Өнімдер (тауарлар) мен шикізаттың жекелеген түрлерінің ресурстары мен пайдалану теңгерімдерін құру жөніндегі әдістемені бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі статистика комитеті төрағасының 2016 жылғы 13 шілдедегі № 143 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 10 тамызда № 14088 болып тіркелді.

      Ескерту. Тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы Басшысының 12.12.2023 № 21 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Мемлекеттік статистика туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабы 5) тармақшасына және Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасының 2020 жылғы 23 қазандағы № 9-нқ бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы туралы Ереженің 15-тармағының 20) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы Басшысының 12.12.2023 № 21 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Өнімдер (тауарлар) мен шикізаттың жекелеген түрлерінің ресурстары мен пайдалану теңгерімдерін құру жөніндегі әдістеме бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы Басшысының 12.12.2023 № 21 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің Қызмет көрсету және энергетика статистикасы басқармасы Заң басқармасымен бірлесіп заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның мерзімді баспасөз басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялануға жіберілуін;

      3) тіркелген бұйрықты алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде баспа және электрондық түрде Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;

      4) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің Қызмет көрсету және энергетика статистикасы басқармасы осы бұйрықты жұмыс бабында басшылыққа алу және пайдалану үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің құрылымдық бөлімшелеріне және аумақтық органдарына жеткізсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті төрағасының орынбасарына (Ж.Ә. Жарқынбаев) жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрілігі
Статистика комитетінің төрағасы
Н. Айдапкелов

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі
Статистика комитеті төрағасының
2016 жылғы 13 шілдедегі
№ 143 бұйрығымен бекітілді

Өнімдер (тауарлар) мен шикізаттың жекелеген түрлерінің ресурстары мен пайдалану теңгерімдерін құру жөніндегі әдістеме

      Ескерту. Әдістеме жаңа редакцияда – ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы Басшысының 12.12.2023 № 21 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Халықаралық стандарттар мен ұсынымдарға сәйкес Өнімдер (тауарлар) мен шикізаттың жекелеген түрлерінің ресурстары мен пайдалану теңгерімдерін құру жөніндегі әдістеме (бұдан әрі – Әдістеме) "Мемлекеттік статистика туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес қалыптастырылатын және бекітілетін жалпымемлекеттік статистикалық әдіснамаға жатады.

      2. Әдістеме Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының (бұдан әрі – Бюро) заттай және құндық мәндегі жекелеген өнім түрлерінің ресурстары мен пайдалану теңгерімдерін әзірлеу жолымен өнімдер (тауарлар) мен шикізаттың ресурстарын қалыптастыру және пайдалану бойынша есептеулерді өткізу тәртібін айқындайды.

      3. Осы әдістемені Бюро өнімдер (тауарлар) мен шикізаттың жекелеген түрлерінің ресурстары мен пайдалану теңгерімі бойынша статистикалық көрсеткіштерді қалыптастыру үшін қолданады.

      4. Осы Әдістемеде мынадай ұғымдар және анықтамалар қолданылады:

      1) импорт – ел ішінде пайдалануға арналған және кері экспорт үшін шетелден тауарлар әкелу;

      2) өндіріс (өндіру) – республика аумағында өндірілген немесе шығарылған өнімдер (тауарлар) көлемі;

      3) ресурстар – өнімнің (тауардың) нақты түрінің өндіріс (өндіру) көлемін, олардың басқа елдерден келуін, өндірушілердегі, көтерме және бөлшек сауда кәсіпорындарындағы, тұтынушылардағы, қорлардың бар болуын қамтиды;

      4) тауар ресурстарының теңгерімі – бұл негiзгi тұтыну тауарлары жалпы тауарлар ресурстарын қалыптастыру көздерін және өндiрiстiк-техникалық мақсаттағы өнімдерді және оларды пайдалануын сипаттайтын көрсеткіштер жүйесі;

      5) экспорт – сыртқы нарықта өткізу үшін тауарларды елден шығару, сондай-ақ шетелде шығарылатын тауарлардың кері экспорты.

2-тарау. Өнімдер (тауарлар) мен шикізаттың жекелеген түрлерінің ресурстары мен пайдалану теңгерімдерінің құрылымы

      5. Өнімдер (тауарлар) мен шикізаттың жекелеген түрлерінің ресурстары мен пайдалану теңгерімі республикалық деңгейде қалыптастырылады.

      6. Өнімдер (тауарлар) мен шикізаттың жекелеген түрлерінің ресурстары мен пайдалану теңгерімінің есебі ішкі сияқты сыртқы нарықта да өнімнің пайдалану көлемін анықтауға мүмкіндік беретін өзара байланысты көрсеткіштер жүйесіне негізделінеді. Ол түрлі көздерден алынған статистикалық ақпараттың байланысуының белгілі бір мүмкіндігін қамтамасыз етеді және өнімдер (тауарлар) мен шикізаттың жекелеген түрлерінің ресурстары жағдайын талдауға негіз болып табылады.

      Теңгерімдер біртұтас сызба бойынша құралады және "ресурстар" және "пайдалану" деген екі бөлікке ие, есептеу әдістемесі және ақпараттық қамтамасыз етілуі өнімдер (тауарлар) мен шикізаттың жекелеген түрлеріне тән айрықша ерекшелікке ие жекелеген баптар негізінде құрылады.

      7. Жыл сайынғы және ай сайынғы теңгерімді қалыптастыру мынадай формула бойынша жүзеге асырылады:

      Ө + И = Э + Інө,                         (1)

      мұнда

      Ө – өндіріс көлемі;

      И – импорт;

      Э – экспорт;

      Інө – ішкі нарықта өткізу.

      Ресурстар және пайдалану теңгерімінің жалпы сызбасы осы Әдістемеге 1-қосымшада келтірілген.

3-тарау. Өнімдер (тауарлар) мен шикізаттың жекелеген түрлерінің ресурстары мен пайдалану теңгерімін есептеу үшін ақпараттық база

      8. Ресурстар мен пайдалану теңгерімін құру кезіндегі ақпараттық база статистиканың әртүрлі саласынан алынған статистикалық ақпарат және осы Әдістемеге 2-қосымшада келтірілген әкімшілік деректер болып табылады.

      Өндіріс сатистикасы және сыртқы сауда статистикасы бойынша деректері өлшем бірлігі әр түрлі болғанда ресурстар мен пайдалану теңгерімдері тек құндық мәнде қалыптастырылады.

      Жалпымемлекеттік статистикалық байқаулар нысандары негізінде алынған және сыртқы сауда статистикасы деректерінің салғастырымдылығын қамтамасыз ету мақсатында статистикалық жіктеуіштер мен олардың ауыспалы кілттері қолданылады.

4-тарау. Теңгерімнің жекелеген баптарын құру ерекшеліктері

      9. Теңгерім өнімнің өндірген сәтінен бастап оның соңғы пайдаланылуына дейінгі қозғалысын көрсетеді. Ол тауарлар нарығындағы жағдайды ағымдағы талдау мен болжауды жүзеге асыруға, импортқа деген сұранысты бағалауды, елдің өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейін есептеуге және ішкі нарықта пайдалану үшін тауарлық ресурстардың жалпы көлемі мен өнімнің түрлері бойынша сату көлемін анықтауды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

      Теңгерімдер статистикалық жіктеуіштерге сәйкес тауарлар тiзбесі бойынша әзірленеді.

      Еуразиялық экономикалық одаққа (бұдан әрі – ЕАЭО) мүше мемлекеттермен өзара сауда статистикасы және ЕАЭО-ға кірмейтін басқа мелекеттермен сыртқы сауда статистикасы деректері бойынша экспорттық және импорттық түсімдер көлемі жалпы қойылады. Құндық мәндегі теңгерімді қалыптастыру кезінде долларлық баламада экспорт және импорт бойынша деректер есептік кезеңнің орташа салмақтанған валюта бағамымен ұлттық валютаға қайта есептеледі.

      10. Теңгерімді құру үшін қажетті статистикалық ақпарат болмағанда оларды бағалау жүзеге асырылады. Мысалы, егер есеп деректері тек құндық мәнде болса, онда бағалар бойынша деректерді есепке ала отырып өнімнің (тауарлардың) көлемі заттай мәнде: "өндіріс" бабы бойынша – өндіруші-кәсіпорындар бағасын ескере отырып есептеледі. Бағалау бұл ресурстар мен пайдалану теңгерімін қалыптастыру кезінде өнімдерді экспортқа нақты жөнелту мен тауарларға декларацияны соңғы тіркеудің әртүрлі мерзімдері себебінен, сондай-ақ өнім қорларының өзгеруі есебінен туындайтын айырмашылық (теңгерімсіздік).

      Теңгерім бөлімдеріне тиісті есептің деректерін енгізгеннен кейін теңгерімнің тиісті баптарын қосу жолымен теңгерім бөлімдерін қалыптастыру жүзеге асырылады.

      11. Егер алынған теңгерімде "ресурстар" оның "пайдалануынан" асып кетсе, онда сол немесе басқа тауардың нарығында жалпымемлекеттік статистикалық байқауларда есептелген ресурстарды пайдалану көлемінің толық есепке алынбауы орын алады. Бұл жағдайда теңгерімнің "пайдалану" бөліміне "пайдалану" бабы бойынша толық есепке алмау" бабы қосылады.

      "Пайдалану" көлемі "ресурстар" көлемінен асып кеткен болса, ресурстарды қалыптастыру көздерінен толық есепке алмау анықталады. Теңгерімнің "ресурстар" бөлімінде "ресурстар" бабы бойынша толық есепке алмау" деген бап қосылады.

      Теңгерім заттай мәнде бір үлкен санға, яғни олардың толық есепке алынбауының анықталған көлемін есепке ала отырып "ресурстар" немесе "пайдалану" көлеміне келтіріледі.

      Теңгерімсіздік болғанда теңгерім бойынша олардың ауытқу себептері талданады. Содан кейін толық есепке алмау көлемдерін теңгерім бабының біріне жатқызу туралы шешім қабылданады.

      Толық есепке алмау көлемін жекелеген тауарлар бойынша теңгерімнің қандай да бір бабына жатқызу туралы шешім қабылдау кезінде тауар нарықтарының барлық субъектілерінің қызметіне басқа статистикалық байқаулар бойынша қолда бар деректер қосымша ақпарат көзі болып табылады.

      Сонымен, теңгерім бөлімдерінде толық есепке алмау туындағанда:

      "ресурстар" – толық есепке алмау көлемін ескерілмеген өндіріске не "көлеңкелі" импортқа жатқызу кезінде үй шаруашылығындағы тауар өндірісін қосымша зерттеу, сонымен қатар өзара сауда деректерін "айналы" статистикамен салыстыру қажет.

      "пайдалану" – толық есепке алмау көлемін "халыққа жіберілген" бабына жатқызу кезінде (мысалы, тұтыну тауарлары бойынша) – көтерме, бөлшек сауда кәсіпорындарын, өнеркәсіптік кәсіпорындарды (халыққа өздері өндірген өнімді өткізу бөлігінде) және үй шаруашылығында тұтыну деректерін қосымша зерттеу қажет.

      Толық есепке алмау көлемі құндық мәнде олар жатқызылған баптардың бағасына сүйене отырып есептеледі. Мысалы, егер толық есепке алмау "импорт" бабы бойынша "ресурстарда" анықталса, онда есепке алынбаған көлемдердің құны сол тауар бойынша импорттық түсімдер бағасына сүйене отырып анықталады.

      12. Теңгерімдік кестелердегі ауытқулар статистикалық алшақтықта көрініс табады, бұл "ресурстар" мен "пайдалану" баптар арасындағы айырмашылығын білдіреді:

      Ауытқу = Жкөл / ЖКС * 100,                   (2)

      мұнда

      Ауытқу – заттай мәндегі теңгерімдегі статистикалық алшақтық;

      Жкөл – толық есепке алмау көлемі;

      ЖКС – толық есепке алмау көлемін ескере отырып теңгерім келтірілген сан.

      Ауытқу = (П-Р)/П*100,                         (3)

      мұнда

      Ауытқу – құндық мәндегі теңгерімдегі статистикалық алшақтық;

      П – теңгерімдегі " пайдалану" бабы;

      Р – теңгерімдегі "ресурстар" бабы.

      Формула бойынша құндық мәндегі статистикалық алшақтықты есептеу, олар бар болған жағдайда – олардың ресурстарының құнымен салыстырғанда өнімдерді өткізу бағаларының төмендеуін анықтауға мүмкіндік береді.

      13. Алынған теңгерім деректері ел ішіндегі ресурстарды пайдалану бөлігінде теңгерімсіздік туындаған жағдайда:

      тұтыну тауарлары бойынша – бөлшек саудада өнімдерді (тауарларды) өткізу деректері үй шаруашылықтарын өнімдерді (тауарларды) тұтыну деректерімен;

      отын-энергетика кешенінің өнімдері бойынша – отын-энергетикалық теңгерім деректерімен салыстырылады.

  Өнімдер (тауарлар)
мен шикізаттың жекелеген
түрлерінің ресурстары мен
пайдалану теңгерімдерін құру
жөніндегі әдістемеге
1-қосымша

Ресурстар және пайдалану теңгерімінің жалпы сызбасы

I. Ресурстар - барлығы
соның ішінде:
Өндіріс
Импорт
II. Пайдалану - барлығы
соның ішінде:
Экспорт
Ішкі нарықта өткізу

  Өнімдер (тауарлар)
мен шикізаттың жекелеген
түрлерінің ресурстары мен
пайдалану теңгерімдерін құру
жөніндегі әдістемеге
2-қосымша

Ресурстар мен пайдалану теңгерімін құру кезіндегі ақпараттық база

Өндіріс

өндіріс статистикасының деректері

Импорт

ЕАЭО-қа мүше мемлекеттермен өзара сауда статистикасы және ЕАЭО-ға кірмейтін басқа мемлекеттермен сыртқы сауда статистикасы бойынша импорт деректері

Экспорт

ЕАЭО-қа мүше мемлекеттермен өзара сауда статистикасы және ЕАЭО-ға кірмейтін басқа мемлекеттермен ішкі сауда статистикасы бойынша экспорт деректері


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады