Көтермелеудің салалық жүйесін бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2017 жылғы 3 қарашадағы № 444 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 24 қарашада № 16010 болып тіркелді.

      Қазақстан Республикасы 2003 жылғы 20 маусымдағы Жер кодексінің 14-бабы 1-тармағының 16-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса берілген Көтермелеудің салалық жүйесі бекітілсін.

      2. Мыналардың:

      1) "Марапаттаудың салалық жүйесі жөніндегі нұсқаулықтарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Жер ресурстарын басқару агенттігі төрағасының міндетін атқарушының 2011 жылғы 25 тамыздағы № 175-ОД бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7217 болып тіркелген, "Егемен Қазақстан" газетінің 2011 жылғы 13 қазандағы № 493 (26885) санында жарияланған);

      2) "Марапаттаудың салалық жүйесі жөніндегі нұсқаулықтарды бекіту туралы" 2011 жылғы 25 тамыздағы № 175-ОД Қазақстан Республикасы Жер ресурстарын басқару агенттігі төрағасының міндетін атқарушысының бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Жер ресурстарын басқару агенттігі төрағасының міндетін атқарушының 2012 жылғы 20 қаңтардағы № 10-ОД бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7436 болып тіркелген, "Егемен Қазақстан" газетінің 2012 жылғы 26 маусымдағы № 346-351 (27425) сандарында жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электрондық түрдегі көшірмесінің ресми жариялау және Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесінің мерзімді баспа басылымдарына ресми жариялауға жіберілуін;

      4) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында ресми орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің орынбасары –
Қазақстан Республикасының
Ауыл шаруашылығы министрі
А. Мырзахметов

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
орынбасары – Қазақстан
Республикасы Ауыл
шаруашылығы министрінің
2017 жылғы 3 қарашадағы
№ 444 бұйрығымен бекітілген

Көтермелеудің салалық жүйесі

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Көтермелеудің салалық жүйесі (бұдан әрі – Жүйе) 2003 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 14-бабы 1-тармағының 16-1) тармақшасына сәйкес әзірленген және Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетінің (бұдан әрі - Комитет), жергілікті атқарушы органдардың, мемлекеттік кәсіпорындардың жұмыскерлерін (бұдан әрі – жер қатынастары саласының, геодезия және картография жұмыскерлері) көтермелеу рәсімдерін нақтайды.

      2. Көтермелеу жер қатынастары саласының, геодезия және картография жұмыскерлерінің еңбегін ынталандыру нысаны болып табылады.

      3. Жер қатынастары саласының, геодезия және картография жұмыскерлерін көтермелеу мақсатында көтермелеудің келесі түрлері белгіленеді:

      1) "Құрметті жерге орналастырушы" төсбелгісі;

      2) "Құрметті геодезист" төсбелгісі;

      3) "Құрметті картограф" төсбелгісі;

      4) "Үздік жерге орналастырушы" құрмет дипломы;

      5) "Үздік геодезист" құрмет дипломы;

      6) "Үздік картограф" құрмет дипломы.

      Төсбелгілердің сипаттамасы осы Жүйеге 1 - қосымшада келтірілген.

2-тарау. Көтермелеу үшін материалдарды дайындау

      4. Төсбелгілермен және құрмет грамоталарымен марапаттау жөніндегі ұсыныстарды қарау үшін Комитетте комиссия құрылады, оны комитет төрағасының орынбасары басқарады.

      5. "Құрметті жерге орналастырушы", "Құрметті геодезист" және "Құрметті картограф" құрметті атақтарымен және "Үздік жерге орналастырушы", "Үздік геодезист" және "Үздік картограф" құрмет дипломдарымен марапаттау туралы ұсыныстарды:

      облыстар, астана, республикалық маңызы бар қалалар, аудандар, облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің жетекшілік ететін орынбасарларымен;

      мемлекеттік кәсіпорындардың басшыларымен;

      Комитеттің тиісті құрылымдық бөлімшелерінің басшыларымен Комитетке енгізеді.

      6. Марапаттау туралы ұсыныс Комитетке осы Жүйеге 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша марапаттау парағын қоса бере отырып, мерекелік, мерейтойлық күндерге дейін 30 күнтізбелік күннен кешіктірілмей жіберіледі және комиссия келіп түскен күннен бастап 15 күнтізбелік күн ішінде қарайды.

      7. Жұмыскердің төсбелгілермен және құрмет дипломдарымен марапатталуға лайықтылығы және лайықсыздығы туралы шешімді Комиссия хаттамамен ресімделетін ашық дауыс беру арқылы, көпшілік дауыспен қабылдайды. Хаттаманың негізінде Комитет төрағасының марапаттау туралы бұйрығы шығарылады.

      8. Көтермелеудің ресми мәтіні мемлекеттік және орыс тілдерінде дайындалады.

3-тарау. Төсбелгілермен марапаттау шарттары

      9. "Құрметті жерге орналастырушы" төсбелгісімен саланы дамытуға жеке үлесін қосқан және жерге орналастыру саласындағы көп жылдық еңбегі үшін жер қатынастары саласының жұмыскерлері марапатталады.

      10. "Құрметті геодезист" төсбелгісімен саланы дамытуға жеке үлесін қосқан және геодезия саласындағы көп жылдық еңбегі үшін геодезия және картография саласының жұмыскерлері марапатталады.

      11. "Құрметті картограф" төсбелгісімен саланы дамытуға жеке үлесін қосқан және картография саласындағы көп жылдық еңбегі үшін геодезия және картография саласының жұмыскерлері марапатталады.

      12. Төсбелгілерімен жер қатынастары, геодезия және картография саласында кемінде жеті жыл жұмыс өтілі бар жер қатынастары, геодезия және картография саласының жұмыскерлері марапатталады.

      Ерекше жағдайларда төсбелгілермен жерге орналастыру, геодезия және картография қызметін жетілдіруге белсенді қатысқаны және инновациялық технологияларды енгізгені үшін басқа салаларда жұмыс істейтін адамдар марапатталады.

      13. Төсбелгімен марапатталған адамдарға осы Жүйеге 3-қосымшада көрсетілген сипаттамаға сәйкес куәлік беріледі.

      14. Төсбелгі кеуденің оң жағына мемлекеттік наградалардан төмен тағылады.

      15. Төсбелгімен қайта марапатталмайды.

4-тарау. Құрмет дипломдарымен марапаттау шарттары

      16. "Үздік жерге орналастырушы" құрмет дипломымен жерге орналастыру саласындағы мінсіз еңбегі, лауазымдық міндеттерін дұрыс және адал орындағаны үшін жер қатынастары саласындағы жұмыскерлер марапатталады.

      17. "Үздік геодезист" құрмет дипломымен жер қатынастары, геодезия саласындағы мінсіз еңбегі, лауазымдық міндеттерін дұрыс және адал орындағаны үшін геодезия және картография саласының жұмыскерлер марапатталады.

      18. "Үздік картограф" құрмет дипломымен картография саласындағы мінсіз еңбегі, лауазымдық міндеттерін дұрыс және адал орындағаны үшін геодезия және картография саласының жұмыскерлері марапатталады.

      19. Құрмет дипломдарымен осы салада кемінде үш жыл еңбек өтілі бар жер қатынастары, геодезия және картография саласының жұмыскерлері марапатталады.

      20. Бір адам екі рет құрмет дипломымен марапатталуға ұсыныла алмайды.

5-тарау. Қорытынды ережелер

      21. Төсбелгіні және құрмет дипломын тапсыру салтанатты жағдайда Комитет төрағасы жүргізеді немесе марапатталатын адам жұмыс істейтін ұжымда жүргізіледі.

      22. Жер қатынастары, геодезия және картография саласының жұмыскерлерін көтермелеген жағдайда, кадр қызметі қызметкердің еңбек кітапшасына бұйрықтың шыққан күні мен нөмірін көрсете отырып, тиісті жазба енгізеді.

      23. Жұмыскерлер мен еңбек ұжымдарын көтермелеудің барлық түрін есепке алуды Комитеттің кадр қызметі жүзеге асырады.

  Көтермелеудің салалық
жүйесіне 1-қосымша

Төсбелгілердің сипаттамасы

      "Құрметті жерге орналастырушы", "Құрметті геодезист" немесе "Құрметті картограф" төсбелгісі бір-бірімен сары түсті шығыршықпен қосылған қалып пен салпыншақ түрінде жасалған.

      Планкасы көгілдір түсті қатқыл лентасы бар сары түсті металдан (латунь) тік бұрышты пішінде жасалған.

      Салпыншақ сары түсті металдан (латунь) жасалған, диаметрі 3 см дөңгелек, фон күңгірттелген.

      Салпыншақ ортасында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туының символикасы күн шапағы орналасады. Фон жылтыр, әріптер мен суреттері шығынқы, күңгірттелген түрде болады.

      Медальдің жиегінде алтын түспен: "Құрметті жерге орналастырушы", "Құрметті геодезист" немесе "Құрметті картограф" жазулары орналасады, фоны күңгірттелген, әріптер мен суреттері шығынқы және жылтырақ.

      Төс белгінің сыртында (реверс) тіркеу нөмірі ойылып жазылған.

  Көтермелеудің салалық
жүйесіне 2-қосымша
  Нысан

      Қазақстан Республикасы

      _________________________________________

      (берілген жері)

МАРАПАТТАУ ПАРАҒЫ

      1. Тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда) _______________________________________

      2. Лауазымы, жұмысы, қызмет орны _________________________________________________

      (Ұйымның нақты атауын көрсету керек)

      3. Жынысы ______________________________________________________________________

      4. Туған жылы мен туған жері ______________________________________________________

      5. Білімі ________________________________________________________________________

      6. Ғылыми дәрежесі, ғылыми атағы __________________________________________________

      7. Үйінің мекенжайы ______________________________________________________________

      8. Жалпы жұмыс өтілі _____________________________________________________________

      9. Саладағы жұмыс өтілі ___________________________________________________________

      10. Жер қатынастары, геодезия және картография саласындағы еңбек өтілі _________________

      11. Кандидат айрықша сіңірген нақты еңбектері көрсетілген мінездеме ____________________

      ________________________________________________________________________________

      12. Кандидатура талқыланды және ұсынылды _________________________________________

      ________________________________________________________________________________

      (ұйымның атауы, талқыланған күні, хаттаманың номері)

      _________________________________________________________ марапатталуға ұсынылады

      (көтермелеу түрінің атауы)

      ________________________________________________________________________________

      (тегі, аты, әкесінің аты, бар болған жағдайда)

      ________________________________________                        __________________

      Басшы (тегі, аты, әкесінің аты, бар болған жағдайда)                        (қолы)

      жылғы "___"_______________

      (толтырылған күні)

      Мөрдің орны (бар болған жағдайда)

  Көтермелеудің салалық
жүйесіне 3-қосымша

Куәліктің сипаттамасы

      Куәлік көлемі 100х70 миллиметр көк түсті бүктемелі кітапша түрінде жасалып, мундиор материалынан дайындалады.

      Куәліктің сыртқы жағында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген, төмен жағында "Куәлік, Удостоверение" деген жазу бар.

      Ішкі сол жақ жапсырмада жазба бар:

      жоғарғы жағында – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті, Комитет по управлению земельными ресурсами Министерства сельского хозяйства Республики Казахстан.

      Куәліктің сол жақ бетінің ішкі жағында төсбелгінің суреті бар:

      Оң жақ жапсырмада мынадай мазмұндағы жазба бар:

      __________________________________________

      (тегі, фамилия)

      __________________________________________

      (аты, имя)

      __________________________________________

      (әкесінің аты, отчество (при его наличии)

      куәлік №____

      удостоверение

      Осы куәлік төсбелгісімен марапатталғаны жөнінде берілді ________________________

      Настоящее удостоверение выдано о том, что он (она) награжден (а) нагрудным знаком

      Төраға ____________________________________________________________________

      Председатель                              (тегі, аты-жөні, қолы)

      (фамилия, инициалы, подпись)

      " "_____________ _____ жыл

      Ескертпе: марапатталатын тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты жеке куәлігі бойынша толтырылады және міндетті түрде қазақ және орыс тілдерінде транскрипциясы көрсетіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады