Қызылорда қаласы аумағында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар өткізудің қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қызылорда қалалық мәслихатының 2016 жылғы 01 ақпандағы № 53/2 шешімі. Қызылорда облысының Әділет департаментінде 2016 жылғы 01 наурызда № 5378 болып тіркелді. Күші жойылды - Қызылорда қалалық мәслихатының 2020 жылғы 24 маусымдағы № 347-62/5 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Қызылорда қалалық мәслихатының 24.06.2020 № 347-62/5 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      "Қазақстан Республикасында бейбiт жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбi туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 17 наурыздағы Заңына сәйкес Қызылорда қалалық мәслихаты ШЕШIМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Қоса беріліп отырған Қызылорда қаласы аумағында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар өткізудің қағидалары бекітілсін.

      2. Қызылорда қалалық мәслихатының келесі шешімдерінің күші жойылды деп танылсын:

      1) "Жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер мен демонстрациялар өткізу тәртібін қосымша реттеу туралы" Қызылорда қалалық мәслихатының 2013 жылғы 16 шілдедегі № 19/2 шешiмiнің (нормативтiк құқықтық актілерді мемлекеттiк тiркеу Тiзiлiмiнде №4490 нөмiрiмен тiркелген, 2013 жылғы 21 тамыздағы №34 "Ақмешiт ақшамы", 2013 жылғы 21 тамыздағы №34 "Ел тілегі" газеттерiнде жарияланған);

      2) "Жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер мен демонстрациялар өткізу тәртібін қосымша реттеу туралы" Қызылорда қалалық мәслихатының 2013 жылғы 16 шілдедегі № 19/2 шешіміне өзгерістер енгізу туралы" Қызылорда қалалық мәслихатының 2013 жылғы 29 қазандағы № 23/2 шешiмiнің (нормативтiк құқықтық актілерді мемлекеттiк тiркеу Тiзiлiмiнде №4544 нөмiрiмен тiркелген, 2013 жылғы 11 желтоқсандағы №50 "Ақмешiт ақшамы", 2013 жылғы 11 желтоқсандағы №50 "Ел тілегі" газеттерiнде жарияланған);

      3) "Жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер мен демонстрациялар өткізу тәртібін қосымша реттеу туралы" Қызылорда қалалық мәслихатының 2013 жылғы 16 шілдедегі № 19/2 шешіміне өзгерістер енгізу туралы" Қызылорда қалалық мәслихатының 2014 жылғы 18 ақпандағы № 26/3 шешiмiнің (нормативтiк құқықтық актілерді мемлекеттiк тiркеу Тiзiлiмiнде №4604 нөмiрiмен тiркелген, 2014 жылғы 5 наурыздағы №10 "Ақмешiт ақшамы", 2014 жылғы 5 наурыздағы №10 "Ел тілегі" газеттерiнде жарияланған).

      3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қызылорда қалалық Қызылорда қалалық
      мәслихатының кезектен тыс мәслихатының хатшысы
      ХХХХХІІІ сессиясының төрағасы
      М. БАЕКЕЕВ И. ҚҰТТЫҚОЖАЕВ

  Қызылорда қалалық мәслихатының
2016 жылғы 1 ақпандағы
№ 53/2 шешімімен бекітілген

Қызылорда қаласы аумағында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар өткізудің қағидалары

      1. Осы Қызылорда қаласында жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар өткізудің қағидасы (бұдан әрі - Қағида) 1995 жылғы 17 наурыздағы "Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру және өткізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес әзірленген.

1. Қызылорда қаласы аумағында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар өткізуге арналған арнайы орындар

      2. Қызылорда қаласы аумағында бейбіт жиналыстар, митингілер өткізу үшін келесі арнайы орындар белгіленсін:

      1) Облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлiк орталығының аумағындағы саябақ (Е.Әуелбеков көшесi, №41).

      2) М.Ералиева атындағы мәдениет үйi ғимаратының алдындағы алаң (Ә.Қашаубаев көшесi, нөмiрсiз).

      3) Тасбөгет кентiндегi "Тасбөгет" саябағы.

      4) "Қалалық қосымша оқу-әдістемелік орталығы" мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының жанындағы саябақ (А.Тоқмағамбетов көшесі, №9).

      5) Қ.Яссауи көшесінің бойындағы "Келмембет батыр" ескерткішінің жанындағы саябақ.

      3. Қызылорда қаласы аумағында бейбіт жиналыстар, демонстрациялар өткізу үшін келесі арнайы маршруттар белгіленсін:

      1) С.Толыбеков көшесінің бойы (Е.Әуелбеков көшесінен Желтоқсан көшесі аралығы).

      2) Бейбітшілік көшесінің бойы (Жанқожа батыр көшесінен Хон Бен До көшесіне дейін).

      3) Жеңіс көшесінің бойы (Б.Мәтенова көшесінен Астана даңғылына дейін).

      Тасбөгет кентiндегi Ш.Есенов көшесінің бойы (М.Шоқай көшесінің қиылысындағы Тасбөгет саябағына дейін).

      4. Бейбіт пикеттер өткізу үшін арнайы орындар белгіленбейді.

2. Бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар өткізу тәртібінің талаптары

      5. Бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар (әрі қарай – шара) өткізу туралы өтініш оларды өткізудің белгіленген күнінен кемінде он күн бұрын жазбаша нысанда беріледі.

      6. Өтініште шараны өткізудің мақсаты, нысаны, өткізілетін орны немесе қозғалыс маршруттары, оның басталатын және аяқталатын уақыты, қатысушылардың ықтимал саны, уәкілдердің (ұйымдастырушылардың) және қоғамдық тәртіптің сақталуына жауапты адамдардың тегі, аты, әкесінің аты, олардың тұратын және жұмыс істейтін (оқитын) жері, өтініштің берілген күні көрсетіледі.

      Өтініш жалпыға қолжетімді ақпараттық жүйелер бойынша және Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнама талаптарына сәйкес берілуі мүмкін.

      Қызылорда қаласы әкімдігіне тікелей жүгіну барысында өтініш берушіге өтінішті қабылдаған тұлғаның аты-жөні, қабылдаған күні мен уақыты көрсетілген талон беріледі.

      7. Өтініштің берілген мерзімі Қызылорда қаласы әкімдігіне тіркелген күннен бастап есептеледі.

      8. Шараны өткізу туралы өтінішті еңбек ұжымының, қоғамдық ұйымдардың немесе Қазақстан Республикасы азаматтарының жекелеген топтарының 18 жасқа толған уәкілдері береді.

      Өкілдікті рәсімдеу Қазақстан Респуликасының Азаматтық заңнамасымен бекітілген тәртіппен жасалады.

      9. Қызылорда қаласының әкімдігі өтінішті қарайды және өтініште көрсетілген шараның өткізілетін уақытынан бес күн бұрын уәкілдерге (ұйымдастырушыларға) қабылданған шешім туралы хабарлайды.

      10. Қызылорда қаласының әкімдігі басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын, қоғамдық қауіпсіздікті, сондай-ақ, көліктің, инфрақұрылым объектілерінің қалыпты жұмыс жасауын, жасыл желектер мен шағын сәулет нысандарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында, қажет болған жағдайда өтініш жасағандарға шараны өткізудің өзге уақыты мен орнын немесе көтерілген мәселелерді талқылауға, қарауға арналған балама алаңды ұсынады.

      Қабылданған шешімге қолданыстағы заңнамада бекітілген тәртіппен шағым жасауға болады.

      11. Шара өткізу туралы өтініш беру барысында 1995 жылғы 17 наурыздағы "Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру және өткізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 3-бабының талаптары бұзылған жағдайда жіберілген қателерді жою туралы ұсыныспен Қызылорда қаласы әкімдігімен ресми жауап беріледі.

      Жаңадан түскен өтінішті қарау мерзімі оның келіп түскен сәтінен бастап есептеледі.

      12. Егер шараның өткізілу мақсаты нәсілдік, ұлттық, әлеуметтік араздықты, діни төзімдікті, тектік астамшылықты, республиканың конституциялық құрылымын күш қолданып құлату, аумақтық тұтастығына қол сұғу, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Конституциясының, заңдары мен өзге де нормативтік актілерінің басқа ережелерін бұзу немесе оларды өткізу қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігіне қатер төндіретін болса, Қызылорда қаласының әкімдігі бұларды өткізуге тыйым салады.

      13. Бұқаралық шараларды теміржол, су және әуе көлігінің объектілерінде, сондай-ақ, мемлекеттің қорғаныс қабілетін, қауіпсіздігін және халықтың тіршілігін қамтамасыз ететін ұйымдардың (қалалық қоғамдық көлік, сумен, электр қуатымен, жылумен және басқада энергия тасымалдаушы) және, денсаулық сақтау мен білім беру мекемелерінің жанында өткізуге жол берілмейді.

      14. Бас тартылған жағдайда ұйымдастырушыларға барлық дайындық рәсімдерін тез арада тоқтату жөніндегі шараларын қабылдау және бұл жөнінде әлеуетті қатысушыларды тиісті түрде хабардар ету көрсетіледі.

      15. Егер ұйымдастырушылар дайындық шараларын тоқтату жөніндегі шараларды өздігінен қабылдамаса, Қызылорда қаласының әкімдігі шараны өткізуге рұқсат беруден бас тартылғандығы туралы ақпаратты, санкцияланбаған шараға қатысқаны үшін жауапкершілікке тартылатындығы туралы ескертумен бірге өзінің ресми интернет-ресурстарына, сондай-ақ, ұйымдастырушылар заңсыз шараға шақыру, шақырту орналастырған (орналастырылып жатқан) басқа да ресурстарға орналастыруға құқылы.

      16. Қызылорда қаласының әкімдігі ұйымдастырушылардың келісімі бойынша қоғамдық тәртіпті, көліктің, мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, кәсіпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың қалыпты жұмысын қамтамасыз ету, азаматтардың өмірі мен денсаулығына төнетін қауіптің алдын алу мақсатында, сондай-ақ, шаралардың нысаны, өткізілу орны мен уақыты тура келіп, алайда басқа шараның бағыты мен мақсатына сәйкес келмеген жағдайда, белгіленген мерзімге бұрын немесе бір мезгілде түскен шараны өткізу туралы арыздардағы шараның өткізілу уақытын, орнын (маршрутын) және өткізілу тәртібін өзгертуге құқылы.

      Қызылорда қаласы әкімдігінің ұсынысы нақты сипатта болуы тиіс, дегенмен бірнеше нұсқаны қамти алады.

      17. Шара өтініште көрсетілген мақсаттарға сәйкес, онда көрсетілген мерзімде, уақытта және шартты орындарда (белгіленген маршрутпен) өткізіледі.

      18. Егер шараның нысанын өзгерту қажеттілігі туындаса, шараны ұйымдастырушы тиісті рұқсатты алу үшін Қызылорда қаласының әкімдігіне жүгінуі қажет.

      19. Шараны өткізу барысында өтінішке қол қойған ұйымдастырушыда айырмалық белгісі болуы тиіс, бекітілген тәртіпке сәйкес өзі келіп және шараның өткізілуіне толық жауапкершілікте болады.

      20. Шараны өткізу барысында ұйымдастырушылар мен қатысушылар Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын, басқа да нормативтік актілерін, қоғамдық тәртіпті сақтауға міндетті.

      21. Шараны ұйымдастырушылар мен Қызылорда қаласының әкімдігі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін, медициналық қызметті, өрт қауіпсіздігін және төтенше жағдайлар туындағанда қатысушыларды эвакуациялауға шаралар қабылдайды.

      22. Шара өткізілетін орындарда алкогольді сусындарды ішу, есірткі құралдарын, психотроптық және оларға ұқсас заттарды пайдалануға тыйым салынады.

      Шараны ұйымдастырушылар мас және есірткі пайдаланған тұлғалардың шараға қатысуына жол бермеуге міндетті.

      Шараға қатысушыларға өзімен бірге қару, жарылғыш, улы, есірткі заттарын, алкогольдік сусындарды, сондай-ақ, адамдардың өмірімі мен денсаулығына қарсы қолданатын, жеке және заңды тұлғаларға материалдық шығын келтіретін, тәртіпсіздікті арандату, митингіге кедергі келтіру және т.б. жағдайда қолданылуы мүмкін арнайы дайындалған немесе бейімделген заттарды алып жүруге тыйым салынады.

      23. Шараны ұйымдастырушылар оны өткізу барысында дауыс күшейткіштер, транспаранттар, ұрандар және басқа да материалдарды дайындау және (немесе) пайдалану, сондай-ақ, қоғамдық тәртіпті бұзуға, қылмыс жасауға шақыратын, кімге де болмасын тіл тигізетін көпшілік алдында сөз сөйлеулерге жол бермеуге міндетті.

      24. Пикетке шығушыларға рұқсат етіледі:

      пикет өткізілетін объектінің жанында отыруға, тұруға;

      көрнекі үгіт-насихат құралдарын пайдалануға;

      пикеттің тақырыбына сәйкес қысқа ұрандар мен лозунгілерді айқайлап айтуға.

      25. Қоғамдық тәртіпті сақтау және пикетке қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында түрлі жекелеген пикетке қатысушылар бір-бірінен шамамен 50 метрден кем емес қашықтықта орналасуы қажет.

      26. Шараның өткізілуі барысында ішкі істер органдарының жергілікті полиция қызметі заңнамаға сәйкес қоғамдық тәртіпті, қауіпсіздікті, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды, қылмыстар мен әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу және жол бермеуді қамтамасыз етеді, қолданыстағы заңнамада қарастырылған басқа да қызметтерді атқарады.

      27. Ішкі істер органдарының жергілікті полиция қызметінің қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөлігіндегі талаптары барлық азаматтарға, шараға қатысушы азаматтарға, лауазымды тұлғаларға, ұйымдармен бірлестіктерге міндетті болып табылады.

      28. Азаматтардың бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрацияларға бостандығы құқығын жүзеге асыруға кедергі келтіретін мемлекеттік органдардың, ұйымдастырушылардың, қатысушылардың барлық іс-әрекеттеріне жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен сотқа шағымдануға болады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады