Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқаратын шетелдік ұйымдарға қойылатын талаптарды қоса алғанда, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқару үшін қажетті іс-қимылдар жасау өздеріне тапсырылған кезде, оларды таңдау қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2017 жылғы 27 қыркүйектегі № 173 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 31 қазанда № 15947 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2020 жылғы 15 маусымдағы № 78 қаулысымен.

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 15.06.2020 № 78 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" 1995 жылғы 30 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқарудың тиімділігін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқаратын шетелдік ұйымдарға қойылатын талаптарды қоса алғанда, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқару үшін қажетті іс-қимылдар жасау өздеріне тапсырылған кезде, оларды таңдау қағидалары бекітілсін.

      2. "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқарушы шетелдік ұйымдарға бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқару үшін қажетті іс-қимылдарды жасауды тапсырған кезде оларға қойылатын талаптарды қоса алғанда, оларды таңдау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 27 тамыздағы № 222 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8813 тіркелген, 2013 жылғы 28 қарашада "Егемен Қазақстан" газетінде № 263 (28202) жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Монетарлық операциялар департаменті (Молдабекова Ә.М.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулы мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электрондық түрдегі көшірмесін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде ресми жариялау және оған енгізу үшін жіберуді;

      3) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.

      4. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасы (Терентьев А.Л.) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары О.А.Смоляковқа жүктелсін.

      6. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ұлттық Банк
Төрағасы
Д. Ақышев

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2017 жылғы 27 қыркүйектегі
№ 173 қаулысымен
бекітілген

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқаратын
шетелдік ұйымдарға қойылатын талаптарды қоса алғанда, бірыңғай жинақтаушы
зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқару үшін қажетті іс-қимылдар
жасау өздеріне тапсырылған кезде, оларды таңдау қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқаратын шетелдік ұйымдарға қойылатын талаптарды қоса алғанда, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқару үшін қажетті іс-қимылдар жасау өздеріне тапсырылған кезде, оларды таңдау қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" 1995 жылғы 30 наурыздағы, "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" 2013 жылғы 21 маусымдағы Қазақстан Республикасының заңдарына, "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" акционерлік қоғамының зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару бойынша қызметтер туралы 2013 жылғы 26 тамыздағы № 362ҰБ шартына сәйкес әзірленді және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (бұдан әрі – Қор) зейнетақы активтерін басқаратын шетелдік ұйымдарға қойылатын талаптарды қоса алғанда, оларға Қордың зейнетақы активтерін инвестициялық басқару үшін қажетті іс-қимылдарды жасау тапсырылған кезде, оларды таңдау тәртібін айқындайды.

      2. Қордың зейнетақы активтерінің бір бөлігі:

      1) басқаруды шоғырландыруға байланысты тәуекелдер деңгейін басқарушыларды әртараптандыру арқылы төмендету;

      2) сыртқы басқарушының тәжірибесін, талдамалық материалдарын, зерттеулері мен техникалық ресурстарын пайдалану нәтижесінде Қордың зейнетақы активтерінің кірістілігін ұлғайту;

      3) активтерді басқару, қызметкерлерді оқыту саласында қосымша сараптама алу;

      4) ішкі басқаруда тәжірибесі жоқ активтердің жаңа сыныптарын пайдалану мүмкіндігі үшін сыртқы инвестициялық басқаруға беріледі.

      3. Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) активтерді активтік басқару – кірістілік ауытқуы өзгермелілігінің нысаналы мәні (tracking error) 0,5 (нөл бүтін оннан бес) пайыздан асатын басқару түрі;

      2) активтерді инвестициялық басқару – активтерді басқару процесі;

      3) активтерді пассивтік басқару – кірістілік ауытқуы өзгермелілігінің мәні (tracking error) 0,5 (нөл бүтін оннан бес) пайыздан аспайтын басқару түрі. Пассивтік басқару кезінде сыртқы басқарудағы портфельдің кірістілігі шамамен эталондық портфельдің кірістілігіне тең болады;

      4) активтерді сыртқы басқару – активтерді клиенттердің активтерін инвестициялық басқаруға маманданған және өз қызметін халықаралық қаржы нарықтарында жүзеге асыратын шетелдік ұйымға инвестициялық басқаруға беру жүргізілетін активтерді басқару түрі;

      5) активтерді сыртқы транзиттік басқару – активтер өткізілетін активтердің құрылымындағы өзгерістерге байланысты тәуекелдерді барынша азайту мақсатында 6 (алты) айға дейінгі мерзімге сыртқы транзиттік басқарушыға берілетін басқару түрі;

      6) ақпараттық коэффициент (information ratio) – жоғары кірістіліктің тарихи деңгейінің тәуекелдің тарихи деңгейіне (кірістілік ауытқуының өзгермелілігіне (tracking error) қатынасы;

      7) ауқымды мандат – инвестициялары бір елдің (нарықтың, өңірдің) шеңберінен шығатын портфель;

      8) бас ұйым – еншілес ұйымдар акцияларының бақылау пакетін иеленген шетелдік ұйым;

      9) жоғары кірістілік деңгейі – кірістіліктің нақты қолжеткізілген деңгейі мен эталондық портфель кірістілігінің деңгейі арасындағы айырма;

      10) институционалдық инвестор – қаржы активтерін ұстаушы рөліндегі және қаржы активтерін инвестициялау жөніндегі кәсіби қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға;

      11) комиссиялық сыйақы – активтерді инвестициялық басқару бойынша қызмет үшін төленетін сыйақы;

      12) кірістілік ауытқуының өзгермелілігі (tracking error) – портфельдің нарықтық тәуекелінің эталондық портфельге қатысы бойынша портфель кірістілігінің эталондық портфель кірістілігінен ауытқуының өзгермелілігін көрсететін негізгі көрсеткіш;

      13) Қордың инвестициялық декларациясы – Қордың зейнетақы активтерін инвестициялау стратегиясын, инвестициялау объектілерінің тізбесін, Қордың зейнетақы активтеріне қатысты инвестициялық қызметтің талаптары мен шектеулерін, Қордың зейнетақы активтерін хеджирлеу және әртараптандыру талаптарын айқындайтын декларация;

      14) мандат – Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі (бұдан әрі – Ұлттық Банк) айқындайтын инвестициялық сипаттамалары бар портфель;

      15) маржа шоты – туынды қаржы құралдарымен операциялар жүргізу үшін биржалармен үлестес ұйым болып табылатын, туынды қаржы құралдарымен операциялар бойынша есеп айрысулардың жарамдылығын, жеткізуді және жүргізуді қамтамасыз ететін клирингтік ұйымда ашылған шот;

      16) өңірлік мандат – инвестициялары бір елдің (нарықтың, өңірдің) шеңберінде шоғырландырылған портфель;

      17) портфель – қаржы құралдарының жиынтығы, оның ішінде қолма-қол валюта;

      18) портфельдік менеджер – клиенттердің активтерін инвестициялық басқару үшін жауап беретін тұлға;

      19) сыртқы басқарушы – клиенттердің активтерін инвестициялық басқаруға маманданған және өз қызметін халықаралық қаржы нарықтарында жүзеге асыратын шетелдік ұйым;

      20) сыртқы басқарудағы портфель – сыртқы басқарушыға инвестициялық басқаруға берілген портфель;

      21) сыртқы транзиттік басқарушы – клиенттердің активтерін транзиттік басқару қызметін көрсететін және қызметін халықаралық қаржы нарықтарында жүзеге асыратын шетелдік ұйым;

      22) транзиттік кезең (transition period) – портфельге қолданылатын, Зейнетақы активтерін басқару жөніндегі қордың инвестициялық декларациясында белгіленген өлшемдерге сәйкес келтіру мақсатында Қағидаларға сәйкес белгіленетін уақыт кезеңі;

      23) уәкілетті бөлімше – Ұлттық Банк орталық аппаратының монетарлық операциялар бөлімшесі;

      24) эталондық портфель – инвестордың стратегиялық мүдделерін көрсететін қаржы құралдарының жиынтығы, оның ішінде қолма-қол валюта. Эталондық портфельдің кірістілігі активтерді басқару кірістілігін бағалау кезінде өлшем ретінде болады. Эталондық портфель ретінде әлемдік жетекші қаржы компаниялары не Ұлттық Банк әзірлеген және қадағалайтын индекстер пайдаланылады.

2-тарау. Қордың зейнетақы активтерін сыртқы және сыртқы транзиттік басқарудың
негізгі талаптары

      4. Қордың активтерін инвестициялық басқаруды сыртқы басқарушы да, сыртқы транзиттік басқарушы да жүзеге асырады.

      5. Сыртқы немесе сыртқы транзиттік басқаруға Қордың зейнетақы активтерінің құрамына кіретін ақша және басқа активтер беріледі.

      6. Қордың бір сыртқы басқарушыға сыртқы басқаруға берілетін зейнетақы активтерінің жалпы рұқсат етілген көлемі Қордың шетел валютасындағы зейнетақы активтері портфелінің 10 (он) пайызынан аспайды.

      Осы шектеу бұзылған кезде уәкілетті бөлімше олар туындаған күннен бастап 3 (үш) ай ішінде сәйкессіздікті жояды.

      7. Уәкілетті бөлімше, егер жұмыс істеп тұрған екі сыртқы басқарушының қосылуына байланысты Қағидалардың 6-тармағында белгіленген лимит бұзылса, Ұлттық Банк Төрағасына немесе Төрағаның уәкілетті бөлімшеге жетекшілік ететін орынбасарына бұзушылықтарды жою мақсатында активтердің бір бөлігін алу туралы мәселені қарауға енгізеді. Көрсетілген бұзушылық ол туындаған күннен бастап 4 (төрт) ай ішінде жойылады.

      8. Сыртқы немесе сыртқы транзиттік басқарушыға белгіленген комиссиялық сыйақы және (немесе) басқару нәтижесіне байланысты комиссиялық сыйақы Қордың сыртқы немесе сыртқы транзиттік басқаруға берілген зейнетақы активтерін инвестициялық басқару шартында (бұдан әрі – инвестициялық басқару шарты) айқындалған тәртіппен төленеді.

3-тарау. Шешім қабылдау және Қордың зейнетақы активтерін сыртқы немесе сыртқы транзиттік басқаруға беру

      9. Қордың зейнетақы активтерін сыртқы немесе сыртқы транзиттік басқаруға беру қажеттілігі туралы шешімді Ұлттық Банктің Төрағасы немесе Төрағаның уәкілетті бөлімшеге жетекшілік ететін орынбасары қабылдайды.

      10. Егер Ұлттық Банктің алтынвалюта активтерін және (немесе) Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының активтерін сыртқы басқаруды жүзеге асыратын сыртқы басқарушы Қағидалардың 15-тармағында белгіленген міндетті өлшемшарттарға сәйкес келсе, Ұлттық Банк Төрағасының немесе Төрағаның уәкілетті бөлімшеге жетекшілік ететін орынбасарының шешімі бойынша оның кандидатурасы Ұлттық Банк Басқармасының қарауына Қағидалардың 11, 12, 13 және 14-тармақтарында көзделген рәсімдер жүргізілместен енгізіледі.

      11. Уәкілетті бөлімше Ұлттық Банктің ресми интернет-ресурсында, Интернет желісінде сыртқы басқарушыны таңдау бойынша алда болатын тендер туралы хабарландыру жариялайды, әлеуетті сыртқы басқарушылардың тізімін жасайды, көрсетілген хабарландыруды әлеуетті сыртқы басқарушыларға жібереді. Алда болатын тендер туралы хабарландыруда (бұдан әрі – хабарландыру) мыналар болады:

      1) мандат түрінің сипаты және оның сипаттамалары (активті немесе пассивті, эталондық портфель, басқару мақсаты, инвестициялық шектеулер, мандаттың болжамды көлемі);

      2) Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес әлеуетті сыртқы басқарушыдан сұратылатын ең аз ақпарат;

      3) сыртқы басқарушыларға қойылатын талаптар;

      4) Ұлттық Банктің тендер өткізуге жауапты қызметкерлері туралы мәліметтер;

      5) Ұлттық Банкке сұратылатын ең аз ақпаратты беру мерзімі;

      6) Қағидалардың 25-тармағында көзделген талаптар. Әлеуетті сыртқы басқарушының ұсынысын қараудың міндетті шарты оның Қағидалардың 25-тармағында көзделген талаптарды инвестициялық басқару шартына қосу туралы жазбаша растамасы болып табылады.

      12. Сыртқы басқарушыларды таңдау жөніндегі тендерді уәкілетті бөлімше өткізеді.

      13. Уәкілетті бөлімше Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес әлеуетті сыртқы басқарушыдан сұратылатын ең аз ақпаратты хабарландыруда белгіленген мерзімде, бірақ хабарландыруды Ұлттық Банктің ресми интернет-ресурсында, Интернет желісінде жариялаған күннен бастап 1 (бір) айдан кешіктірмей жинауды жүзеге асырады.

      14. Уәкілетті бөлімше Қағидалардың 15-тармағында белгіленген сыртқы басқарушыларды таңдаудың міндетті өлшемшарттарын ескере отырып, келіп түскен барлық ұсыныстарға салыстырмалы талдау жүргізеді.

      Егер сыртқы басқарушы міндетті өлшемшарттарға сәйкес келетін болса, Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес әлеуетті сыртқы басқарушылардың ұсыныстарын салыстырмалы талдауға арналған бағалау өлшемшарттары бойынша ұсыныстар одан әрі қаралады және талдау жүргізіледі.

      Әлеуетті сыртқы басқарушының ұсынысын бағалау Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес жүзеге асырылады.

      15. Қордың инвестициялық басқаруға берілген зейнетақы активтерін сыртқы басқарушыларға мынадай міндетті өлшемшарттар қолданылады:

      1) Қордың зейнетақы активтерін инвестициялау болжанатын қаржы құралдарымен кемінде 10 (он) жыл жұмыс тәжірибесінің, оның кемінде 5 (бес) жылы мандаттың жарияланған түрі бойынша жұмыс тәжірибесінің болуы.

      Ауқымды мандат бойынша сыртқы басқарушыны таңдау бойынша тендер жарияланған жағдайда, тендерге қатысушының басқаруында барлық ауқымды мандаттың кемінде 75 (жетпіс бес) пайызын қамтитын осыған ұқсас аймақтық мандаттары бар осы аймақтық мандаттар бойынша жұмыс тәжірибесі кемінде 5 (бес) жылды құрайды;

      2) басқарудағы активтердің мөлшері: сыртқы басқарушының басқаруында клиенттердің кемінде 25 (жиырма бес) миллиард Америка Құрама Штаттары (бұдан әрі – АҚШ) доллары баламасындағы жиынтық активтерінің болуы;

      3) қарастырылып отырған мандат түрі бойынша басқарудағы активтердің мөлшері: сыртқы басқарушыда қарастырылып отырған мандат түрі бойынша клиенттердің жиынтық активтері 1 (бір) миллиард АҚШ доллары баламасынан кем болмауға тиіс.

      Ауқымды мандат бойынша сыртқы басқарушыны таңдау бойынша тендер жарияланған жағдайда, ауқымды мандаттар бойынша тендерге қатысушының басқаруында барлық ауқымды мандатты қамтудың кемінде 75 (жетпіс бес) пайызын қамтитын осыған ұқсас аймақтық мандаттары бар активтердің мөлшері осы аймақтық мандаттар бойынша кемінде 1 (бір) миллиард АҚШ доллары сомасын құрайды.

      16. Ұлттық Банктің клиенттердің активтерін басқару нәтижелері мен сапасы туралы сұрату жібере отырып, әлеуетті сыртқы басқарушының клиенттеріне өтініш жасауына жол беріледі.

      17. Уәкілетті бөлімшенің сыртқы басқару бойынша ұсыныстардың салыстырмалы талдауынан тұратын қорытындыны дайындау мерзімі сыртқы басқарушы сұратылған ең аз ақпаратты ұсынған күнінен бастап 2 (екі) айдан аспайды.

      18. Уәкілетті бөлімше дайындаған, сыртқы басқару жөніндегі ұсыныстарды салыстырмалы талдаудан тұратын қорытынды Ұлттық Банктің Төрағасына немесе Төрағаның уәкілетті бөлімшеге жетекшілік ететін орынбасарына қарауға ұсынылады, ол қарау нәтижесі бойынша сыртқы басқарушылардың неғұрлым тиімді ұсыныстарын (қысқа тізім – short list) бекітеді. Уәкілетті бөлімше қысқа тізімдегі – short list әлеуетті сыртқы басқарушылармен ұсыныстың талаптарын жақсарту мақсатында келіссөздер жүргізеді.

      19. Сыртқы басқарушы, инвестициялық шешімдер қабылдау тәртібі және тәуекелдерді бақылау рәсімдері туралы неғұрлым нақты және дәл ақпарат алу үшін әлеуетті сыртқы басқарушылармен кездесулер жүргізуге рұқсат беріледі.

      20. Әрбір сыртқы басқарушы Ұлттық Банк пен сыртқы басқарушы арасында инвестициялық басқару шартын жасауды көздейтін Ұлттық Банк Басқармасының шешімімен бекітіледі.

      21. Уәкілетті бөлімше Ұлттық Банк Басқармасы сыртқы басқарушыны бекіткеннен кейін 1 (бір) ай ішінде тендердің әрбір қатысушысына тендердің қорытындысы туралы хабарламаны еркін нысанда жібереді.

      22. Уәкілетті бөлімше сыртқы транзиттік басқарушыны таңдау кезінде транзиттік басқару қызметін көрсетуге маманданған шетелдік ұйымдарға қамту нарықтары, транзиттік басқару стратегиялары және құралдар мен нарықтардың сыныптары бойынша қызметтер құны бойынша ақпарат алуға сұрату жібереді. Әлеуетті сыртқы транзиттік басқарушылар ақпаратты ұсынғаннан кейін уәкілетті бөлімше келіп түскен ұсыныстарға талдау жүргізеді және тиісті қорытындыны Ұлттық Банктің Төрағасына ұсынады. Сыртқы транзиттік басқарушыны Ұлттық Банктің Төрағасы бекітеді.

      23. Уәкілетті бөлімше Ұлттық Банк Басқармасының сыртқы басқарушыны бекіту туралы шешімі негізінде немесе Ұлттық Банк Төрағасының сыртқы транзиттік басқарушыны бекіту туралы шешімі негізінде сыртқы басқарушымен немесе сыртқы транзиттік басқарушымен инвестициялық басқару шартын дайындау және жасау рәсімін жүргізеді. Қордың зейнетақы активтерін сыртқы немесе сыртқы транзиттік басқаруға беру сыртқы басқарушымен немесе сыртқы транзиттік басқарушымен инвестициялық басқару шартына қол қойған соң жүзеге асырылады.

      24. Сыртқы басқарушымен инвестициялық басқару шарты сыртқы басқарушының Қағидалардың 25-тармағының талаптарын инвестициялық басқару шартына енгізуді келісу талабымен жасалады.

      25. Инвестициялық басқару шартында мына міндетті талаптар бекітіледі:

      1) тараптардың келісуі бойынша айқындалған мемлекеттік тілдегі, орыс тіліндегі және өзге тілдегі инвестициялық басқару шартына қол қою;

      2) сыртқы басқарушылардың сыртқы басқаруға берілген Қор активтерін басқарғаны үшін жауапты персоналдарының қозғалысы туралы ақпаратты ұсынуы;

      3) Ұлттық Банктің сыртқы басқарудағы Қор активтерін өзінің қалауы бойынша толықтыру (қайтарып алу) құқығы;

      4) сыртқы басқарушыға Ұлттық Банк қызметкерлерінің және тәуелсіз аудиторлардың шот бойынша операцияларды тексеру, сондай-ақ сыртқы басқарушы, инвестициялық шешімдер қабылдау тәртібі және тәуекелдерді бақылау рәсімдері туралы ақпаратты алу мақсатында баруы;

      5) сыртқы басқарушының Қордың сыртқы басқаруға берілген активтерімен жасалатын мәмілелер бойынша онымен үлестес ұйымдарды брокерлер және қарсы әріптестер ретінде тартудан бас тартуы;

      6) сыртқы басқарушының кірістілік ауытқуының күтілетін өзгермелілігінің (еxpected tracking error) белгіленген лимитін бұзғаны үшін жауапкершілігі;

      7) сыртқы басқарушы тарапынан болған ұқыпсыз қарау, міндеттемелерді қасақана орындамау немесе алаяқтық салдарынан Қорға келтірілген ықтимал шығындар үшін сыртқы басқарушының жауапкершілігі;

      8) сыртқы басқарушының консультация беру, оқыту, сондай-ақ Қор активтерін басқаратын және оған мониторинг жүргізетін Ұлттық Банк қызметкерлерін тағылымдамаға немесе оқуға қабылдау бойынша міндеттемесі;

      9) сыртқы басқарушының Ұлттық Банкке инвестициялық басқару шарты бұзылған жағдайда, оны бұзу күні кастодиан банкпен (кастодиан банктермен) салыстырып тексерілген портфель бойынша толық есептілікті ұсынуы;

      10) сыртқы басқару кезеңінде портфельмен байланысты барлық күтілетін шығыстар инвестициялық басқару шартына сәйкес айқындалады;

      11) сыртқы басқарушының тұрақты түрде Ұлттық Банкке мына негізгі бағыттарға сәйкес есептілікті ұсынуы:

      алдыңғы жұмыс күні жасалған операциялар бойынша күн сайынғы есептілік;

      алдыңғы жұмыс күніндегі портфельдің позициялары бойынша күн сайынғы есептілік;

      портфельді бағалау (активтерді валюталардың түрлі сыныптары мен түрлері бойынша бөлу, портфельдің есепті айдың соңындағы құрамы, активтердің есепті айдың соңындағы нарықтық құны);

      портфельдегі қозғалыс (түрлі сыныптар мен валюталар бойынша сұрыпталған есепті тоқсандағы барлық жасалған мәмілелер, өтеулер, дивиденттер төлеу мен жинақталған пайыздар тізбесі);

      портфельді инвестициялық басқару нәтижелерін талдау (сыртқы басқару үшін: қол жеткізген кірістілік, эталондық портфельмен салыстырғанда портфель тәуекелінің көрсеткіштері және кірістілік ауытқуының өзгермелілік деңгейі (tracking error) бөлігінде портфельді басқару бойынша ай сайынғы, тоқсандық және жалпы нәтижелер; сыртқы транзиттік басқару үшін: мәмілені орындау құнындағы айырма, брокерлердің комиссиялық сыйақысы, нарық әсері, форекс операциялары бойынша валютаны сатып алу және сату бағамдарының айырмасы, салықтар (алымдар) және транзиттік кезең аяқталған күнгі жіберіп алынған пайда);

      нарықтардың жай-күйі туралы экономикалық есеп, ағымдағы стратегиялар және басқару құрылымындағы неғұрлым маңызды өзгерістерді және олардың портфельге әсерін сыртқы басқарушылардың сапары кезіндегі таныстырылымдар түрінде немесе телефон конференциялары арқылы түсіндіру;

      түрлі факторлардың әр тоқсанның және жылдың соңындағы кезеңділігімен мандаттың активтік түрі үшін портфель кірістілігіне (performance attribution report) үлесі;

      12) сыртқы басқарушының ай сайын, әрбір айдың соңында немесе Ұлттық Банктің талабы бойынша, оның ішінде транзиттік кезең басталған (аяқталған) күні инвестициялық басқару шартында көзделген мерзімдерге сәйкес сыртқы басқаруға берілген портфельдің құрамын кастодиан банктің (кастодиан банктердің) деректерімен салыстырып тексеруі;

      13) инвестициялық басқару шартына тараптардың жазбаша келісімімен өзгерістер мен толықтырулар енгізу мүмкіндігі;

      14) сыртқы басқарушы және брокер арасындағы мәмілелерді растау рәсімдерін келіскеннен кейін және аяқтаған соң сыртқы басқарушының жүргізілген операциялар туралы ақпаратты қысқа мерзімде кастодиан банкке (кастодиан банктерге) ұсынуы;

      15) сыртқы басқарушының брокерлерді, сондай-ақ сыртқы басқарушының агенттері мен қарсы агенттерін бекіту рәсімдерін ұсынуы;

      16) сыртқы басқарушының асыра пайдалану тәуекелдері мен мүдделер қақтығысын төмендететін, оның ішінде клиенттердің портфельдері арасындағы мәмілелерді тең бөлуді қамтамасыз ететін ішкі саясаттары мен тәуекелдерді басқару рәсімдерінің бар екендігі туралы ақпаратты ұсынуы;

      17) сыртқы басқарушының Қордың зейнетақы активтерін басқару нәтижелері туралы, инвестициялық шектеулерді сақтау, нарықтық ахуалды бағалау және оның портфельге және зейнетақы активтерін басқару бойынша инвестициялық операцияларды жүзеге асыруға ықтимал әсері туралы есептілікті ұсыну үшін уәкілетті бөлімшемен жылына бір рет кезеңдікпен кездесу өткізуі;

      18) сыртқы басқарушының елінің заңнамасын бұзуға байланысты осы елдің қадағалау органдары сыртқы басқарушының оған қолданған шаралар және соттың қарауына қатысу жөніндегі ақпаратты ұсынуы;

      19) Ұлттық Банк Қағидалардың 30-тармағында көзделген жағдайларда сыртқы басқарушымен инвестициялық басқару шартын кез келген сәтте мерзімінен бұрын бұзуға құқылы.

      26. Қол қойылған инвестициялық басқару шартына сәйкес Ұлттық Банк Қордың зейнетақы активтерінің бір бөлігін Ұлттық Банктің кастодиан банктегі (кастодиан банктердегі) сыртқы басқаруға арналған шоттарына ақшаны және (немесе) бағалы қағаздарды аудару арқылы сыртқы басқаруға беруді жүзеге асырады.

      27. Қордың зейнетақы активтерін сыртқы инвестициялық басқаруға беру кезінде активтерді бір түрден басқасына аудару бойынша транзиттік кезең (transition period) ескеріледі. Транзиттік кезеңнің ұзақтығы 15 (он бес) жұмыс күнінен аспайды.

      28. Қордың зейнетақы активтерінің сыртқы басқаруға берілетін бір бөлігі Ұлттық Банктің сыртқы басқаруға арналған кастодиан банктердегі шоттарында және Қордың клирингтік ұйымындағы маржа шоттарында Ұлттық Банктің рұқсатымен сақталады.

      29. Инвестициялық басқару шартының талаптары мен шектеулері Қордың инвестициялық декларациясына сәйкес белгіленеді.

      30. Инвестициялық басқару шартын мына жағдайларда:

      1) сыртқы басқарушы сыртқы басқаруда портфельді басқару бойынша эталондық портфельмен салыстырғанда үстеме кірістілікке қол жеткізбеген;

      2) инвестициялық басқару шартының талаптары бұзылған;

      3) Қордың инвестициялық декларациясы өзгерген;

      4) Ұлттық Банк Басқармасының не Ұлттық Банк Төрағасының немесе Төрағаның уәкілетті бөлімшеге жетекшілік ететін орынбасарының шешімі бойынша мерзімінен бұрын бұзуға жол беріледі.

      31. Қағидалардың 25-тармағында (25-тармақтың 2), 5), 6), 8) тармақшаларын, 11-тармақшасының сегізінші абзацын, 17) тармақшасын қоспағанда), сондай-ақ 26, 28, 29 және 30-тармақтарында (30-тармақтың 1) тармақшасын қоспағанда) белгіленген талаптар сыртқы транзиттік басқарушы сыртқы транзиттік басқаруды жүзеге асырған кезде Ұлттық Банк және сыртқы транзиттік басқарушы арасында туындайтын қатынастарға қолданылады.

4-тарау. Сыртқы басқару нәтижелері және мониторинг

      32. Қордың зейнетақы активтерін сыртқы басқаруға берген сәттен бастап уәкілетті бөлімше сыртқы басқарушы қызметінің күн сайынғы мониторингін жүргізеді: инвестициялық басқару шартында көрсетілген шектеулерге сәйкестігін тексереді, сыртқы басқарушы жасайтын мәмілелердің мониторингін жүзеге асырады, сыртқы басқарудағы портфель тәуекелінің және кірістілігінің көрсеткіштерін бағалайды.

      33. Зейнетақы активтерін ішінара толықтыру және (немесе) бір бөлігін алу немесе сыртқы басқарушымен жұмысты жалғастыру не тоқтату қажеттілігі туралы шешім қабылдау мақсатында уәкілетті бөлімше Қағидаларға 4-қосымшада белгіленген сыртқы басқарушы жұмысының тиімділігін бағалау көрсеткіштеріне сәйкес сыртқы басқарушы жұмысының тиімділігін және Ұлттық Банктің мамандарына ұсынылған оқу сапасын бағалауды жыл сайынғы негізде жүзеге асырады.

      Сыртқы басқарушы жұмысының тиімділігін бағалау нәтижелері бойынша:

      Ұлттық Банк Басқармасы аталған сыртқы басқарушымен жұмысты жалғастыру немесе тоқтату туралы;

      Ұлттық Банк Төрағасы немесе Төрағаның уәкілетті бөлімшеге жетекшілік ететін орынбасары зейнетақы активтерін толықтыру немесе бір бөлігін алу туралы шешімдер қабылдайды.

      Шешімдер сыртқы басқарушының басқару нәтижелері негізінде және алынатын комиссиялық сыйақыны ескере отырып басқару басталған күннен бастап 3 (үш), 5 (бес) және одан да көп жылға сыртқы басқарушының басқару кезеңіндегі активтердің сыныптары бойынша қабылданады.

      34. Ұлттық Банк Басқармасының шешімі бойынша инвестициялық басқару шартын мерзімінен бұрын бұзу Қағидалардың 33-тармағында көрсетілген рәсімсіз жүзеге асырылады. Ұлттық Банк Төрағасының немесе Төрағаның уәкілетті бөлімшеге жетекшілік ететін орынбасарының шешімі бойынша жұмыс істеп тұрған сыртқы басқарушыдағы зейнетақы активтерін толықтыру немесе алу Қағидалардың 33-тармағында көрсетілген рәсімсіз жүзеге асырылады.

      35. Сыртқы басқарушының басқару нәтижелері туралы есебі Ұлттық Банк Басқармасының қарауына жыл сайынғы негізде шығарылады.

  Бірыңғай жинақтаушы
зейнетақы қорының зейнетақы
активтерін басқаратын шетелдік
ұйымдарға қойылатын
талаптарды қоса алғанда,
бірыңғай жинақтаушы
зейнетақы қорының зейнетақы
активтерін басқару үшін қажетті
іс-қимылдар жасау өздеріне
тапсырылған кезде, оларды
таңдау қағидаларына
1-қосымша

Әлеуетті сыртқы басқарушыдан сұратылатын ең аз ақпарат

      1. Ұйымның қаралатын мандат түрі бойынша жұмыс тәжірибесі.

      2. Соңғы 5 (бес) жылдағы клиенттердің басқарудағы активтері, оның ішінде:

      1) басқарудағы жалпы активтер;

      2) қаралатын мандат түрі бойынша активтер;

      3) институционалдық клиенттердің активтері;

      4) орталық банктердің активтері.

      3. Сыртқы басқаруға берілген активтер үшін жауапты болатын портфельдік менеджерлер және клиенттермен байланыс жөніндегі менеджерлер туралы ақпарат.

      4. Портфельдік менеджерлер мен талдаушылар арасында соңғы 5(бес) жылда қызметкерлердің тұрақтамауы туралы ақпарат.

      5. Инвестициялық үдерістің, портфельді басқару әдістерінің, нарықты зерттеудің толық сипаты, қаржылық ақпараттың пайдаланылатын көздері немесе қаржы құралдарын бағалау үлгілері.

      6. Активтерді активтік басқару кезінде туындаған активтік нарық тәуекелінің үлгісін жүзеге асыру, мониторинг жүргізу және басқару әдістемесі туралы ақпарат (егер қаралатын мандат түрі активтерді активтік басқаруға жатса).

      7. Тәуекелдерді бақылау және басқару бойынша арнайы бағдарламалық қамтамасыз етудің болуы.

      8. Соңғы 5 (бес) жылдағы ұқсас немесе жақын эталондық портфель және мандат түрі бар портфельді басқарудың тарихи нәтижелері.

      9. Бухгалтерлік және талдамалық есептілікте қолданылатын кірістілікті, тәуекелді есептеу үшін пайдаланылатын бағдарламалық қамтамасыз етудің сипаты.

      10. Ішкі корпоративтік этиканың сипаты.

      11. Инвестициялық басқару шартының талаптары бұзылған жағдайда, сыртқы басқарушының Ұлттық Банктің алдындағы жауапкершілігі.

      12. Клиентті сыртқы басқарушының қателерінен қорғау үшін пайдаланылатын сақтандыру түрлері.

      13. Бас ұйымның кредиттік рейтингі (бар болса), сыртқы басқарушының сыртқы басқарушымен жасалған инвестициялық басқару шартының талаптарын сыртқы басқарушы орындамаған кезде зиянды өтеу туралы оның бас ұйымына кепілдігін беру мүмкіндігі, не тікелей бас ұйыммен инвестициялық басқару шартына қол қою мүмкіндігі, не Ұлттық Банк, сыртқы басқарушы және оның бас ұйымы арасында үшжақты инвестициялық басқару шарты түрінде.

      14. Клиенттер үшін ұсынылатын тренингтің талаптары.

      15. Басқару үшін комиссияның болжамды деңгейі туралы ақпарат.

      16. Сыртқы басқарушының қаржылық есептілігінің соңғы күнтізбелік жылдағы аудиторлық қорытындысы.

      17. Сыртқы басқарушының асыра пайдаланушылық және мүдделер қайшылығы тәуекелін төмендететін ішкі саясаттары мен рәсімдері, оның ішінде клиенттердің портфельдері арасында мәмілелердің тең құқылы және әділ бөлінуін қамтамасыз ету, сыртқы басқарушы брокерлерінің, агенттерінің және қарсы әріптестерінің тізімін және оларды бекіту рәсімін тексеру.

  Бірыңғай жинақтаушы
зейнетақы қорының зейнетақы
активтерін басқаратын шетелдік
ұйымдарға қойылатын
талаптарды қоса алғанда,
бірыңғай жинақтаушы
зейнетақы қорының зейнетақы
активтерін басқару үшін қажетті
іс-қимылдар жасау өздеріне
тапсырылған кезде, оларды
таңдау қағидаларына
2-қосымша

Әлеуетті сыртқы басқарушылардың ұсыныстарын салыстырмалы талдауға арналған бағалау өлшемшарттары


Өлшемшарттар

Өлшемшарттың маңыздылығы (пайызбен)

1

Портфельді басқарудың тарихи нәтижелері (аймақтық мандаттарға маманданған және ауқымды мандат бойынша басқарушыны таңдауға қатысатын әлеуетті сыртқы басқарушылардың ұсыныстарына салыстырмалы талдау жүргізген кезде көрсеткіштердің тиісті мандаттың қамтылуына қарай нормасы белгіленеді)

35


үстеме кірістіліктің соңғы 3–5 жылдағы орташа көрсеткіші (егер үстеме кірістілік көрсеткіші 5 жылдан кем кезеңде оң болса, көрсеткіштің 5 жылдық кезеңге қатысты нормасы белгіленеді)

40

ақпараттық коэффициенттің соңғы 3–5 жылдағы орташа көрсеткіші (егер ақпараттық коэффициенттің көрсеткіші 5 жылдан кем кезеңде оң болса, көрсеткіштің 5 жылдық кезеңге қатысты нормасы белгіленеді)

60

2

Активтер

10


осы мандат түрі бойынша активтер көлемінің басқарудағы жалпы активтерге қатысты пайызы (аймақтық мандаттарға маманданған және ауқымды мандат бойынша басқарушыны таңдауға қатысатын әлеуетті сыртқы басқарушылардың ұсыныстарына салыстырмалы талдау жүргізген кезде аймақтық мандаттар бойынша активтердің көлемі пайдаланылады. Бұл мәннің тиісті мандаттың қамтылуына байланысты нормасы белгіленеді)

65

институционалдық инвесторлардың активтері көлемінің басқарудағы жалпы активтерге қатысты пайызы

35

3

Команда

15


тиісті мандат бойынша активтерді басқаруға жауапты портфельдік менеджерлердің және талдаушылардың орташа жұмыс тәжірибесі

50

компания бойынша жалпы алғанда портфельдік менеджерлер мен талдаушылардың арасында мамандардың тұрақтамауы
 

50

4

Кредиттік мәртебе

5


егер бас ұйымның кепілдігі болса не инвестициялық басқару шартына бас ұйым қол қойса, онда бас ұйымның кредиттік рейтингі (S&P немесе Moody's), олай болмаған жағдайда шетелдік ұйымның кредиттік рейтингі (S&P немесе Moody's)

100

5

Басқару үшін төленетін комиссиялық сыйақының деңгейі

20

базалық комиссиялық сыйақының деңгейі

75

сыртқы басқарушы басқаруды бастаған күннен бастап өткен кезеңдердегі осыған ұқсас көрсеткіштерден асатын оң үстеме кірістілікке қол жеткізген жағдайда сыртқы басқару нәтижелері бойынша комиссиялық сыйақыны төлеу қағидатын (net new high basis since inception) қабылдау

10


сыртқы басқару нәтижелері бойынша комиссиялық сыйақыны есептеу басталатын үстеме кірістіліктің базалық комиссиялық сыйақыдан төмен емес ең төменгі шегін белгілеуді қабылдау

10


сыртқы басқару нәтижелері бойынша комиссиялық сыйақыны бірнеше жыл бойы бөліп-бөліп төлеу талаптарын белгілеуді қабылдау
 

5

6

Сервис

10


Ұлттық Банктің мамандарын оқыту

70

күн сайынғы есептілік

30

7

Тәуекелдерді бақылау және басқару бойынша мамандандырылған бағдарламалық қамтамасыз етудің болуы

2

8

Инвестициялық басқару шартының талаптары бұзылған жағдайда Ұлттық Банк алдында жауапкершілік қабылдау

3

  Бірыңғай жинақтаушы
зейнетақы қорының зейнетақы
активтерін басқаратын шетелдік
ұйымдарға қойылатын
талаптарды қоса алғанда,
бірыңғай жинақтаушы
зейнетақы қорының зейнетақы
активтерін басқару үшін қажетті
іс-қимылдар жасау өздеріне
тапсырылған кезде, оларды
таңдау қағидаларына
3-қосымша

Әлеуетті сыртқы басқарушының ұсынысын бағалау

      1. Сыртқы басқарушылардың ұсыныстарын салыстырмалы талдауға арналған бағалау өлшемшарттарында (бұдан әрі – Кесте) келтірілген, пайызбен көрсетілген тиісті үлестері бар барлық көрсеткіштер сомасы сыртқы басқарушының ұсынысын бағалау болып табылады.

      2. Қандай да бір көрсеткішті Кестеге енгізердің алдында мынадай формуланы пайдалана отырып көрсеткіштің қаралатын өлшемшарттағы ең үздік көрсеткішке қатысты нормасы белгіленеді:

      БНК = БК/СБКЕКМ, мұнда:
      БНК – басқарушының нормаланған көрсеткіші;
      БК – басқарушының көрсеткіші;
      СБКЕКМ – барлық сыртқы басқарушылар бойынша көрсеткіштің ең көп мәні.

      3. Егер сыртқы басқарушы мандаттың жарияланған түрі бойынша активтерді басқа мандаттың шеңберінде басқарса, онда осы активтерді басқарудың тарихи нәтижелерін басқа мандаттың шеңберінде бағалау жүзеге асырылады.

      4. Бас ұйымның және (немесе) сыртқы басқарушының кредиттік рейтингін бағалау кезінде мынадай көрсеткіштер жүйесі пайдаланылады:

Кредиттік рейтинг
(S&P)

Көрсеткіш

AAA

1

AA+

0,8

AA

0,7

AA-

0,6

A+

0,5

A

0,4

A-

0,3

ВВВ+

0,2

ВВВ

0,1

ВВВ-дан төмен

0

      5. Ұлттық Банктің қызметкерлерін оқытуды бағалау кезінде мынадай көрсеткіштер жүйесі пайдаланылады:

Тренинг талаптары

Көрсеткіш

Сыртқы басқарушы ұшу, тұру, тамақтану ақысын төлейді

1

Сыртқы басқарушы тұру, тамақтану ақысын төлейді

0,5

Сыртқы басқарушы тұру ақысын төлейді

0,2

  Бірыңғай жинақтаушы
зейнетақы қорының зейнетақы
активтерін басқаратын шетелдік
ұйымдарға қойылатын
талаптарды қоса алғанда,
бірыңғай жинақтаушы
зейнетақы қорының зейнетақы
активтерін басқару үшін қажетті
іс-қимылдар жасау өздеріне
тапсырылған кезде, оларды
таңдау қағидаларына
4-қосымша

Сыртқы басқарушы жұмысының тиімділігін бағалау көрсеткіштері

      Сыртқы басқарушының жұмысын бағалау кезінде субъективтілікті болдырмау үшін сыртқы басқарушыларды сандық және сапалық көрсеткіштерге сәйкес бағалау және балл қою негізгі мақсат болып табылады.

      Сандық көрсеткіштер:

      ақпараттық коэффициент (Information ratio):

Пайыздар

Ақпараттық коэффициент (Information ratio)

>1

3 балл

0,5 - 1

2 балл

0 - 0,5

1 балл

0

0 балл

(-) 0,5- 0

(-) 1 балл

(-) 1 - (-) 0,5

(-) 2 балл

<(-) 1

(-) 3 балл

      Сапалық көрсеткіштер:

      1) қызметкерлерді жылжыту (Staff turnover):

Пайыздар

Қызметкерлерді жылжыту
(Staff turnover)

> 30

(-) 0,5 балл

5 - 30

(-) 0,25 балл

0 - 5

0 балл

      2) операциялық тәуекел (Operational risk):

      операциялық қате салдарынан инвестициялық шектеулерді бұзудың әрбір фактісі үшін бағадан 0,2 балл алынады;

      есептілікті көрсетілген мерзімде жүйелі түрде (аяқталған күнтізбелік жыл ішінде 3 және одан көп рет) ұсынбаған жағдайда, бағадан 0,2 балл алынады;

      3) іскерлік этиканы сақтау (compliance with a Code of Business Ethics):

      сыртқы басқарушының іскерлік этиканы бұзудың әрбір фактісі үшін бағадан 0,5 балл алынады;

      инвестициялық басқару шартына сәйкес Ұлттық Банктің тапсырмаларын жүйелі түрде (аяқталған күнтізбелік жыл ішінде 3 және одан көп рет) уақтылы орындамаған жағдайда, бағадан 0,5 балл алынады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады