"Шахтинск қаласының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі" мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Қарағанды облысы Шахтинск қаласының әкімдігінің 2015 жылғы 20 наурыздағы № 9/18 қаулысы. Қарағанды облысының Әділет департаментінде 2015 жылғы 7 сәуірде № 3112 болып тіркелді. Күші жойылды - Қарағанды облысы Шахтинск қаласы әкімдігінің 2016 жылғы 25 мамырдағы N 18/01 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - Қарағанды облысы Шахтинск қаласы әкімдігінің 25.05.2016 N 18/01 қаулысымен.
      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңына сәйкес, Шахтинск қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса берілген "Шахтинск қаласының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі" мемлекеттік мекемесінің ережесі бекітілсін.
      2. Осы қаулы бірінші ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қала әкімі
А. Аглиулин

      

 
Шахтинск қаласы әкімдігінің
2015 жылғы 20 наурыздағы
№ 9/18 қаулысымен
бекітілген

"Шахтинск қаласының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі" мемлекеттік мекемесінің ережесі
1.Жалпы ережелер

      1. "Шахтинск қаласының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – мемлекеттік мекеме) жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы саласындағы қызметті үйлестіруді және басшылық жасауды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
      2. Мемлекеттік мекеме өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясынажәне заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
      3. Мемлекеттік мекеме мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
      4. Мемлекеттік мекеме азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
      5. Мемлекеттік мекеме егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
      6. Мемлекеттік мекеме өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік мекеме басшысының бүйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
      7. Мемлекеттік мекеме құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.
      8. Заңды тұлғаның орналасқан жері: индексі: 101600, Қарағанды облысы, Шахтинск қаласы, Қазақстан көшесі, 101.
      9. Мемлекеттік органның толық атауы:
      мемлекеттік тілде – "Шахтинск қаласының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі" мемлекеттік мекемесі;
      орыс тілінде – Государственное учреждение "Отдел земельных отношений, архитектуры и градостроительства города Шахтинска".
      10. Осы Ереже мемлекеттік мекеменің құрылтай құжаты болып табылады.
      11. Мемлекеттік мекеменің қызметін қаржыландыру жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.
      12. Мемлекеттік мекемеге кәсіпкерлік субъектілерімен мемлекеттік мекеменің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
      Егер мемлекеттік мекемеге заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі.

2. Мемлекеттік органның миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері

      13. Миссиясы: жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру.
      14. Міндеттері:
      1) мемлекеттік мекеменің ақпараттық – талдау, құқықтық, ұйымдастырушылық, хаттамалық және материалдық – техникалық қызметтерін қамтамасыз ету;
      2) қала әкімінің және әкімдігінің актілерінің, әкімнің және әкім орынбасарлары мен қала әкімдігінің тапсырмаларының орындалуын ұйымдастыру және орындалуына бақылау жасау;
      3) Қазақстан Республикасының заңнамасымен қарастырылған өзге де міндеттер.
      15. Функциялары:
      1) иесі жоқ жер учаскелерін анықтау және оларды есепке алу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру;
      2) жер қатынастарын реттеу саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;
      3) қаланың жергілікті атқарушы органының жер учаскелерін беру және олардың нысаналы мақсатын өзгерту жөніндегі ұсыныстарын және шешімдерінің жобаларын дайындау;
      4) мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығару жөнінде ұсыныстар дайындау;
      5) жер учаскелерінің бөлінетіндігі мен бөлінбейтіндігін айқындау;
      6) мемлекет жеке меншікке сататын нақты жер учаскелерінің кадастрлық (бағалау) құнын бекіту;
      7) жерге орналастыруды жүргізуді ұйымдастыру және жер учаскелерін қалыптастыру жөніндегі жерге орналастыру жобаларын бекіту;
      8) қаланың жерді аймақтарға бөлу жобаларын, жерді ұтымды пайдалану жөніндегі жобалары мен схемаларын әзірлеуді ұйымдастыру;
      9) елді мекендер аумағының жер-шаруашылық орналастыру жобаларын әзірлеуді ұйымдастыру;
      10) жер сауда-саттығын (конкурстар, аукциондар) жүргізуді ұйымдастыру;
      11) жерді пайдалану мен қорғау мәселелерін қозғайтын, қалалық маңызы бар жобалар мен схемаларға сараптама жүргізу;
      12) қаланың жер балансын жасау;
      13) жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың, сондай-ақ, жер құқығы қатынастарының өзге де субъектілерінің есебін жүргізу;
      14) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің паспорттарын беру;
      15) жер учаскесін сатып алу-сату шарттары мен жалдау және жерді уақытша өтеусіз пайдалану шарттарын жасасу және жасалған шарттар талаптарының орындалуын бақылауды жүзеге асыру;
      16) Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес қаланың жергілікті атқарушы органының іздестіру жұмыстарын жүргізу үшін жер учаскелерін пайдалануға рұқсат беруі жөнінде ұсыныстар дайындау;
      17) ауыл шаруашылығы алқаптарын бір түрден екіншісіне ауыстыру жөнінде ұсыныстар дайындау;
      18) пайдаланылмай жатқан және Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылып жатқан жерді анықтау;
      19) жерді резервке қалдыру жөніндегі ұсыныстарды дайындау;
      20) жер-кадастрлық жоспарды бекіту;
      21) заңнамада белгіленген тәртіппен бекітілген қаланың бас жоспарын, заңнамада белгіленген тәртіппен қалаға ықпал ететін аймаққа жатқызылған іргелес жатқан аумақтарда қала құрылысын жоспарлаудың кешенді схемасын іске асыру жөніндегі қызметті үйлестіру;
      22) қаланың бас жоспарының жобасын, қала шегі мен қала маңы аймағының шекараларын, сондай-ақ ведомстволық бағыныстағы әкімшілік аудандардың және серіктес елді мекендердің шекараларын белгілеу және өзгерту жобаларын әзірлеуді ұйымдастыру және қала мәслихатының мақұлдауына ұсыну;
      23) қала құрылысы құжаттамасын, сондай-ақ қала аумағында құрылыс салудың, оны абаттандыру мен инженерлік жағынан қамтамасыз етудің қағидаларын тиісті мәслихатқа бекітуге ұсыну;
      24) жоспарланған құрылыс не өзге де қала құрылысы өзгерістері туралы халыққа хабарлап отыру;
      25) мемлекеттік қала құрылысы кадастрының дерекқорына енгізу үшін белгіленген тәртіппен ақпарат және (немесе) мәліметтер беру;
      26) қала құрылысы жобаларын, бөлшектеп жоспарлау жобаларын және қалада құрылыс жүргізу жобаларын бекіту және іске асыру;
      27) ведомстволық бағыныстағы аумақта құрылыс жүргізуге немесе өзге де қала құрылысын игеруге арналған жер учаскелерін таңдау, беру, ал заңнамалық актілерде көзделген жағдайларда, мемлекеттік қажеттер үшін алып қою жөнінде шешімдер қабылдау;
      28) құрылыстарды, үйлерді, ғимараттарды, инженерлік және көлік коммуникацияларын салу (кеңейту, техникамен қайта жарақтандыру, жаңғырту, реконструкциялау, қалпына келтіру және күрделі жөндеу) туралы, сондай-ақ аумақты инженерлік жағынан дайындау, абаттандыру мен көгалдандыру, құрылысты (объектіні) консервациялау, жергілікті маңызы бар объектілерді кейіннен кәдеге жарату жөнінде жұмыстар кешенін жүргізу туралы шешімдер қабылдау;
      29) тұрғын үй қорын, коммуникацияларды, тарих және мәдениет ескерткіштерін, мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілерін сақтауды және олардың нормативтік күтіп-ұсталуына (қолданылуына, пайдаланылуына) бақылау жүргізуді ұйымдастыру;
      30) салынып жатқан (салынуы белгіленген) объектілер мен кешендердің мониторингін Қазақстан Республикасының Үкіметімен белгіленген тәртіпте жүргізу;
      31) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды іске асыру.
      16. Құқықтары мен міндеттері:
      1) мемлекеттік мекеменің құзырлығына жататын мәселелер бойынша мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік органдардан, ұйымдардан қажетті ақпаратты, құжаттарды және материалдарды, жеке және заңды тұлғалардан ауызша және жазбаша түсініктемелерді сұрату және алу;
      2) ақпараттық мәліметтердің барлық түрлерін пайдалануға, мемлекеттік мекеменің құзырлығына жатқызылған мәселелер бойынша мемлекеттік органдармен, ұйымдармен және барлық меншік нысанындағы мемлекеттік емес ұйымдармен қызметтік хат алмасуды жүргізу;
      3) қала әкімдігінің және мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың отырыстарына қатысу;
      4) Қазақстан Республикасының қолданымдағы өзге де заңнамаларымен көзделген өзге де құқықтар мен міндеттері бар.

3. Мемлекеттік органның қызметін ұйымдастыру

      17. Мемлекеттік мекемеге басшылықты мемлекеттік мекемеге жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бірінші басшы жүзеге асырады.
      18. Мемлекеттік мекеменің бірінші басшысын қала әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
      19. Мемлекеттік мекеменің бірінші басшысының өкілеттігі:
      1) мемлекеттік мекеме жұмысына жалпы басшылық жасауды жүзеге асырады;
      2) қала әкімдігіне мемлекеттік мекеменің ережесі мен құрылымын және олардағы өзгерістерді бекітуге ұсынады;
      3) мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің лауазымдық нұсқауларын бекітеді;
      4) мемлекеттік мекеме атынан сенімхатсыз әрекет етеді;
      5) мемлекеттік органдарда, басқа да ұйымдарда мемлекеттік мекеменің мүддесін білдіреді;
      6) шарттар жасайды;
      7) банктік шоттар ашады;
      8) Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіпте мемлекеттік мекеме қызметкерлерін жұмысқа қабылдайды және жұмыстан босатады;
      9) Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіпте мемлекеттік мекеме қызметкерлеріне ынталандыру шараларын қолданады және оларға тәртіптік жаза қолданады;
      10) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі шаралар қабылдайды;
      11) сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың орындалуына жеке жауапкершілік жүктеледі;
      12) Қазақстан Республикасының заңнамасымен, осы ережемен және уәкілетті органмен жүктелген өзге де міндеттерді жүзеге асырады.

4. Мемлекеттік органның мүлкі

      20. Мемлекеттік мекеме заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болу мүмкін.
      Мемлекеттік мекеменің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді коса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
      21. Мемлекеттік мекемеге бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.
      22. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, мемлекеттік мекеменің өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

      23. Мемлекеттік мекемені қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады