Жергілікті мемлекеттік басқарудың кейбір мәселелері туралы

Күшін жойған

Қызылорда облысы әкімдігінің 2016 жылғы 01 сәуірдегі № 416 қаулысы. Қызылорда облысының Әділет департаментінде 2016 жылғы 12 сәуірде № 5463 болып тіркелді. Күші жойылды - Қызылорда облысы әкімдігінің 2016 жылғы 19 мамырдағы № 461 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - Қызылорда облысы әкімдігінің 19.05.2016 № 461 қаулысымен (қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы, "Жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру туралы" 1997 жылғы 16 маусымдағы және "Азаматтық қорғау туралы" 2014 жылғы 11 сәуірдегі Заңдарына сәйкес Қызылорда облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса берілген "Қызылорда облысының жұмылдыру дайындығы басқармасы" мемлекеттік мекемесінің Ережесі бекітілсін.
      2. "Қызылорда облысы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесінің Ережесін бекіту туралы" Қызылорда облысы әкімдігінің 2015 жылғы 27 ақпандағы № 858 қаулысына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде 4931 нөмірімен тіркелген, 2015 жылғы 7 сәуірде "Кызылординские вести", "Сыр бойы" газеттерінде жарияланған) келесі өзгерістер енгізілсін:
      аталған қаулымен бекітілген Қызылорда облысы әкімі аппаратының Ережесінде:
      17-тармақтағы 32), 33), 34), 35), 36), 37), 38), 39), 40), 41), 42) тармақшалары алынып тасталсын.
      3. "Қызылорда облысының жұмылдыру дайындығы басқармасы" мемлекеттік мекемесі осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын.
      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қызылорда облысы әкімінің орынбасары С. Ж. Сүлейменовке жүктелсін.
      5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
      Қызылорда облысының әкімі Қ. Көшербаев

  Қызылорда облысы әкімдігінің
2016 жылғы "1" сәуірдегі
№ 416 қаулысымен бекітілген

"Қызылорда облысының жұмылдыру дайындығы басқармасы" мемлекеттік мекемесінің Ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. "Қызылорда облысының жұмылдыру дайындығы басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі-басқарма) Қызылорда облысында жұмылдыру дайындығы және жұмылдыру, азаматтық қорғау, аумақтық қорғаныс, азаматтарды әскери қызметке шақыру және өз құзыреті шегінде терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы функцияларды жүзеге асыруға Қызылорда облысының әкімдігі уәкілеттік берген Қазақстан Республикасының атқарушы органы болып табылады.
      2. Басқарманың құрылтайшысы Қызылорда облысының әкімдігі болып табылады. Басқармаға қатысты коммуналдық меншік құқығының субъектісі болып "Қызылорда облысының қаржы басқармасы" мемлекеттік мекемесі табылады.
      3. Басқарма өз қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президентi мен Үкiметiнiң актiлерiне, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерге, сондай-ақ, осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
      4. Басқарма мемлекеттiк мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттiк тiлде өз атауы бар мөрi мен мөртаңбалары, белгiленген үлгiдегi бланкiлерi, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
      5. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседi.
      6. Басқарма егер заңнамаға сәйкес осыған уәкiлеттiк берiлген болса, мемлекеттiң атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
      7. Басқарма өз құзыретiнiң мәселелерi бойынша заңнамада белгiленген тәртiппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актiлермен ресiмделетiн шешiмдер қабылдайды.
      8. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимитi қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекiтiледi.
      9. Заңды тұлғаның орналасқан жерi: индексі 120003, Қазақстан Республикасы, Қызылорда облысы, Қызылорда қаласы, Әйтеке би көшесі, № 25.
      10. Мемлекеттiк органның толық атауы – "Қызылорда облысының жұмылдыру дайындығы басқармасы" мемлекеттік мекемесі.
      11. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.
      12. Басқарманың қызметiн каржыландыру облыстық бюджеттен жүзеге асырылады.
      13. Басқармаға кәсiпкерлiк субъектiлерiмен Басқарманың функциялары болып табылатын мiндеттердi орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
      Егер Басқармаға заңнамалық актiлермен кiрiстер әкелетiн қызметтi жүзеге асыру құқығы берiлсе, онда осындай қызметтен алынған кiрiстер мемлекеттік бюджеттiң кiрiсiне жiберiледi.

2. Басқарманың миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері

      14. Басқарманың миссиясы: жұмылдыру дайындығы және жұмылдыру, азаматтық қорғау, аумақтық қорғаныс саласындағы шараларды іске асыру.
      15. Міндеттері:
      жұмылдыру дайындығы және жұмылдыру, азаматтық қорғау, аумақтық қорғаныс, азаматтарды әскери қызметке шақыру қызметін үйлестіреді, күш құрылымдарымен өзара әрекет етеді және өз құзыреті шегінде терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы жұмыстарды атқарады.
      16. Функциялары:
      1) жергілікті әскери басқару органдарына олардың бейбіт уақыттағы және жұмылдыру жарияланған кездегі жұмысына жәрдем көрсету, облыс аумағында әскери-экономикалық және командалық-штабтық оқулар өткізуге қатысу;
      2) әскери міндеттілерді бекітіп қою жөніндегі жұмысты ұйымдастыру және жүргізу;
      3) облыс аумағында мемлекеттік органдар мен ұйымдарды жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңінде және соғыс уақытында жұмыс істеуге көшіру жөніндегі іс-шаралар кешенін іске асыруды қамтамасыз ету;
      4) жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңінде және соғыс уақытында Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың, арнаулы мемлекеттік органдардың мүдделеріне сай міндеттерді орындау үшін, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы экономикасының іркіліссіз жұмыс істеуін және халқының тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін облыс аумағында арнаулы құрылымдардың құрылуын қамтамасыз ету;
      5) облыстың жұмылдыру жоспарын әзірлеу және жұмылдыру дайындығы саласындағы уәкілетті органмен келісу, облыс әкімдігіне бекітуге енгізу, сондай-ақ, облыс аумағында жұмылдыру дайындығы бойынша іс-шараларды жүргізу;
      6) жұмылдыру тапсырыстарын белгілеу үшін ұйымдардың өндірістік, қаржылық, қоймалық мүмкіндіктері туралы ақпаратты жұмылдыру дайындығы саласындағы уәкілетті органға беру;
      7) жұмылдыру дайындығы саласындағы уәкілетті органға жұмылдыру дайындығын жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізу;
      8) мемлекеттік органдармен бірлесе отырып жұмылдыру жоспарларын орындауға экономиканы дайындау жөніндегі іс-шараларды жүргізу;
      9) аудандар, облыстық маңызы бар қалалар әкімдіктерінің жұмылдыру жоспарларын келісу;
      10) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмылдыру дайындығы жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру көлемін көздеу;
      11) облыс аумағында жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру жөніндегі іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз ету;
      12) жұмылдыру, соғыс жағдайы және соғыс уақытында облыс аумағында шақырылуға жататын азаматтарды уақтылы құлақтандыруды және жеткізуді, жиналу пункттеріне немесе әскери бөлімдерге техника беруді ұйымдастыру және қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша өздерінің басқаруындағы облыстың коммуналдық меншігін қорғаныс мұқтаждарына беру;
      13) облыс аумағында жұмылдыру дайындығы мақсатында ұйымдармен жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңінде және соғыс уақытында тауарларды өндіруге, жұмыстарды орындау мен қызметтерді көрсетуге шарттар (келісімшарттар) жасасу;
      14) аумақтық қорғаныс іс-шараларын ұйымдастыру және іске асыру;
      15) қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсері болған жағдайда оларды оқшаулау, адамдардың өмірін құтқару, олардың денсаулығын, құқықтары мен мүдделерін қорғау, меншіктерді күзету, қоғамдық тәртіпті ұстап тұру жөніндегі іс-шараларды орындау бойынша, қолда бар күштерді, құралдар мен ресурстарды тарта отырып, қажетті көмек көрсету;
      16) аварияларды, төтенше жағдайларды тергеп-тексеруге қатысу;
      17) бекітілген бюджеттік мақсаттарға сәйкес азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлар мен олардың салдарларының алдын алу және жою бойынша жергілікті бюджеттің атқарылуын қамтамасыз ету;
      18) өз құзыреті шегінде азаматтық қорғаудың аумақтық кіші жүйесіне басшылық ету;
      19) азаматтық қорғаныс мүлкінің көлемдерін айқындау және оларды жинақтау, сақтау, жаңарту және әзірлікте ұстап тұру жөнінде қажетті шаралар қолдану;
      20) құлақтандыру мен ақпараттандырудың техникалық құралдарын орналастыруды ұйымдастыру;
      21) табиғи және техногендік, сондай-ақ, әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлар мен олардың салдарларының алдын алуға және жоюға жергілікті атқарушы органдардың төтенше резервінен қаражат бөлу;
      22) қосалқы (қала сыртындағы), көмекші және жылжымалы басқару пункттерін құруды қамтамасыз ету;
      23) облыстың әскери басқару органын шақыру (жиын) пунктімен, дәрі-дәрмектермен, керек-жарақтармен, өртке қарсы, медициналық және шаруашылық мүлкімен, автомобиль көлігімен, сондай-ақ, байланыс және күзет құралдарымен қамтамасыз ету;
      24) азаматтарды әскери қызметке шақыруды өткiзу кестесін келісу;
      25) орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының терроризм профилактикасы, сондай-ақ, терроризмге қарсы комиссиялар арқылы тиісті аумақта терроризм зардаптарын барынша азайту және (немесе) жою жөніндегі қызметін үйлестіру;
      26) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.
      17. Құқықтары мен мiндеттерi:
      1) Басқарма өзiне жүктелген мiндеттердi және өзiнiң функцияларын жүзеге асыру үшін заңнамада бекiтiлген тәртiппен:
      мемлекеттiк органдардан, ұйымдардан, олардың лауазымды тұлғаларынан қажеттi ақпараттар мен материалдарды сұрауға және алуға;
      өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша кеңестер, семинарлар, конференциялар өткізуге;
      жеке және заңды тұлғалардың Басқармаға жолдаған өтініштерін қарауға, олардың орындалуын бақылауға, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда және тәртіппен олар бойынша жауаптар беруге;
      жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін қабылдауды ұйымдастыруға;
      қолданыстағы заңнамада қарастырылған өзге де құқықтарды атқаруға құқылы;
      2) Басқарма:
      заңды және негiзделген шешiмдер қабылдауға;
      қабылданған шешiмдердiң орындалуын бақылауды қамтамасыз етуге;
      қолданыстағы заңнамада қарастырылған өзге де міндеттерді іске асыруға міндетті.

3. Басқарманың қызметін ұйымдастыру

      18. Басқармаға басшылықты Басқармаға жүктелген мiндеттердiң орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын басшы жүзеге асырады.
      19. Басқарма басшысын облыс әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
      20. Басқарма басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.
      21. Басқарма басшысының өкiлеттiгi:
      1) өз өкілеттігін жүзеге асыру кезінде облыс әкімі мен жетекшілік ететін облыс әкімінің орынбасарына есеп береді;
      2) өз құзыреті шегінде мемлекеттiк органдарда және өзге де ұйымдарда Басқарманы бiлдiредi;
      3) еңбек қатынастары мәселелерi өз құзыретiне жататын Басқарма қызметкерлерiн заңнамаға сәйкес қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
      4) стратегиялық және бағдарламалық құжаттардың әзірленуін қамтамасыз етеді;
      5) еңбек қатынастары мәселелерi оның құзыретiне жататын Басқарма қызметкерлерiне заңнамада белгiленген тәртiппен тәртіптік жаза қолданады және көтермелеу шараларын қабылдайды;
      6) бұйрықтарға қол қояды;
      7) Басқарма атынан сенімхатсыз әрекет етеді;
      8) шарттар жасасады;
      9) сенімхаттар береді;
      10) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмысты ұйымдастыруға дербес жауапты болады;
      11) Басқарманың жұмысын ұйымдастырады, үйлестіреді және бақылайды;
      12) облыс әкімдігі мен әкімінің актiлерi мен тапсырмаларын орындайды;
      13) Басқарманың құрылымдық бөлiмшелерi туралы ережелердi бекiтедi;
      14) құзыретi шегiнде нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын әзiрлеудi ұйымдастырады;
      15) қызметтік этика нормаларының сақталуын қамтамасыз етеді;
      16) гендерлік теңдік саясатын жүзеге асырады;
      17) жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдау кестесін бекітеді;
      18) Қазақстан Республикасы заңнамасымен көзделген басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      19) мерзімді әскери қызметке шақыруды өткізу кезеңінде шақыру комиссиясының отырыстарына қатысады.
      Басқарма басшысы болмаған кезеңде оның өкiлеттiктерiн қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.
      22. Басқарма басшысы өз орынбасарларының өкiлеттiктерiн қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгiлейдi.
      23. Басқарманың жұмыс режимі:
      1) Басқарма дүйсенбі мен жұма аралығында аптасына 5 (бес) күн жұмыс істейді;
      2) Басқарманың жұмыс уақыты жергілікті уақыт бойынша сағат 09.00-ден сағат 19.00-ге дейін. Сағат 13.00-ден сағат 15.00-ге дейін үзіліс;
      3) Басқарма сенбі және жексенбі күндері, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген мереке күндері жұмыс істемейді.
      24. Басқарма мен облыс әкімдігі арасындағы, Басқарма әкімшілігі мен оның еңбек ұжымы арасындағы өзара қарым-қатынастар қолданыстағы Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледі.

4. Басқарманың мүлкі

      25. Басқарманың заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкi болуы мүмкiн.
      Басқарманың мүлкi оған меншiк иесi берген мүлiк, сондай-ақ, өз қызметi нәтижесiнде сатып алынған мүлiк (ақшалай кiрiстердi коса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебiнен қалыптастырылады.
      26. Басқармаға бекiтiлген мүлiк облыстық коммуналдық мүлікке жатады.
      27. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарма өзiне бекiтiлген мүлiктi және қаржыландыру жоспары бойынша өзiне бөлiнген қаражат есебiнен сатып алынған мүлiктi өз бетiмен иелiктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсiлмен билiк етуге құқығы жоқ.

5. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату

      28. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      Басқарма таратылған жағдайда оның мүлкiн пайдалану Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады