Қару мен оқ-дәрінің ұрлануы, жоғалуы не әскери қызметшінің әскери бөлім орналасқан жерді қарумен өз бетінше тастап кетуі туралы ақпаратқа Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскери бөлімдері қолбасшылығының және әскери полиция органдарының ден қою қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 12 шілдедегі № 351 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 23 тамызда № 15530 болып тіркелді.

      "Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 22-бабы 2-тармағының 26-11) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қару мен оқ-дәрінің ұрлануы, жоғалуы не әскери қызметшінің әскери бөлім орналасқан жерді қаруымен өз бетінше тастап кетуі туралы ақпаратқа Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскери бөлімдері қолбасшылығының және әскери полиция органдарының ден қою қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери полициясы бас басқармасы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықтың көшірмесін мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде қағаз және электрондық түрде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;

      3) бұйрықты алғашқы ресми жарияланғанынан кейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Заң департаментіне жолдауды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық лауазымды адамдарға, оларға қатысты бөлігінде жеткізілсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қорғаныс министрі
генерал-полковник
С. Жасұзақов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ішкі істер министрі

      полиция генерал-полковнигі

      ________________Қ. Қасымов

      2017 жылғы 20 шілде

  Қазақстан Республикасы
Қорғаныс министрінің
2017 жылғы 12 шілдедегі
№ 351 бұйрығымен
бекітілген

Қару мен оқ-дәрінің ұрлануы, жоғалуы не әскери қызметшінің әскери бөлім
орналасқан жерді қаруымен өз бетінше тастап кетуі туралы ақпаратқа Қазақстан
Республикасы Қарулы Күштері әскери бөлімдері қолбасшылығының және әскери
полиция органдарының ден қою қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қару мен оқ-дәрінің ұрлануы, жоғалуы не әскери қызметшінің әскери бөлім орналасқан жерді қаруымен өз бетінше тастап кетуі туралы ақпаратқа Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскери бөлімдері қолбасшылығының және әскери полиция органдарының ден қою қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) қару мен оқ-дәрінің ұрлануы, жоғалуы не әскери қызметшінің әскери бөлім орналасқан жерді қаруымен өз бетінше тастап кетуі туралы ақпаратқа Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскери бөлімдері қолбасшылығының және әскери полиция органдарының (бұдан әрі – әскери бөлімдер және әскери полиция органдары) ден қою тәртібін айқындайды.

      2. Әскери бөлімдердің қолбасшылығы және әскери полиция органдары ұрланған, жоғалтылған қаруды, оқ-дәріні іздестіруді жүзеге асырады және әскери бөлім орналасқан жерді қаруымен өз бетінше тастап кеткен (бұдан әрі – қаруымен БӨБТК) әскери қызметшінің орналасқан жерін анықтайды.

2-тарау. Қару мен оқ-дәрінің ұрлануы, жоғалуы туралы ақпарат алынған кездегі әскери
бөлімдер және әскери полиция органдары лауазымды адамдарының әрекет ету тәртібі

      3. Қару мен оқ-дәрінің ұрлануы, жоғалуы туралы ақпаратты алған кезде әскери бөлім бойынша кезекші 20 минут ішінде әскери бөлім командиріне, әскери бөлімнің орналасқан жері бойынша әскери полиция органына, әскери-тергеу және аумақтық ішкі істер органына, әскери прокуратураға және әскери қарсы барлау органына баяндайды.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қорғаныс министрінің 18.09.2023 № 899 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      4. Әскери бөлім қолбасшылығы 30 минут ішінде:

      1) гарнизон бастығын хабардар етеді;

      2) оқиға болған жерді күзетуді қамтамасыз ету және тергеу-жедел тобы келгенге дейін оқиға болған жерге бөгде адамның кіруін шектеу бойынша шаралар қабылдайды, қоршау тобының жетекшісін тағайындайды және оқиға болған жерді күзетуге тартылатын күштер мен құралдар санын айқындайды.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қорғаныс министрінің 18.09.2023 № 899 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      5. Ақпаратты алған сәттен бастап үш сағат ішінде әскери бөлімнің қолбасшылығы жоғары тұрған штабқа қару мен оқ-дәрілерді ұрлау, жоғалту туралы жеткізілімді жолдайды, сондай-ақ әскери прокуратураға, әскери қарсы барлау органдарына, әскери-тергеу және аумақтық ішкі істер органдарына, әскери полиция органдарына жазбаша хабарлайды.

      Ішкі істер органдары мен әскери полиция органдары қызметкерлерінің сұрау салуы бойынша іс үшін маңызы бар материалдарды ұсынады, тергеу әрекеттерін жүргізу үшін мамандарды бөледі, әскери бөлімге іргелес жергілікті жерді тексеруді ұйымдастырады, қару мен оқ-дәрілердің қолда барына іздестіру жүргізеді, бөлім аумағындағы үй-жайлар мен ғимараттарды қарап тексереді.

      6. Қару мен оқ-дәрілерді ұрлау, жоғалту туралы ақпаратты алған кезде әскери полиция органы бойынша кезекші дереу:

      1) ақпаратты Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексiнің (бұдан әрі – ҚР ҚПК) 179-бабына сәйкес тіркейді;

      2) оқиға орнына жедел топты жібереді;

      3) әскери полиция органының бастығына және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери полициясы бас басқармасының жедел кезекшісіне оқиға туралы жазбаша баяндайды.

3-тарау. Әскери қызметшінің бөлімді немесе қызмет орнын қаруымен өз бетінше
тастап кеткені туралы ақпарат алынған кездегі әскери бөлімдер қолбасшылығының
және әскери полиция органдарының әрекет ету тәртібі

      7. Әскери бөлім қолбасшылығы әскери қызметшінің бөлімді немесе қызмет орнын қаруымен өз бетінше тастап кеткені туралы ақпарат алған кезде осы Қағидалардың 2-тарауында көрсетілген іс-шаралардың жүргізілуін ұйымдастырады, сондай-ақ:

      1) үш сағат ішінде жоғарғы штабқа жеткізілімді және әскери бөлім орналасқан жері бойынша әскери прокуратураға, әскери қарсы барлау органына, әскери-тергеу және аумақтық ішкі істер органына, көліктегі ішкі істер органына, әскери полиция органына, көлік түріндегі әскери қатынас комендатурасына жазбаша хабарлама жібереді. Қаруымен БӨБТК туралы хабарламада (жеткізілімде):

      қаруымен БӨБТК болған жер, уақыты және мән-жайы;

      қару (оқ-дәрілер) саны, атауы, сериясы, нөмірі (партиясы), шығарылған жылы;

      әскери қызметшінің өмірбаяндық деректері;

      барлық отбасы мүшелерінің, туыстары мен таныстарының тұрғылықты жері;

      ауызша суреттелген портреті мен ерекше белгілері;

      киім нысаны және азаматтық киімінің бар болуы;

      жеке куәлігінің не Қазақстан Республикасының азаматы төлқұжатының, болмаған кезде әскери билетінің деректері;

      қылмыстық және өзге де құқық бұзушылық жасауға ниеті, бейімділігі көрсетіледі.

      Хабарламаға (жеткізілімге) қаруымен БӨБТК әскери қызметшінің фотосуреті қоса беріледі;

      2) әскери бөлімнің анағұрлым маңызды объектілерінің күзетін күшейтуді ұйымдастырады;

      3) әскери қызметшіні бөлімді өз бетінше тастап кеткендер есебіне қояды, әскери қызметшіні әскерге шақыру (тұрғылықты) орны бойынша қорғаныс істері жөніндегі бөлімге (басқармаға) жеделхат және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментіне хабарлама жолдайды;

      4) гарнизон бастығының не гарнизонға келген үлкен бастықтың нұсқауларына сәйкес әрекет етеді.

      Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Қорғаныс министрінің 18.09.2023 № 899 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      8. Гарнизон бастығы:

      1) оқиға болған әскери бөлімге келеді;

      2) жағдайды бағалайды және мынадай құрамда жедел топ құрады:

      штаттық орынбасарлардың бірінен;

      гарнизонның әскери полиция органы бастығының орынбасарынан;

      гарнизонның әскери бөлімдері командирлерінің орынбасарларынан;

      ішкі істер органдарының өкілдерінен – келісім бойынша;

      3) жедел топтың жұмыс орнын айқындайды.

      Жедел топтың іс-қимылдарына басшылық жасауды және үйлестіруді гарнизон бастығы не оның орнында болатын лауазымды адам жүзеге асырады. Гарнизонға үлкен бастық келген жағдайда іс-қимылдарға басшылық жасауды келген лауазымды адам жүзеге асырады;

      4) осы қылмыстық құқық бұзушылықты тергеуді жүзеге асыратын тергеу-жедел тобының бастығымен тұрақты байланысты ұйымдастырады;

      5) гарнизонның анағұрлым маңызды объектілерін күзетуді күшейтуді ұйымдастырады;

      6) қаруымен БӨБТК әскери қызметшінің қозғалысы (пайда болуы) туралы деректерді, сондай-ақ оның орналасқан жерін анықтау жөніндегі іс-шаралардың орындалу барысы туралы мәліметтерді жинауды және қорытындылауды ұйымдастырады;

      7) жоғарғы әскери басқару органына және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының Ұлттық қорғанысты басқару орталығына жүргізілген іс-шаралар нәтижесі туралы баяндап, олармен тұрақты байланысты ұстайды;

      8) тергеуді жүргізетін және қаруымен БӨБТК әскери қызметшіні іздестіруді ұйымдастыратын ішкі істер органынан (әскери полиция органынан) сұрау салу келіп түскен кезде жоғары тұрған басшылықпен келіскеннен кейін жергілікті жерді тексеруді ұйымдастыру үшін қажетті күштер мен құралдарды бөледі.

      Ескерту. 8-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Қорғаныс министрінің 18.09.2023 № 899 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      9. Гарнизонның әскери полиция органының бастығы:

      1) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери полициясы бас басқармасының бастығына қаруымен БӨБТК уақыты мен мән-жайлары туралы баяндайды;

      2) қаруымен БӨБТК әскери қызметшінің орналасқан жерін анықтау жөніндегі бірлескен іс-шараларды жүргізу үшін тергеуді жүргізетін және іздестіруді ұйымдастыратын ішкі істер органының басшылығымен тұрақты байланысты реттейді;

      3) қаруымен БӨБТК әскери қызметшіні іздестіруге және оны ұстауға тартылатын күштер мен құралдар санын айқындайды;

      4) іздестіру кезінде қолда бар техникалық анықтау құралдарын, сондай-ақ қызметтік-іздестіру иттерін қолданады;

      5) жедел жағдайдың барлық өзгерістері туралы тікелей не жедел кезекшілер қызметі арқылы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери полициясы бас басқармасына баяндайды;

      6) әскери полиция органдары және ішкі істер органдары арасындағы іздеу салу мәселелері бойынша өзара іс-қимылы көрсетілген органдарға тиісті сұрау салуларды жолдау, ықпалдастырылған ақпараттық жүйелерді және бар есепті тексеруді пайдалану арқылы ұйымдастырады.

      10. Әскери бөлімнің орналасқан орны бойынша көлік түрлеріндегі әскери қатынастар комендатурасының әскери коменданты:

      1) ішкі істер органдарының қызметкерлерімен бірлесіп, авто және теміржол вокзалдарда, әуежайларда, поездарда әскери қызметшілерді тексеруді ұйымдастырады;

      2) қаруымен БӨБТК әскери қызметші туралы ақпаратты көлік түрлеріндегі әскери қатынастар комендатурасының әскери коменданттарына, сондай-ақ ықтимал жүру маршруты бойынша теміржол станциясының, әуежайдың бастығына хабарлайды;

      3) қабылданған шаралар туралы орналасқан орны бойынша гарнизонның әскери полиция органының кезекшісіне хабарлайды.

      11. Бөлім орналасқан жерден тыс жерде (басқа гарнизонның аумағында) қаруымен БӨБТК болған жағдайда осы Қағидалардың 7, 8-тармақтарында көрсетілген әрекеттерді аумағында оқиға болған гарнизон бастығы және осы гарнизонның әскери полиция органының бастығы орындайды. Қаруымен БӨБТК әскери қызметші оған тиесілі әскери бөлімнің командирі және осы бөлімге қызмет көрсететін әскери полиция органының бастығы оларға қатысты бөлігінде осы Қағидалардың 6, 8-тармақтарында көрсетілген шараларды қабылдайды.

      12. Қаруымен БӨБТК әскери қызметшіні іздестіру және оны ұстау үшін іздестіру іс-шараларын жүзеге асыратын қылмыстық қудалау органының сұрау салуы негізінде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің басшылығымен келісу бойынша әскери техника бөлінеді.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қорғаныс министрінің 05.10.2020 № 501 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      13. Әрбір нақты жағдайда тартылатын күштер мен құралдар саны әскери қызметші немесе әскери қызметшілер тобы әскери бөлімді өз бетінше тастап кету мән-жайларына, ұрланған атыс қаруының түріне, оқ-дәрілер санына, сондай-ақ аумақты аралап тексеру ауданының ауқымына сүйене отырып айқындалады. Аралап тексеру оны жүргізудің бағыты мен тәртібін айқындайтын, тергеуді жүргізетін және іздеуді ұйымдастыратын ішкі істер органының қызметкерлерімен (келісу бойынша) бірлесіп жүргізіледі және қаруымен БӨБТК әскери қызметшіні, ұрланған қаруды анықтағанға дейін немесе жоғары тұрған қолбасшылықтың тиісті өкіміне дейін жүргізіледі.

      14. Қаруымен БӨБТК әскери қызметші анықталған кезде анықталған жерді қоршау (оқшаулау), медициналық қызметкерді және өрт сөндіру командасын шақырту, көрсетілген іс-шараны аумақтық ішкі істер органының және мемлекеттік күзет қызметінің кезекшісімен келісу бойынша шаралар қабылданады. Қаруымен БӨБТК әскери қызметшіге барлық қашатын жолдың бұғатталғаны және қарсыласудан пайда жоқ екені туралы хабарланады. Қаруымен БӨБТК әскери қызметшіге қаруды көрінетін жерге қойып және оны ұстау мүмкіндігін болдырмайтын арақашықтыққа қарудан алыс тұрып берілу ұсынылады.

      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қорғаныс министрінің 18.09.2023 № 899 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      15. Әскери қызметші берілуден (қаруды тапсырудан) бас тартқан кезде ҚР ҚПК 128-бабы, "Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 2-тармағының 22) тармақшасы және "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 59, 60 және 61-баптары негізінде оны ұстауды Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі арнайы бөлімшелерінің қызметкерлері жүргізеді. Осы мақсаттарда Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің басшылығымен келісу бойынша әскери техника бөлінеді.

      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қорғаныс министрінің 05.10.2020 № 501 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      16. Қаруымен БӨБТК-ні ұстау кезінде әскери қызметшілердің қаруды қолдануы Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары ішкі қызмет жарғысының 10,11-тармақтарында және "Әскери полиция органдары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

      Әрбір қару қолдану фактісі бойынша қызметтік тергеп-тексеру жүргізіледі. Қаруды алып қою, сақтау және бөлім қолбасшылығына беру ҚР ҚПК 221-бабының талаптарына сәйкес жүргізіледі.

      Ескерту. 16-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Қорғаныс министрінің 18.09.2023 № 899 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      17. Қаруымен БӨБТК әскери қызметші ерікті түрде берілген не оны ұстаған жағдайда оны күзетуді және осы қылмыстық құқық бұзушылықты тергеуді жүзеге асыратын қылмыстық қудалау органына жеткізуді әскери полиция органы ұйымдастырады. Жедел-тергеу тобы келгенге дейін жұмылдырылған жеке құрам оқиға болған орынды күзетуді қамтамасыз етеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады