Коммуналдық қызмет көрсету ережелерін бекіту туралы

Күшін жойған

Павлодар облыстық әкімдігінің 2015 жылғы 26 ақпандағы № 47/2 қаулысы. Павлодар облысының Әділет департаментінде 2015 жылғы 10 сәуірде № 4412 болып тіркелді. Күші жойылды - Павлодар облыстық әкімдігінің 2020 жылғы 29 қаңтардағы № 2/1 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - Павлодар облыстық әкімдігінің 29.01.2020 № 2/1 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңының 10-3-бабы 2-тармағының 4-6) тармақшасына сәйкес Павлодар облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Коммуналдық қызмет көрсету ережелері бекітілсін.

      2. "Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесі заңнамамен белгіленген тәртіпте:

      осы қаулының аумақтық әділет органында мемлекеттік тіркелуін;

      осы қаулы аумақтық әділет органында мемлекеттік тіркелгеннен кейін он күнтізбелік күн ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;

      осы қаулының Павлодар облысы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің бірінші орынбасары Д.Н. Тұрғановқа жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғаш ресми жарияланған күннен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Облыс әкімі Қ. Бозымбаев

  Павлодар облысы әкімдігінің
2015 жылғы 26 ақпандағы
№ 47/2 қаулысымен
бекітілді

Коммуналдық қызмет көрсету ережелері

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже Қазақстан Республикасының "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңының 10-3-бабы 2-тармағының 4-6) тармақшасына сәйкес әзірленді және коммуналдық қызметтер көрсету тәртібін, шарттары мен коммуналдық қызмет көрсету төлем ақысын белгілейді, сондай-ақ Жеткізушілер мен Тұтынушылардың құқықтары мен міндеттерін анықтайды.

      2. Осы Ережелерде мынадай анықтамалар қолданылады:

      коммуналдық қызметтер – тұрғын үйде (тұрғын ғимаратта) көрсетілетін және сумен жабдықтауды, кәрізді, газбен жабдықтауды, электрмен жабдықтауды, жылумен жабдықтауды, қоқысты әкету мен лифт қызметін көрсетуді қамтитын қызметтер;

      жеткізуші – меншік нысанына қарамастан, тұтынушыларға коммуналдық қызметтер көрсететін жеке тұлға, дара кәсіпкер немесе заңды тұлға;

      тұтынушы – өз қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін тауарға (жұмысқа, көрсетілетін қызметке) тапсырыс беру немесе иелену ниеті бар не тапсырыс беретін, оларды иеленетін және (немесе) пайдаланатын жеке тұлға;

      кондоминиум – үй-жай азаматтардың, заңды тұлғалардың, мемлекеттің дара (бөлек) меншігінде болатын, ал ортақ мүлік олара ортақ үлестік меншік құқығымен тиесілі болған жағдайда, жылжымайтын мүлікке меншіктің нысаны;

      энергиямен жабдықтаушы ұйым – өндірілген немесе сатып алынған электр энергиясын, жылу энергиясын, суды тұтынушыларға жеткізуді (өз бетімен немесе энергияны беруші ұйыммен жасалған шарт бойынша) және сатуды жүзеге асыратын заңды тұлға;

      энергия беруші ұйым – энергия беруді және (немесе) бөлуді жүзеге асыратын ұйым;

      энергия – электр және жылу энергиясы, электр рыногында тауар болып табылатын су;

      ауыз сумен жабдықтау – су тұтынушыларды ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі қызмет;

      су бұру – сарқынды суларды жинауды, тасымалдауды, тазартуды және су бұру жүйелері арқылы су объектілеріне және (немесе) жер бедеріне бұруды қамтамасыз ететін іс-шаралардың жиынтығы;

      лифт қызметін көрсету – лифт шаруашылығын диспетчерлеу және оны мақсатына сай пайдалану кезінде оның жұмысқа қабілетін немесе жарамдылығын сүйемелдеу және қалпына келтіру, тосу және сақтау жөніндегі іс-шаралар кешені;

      қоқысты әкету — коммуналдық қалдықтарды сұрыптауды, жинауды, тасымалдауды, кәдеге жаратуды, қайта өңдеуді, сақтауды, көмуді қамтамасыз ететін іс-шаралар жиынтығы;

      кондоминиум объектісін басқару органы - кондоминиум объектісін басқару жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға.

2. Қызмет көрсету тәртібі және шарттары

      3. Коммуналдық қызметтерді көрсету Жеткізуші мен Тұтынушы арасындағы шарттың (бұдан әрі – Шарт) негізінде жүргізіледі.

      Тұтынушылар, кондоминиумға қатысушылар кондоминиум объектісін басқару органына шарт жасасу жөніндегі өз құқықтарын заңнамен белгіленген тәртіпте табыстауға құқылы.

      4. Коммуналдық қызметтер көрсетудің тұтынушылық сипаты мен режимі мынадай нормативтік-техникалық құжаттармен белгіленген талаптарға сәйкес келуі тиіс:

      1) жылумен жабдықтау бойынша – жылу беру маусымы бойы тәуліктік - тұрғын ғимараттардың үй-жайларындағы есептік ауа параметрлері, ауа алмасу еселігіне және температура кестесі;

      2) электрмен жабдықтау бойынша – жыл бойы тәуліктік – сапа параметрлері;

      3) ауыз сумен жабдықтау және су бұру бойынша – жыл бойы тәуліктік – берілетін судың құрамы, қасиеті мен ысытылу температурасы бойынша, сондай-ақ есептеу аспаптарына сәйкес судың есептелген шығынына, ал олар болмаған жағдайда орташа тәуліктік шығын бойынша;

      4) лифт қызметін көрсету бойынша – жыл бойы тәуліктік – тұрғын үйдегі аса қауіпті объект ретінде лифттерді қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету;

      5) қоқысты әкету бойынша – жыл бойы тұрақты түрде.

      5. Қызмет көрсету режімінен мүмкін болатын ауытқулар Шартта міндетті тәртіппен көзделуі тиіс.

3. Тараптардың жауапкершілігі

      6. Теңгерімдік тиесілігі мен пайдалану жауапкершілігін бөлу шекарасы заңнамаға сәйкес тараптардың теңгерімдік тиесілігі және пайдалану жауапкершілігі актісі негізінде Жеткізушімен жасасылған Шартта белгіленеді.

      7. Жылу энергиясын тұрмыстық тұтыну үшін пайдаланатын Тұтынушы мен энерия беруші ұйым арасындағы пайдалану жауапкершілігінің шекарасы басқару торабының соңғы ысырмасының бірінші бөлу фланцы бойынша (элеватор) белгіленеді.

      8. Тұтынушы мен энергия беруші ұйым арасындағы кернеуі 1000 Вольтқа дейінгі электр қондырғыларының жай-күйі мен оларға қызмет көрсету үшін жауапкершілік шекарасы:

      1) әуелік тармақталу кезінде – ғимаратқа орнатылған бірінші оқшаулағыштағы қоректендіруші желі жалғауының түйіспелерінде;

      2) кабельді енгізу кезінде – ғимаратқа кірберістегі қоректендіруші кабельдің ұштарындағы бұрандамалы жалғанымдарда белгіленеді.

      9. Құрылыстардағы немесе тұтынушының өзге де жылжымайтын объектілеріндегі электр желісінің теңгерімдік тиесілігінің шекарасындағы қосылыстардың жағдайын бақылауды және пайдалану қызметін көрсетуді энергия беруші ұйым жүзеге асырады.

      10. Жеткізуші мен ауыз сумен жабдықтау және су бұру желілері мен жеке тұрғын үйдің иесі болып табылатын Тұтынушы арасындағы теңгерімдік тиесілікті бөлу шекарасы елді мекеннің сумен жабдықтау және су бұру жүйесіне қосылатын жердегі құбырға ойып орнату болып табылады.

      11. Кондоминиум объектілерінде пайдалану жауапкершілігін бөлу шекарасы:

      сумен жабдықтау бойынша – ғимаратқа кіретін су құбырының бірінші ысырмасының бөлу фланцы;

      су бұру бойынша – елді мекеннің су бұру желілеріне қосылатын жеріндегі құдық болып табылады.

      12. Кондоминиум объектілерінде теңгерімдік тиесілігін бөлу шекарасы:

      сумен жабдықтау бойынша – тұрғын үйдің (тұрғын ғимараттың) сыртқы қабырғасы;

      су бұру бойынша – елді мекеннің су бұру желісіндегі құдықпен ұштасқан жеріндегі шығарылым болып табылады.

      13. Тараптардың келісімі бойынша Шартпен инженерлік желілер мен жабдықтардың пайдалану ерекшеліктерімен негізделетін пайдалану жауапкершілігінің өзге де шекарасы белгіленеді.

      14. Үйдегі ортақ инженерлік желілерін, сонымен қатар есептеуіш аспаптарды тиісті техникалық жағдайда ұстауды, олардың қауіпсіздігін энергиямен жабдықтаушы ұйым кондоминиум объектісін басқару органымен немесе Тұтынушымен жасасылған жеке шарт негізінде жүзеге асырады.

      Энергиямен жабдықтаушы ұйым өз бетімен (тиісті рұқсат болса) және (немесе) энергия беруші немесе басқа лицензиясы (рұқсаты бар) мамандандырылған ұйыммен шарт бойынша қызметтің осы түрі бойынша қызмет көрсете алады. Мамандандырылған ұйымдарды тарту тендерлік негізде жүзеге асырылады.

      Пәтерлердегі, жеке үйлердегі, үй жанындағы учаскелердегі, гараждардағы, саяжайлардағы құбырлардың, электр сымдарының, электр жабдықтарының техникалық жағдайына және пайдаланылуына, сонымен қатар энергияны пайдалану кезіндегі техникалық қауіпсіздік бойынша жауапкершілік Тұтынушыға жүктеледі.

      15. Үйдегі ортақ есептеуіш аспаптарды энергия беруші ұйым өзінің жеке немесе қарыз қаражаты есебінен сатып алады және орнатады.

      Тұтынушы энергия беруші ұйымның сатып алған және орнатқан есептеуіш аспабы үшін жұмсаған шығынын Тұтынушымен жасасылған Шарт немесе жеке шарт негізінде тариф арқылы өтейді.

      16. Тұтынушылар коммуналдық қызметтерді есепке алу аспаптарын өздігімен сатып алуға құқылы.

      17. Коммуналдық қызметтерді есепке алудың жеке аспаптарын баспалдақ торларында, дәліздерде және жеке үй-жайларда орнатуға болады.

      18. Коммуналдық қызметтерді есепке алу аспабының сақталуы мен тұтастығына жауапкершілік Тұтынушыға жүктеледі.

      19. Шарт бойынша міндеттемелерін орындамаған немесе тиісті түрде орындамаған жағдайда, Жеткізуші мен Тұтынушы қолданыстағы заңнамаға сәйкес нақты келтірілген шығынды өтеуге міндетті.

      20. Жеткізуші форс-мажорлық жағдайларға байланысты энергия таратушы параметрлерінің төмендегені және энергияның жете босатылмағаны үшін Тұтынушы алдында материалдық тұрғыда жауап бермейді.

4. Қызметтер ақысын төлеу тәртібі

      21. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес реттеуге жататын коммуналдық қызметтер ақысын төлеу белгіленген тәртіппен, коммуналдық қызмет көрсетуді есептеу аспаптарының көрсеткіштері негізінде, ал олар болмағанда – есептеулер негізінде табиғи монополия саласындағы уәкілетті орган бекіткен тарифтер бойынша жүргізіледі.

      22. Тұтынушы төлемді есептік айдан кейінгі айдың соңғы күнінен кешіктірмей немесе Тұтынушы мен Жеткізуші арасында жасасылған келісім бойынша Шартта ескерілген мерзімде жасауы тиіс.

      Есептік кезең күнтізбелік бір айды құрайды.

      23. Төлем мерзімін өткізіп алған жағдайда Тұтынушы Шартпен белгіленген айыппұлды төлейді.

      24. Есепке алу аспаптарының көрсеткішін алу мен энергия есептеулерін жазуды энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың өкілдері жүргізеді және пәтерлерге бару кезінде қызметтік куәліктерін көрсетуге міндетті.

      25. Тараптардың келісімі бойынша есепке алу құралдарынан көрсеткішті алу мен төлем құжаттарын толтыру кезінде Тұтынушыға өзіне өзі қызмет көрсетуіне жол беріледі. Бұл кезде төлем құжатын жазуды және төлеуді Тұтынушының өзі жүргізеді. Төлем құжаттарын жазу және төлеу кезінде Тұтынушының жіберген қателерін энергиямен жабдықтаушы ұйым талап қою мерзімі шегінде олардың анықталу шамасына қарай есепке алады.

      26. Тұтынушының кiнәсiнен болмаған есептiң уақытша бұзылуы кезiнде электр энергиясы үшiн есеп айырысу егер шартта электр энергиясының аз саны көрсетiлмесе, алдыңғы есептiк кезеңнiң орта тәулiктiк шығысы бойынша жүргiзiледi.

      Электр энергиясының орташа тәулiктiк есептiк кезеңi бiр айдан аспауы тиiс, бұл кезде есеп айырысу есебi толық көлемде қалпына келтiрiлуi керек.

      27. Өтінiш берiлгенде және растайтын құжатты ұсынған кезде пәтерде тұратын адамдар (бiреуiнiң немесе бiрнешеуiнiң) уақытша болмағанда, есепке алу құралдары жоқ болған жағдайда бiр адамға есептелiнетін қызмет көрсету ақысы олар болмаған уақытында жүргізiлмейдi.

      Төлемдi қайта есептеуге әкелiп соққан барлық өзгерiстер Тұтынушының Жеткізуші ұйымға өтiнiш берген сәтiнен бастап жүзеге асырылады.

      28. Есептеу құралдары уақытша болмаған жағдайда бiр адамға есептелiнетiн қызмет көрсету төлемдері тұрушылардың нақты саны бойынша алынады.

      29. Тұтынушы жалпы үйлердің мұқтаждарына жұмсалатын энергия үшiн белгіленген тәртiппен бекiтiлген тариф бойынша, пайдалану жауапкершiлiгі шекарасында орнатылған есептеу құралдары бойынша есеп жүргізеді.

      30. Есепке алу құралдары тараптардың пайдалану жауапкершiлiгiн бөлу шекарасынан тыс жерде орнатылған кезде, бөлу шекарасынан бастап есептеу құралдарын орнату орындарына дейiн желi учаскесiндегі шығындар көрсетiлген желi учаскесi баланста тұрған иесiне Тұтынушыға шарт негiзiнде жатқызылады.

      31. Меншік иелерінің келісімімен өзгесі қарастырылмаған болса, лифтiге техникалық қызмет көрсеткені үшін жұмсалатын шығын Тұтынушылар арасында олардың ортақ меншіктегі үлесіне шамалас бөлінеді (1-шi және 2-шi қабаттағы тұрғындардан басқа).

      32. Меншік иелерінің келісімімен өзгесі қарастырылмаған болса, үйішілік инженерлік жүйелерді (желілер, жабдықтар) күтіп-ұстауға жұмсалатын шығын, сондай-ақ үйдегі ортақ мұқтаждарға жұмсалатын энергия Тұтынушылар арасында олардың ортақ меншіктегі үлесіне шамалас бөлінеді.

      33. Жылу энергиясы үшiн төлем Жеткізуші мен Тұтынушының келiсімі бойынша жыл iшiнде бiрқалыпты не осы қызмет түрiн ұсыну кезеңiнде жүргiзiледi және Шартпен анықталады.

      34. Жеткізуші мен Тұтынушы арасындағы төленбеген қарыздарға байланысты барлық даулы мәселелер сотта шешiледi.

5. Тұтынушының құқықтары мен міндеттері

      35. Құқықтары мен міндеттері:

      1) оның өмiрi мен денсаулығы үшiн қауiпсiз, оның мүлкiне зиян келтiрмейтiн белгiленген сапада коммуналдық қызметтер алуға;

      2) коммуналдық қызметтерге бағаларды (тарифтердi) бекiту тәртiбi туралы осы көрсеткiштердi бақылауды жүзеге асыратын тиiстi мемлекеттік органдардан ақпарат алуға;

      3) қызмет көрсетудің жеткiлiксiз салдарынан өмiрiне, денсаулығына немесе мүлкіне келтірiлген шығындар мен зияндарды толық өтеудi, сондай-ақ моральдық залалды толық өтеудi Жеткізушіден талап етуге;

      4) Шартпен белгіленген артық үзiлiстер уақыты үшiн коммуналдық қызметтер төлемін жүргізбеуге;

      5) энергиямен жабдықтаушы ұйымға талап қоюға және нормативтiк-техникалық құжаттардың белгіленген талаптарына сәйкес келмеген уақыт кезеңiнде (Шартта белгiленгеннен артық) коммуналдық қызмет төлемдерін жүргізбеуге;

      6) дер кезінде төлем жүргiзген жағдайда өзіне қажеттi мөлшерде энергияны пайдалануға;

      7) энергиямен жабдықтаушы ұйымды хабардар еткен және пайдаланған энергияға толық өтемақы төлеген жағдайда бiржақты тәртiппен шартты бұзуға;

      8) Жеткізушімен жеке шарт жасасуға;

      9) инженерлік желілер мен жабдықтарды тиісті техникалық жағдайда ұстау жөніндегі жөндеу және пайдалану жұмыстарын жүзеге асыру үшін үшінші тұлғаларды тартуға;

      10) Жеткізушіден олардың инженерлік желілер мен жабдықтарды қарау кезінде жасайтын барлық актілерінің көшірмелерін алуға құқылы.

      11) аварияларды жою, инженерлік жүйелерді, есептеу және бақылау құралдарын қарау үшін электрмен, жылумен жабдықтау, лифт шаруашылығы, сумен жабдықтау қондырғыларымен жұмыс істеуге құқығы бар Жеткізушінің немесе мамандандырылған кәсіпорындардың өкілдеріне мүмкіндікті қамтамасыз етуі;

      12) белгіленген мерзімде ұсынылған коммуналдық қызметтерге дер кезінде ақы төлеуі;

      13) пәтерден, жеке үйден шығу кезінде пайдаланылған коммуналдық қызметтер үшін кететін күнге дейін есеп айырысуы;

      14) коммуналдық қызметтер көрсетілетін инженерлік желілер мен жабдықтардың сақталуын, қауіпсіздігін, тиісті техникалық жағдайы мен пайдаланылуын қамтамасыз етуі;

      15) қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау кезінде қалдықтардың белгілі бір түріне арналған контейнерлерге қоймалауды жүзеге асыруы;

      16) кондоминиум объектісін басқару органы мен түпкілікті тұтынушыларға коммуналдық қызмет көрсететін Жеткізуші арасында ынтымақтастық туралы шарт жасасуы;

      17) үйдің ортақ мұқтажына пайдаланылатын энергияның ұтымды тұтынылуын қамтамасыз етуі, олардың шығынын болдырмауы;

      18) Жеткізуші орнатқан пломбалар тұтастығының бұзылғаны туралы Жеткізушіні хабардар етуі қажет.

6. Жеткізушінің құқықтары мен міндеттері

      36. Құқықтары мен міндеттері:

      1) ұсынылған коммуналдық қызметтер үшін дер кезінде және толық көлемде төлем алуға;

      2) энергияның жұмсалуы мен төленуіне бақылауды жүзеге асыруға;

      3) заңнамамен белгіленген тәртіппен және шартпен Шарттың орындалуын біржақты тәртіпте тоқтата тұруға;

      4) электрмен жабдықтау, жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау бойынша коммуналдық қызметтер көрсетілетін үйішілік инженерлік желілер мен жабдықтарға техникалық қызмет көрсетуге және үйдегі ортақ есептеу аспаптарын тексеруді ұйымдастыруға құқылы.

      5) Тұтынушыға коммуналдық қызметтер тарифі, төлем жағдайлары, қызмет көрсетудің режімі, олардың тұтынушылық ерекшеліктері, сертификатының (сертификаттауға жататын қызметтерге қатысты) бар-жоғы туралы ақпарат беріп отыруы;

      6) Тұтынушымен коммуналдық қызметтер көрсетуді беруге арналған, сондай-ақ кондоминиум объектісін басқару органымен ынтымақтастық туралы жеке шарт жасасуы;

      7) Тұтынушыға сапасы бойынша нормативтік техникалық құжаттарға сәйкес келетін коммуналдық қызметтер ұсынуы;

      8) коммуналдық қызметтер көрсету режимінің бұзылуын алдын алу, жою бойынша уақтылы шаралар қолдануы;

      9) жеткізілген энергия сапасы мен санына есеп жүргізу және бақылау, Шартта белгіленген мерзімдерде Тұтынушыға ұсынылатын коммуналдық қызметтер сапасының бұзылуын алдын алу және жою бойынша уақтылы шаралар қабылдауы;

      10) Тұтынушы коммуналдық қызмет көрсету сапасының төмендегені туралы арыз берген күннен бастап үш күн ішінде сапаны қалпына келтіру және қайта есептеу жөніндегі барлық шараларды қабылдауы қажет. Қажет болған жағдайда, сондай-ақ Тұтынушының өтініші бойынша бірлескен акт жасап, көрсетілетін қызмет сапасының төмендеу себептерін анықтау үшін тексеру жүргізуі қажет;

      11) Тұтынушыға қызмет көрсетудің сапасы мен оларға төлем мөлшерінің өзгергені туралы 10 күннен кешіктірмей хабарлауы;

      12) Тұтынушыға ай сайын көрсетілген коммуналдық қызмет үшін алдағы есептік ай үшін шотты (түбіртекті) ұсынуға;

      13) басқа тұтынушылардың міндеттемелерін орындамау себептері бойынша коммуналдық қызмет алуда Тұтынушыға қызмет көрсетуден бас тартуға немесе шектеуге жол бермеуі қажет.

7. Келіспеушіліктерді шешу тәртібі

      37. Коммуналдық қызметтер көрсетудің тоқтатылған уақыты, сондай-ақ сапасының нормативтік-техникалық құжаттардың талаптарына сәйкес келмеуі туралы және уақытын (күнін, сағатын) көрсетумен Жеткізушінің диспетчерлік қызмет журналында кейіннен қажетті (тиісті) сапамен қызмет көрсетуді қалпына келтіру уақыты (күні, сағаты) белгіленуі тиіс.

      38. Коммуналдық қызмет көрсетілмеген, қызмет көрсету тиісті сапада немесе толық көлемде болмаған жағдайда Тұтынушы бұл туралы Жеткізушіге Тұтынушының өзі (арызбен) немесе телефонограммамен міндетті түрде оның берілу уақытын, күнін және берген және оны қабылдаған адамның тегін көрсету арқылы хабардар етуі тиіс. Телефонограммада: коммуналдық қызмет көрсету сапасының төмендей (болмауының) бастаған уақыты, нашарлау сипаты және Жеткізуші өкілінің келу қажеттігі (егер қызмет көрсетудің нашарлауы немесе оның тоқтатылуы Жеткізушінің журналында тіркелмесе) көрсетіледі.

      Тұтынушының өзі келген жағдайда өтініш көшірмесі болуы тиіс, оған келіп түскендігі туралы тіркеу нөмірі, өтініштің берілген күні және уақыты, оны қабылдаған Жеткізуші өкілінің қолы қойылады.

      Жеткізуші журналдағы қызмет көрсету сапасының өтініште (телефонограммада) көрсетілген нормадан ауытқу (үзілісі) белгілерін салыстырады және келіспеушілік болмаған жағдайда оның нақты тұтылуына сәйкес қызмет көрсету құнын қайта есептейді.

      39. Жеткізуші коммуналдық қызмет көрсетпегені немесе төмен сапалы қызмет көрсеткені туралы фактіні растаудан бас тартқан жағдайда Тұтынушы:

      1) коммуналдық қызмет көрсетуден бас тартуының (ағытып тастау) немесе оның сапасыз жеткізілуінің басталу уақыты;

      2) коммуналдық қызмет көрсету сапасының нашарлау сипаты;

      3) өтініштің берілу уақыты мен тіркеу нөмірі (Жеткізушінің журналы бойынша);

      4) коммуналдық қызмет көрсетудің қалпына келтірілген (оның сапасының қалыпқа келуі) уақыты;

      5) коммуналдық қызмет көрсетудің (сапасы нашарлауының) болмау кезеңін көрсете отырып, жазбаша өтініш жазуға құқылы.

      Актіге Тұтынушы, кондоминиум объектісін басқару органы немесе екі тәуелсіз куә қол қояды және Жеткізушіге жіберіледі. Тараптардың келісімі бойынша дау реттелмеген жағдайда Тұтынушы 10 күндік мерзім ішінде сотқа талап арыз береді.

      40. Коммуналдық қызмет көрсету кезінде Тұтынушының жіберген бұзушылықтары Жеткізуші мен Тұтынушы уәкілдерінің екі жақты актісімен екі данада ресімделіп, оның біреуі Тұтынушыға тапсырылады.

      Акт Тұтынушы қол қоюдан бас тартқан жағдайда да, бірақ оны Жеткізушінің комиссиясы немесе құрамында кем дегенде үш адамы бар кондоминиум объектілерін басқару органдары ресімдеген жағдайда, күші бар деп саналады.

      41. Акт негізінде Жеткізуші есептелінбеген энергияның санын анықтайды және Тұтынушыға қосымша төлем сомасы негізімен сотқа дейінгі талапты жібереді.

      Тараптардың келісімі бойынша даулар реттелмеген жағдайда Жеткізуші 10 күн мерзім ішінде сотқа Тұтынушыдан берілген соманы мәжбүрлеу тәртібімен өндіріп алу туралы талап-арыз береді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады