Байланыс формасы

Спорт саласындағы білім беру ұйымдарының қызметі туралы қағидаларды бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2016 жылғы 28 желтоқсандағы № 346 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 2 ақпанда № 14758 болып тіркелді.

      "Дене шынықтыру және спорт туралы" 2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы 60) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес Спорт саласындағы білім беру ұйымдарының қызметі туралы қағидалар бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті (Е.Б. Қанағатов):

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде осы бұйрыққа қол қоюға уәкілетті тұлғаның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электронды және қағаз түріндегі көшірмелерін ресми жариялау үшін Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне, Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізіліміне енгізу үшін жолдауды;

      3) ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн ішінде осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы тармақта көзделген іс-шаралар орындалғаннан кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт министрі
А. Мұхамедиұлы

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Білім және ғылым министрінің

      Міндетін атқарушы

      _____________ Б.Асылова

      2016 жылғы 30 желтоқсан

  Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт
министрінің
2016 жылғы 28 желтоқсандағы
№ 346 бұйрығына қосымша

Спорт саласындағы білім беру ұйымдарының қызметі туралы қағидалар

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Спорт саласындағы білім беру ұйымдарының қызметі туралы қағидалар (бұдан әрі - Қағидалар) "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі, "Ғылым туралы" 2011 жылғы 18 ақпандағы, "Дене шынықтыру және спорт туралы" 2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңдарына және "Тиісті үлгідегі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17657 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 30 қазандағы № 595 бұйрығымен бекітілген, Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларына сәйкес спорт саласындағы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын бiлiм беру ұйымдары қызметiнiң тәртібін айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Мәдениет және спорт министрінің 29.12.2018 № 389 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Спорт саласындағы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім жоғары оқу орындарында жүзеге асырылады.

      3. Спорт саласындағы ЖОО өз қызметін Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11120 болып тіркелген, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 15 сәуірдегі № 204 "Білім беру қызметімен айналысуға лицензия беру" мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартын бекіту туралы" бұйрығына және Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11716 болып тіркелген, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 17 маусымдағы № 391 "Білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарын және оларға сәйкестікті растайтын құжаттардың тізбесін бекіту туралы" бұйрығына сәйкес берілген лицензияның негізінде жүзеге асырылады.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Мәдениет және спорт министрінің 29.12.2018 № 389 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

2-тарау. ЖОО қызметінің тәртібі

      4. Спорт саласындағы ЖОО-ны басқару Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына, осы Қағидаларға және ЖОО жарғысына сәйкес жүзеге асырылады.

      5. Спорт саласындағы ЖОО-ны басқаруды Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5750 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2009 жылғы 13 шілдедегі № 338 бұйрығымен бекітілген Педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалардың лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамалары талаптарына (бұдан әрі - лауазымдардың біліктілік сипаттамалары) сәйкес қызметке тағайындалатын (сайланатын) және қызметтен босатылатын ректор тікелей жүзеге асырады.

      6. Факультет бір немесе бірнеше мәндес мамандықтар бойынша оқытуды, ғылыми қызметті жүзеге асыратын, сонымен қатар, факультет мамандықтарына жататын кафедралар мен зертханалардың жұмысына басшылық ететін спорт саласындағы ЖОО-ның негізгі құрылымдық бөлімшесі болып табылады.

      7. Кафедра оқу, әдістемелік, ғылыми-зерттеу жұмысын (бұдан әрі - ҒЗЖ) ЖОО-ның (факультеттің) құрылымдық бөлімшесі болып табылады.

      8. Кафедра штаты профессорлық-оқытушылық құрамның жұмыс көлемінен және орташа жылдық педагогикалық жүктемеден шыға отырып айқындалады.

      9. Кафедра штатына кафедраның меңгерушісі, профессорлар, доценттер, аға оқытушылар, оқытушылар, оқу-көмекші персонал, сондай-ақ кафедра жанынан құрылған ғылыми және басқа да құрылымдық бөлімшелер кіреді.

      10. Кафедраны меңгеруші басқарады, оның кандидатурасы лауазымдардың біліктілік сипаттамаларының талаптарына сәйкес келуі тиіс. Кафедра меңгерушісінің лауазымдық міндеттері лауазымдардың біліктілік сипаттамаларына сәйкес айқындалады.

      11. Кафедра біліктілік талаптарға сәйкес кафедра бейіні бойынша кемінде 10 штаттық оқытушы болғанда, оның ішінде ғылыми дәрежесі мен ғылыми атағы бар оқытушылар, сондай-ақ спорттық атақтар (Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері), Қазақстан Республикасының ведомстволық және мемлекеттік наградалар берілген оқытушылар штаттық оқытушылар санынан 50%-ды құрауы тиіс.

      12. Қажет болған жағдайда Нормативтік құқықтық актілерді тіркеу тізілімінде № 15589 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 24 шілдедегі № 375 "Запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша әскери дайындық қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына сәйкес ЖОО-да басқа мүдделі тараптардың арнайы (әскери) кафедралары ұйымдастырылады.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Мәдениет және спорт министрінің 29.12.2018 № 389 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      13. Кафедра жұмысы спорт саласындағы мамандарды теориялық және практикалық дайындауға бағытталады.

      14. Факультет және кафедра өз қызметін жылдық жұмыс жоспарына сәйкес жүзеге асырады.

3- тарау. ЖОО-ның оқу және тәрбие жұмысы

      15. ЖОО-ға білім алушыларды қабылдау Нормативтік құқықтық актілерді тіркеу тізілімінде № 17650 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы № 600 "Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын iске асыратын бiлiм беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" бұйрығымен бекітілген Жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Мәдениет және спорт министрінің 29.12.2018 № 389 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      16. Оқу қызметін ұйымдастыру академиялық күнтізбе, оқу сабақтарының кестесі негізінде жүзеге асырылады.

      Оқу қызметінің құрылымы Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8636 болып тіркелген, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 16 тамыздағы № 343 бұйрығымен бекітілген үлгілік оқу жоспарларының оқу жүктемесі көлемінің академиялық кезеңдер узақтылығының, академиялық сабақтар түрлерінің, оқу материалы көлемінің негізінде қалыптасады.

      17. Академиялық күнтізбе, мамандықтардың жұмыс оқу жоспарлары мен профессорлық-оқытушылық құрамның орташа жылдық педагогикалық жүктемесі ЖОО кеңесінің шешімімен бекітіледі.

      18. ЖОО-да оқу жұмысының мынадай негізгі түрлері белгіленеді: дәрістер, практикалық (семинарлар), зертханалық, студенттің өзіндік жұмысы, курстық, кәсіптік практикалардың барлық түрлері, қорытынды аттестаттауға дайындық және одан өту.

      Бұл ретте дәрістер мен семинарлар, практикалық және зертханалық сабақтар арасындағы кредит көлемінің арақатынасы ЖОО үлгілік оқу жоспарына сәйкес айқындалады.

      19. Дәріс сабақтарын өткізуге, оқу бітірушінің біліктілік жұмысына жетекшілік етуге, студенттің ҒЗЖ жүргізуге профессор, доцент, аға оқытушы лауазымдарын атқаратын оқытушылар жіберіледі.

      20. Дәрістер оқуға және басқа оқу сабақтарының түрлерін өткізуге Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушыларын, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шеберлерін немесе бейіні бойынша кемінде 3 жыл практикалық жұмыс тәжірибесі бар тәжірибелі мамандарды тартуға болады.

      21. Білім алушылардың жоғары және жоғары білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын меңгеруі үшін барынша қолайлы жағдайлар жасай отырып, ЖОО оқыту нысандарын, әдістері мен құралдарын дербес айқындайды.

      Бұл ретте оқу сабақтары инновациялық оқыту технологияларын есепке ала отырып, ғылым, техника, технологиялар, ақпараттық жүйелердің ең озық жетістіктерін пайдалана отырып және интерактивті нысанда өткізіледі.

      22. Жоғары білім берудің білім бағдарламалары пәндердің үш циклін қамтиды: жалпы білім беретін пәндер циклі, базалық пәндер циклі және бейінделген пәндер циклі, сондай-ақ қосымша оқыту түрлері (мамандық бойынша кәсіптік практика) және қорытынды аттестаттау.

      23. Пәндердің әр циклі тізбесі мен мазмұны үлгілік оқу жоспарларында және типтік оқу бағдарламаларында айқындалатын міндетті компонент пәндерінен, сондай-ақ тізбесі мен мазмұны анықталатын элективтік пәндер каталогтарында, жұмыстық оқу жоспарларында, жұмыстық оқу бағдарламаларында және силлабустарда айқындалатын таңдау компоненті пәндерінен тұрады.

      Әрбір пән бір академиялық кезең ішінде оқытылады.

      24. Оқыту барлық оқу нысандарына бірдей оқу бағдарламалары негізінде жүзеге асырылады.

      25. ЖОО-да оқу процесі техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі немесе жоғары білімі бар адамдар үшін жеделдетілген оқу мерзімімен қысқартылған оқу бағдарламалары бойынша ұйымдастырылуы мүмкін.

      Бұл жағдайда көлемдері жеткілікті және білім беру бағдарламасының сабақтастығы болған жағдайда кредиттерді қайта есептеу және бұрын игерген пәндерді есепке алу жүзеге асырылады. Оқу ауқымы мен мерзімі транскрипт (дипломға қосымшалар) негізінде айқындалатын білім алушылардың пререквизиттері есепке ала отырып, айқындалады.

      Техникалық және кәсіптік және орта білімнен кейінгі білімі бар адамдар үшін қысқартылған бағдарламалары бойынша күндізгі нысан бойынша оқу мерзімі кемінде 3 жылды, жоғары білімі бар тұлғалар үшін кемінде 2 жылды құрайды.

      26. Білім алушылардың кәсіптік практикасы, оқу және ғылыми тағылымдамасы, ҒЗЖ және экперименталдық-зерттеу жұмысы академиялық күнтізбеге сәйкес жүргізіледі.

      Кәсіптік практика оқыту процесінде алынған теориялық білімдерді бекітуге, практикалық дағдылар мен құзыреттерді меңгеруге бағытталған.

      27. ЖОО Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13227 болып тіркелген, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 28 қаңтардағы № 93 бұйрығымен бекітілген Білім беру қызметтерін көрсетудің үлгілік шартының және кәсіптік практикадан өткізуге арналған үлгілік шарт нысандары негізінде бойынша практика базалары болып табылатын ұйымдармен оқу жылы басталғанға дейін 1 ай бұрын кәсіптік практиканы өткізуге шарттар жасасады.

      28. Кәсіптік практиканың барлық түрлеріне жолдама мерзімі, базасы мен басшысын көрсете отырып, ЖОО ректорының бұйрығымен ресімделеді.

      Диплом алды практикаға ғылыми жетекшілікті бітірушінің біліктілік жұмысының ғылыми жетекшісі жүзеге асырады.

      29. Сырттай оқу нысаны бойынша білім алушылар мамандығы бойынша жұмыс істеген жағдайда кәсіптік практикадан босатылады. Бұл жағдайда олар ЖОО-на кәсіби қызметті көрсететін жұмыс орнынан анықтама, мінездеме ұсынады.

      30. ЖОО білім алушылардың ағымдағы және межелік үлгерімін бақылау және аралық аттестаттаудан өткізу нысандарын, тәртібі мен мерзімділігін дербес таңдайды.

      31. Білім алушыларды тіркеу, игерілген кредиттерді есепке алу, аралық аттестаттауды өткізу үшін ЖОО-да офис тіркеуші құрылады.

      32. Оқу процесі мен ҒЗЖ қамтамасыз ету мақсатында ЖОО-да оқу және мамандандырылған зертханалар көзделген.

      Зертхана жабдығы заманауи және адекваттық бакалаврлар, магистранттар және PhD даярлаудың бағдарламаларына сай болуы тиіс.

      33. ЖОО-ның тәрбие қызметі оқу процесінің құрамдас бөлігі болып табылады және тұлғаның кәсіби, әлеуметтік, зияткерлік, адамгершілік, шығармашылық қасиеттері мен салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған.

      34. ЖОО-ның тәрбие жұмысы тәрбие жұмысы бойынша кешенді жоспар негізінде жүзеге асырылады. ЖОО-ның тәрбие жұмысына:

      1) білім алушылардың бойында өз бетінше және білікті түрде шешімдер қабылдау мен іске асыру икемділіктерін қалыптастыру;

      2) білім алушылардың бойында патриотизм, азаматтылық, интернационализм, жоғары мораль мен адамгершілікті қалыптастыру;

      3) білім алушыларды салауатты өмір салтына, қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысуға ынталандыру;

      4) кафедра бейіні бойынша білім алушылардың ой-өрісін кеңейтуге, таңдаған мамандығына құндылық қатынасты қалыптастыруға ықпал ететін тақырыптық іс-шаралар өткізу;

      5) жалпы білім беретін орта мектептерде, спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттарда, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында білім алушылардың арасында кәсіптік бағдарлау жұмысын жүргізу кіреді.

      35. Оқу жетістіктері мен кәсіби дайынды деңгейін бағалау үшін ЖОО-да білім алушылардың білімін бақылау мен бағалау жүйесі ұйымдық-құқықтық нысандарға, оқыту және ведомстволық бағыныстылық нысандарына қарамастан жұмыс істейді.

      36. ЖОО-да білім алушылардың оқу жетістіктерін бақылау және бағалау жүйесі түрлі нысандарды қамтиды: үлгерімді ағымдағы бақылау, білім алушыларды аралық аттестаттау және қорытынды мемлекеттік аттестаттау.

      37. Білім алушылардың үлгерімін ағымдағы бақылау пәннің оқу бағдарламасына сәйкес ағымдағы сабақтарда оқытушы жүргізетін білім алушылардың оқу жетістіктерін жүйелі тексеруді қамтамасыз етеді.

      38. Пәннің оқу бағдарламасы білім алушылардың үлгерімін ағымдағы бақылаудың әр түрлерін айқындайды: ауызша сұрау, жазбаша бақылау, аралас бақылау, үй тапсырмаларын таныстыру, пікірталастар, тренингтер, дөңгелек үстелдер, кейс-стадилер, тестілер.

      39. Егер оқу жоспарына сәйкес пән бойынша бақылау нысаны курстық жұмыс (жоба) болып қана айқындалса, онда осы жұмысты қорғау бағасы жалпы пән бойынша қорытынды баға болып табылады.

      40. Білім алушылардың әр пәннен оқу жетістіктерінің деңгейі емтиханға жіберу рейтингісінің бағасынан, емтихан бағасынан құралатын қорытынды бағамен айқындалады, олардың сомасы қорытынды бақылау бағасын қалыптастырады. Емтиханға жіберу рейтингісінің бағасы үлгерімді ағымдағы бақылау бағасы мен межелік бақылау бағасынан құралады. Емтиханға жіберу рейтингісінің бағасы пәннен қорытынды білім бағасының 60%-ын құрайды.

      41. Үлгерімді ағымдағы бақылау нәтижелерін есепке алуды оқытушы студенттердің жеке сабақ түрлерін орындау мен тапсыру шамасына қарай силлабусқа сәйкес жүргізеді. Тапсырмаларды орындау студенттердің сабаққа қатысу және үлгерім журналында, сондай-ақ ақпараттық жүйедегі білім алушылардың білімін ағымдағы бақылаудың электрондық ақпарат тізімінде тіркеледі.

      42. Сырттай оқыту нысандарының білім алушылары емтиханға жіберу рейтингін барлық тиісті тапсырмаларды орындаған жағдайда белгіленген кесте бойынша емтихан сессиясы басталғанға дейін жинауды жүзеге асырады.

      43. Қорытынды бақылау аралық аттестаттау кезеңінде жүргізіледі. Қорытынды бақылауды бағалау пән бойынша білімді қорытынды бағалаудың 40%-ын құрайды.

      Қорытынды бағалау білім алушы жіберу рейтингісі бойынша, сондай-ақ қорытынды бақылау бойынша оң баға алған жағдайда ғана есептеледі.

      44. Білім алушылар кажет болған жағдайда жіберу рейтингісінің қорытынды бағаларына және/немесе қорытынды бақылауға апелляцияға береді. Осы мақсатта ЖОО ректорының бұйрығымен біліктілігі апелляцияланатын пән бейініне сәйкес келетін оқытушылар құрамынан апелляциялық комиссия құрылады.

      45. Кәсіптік практика қорытындылары бойынша білім алушылар тиісті кафедраға есеп тапсырады, оны жетекші мен кеңесші тексереді және кафедра меңгерушісі өкімімен құрылған комиссия алдында қорғайды. Есепті қорғау нәтижелері бағалаудың белгіленген балдық-рейтингілік әріптік жүйесі бойынша сараланған сынақпен бағаланады.

      Практика бойынша бір жетекшіні тағайындау кезінде баға көрсетілген білімге және есепті ресімдеуге сәйкес ұсынылған есепті қорғау қорытындылары бойынша қойылады.

      Практика бойынша екі жетекшіні тағайындау кезінде практика базасынан жетекшісінің үлес салмағы қорытынды бағалаудан 40%-ды құрайтын бағасы мен жетекшінің усынған есебін қоргау боынша бағалау қорытынды бағалаудан 60%-ын құрайтын бағасын есепке ала отырып, қорытынды баға қойылады.

      46. Практикадан өтпеген, практика бағдарламаларын орындамаған, жұмысы туралы теріс пікір алған немесе есепті қорғау кезінде қанағаттанарлықсыз деген баға алған студенттер теориялық оқытумен қатар келесі академиялық мерзімде немесе жазғы семестр кезеңінде практикаға қайта жіберіледі.

      47. Білім алушылардың бір жылғы академиялық үлгерім деңгейі кредиттер мен пән бойынша қорытынды баға туындылары сомасының оқытудың ағымдағы кезеңі ішіндегі кредиттер сомасына қатынасы ретінде есептелетін орташа балл (GPA) түрінде айқындалады.

      48. Жазғы емтихан сессиясын өткізгеннен кейін деканаттар кейіннен мәліметтерді офис тіркеушіге жібере отырып, топтар, сондай-ақ мамандықтар мен оқыту курстары бойынша орташа академиялық рейтинг (немесе GPA деңгейі) бойынша білім алушылар мен оқу топтарына саралау жүргізеді.

4–тарау. ЖОО-ның ғылыми-зерттеу және халықаралық қызметі

      49. Ғылыми-зерттеу және халықаралық қызмет білім мен ғылымның ықпалдасуын қамтамасыз етуге, осы негізде ғылыми-білім беру процесін, бәсекеге қабілетті ғылыми-зерттеу және инновациялық қызметті ұлттық инновациялық жүйенің нәтижелілігі мен тиімділігінің маңызды элементі ретінде дамытуға бағытталған.

      Іргелі, ізденгіштік, қолданбалы ҒЗЖ және инновациялық қызметтерді уымдастыру және өткізу құрылымдық бөлімшелер жүзеге асырылады.

      50. Ғылыми қызметті үйлестіруді ғылыми жумыс жөніндегі проректор жүзеге асырады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады