Су айдындарын халықаралық және республикалық маңызы бар сулы-батпақты алқаптарға жатқызу қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 11 ақпандағы № 18-03/94 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 16 наурызда № 10441 тіркелді.

      Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі "Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы" Заңының 9-бабы 1-тармағының 45) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Су айдындарын халықаралық және республикалық маңызы бар сулы-батпақты алқаптарға жатқызу қағидаларын бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мыналарды:

      1) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде осы бұйрықтың мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр А. Мамытбеков

  Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрінің
2015 жылғы 11 ақпандағы
№ 18-03/94 бұйрығымен
бекітілген

Су айдындарын халықаралық және республикалық маңызы бар сулы-батпақты алқаптарға жатқызу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      Ескерту. 1-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 01.06.2020 № 127 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Осы Су айдындарын халықаралық және республикалық маңызы бар сулы-батпақты алқаптарға жатқызу қағидалары (бұдан әрі – Қағида) Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі "Жануарлар дүниесін қоргау, өсімін молайту және пайдалану туралы" Заңының (бұдан әрі – Заң) 9-бабы 1-тармағының 45) тармақшасына сәйкес әзірленді және су айдындарын халықаралық және республикалық маңызы бар сулы-батпақты алқаптарға жатқызу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидада мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) аумақтық бөлімшелер - Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің аумақтық бөлімшелері;

      2) ведомство - Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті;

      3) сулы-батпақты алқаптар - жануарлардың сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген түрлерін қоса алғанда, су төңірегін мекендейтін түрлері жаппай мекендейтін, ұя салатын, өсімін молайтатын орындар болып табылатын табиғи (су қайтқан кезде тереңдігі алты метрден асатын акваторияларды қоспағанда) және жасанды акваторийлер;

      4) Рамсар конвенциясы - Ең алдымен суда жүзетін құстардың тіршілік ету орны ретінде халықаралық маңызы бар сулы-батпақты алқаптар туралы конвенция, оған Қазақстан Республикасы "Қазақстан Республикасының Ең алдымен суда жүзетін құстардың тіршілік ету орны ретінде халықаралық маңызы бар сулы-батпақты алқаптар туралы конвенцияға (оған 1982 жылғы 3 желтоқсандағы Париж хаттамасымен енгізілген түзетулермен және 1987 жылғы 28 мамырда Режинде енгізілген түзетулермен) қосылуы туралы" Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 13 желтоқсандағы Заңына сәйкес қосылған болатын;

      5) Рамсар конвенциясының секретариаты - Табиғат пен табиғи ресурстарды қорғау жөніндегі халықаралық одақ Рамсар конвенциясы жүктейтін тұрақты жұмыс істейтін бюроның міндеттерін орындайды;

      6) уәкілетті орган - Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 01.06.2020 № 127 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

2-тарау. Су айдындарын халықаралық маңызы бар сулы-батпақты алқаптарға жатқызу тәртібі

      Ескерту. 2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 01.06.2020 № 127 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      3. Су айдындарын халықаралық маңызы бар сулы-батпақты алқаптарға жатқызу үшін аумақтық бөлімшелер су айдындарын мына өлшемдерге сәйкестігіне тексеруді ұйымдастырады:

      1) сулы-батпақты экожүйелердің тиісті биогеографиялық өңір үшін эталонды, сирек кездесетін немесе бірегей түрінің мысалы болып табылады және табиғи күйде немесе табиғи күйге жақын ахуалда болады;

      2) осал немесе жойылып кету қаупі төнген түрлердің немесе қауымдастықтардың тіршілік етуін сақтайды;

      3) тиісті биогеографиялық өңірдің биологиялық әртүрлілігін сақтау үшін маңызы зор өсімдіктер және (немесе) жануарлар таралымдарының тіршілік етуін қамтамасыз етеді;

      4) өздерінің биологиялық циклының қауіпті сатысындағы өсімдіктер және (немесе) жануарлар түрлері мекендейтін орын болып табылады немесе қолайсыз ауа райы жағдайларында олардың бой тасалауын қамтамасыз етеді;

      5) кемінде жиырма мың су құстарының тіршілік етуіне ұдайы қолдау жасайды;

      6) су құстарының әлдеқандай түрі немесе түршесі таралымындағы дарақтардың бір пайызы тіршілік етуіне ұдайы қолдау жасайды;

      7) балықтардың жергілікті түршелері, түрлері немесе тұқымдастары өкілдерінің едәуір мөлшерінің, олардың биологиялық циклы сатыларының тіршілік етуін, сулы-батпақты алқаптың экологиялық және (немесе) экономикалық құндылығының индикаторлары болып табылатын түрлердің және (немесе) таралымдардың өзара әрекеттесуін қамтамасыз етеді;

      8) балықтар үшін маңызды азық көзі, уылдырық шашатын орын, балық питомнигі болып табылады және (немесе) жылыстау жолында жатыр.

      4. Тексеру нәтижелері бойынша аумақтық бөлімшелер ведомствоға су айдындарын халықаралық маңызы бар сулы-батпақты алқаптарға енгізу туралы ұсыныс енгізеді.

      5. Аумақтық бөлімшелердің ұсыныстарын қарау қорытындылары бойынша ведомство дипломатиялық арналар арқылы Рамсар конвенциясының Секретариатына су айдындарын халықаралық маңызы бар сулы-батпақты алқаптарға енгізу үшін олардың тізімін жібереді.

      6. Рамсар конвенциясының Хатшылығы су айдындарының тізбесін халықаралық маңызы бар сулы-батпақты алқаптардың тізіміне енгізу үшін оларды мақұлдағаннан кейін уәкілетті орган Заңның 9-бабы 1-тармағының 18) тармақшасына сәйкес халықаралық маңызы бар сулы-батпақты алқаптардың тізімін бекітеді не қолданыстағы тізімге өзгерістер мен толықтырулар енгізеді.

3-тарау. Су айдындарын республикалық маңызы бар сулы-батпақты алқаптарға жатқызу тәртібі

      Ескерту. 3-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 01.06.2020 № 127 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      7. Су айдындарын республикалық маңызы бар сулы-батпақты алқаптарға жатқызу үшін аумақтық бөлімшелер су айдындарын мына өлшемдерге сәйкестігіне тексеру ұйымдастырады:

      1) кемінде он мың су құстарының тіршілік етуіне ұдайы қолдау жасайды;

      2) топтасып жиналатын суда жүзетін құстар мен су төңірегін мекендейтін құстардың биогеографиялық таралымының кемінде бір пайызы мекендейтін орын болып табылады.

      8. Тексеру нәтижелері бойынша аумақтық бөлімшелер су айдындарын республикалық маңызы бар сулы-батпақты алқаптарға енгізу туралы ұсыныс енгізеді.

      9. Аумақтық бөлімшелердің ұсыныстарын қарау қорытындылары бойынша уәкілетті орган Заңның 9-бабы 1-тармағының 18) тармақшасына сәйкес республикалық маңызы бар сулы-батпақты алқаптар тізімін бекітеді не қолданыстағы тізімге өзгерістер мен толықтырулар енгізеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады