Жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау, Шығыс Қазақстан облысының қалалары мен елді мекендерінің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының 2015 жылғы 07 қазандағы N 32/392-V шешімі. Шығыс Қазақстан облысының Әділет департаментінде 2015 жылғы 27 қарашада N 4242 болып тіркелді. Күші жойылды - Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының 2017 жылғы 13 желтоқсандағы № 16/195-VI шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының 13.12.2017 № 16/195-VI шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      РҚАО-ның ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 6-бабы 1-тармағының 4-2) тармақшасына, "Жасыл екпелердi күтiп-ұстау және қорғау, қалалар және елдi мекендердiң аумақтарын абаттандырудың үлгi қағидаларын бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрiнiң 2015 жылғы 20 наурыздағы № 235 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде тіркелген № 10886) сәйкес Шығыс Қазақстан облыстық мәслихаты ШЕШТІ:

      1. Қоса беріліп отырған Жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау, Шығыс Қазақстан облысының қалалары мен елді мекендерінің аумақтарын абаттандыру қағидалары бекітілсін.

      2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Сессия төрағасы Е. Құттыбаев
      Шығыс Қазақстан облыстық
      мәслихатының хатшысы В. Головатюк
      КЕЛІСІЛДІ:
      Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі
      Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің
      Шығыс Қазақстан облысы тұтынушылардың
      құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Ғ. Сүлейменов
      "16" қазан 2015 жыл

  Шығыс Қазақстан
облыстық мәслихатының
2015 жылғы 7 қазандағы
№ 32/392-V шешімімен бекітілді

Жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау, Шығыс Қазақстан облысының қалалары мен елді мекендерінің аумақтарын абаттандыру қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау, Шығыс Қазақстан облысының қалалары мен елді мекендерінің аумақтарын абаттандыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 1 шілдедегі Азаматтық кодексіне, Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 20 маусымдағы Жер кодексіне, Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы Экологиялық кодексіне, "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі Кодексіне, "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" (бұдан әрі – Заң) Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы заңдарына және өзге де нормативтік құқықтық актілерге сәйкес әзірленді.

      2. Қағидалар жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау, Шығыс Қазақстан облысының қалалары мен елді мекендерінің аумақтарын абаттандыру саласындағы тәртіпті айқындайды және қатынастарды реттейді.,

      3. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) абаттандыру - сол немесе өзге аумақты құрылыс, мақсаты бойынша қалыпты пайдалану үшiн жарамды жағдайға келтiру, халықтың денi сау, жайлы және мәдениеттi өмiр сүру жағдайын жасау мақсатында жүзеге асырылатын жұмыстардың және iс-шаралардың жиынтығы;

      2) жасарту - қаңқалы және жартылай қаңқалы бұтақтарды қатты қысқарту, өркендердi сирету және реттеу, бас жағы мен бұталардың құрғау салдарынан өзiнiң декоративтiк сапасын жоғалтқан, сау дiңдi және сүңгектi жасарту үшiн жарамды ересек ағаштардың кемiнде 3,5 метр биiктiктегi дiңдерiн кесу;

      3) жасыл алқап - түрлiк құрамына қарамастан кемiнде 0,125 га аумақта кемiнде 50 дана ағашы бар көгалдандырылған аумақ;

      4) жасыл екпелер - азаматтық заңнамаға сәйкес жылжымайтын мүлiк болып табылатын және қаланың бiрыңғай жасыл қорын құрайтын табиғи өскен және жасанды егiлген ағаш бұтақты және шөптi өсiмдiктер;

      5) жасыл екпелердi жою - жасыл екпелердiң өсуiнiң тоқтауына әкелетiн зақымдану;

      6) жасыл екпелердi күтiп-ұстау және қорғау - жасыл екпелердi, көгалдандырылған аумақтар мен жасыл алқаптарды құруға, сақтауға және өсiруге (оның iшiнде жойылған немесе зақымдалған жасыл екпелердi өтемдiк қалпына келтiруге) бағытталған құқықтық, әкiмшiлiк, ұйымдық және экономикалық шаралар жүйесi;

      7) жасыл екпелердi сақтау - абаттандыру және құрылыс жұмыстарының нүктесiне түсетiн, аса құнды екпелердiң тұқымдарын сақтауға бағытталған iс-шаралар кешенi;

      8) жалпы пайдаланымдағы жерлер - алаңдар, көшелер, тротуарлар, өтпе жолдар, жолдар, жағалаулар, саябақтар, скверлер, қала ормандары, бульварлар, су айдындары, жағажайлар, зираттар және халықтың мұқтажын қанағаттандыруға арналған өзге де объектiлер (жалпы пайдаланымдағы инженерлiк жүйелер) үшiн алынған және арналған жерлер;

      9) көгалдандырылған аумақ - табиғи жолмен өнiп шыққан өсiмдiктер орналасқан, жасанды жолмен жасалған бау-саябақ кешендерi және объектiлер, бульварлар, скверлер, көгалдар, гүлдер орналасқан жер учаскесi;

      10) қатты тұрмыстық қалдықтар - қатты түрдегi коммуналдық қалдықтар;

      11) өтемдiк көгалдандыру - жойылған немесе зақымданған жасыл екпелердiң орнына жасыл екпелердi отырғызу;

      12) өтпе жол - тұрғын үйлер мен қоғамдық ғимараттарға, мекемелерге, кәсiпорындарға, шағын аудандар, орамдар, елдi мекендер iшiндегi құрылыс объектiлерiне көлiк құралдарының кiруiн қамтамасыз ететiн жол элементi;

      13) тротуар - жаяу жүргiншiлердiң жүруiне арналған, жолдың жүру бөлiгiмен шектесетiн немесе одан көгалмен немесе арық жүйесiмен бөлiнген жолдың элементi;

      14) уәкiлеттi орган:

      құзыретіне Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау саласындағы функциялар жатқызылған жергiлiктi атқарушы орган;

      тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын реттеу саласындағы функцияларды жүзеге асыратын жергiлiктi атқарушы орган;

      15) ұйым - жүргiзiлетiн жұмысқа қажеттi қызметтi жүзеге асыратын, материалдық және бiлiктi еңбек ресурстары бар жеке кәсiпкерлiк субъектiсi немесе дауыс беретiн акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерiнiң) елу және одан астам пайызы мемлекетке тиесiлi заңды тұлға және олармен үлестес заңды тұлғалар;

      16) шағын сәулеттiк нысандар - декоративтiк сипаттағы және iс жүзiнде пайдаланылатын объектiлер (мүсiндер, субұрқақтар, барельефтер, гүл құмыралары, павильондар, күркелер, отырғыштар, құтылар, балалар ойындары және ересектердiң демалысына арналған жабдықтар мен конструкциялар);

      17) iргелес аумақ - ғимараттар, құрылыстар, қоршаулар, құрылыс алаңшаларының, сауда, жарнама объектiлерiне және заңды немесе жеке тұлғалардың балансындағы, меншiгiндегi, иелiгiндегi, жалға алуындағы басқа объектiлер шекараларына тiкелей (периметрi бойынша 5 метр шекарадағы) жанасып жатқан аумақ.

2. Жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау

      4. Республикалық және жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда, жеке тұрғын үй және жеке меншік қосалқы шаруашылық аумақтарында, жеке меншіктегі жер учаскелерінде, саяжайлар учаскелерінде және коммуналдық қызметтердің қарауына жататын зираттардың учаскелерінде өсетін жасыл екпелерді қоспағанда барлық жасыл екпелер бiрыңғай жасыл қор құрайды және қорғалуға жатады.

      5. Жасыл екпелердің тiршiлiк әрекетiн қамтамасыз етумен үйлеспейтін көгалдандырылған аумақтарды және жасыл алқаптарды пайдалануға жол берілмейді. Көгалдандырылған аумақтарды дамыту елді мекенді көгалдандырудың ұзақ мерзiмдi кешендi схемасына сәйкес жүргiзiледi.

      6. Жобалық және құрылыс жұмыстары Қазақстан Республикасының заңнамасымен және осы Қағидалармен белгіленген бар көгалдандыру екпелерін сақтау және қорғау талаптарын сақтау арқылы жүзеге асырылады; көгалдандыру екпелерінің жай-күйі туралы толық әрі нақты мәліметтер болуы тиіс.

      7. Жалпы қолданыстағы жерлердегі елді мекендердің шекараларында орналасқан жасыл алқаптарда, елді мекендерді дамытудың бас жоспарына жатқызылатын жерлерді қоспағанда, құрылыс салу жұмыстары жүргізілмейді. Жер учаскелерін беру кезінде ондағы орналасқан ағаш және бұта өсімдіктерінің одан әрі тағдыры бір мезгілде анықталады.

      8. Жасыл екпелерді күтіп-ұстау көгалдандыру бойынша жұмыстардың негізгі түрлерін қамтиды:

      1) жасыл екпелерді отырғызу;

      2) ағаштардың діңгек қуысын орнатумен қыртыстарды қопсыту, ағаштарды ақтау;

      3) гүлдерді, көгалдарды орналастыру, арамшөптерді отау, шөптерді шабу;

      4) барлық вегетациялық кезеңде жасыл екпелерді суару;

      5) жасыл екпелерді қырқу, қайта отырғызу, кесу (апаттық, құрғаған, жасамыс ағаштарды және бұтақтарды санитариялық кесу);

      6) тыңайтқыштарды салу;

      7) жасыл екпелердің зиянкестерімен және ауруларымен күресу.

      9. Жасыл екпелердi қайта отырғызу жыл iшiнде арнайы қайта отырғызу технологиясы сақталған жағдайда жүзеге асырылады. Жапырақты және қылқан жапырақты ағаштардың тиiмдi ұласып өсуi мақсатында оларды күз түскен кезеңнен бастап көктемнiң бас кезiне дейiн отырғызу ұсынылады.

      10. Ағаштарды жасарту және қалың өскен ағаштарды сирету жұмыстары вегетация басталғанға дейiн немесе күздiң соңында жүргiзiледi.

      11. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргiзу кезiнде осы учаскеде сақтауға жататын барлық екпелер олардың тиiмдi қорғалуын қамтамасыз ететiн арнайы қорғаныш қоршауларымен механикалық және өзге де зақымданулардан қорғалады.

      12. Құрылыс салуға немесе басқа жұмыстар жүргiзуге бөлiнетiн учаскелерде жасыл екпелердi сақтау мүмкiн болмаған жағдайда, жасыл екпелердi кесу немесе қайта отырғызу жүргiзiледi.

      13. Жасыл екпелердi кесу мынадай (жою, кез-келген аумақты ағаштар мен бұталардан босату, ересек ағаштардың кемiнде 3,5 метр биiктiктегi дiңдерiн кесу):

      1) бекiтiлген және келiсiлген қала құрылысы құжаттамасында көзделген құрылыстың объектiлерiн орналастыру үшiн жағдай жасауды қамтамасыз ету;

      2) инженерлiк абаттандыру объектiлерiне, жер үстi коммуникацияларына қызмет көрсету;

      3) апаттық және төтенше жағдайларды жою, оның iшiнде инженерлiк абаттандыру объектiлерiнде жою;

      4) жасыл екпелердiң сапалық және түрлiк құрамын жақсарту қажеттiлiгi;

      5) адамның өмiрi мен денсаулығы қауiпсiздiгiне қауiп төндiретiн, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың мүлкiне залал келтiруi мүмкiн ескi екпелердi санитариялық кесу жағдайларында жүзеге асырылуы мүмкiн.

      14. Жалпы пайдаланылатын жерлердегi және ғимараттар, құрылыстар, көп қабатты тұрғын үйлер аумақтарында желдiң және табиғи сипаттағы өзге де оқиғалардың, жол-көлiк апаттары нәтижесiнде ағаштар апатты құлаған жағдайда құлаған ағаштарды жинау, құлаған жерлердi уақтылы санитариялық тазалау және ағаш қалдықтарын шығару жер пайдалану құқығы шекарасындағы, сол аумақ тиесiлi ұйымға немесе қызмет көрсететiн учаскелерi бойынша ұйымдарға жүктеледi.

      15. Өскен немесе зақымдалған жасыл екпелер өздiгiнен құлаған жағдайда, кiнәлi тұлғаларды анықтау мүмкiн болмаған кезде жасыл екпелердi қалпына келтiру жергiлiктi бюджет қаражаты есебiнен жүргiзiледi.

      16. Ағаштарды кесу, осы Қағиданың 4-тармағында, 13-тармақтың 2), 3) тармақшаларында айтылған жағдайларды қоспағанда, "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 16 мамырдағы Заңында белгіленген талаптарға сәйкес жүзеге асырылады.

      17. Жеке және заңды тұлғалар көгалдандыру екпелерін кесуге рұқсатты ресімдеу үшін мынадай құжаттарды ұсынады:

      1) уәкiлеттi органның басшысына өтініш;

      2) жер учаскесiне құқық белгiлейтiн құжаттардың көшірмесін;

      3) көшеттерді отырғызуды аяқтаудың күні көрсетілген өтемдік көгалдандыру бойынша кепілдік хат;

      4) құрылыс жобасында болған жағдайда абаттандыру және көгалдандыру жоспарының көшірмесін;

      5) объектті, ғимараттарды және тағы басқа (құрылыс барысында) құрылысты бастау туралы хабарламаның көшірмесін.

      18. Көгалдандыру екпелерін кесуге берілетін рұқсат 3 класқа жатады және бір реттік болып табылады.

      19. Көгалдандыру екпелерін уәкілетті органның рұқсатымен кескені үшін өтемдік қалпына келтіру жапырақты және қылқан жапырақты көшеттерді отырғызу жолымен жүргізіледі. Бұл ретте, өтемдік отырғызу сәулеттік жағдайларды ескерумен кесілетін ағаштардың орнына жүргізіледі.

      20. Жаңа құрылыс және жаңғыртуды ұйымдастырған кезінде мақсатты тағайындалуына (жеке тұрғын үй құрылысы, өнеркәсiптiк және азаматтық құрылыс объектiлерi, әкiмшiлiк ғимараттар, коммуникация, қызмет көрсету саласы объектiлерiнiң барлық түрлерi) қарамастан, жер учаскелері жеке меншiкте болмаған жағдайда, көгалдандыру екпелерін өтемдік қалпына келтіру ағаш өсімдіктердің кесуге жататын әрбір данасы үшін екі көшет мөлшерінде жүзеге асырылады.

      21. Ортақ пайдаланудағы жерлерде орналасқан апаттық, кеуiп қалған, әбден жетiлiп болған ағаштарды кесуде уәкілетті орган ағаш өсімдіктердің әрбір данасы үшін бір көшет мөлшерінде өтемдiк қалпына келтіруді жүзеге асырады.

      22. Қала және елді мекендердің аумағында өтемдiк көгалдандыруды жүргізу үшін уәкілетті органмен арнайы учаскелер айқындалады.

      23. Көгалдандыру екпелер орналастырылған аумақтарда:

      1) көгалдандыру екпелерді зақымдауға және жоюға;

      2) алау жағуға, түскен жапырақтарды және қураған шөпті өртеуге;

      3) тұрмыстық және өнеркәсiп қалдықтарымен, сарқынды сулармен қоқыстауға және ластауға;

      4) ағаштан шырын өндiруге, қабығын кертуге, жазуға, ағаштарға жарнама, хабарландыру, қандай да болмасын белгiлер, түрлi көрсеткiштер, сымдар iлуге, ағаштарға iлмек, шеге мен басқа да бөтен дене қағуға;

      5) автоккөлік құралдарын жууға;

      6) мал жаюға;

      7) түрлi жүктердi, соның iшiнде құрылыс материалдарын жинауға;

      8) ағаштар мен бұталардың сақталуын қамтамасыз ететiн шараларды қабылдамай, көгалдандыру екпелер алып жатқан учаскелерге төбеден қар лақтыруға жол берiлмейдi.

3. Қалалар және елді мекендердің аумақтарын абаттандыру

1-параграф. Тазалық пен тәртіпті қамтамасыз ету

      24. Жеке және заңды тұлғалар барлық аумақта, оның ішінде жеке үй иелері аумақтарында тазалықты сақтайды және тәртіпті қолдайды, абаттандыру элементтерінің (жолдар, тротуарлар, көгалдар, шағын сәулет нысандары, жарықтандыру, су бұрулар) зақымдануына және бұзылуына жол бермейді.

      25. Жергілікті жерлерді ағымдағы санитариялық күтіп-ұстауды осы саладағы қызметті жүзеге асыратын ұйымдар жүзеге асырады.

      26. Барлық ұйымдық-құқықтық нысандардың жеке және заңды тұлғалары, оның iшiнде күрделі және уақытша объектілердің иелерi мыналарды:

      1) дербес өз қаражаты есебінен немесе ұйымдармен шарттар жасасу жолымен бөлінген аумақты санитариялық күтіп-ұстауды және абаттандыруды қамтамасыз етеді;

      2) кез келген меншік объектілеріне ұқыпты қарайды, мемлекеттік меншік объектілеріне залал келтірген жағдайлар туралы тиісті органдарды хабардар етеді;

      3) көшелер және үй нөмірлері көрсетілген тақталарды техникалық дұрыс жағдайда және тазалықта ұстайды;

      4) қоршауларды (шарбақтарды) және шағын сәулет нысандарын тиісті жағдайда (қоршаудың (шарбақтың) сыртқы жағын бояу, әктеу) күтіп-ұстайды.

2-параграф. Аумақтарды жинауды ұйымдастыру

      27. Жалпыға ортақ пайдаланылатын орындарды жинау және күтіп-ұстау мынадай жұмыс түрлерін қамтиды:

      1) ұсақ және тұрмыстық қоқыстар мен қалдықтарды жинау және шығару;

      2) ірі көлемді қоқыстар мен қалдықтарды жинау және шығару;

      3) сыпыру;

      4) қамысты, қурайды, шөптерді және басқа да жабайы өсімдіктерді шабу және шығару;

      5) қоршаулар мен шағын сәулет нысандарын жөндеу және сырлау.

      28. Жалпыға ортақ пайдаланылатын аумақтарда орналасқан парктерді, скверлерді, бульварларды, су айдындарын, жағажайларды, зираттарды, оның ішінде оларда орналасқан тротуарларды, жаяу жүргіншілер аймақтарын, саты баспалдақтарын жинауды заңды және жеке тұлғалар мен осы объектілерге қызмет көрсететін және пайдаланатын аумақтарды бекіту субъектілері жүргізеді.

      29. Объектілердің меншік иелері жапсарлас аумақтарда (автотұрақтар, боксты гараждар, ангарлар, қосалқы қойма құрылыстары, ғимараттар, сауда және қызмет көрсету объектілері) санитариялық тазалауды және жинауды коммуналдық шаруашылық ұйымдарымен қамтамасыз етеді немесе оны өз бетінше жүргізеді.

      30. Көшелер мен өтпе жолдардың бойында орналасқан тротуарларды, жолаушылар көлігінің аялдама алаңын жинауды жүру бөліктерін жинауға және күтіп-ұстауға жауапты ұйымдар жүргізеді.

      31. Аялдама кешендерін және қоғамдық жолаушылар көлігінің аялдама алаңында оларға іргелес аумақтарды, ақылы автотұрақтар, гараждардың аумақтарын, сондай-ақ кіреберіс жолдарды, іргелес аумақтарды жинауды және жууды олардың иелері жүзеге асырады.

      32. Жол жөндеу жұмыстарын жүргізген кезде құрылыс қоқыстарын осы жұмыстарды жүргізген ұйымдар шығарады.

      33. Су ағатын желілерде ластануды болдырмау үшін су ағатын коллекторларда, жауын суын қабылдайтын құдықтарда және арық жүйесінде қоқыстардың тасталуына жол берілмейді.

      34. Жерүстi инженерлік құрылыстарын пайдаланушы ұйымдар мен иелері инженерлiк желілердің қорғалатын аймақтарының шекарасында іргелес аумақтардың санитариялық күтіп-ұсталуын қамтамасыз етеді.

      35. Көшелер мен өтпе жолдардан қарды шығару арнайы дайындалған алаңдарда жүзеге асырылады. Жергілікті атқарушы органдармен келісілмеген орындарға қарды шығаруға жол берілмейді.

      36. Қарды уақытша жинау орындары қар ерігеннен кейін қоқыстардан тазартылып және абаттандырылуы тиіс.

3-параграф. Қалдықтарды жинау және шығару

      37. Жеке және заңды тұлғалар, олардың қызметі нәтижесінде пайда болған өндіріс және тұтыну қалдықтары пайда болған кезінен бастап қалдықтармен қауіпсіз жұмыс істеуді қамтамасыз етеді. Жеке және заңды тұлғалар қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған контейнерлерде қатты тұрмыстық қалдықтарды жинақтайды.

      38. Қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаруды ұйымдар уәкілетті орган белгілеген бекітілген кестеге сәйкес мерзімде жүзеге асырады. Кестелер қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау алаңдарында ілінеді.

      39. Құрылыстарды және (немесе) жылжымайтын объектілерді жөндеуді жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар құрылыс қоқысын кәдеге жарату шарттарын жасасуы қажет, оны белгіленген орынға өз бетінше немесе қоқыс шығаруды жүзеге асыратын ұйымдармен шарт бойынша шығарады.

      40. Үй иелерінің аумағында мамандандырылған көлік үшін ыңғайлы кірме жолдармен контейнерлерді орналастыруға арналған арнайы алаңдар болады. Контейнерлерді орнатуға арналған алаңдардың бетонды немесе асфальтты жабыны және қоршауы болады. Қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау үшін жапқыштары бар контейнерлерді қолданған жөн.

      41. Қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған контейнерлерге және контейнерлік алаңдарда күл тастауға және жинауға жол берілмейді.

      42. Қатты тұрмыстық қалдықтар қоқыс шығаратын көліктермен, үй иелерінің кәрізденбеген сұйық қалдықтары ассенизациялы вакуумдық көліктермен шығарылады.

      43. Сұйық қалдықтар мамандандырылған автокөлікпен арнайы бөлінген орындарға шығарылады. Контейнерлер босатылғаннан кейін орындар дезинфекциялайтын ерітінділермен өңделеді немесе босатылған орындарда өңдеуден өткен тазаларына ауыстырылады. Контейнерлерді өңдеу орындары тазалауға, жууға және дезинфекциялауға арналған, ыстық және суық су өткізілген, судың ағып кетуі ұйымдастырылған құрылғылармен жабдықталуы тиіс.

      44. Сұйық тұрмыстық қалдықтар мен ірі көлемді қоқыстарды қоқыс шығару құбырына тастауға жатпайды.

      45. Қоқыс шығару құбырын пайдалануды иелігінде тұрғын үй орналасқан пайдаланушы ұйым жүзеге асырады.

      46. Жеке тұлғалар контейнер алаңдары аумағында орналасқан, құрамында сынап бар шамдар мен аспаптарды жинау үшін арнайы контейнерлерде істен шыққан құрамында сынап бар шамдар мен аспаптарды қауіпсіз жинауды қамтамасыз етеді.

      47. Контейнерлік алаңдарды және контейнерлерді пайдаланатын және оларға қызмет көрсететін ұйымдар мыналарды:

      1) контейнерлік алаңдарды және оған іргелес аумақтарды тиісті санитариялық күтіп-ұстауды қамтамасыз етеді;

      2) оларға уақтылы жөндеу жүргізеді және одан әрі пайдалануға жарамсыз контейнерлерді ауыстырады;

      3) қоқыс қабылдайтын камералардың, алаңдардың, сондай-ақ қалдық жинағыштардың тұрақты жуылуын, дезинфекциялануын, шыбындарға, кеміргіштерге қарсы дезинсекциялануын, дератизациялануын қамтамасыз ету бойынша шараларды қабылдайды.

      48. Контейнерлерден қоқыс шығаратын машинаға тиеу кезінде шашылып қалған қоқыстарды қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаруды жүзеге асыратын ұйымдардың жұмысшылары шығарады.

      49. Вокзалдарда, базарларда, әуежайларда, саябақтарда, демалыс аймақтарында, алаңдарда, білім беру, денсаулық сақтау мекемелерінде, көшелерде, қоғамдық жолаушылар көлiгі аялдамаларында, сауда объектілерінің кіреберістерінде қоқысқа арналған құтылар орнатылады. Халық көп келетін орындарда құтылар бір бірінен кемінде 50 метр арақашықтықта; аулаларда, саябақтарда, алаңдарда 10-нан 100 метрге дейінгі арақашықтықта құтылар орнатылады. Жолаушылар көлiгі аялдамаларында және сауда объектілерінің кіреберістерінде екi құты орнатылады.

      50. Құтыларды орнатуды, тазартуды және жууды аумақты пайдаланатын ұйымдар немесе аумаққа иелік ететін немесе пайдаланатын ұйымдар жүргізеді. Құтылар толу шамасына қарай, бiрақ күніне бір реттен кем емес тазартылады.

      Құтылар ластану деңгейіне қарай, бiрақ аптасына бір реттен кем емес жуылады.

4-параграф. Көшелерді, тұрғын үй орамдарын және

шағын аудандарды абаттандыру

      51. Шағын аудандар мен орамдардың тұрғын үй аймақтары қоқыс контейнерлерін қоятын, кір кептіретін, демалатын, балалар ойнайтын, спортпен айналысатын, үй жануарларын серуендетуге арналған алаңдармен, автотұрақтармен, орынтұрақтармен, жасыл аймақтармен жабдықталады.

      52. Алаңдардың саны, орналасуы мен жабдықталуы құрылыс және санитариялық нормаларға сәйкес болуы тиіс.

5-параграф. Ғимараттар мен құрылыстардың қасбеттерін күтіп-ұстау

      53. Қарамағында ғимараттар мен құрылыстар бар жеке және заңды тұлғалар, ғимараттар мен құрылыстардың меншік иелері көрсетілген объектілердің қасбеттерін және олардың жекелеген элементтерін (балкондар, лоджиялар, су ағатын құбырлар) қалпына келтіру, жөндеу және бояу бойынша жұмыстарды уақтылы жүргізуді қамтамасыз етеді, сондай-ақ қасбеттерде орналастырылған ақпараттық тақтайшаларды, ескерткіш тақтайларды таза және дұрыс жағдайда ұстайды. Дүкендер мен кеңселердің көшелерге қасбеттермен шығатын витриналары жарықпен безендіріледі.

      54. Өз еркімен ғимараттардың қасбеттерін және олардың конструктивтік элементтерін қайта жабдықтауға жол берілмейді.

6- параграф. Сыртқы жарықтандыруды және

субұрқақтарды күтіп-ұстау

      55. Көшелердің, жолдардың, алаңдардың, жағалаулардың және басқа жарықтандырылатын объектілердің сыртқы жарығын қосу жергілікті атқарушы орган бекіткен кесте бойынша табиғи жарық деңгейінің азаюы кезінде кешкі ымырт кезінде 20 люкске дейін, ал сөнуі - таңғы күңгіртте 10 люкске дейін артуы кезінде жүргізіледі.

      56. Сыртқы жарық құрылғылары мен байланыс желілерінің элементтері, металл бағаналары, кронштейндер тазалықта ұсталып, тот басу ошағы болмай, сырлануы қажет. Жанып кеткен шамдарды ауыстыруды тиісті ұйымдар жүзеге асырады.

      57. Істен шыққан құрамында сынап бар газ разрядты шамдар осы мақсаттарға арналған арнайы бөлінген үй-жайларда сақталады және олар кәдеге жарату үшін арнайы кәсіпорындарға шығарылады. Көрсетілген шамдардың түрлері полигонға шығарылмайды.

      58. Электрлендірілген көліктің жарық және байланыс желілерінің құлап қалған бағаналарын шығаруды негізгі магистральдарда бағана иелері тез жүзеге асырады; басқа аумақтарда, сондай-ақ бөлшектелген бағаналар - тәулік ішінде шығарылады.

      59. Уәкілетті орган коммуналдық меншіктегі субұрқақтардың тиісті жағдайын және пайдаланылуын қамтамасыз етеді.

      60. Субұрқақтарды қосу мерзімін, олардың жұмыс істеу режимін, тостағандарын жуу және тазарту кестесін, технологиялық үзілістерін және жұмыс істеуінің аяқталуын уәкілетті орган айқындайды.

      61. Субұрқақтар жұмыс істеп тұрған кезеңде судың беті күн сайын қоқыстан тазартылады. Пайдаланушы ұйымдар субұрқақтардың тазалығын жұмысы тоқтаған кезеңде де, оларды тазалықта ұстайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады