"Аягөз ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы

Күшін жойған

Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы әкімдігінің 2015 жылғы 16 ақпандағы N 128 қаулысы. Шығыс Қазақстан облысының Әділет департаментінде 2015 жылғы 12 наурызда N 3737 болып тіркелді. Күші жойылды - Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы әкімдігінің 2015 жылғы 31 наурыздағы № 236 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы әкімдігінің 31.03.2015 № 236 қаулысымен.
      РҚАО-ның ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.
      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 39 бабына, Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 29 қазандағы № 410 "Қазақстан Республикасы мемлекеттік органының үлгі ережесін бекіту туралы" Жарлығына сәйкес, Аягөз ауданының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Осы қаулының қосымшасына сәйкес "Аягөз ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы ереже бекітілсін.
      2. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      Аудан әкімі Б. Байахметов

  Аягөз ауданы әкімдігінің
2015 жылғы "16" ақпандағы
№ 128 қаулысымен бекітілген

"Аягөз ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы ереже
1. Жалпы ережелер

      1. "Аягөз ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Бөлім) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органы болып табылады, Аягөз ауданы аумағында кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы саласына басшылықты жүзеге асырады.
      2. Бөлім өз қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президентi мен Үкiметiнiң актiлерiне, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
      3. Бөлім мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттiк тiлде өз атауы бар мөрi мен мөртаңбалары, белгiленген үлгiдегi бланкiлерi, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
      4. Бөлім азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседi.
      5. Бөлім егер заңнамаға сәйкес осыған уәкiлеттiк берiлген болса, мемлекеттiң атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
      6. Бөлім өз құзыретiнiң мәселелерi бойынша заңнамада белгiленген тәртiппен Бөлім басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актiлермен ресiмделетiн шешiмдер қабылдайды.
      7. Бөлімнің құрылымы мен штат санының лимитi қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекiтiледi.
      8. Заңды тұлғаның орналасқан жерi: 070200, Қазақстан Республикасы, Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы, Аягөз қаласы, Бауыржан Момышұлы көшесі, 69.
      9. Мемлекеттiк органның толық атауы – "Аягөз ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі" мемлекеттiк мекемесi.
      10. Осы Ереже Бөлімнің құрылтай құжаты болып табылады.
      11. Бөлімнің қызметiн каржыландыру Аягөз ауданының жергiлiктi бюджетінен жүзеге асырылады.
      12. Бөлімге кәсiпкерлiк субъектiлерiмен Бөлімнің функциялары болып табылатын мiндеттердi орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
      13. Бөлімнің жұмыс тәртібі ішкі еңбек тәртібі қағидаларымен белгіленеді және Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының нормаларына қайшы келмеуі тиіс.

2. Мемлекеттiк органның миссиясы, негiзгi мiндеттерi, функциялары, құқықтары мен мiндеттерi

      14. Бөлімнің миссиясы: Аягөз ауданы аумағында кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын жүзеге асыруды қамтамасыз ету.
      15. Бөлімнің мiндеттерi:
      1) кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдауды жүзеге асырады;
      2) аудан аумағында сауда қызметін реттейді;
      3) туристік қызметті дамыту мәселелері жөніндегі мемелекет саясатының негізгі бағыттарын іске асырады;
      4) туристік қызметке жәрдемдеседі және оның дамуы үшін қолайлы жағдайлар жасайды;
      5) ауылда экономикалық реформаның негізгі бағыттарын орындауды және іске асыруды ұйымдастырады және осының негізінде аграрлық сектордың, оның даму тенденциясының перспективаларын анықтайды;
      6) нарықтық инфрақұрылымды және нарықтық үлгідегі ұйымдық құрылымды құруға көмек көрсетеді, бірыңғай қаржылық-инвестициялық саясат пен есепті жүргізеді;
      7) жеке меншік негізінде ауылда әр түрлі ұйымдық - құқықтық нысандарың дамуына және құрылуына көмек көрсетеді;
      8) ғылыми-техникалық үдерістің негізгі бағыттарын анықтайды және оларды іске асыру жолдары мен тәсілдерін, ғылым мен техника жетістіктерін насихаттауды енгізуге көмек көрсетеді;
      9) Аягөз ауданы аумағында азық-түлік қауіпсіздігі жағдайына мониторинг жүргізеді.
      16. Бөлімнің функциялары:
      1) Аягөз ауданы аумағында кәсіпкерлік қызмет пен инвестициялық ахуалды дамыту үшін жағдай жасайды;
      2) өңiрде шағын және орта кәсiпкерлiктi және инновациялық қызметтi қолдау инфрақұрылымының объектiлерiн құру мен дамытуды қамтамасыз етедi;
      3) сарапшылық кеңестердiң қызметiн ұйымдастырады;
      4) бәсекеге қабілетті тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің отандық өндірісін дамыту үшін жағдай жасайды;
      5) әлеуметтiк маңызы бар азық-түлiк тауарларына рұқсат етiлген шектi бөлшек сауда бағалары мөлшерiнiң сақталуына өз құзыреті шегінде мемлекеттiк бақылауды жүзеге асырады;
      6) көрмелер мен жәрмеңкелер ұйымдастыруды жүзеге асырады;
      7) Аягөз ауданының аумағында туристік қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады және үйлестіруді жүзеге асырады;
      8) Аягөз ауданы аумағында туризмді дамыту туралы ақпарат жинауды, талдауды жүзеге асырады және оны облыстың жергілікті атқарушы органына береді;
      9) аудандық туристік ресурстарды қорғау жөніндегі шараларды әзірлейді және енгізеді;
      10) Аягөз ауданы аумағында туристік индустрия объектілерін жоспарлау және салу жөніндегі қызметті үйлестіреді;
      11) балалар мен жастар лагерьлерінің, туристер бірлестіктерінің қызметіне және өз бетінше туризмді дамытуға жәрдем көрсетеді;
      12) туристік ақпаратты, оның ішінде туристік әлеует, туризм объектілері және туристік қызметті жүзеге асыратын тұлғалар туралы ақпарат береді;
      13) агроөнеркәсiптiк кешен субъектiлерiн Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес мемлекеттiк қолдауды жүзеге асырады;
      14) агроөнеркәсiптiк кешендi дамыту саласындағы мемлекеттiк техникалық инспекцияны жүзеге асырады;
      15) ауылдық аумақтарды дамытудың мониторингiн жүргiзеді;
      16) агроөнеркәсiптiк кешен мен ауылдық аумақтар саласында жедел ақпарат жинауды жүргiзеді және оны Шығыс Қазақстан облысының жергiлiктi атқарушы органына береді;
      17) "Агроөнеркәсiп кешенiндегi үздiк кәсiп иесi" конкурсын өткiзеді;
      18) тиiстi өңiрде азық-түлiк тауарлары қорларын есепке алуды жүргiзеді және Шығыс Қазақстан облысының жергiлiктi атқарушы органына есептiлiк ұсынады;
      19) жергiлiктi мемлекеттiк басқару мүдделерiнде Қазақстан Республикасының заңнамасында жергiлiктi атқарушы органдарға жүктелетiн өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
      17. Бөлімнің құқықтары мен міндеттері:
      1) Бөлім құзыретіне кіретін мәселелер бойынша аудан басшыларына қарауға ұсыныс енгізу;
      2) Қазақстан Республикасы заңнамасында көзделген құзыреті шеңберінде Бөлім қызметіне қатысты мәселелерді қарау және бірлесіп атқару үшін ауданның өзге жергілікті атқарушы органдары бөлімдерінің қызметкерлерін қатыстыру;
      3) Бөлім құзыретіне кіретін мәселелер бойынша белгіленген тәртіппен кеңес өткізуге бастамашылық ету;
      4) өз функцияларын орындау үшін өзге мемлекеттік органдардан, лауазымды тұлғалардан, ұйымдардан және олардың басшыларынан, азаматтардан Қазақстан Республикасының заңнамаларымен белгіленген құзырет шегінде қажетті ақпаратты сұрау;
      5) Бөлім құзыретіне кіретін мәселелер бойынша кеңес беру;
      6) жеке және заңды тұлғалардың ресми сұранымы болған жағдайда өз құзыреті шегінде және заңнама шеңберінде қажетті материалдар мен ақпаратты ұсыну;
      7) Бөлім құзыретіне кіретін өзге де міндеттерді орындау.

3. Мемлекеттік органның қызметін ұйымдастыру

      18. Бөлімді басқару Бөлімге жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бірінші басшымен жүзеге асырылады.
      19. Бөлімнің бірінші басшысын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Аягөз ауданының әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
      20. Бөлім басшысының өкілеттігі:
      1) заңнамамен белгіленген тәртіпте Бөлім қызметкерлерін лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;
      2) заңнамамен белгіленген тәртіпте Бөлім қызметкерлерін көтермелеуді және тәртіптік жазаға тартуды жүзеге асырады;
      3) өз құзыреті шегінде бұйрық шығарады, нұсқаулар береді, қызметтік құжаттамаға қол қояды;
      4) Бөлім қызметкерлерінің лауазымдық нұсқаулықтарын бекітеді;
      5) мемлекеттік органдарда, басқа ұйымдарда Бөлім мүддесін білдіреді;
      6) Аягөз ауданы әкімдігінің қаулысымен бекітілген штат санының лимиті мен құрылымы шегінде Бөлімнің штат кестесін бекітеді;
      7) сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру бойынша қажетті шаралар қабылдайды және оған дербес жауапты болады;
      8) ерлер мен әйелдердің олардың тәжірибелеріне, мүмкіндіктеріне және кәсіби дайындықтарына сәйкес мемлекеттік қызметке тең қолжетімдігін қамтамасыз етеді;
      9) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттілікті жүзеге асырады.
      Бөлімнің басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.

4. Мемлекеттік органның мүлкі

      21. Бөлімнің заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.
      Бөлімнің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
      22. Бөлімге бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.
      23. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Бөлім, өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

      24. Бөлімді қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады