Екінші деңгейдегі банктерге консервациялау режимін қолдану (орнату), консервациялау сатысында банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшіліктің (уақытша банк басқарушысының) банктің активтері мен міндеттемелерінің бір бөлігін не оларды толық мөлшерде басқа банкке (банкке (бакнтерге) бір мезгілде беру жөніндегі операцияны жүргізу және осы операцияны уәкілетті органмен келісу қағидаларын, сондай-ақ көрсетілген операцияны жүргізу кезінде беруге жататын активтер мен міндеттемелердің түрлерін бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 26 желтоқсандағы № 311 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 26 қаңтарда № 14735 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 31 қаңтардағы № 8 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 31.01.2019 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Екінші деңгейдегі банктерге консервациялау режимін қолдану (орнату), консервациялау сатысында банкті басқару жөніндегі уақытша әкiмшiлiктің (уақытша банк басқарушысының) банктің активтері мен міндеттемелерінің бір бөлігін не оларды толық мөлшерде басқа банкке (банктерге) бір мезгілде беру жөніндегі операцияны жүргізу және осы операцияны уәкілетті органмен келісу қағидалары, сондай-ақ көрсетілген операцияны жүргізу кезінде беруге жататын активтер мен міндеттемелердің түрлері бекітілсін.

      2. Мына:

      1) "Екінші деңгейдегі банктерді консервациялау және банкті басқару (банктің уақытша басқарушысы) жөніндегі уақытша әкімшіліктің банктің жеке және (немесе) заңды тұлғалардың алдындағы активтері мен міндеттемелерінің бөлігін не толық мөлшерін басқа банкке (банктерге) бір мезгілде беру бойынша операцияны жүзеге асыруы туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2009 жылғы 5 тамыздағы № 177 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5767 тіркелген, 2009 жылғы 2 қазанда "Заң газеті" газетінде № 150 (1573) жарияланған);

      2) "Қазақстан Республикасының қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау мәселелері жөніндегі кейбір нормативтік құқықтық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2015 жылғы 27 мамырдағы № 93 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11670 тіркелген, 2015 жылғы 30 шілдеде "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) бекітілген Қазақстан Республикасының өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау мәселелері жөніндегі нормативтік құқықтық актілері тізбесінің 4-тармағының күші жойылды деп танылсын.

      3. Қаржы нарығының әдіснамасы департаменті (Әбдірахманов Н.А.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізіліміне, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізуге жіберуді;

      3) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.

      4. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасы (Терентьев А.Л.) осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары О.А. Смоляковқа жүктелсін.

      6. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ұлттық Банк
Төрағасы
Д. Ақышев

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2016 жылғы 26 желтоқсандағы
№ 311 қаулысымен
бекітілген

Екінші деңгейдегі банктерге консервациялау режимін қолдану (орнату), консервациялау сатысында банкті басқару жөніндегі уақытша әкiмшiлiктің (уақытша банк басқарушысының) банктің активтері мен міндеттемелерінің бір бөлігін не оларды толық мөлшерде басқа банкке (банктерге) бір мезгілде беру жөніндегі операцияны жүргізу және осы операцияны уәкілетті органмен келісу қағидалары, сондай-ақ көрсетілген операцияны жүргізу кезінде беруге жататын активтер мен міндеттемелердің түрлері

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Екінші деңгейдегі банктерге консервациялау режимін қолдану (орнату), консервациялау сатысында банкті басқару жөніндегі уақытша әкiмшiлiктің (уақытша банк басқарушысының) банктің активтері мен міндеттемелерінің бір бөлігін не оларды толық мөлшерде басқа банкке (банктерге) бір мезгілде беру жөніндегі операцияны жүргізу және осы операцияны уәкілетті органмен келісу қағидалары, сондай-ақ көрсетілген операцияны жүргізу кезінде беруге жататын активтер мен міндеттемелердің түрлері (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Банктер туралы Заң) сәйкес әзірленді және екінші деңгейдегі банктерге (бұдан әрі – банк) консервациялау режимін қолдану (орнату), консервациялау сатысында банкті басқару жөніндегі уақытша әкiмшiлiктің (уақытша банк басқарушысының) (бұдан әрі – уақытша әкiмшiлiк (уақытша басқарушы)) банктің активтері мен міндеттемелерінің бір бөлігін не оларды толық мөлшерде басқа банкке (банктерге) бір мезгілде беру жөніндегі операцияны жүргізу, осы операцияны қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау мен қадағалау жөніндегі уәкілетті органмен (бұдан әрі – уәкілетті орган) келісу тәртібін, сондай-ақ көрсетілген операцияны жүргізу кезінде беруге жататын активтер мен міндеттемелердің түрлерін айқындайды.

      2. Консервациялау режимін орнату уақытша әкiмшiлiкті (уақытша басқарушыны) шектеулі мерзімге (бір жылға дейін) тағайындауды болжайды.

      3. Банктің қаржылық жағдайын сауықтыру және оның жұмысының сапасын жақсарту уақытша әкiмшiлiктің (уақытша басқарушының) міндеттері болып табылады.

2-тарау. Екінші деңгейдегі банктерге консервациялау режимін қолдану (орнату) тәртібі

      4. Уәкілетті органның банкті консервациялау туралы шешімінде Банктер туралы заңның 64-бабының 1-тармағында көзделген мәліметтер болады.

      Уәкілетті органның банкті консервациялау туралы шешімінің көшірмесі ол шығарылған күні банктің бірінші басшысын (оның орнындағы адамды) уәкілетті органға шақыру арқылы тапсырылады не уәкілетті органның қызметкері банктің орналасқан жері бойынша қолма-қол жеткізеді. Банктің бірінші басшысы (оның орнындағы адам) уақытша әкімшіліктің (уақытша басқарушының) басшысына барлық мөрлерді, мөртабандарды, клише мен пломбаларды, банкті тіркеумен байланысты құжаттарды, банкке берілген лицензиялардың түпнұсқаларын, фирмалық бланкілерді, ақпараттың электрондық жеткізушілерін, бағдарламалық қамтамасыз етуді, басқа заңды тұлғалардың банк меншік иесі болып табылатын құжаттандырылған нысанда шығарылған бағалы қағаздарын, сондай-ақ Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13710 тіркелген "Екінші деңгейдегі банктерде сақталуға тиіс негізгі құжаттар тізбесін және олардың сақталу мерзімдерін белгілеу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 29 ақпандағы № 66 қаулысына сәйкес банкте сақталуға тиіс құжаттарды қоса алғанда, банктің мүлкін қабылдау-өткізу актісі бойынша береді.

      5. Консервациялау кезеңінде банкті басқару ерекшеліктері және уақытша әкімшіліктің (уақытша басқарушының) консервациялау кезеңіндегі өкілеттіктері Банктер туралы заңның 65-бабында белгіленген.

      6. Уақытша әкімшілік (уақытша басқарушы) уәкілетті органның банктi консервациялау туралы шешімінде көрсетілген уәкілетті органның ұсынымдары мен ұйғарымдарын ескере отырып, банкті консервациялаудың негізгі іс-шаралар жоспарын (бұдан әрі – консервациялау жоспары) орындау мерзімдерін көрсете отырып өзін тағайындаған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде бекітеді.

      7. Консервациялау жоспары мынадай іс-шараларды іске асыруды көздейді:

      1) баланста көрсетілген банктің барлық активтерін және баланстан тыс шоттарда есепке алынған мүлкін, оның ішінде кепілдік мүлкін және олар бойынша құқық белгілейтін құжаттарды түгендеу, баланстық және баланстан тыс шоттардағы нақты қалдықтарды айқындау;

      2) басқарудың оңтайлы құрылымын және банк қызметкерлерінің санын айқындау;

      3) уәкілетті органға және корреспондент-банктерге уақытша әкімшілік (уақытша басқарушы) мүшелерінің қол қою және банк мөрі (болған кезде) бедерінің үлгілері бар жаңа құжатты ұсыну;

      4) банктің қызметіне байланысты, оның ішінде банкпен ерекше қатынастармен байланысты тұлғалармен бұрын жасасқан шарттардың орындылығын айқындау және қажет болған кезде банктің қаражатын енгізуді көздейтін банк жасасқан шарттарды бұзу не мөлшерлемелердің, тарифтердің және қолдану мерзімдерінің өзгеруін қоса алғанда, оларға біржақты тәртіппен өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде шаралар қабылдау;

      5) жарияланған акциялар санын ұлғайту (басқа бағалы қағаздарды шығару туралы) және "Акционерлік қоғамдар туралы" 2003 жылғы 13 мамырдағы және "Бағалы қағаздар рыногы туралы" 2003 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес бағалы қағаздардың ұйымдасқан нарығында оларды орналастыру туралы шешімді қабылдау және (немесе) 5 (бес) жылдан астатын өтеу мерзімімен реттелген борышты тарту арқылы банкті капиталдандыру жөніндегі шараларды жүзеге асыру;

      6) мерзімі өткен несие және дебиторлық берешекті өндіріп алу жөніндегі, банктік қарыз және банктің басқа активтері шарттары бойынша талап ету құқығын басқаға беру жөніндегі жұмысты жүргізу, қаржыландырудың кез келген түрін жүзеге асыруды тоқтату, өтімді активтердің көлемін ұлғайту арқылы активтердің сапасын жақсарту;

      7) шығыс операцияларын жүргізуге бақылау белгілеу, қолданыстағы тарифтерді, сыйақы мөлшерлемелерін, банк операциялары бойынша комиссиялық алымдарды, еңбекақы төлеу шығыстарын, жалпы шаруашылық шығыстары мен аммортизациялық аударымдар нормаларын қайта қарау арқылы банктің кірістілігін ұлғайту;

      8) банктегі тәуекелдерді басқару жүйесін бағалау және оны жақсарту жөніндегі шараларды іске асыру.

      Қажет болған кезде консервациялау жоспары уақытша әкiмшiлiктің (уақытша басқарушының) банктің активтері мен міндеттемелерінің бір бөлігін не толық мөлшерде уәкілетті органмен келісім бойынша басқа банкке (банктерге) бір мезгілде беру жөніндегі операцияны іске асыруды көздейді.

      8. Консервациялау жоспарының орындалуын уақытша әкiмшiлiктің басшысы (уақытша басқарушы) бақылайды.

      9. Уақытша әкімшілік (уақытша басқарушы) іс-шараларды консервациялау жоспарына сәйкес жүргізеді және консервациялау жоспарында көзделген әрбір іс-шара аяқталған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде істеген жұмысы туралы есепті уәкілетті органға ұсынады.

      10. Консервациялау жоспарында көзделген барлық іс-шаралардың аяқталғаны туралы қорытынды есепті уақытша әкімшілік (уақытша басқарушы) соңғы іс-шара аяқталған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде ұсынады.

      11. Консервациялау режиміндегі банктің баланста және баланстан тыс шоттарда не жүйеден тыс есепте көрсетілетін барлық мүлкі түгенделуге тиіс. Баланста көрсетілмеген мүлік түгендеу ведомосында көрсетіледі және кейіннен балансқа енгізілуге тиіс.

      12. Консервациялау режиміндегі банктің мүлкін сату мынадай талаптар мен мақсаттарға қарай уақытша әкімшілік (уақытша басқарушы) айқындайтын тәртіппен және жағдайларда жүргізіледі:

      1) сатылатын мүлікке мүліктің осы өңірдегі ұқсас түрлеріне нарықтық бағалардан төмен емес бағалар белгілеу;

      2) мүлікті мүмкіндігінше жоғары бағамен сату;

      3) мүлікті сатудан болған шығындарды барынша азайту.

      13. Мүлікті сатқан кезде уақытша әкімшілік (уақытша басқарушы) хабарландыруды кем дегенде Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таралатын екі мерзімді баспасөз басылымында қазақ және орыс тілдерінде банктің қаражаты есебінен жариялайды. Хабарландыруда сатылатын мүліктің тізбесі, сондай-ақ уақытша әкімшілік (уақытша басқарушы) өкілінің тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), тұрған орны, ұсыныстар тапсырылатын телефон және факс нөмірлері, сондай-ақ қай күнге дейін осы ұсыныстар қабылданатыны болуға тиіс. Егер мүлікті сатуды тиісінше өткізу үшін қажет болса, көрсетілген күн әлдеқайда кештеу мерзімге ауыстырылады.

      Уақытша әкімшілік (уақытша басқарушы) ұсыныстарды қанағаттандыру туралы шешім қабылдайды және жеңген сатып алушыға жазбаша түрде хабар береді.

3-тарау. Консервациялау сатысында банкті басқару жөніндегі уақытша әкiмшiлiктің (уақытша банк басқарушысының) банктің активтері мен міндеттемелерінің бір бөлігін не оларды толық мөлшерде басқа банкке (банктерге) бір мезгілде беру жөніндегі операцияны жүргізу және осы операцияны уәкілетті органмен келісу тәртібі, сондай-ақ көрсетілген операцияны жүргізу кезінде беруге жататын активтер мен міндеттемелердің түрлері

      14. Банктің активтері мен міндеттемелерінің бір бөлігін не оларды толық мөлшерде басқа банкке (банктерге) бір мезгілде беру жөніндегі операцияны (бұдан әрі – беру жөніндегі операция) уақытша әкімшіліктің (уақытша басқарушының) уәкілетті органмен келісім бойынша жүргізуіне жол беріледі.

      15. Уақытша әкімшілік (уақытша басқарушы) беру жөніндегі операцияны жүргізу үшін консервациялау жоспары бекітілген күннен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде:

      1) банк депозиторларының тізімін қалыптастыруды жүзеге асырады;

      2) банктің берілетін активтерінің баланстық құнын алдын ала бағалайды;

      3) Қағидалардың 19-тармағының талаптарына сәйкес келетін екінші деңгейдегі банктерге келесі жұмыс күнінен кешіктірмей хатты қарау және оған жауап беру мерзімімен беру жөніндегі операцияны жүргізуге қатысу туралы "Қатаң конфиденциалды" грифімен ұсыныс-хат жолдайды.

      Бұл ретте хатта берілетін депозиттердің болжамды мөлшері көрсетіледі.

      Жеке және заңды тұлғалардың депозиттері оларды берген күнгі депозит бойынша негізгі борыш сомасында беріледі.

      16. Егер берілетін активтердің мөлшері жеке және заңды тұлғалардың берілетін депозиттерінің мөлшерінен аспаса, онда берілетін активтердің тізіміне енгізу мынадай басымдық тәртібімен жүзеге асырылады:

      1) бірінші кезекте жеке тұлғалардың депозиттері енгізіледі;

      2) екінші кезекте заңды тұлғалардың депозиттері енгізіледі.

      17. Берілетін депозиттердің мөлшері берілетін активтердің мөлшеріне асқан жағдайда, заңды тұлғалардың берілетін депозиттерінің тізіміне енгізу мынадай басымдық тәртібімен жүзеге асырылады:

      1) бірінші кезекте бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының және ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларының депозиттері енгізіледі;

      2) екінші кезекте дауыс беретін акцияларының бір жүз пайызы "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамына тиесілі (сенімгерлік басқаруға өткізілген) немесе олардың негізгі қызметі республикалық немесе жергілікті бюджеттер есебінен қаржыландырылатын заңды тұлғалардың депозиттері енгізіледі;

      3) үшінші кезекте ұлттық басқарушы холдингтердің депозиттері енгізіледі;

      4) төртінші кезекте басқа заңды тұлғалардың депозиттері енгізіледі.

      18. Банктердің жауап ұсыну мерзімі аяқталған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірмей уақытша әкімшілік (уақытша басқарушы) банктер ұсынған беру жөніндегі операция жүргізуге қатысуға арналған еркін нысандағы өтінімдерін (бұдан әрі – өтінім) қарайды және оларды қарау нәтижелері бойынша:

      1) Қағидалардың 19-тармағының талаптарына сәйкес банктің активтері мен міндеттемелерін сатып алушы банкті (сатып алушы банктерді) таңдауды жүзеге асырады;

      2) сатып алушы банкпен (сатып алушы банктермен) жасалатын алдын ала шартқа қол қояды;

      3) сатып алушы банкпен (сатып алушы банктермен) бірлесіп банктің активтері мен міндеттемелерін өткізу жөнінде баспасөз конференциясын өткізеді;

      4) уәкілетті органға уәкілетті органның ресми интернет-ресурсына орналастыру үшін баспасөз релизін ұсынады.

      19. Сатып алушы банкті (сатып алушы банктерді) таңдауды уақытша әкімшілік (уақытша басқарушы) берілетін активтер мен міндеттемелердің мөлшері негізінде, сатып алушы банкке (сатып алушы банктерге) қойылатын мынадай талаптарды ескере отырып жүзеге асырады:

      1) депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің қатысушысы (қатысушылары) болып табылады;

      2) жеке тұлғалардың депозиттерін қабылдауға, банк шоттарын ашуға және жүргізуге, заңды тұлғалардың депозиттерін қабылдауға, банк шоттарын ашуға және жүргізуге, банктік заем операцияларын, кассалық операцияларды жүргізуге уәкілетті органның лицензиясы бар;

      3) алдағы уақытта беру жөніндегі операцияны жүзеге асыруды ескере отырып, соңғы есепті күнгі пруденциялық нормативтерді және басқа да сақталуы міндетті нормалар мен лимиттерді орындайды;

      4) банктің клиенттеріне қызмет көрсету үшін кемінде 10 (он) облыс орталығында, астанада, республикалық маңызды бар қалаларда филиалдары бар;

      5) уәкілетті орган қолданған, қолданыстағы санкциялары жоқ.

      20. Уақытша әкімшілік (уақытша басқарушы) сатып алушы банкті (сатып алушы банктерді) таңдау және оған бір мезгілде активтер мен міндеттемелердің бір бөлігін не басқа банкке (банктерге) толық мөлшерде өткізу туралы шешім қабылдайды.

      21. Бір өтінім болған кезде өтініш беруші банк жеңімпаз болып танылады.

      Екі және одан көп өтінім болған кезде уақытша әкімшілік (уақытша басқарушы) депозиттер мен активтер бойынша қабылданатын міндеттемелер арасындағы ең төменгі пайыздық ара қатынасты ұсынған өтініш беруші банкті жеңімпаз деп таниды.

      Депозиттер мен активтер бойынша қабылданатын міндеттемелер арасындағы ең төменгі пайыздық арақатынасты бірдей ұсынған екі және одан көп өтініш беруші банк болған жағдайда, уақытша әкімшілік (уақытша басқарушы) соңғы есептік күнгі активтердің барынша жоғары мөлшері бар өтініш беруші банкті таңдайды.

      Егер таңдалған өтініш беруші банк депозиттердің бөлігін ғана қабылдау мүмкіндігі туралы хабарласа, уақытша әкімшілік (уақытша басқарушы) кему тәртібімен соңғы есепті күнгі активтер мөлшерінің шамасы негізінде таңдалған өтініш беруші банктен кейін басқа өтініш беруші банктер арасында қосымша таңдауды жүзеге асырады.

      Екі және одан көп таңдалған өтініш беруші банктер болған кезде жеке және заңды тұлғалардың депозиттері бойынша банк өткізетін активтер мен міндеттемелер олардың арасында пайыздық арақатынаспен жеке және заңды тұлғалардың депозиттерінің таңдалған өтініш беруші банктер қабылдауды болжайтын мөлшері негізге алына отырып бөлінеді. Бұл ретте банктің берілетін активтерінің тізбесі әрбір таңдалған өтініш беруші банк үшін шамасы банктің өтімді және өтімді емес активтерінің санынан жеке есептеп шығарылатын, көрсетілген пайыздық арақатынас ескеріле отырып қалыптастырылады.

      Банк активтерінің бөлігін таңдалған өтініш беруші банкке (өтініш беруші банктерге) оларды сатудан әкімшілік (уақытша басқарушы) алған қолма-қол ақша түрінде беруге рұқсат етіледі.

      22. Сатып алушы банктің (сатып алушы банктердің) бастамасы бойынша берілетін активтерге "Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы" 2000 жылғы 30 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бағалау жүргізіледі. Тәуелсіз бағалаушыны таңдауды уақытша әкімшілік (уақытша басқарушы) сатып алушы банктің (сатып алушы банктердің) өкілімен (өкілдерімен) бірлесіп сатып алушы банкті (сатып алушы банктерді) таңдау туралы шешім қабылданған 2 (екі) жұмыс күні ішінде жүргізеді. Бағалаушының қызметі үшін ақы төлеу банктің және сатып алушы банктің (сатып алушы банктердің) қаражаты есебінен тең мөлшерде жүргізіледі.

      23. Беру жөніндегі операциялар жүргізу кезінде берілетін активтер мен міндеттемелердің құрамына активтер мен міндеттемелердің мынадай түрлері енгізіледі:

      1) жеке және заңды тұлғаларға берілген қарыздар және қамтамасыз ету;

      2) акциялар және заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысу үлестері;

      3) өзге де бағалы қағаздар;

      4) ақша;

      5) жылжымалы және жылжымайтын мүлікке құқық;

      6) лицензиялық құқықтар;

      7) өзге де жылжымалы мүлік;

      8) жылжымайтын мүлік;

      9) жеке және заңды тұлғалардың депозиттері;

      10) банк шоты шарттары, қазынашылық операциялар, РЕПО операциялары бойынша, валютаны және тазартылған бағалы металдарды сатып алу-сату жөніндегі банкаралық мәмілелер бойынша, туынды қаржы құралдары бойынша, шығарылған шартты міндеттемелер (аккредитивтер, кепілдіктер) бойынша міндеттемелер;

      11) өткізу актісінде аударылатын өзге міндеттемелер мен активтер.

      24. Уақытша әкімшілік (уақытша басқарушы) сатып алушы банкті (сатып алушы банктерді) таңдау және оған (оларға) бір мезгілде банктің активтері мен міндеттемелерінің бір бөлігіне не толық мөлшерде өткізу туралы шешім қабылданған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде беру жөніндегі операцияларды келісу үшін уәкілетті органға мынадай құжаттар топтамасын ұсынады:

      1) берілетін активтер мен міндеттемелердің тізбесі, түрлері және бір бөлігінің не толық мөлшерінің алдын ала мөлшері;

      2) уақытша әкімшілік (уақытша басқарушы) және сатып алушы банк (сатып алушы банктер) арасында жасалған, тараптардың бір мезгілде активтер мен міндеттемелерді өткізу туралы шарт жасау міндеттемелері қамтылған және уәкілетті орган беру жөніндегі операцияларды келіскен жағдайда шарттың күндері мен барлық маңызды талаптары көрсетілген алдын ала шарт;

      3) сатып алушы банктің (сатып алушы банктердің) пруденциялық нормативтерінің олардың арасында өткізу, оның ішінде шоғырландырылған негізде беру жөніндегі операцияларды жүзеге асыру күні келісілген есебі;

      4) сатып алушы банк (сатып алушы банктер) өткізуші банктің төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру кезінде пайдаланылатын корреспонденттік шоттары мен басқа деректемелерін пайдаланған жағдайда өтпелі кезеңде сатып алушы банктің (сатып алушы банктердің) оған депозиторлардың өткізілген банк шоттары бойынша нұсқаларды орындау тәртібі;

      5) сатып алушы банктің (сатып алушы банктердің) активтер мен міндеттемелерді қабылдау және өткізу жөніндегі ішкі тәртібі.

      25. Уәкілетті орган Қағидалардың 24-тармағында көзделген құжаттар топтамасын алған күннен бастап 10 (он) күні ішінде оны қарайды және беру жөніндегі операцияны келісуді жүзеге асырады.

      26. Сатып алушы банк Қағидалардың 19-тармағының талаптарына сәйкес келмеген және (немесе) беру жөніндегі операцияны келісуге арналған құжаттар топтамасы Қағидалардың 24-тармағының талаптарына сәйкес келмеген жағдайда уәкілетті орган беру жөніндегі операцияны келісуден бас тартады.

      27. Уәкілетті орган беру жөніндегі операцияны келіскен күннен бастап 5 (бес) жұмыс күнінен кешіктірмей уақытша әкімшілік (уақытша басқарушы) банк активтерінің және (немесе) міндеттемелерінің бір бөлігін не толық мөлшерде өткізу туралы хабарландыру жариялайды.

      Хабарландыру Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын мерзімді баспа басылымдарында қазақ және орыс тілдерінде жарияланады. Беру жөніндегі операцияны жүргізу туралы хабарландыруды жариялауға байланысты шығыстар банк қаражатының есебінен жүзеге асырылады.

      28. Екінші деңгейдегі банктерден беру жөніндегі операцияны жүргізуге қатысу үшін өтінімдер болмаған кезде, уақытша әкімшілік (банктің уақытша басқарушысы) уәкілетті органға банктің активтері мен міндеттемелерін тұрақтандыру банкіне беру жөніндегі операцияны жүргізу үшін өтініш жасайды.

      Уәкілетті орган тұрақтандыру банкін құру туралы шешім қабылдайды және уақытша әкімшілікке (уақытша басқарушыға) банктің активтері мен міндеттемелерін тұрақтандыру банкіне беру жөніндегі операцияны Банктер туралы заңның 61-3-бабының 1-тармағының талаптарына сәйкес жүргізуді тапсырады.

      29. Банктің активтері мен міндеттемелерін беру өткізу уақытша әкiмшiлiктің (уақытша басқарушының) сатып алушы банкпен (сатып алушы банктермен) жасалатын шарттары негізінде өткізу актісі қоса беріле отырып жүзеге асырылады.

      30. Өткізу уақытша операцияны жүзеге асыру күні өткізу актісін ресімдеу кезінде онда мынадай мәліметтер көрсетіледі:

      1) банктің берілетін активтерінің атауы, түгендеу нөмірі (бар болса), баланстық, бағалау құны (қажет болған кезде), банк активтері есепке алынған банк шоттарының нөмірлері (қажет болған кезде), банктің меншік құқығын растайтын құжаттар (қажет болған кезде) көрсетілген мөлшері және тізбесі;

      2) банктік қарыздар бойынша берілетін талап ету құқықтарының қарыз алушы жеке тұлғалардың тегі, аты, әкесінің аты (олар болса), қарыз алушы заңды тұлғалардың атаулары, қарыздар бойынша негізгі борыш, банктік қарыз шартының жасалған күні және нөмірі, банктік қарыз шартының қолданылу мерзімі, банктік қарыз бойынша сыйақы мөлшерлемесі, банктің банктік қарыз бойынша есептелген және алынған сыйақы сомалары көрсетілген құны және тізбесі;

      3) жеке және заңды тұлғалардың депозиттері бойынша берілетін міндеттемелердің мөлшері, оның ішінде депозитор жеке тұлғалардың тегтері, аттары, әкесінің аттары (олар болса), депозитор заңды тұлғалардың атаулары, депозиттер сомасы есепке алынған банк шоттарының нөмірлері, депозиттердің сомалары, банктік шот және (немесе) банктік салым шарттарын жасау күні және нөмірі, шарттардың қолданылу мерзімі, салым бойынша сыйақы мөлшерлемелері көрсетілген депозиттер тізбесі;

      4) берілетін деректер қорының клиенттер, олардың операциялары және банктің операциялары, бастапқы құжаттар, клиенттермен өзара қарым-қатынастар тарихы туралы ақпарат және қабылданатын активтер мен міндеттемелер бойынша құқықтар мен міндеттемелерді тиісінше орындау үшін қажетті басқа ақпарат қамтылған тізбесі (оның ішінде қағаз нысандағы құжаттардың мұрағаттық сақтау орындары).

      31. Сатып алушы банкке өткізілген депозиттер бойынша депозиторларға тиісінше қызмет көрсету мақсатында консервациялау мерзімінен аспайтын өтпелі кезең белгіленеді, осы кезең ішінде депозиторлардың банк шоттарын жүргізу Банктер туралы заңның 61-2-бабының 7-тармағында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

      Жеке және заңды тұлғалардың депозиттері өткізілгеннен кейін 3 (үш) ай өткен соң уақытша әкімшілік (уақытша басқарушы) клиенттердің кіріс төлемдері мен аударымдарын қабылдамайды.

      32. Жүзеге асырылған беру жөніндегі операция туралы ақпаратты уақытша әкімшілік (уақытша басқарушы) Қағидалардың 31-тармағында көзделген өтпелі кезең аяқталғаннан кейін Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында қазақ және орыс тілдерінде банктің қаражаты есебінен жариялайды.

      33. Беру жөніндегі операция жүргізілгеннен кейін уақытша әкімшілік (уақытша басқарушы) уәкілетті органға сатып алушы банкпен (сатып алушы банктермен) жасалған шарттың және өткізу актісінің көшірмесін береді. Уақытша әкімшілік (уақытша басқарушы) уәкілетті органға ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың 10 (оныншы) күнінен кешіктірмей беру жөніндегі операция жүргізу жөнінде ақпарат ұсынады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады