"Саран қаласының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Қарағанды облысы Саран қаласының әкімдігінің 2015 жылғы 9 сәуірдегі № 13/11 қаулысы. Қарағанды облысының Әділет департаментінде 2015 жылғы 22 сәуірде № 3165 болып тіркелді. Күші жойылды - Қарағанды облысы Саран қаласы әкімдігінің 2016 жылғы 29 маусымдағы N 25/01 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - Қарағанды облысы Саран қаласы әкімдігінің 29.06.2016 N 25/01 қаулысымен.
      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңына сәйкес, Саран қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса берілген "Саран қаласының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесінің ережесі бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Саран қаласының әкімі
А. Шкарупа

      

 
Саран қаласы әкімдігінің
2015 жылғы 09 сәуірдегі
№ 13/11 қаулысымен
бекітілген

"Саран қаласының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесінің Ережесі
1. Жалпы ережелер

      1. "Саран қаласының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесі өз құзыретінің шегінде ветеринария саласында бірыңғай мемлекеттік саясатты және ветеринария, биологиялық және ветеринарлық-санитарлық бақылауға жататын азық-түлік тағамдарының қауіпсіздігін бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
      2. "Саран қаласының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесі өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
      3. "Саран қаласының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесі мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
      4. "Саран қаласының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесі азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
      5. "Саран қаласының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесі егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
      6. "Саран қаласының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесі өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
      7. "Саран қаласының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесінің құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.
      8. Заңды тұлғаның орналасқан жері:
      Қазақстан Республикасы, 101200, Саран қаласы, Жамбыл көшесі, 71А.
      9. Мемлекеттік органның толық атауы:
      мемлекеттік тілде – "Саран қаласының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесі;
      орыс тілінде – государственное учреждение "Отдел ветеринарии города Сарани".
      10. Осы Ереже "Саран қаласының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесінің құрылтай құжаты болып табылады.
      11. "Саран қаласының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесінің қызметін қаржыландыру жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.
      12. "Саран қаласының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесіне кәсіпкерлік субъектілерімен "Саран қаласының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесінің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
      Егер, "Саран қаласының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесіне заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі.

2. Мемлекеттік органның миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері

      13. "Саран қаласының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесінің миссиясы аймақта жануарлардың аса қауіпті ауруларынан эпизоотиялық тұрақтылықты және тамақ қауіпсіздігін қамтамсыз ету мақсатында ветеринария саласындағы біртұтас мемлекеттік саясатты қалыптастыру және жүзеге асыру болып табылады.
      14. Міндеттері:
      1) халықтың денсаулығын жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғау, ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
      2) заңнамамен жүктелген басқа да міндеттерді жүзеге асыру.
      15. Функциялары:
      1) облыстың жергiлiктi өкiлдi органына бекiту үшін жануарларды асырау қағидаларын, иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидаларын, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларын, жануарларды асыраудың санитариялық аймақтарының шекараларын белгiлеу жөнiнде ұсыныстар енгізу;
      2) қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауды және жоюды ұйымдастыру;
      3) ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптарға сәйкес мал қорымын (биотермиялық шұңқырларды) салуды ұйымдастыру және оларды күтіп-ұстауды қамтамасыз ету;
      4) мүдделі тұлғаларға өткізіліп жатқан ветеринариялық іс-шаралар туралы ақпарат беруді ұйымдастыру және қамтамасыз ету;
      5) ветеринария мәселелері бойынша халықтың арасында ағарту жұмыстарын ұйымдастыру және жүргізу;
      6) жануарлар өсіруді, жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты дайындауды (союды), сақтауды, қайта өңдеуді және өткізуді жүзеге асыратын өндіріс объектілерін, сондай-ақ ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп қоспаларын өндіру, сақтау және өткізу жөніндегі ұйымдарды пайдалануға қабылдайтын мемлекеттік комиссияларды ұйымдастыру;
      7) жануарлардың саулығы мен адамның денсаулығына қауіп төндіретін жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты алып қоймай залалсыздандыру (зарарсыздандыру) және қайта өңдеу;
      8) жануарлардың саулығы мен адамның денсаулығына қауіп төндіретін, алып қоймай залалсыздандырылған (зарарсыздандырылған) және қайта өңделген жануарлардың, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттың құнын иелеріне өтеу;
      9) ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) аумағында жануарлардың жұқпалы аурулары пайда болған жағдайда, тиісті аумақтың бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторының ұсынуы бойынша карантинді немесе шектеу iс-шараларын белгілеу туралы шешімдер әзірлеу;
      10) ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) аумағында жануарлардың жұқпалы ауруларының ошақтарын жою жөніндегі ветеринариялық іс-шаралар кешені жүргізілгеннен кейін тиісті аумақтың бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторының ұсынуы бойынша шектеу іс-шараларын немесе карантинді тоқтату туралы шешімдер әзірлеу;
      11) мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектілеріне ветеринариялық-санитариялық қорытынды беруге құқығы бар мемлекеттік ветеринариялық дәрігерлер тізімін әзірлеу;
      12) тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын сақтауын мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылауды және қадағалауды ұйымдастыру және жүзеге асыру;
      13) эпизоотия ошақтары пайда болған жағдайда оларды зерттеп-қарауды жүргізу;
      14) эпизоотологиялық зерттеп-қарау актісін беру;
      15) Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасы талаптарының сақталуы тұрғысынан мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылауды және қадағалауды:
      ішкі сауда объектілерінде;
      жануарлар өсіруді, жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты дайындауды (союды), сақтауды, қайта өңдеуді және өткізуді жүзеге асыратын өндіріс объектілерінде, сондай-ақ ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп қоспаларын сақтау және өткізу жөніндегі ұйымдарда (импортпен және экспортпен байланыстыларды қоспағанда);
      ветеринариялық препараттар өндіруді қоспағанда, ветеринария саласындағы кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын адамдарда;
      экспортын (импортын) және транзитін қоспағанда, тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді тасымалдау (орнын ауыстыру), тиеу, түсіру кезінде;
      экспортты (импортты) және транзитті қоспағанда, жануарлар ауруларының қоздырушыларын тарататын факторлар болуы мүмкін көлік құралдарының барлық түрлерінде, ыдыстың, буып-түю материалдарының барлық түрлері бойынша;
      тасымалдау (орнын ауыстыру) маршруттары өтетін, мал айдалатын жолдарда, маршруттарда, мал жайылымдары мен суаттардың аумақтарында;
      экспортты (импортты) және транзитті қоспағанда, орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді өсіретін, сақтайтын, өңдейтін, өткізетін немесе пайдаланатын жеке және заңды тұлғалардың аумақтарында, өндірістік үй-жайларында және қызметіне жүзеге асыру;
      16) мал қорымдарын (биотермиялық шұңқырларды), орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді күтіп-ұстауға, өсіруге, пайдалануға, өндіруге, дайындауға (союға), сақтауға, қайта өңдеу мен өткізуге байланысты мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектілерін орналастыру, салу, реконструкциялау және пайдалануға беру кезінде, сондай-ақ оларды тасымалдау (орнын ауыстыру) кезінде зоогигиеналық және ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптардың сақталуына мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;
      17) жеке және заңды тұлғаларға қатысты мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау актісін жасау;
      18) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында жануарлардың энзоотиялық аурулары бойынша ветеринариялық іс-шаралар өткізуді ұйымдастыру;
      19) уәкілетті орган бекітетін тізбе бойынша жануарлардың аса қауіпті ауруларының, сондай-ақ жануарлардың басқа да ауруларының профилактикасы, биологиялық материал сынамаларын алу және оларды диагностикалау үшін жеткізу бойынша ветеринариялық іс-шаралардың жүргізілуін ұйымдастыру;
      20) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқорды жүргізу бойынша іс-шаралар өткізуді ұйымдастыру;
      21) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді жүргізу үшін бұйымдарға (құралдарға) және атрибуттарға қажеттілікті айқындау және облыстың жергілікті атқарушы органына ақпарат беру;
      22) ветеринариялық есепке алу мен есептілікті жинақтау, талдау және оларды облыстың жергілікті атқарушы органына ұсыну;
      23) қаланың жергілікті атқарушы органына жануарлардың жұқпалы және жұқпалы емес ауруларының профилактикасы бойынша ветеринариялық іс-шаралар жөнінде ұсыныстар енгізу;
      24) қаланың жергілікті атқарушы органына профилактикасы мен диагностикасы бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын жануарлардың энзоотиялық ауруларының тізбесі жөнінде ұсыныстар енгізу;
      25) ветеринариялық препараттардың республикалық қорын қоспағанда, бюджет қаражаты есебінен сатып алынған ветеринариялық препараттарды сақтауды ұйымдастыру;
      26) қаланың жергілікті атқарушы органына тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ветеринариялық іс-шаралар туралы ұсыныстар енгізу;
      27) ауру жануарларды санитариялық союды ұйымдастыру;
      28) "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 16 мамырдағы Заңына сәйкес жеке және заңды тұлғалардан ветеринария саласындағы кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырудың басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарламалар қабылдау, сондай-ақ рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімін жүргізу;
      29) Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген өзге де функцияларды жүзеге асыру.
      16. Құқықтары мен міндеттері:
      1) өз функцияларын орындау мақсатында белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдардан, лауазымды тұлғалардан және басқа да ұйымдардан қажетті құжаттарды, ақпараттарды сұрауға және алуға;
      2) Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңдары нормаларының орындалуын тексеру, сондай-ақ ветеринария саласындағы жеке және заңды тұлғалардың қызметi туралы ақпарат алу мақсатында мемлекеттiк ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектiлерiне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен кедергiсiз (қызмет куәлiгiн көрсетiп) кiруiне;
      3) мемлекеттiк ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектiлерiне диагностика немесе ветеринариялық-санитариялық сараптама жасау үшiн, зерттеу жүргiзу мерзiмi туралы мүдделi тараптарға хабарлай отырып, олардың сынамаларын iрiктеп алуды жүргiзуге;
      4) мемлекеттiк ветеринариялық-санитариялық бақылауды және қадағалауды жүзеге асыруға;
      5) өкiлеттiктер шегiнде актiлер шығаруға;
      6) ветеринариялық-санитариялық қолайлы аумақтарда, сондай-ақ қолайсыз пункттерде жануарлардың және адамның денсаулығына қауіп төндіретін орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілер анықталған жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен оларды алып қоюға және жоюға, оларды залалсыздандыруды (зарарсыздандыруды) немесе өңдеудi ұйымдастыру iсiне қатысуға, сондай-ақ аталған фактiлер туралы денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органға хабарлауға;
      7) Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңдары бұзылған жағдайда сотқа талап қоюға;
      8) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларымен ұсынылған басқа да құқықтарды пайдаланады.

3. Мемлекеттік органның қызметін ұйымдастыру

      17. "Саран қаласының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесінде басшылықты, "Саран қаласының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесіне жүктелген мiндеттердiң орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бірінші басшы жүзеге асырады.
      18. "Саран қаласының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесінің бірінші басшысын Саран қаласының әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
      19. "Саран қаласының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесінің бірінші басшысының өкілеттілігі:
      1) өз құзыретінің шегінде бұйрықтар, нұсқаулар шығарады және "Саран қаласының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесінің барлық құрылымдық бөлімшелерімен орындалуға міндетті нұсқаулар береді, келісім-шарттарды жасайды;
      2) "Саран қаласының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесінің құрылымдық бөлімдері туралы Ережені бекітеді;
      3) "Саран қаласының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесінің жұмыскерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады, олардың міндеттері мен өкілеттіктерін анықтайды;
      4) заңмен белгіленген тәртіппен "Саран қаласының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесінің қызметкерлеріне тәртіптік жаза қолданады;
      5) қолданыстағы заңдарға сәйкес барлық ұйымдарда және органдарда "Саран қаласының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесінің өкілі болып табылады;
      6) өз құзыретінің шегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң талаптарының орындалуын қаматамасыз етеді және осы үшін жеке жауапкершілікті тартады;
      7) құжаттардың орындалу барысын ұйымдастырады және бақылау жасайды;
      8) қолданыстағы зандарға сәйкес басқа да өкілеттіліктерді жүзеге асырады.
      "Саран қаласының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесінің бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.

4. Мемлекеттік органның мүлкі

      20. "Саран қаласының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесінің заңнамада қарастырылған жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкi болуы мүмкін.
      "Саран қаласының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесінің мүлкi оған меншік иесі берген мүлiк, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
      21. "Саран қаласының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесінің бекiтiлген мүлкі коммуналдық меншiкке жатады.
      22. "Саран қаласының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесі егер заңнамада өзгеше көзделмесе, өзiне бекiтiлген мүлiктi және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлiнген қаражат есебiнен сатып алынған мүлiктi өз бетiмен иелiктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсiлмен билiк етуге құқығы жоқ.

5. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру мен тарату

      23. "Саран қаласының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесін қайта ұйымдастыру мен тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады