Әйтеке би ауданында әлеуметтік көмек көрсету, мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау Қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Ақтөбе облысы Әйтеке би аудандық мәслихатының 2017 жылғы 9 маусымдағы № 132 шешімі. Ақтөбе облысының Әділет департаментінде 2017 жылғы 17 шілдедегі № 5597 болып тіркелді.

      Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің 56 бабының 1 тармағының 4) тармақшасына, Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6 бабына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына сәйкес, Әйтеке би аудандық мәслихаты ШЕШТІ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - Ақтөбе облысы Әйтеке би аудандық мәслихатының 20.07.2023 № 63 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      1. Қоса беріліп отырған Әйтеке би ауданында әлеуметтік көмек көрсету, мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау Қағидалары бекітілсін.

      2. Әйтеке би аудандық мәслихатының 2016 жылғы 14 қаңтардағы № 292 "Әйтеке би ауданында әлеуметтік көмек көрсету, мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау Қағидаларын бекіту туралы" (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 4733 тіркелген, 2016 жылғы 25 ақпанда "Жаңалық жаршысы" газетінде жарияланған) шешімінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Әйтеке би аудандық мәслихатының
сессия төрағасы
Л.Г.Бураханова
      Әйтеке би аудандық
мәслихатының хатшысы
Е.Таңсықбаев
      "КЕЛІСІЛДІ"
"Ақтөбе облысының жұмыспен
қамтуды үйлестіру және әлеуметтік
бағдарламалар басқармасы"
мемлекеттік мекемесінің басшысы
_________________Қ.Отаров
"____" ________________2017 жылғы

  Әйтеке би аудандық
мәслихатының 2017 жылғы
9 маусымдағы № 132 шешімімен
бекітілген

Әйтеке би ауданында әлеуметтік көмек көрсету, мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидалары

      Ескерту. Қосымша жаңа редакцияда - Ақтөбе облысы Әйтеке би аудандық мәслихатының 20.07.2023 № 63 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

1–тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Әйтеке би ауданында әлеуметтік көмек көрсету, мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидалары (бұдан әрi – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы №523 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына сәйкес әзірленді (бұдан әрi – Үлгілік қағидалар) және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – уәкілетті ұйым) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

      2) арнайы комиссия – мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      3) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      4) әлеуметтік көмек – ЖАО мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар), сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне орай ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек;

      5) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган – "Әйтеке би аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі;

      6) ең төмен күнкөріс деңгейі – "Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Ақтөбе облысы бойынша департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі есептейтін мөлшері бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға қажетті ең төмен ақшалай кіріс;

      7) жан басына шаққандағы орташа табысы – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;

      8) мерекелік күндер (бұдан әрі – атаулы күндер) – Қазақстан Республикасының кәсіптік және өзге де мерекелері;

      9) учаскелік комиссия – атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жасаған тұлғалардың (отбасылардың) материалдық жағдайына зерттеп-қарау жүргізу үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің шешімімен құрылатын арнаулы комиссия;

      10) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.

      3. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мезгіл-мезгіл (ай сайын, тоқсан сайын, жартыжылдықта 1 рет, жылына 1 рет) көрсетіледі.

      4. Әлеуметтік кодекстің 71-бабының 4-тармағында, 170-бабының 3-тармағында, 229-бабының 3-тармағында, "Ардагерлер туралы" (бұдан әрі – Заң) Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында, 11-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 12-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 13-бабының 2) тармақшасында, 17-бабында көрсетілген әлеуметтік көмек шаралары осы қағидаларда көзделген тәртіппен көрсетіледі.

2-тарау. Әлеуметтік көмек көрсету, мұқтаж алушылардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі

      5. Мереке күндеріне әлеуметтік көмек бір рет ақшалай төлем түрінде келесі санаттағы азаматтарға көрсетіледі:

      1) 9 мамыр – Жеңіс күніне орай:

      Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне – 2 140 000 (екі миллион бір жүз қырық мың) теңге мөлшерiнде;

      1986-1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай – ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдарға – 230 000 (екі жүз отыз мың) теңге мөлшерiнде;

      бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағын (бұдан әрі – КСР Одағы) қорғау, әскери қызметтiң өзге де мiндеттерiн басқа кезеңдерде атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттерде әскери қызметiн өткеру кезiнде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшiлерге – 230 000 (екі жүз отыз мың) теңге мөлшерінде;

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық сынақтардың салдарынан мүгедектік белгіленген адамдарға және мүгедектігі ата-анасының бiрiнiң радиациялық сәуле алуымен генетикалық байланысты олардың балаларына – 230 000 (екі жүз отыз мың) теңге мөлшерiнде;

      оқу жиындарына шақырылған және Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде жiберiлген әскери мiндеттiлерге – 230 000 (екі жүз отыз мың) теңге мөлшерiнде;

      1992 жылғы қыркүйек – 2001 жылғы ақпан аралығындағы кезеңде Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын күзетуді күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерді орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне – 230 000 (екі жүз отыз мың) теңге мөлшерiнде;

      1986-1991 жылдар аралығындағы Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілеріне, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағының ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына – 230 000 (екі жүз отыз мың) теңге мөлшерінде;

      бейбiт уақытта әскери қызметiн өткеру кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлердiң отбасыларына – 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерiнде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген қайтыс болған адамның екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығуы, жұмыста мертігуі және басқа да себептер (құқыққа қарсы келетіндерді қоспағанда) салдарынан болған мүгедектігі бар адам деп танылған, қайтыс болған Ұлы Отан соғысы қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына) – 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерiнде;

      1988 – 1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдарға - 230 000 (екі жүз отыз мың) теңге мөлшерiнде;

      Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі және мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерiнде;

      1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерiнде;

      қайтыс болған Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына) – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерiнде;

      Ауғанстандағы ұрыс қимылдарында қаза тапқан не сол кезеңде жараланудың, контузия алудың, мертігудің немесе ауруға шалдығудың салдарынан қайтыс болған екінші рет некеге тұрмаған әскери қызметшiлердiң жұбайларына – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерiнде;

      2) 30 тамыз - Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай:

      мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушы бірінші, екінші, үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға, он алты жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға және он алты жастан он сегіз жасқа дейінгі бірінші, екінші, үшінші топтағы мүгедектігі бар балаларға жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай бір рет – 50 000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      3) 16 желтоқсан - Тәуелсіздік күніне орай:

      Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысып, Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 14 сәуірдегі "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Заңымен белгіленген адамдарға - 120 000 (жүз жиырма мың) теңге мөлшерiнде.

      6. Ай сайынғы әлеуметтік көмек табысты есепке алмағанда:

      әлеуметтік мәні бар аурулары бар азаматтарға, атап айтқанда:

      амбулаторлық емдеудегі онкологиялық аурулармен ауыратын және туберкулез ауруынан зардап шегетін тұлғаларға – "Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы" мемлекеттік мекемесінің шаруашылық жүргізу құқығындағы "Әйтеке би аудандық ауруханасы" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны ұсынған тізімдеріне және адамның иммунитет тапшылығы вирусы тудыратын жұқпасы бар тұлғаларға "Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы" мемлекеттік мекемесінің шаруашылық жүргізу құқығындағы "Облыстық ЖИТС алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталығы" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорыны ұсынған анықтамаларға сәйкес, табысы есепке алынбай, ай сайын, бірақ жылына 6 (алты) айдан аспайтын уақытқа – 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.

      7. Бір рет берілетін әлеуметтік көмек алушыларға мынадай негіздер бойынша беріледі:

      1) жетімдік; ата-ана қамқорлығының болмауы; жасының егде тартуына байланысты, өзіне-өзі күтім жасай алмауы; бас бостандығынан айыру орындарынан босатылуы; пробация қызметінің есебінде болу - адамның (отбасының) ең төменгі күнкөріс деңгейі шамасының бір еселік мөлшерінен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынып, 80 000 (сексен мың) теңгеден артық емес мөлшерінде;

      2) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан зардап шеккен азаматтарға (отбасыларға) осы жағдай туындаған сәттен бастап алты ай ішінде табиғи зілзаланың немесе өрттің пайда болған жері бойынша жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай, 300 000 (үш жүз мың) теңгеден артық емес мөлшерінде;

      3) көп балалы отбасыларға, аз қамтылған азаматтарға, арызы бойынша, жан басына шаққандағы орташа табыстың біржолғы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын мөлшерін ескере отырып – 140 000 (жүз қырық мың) теңге мөлшерінде.

      8. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі, көрсетілетін әлеуметтік көмекті тоқтату және қайтару үшін негіздемелер Үлгілік қағидаларға сәйкес айқындалады.

      9. Мерекелік күндеріне және атаулы күндеріне әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей көрсетіледі.

      10. Әлеуметтік көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру Әйтеке би ауданының бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.

      11. Әлеуметтік көмек ақшалай түрде екінші деңгейдегі банктер немесе банктік операциялардың тиісті түрлеріне лицензиялары бар ұйымдар арқылы алушылардың шоттарына аудару жолымен көрсетіледі.

      12. Әлеуметтік көмектің артық төленген сомалары ерікті түрде қайтарылады, заңсыз алынған сомалар ерікті түрде немесе сот тәртібімен қайтарылуға тиіс.

3-тарау. Қорытынды ереже

      13. Әлеуметтiк көмек көрсету мониторингi мен есепке алуды уәкiлеттi орган "Е-Собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесiнiң дерекқорын пайдалана отырып жүргiзедi.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады