Өзендер, көлдер, су қоймалары, каналдар және басқа су объектiлерi жағалауларындағы ормандардың тыйым салынған белдеулерiнің енiн белгiлеу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 27 қаңтардағы № 18-02/43 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 3 наурызда № 10360 тіркелді

      Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 8 шілдедегі Орман кодексінің 13-бабының 1-тармағының 18-21) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Өзендер, көлдер, су қоймалары, каналдар және басқа су объектiлерi жағалауларындағы ормандардың тыйым салынған белдеулерiнің енiн белгiлеу қағидалары бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелуден кейін күнтізбелік он күн ішінде оның мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялануға жіберілуін;
      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрық ол алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                    А. Мамытбеков

Қазақстан Республикасы  
Ауыл шаруашылығы министрінің
2015 жылғы 27 қаңтардағы 
№ 18-02/43 бұйрығымен  
бекітілген        

Өзендер, көлдер, су қоймалары, каналдар және басқа су объектiлерi жағалауларындағы ормандардың тыйым салынған белдеулерiнің енiн белгiлеу қағидалары

      1. Осы Өзендер, көлдер, су қоймалары, каналдар және басқа су объектiлерi жағалауларындағы ормандардың тыйым салынған белдеулерiнің енiн белгiлеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 8 шілдедегі Орман кодексінің 13-бабының 1-тармағының 18-21) тармақшасына сәйкес әзiрлендi және өзендер, көлдер, су қоймалары, каналдар және басқа су объектiлерi жағалауларындағы ормандардың тыйым салынған белдеулерiнің енiн белгiлеу тәртібін айқындайды.
      2. Өзендер, көлдер, су қоймалары, каналдар және басқа су объектiлерi жағалауларындағы ормандардың тыйым салынған белдеулерiне (бұдан әрі – тыйым салынған белдеулері) осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес Ормандардың тыйым салынған белдеулерiнiң енiн белгiлеуге арналған тізбеде (бұдан әрі – Тізбе) көрсетілген су айдындарына іргелес мемлекеттік орман қорының аумағы жатады.
      3. Тізбеде көрсетілген су айдындарына іргелес мемлекеттік орман қоры аумағында су ресурстарын сақтауға және жинауға, су объектілерінің ластануына, былғануына және батпақтануына жол бермеуге, сондай-ақ жануарлар дүниесі объектілерінің мекендеу ортасын сақтауға бағытталған жағдайлар жасауға жәрдемдесетін шектеулі шаруашылық қызмет режимі белгіленеді.
      4. Тыйым салынған белдеулердiң енi орман орналастыру кезiнде су объектiлерiнiң балық шаруашылығы маңызы мен экологиялық жай-күйi ескерiле отырып, физика-географиялық, топырақ, гидрологиялық және басқа да шарттар басшылыққа алынып, орман шаруашылығы саласындағы уәкілеттi органның ведомствосы бекiтетiн орман орналастыру жобаларымен белгіленедi.
      5. Жайылмасыз өзендерде немесе кәдімгідей жайылмасы жоқ өзендер учаскелерiнде тыйым салу белдеулерiнiң енi орташа көпжылдық межелi су деңгейiнiң мөлшерi бойынша, ал су арнасы сағаларға тармақтанып кетсе, сыртқы сағаның жағалауы бойынша осы нормативпен анықталады. Өзен ені 1 километрден астам жоғары көтерiлген өзен аралығын қамтитын сағаларға бөлiнiп кеткен жағдайда әрбiр сағаның жағалаулары бойынша тыйым салынған белдеулердiң енi өзеннiң қалған бөлiгiндегі сияқты белгiленедi.
      Анық білiнiп тұрған жайылмасы бар өзен бойында тыйым салынған белдеулердің енi жайылманың енiнен және енi осы Қағидалардың 7 және 8-тармақтарына сәйкес айқындалатын оған жанасқан белдеуден тұрады.
      Жағалауларында тыйым салынған белдеулерi оқшау көрiнетiн өзендердiң басталар тұсында бұл белдеулердiң құрамына осы өзен жағалаулары бойынша белгiленген тыйым салынған белдеудің енiне тең радиуста өзеннiң басталар тұсындағы аумақ енгiзiледі.
      Тыйым салынған белдеудің сыртқы шекарасы оны белгiлегенде мүмкiндiгiнше табиғи шептермен немесе орамдық орман жолдарымен, орман телімдерінің шекарасымен ұштастырылады, бұл ретте шекара өзеннiң су жинайтын алаңының шегiнен шығып кетпеуi тиiс, яғни бұл жағдайда ол су бөлетiн шекара бойымен өтедi.
      6. Көлдер мен арналы су қоймаларының, каналдардың төңiрегiнде тыйым салынған белдеулердің енi оларға келiп құйылатын немесе олардан ағып шығатын өзендердің бойында бөлiнген белдеулерге тең белгіленедi.
      Көлдерге, су қоймаларына немесе каналдарға бiрнеше өзен келiп құйылатын немесе ағып шығатын жағдайларда су қоймасы, канал бойындағы тыйым салынған белдеудің енi ең кең арналы өзен бойынша қабылданады. Су қоймасы, канал бойындағы тыйым салынған белдеудің iшкi шекарасы судың бiрқалыпты толық деңгейiнiң мөлшерiмен, ал көлдер бойында – орташа көпжылдық су деңгейiнiң мөлшерiмен өтедi.
      7. Шағын өзендер (ұзындығы 200 километрге дейiн) және шаруашылық мақсатта пайдалану жағдайлары қарапайым және су жинағыштағы экологиялық жағдай қолайлы өзендер үшiн әр жағалау бойынша тыйым салынған белдеулердің ең тар енi – 500 метр мөлшерде белгiленедi.
      8. Балық шаруашылығы маңызы бар өзендер, су айдындары мен каналдар үшiн су жинағыштағы экологиялық жағдай жайсыз болған кезде тыйым салынған белдеулердің енi әр жағалаудан 1000 метр мөлшерде белгiленедi.
      9. Су қоймалары, каналдар мен көлдер бойындағы тыйым салынған белдеулердің енi мынадай мөлшерде белгiленедi:
      1) су айдынының акваториясы 2 шаршы километрге дейiн болса – 300 метр;
      2) су айдынының акваториясы 2 шаршы километрден асып кетсе – 500 метр.
      Осы көлдер үшiн тыйым салынған белдеудің iшкi шекарасы орташа көпжылдық су деңгейiнiң жырығы бойымен өтедi.

Өзендер, көлдер, су қоймалары,  
каналдар және басқа су объектiлерi
жағалауларындағы ормандардың тыйым
салынған белдеулерiнің енiн   
белгiлеу қағидаларына қосымша  

Ормандардың тыйым салынған белдеулерiнiң енiн белгiлеуге арналған су айдындарының тiзбесi

Су айдындарының (өзендер, көлдер, су қоймалары мен каналдар) атауы

Өзендер келiп құйылатын су айдындарының атауы

Өзендер

Жайық

Каспий теңiзi

Қиғаш

Көшім

Жайық

Шаған

Утва

Елек

Өр

Ертіс

Обь

Уба

Ертіс

Үлбі

Тобыл

Eсіл

Қара Ертіс

Бұқтырма су қоймасы

Бұқтырма

Күршім

Қалжыр

Қара Ертіс

Алқабек

Белөзек

Аққоба

Қаба

Тополевка

Марқакөл көлі

Аягөз

Балқаш көлі

Ақсу

Қаратал

Лепсі

Іле

Сырдария

Арал теңізі

Көлдер, су қоймалары және каналдар

Марқакөл көлі

Балқаш көлі

Қошқаркөл көлі

Жалаңашкөл көлі

Сасықкөл көлі

Бұқтырма су қоймасы

Өскемен су қоймасы

Новошульба су қоймасы

Сергеевка су қоймасы

Вячеслав су қоймасы

Қапшағай су қоймасы

Сәтбаев атындағы канал

Үлкен Алматы каналы

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады