Ақсу қаласында бейбіт жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар өткiзудің қосымша тәртібін бекіту туралы

Күшін жойған

Павлодар облысы Ақсу қалалық мәслихатының 2016 жылғы 14 сәуірдегі № 14/2 шешімі. Павлодар облысының Әділет департаментінде 2016 жылғы 19 мамырда № 5125 болып тіркелді. Күші жойылды - Павлодар облысы Ақсу қалалық мәслихатының 2020 жылғы 24 қыркүйектегі № 446/65 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Павлодар облысы Ақсу қалалық мәслихатының 24.09.2020 № 446/65 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 17 наурыздағы "Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы" Заңының 10-бабына сәйкес, Ақсу қалалық мәслихаты ШЕШІМ ЕТЕДІ:

      1. Ақсу қаласында бейбіт жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар өткiзудің қосымша тәртібі осы шешімнің қосымшасына сәйкес бекітілсін.

      2. Ақсу қалалық мәслихатының 2015 жылғы 3 сәуірдегі "Ақсу қаласында жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар өткiзу тәртібін қосымша реттеу туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4439 болып тіркелген, 2015 жылғы 24 сәуірде "Ақсу жолы", "Новый путь" газеттерінің № 15 жарияланған) № 329/44 шешімінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешімнің орындалуын бақылау қалалық мәслихаттың әлеуметтік және жастар саясаты, заңдылық және құқықтық тәртіп мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясына жүктелсін.

      4. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Сессия төрайымы Ғ. Әмірханова
      Қалалық мәслихаттың хатшысы М. Омарғалиев

  Ақсу қалалық мәслихатының
2016 жылғы 14 сәуірдегі
№ 14/2 шешімімен
бекітілген

Ақсу қаласы аумағында бейбiт жиналыстар,
митингiлер, шерулер, пикеттер және
демонстрациялар өткiзудің қосымша тәртібі

      1. Ақсу қаласы аумағында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар өткізудің қосымша тәртібі (бұдан әрі - Қосымша тәртіп) Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 17 наурыздағы "Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы" Заңына сәйкес әзірленді.

      2. Жиналыс, митинг, шеру, пикет және демонстрация өткiзу үшін Ақсу қаласы әкімінің аппаратына өтініш беріледі.

      3. Жиналыс, митинг, шеру, пикет немесе демонстрация өткiзу туралы өтiнiштердi еңбек ұжымдарының, қоғамдық бірлестіктердің немесе Қазақстан Республикасы азаматтарының жекелеген топтарының он сегіз жасқа толған уәкiлдерi береді.

      4. Жиналыс, митинг, шеру, пикет немесе демонстрация өткiзу туралы өтініш оны өткізудің белгіленген датасынан кемінде он күн бұрын жазбаша нысанда беріледі. Өтініште шараны өткізу мақсаты, нысаны, өткізілетін жері немесе қозғалыс маршруттары, оның басталатын және аяқталатын уақыты, қатысушылардың ықтимал саны, уәкілдердің (ұйымдастырушылардың) және қоғамдық тәртіптің сақталуына жауапты адамдардың тегі, аты, әкесінің аты, олардың тұратын және жұмыс істейтін (оқитын) жері, өтініштің берілген датасы көрсетілерді. Өтініштің берілген мерзімі Ақсу қаласы әкімінің аппаратында тіркелген күнінен бастап есептеледі.

      5. Ақсу қаласы әкімінің аппараты өтінішті қарайды және өтініште көрсетілген шараның өткізілетін уақытынан кемінде бес күн бұрын уәкілдерге (ұйымдастырушыларға) қабылданған шешім туралы хабарлайды.

      6. Жиналыс, митинг, шеру, пикет және демонстрация өткiзу туралы өтініш беру барысында осы Қосымша тәртіптің 4-тармағының талаптарына сәйкес келмеген жағдайда Ақсу қаласы әкімінің аппараты осы бұзушылықтарды жаңа өтініш берген кезде жою туралы ресми түрде ұсыныс береді. Жаңа өтінішті қарау мерзімі өтініш түскен сәттен бастап саналады.

      7. Ақсу қаласы әкімінің аппараты басқа азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, қоғамдық қауіпсіздікті, сондай-ақ көліктің, инфрақұрылым объектілерінің қалыпты жұмыс істеуін, жасыл желектер мен шағын сәулет нысандарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында, қажет болған жағдайда, өтініш жасағандарға шараны өткізудің баламалы жерін ұсынады.

      8. Егер, Ақсу қаласы әкімінің аппараты митинг, жиналыс, шеру, пикет және демонстрациялардан бас тартатын болса немесе тыйым салу туралы шешім шығарса, онда ұйымдастырушылар ықтимал қатысушыларға барлық дайындық жұмыстардың күші жойылғаны туралы шаралар қабылданғанын міндетті түрде хабарлауы қажет.

      9. Ақсу қаласының аумағында митингілер, жиналыстар мен пикеттер өткізетін орын болып Иманжүсіп Құтпанұлы атындағы спорттық-сауықтыру кешені алдындағы алаң белгіленсін.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - Павлодар облысы Ақсу қалалық мәслихатының 24.02.2020 № 394/57 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      10. Ақсу қаласының аумағында шерулер мен демонстрацияларды өткізу үшін Абай көшесі бойымен Абай-Калинин көшелері қиылысынан Абай-Иртышская көшелері қиылысына дейінгі бағыт белгіленсін.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - Павлодар облысы Ақсу қалалық мәслихатының 24.02.2020 № 394/57 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      11. Жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар, сондай-ақ оларға қатысушылардың сөз сөйлеуі өтініште көрсетілген мақсатқа сәйкес, белгіленген мерзімде және келісілген жерде өткізіледі.

      12. Жиналыстарды, митингiлерді, шерулерді, пикеттерді, демонстрацияларды өткізу кезінде уәкілдер (ұйымдастырушылар), сондай-ақ басқа да қатысушылар қоғамдық тәртіпті сақтауға міндетті.

      13. Шараларды ұйымдастырушылар мен қатысушыларға тыйым салынатын іс-шаралар:

      1) көліктің және жаяу жүргіншілердің қозғалысына бөгет жасауына;

      2) елді мекеннің инфрақұрылым объектілерінің үздіксіз жұмыс істеуіне кедергі келтіруіне;

      3) Ақсу қаласы әкімінің аппараты рұқсатынсыз киіз үйлер, шатырлар, өзге де уақытша құрылыстар тұрғызуына;

      4) жасыл желектерге, шағын сәулет нысандарына залал келтіруіне;

      5) өзімен бірге суық қаруды, атыс және өзге де қаруды, сондай-ақ адамдардың өмірі мен денсаулығына қарсы азаматтарға, және заңды тұлғалардың меншігіне материалдық залал келтіру үшін пайдаланылуы мүмкін арнайы жасалған немесе бейімделген заттарды алып жүруіне;

      6) шараны өткізу кезінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуші мемлекеттік органдар өкілдерінің қызметіне кез келген нысанда араласуына тыйым салынады;

      7) алкогольдік және есірткілік масаңдық күйде қатысуына.

      14. Жиналыс, митинг, шеру, пикет және демонстрацияларды өткізу орындарында алкогольді ішімдіктерді ішуге, есірткілік құралдарды, психотроптық заттарды және олардың аналогтары мен прекурсорларын қолдануға; транспоранттарды, ұрандарды және басқа да материалдарды (көрнекті, аудио және бейне) пайдалануға, құрамында қоғамдық тәртіпті бұзуға, қылмыс жасауға үндейтін, сондай-ақ, кімнің болса да атына тіл тигізетін сөздері бар мағынада көпшілік алдында сөйлеуге тыйым салынады.

      15. Пикеттер белгіленген кезеңдерде және өтініште көрсетілген нақты орнында міндеттеріне сәйкес жүргізілуі тиіс.

      16. Пикеттеу кезінде рұқсат етіледі:

      1) пикеттірілген объектіде тұру немесе отыру;

      2) көрнекті үгіт құралдарын пайдалану;

      3) пикет тақырыбына байланысты қысқа ұрандар айту.

      17. Пикетті өзге нысанға (митинг, жиналыс, шеру, демонстрацияға) өзгерткен жағдайда белгіленген тәртіппен Ақсу қаласы әкімінің аппаратынан рұқсат алу қажет.

      Ақсу қаласы әкімінің аппараты бір күнде, бір уақытта және бір орында үшеуден аспайтын жеке дара пикетті өткізуге рұқсат беруі мүмкін.

      Түрлі жеке дара пикеттерге қатысушылар бір-бірінен 50 метрден кем емес қашықтықта орналасуы немесе бір-біріне айқын көрініп тұруы қажет.

      Ескерту. 17-тармақ орыс тілінде жаңа редакцияда, қазақ тіліндегі мәтіні өзгермейді - Павлодар облысы Ақсу қалалық мәслихатының 24.02.2020 № 394/57 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      18. Егер жиналысты, митингіні, шеруді, пикет қоюды немесе демонстрацияны өткізудің мақсаты нәсілдік, ұлттық, әлеуметтік араздықты, діни төзімсіздікті, тектік астамшылықты қоздыру, республиканың конституциялық құрылысын күш қолданып құлату, аумақтық тұтастығына қол сұғу, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Конституциясының, заңдары мен өзге де нормативтік актілерінінің басқа қағидаларын бұзу болса, немесе оларды өткізу қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігіне қатер төндіретін болса, Ақсу қаласы әкімінің аппараты бұларды өткізуге тыйым салады.

      19. Қорғаныс қауіпсіздігін және халықтың тіршілігін қамтамасыз ететін ұйымдардың (сумен, электр қуатымен, жылумен және басқа энергия көздерімен) денсаулық сақтау мен білім беру мекемелерінің жанында бұқаралық шараларды өткізуге тыйым салынады.

      20. Егер: өтiнiш берiлмеген болса, тыйым салу туралы шешiм шығарылса, сондай-ақ азаматтардың өмiрi мен денсаулығына қауiп төнетiн, қоғамдық тәртiп бұзылатын жағдайда жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер мен демонстрациялар Ақсу қаласы әкімінің аппараты өкілінің талап етуі бойынша сөзсiз тоқтатылуға тиiс.

      21. Ақсу қаласы әкімінің аппараты өкiлiнiң талабын орындаудан бас тартылған жағдайда оның нұсқауы бойынша iшкi iстер органдары жиналысты, митингiнi, шерудi, пикет қоюды және демонстрацияны тоқтату жөнiнде қажеттi шаралар қолданады.

      22. Жиналыстарды, митингiлердi, шерулердi, пикеттердi және демонстрацияларды ұйымдастыру мен өткiзудiң белгiленген тәртiбiн бұзған адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауап бередi.

      23. Жиналыстарды, митингiлердi, шерулердi, пикеттердi және демонстрацияларды өткiзу кезiнде оларға қатысушылардың азаматтарға, қоғамдық бiрлестiктерге, мемлекетке келтiрген материалдық залалы үшiн заңда белгiленген тәртiп бойынша өтем жасалуға тиiс.

      24. Жиналыс, митинг, шеру, пикет, демонстрация өткiзiлетiн жерде қоғамдық тәртiптi сақтау, үй-жайлар беру, санитарлық тазарту, жарық беру және радиоландыру жөнiндегi туындаған барлық қосымша шығындарды оларды ұйымдастырушылар өтейдi.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады