Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындау туралы Қағиданы бекіту туралы

Күшін жойған

Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай аудандық мәслихатының 2015 жылғы 28 қаңтардағы № 30/2-V шешімі. Шығыс Қазақстан облысының Әділет департаментінде 2015 жылғы 23 ақпанда № 3696 болып тіркелді. Күші жойылды - Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай аудандық мәслихатының 2019 жылғы 25 қазандағы № 43/7-VI шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай аудандық мәслихатының 25.10.2019 № 43/7-VI (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.
      РҚАО-ның ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.
      "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі Заңының 97-бабының 2-тармағына, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 6- бабы 1- тармағының 15) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің кейбір мәселелері туралы" 2009 жылғы 14 сәуірдегі № 512, "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы" 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 қаулыларына сәйкес Бесқарағай аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай аудандық мәслихатының 17.10.2018 № 29/5-VI шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      1. Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындау туралы Қағидасы бекітілсін.
      2. Бесқарағай аудандық мәслихатының шешімдері қосымшаға сәйкес күші жойылды деп танылсын.
      3. Осы шешім оның алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Сессия төрайымы Т. ШЕБАРШОВА
      Бесқарағай аудандық
      мәслихатының хатшысы Қ. САДЫҚОВ

  Бесқарағай аудандық
мәслихатының 2015 жылғы
28 қаңтардағы № 30/2-V
шешімімен бекітілген

Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындау туралы Қағида

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындау туралы Қағидасы (бұдан әрі-Қағида) "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі Заңына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің кейбір мәселелері туралы" 2009 жылғы 14 сәуірдегі № 512, "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы" 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 қаулыларына сәйкес әзірленді және аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындайды.
      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай аудандық мәслихатының 17.10.2018 № 29/5-VI шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      2. Қағидада мынандай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) аз қамтылған отбасылар (азаматтар) – Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес тұрғын үй көмегiн алуға құқығы бар адамдар;
      2) коммуналдық қызметтер - тұрғын үйде (тұрғын ғимаратта) көрсетілетін және сумен жабдықтауды, кәрізді, газбен жабдықтауды, электрмен жабдықтауды, жылумен жабдықтауды, қоқысты әкету мен лифт қызметін көрсетуді қамтитын қызметтер;
      3) кондоминиум объектiсiнiң ортақ мүлкiн күтіп-ұстауға жұмсалатын шығыстар – үй жайлардың (пәтерлердің) меншік иелерінің жалпы жиналыстың шешімімен белгіленген ай сайынғы жарналар арқылы кондоминиум объектiсiнiң ортақ мүлкiн пайдалануға және жөндеуге, жер учаскесiн күтiп ұстауға, коммуналдық қызметтердi тұтынуды есептеудiң үйге ортақ аспаптарын сатып алуға, орнатуға, пайдалануға және салыстырып тексеруге, кондоминиум объектiсiнiң ортақ мүлкiн күтіп-ұстауға тұтынылған коммуналдық қызметтердi төлеуге, сондай-ақ кондоминиум объектiсiнiң ортақ мүлкiн немесе оның жекелеген түрлерiн болашақта жүргізілетін күрделi жөндеуге ақша жинақтауға арналған шығыстарының міндетті сомасы;
      4) отбасының (азаматтың) жиынтық табысы - тұрғын үй көмегiн тағайындауға өтiнiш бiлдiрiлген тоқсанның алдындағы тоқсанда отбасы (азамат) кiрiстерiнiң жалпы сомасы;
      5) уәкiлеттi орган - жергiлiктi бюджет қаражаты есебiнен қаржыландыратын, тұрғын үй көмегiн тағайындауды жүзеге асыратын Бесқарағай аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі.
      6) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштер қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен құрылған заңды тұлға.
      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай аудандық мәслихатының 17.10.2018 № 29/5-VI шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      3. Тұрғын үй көмегі жергілікті бюджет қаражаты есебінен осы елді мекенде тұрақты тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға):
      1) жекешелендiрiлген тұрғынжайларда тұратын немесе мемлекеттiк тұрғын үй қорындағы тұрғын үй-жайларды (пәтерлердi) жалдаушылар (қосымша жалдаушылар) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға жұмсалатын шығыстарына;
      2) тұрғын үйдiң меншiк иелерi немесе жалдаушылары (қосымша жалдаушылар) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) коммуналдық қызметтердi және телекоммуникация желiсiне қосылған телефонға абоненттiк төлемақының өсуi бөлiгiнде байланыс қызметтерiн тұтынуына;
      3) жергiлiктi атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғын үй-жайды пайдаланғаны үшiн жалға алу төлемақысын төлеуге беріледі.
      Аз қамтылған отбасылардың (азаматтардың) тұрғын үй көмегiн есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетiлген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың сомасы ретiнде айқындалады.

2. Тұрғын үй көмегін көрсету тәртібі

      4. "Тұрғын үй көмегін тағайындау" мемлекеттік қызметін уәкілетті орган көрсетеді.

      Отбасы (азамат) (не нотариат куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) тұрғын үй көмегін тағайындау үшін Мемлекеттік корпорацияға немесе "электрондық үкімет" веб-порталына тоқсанына бір рет жүгінуге құқылы.

      Құжаттарды қарау және тұрғын үй көмегін көрсету туралы шешім қабылдау немесе көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап беру мерзімі Мемлекеттік корпорациядан құжаттардың толық топтамасын алған күннен бастап сегіз жұмыс күнін құрайды..
      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай аудандық мәслихатының 17.10.2018 № 29/5-VI шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      5. Отбасы (азамат) (не нотариат куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) тұрғын үй көмегін тағайындау үшін Мемлекеттік корпорацияға және/немесе "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы өтініш береді және мынадай құжаттарды қоса береді:

      1) өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін түпнұсқасы беріледі);

      2) отбасының табысын растайтын құжаттар;

      3) өтініш берушінің тұрғылықты тұратын жерiнен мекенжай анықтамасы (мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынатын мәліметтерді қоспағанда);

      4) жылжымайтын мүлiктiң болуы (болмауы) туралы анықтама (тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынатын мәліметтерді қоспағанда);

      5) зейнетақы аударымдары туралы анықтама (тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынатын мәліметтерді қоспағанда);

      6) жұмыс орнынан немесе жұмыссыз адам ретінде тіркелуі туралы анықтама;

      7) балаларға және асырауындағы басқа да адамдарға алименттер туралы мәліметтер;

      8) банктік шоты;

      9) тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп ұстауға арналған ай сайынғы жарналардың мөлшері туралы шоттар;

      10) коммуналдық қызметтерді тұтынуға арналған шоттар;

      11) телекоммуникация қызметтері үшін түбіртек-шот немесе байланыс қызметтерін көрсетуге арналған шарттың көшірмесі;

      12) жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жергілікті атқарушы орган берген жалдау ақысының мөлшері туралы шот.

      Осы тармақта көзделмеген құжаттарды талап етуге жол берілмейді.

      Отбасы (азамат) (не нотариат куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) қайта өтініш берген кезде осы Ереженің 5-3-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, отбасының табыстарын растайтын құжаттарды және коммуналдық шығыстарға арналған шоттарын ғана ұсынады.
      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай аудандық мәслихатының 17.10.2018 № 29/5-VI шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      5-1. "Электрондық үкімет" веб-порталы арқылы өтініш жасаған жағдайда көрсетілетін өтініш берушінің "жеке кабинетіне" мемлекеттік көрсетілетін қызмет көрсетуге сұрау салуының қабылдағаны туралы мәртебе, сондай-ақ мемлекеттік көрсетілетін қызметтің нәтижесін алу күні мен уақыты көрсетіле отырып, хабарлама жіберіледі.

      Ескерту. Қағида 5-1 тармақпен толықтырылды - Шығыс Қазақстан облысы Беқарағай аудандық мәслихатының 17.10.2018 № 29/5-VI шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      5-2. Мемлекеттік корпорацияға жүгінген кезде, өтінішті ақпараттық жүйе арқылы қабылдайды және оны тұрғын үй көмегін тағайындауды жүзеге асыратын уәкілетті органға жібереді, бұл ретте өтініш берушіге тиісті құжаттардың қабылданғаны туралы қолхат беріледі.

      Осы Ереженің 5-тармағында көзделген құжаттар топтамасы толық ұсынылмаған жағдайда, Мемлекеттік корпорацияның қызметкері құжаттарды қабылдаудан бас тарту туралы қолхат береді.

      Ескерту. Қағида 5-2 тармақпен толықтырылды - Шығыс Қазақстан облысы Беқарағай аудандық мәслихатының 17.10.2018 № 29/5-VI шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      5-3. Уәкілетті орган отбасы (азамат) (не нотариат куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) ұсынған құжаттардың және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) дұрыс емес екенін анықтау негізінде тұрғын үй көмегін беруден бас тартады және өтініш берілген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде өтініш берушіге "электрондық үкімет" веб-порталы не Мемлекеттік корпорация арқылы дәлелді бас тартуды жібереді.

      Ескерту. Қағида 5-3 тармақпен толықтырылды - Шығыс Қазақстан облысы Беқарағай аудандық мәслихатының 17.10.2018 № 29/5-VI шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      6. Тұрғын үй көмегі тоқсандағы құжат өткізген уақытына қарамастан тоқсан сайын көрсетіледі және тоқсанға тағайындалады. Алғаш өтініш жасаған кезде тұрғын үй көмегі, қажетті құжаттар тізбесімен қоса өтініш берген айдан бастап тағайындалады.
      7. Тұрғын үй көмегі:
      1) жеке меншігінде бір бірліктен артық тұрғын үйі (үйі, пәтері) бар немесе тұрғын үй-жайларын жалға берген;
      2) құрамында жұмысқа жарамды, бірақ жұмыс істемейтін, оқымайтын, әскер қатарында қызмет етпейтін және жұмыспен қамту мәселелері бойынша уәкілетті органда тіркелмеген тұлғалары бар, келесі тұлғаларды қоспағанда:
      бірінші және екінші топтағы мүгедектерді, 18 жасқа дейінгі мүгедек-балаларды, сексен жастан асқан тұлғаларды күтетін тұлғаларды, үш жасқа дейінгі баланы тәрбиелеумен айналысатын аналарды;
      3) құрамында заңды некеде тұрған, бірақ жоқ жұбайының тұрғылықты жерін білмейтін (көрсетпейтін) және осы мәселе бойынша құқық қорғау органдарына өтініш жасамаған тұлғалары бар;
      4) егер ата-аналары ажырасқан және өздерімен бірге тұратын балаларына алимент өндіру туралы талап бермеген отбасыларға көрсетілмейді.
      8. Құрамында зейнеткерлер, мүгедектер, мүгедек балалар, жетімдер, қамқорлықтағылар, төрт және одан да көп кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар отбасыларды қолдау мақсатында тұрғын үй көмегін есептегенде кіріс Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен уақыттың сәйкес кезеңіне белгіленген екі айлық есептік көрсеткішке түзетіледі (кемітіледі).
      9. Тұрғын үй көмегін тағайындау туралы шешімді не кызметті көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауапты тұрғын үй көмегін тағайындауды жүзеге асыратын уәкілетті орган қабылдайды. Тағайындау туралы хабарлама не тағайындаудан бас тарту туралы дәлелді жауап Мемлекеттік корпорацияға немесе электрондық құжат ретінде "жеке кабинетке" жіберіледі.
      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай аудандық мәслихатының 17.10.2018 № 29/5-VI шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      10. Тұрғын үй көмегiн алушылар 10 жұмыс күнi iшiнде уәкiлеттi органға өз тұрғын үйiнiң меншiк нысанының, отбасы құрамының, оның жиынтық табысы мен мәртебесiнiң кез-келген өзгерiстерi туралы хабардар етедi.
      11. Тұрғын үй көмегiнiң негiзсiз алынған соммалар алушымен ерiктi түрде, ал бас тартқан жағдайда заңнамамен белгiленген тәртiпте қайтарылуға жатады.

3. Тұрғын үй көмегінің мөлшері, тұрғын үйді ұстау және коммуналдық
қызметтерді пайдалану нормативтері

      12. Тұрғын үй көмегi отбасының (азаматтардың) кондоминиум объектiсiнiң ортақ мүлкiн күтіп-ұстау, коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефонға абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтыну, жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін жалға алу төлемақысын төлеуге нормалар шегiнде ақы төлеу шығындарының сомасы мен отбасының (азаматтардың) осы мақсаттарға жұмсаған, жергілікті өкілетті органдар белгiлеген шығыстарының шектi жол берiлетiн деңгейiнiң арасындағы айырма ретiнде айқындалады.
      13. Шектi жол берiлетiн шығыстар деңгейі отбасының (азаматтың) жиынтық табыстарына 10 пайызы мөлшерiнде белгiленедi.
      14. Тұрғын үй көмегін есептеу кезінде келесі нормалар есепке алынады:
      1) тұрғынжайдың жалпы алаңы:
      жалғыз тұрып жатқан азаматтарға – 30 шаршы метр;
      2 адамнан тұратын отбасыға – 30 шаршы метр;
      3 және одан да артық адамнан тұратын отбасыға әр отбасы мүшесіне - 18 шаршы метрден, бiрақ 90 шаршы метрден аспау керек;
      2) газды шығындау нормасы:
      айына бір адамға – 5,5 кг.
      3) бір айда электр қуатын тұтыну нормасы:
      1 адам тұрса – 90 кВт;
      2 адам тұрса – 180 кВт;
      3 адам тұрса – әр адамға 90 кВт;
      электр плиталармен жабдықталған үйлерде – бір тұрғынға 120 кВт;
      газ плиталар болған жағдайда - 90 кВт.
      15. Тұрғынжайдың жалпы алаңының 1 шаршы метріне көмірдің шығыны – 129,8 кг, бірақ бір үйге 5000 кг артық емес.
      16. Сумен жабдықтау, кәріз, газбен жабдықтау, электрмен жабдықтау, жылумен жабдықтау, қоқысты әкету, лифт қызметі және телекоммуникациялық қызметтер үшін шығындар қызмет көрсетушілердің тарифтерімен ескеріледі.
      17. Тас көмiрдiң құнын есептеу үшiн Шығыс Қазақстан облыстық статистика басқармасы ұсынған аудан бойынша тұрғын үй көмегi есептелетін тоқсанның алдындағы тоқсандағы тас көмірдің орташа бағасы алынады.
      18. Иелері өздері жылытатын тұрғын үйде (ғимаратта) отынның тас көмірден басқа түрлері қолданылса, тұрғын үй көмегін есептеген кезде олардың құны мен шығын нормасы тас өмiрдiң құнына балама есептеледi.

4. Тұрғын үй көмегін төлеу

      19. Тұрғын үй көмегін төлеу екінші деңгейдегі банктер арқылы алушылардың дербес шоттарына аудару жолымен жүзеге асырылады.

5. Қорытынды ережелер

      20. Осы Қағидалармен реттелмеген қатынастар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес реттеледі.

  Бесқарағай аудандық
мәслихатының 2015 жылғы
28 қаңтардағы № 30/2-V
шешіміне қосымша

      Бесқарағай аудандық мәслихатының келесі шешімдерінің күші жойылсын деп танылсын:
      1) "Бесқарағай ауданында аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсету Ережесі туралы" Бесқарағай аудандық мәслихатының 2012 жылғы 6 сәуірдегі № 2/5-V (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 5-7-116 болып тіркелген, "Бесқарағай тынысы" газетінің 2012 жылғы 19 мамырда № 41 санында жарияланды);
      2) "Бесқарағай ауданында аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсету Ережесі туралы" 2012 жылғы 6 сәуірдегі № 2/5-V шешімге өзгерту мен толықтыру енгізу туралы" 2013 жылғы 27 ақпандағы № 11/2-V (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 2924 болып тіркелген, "Бесқарағай тынысы" газетінің 2013 жылғы 13 сәуірде № 31 санында жарияланды);
      3) "Бесқарағай ауданында аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсету Ережесі туралы" 2012 жылғы 6 сәуірдегі № 2/5-V шешімге өзгерту мен толықтыру енгізу туралы" 2014 жылғы 31 наурыздағы № 20/10-V (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 3285 болып тіркелген, "Бесқарағай тынысы" газетінің 2014 жылғы 24 мамырда № 44 санында жарияланды).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады