Байланыс формасы

Қазақстан Республикасының аумағында электрондық ақша шығару, пайдалану және өтеу қағидаларын, сондай-ақ электрондық ақша эмитенттеріне және электрондық ақша жүйелеріне қойылатын талаптарды бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 31 тамыздағы № 202 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 6 қазанда № 14298 болып тіркелді.

      "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" 1995 жылғы 30 наурыздағы, "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" 2016 жылғы 26 шілдедегі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, Қазақстан Республикасының аумағында электрондық ақша шығару, пайдалану және өтеу тәртібін, сондай-ақ электрондық ақша эмитенттеріне және электрондық ақша жүйелеріне қойылатын талаптарды белгілеу мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының аумағында электрондық ақша шығару, пайдалану және өтеу қағидалары, сондай-ақ электрондық ақша эмитенттеріне және электрондық ақша жүйелеріне қойылатын талаптар бекітілсін.

      2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес тізбе бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасы қаулысының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының кейбір қаулыларының құрылымдық элементтерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Төлем жүйелері департаменті (Ашықбеков Е.Т.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына:

      Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгенінен кейін күнтізбелік он күн ішінде "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға;

      Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізіліміне, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізуге жіберуді;

      3) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.

      4. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасы (Терентьев А.Л.) осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Ғ.О. Пірматовқа жүктелсін.

      6. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ұлттық Банк
Төрағасы
Д. Ақышев

  Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкі Басқармасының
2016 жылғы 31 тамыздағы
№ 202 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасының аумағында электрондық ақша шығару, пайдалану және өтеу қағидалары, сондай-ақ электрондық ақша эмитенттеріне және электрондық ақша жүйелеріне қойылатын талаптар

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасының аумағында электрондық ақша шығару, пайдалану және өтеу қағидалары, сондай-ақ электрондық ақша эмитенттеріне және электрондық ақша жүйелеріне қойылатын талаптар

      (бұдан әрі – Қағидалар) "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" 2016 жылғы 26 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі - Төлемдер және төлем жүйелері туралы заң) сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының аумағында электрондық ақшаны шығару, пайдалану және өтеу тәртібін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағындағы электрондық ақша эмитенттеріне (бұдан әрі - эмитент) және электрондық ақша жүйелеріне қойылатын талаптарды айқындайды.

      Қазақстан Республикасының аумағында электрондық ақша шығару, пайдалану және өтеу тәртібі, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында эмитенттерге және электрондық ақша жүйелеріне қойылатын талаптар электрондық ақша шығаруды, электрондық ақшаны пайдалана отырып, операцияларды жүзеге асыруды, электрондық ақшаны өтеуді, Қазақстан Республикасының аумағында эмитенттерге және электрондық ақша жүйелеріне қойылатын талаптарды қамтиды.

      2. Қағидаларда Төлемдер және төлем жүйелері туралы заңның 1-бабында көзделген ұғымдар, сондай-ақ мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) қауіпсіздік рәсімі – электрондық ақша иесінің электрондық ақшаны пайдалануға құқықтарын растауға және электрондық ақшаны пайдалану кезінде электрондық тәсілмен жіберілетін және алынатын хабарламалардың (бұдан әрі – электрондық хабарлама) мазмұнындағы қателерді және (немесе) өзгерістерді анықтауға арналған ұйымдастыру шараларының және ақпарат қорғау бағдарламалық-техникалық құралдарының кешені;

      2) электрондық ақша жүйесінің ішкі қағидалары – электрондық ақшаны шығаруға, сатуға, сатып алуға, өтеуге, сондай-ақ оларды электрондық ақша жүйесінде пайдалана отырып операцияларды жүзеге асыруға негіз болатын қағидалар;

      3) электрондық ақша иесінің жеке кабинеті – электрондық ақша иесінің электрондық ақша жүйесінің интернет-ресурсындағы жеке бөлімі, ол арқылы электрондық ақша иесінің электрондық ақшаның қалдығы, ол бойынша жүргізілген операциялар туралы қажетті ақпарат алу, электрондық ақша жүйесінің ішкі қағидаларында және электрондық ақша жүйесінің операторы (бұдан әрі – оператор) немесе эмитент пен электрондық ақша иесі арасында жасалған шарттарда көзделген тәртіппен электрондық ақшаны пайдалана отырып төлемдерді және өзге операцияларды жүзеге асыру үшін өзінің электрондық әмиянына қолжетімділігі болады. Электрондық ақша иесінің жеке кабинеті арқылы көрсетілетін қызметтердің тізбесін оператор белгілейді;

      4) электрондық ақша шығаруды тоқтату – эмитенттің жеке тұлғаға немесе электрондық ақша жүйесінің агентіне (бұдан әрі – агент) олардың номиналдық құны бойынша тең ақша сомасына ауыстыру арқылы электрондық ақша беруді көздейтін төлем қызметін көрсету бойынша қызметті тоқтатуы;

      5) электрондық ақшамен айырбастау операциялары – бір эмитент шығарған электрондық ақшаны басқа электрондық ақша жүйесінің қатысушысы болып табылатын басқа эмитенттің электрондық ақшасына айырбастау жөніндегі операциялар;

      6) электрондық ақшаны мәжбүрлеп өтеу – электрондық ақшаның тең номиналдық құнын электрондық ақша иесінің банк шотына не эмитенттің шоғырландырылған шотына жеке тұлға талап еткенге дейін аударуды көздейтін электрондық ақшаны өтеу бойынша операция;

      7) электрондық әмиян – микропроцессор (чип), дербес компьютерді бағдарламалық қамтамасыз етуі, электрондық ақша сақталатын және (немесе) оған қол жеткізуді қамтамасыз ететін өзге бағдарламалық техникалық құрал;

      8) электрондық әмиянды оқшаулау – электрондық ақша иесінің электрондық әмиянында сақтаулы электрондық ақшаны пайдалануға толық немесе ішінара тыйым салу.

2-тарау. Электрондық ақшаны шығару тәртібі

      3. Эмитент электрондық ақшаны шығаруды жеке тұлғалардан немесе агенттерден олармен жасалған шарттарға және электрондық ақша жүйесінің ішкі қағидаларына сәйкес алынған ақша сомасы шегінде жүзеге асырады.

      Электрондық ақша жүйесі бір жалғыз эмитенттің (бұдан әрі - электрондық ақшаның бір эмитенті бар жүйесі) не бірнеше (екі және одан астам) эмитенттің (бұдан әрі - электрондық ақшаның көп эмитенті бар жүйесі) қатысуымен жұмыс істейді.

      4. Эмитент электрондық ақшаны шығару қызметін жүзеге асыру басталған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде бұл туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша хабарлайды және мынадай құжаттар мен мәліметтерді ұсынады:

      1) эмитенттің басқару органы немесе операторы бекіткен электрондық ақша жүйесінің ішкі қағидалары (егер электрондық ақша жүйесінің операторы электрондық ақша жүйесі тауар белгісінің иесі ретінде болған және (немесе) электрондық ақша жүйесін басқаруды жүзеге асырған жағдайда);

      2) эмитенттің электрондық ақша жүйесіндегі мәртебесін растайтын құжаттар (егер эмитент электрондық ақша жүйесінің операторы болып табылмаған және оған электрондық ақша жүйесінің тауар белгісіне арналған құқық тиесілі болмаған жағдайда);

      3) электрондық ақша иелерімен жасалатын шарттардың үлгілері;

      4) қауіпсіздіктің және электрондық ақша жүйесінде ақпаратты рұқсатсыз пайдаланудан қорғаудың бекітілген рәсімдерінің болуы туралы растау;

      5) электрондық ақша жүйесі туралы:

      электрондық ақша жүйесінің атауынан;

      оператордың атауынан;

      электрондық әмиян түрінен;

      электрондық ақша жүйесі қатысушыларының арасындағы шарттық өзара қарым-қатынастар схемасынан;

      электрондық ақшаны пайдалана отырып операцияларды жүзеге асыру кезіндегі ақша және ақпарат ағындарының схемасынан;

      оператормен өзара іс-қимыл схемасынан (егер эмитент оператор болып табылмаған жағдайда);

      электрондық ақша жүйесінде қолданылатын тәуекелдерді басқару әдістерінен тұратын негізгі сипаттамалардың және мәліметтердің сипаты;

      6) мыналардан:

      ақпарат өңдеудің бағдарламалық-техникалық құралдары құрамының, телекоммуникацияның және пайдаланылатын байланыс арналарының сипаттамасынан;

      электрондық ақша жүйесіндегі бағдарламалық қамтамасыз етуді және ақпаратты рұқсатсыз пайдаланудан қорғаудың ұйымдастыру, аппараттық-бағдарламалық және басқа да тәсілдері туралы мәліметтерді қамтитын ішкі құжаттардан тұратын бағдарламалық-техникалық құралдардың сипаттамалары туралы анықтама.

      5. Электрондық ақша жүйесінің немесе эмитенттің немесе оператордың тауар белгісінің атаулары өзгерген кезде (егер эмитент электрондық ақша жүйесінің операторы болып табылмаған және оған электрондық ақша жүйесінің тауар белгісіне құқығы тиесілі болмаған жағдайда) эмитент Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне бұл туралы электрондық ақша жүйесінің немесе эмитенттің немесе оператордың тауар белгісі өзгерген күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде еркін жазбаша нысанда хабарлайды.

      6. Жеке тұлғалардың және агенттердің электрондық ақшаны сатып алуы қолма-қол ақша жарнасы не ақшаны қолма-қол жасалмайтын тәртіппен эмитенттің тиісті шотына аудару арқылы жүзеге асырылады.

      7. Эмитент немесе оператор электрондық ақшаны шығарған кезде электрондық ақша иесін электрондық ақшамен операцияларды жүзеге асыру тәртібі және электрондық ақшаны пайдалану кезінде туындайтын тәуекелдер, шағымдарды беру тәсілдері туралы және оларды қарау тәртібі, сондай-ақ электрондық ақшаны пайдалана отырып операцияларды жүзеге асыру кезінде алынатын комиссиялық сыйақының түрлері мен мөлшерлері туралы ақпаратпен таныстырады.

      8. Электрондық ақшаны шығарған кезде электрондық ақша иесіне жеке тұлғаның немесе электрондық ақша агентінің сатып алу фактісін растайтын түбіртек немесе өзге құжат (бұдан әрі – түбіртек) беріледі. Электрондық ақшаны шығару кезінде түбіртектің нысаны және беру тәсілдері Қағидалардың 9-тармағында белгіленген талаптар ескеріле отырып, тиісті шарттарда және (немесе) электрондық ақша жүйесінің ішкі қағидаларында белгіленеді.

      9. Электрондық ақша шығару кезінде берілетін түбіртекте мынадай деректемелер қамтылады:

      1) эмитенттің бизнес-сәйкестендіру нөмірін қоса алғанда, оның атауы және деректемелері;

      2) операция жасалған уақыт және күн;

      3) түбіртектің реттік нөмірі;

      4) электрондық ақша иесінен қабылданған ақшаның немесе келіп түскен төлемдердің сомасы;

      5) шығарылған электрондық ақша сомасы;

      6) электрондық ақша иесі-жеке тұлғаның электрондық әмиянының сәйкестендіруші коды;

      7) комиссиялық сыйақы мөлшері (алынған жағдайда).

      Түбіртекте эмитент белгілеген қосымша деректемелерді көрсетуге рұқсат етіледі.

      10. Электрондық ақша жұмсауға берілетін немесе электрондық ақша иесінің пайдалануындағы электрондық әмияндағы электрондық ақшаның қол жетімді сомасы туралы ақпарат көрсетілген сәттен бастап эмитент айналысқа шығарған деп саналады.

      11. Эмитент өзі шығарған электрондық ақшаның жалпы сомасының электрондық ақша иелерінен қабылданған ақшаның жалпы сомасына сәйкестігін қамтамасыз етеді.

      12. Төлемдер және төлем жүйелері туралы заңның 43-бабында және Қағидаларда белгіленген талаптарды сақтау кезінде Қазақстан Республикасының бейрезидент агенттерімен жасалған шарттардың негізінде эмитент шығарған электрондық ақшаны Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде сатуға жол беріледі.

      13. Агенттің сатылатын электрондық ақшаға айырбастап тиісті ақша сомасын алғандығын растап берген құжаты немесе электрондық ақшаны жеке тұлғаға сату фактісін сөзсіз көрсететін өзге растау (ақпараттық хабар) жеке тұлға үшін агенттен электрондық ақша сатып алуға растама болады.

      Эмитент агенттің электрондық ақшаны сату немесе сатып алу кезінде ақша сомасының енгізілуін немесе жеке тұлғаға берілуін растайтын тиісті құжатты агент пен эмитент арасындағы шартта көзделген тәртіппен электрондық ақша иесіне беруді қамтамасыз етеді.

      14. Банктер және олардың клиенттері-Қазақстан Республикасының резиденттері болып табылмайтын агенттер арасындағы электрондық ақшаны сатып алуға немесе сатуға байланысты төлемдер және (немесе) ақша аударымдары Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен жүзеге асырылады.

      15. Эмитент пен агент арасында жасалатын шартта:

      1) агенттің электрондық ақшаны сатып алу тәртібі және талаптары;

      2) агенттің электрондық ақшаны сату тәртібі және талаптары;

      3) электрондық ақшаны сату және сатып алу кезінде ақпарат алмасу режимі және тәртібі;

      4) ақпарат конфиденциалдылығын қамтамасыз ету талаптары және оны сақтамағаны үшін жауапкершілікті белгілеу;

      5) жеке тұлғалардан агент қабылдаған қолма-қол ақшаны оның банк шоттарына есепке алу тәртібі және талаптары;

      6) тараптардың өз міндеттемелерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілігі;

      7) эмитент пен агент арасындағы дауларды шешу тәртібі қамтылады.

      16. Егер бұл талаптар электрондық ақша жүйесінің ішкі қағидаларында белгіленген жағдайда, эмитент агенттің қаржылық жағдайына және электрондық ақшамен операцияларды жүзеге асырған кезде пайдаланатын бағдарламалық техникалық құралдарына талаптар белгілейді.

      17. Агенттердің қолма-қол ақшаны және қолма-қол жасалмайтын төлемдерді қабылдау жөніндегі операцияларды жүргізуге мүмкіндік беретін электрондық терминалдар, қолма-қол ақшаны және қолма-қол жасалмайтын төлемдерді қабылдау пункттері, қашықтан кірудің электрондық жүйелері және интернет-ресурстар арқылы электрондық ақшаны сатуына жол беріледі.

      18. Банктер болып табылмайтын агенттер жеке тұлғаларға электрондық ақшаны сату кезінде қабылдаған қолма-қол ақша эмитент пен агент арасында жасалған шартта көзделген тәртіппен және мерзімдерде олардың банк шоттарына аударылуға тиіс.

      19. Жеке тұлға электрондық ақшаны эмитентке немесе агентке сатып алу кезінде жеке тұлғаның эмитентке немесе агентке беретін ақша сомасын электрондық әмиян және эмитенттің немесе агенттің электрондық ақшаны тиісінше шығару немесе сату кезінде көрсететін қосымша қызметтер құнын төлеу бойынша тиісті сомасына ұлғайтуға рұқсат етіледі.

      20. Екінші деңгейдегі банктер және "Казпочта" акционерлік қоғамы Қазақстан Республикасының бейрезиденттері шығарған, шетел валютасында номинирленген электрондық ақшаны Қазақстан Республикасының бейрезидент эмитенттерімен жасалған шарттардың негізінде Қазақстан Республикасының аумағында сатады.

      21. Эмитенттің өзі шығарған электрондық ақшаны басқа эмитент шығарған электрондық ақшаға айырбастау операцияларын жүзеге асыруына, сондай-ақ агенттермен олардың электрондық ақша айырбастау операцияларын жүзеге асыруына шарттар жасауға жол беріледі.

3-тарау. Электрондық ақшаны пайдалану тәртібі

      22. Электрондық ақшаны пайдалануды электрондық ақша жүйесіне қатысушы электрондық ақша жүйесінің ішкі қағидаларына және электрондық ақша жүйесінің операторы немесе электрондық ақша жүйесінің эмитенті мен қатысушысы арасында жасалған шарттардың талаптарына сәйкес жүзеге асырады.

      23. Электрондық ақшаны пайдалана отырып жүргізілетін төлем электрондық ақша жүйесінің ішкі қағидаларында не электрондық ақша жүйесіне қатысушылар арасында жасалған шарттарда белгіленген рұқсатсыз пайдаланудан қорғау рәсімдері сақталған кезде электрондық ақша иесінің - жеке тұлғаның басқа тұлғаға оны электрондық әмиянды пайдалана отырып беруі арқылы жүзеге асырылады.

      24. Электрондық ақшаны пайдалана отырып төлемді жүзеге асырғаннан кейін оның иесіне – жеке тұлғаға электрондық ақшаны пайдалана отырып операцияларды жүзеге асыру фактісін растайтын сауда чегі (бұдан әрі – сауда чегі) электрондық хабарлама нысанында не қағаз тасымалдағышта беріледі.

      Сауда чегі мынадай деректемелерді қамтиды:

      1) төлем сомасы;

      2) төлемді жасау уақыты мен күні;

      3) сауда чегінің реттік нөмірі;

      4) дара кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның атауы (коды) және жеке сәйкестендіру нөмірі, бизнес сәйкестендіру нөмірі;

      5) транзакцияның коды немесе электрондық ақша жүйесіндегі төлемді сәйкестендіретін басқа код;

      6) электрондық ақша иесі – жеке тұлға әмиянының сәйкестендіру коды.

      Сауда чегінде қосымша деректемелерді көрсетуге рұқсат етіледі.

      25. Электрондық ақшаны бір электрондық ақша жүйесі шеңберінде бір және сол сияқты бірнеше эмитенттің электрондық ақшасының иелері болып табылатын электрондық ақша жүйесінің қатысушылары арасында аударуға жол беріледі.

      Төлемдер және төлем жүйелері туралы заңның 44-бабы 8-тармағының екінші бөлігінде көзделген жағдайларда, заңды тұлғаның электрондық ақшаны жеке және заңды тұлғалардың пайдасына аударуына жол беріледі.

      Ескерту. 25-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 27.08.2018 № 182 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      26. Эмитент не оператор электрондық ақша иесін оған электрондық ақша иесімен жасалған шартта белгіленген тәртіппен тиісті хабарлама жіберу арқылы электрондық ақшаны пайдалана отырып жасалған әр операция туралы хабардар етеді.

      27. Эмитент электрондық ақша иелерін-жеке тұлғаларды оларды электрондық ақшамен операцияларды жасауды жүзеге асыру кезінде сәйкестендірілген және сәйкестендірілмеген ретінде айқындау мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

      28. Эмитент Төлемдер және төлем жүйелері туралы заңның 42-бабының 5-тармағында және 44-бабының 4-тармағында белгіленген электрондық ақшаның сәйкестендірілмеген иелеріне арналған электрондық ақшаны сатып алу сомасы бойынша шектеулердің сақталуын қамтамасыз етеді.

      Ескерту. 28-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 27.08.2018 № 182 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      29. Эмитенттің Төлемдер және төлем жүйелері туралы заңға қайшы келмейтін, өзі шығарған электрондық ақшаны пайдалана отырып жүзеге асырылатын операциялардың түрлері мен сомасына талаптар белгілеуіне жол беріледі.

      30. Жеке тұлға электрондық ақшаны пайдалана отырып сатып алынған азаматтық-құқықтық мәміле мәнінен бас тартқан және мұндай бас тартуды дара кәсіпкер немесе заңды тұлға қабылдаған жағдайда, төлем жүргізуші жеке тұлғаның электрондық әмиянына электрондық ақша қайтарылады не оған электрондық ақшаның сомасына баламалы ақша сомасы өтеледі. Мұндай төлемді жүзеге асыру тәсілдері, тәртібі және мерзімдері электрондық ақша жүйесінің ішкі қағидаларында белгіленеді.

      31. Электрондық ақша иесінің сұрау салуы бойынша эмитент оған өздерінің арасында жасалған шартта көзделген нысан бойынша және мерзімде электрондық ақшаны пайдалана отырып жүзеге асырылған операциялар туралы ақпараты бар үзінді-көшірмені береді.

      32. Эмитент электрондық ақша иесінің электрондық әмиянын:

      1) электрондық ақша иесінен хабарлама алған, оның ішінде электрондық әмиянды жоғалтқан, ұрлатқан немесе рұқсатсыз пайдаланған;

      2) электрондық ақша иесі эмитент пен электрондық ақша иесі арасында жасалған шартта көзделген міндеттемелерін орындамаған;

      3) операциялар электрондық ақшаны пайдаланудың белгіленген талаптары мен шарттары бұзыла отырып жасалған;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген негіздемелер бойынша электрондық ақша иесінің электрондық ақшасына тыйым салынған;

      5) эмитент пен электрондық ақша иесі арасында жасалған шартта көзделген өзге де негіздемелер бойынша оқшаулайды.

      Электрондық ақша иесінің электрондық әмиянын оқшаулау талаптары мен мерзімдері эмитент пен электрондық ақша иесі арасында жасалған шартта көзделеді.

      33. Электрондық ақша иесінің электрондық әмиянын оқшаулаған жағдайда электрондық әмиянды оқшаулау сәтіне дейін туындаған эмитенттің міндеттемелері және электрондық ақша иесінің міндеттемелері орындалмайды.

      34. Электрондық ақшаны қате жіберу анықталған, электрондық әмиян жоғалған, ұрланған немесе рұқсатсыз пайдаланылған кезде электрондық ақша иесі бұл жайлы эмитентті эмитент пен электрондық ақша иесі арасында жасалған шартта және (немесе) электрондық ақша жүйесінің ішкі қағидаларында белгіленген тәртіппен дереу хабардар етеді.

4-тарау. Электрондық ақшаны өтеу тәртібі

      35. Электрондық ақша иесі-жеке тұлға электрондық ақшаны өтеуге ұсынған кезде эмитент оған қолма-қол ақшаны беру жолымен не электрондық ақша иесінің-жеке тұлғаның банк шотына ақша аудару арқылы электрондық ақшаны өтейді. Электрондық ақшаны өтеуге беру тәсілдері электрондық ақшаны мәжбүрлеп өтеуді қоспағанда, электрондық ақша иесі-жеке тұлға мен эмитент арасында жасалған шартта және (немесе) электрондық ақша жүйесінің ішкі қағидаларында белгіленеді.

      36. Электрондық ақшаны электрондық ақша иесіне-жеке тұлғаға беруге жататын тиісті ақша сомасын электрондық ақша иесінің-жеке тұлғаның банк шотына енгізген не оған қолма-қол ақша берген сәттен бастап олардың эмитенттері өтеген деп саналады.

      Электрондық ақшаны электрондық ақша иесіне-дара кәсіпкерге немесе заңды тұлғаға беруге жататын тиісті ақша сомасын электрондық ақша иесінің- дара кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның банк шотына есептеген сәттен бастап олардың эмитенттері өтеген деп саналады.

      37. Дара кәсіпкер және (немесе) заңды тұлға жеке тұлғалардан азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша төлем ретінде электрондық ақшаны қабылдаған кезде эмитент оларды Төлемдер және төлем жүйелері туралы заңның 44-бабының 8-тармағында белгіленген тәртіппен және мерзімде өтеуді жүзеге асырады.

      38. Эмитент электрондық ақша шығаруды тоқтату сәтіне дейін күнтізбелік отыз күн бұрын бұл туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша хабарлайды.

      39. Электрондық ақша жүйелері бір эмитенті бар және көп эмитенті бар болып бөлінеді.

      40. Эмитент электрондық ақша шығаруды тоқтату кезінде бір эмитенті бар электрондық ақша жүйесі шеңберінде мыналарды жүзеге асырады:

      1) электрондық ақша шығаруды тоқтатуға дейін күнтізбелік отыз күн бұрын бұл туралы электрондық ақша иелеріне электрондық ақша жүйесінің интернет-ресурсы (болған кезде) және электрондық ақша иесінің жеке кабинеті, бұқаралық ақпарат құралдары, электрондық ақшаның иесі көрсеткен электрондық поштаның мекенжайына және (немесе) ұялы байланыс құрылғысына қысқа мәтіндік және (немесе) мультимедиялық хабарлар жіберу арқылы хабардар етеді. Эмитент жіберген хабарда айналыстағы электрондық ақшаны эмитент белгіленген мерзімнен кешіктірмей, электрондық ақша шығару қызметі аяқталған күннен бастап өтеу міндеттілігі туралы ақпарат қамтылады;

      2) айналыстағы электрондық ақшаны өтеу міндеттілігі үшін эмитент белгіленген мерзім аяқталғаннан кейін электрондық әмияндардағы өтелмеген электрондық ақшасы:

      дара кәсіпкерлердің және заңды тұлғалардың олардың банк шоттарына мәжбүрлеп өтеледі;

      банк шоттары бар электрондық ақшаның сәйкестендірілген иелері-жеке тұлғалары – олардың банк шоттарына мәжбүрлеп өтеледі;

      электрондық ақшаның сәйкестендірілмеген иелері-жеке тұлғалары - эмитент банктің тиісті баланстық шотына электрондық ақшаның иесі талап еткенге дейін мәжбүрлеп өтеледі;

      3) жеке тұлғалардың мәжбүрлеп өтелген электрондық ақшаны алу үшін:

      электрондық ақшаның сәйкестендірілген иелері эмитентке жеке басын куәландыратын құжатты ұсынады;

      электрондық ақшаның сәйкестендірілмеген иелері эмитентке әрбір сәйкестендірілмеген электрондық әмиян бойынша электрондық ақшаның иесі көрсеткен электрондық поштаға және (немесе) ұялы байланыс құрылғысына қысқа мәтіндік және немесе мультимедиялық хабарлар жіберу арқылы таратылады. Бұл ретте эмитент ақша беру кезінде оны алушыны оның жеке басын куәландыратын құжат бойынша тіркейді;

      4) эмитент айналыстағы электрондық ақшаны өтеу үшін ол белгіленген мерзім аяқталғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде сомасын көрсете отырып, электрондық ақшасы эмитенттің тиісті банк шотына мәжбүрлеп өтелген электрондық ақша иелерінің саны туралы ақпарат қамтылған мәліметтерді Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне еркін жазбаша нысанда ұсынады.

      Эмитент өз міндеттемелерін (ақша беру) толық орындағанға дейін электрондық ақшаның орындалмаған сомасы (қалған сомасы) және электрондық ақша иелерінің саны туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне кезекті тоқсаннан кейінгі айдың оныншы күніне (қоса алғанда) дейін тоқсан сайын еркін жазбаша нысанда хабарлайды.

      41. Эмитент электрондық ақша шығаруды тоқтату кезінде көп эмитенті бар электрондық ақша жүйесі шеңберінде мыналарды жүзеге асырады:

      1) электрондық ақша жүйесі эмитенттерінің бірімен жасалған шарт негізінде оған шығарылған электрондық ақша жөніндегі міндеттемелерді беруді жүзеге асырады;

      2) электрондық ақша шығару қызметін тоқтату туралы шешім қабылдаған эмитентте эмитенттердің бірімен міндеттемелерін беру жөніндегі шарт болмаған жағдайда, электрондық ақша иелерінің алдында шығарылған электрондық ақша және оны өтеу бойыншабұрын қабылдаған міндеттемелерін орындау тәртібі бір эмитенті бар электрондық ақша жүйесі үшін белгіленген тәртіпке ұқсас;

      3) электрондық ақша шығару қызметін тоқтату туралы шешім қабылдаған эмитент және эмитенттен міндеттемелер қабылдаған банк (эмитенттің бірімен осындай уағдаластық болған жағдайда) электрондық ақшаның иелеріне электрондық ақша жүйесінің интернет – ресурсы (болған кезде) және электрондық ақша иесінің жеке кабинеті, бұқаралық ақпарат құралдары, электрондық ақшаның иесі көрсеткен электрондық поштаға және (немесе) ұялы байланыс құрылғысына қысқа мәтіндік және (немесе) мультимедиялық хабарлар жіберу арқылы хабардар етеді. Эмитент жіберген хабар электрондық ақша шығару қызметі тоқтатылған күннен бастап эмитент белгілеген мерзімнен кешіктірмей айтаныста тұрған электрондық ақшаны өтеу қажеттігі туралы ақпаратты қамтиды.

      Қызметін тоқтатқан эмитенттен міндеттемелер қабылдаған эмитентке электрондық ақша жүйесі шеңберінде дара кәсіпкерлерге немесе заңды тұлғаларға және агенттерге жұмыстың өзге талаптарын ұсынуға рұқсат етіледі.

5-тарау. Қазақстан Республикасының аумағындағы электрондық ақша эмитенттеріне және электрондық ақша жүйелеріне қойылатын талаптар

      42. Эмитент "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" 2009 жылғы 28 тамыздағы Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес алаяқтықты және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылдарды анықтау, сондай-ақ болдырмау мақсатында электрондық ақша жүйесінде ұйымдастыру және рәсімдеу іс-шараларын қамтамасыз ету мен енгізу шараларын қабылдайды.

      43. Эмитент Төлемдер және төлем жүйелері туралы заңда және Қағидаларда белгіленген талаптарды агенттердің сақтауын қамтамасыз етеді.

      44. Эмитент оператордың жүктелген функцияларды, оның ішінде оператормен жасалған шарт негізінде өз атынан берілген функцияларды сақтауын қамтамасыз етеді.

      45. Электрондық ақша жүйесінің жұмыс істеуін эмитент немесе оператор қамтамасыз етеді.

      46. Қорғаудың ұйымдастыру шараларын және бағдарламалық-техникалық құралдарын қоса алғанда, электрондық ақша жүйесінде пайдаланылатын бағдарламалық-техникалық құралдарға рұқсатсыз кірудің алдын алу құралдары мен шаралары ақпаратты қорғаудың жеткілікті деңгейін және оның конфиденциалдылығын сақтауды қамтамасыз етеді.

      47. Электрондық ақша жүйесінде пайдаланылатын қауіпсіздік және ақпаратты қорғау рәсімдері электрондық ақшаны шығарудың, пайдаланудың және өтеудің барлық кезеңдерінде ақпаратты үздіксіз қорғауды, оның ішінде:

      1) операцияларды жасау кезінде электрондық ақшаны пайдалануға электрондық ақша иесінің құқығын шынайы белгілеуді;

      2) электрондық ақшаны пайдалану кезінде жасалатын электрондық хабарламалардың мазмұнындағы бұрмаланушылықтардың және (немесе) өзгерістердің болуын анықтауды;

      3) ақпаратқа рұқсатсыз кіруден қорғауды қамтамасыз етуді және осы ақпараттың тұтастығын қамтамасыз етуді;

      4) электрондық ақшаны пайдалануға байланысты оқиғаларды тергеу кезінде дәлелдемелерді қамтамасыз етуді қамтамасыз етеді.

      48. Эмитент не оператор электрондық ақша иелерінің электрондық әмиянындағы электрондық ақшаның қалдығы және олардың электрондық ақшамен жасаған операциялары туралы ақпаратты есепке алуды жүзеге асырады.

      49. Эмитент электрондық ақша жүйесіне қатысушылар арасындағы электрондық ақшаны пайдалана отырып жасалатын барлық операцияларды тіркеуді, сондай-ақ оның тұтастығы мен өзгермеуін сақтай отырып қалыптастырылған, жіберілген немесе алынған форматта электрондық ақшаны пайдалану кезінде қалыптастырылатын ақпаратты кемінде бес жыл сақтауды қамтамасыз етеді.

  Қазақстан Республикасының аумағында
электрондық ақша шығару, пайдалану және өтеу
қағидалары, сондай-ақ электрондық ақша
эмитенттеріне және электрондық ақша жүйелеріне
қойылатын талаптарға қосымша

      Нысан

Электрондық ақшаны шығарудың басталғаны (тоқтағаны) туралы
ХАБАРЛАМА

      Ескерту. Қосымшаға өзгеріс енгізілді – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 27.08.2018 № 182 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      _____________________________________________________________________

      (эмитент банктің атауы)

      _________________________ 20___жылғы "____"__________________________

      бастап ________________________________________ электрондық ақшасының

      (жүйенің атауы)

      шығарыла бастағаны (тоқтағаны) туралы хабарлайды.

      Хабарлама берушінің уәкілетті тұлғасы

      ________________             __________________________________             ______________

      (лауазымы)             (Аты-жөні, әкесінің аты (ол бар болса))             (қолы)

  Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкі Басқармасының
2016 жылғы 31 тамыздағы
№ 202 қаулысына
қосымша

Күші жойылды деп танылған Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасы
қаулысының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының
кейбір қаулыларының құрылымдық элементтерінің тізбесі

      1. "Қазақстан Республикасының аумағында электрондық ақшаны шығару, пайдалану және өтеу ережесін, сондай-ақ электрондық ақша эмитенттеріне және электрондық ақша жүйелеріне қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2011 жылғы 26 тамыздағы № 102 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7241 тіркелген, 2011 жылғы 27 қазанда "Заң газеті" газетінде № 157 (1973) жарияланған).

      2. "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің кейбір нормативтік құқықтық актілеріне сәйкестендіру нөмірлері мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 26 наурыздағы № 108 қаулысына 1-қосымша болып табылатын Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің кейбір нормативтік құқықтық актілеріне сәйкестендіру нөмірлері мәселелері бойынша енгізілетін өзгерістердің 10-тармағы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7625 тіркелген, 2012 жылғы 23 тамызда "Егемен Қазақстан" газетінде № 540-545 (27618) жарияланған).

      3. "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 27 тамыздағы № 168 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін нормативтік құқықтық актілері тізбесінің 14-тармағы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9796 тіркелген, 2014 жылғы 12 қарашада "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады