіп түскен материалдармен таныстырады;

      неғұрлым толық ақпарат алу мақсатында және талдаудың тиісті әдістерін қолдану нәтижесінде ұсынылған объектілер мен үлгілердің зақымдалу мүмкіндігін ескере отырып оларды зерттеудің тізбектілігін анықтайды;

      қызметкерлері сот сарапшылары комиссиясының мүшелері болып табылатын сот сараптамасы органдарының (бөлімшелерінің) басшыларымен байланысты жүзеге асырады;

      зерттеулердің жалпы бағдарламасын әзірлеу кезінде сот сарапшылары комиссиясының кеңесін басқарады;

      сот сараптамасын жүргізудің мерзімін қадағалайды және зерттеулер бағдарламасының орындалуын үйлестіреді;

      комиссия мүшелерін зерттеулер барысымен және оның аралық нәтижелерімен таныстыруды ұйымдастырады;

      барлық зерттеулердің нәтижелерін бағалау, оларды қорыту және жалпы тұжырымды (тұжырымдарды) қалыптастыру кезінде сот сарапшылары комиссиясының қорытынды кеңесін басқарады;

      сот сараптамасы органының басшысына зерттеулердің жалпы бағдарламасымен келіспейтін немесе олардың тізбектілігін бұзатын комиссия мүшесінің іс-әрекеті туралы хабарлайды;

      қорытындыны немесе қорытынды берудің мүмкін еместігі туралы хабарламаны құрастырады.

      Бұл орайда, үйлестіруші-сарапшы қорытындының тұжырымдарын қалыптастыру кезінде комиссияның өзге мүшелерінің алдында артықшылыққа ие болмайды.

      11. Сот сараптамасын жүргізу мерзімін есептеу материалдың сот сараптамасы органдарына келіп түскеннен кейінгі күннен басталып есептеліп, кеңсеге тапсырылған күнімен аяқталады.

      Кешенді сот сараптамасын жүргізу мерзімі сот сараптамасын тағайындаған органға (адамға) қосымша материалдарды ұсыну немесе зерттеуге ұсынылған объектілерді жоюға немесе елеулі зақымдауға рұқсат беру туралы өтініш-талап жасағанда, егер өтініш-талапты қанағаттандырғанға дейін әрі қарай зерттеу жүргізу мүмкін болмағанда тоқтатыла тұрады.

      12. Кешенді сот сараптамасын жүргізудің жалпы мерзімін сот сараптамасы органының басшысы, ал оны бірнеше сот сараптамасы органдары жүргізген кезде – осы органдардың басшылары арасындағы келісім бойынша мыналардың шегінде белгіленеді:

      20 тәулікке дейін – күрделі зерттеулерді талап етпейтін материалдар бойынша;

      30 тәулікке дейін – күрделі зерттеулерді талап ететін материалдар бойынша.

      Сот сараптамасын 30 тәулікке дейінгі мерзімде орындау мүмкін болмаған жағдайда, жетекші сот сараптамасы органының басшысы сот сараптамасын тағайындаған органға (адамға) оны жүргізудің мерзімін ұзарту туралы уәжді өтініш-талап жолдайды.

      13. Кешенді сот сараптамасын жүргізу ұйымдастыру жағынан дайындық, зерттеу және қорытынды кезеңдерінен тұрады. Әрбір кезең қорытындының тиісті бөліктерінде көрсетіледі.

      14. Сарапшы қорытындысы кіріспе, зерттеу, синтездеу бөліктері мен тұжырымдардан тұрады.

      15. Дайындық кезеңінде үйлестіруші-сарапшы комиссия мүшелерін сараптамаға келіп түскен материалдармен таныстыруды ұйымдастырады, сот сараптамасының жалпы міндеттерін ұғыну, жеке міндеттерді, әдістерді қолдану тізбектілігін және сот сараптамасын жүргізудің жалпы мерзімі шегінде жеке зерттеулерді жүргізудің мерзімдерін анықтау мақсатында комиссия кеңесін өткізеді.

      Дайындық кезеңі зерттеулердің жалпы бағдарламасын анықтаумен аяқталады.

      Дайындық кезеңі барлық қорытындыларға міндетті мәліметтерден бөлек кешенді сот сараптамасының атауы мен жетекші сот сараптамасы органы мен үйлестіруші-сарапшының тегі көрсетілетін қорытындының кіріспе бөлігінде көрініс табады.

      Егер кешенді сот сараптамасының алдында нәтижелері жалпы мәселелерді шешу үшін маңызды болатын жекелеген сот сараптамалары жүргізілген болса, қорытындының кіріспе бөлігінде осы сот сарапшылары туралы мәліметтер келтіріледі.

      16. Сот сарапшылары зерттеу кезеңінде, сот сарапшыларының тегін, атын, әкесінің атын (ол болған жағдайда) көрсете отырып, оның барысы қорытындының зерттеу бөлігінің тиісті бөлімдерінде көрсетілетін дербес және (немесе) бірлескен зерттеулер жүргізеді.

      17. Қорытынды кезеңге комиссияның қорытынды кеңесінде сот сарапшыларының қорыту және зерттеу нәтижелерін бағалаулары кіреді, бұл қорытындының синтездеу бөлігінде көрсетіледі. Әртүрлі мамандықтағы сот сарапшылары жүргізген зерттеулер нәтижелері бойынша жалпы тұжырымның (тұжырымдардың) негіздемесі де осы жерде көрсетіледі.

      18. Жалпы тұжырымға (тұжырымдарға) зерттеулер нәтижелерін бірлескен бағалауға қатысқан және бірыңғай пікірге келген сот сарапшылары қол қояды.

      Егер сот сарапшылары ортақ тұжырымға келмесе, олар ортақ қорытындыда дербес тұжырымды құрастырады. Әрбір сот сарапшысы комиссияның өзге мүшелерінің пікірімен өзінің келіспеушілік себебін негіздейді. Сот сарапшылары дербес тұжырымдарды құрастыру кезінде өз тұжырымының негіздемесінде көрсете отырып, комиссияның өзге мүшелері алған нәтижелерді ескереді.

      19. Егер зерттеулер барысында кешенді сот сараптамасының шешуіне қойылған сұрақты (сұрақтарды) шешу үшін жеткілікті деректер алынбаса, сот сарапшылары себептерін негіздей отырып, сұрақты шешу мүмкін еместігі туралы жалпы тұжырымды құрастырады және өзінің жеке тұжырымын құрастырады.

      20. Сот сараптамасының қорытындысын немесе қорытынды берудің мүмкін еместігі туралы хабарламаны жетекші сот сараптамасы органы (үйлестіруші-сарапшы) рәсімдейді. Басқа сот сараптамасы органдарының қызметкерлері жетекші сот сараптамасы органына (үйлестіруші-сарапшыға) қорытындының тиісті бөлімдері нысанында олардың дербес жүргізген зерттеулерінің барысы мен нәтижелері туралы мәліметтерді ұсынады.

      21. Фотокесте, диаграмма, схема, сызба және т.б. түріндегі қорытындыға қосымшаларға, оларды жасаған сот сарапшылары қол қояды, олар әзірленген жердегі мекеменің мөрімен куәландырылады және жетекші сот сараптамасы органына (үйлестіруші-сарапшыға) ұсынылады.

      22. Қорытынды сот сараптамасын тағайындаған органға (адамға), сот сараптамасын жүргізуге қатысқан әрбір сот сараптамасы органына жолдау үшін құрастырылады. Қорытынды жетекші сот сараптамасы органының мөрімен куәландырылады.

      23. Кешенді сот сараптамасын жүргізу барысы мен мерзімдеріне жалпы бақылау жетекші сот сараптамасы органына жүктеледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады