Бастапқы әскери дайындық қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 12 шілдедегі № 347 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 20 қыркүйекте № 15725 болып тіркелді.

      "Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы" 2005 жылғы 7 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 22-бабы 2-тармағының 26-13) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Бастапқы әскери дайындық қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментіне Қазақстан Республикасының заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеу үшін Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне жолдауын;

      2) осы бұйрықтың көшірмесін мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде қағаз және электрондық түрде Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерінің эталондық бақылау банкiне енгізу және ресми жариялау үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауын;

      3) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруын;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Заң департаментіне ұсынуын қамтамасыз етсін.

      3. "Бастапқы әскери даярлықты ұйымдастыру және жүргізу, сондай-ақ оның оқу-материалдық базасын қалыптастыру қағидасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2014 жылғы 19 желтоқсандағы № 606 бұйрығының күші жойылды деп танылсын (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10569 болып тіркелген, 2015 жылғы 3 сәуірде "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған).

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығына жүктелсін.

      5. Осы бұйрық лауазымды адамдарға, оларға қатысты бөлігінде жеткізілсін.

      6. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қорғаныс министрі генерал-полковник
С. Жасұзақов
      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Білім және ғылым министрі
____________________Е. Сағадиев
2017 жылғы "__"________
      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Денсаулық сақтау министрі
____________________Е. Біртанов
2017 жылғы "__"________
      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ішкі істер министрі
полиция генерал-полковнигі
____________________Қ. Қасымов
2017 жылғы "__"________

  Қазақстан Республикасы
Қорғаныс министрінің
2017 жылғы 12 шілдедегі
№ 347 бұйрығымен
бекітілген

Бастапқы әскери дайындық қағидалары

      1. Бастапқы әскери дайындықтың осы қағидалары бастапқы әскери дайындықты ұйымдастыру тәртібін анықтайды.

      2. Әскерге шақыру жасына дейінгі және әскерге шақыру жасындағы адамдарды бастапқы әскери дайындауды бағыныстылығына және меншік нысанына қарамастан, жалпы орта білімнің жалпы білім беру оқу бағдарламаларын және техникалық және кәсіптік (арнаулыдан басқа), орта білімнен кейінгі кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының (бұдан әрі – білім беру ұйымдары) 10 және 11 (12)-сыныптарында, бірінші-екінші оқу курстарында бастапқы әскери дайындықтың штаттық ұйымдастырушы оқытушылары жүргізеді. Бастапқы әскери дайындық курсы аяқталғаннан кейін білім алушылармен оқу-жаттығу-далалық (лагерьлік) жиындар өткізіледі.

      3. "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңы 1-бабының 26) тармақшасына сәйкес білім беру ұйымдарында әскери істің негіздері, робототехника және ІТ-технология бойынша оқытудың міндетті пәні (оқу тәртібі) бастапқы әскери және технологиялық дайындық болып табылады.

      4. Бастапқы әскери және технологиялық дайындық бойынша сабақтар білім беру ұйымдарында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 23 тамыздағы № 1080 қаулысымен бекітілген тиісті білім деңгейлеріндегі Мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандарты негізінде жүргізіледі.

      5. Қыздармен білім беру ұйымдарында бастапқы әскери дайындық бағдарламасы бойынша сабақтар ер балалармен бірге, "Медициналық білім негіздері" бөлімі бойынша бөлек өткізіледі. "Әскери іс негіздері" бөлімі бойынша практикалық сабақтарға қыздар тартылмайды.

      6. Сабақтарды жүргізу кезінде сыныптар мен оқу топтары взводтар деп аталады және үш бөлімшеге бөлінеді. Білім беру ұйымы басшысының бұйрығымен оқитындар қатарынан взводтар мен бөлімшелер командирлері тағайындалады.

      7. Білім беру ұйымдарында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштеріне, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарына қатысты маңызды оқиғаларды көрсететін патриоттық тақырыпты және өзекті материалдарды мазмұндайтын көрнекі үгіт-насихат безендіріледі.

      8. Білім беру ұйымдарында бастапқы әскери дайындықтың толық курсын бітірген жасөспірімдердің тізімдері қорытынды бағаларымен жасөспірімдердің тіркелген жері бойынша жергілікті әскери басқару органына жолданады.

      9. Бастапқы әскери дайындық курсы аяқталғаннан кейін білім алушылармен оқу-жаттығу-далалық (лагерьлік) жиындар өткізіледі.

      10. Бастапқы әскери дайындық бойынша білім алушылар алған жылдық (курстық) бағалар негізінде қорытынды баға (денсаулық жағдайы бойынша бастапқы әскери дайындықтан босатылған адамдарды қоспағанда) білім беру ұйымын аяқтау туралы құжатқа қойылады.

      11. Бастапқы әскери дайындықты жүргізу кезінде:

      1) қорғаныс саласындағы уәкілетті орган:

      білім беру саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша жергілікті әскери басқару және білім беру органдарының жастарды бастапқы әскери дайындауды ұйымдастыру және патриоттық тәрбиелеуді қамтамасыз ету жөніндегі қызметін тексеруді жоспарлайды;

      білім беру ұйымдарында бастапқы әскери дайындықты ұйымдастыруға жәрдем көрсетеді;

      2) білім беру саласындағы уәкілетті орган:

      білім алушыларды бастапқы әскери дайындауды және патриоттық тәрбиелеуді үйлестіруді жүзеге асырады және оны жүргізуді қамтамасыз етеді;

      бастапқы әскери дайындық бойынша оқу бағдарламаларын әзірлеуге, оқулықтарды және оқу-әдістемелік кешендерді, аудио-бейне фильмдерді шығаруға жәрдемдеседі;

      білім алушыларды бастапқы әскери дайындауды жүргізудің және патриоттық тәрбиелеудің оң тәжірибесін зерделейді, жинақтайды және таратады;

      3) ішкі істер саласындағы уәкілетті орган:

      адамның тіршілік әрекетінің қауіпсіздігі негіздерін оқыту бойынша басшылық жасауды жүзеге асырады;

      білім беру және денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органдармен бірлесіп, "Тіршілік әрекеті қауіпсіздігінің негіздері" курсы бойынша бағдарлама бөлімін әзірлейді;

      4) білім беру саласындағы аумақтық орган:

      бастапқы әскери дайындық бойынша есеп беруді жүргізеді;

      жергілікті әскери басқару органымен бірлесіп, бастапқы әскери дайындық және білім алушылардың материалды меңгеру сапасы мәселелері бойынша білім беру ұйымының жұмысын тексереді және бағалайды;

      тексеру нәтижелері туралы орындардағы жергілікті атқарушы органдарды хабардар етеді;

      5) жергілікті әскери басқару органдары:

      бастапқы әскери дайындық бойынша есептілікті жүргізеді;

      білім беру және денсаулық сақтау саласындағы аумақтық органдармен бірлесіп, бір жыл үшін бастапқы әскери дайындықты жүргізу қорытындылары бойынша жергілікті атқарушы органдар шешімдерінің жобаларын және жаңа оқу жылына арналған негізгі іс-шаралар жоспарларын әзірлейді;

      бастапқы әскери дайындықты ұйымдастырушы оқытушылармен үш күндік оқу-әдістемелік жиындарды және бір күндік әдістемелік сабақтарды, білім беру органдарымен келісу бойынша білім беру ұйымдарында бастапқы әскери дайындықтың жай-күйін зерделеуді ұйымдастырады және жүргізеді;

      білім беру және денсаулық сақтау саласындағы аумақтық органдармен бірлесіп, оқу-жаттығу-далалық (лагерьлік) жиындарды жоспарлайды және ұйымдастырады;

      патриоттық тақырыптағы ғылыми-танымдық, хроникалық-деректі кино және бейнефильмдерді көрсетуді ұйымдастырады;

      қорғаныс саласындағы уәкілетті органды және жергілікті атқарушы органдарды білім беру ұйымдарындағы бастапқы әскери дайындықтың, сондай-ақ патриоттық тәрбиелеудің жай-күйі туралы хабардар етеді;

      бастапқы әскери дайындықты ұйымдастырушы оқытушылар лауазымдарына кандидаттарды тағайындауды және оларды босатуды келіседі;

      бастапқы әскери дайындықтың толық курсын аяқтаған әскерге шақырылушылардың тіркеу куәліктеріне тиісті жазбалар жасайды;

      6) гарнизондардың бастықтары жергілікті әскери басқару органдарымен бірлесіп, әскери бөлімдерге, әскери оқу орындарына және жоғары оқу орындары жанындағы әскери кафедраларға бастапқы әскери дайындықты, жастармен патриоттық және тәрбие жұмысын ұйымдастыруда және жүргізуде көмек көрсету үшін білім беру ұйымдарын бекітіп береді;

      7) әскери бөлімдердің (мекемелердің) командирлері, әскери оқу орындарының, жоғары оқу орындары әскери кафедраларының бастықтары:

      білім беру ұйымдарына бастапқы әскери дайындық, сондай-ақ жастарды патриоттық тәрбиелеу бойынша ұдайы қамқорлық көмек көрсетеді;

      жауынгерлік даярлық үздіктерінің жастармен кездесуін ұйымдастырады, оларды жеке құрамның тұрмысымен, бөлімшелердің қару-жарағымен және әскери техникасымен таныстырады;

      қамқорлық көмек ретінде сабақтарды өткізу үшін офицерлерді, сержанттарды (старшиналарды) бөледі;

      бастапқы әскери дайындықты ұйымдастырушы оқытушылармен практикалық, нұсқау беру-әдістемелік және көрсету сабақтарын өткізуде, сондай-ақ жастарды патриоттық тәрбиелеуде жергілікті әскери басқару органдарына, білім беру саласындағы аумақтық органдарға көмек көрсетеді;

      8) білім беру ұйымдарының басшылары:

      жастардың бастапқы әскери дайындығын, сондай-ақ оларды патриоттық тәрбиелеуді ұйымдастыруға және оның жай-күйіне жауап береді;

      жергілікті әскери басқару органдарының келісу бойынша бастапқы әскери дайындықты ұйымдастырушы оқытушылар лауазымдарына кандидаттарды іріктеуді жүзеге асырады.

      Бұл ретте бастапқы әскери дайындықты ұйымдастырушы оқытушыларды лауазымға тағайындау Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2009 жылғы 13 шілдедегі № 338 бұйрығымен бекітілген Педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалардың лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларының талаптарына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5750 болып тіркелген) сәйкес жүзеге асырылады;

      бастапқы әскери дайындықты ұйымдастырушы оқытушыларды біліктілікті арттыру курстарына жібереді;

      оқу процесін уақтылы жоспарлауды және ұйымдастыруды, бастапқы әскери дайындық бағдарламасын толық және сапалы орындауды қамтамасыз етеді;

      бастапқы әскери дайындықтың практикалық сабақтарын пысықтау үшін үй-жайлар, алаңдар мен орындар бөледі, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 7 наурыздағы № 97 бұйрығымен бекітілген Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын жабдықтармен және жиһазбен жарақтандыру нормаларына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7574 болып тіркелген) және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 22 қаңтардағы № 70 бұйрығымен бекітілген Мектепке дейінгі, орта білім беру ұйымдарын, сондай-ақ арнайы білім беру ұйымдарын жабдықтармен және жиһазбен жарақтандыру нормаларына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13272 болып тіркелген) сәйкес оқу-материалдық базаны ұдайы жетілдіруге шаралар қабылдайды;

      ұйымдастырушы оқытушыға оқу-әдістемелік көмек көрсетеді, үйірме жұмыстарын (факультативті) ұйымдастыруды және өткізуді қамтамасыз етеді;

      ұйымдастырушы оқытушының бастапқы әскери дайындық бойынша сабақтарды өткізуін, білім алушылардың өткен материалды меңгеру сапасын бақылайды, оқу жылы ішінде бір реттен сиретпей бастапқы әскери дайындықтың және жастармен патриоттық жұмыстың жай-күйін талқылайды;

      бастапқы әскери дайындық бойынша оқытудың басталғаны және аяқталғаны, взводтар мен бөлімшелер командирлерін тағайындау туралы бұйрықтар шығарады;

      бағыныстылығы бойынша жергілікті әскери басқару және білім беру органдарына бастапқы әскери дайындық, сондай-ақ жастармен патриоттық жұмыстың жай-күйі туралы есеп берулерді ұсынады;

      9) бастапқы әскери дайындықты оқытушы-ұйымдастырушы:

      білім беру ұйымының басшысына бағынады және білім алушылардың бастапқы әскери дайындығына, сабақтарды өткізу кезінде белгіленген қағидалар мен қауіпсіздік шараларының қатаң сақталуына жауап береді;

      оқыту уақытында бастапқы әскери дайындық бойынша сабақтарды ұйымдастырады және өткізеді және факультативті түрде (сабақтан тыс уақытта) әскери іс негіздерін зерделеу жөніндегі үйірмелерге басшылық жасайды;

      өзінің кәсіби және педагогикалық білімін жүйелі түрде арттырады, әдістемелік дағдыларын жетілдіреді;

      білім беру ұйымының педагогикалық ұжымымен бірлесіп, білім алушыларды патриоттық тәрбиелеу жөніндегі жұмысты жүргізеді;

      әскерге шақыру жасына дейінгілерді әскери есепке қою бойынша алдын ала жұмысты ұйымдастырады;

      жергілікті әскери басқару органдарына әскери оқу орындарына түсу үшін жасөспірімдерді іріктеу бойынша көмек көрсетеді.

      Білім беру ұйымының бастапқы әскери дайындықты ұйымдастырушы оқытушысы балалармен сыныптан тыс және мектептен тыс тәрбие жұмысын ұйымдастырушымен (директордың оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарымен), дене шынықтыру мұғалімімен (дене тәрбиесінің жетекшісімен) және сынып жетекшілерімен (өндірістік оқыту шеберлерімен), педагогикалық ұжыммен байланыста жұмыс істейді.

      Бастапқы әскери дайындықты ұйымдастырушы оқытушының жұмысы сабақ кестесімен, сабақтан тыс уақытта өткізілетін іс-шаралар жоспарымен және білім беру ұйымының басшысы бекіткен оның жеке жоспарымен регламенттеледі.

      Бастапқы әскери дайындықты ұйымдастырушы оқытушының функционалдық міндеттерімен көзделмеген және жоспармен бекітілген жұмысы әрбір жекелеген жағдайда білім беру ұйымының басшысымен келісу бойынша орындалады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады