Әлеуметтік көмек көрсетудің оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Атырау облысы Атырау қалалық мәслихатының 2017 жылғы 14 тамыздағы № 144 шешімі. Атырау облысының Әділет департаментінде 2017 жылғы 07 қыркүйекте № 3941 болып тіркелді. Күші жойылды - Атырау облысы Атырау қалалық мәслихатының 2023 жылғы 27 қыркүйектегі № 55 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Атырау облысы Атырау қалалық мәслихатының 27.09.2023 № 55 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңының 6 бабына және "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы қаулысына сәйкес, Атырау қалалық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары осы шешімнің қосымшасына сәйкес бекітілсін.

      2. Осы шешімнің орындалуын бақылау тұрғындарды әлеуметтік мәселелері, гендерлік және жастар саясаты, заңдылықты сақтау және депутаттық этикасы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясына жүктелсін (М.Әмірғалиев).

      3. Осы шешім әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне еніп, ол алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      ХІV сессия төрағасы,
      қалалық мәслихат хатшысы Қ. Әзмұханов

  Қалалық мәслихаттың 2017 жылғы 14 тамыздағы № 144 шешіміне қосымша Қалалық мәслихаттың 2017 жылғы 14 тамыздағы № 144 шешімімен бекітілген

Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары

      Ескерту. Қосымша жаңа редакцияда - Атырау облысы Атырау қалалық мәслихатының 24.05.2022 № 166 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы әлеуметтiк көмек көрсетудің, оның мөлшерлерiн белгiлеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың қағидалары (бұдан әрi - Қағидалар) "Әлеуметтiк көмек көрсетудiң, оның мөлшерлерiн белгiлеудiң және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың үлгiлiк қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 қаулысына сәйкес әзірленді және әлеуметтiк көмек көрсетудің, оның мөлшерлерiн белгiлеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың тәртібін белгілейді.

      2. Осы қағидаларда пайдаланылатын негiзгi терминдер мен ұғымдар:

      1) "Азаматтарға арналған үкiмет" мемлекеттiк корпорациясының (бұдан әрі - уәкілетті ұйым) - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, жылжымайтын мүлікке құқықтарды оның орналасқан жері бойынша мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын заңды тұлға;

      2) арнайы комиссия - өмірде қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Атырау қаласы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      3) ең төмен күнкөрiс деңгейi - "Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі ұлттық статистика бюросының Атырау облысы бойынша департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі есептейтін мөлшерi бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бiр адамға қажеттi ең төмен ақшалай кiрiс;

      4) мереке күндері - Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      5) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы - отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;

      6) өмiрдегі қиын жағдай - азаматтың тыныс-тiршiлiгiн объективтi түрде бұзатын, ол өз бетiнше еңсере алмайтын ахуал;

      7) уәкiлеттi орган - "Атырау қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтiк бағдарламалар және азаматтық хал актiлерiн тiркеу бөлiмi" мемлекеттiк мекемесi;

      8) учаскелік комиссия – әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытындылар дайындау үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік әкімдерінің шешімімен құрылатын комиссия;

      9) шекті шама - әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.

      3. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін әлеуметтік көмек ретінде жергілікті атқарушы органмен (бұдан әрі - ЖАО) мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі - әлеуметтік көмек алушылар) өмірлік қиын жағдай туындаған жағдайда, сондай-ақ, атаулы және мереке күндерге ақшалай нысанда көрсететін көмек түсініледі.

      4. "Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабында және "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 2) тармақшасында, 11-бабының 2) тармақшасында, 12-бабының 2) тармақшасында және 13-бабының 2) тармақшасында көрсетілген адамдарға әлеуметтік көмек осы қағидаларда көзделген тәртіппен көрсетіледі.

      5. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын) көрсетіледі.

2-тарау. Әлеуметтік көмек көрсетудің, мұқтаж алушылардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі

      6. Мереке күндеріне әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын) ақшалай төлем түрінде келесі санаттағы азаматтарға көрсетіледі:

      1) 7 мамыр - Отан қорғаушылар күні:

      бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар (бүдан әрі – КСР Одағы) Одағының үкіметтік органдарының шешімдеріне сәйкес басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан Кеңес Армиясының, Әскери-Теңіз Флотының, Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің әскери қызметшілеріне, бұрынғы КСР Одағы Ішкі істер министрлігінің басшы және қатардағы құрамының адамдарына (әскери мамандар мен кеңесшілерді қоса алғанда) бір рет - 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      оқу жиындарына шақырылған және Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүріп жатқан кезеңде жіберілген әскери міндеттілерге бір рет - 150 000 (жүз елу мың) теңге және ай сайын - 35 000 (отыз бес мың) теңге мөлшерінде;

      Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүріп жатқан кезеңде осы елге жүк жеткізу үшін жіберілген автомобиль батальондарының әскери қызметшілеріне бір рет - 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлік тапсырмалармен ұшқан ұшу құрамының әскери қызметшілеріне бір рет - 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Ауғанстандағы кеңестік әскери контингентке қызмет көрсеткен, жарақат, контузия алған немесе мертіккен не ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған жұмысшылар мен қызметшілеріне бір рет - 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын қорғауды күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерін орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне бір рет - 150 000 (жүз елу мың) теңге және ай сайын - 30 000 (отыз мың) теңге мөлшерінде;

      Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға бітімгерлер ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне бір рет - 150 000 (жүз елу мың) теңге және ай сайын - 30 000 (отыз мың) теңге мөлшерінде;

      Таулы Қарабахтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілеріне, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына бір рет - 150 000 (жүз елу мың) теңге және ай сайын - 30 000 (отыз мың) теңге мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтің өзге де міндеттерін басқа кезеңдерде атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа да мемлекеттерде әскери қызметін өткеру кезінде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болған әскери қызметшілеріне бір рет - 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      қызметтік мiндеттерiн атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан не майданда болуына немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген мемлекеттерде қызметтік мiндеттерiн орындауына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болған бұрынғы КСР Одағының мемлекеттік қауіпсіздік органдарының және Ішкі істер органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына бір рет - 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағы Қорғаныс министрлiгiне, Ішкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарына әскери мiндеттілер жиындарына шақырылған, қоғамға жат көрiнiстерге байланысты төтенше жағдайлар кезiнде қоғамдық тәртiптi сақтау жөнiндегi міндеттерді орындау кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлердiң, басшы және қатардағы құрам адамдарының отбасыларына бір рет - 30 000 (отыз мың) теңге мөлшерінде;

      Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа да мемлекеттердегі ұрыс қимылдары кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруға шалдығуы салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшілердің отбасыларына бір рет - 100 000 (жүз мың) теңге және ай сайын - 15 000 (он мың) теңге мөлшерінде;

      бейбiт уақытта әскери қызметiн өткеру кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлердiң отбасыларына бір рет - 30 000 (отыз мың) теңге мөлшерінде;

      1979 жылғы 1 желтоқсан – 1989 жылғы желтоқсан аралығындағы кезеңде Ауғанстанға және ұрыс қимылдары жүргізілген басқа да елдерге жұмысқа жiберiлген жұмысшылар мен қызметшiлеріне бір рет - 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағы Мемлекеттік қауiпсiздiк комитетiнiң Ауғанстан аумағында уақытша болған және кеңес әскерлерiнiң шектеулі контингентінің құрамына енбеген жұмысшылары мен қызметшiлерiне бір рет - 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде.

      2) 9 мамыр - Жеңіс Күні:

      Ұлы Отан соғысына қатысушыларына, атап айтқанда, Ұлы Отан соғысы кезеңінде, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағын қорғау бойынша басқа да ұрыс операциялары кезінде майдандағы армия мен флоттың құрамына кірген әскери бөлімдерде, штабтар мен мекемелерде қызмет өткерген әскери қызметшілеріне, Ұлы Отан соғысының партизандары мен астыртын әрекет етушілеріне бір рет - 1 000 000 (бір миллион) теңге және ай сайын 15 000 (он бес мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне, атап айтканда Ұлы Отан соғысы кезеңінде майданда, ұрыс қимылдары аудандарында, майдан маңындағы теміржол учаскелерінде, қорғаныс шептерінің, әскери-теңіз базалары мен әуеайлақтардың құрылыс жайларында жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болған майдандағы армия мен флоттың әскери қызметшілеріне, Ұлы Отан соғысының партизандары мен астыртын әрекет етушілеріне, сондай-ақ жұмысшылар мен қызметшілеріне бір рет - 1 000 000 (бір миллион) теңге және ай сайын 15 000 (он бес) мың теңге мөлшерінде;

      майдандағы армия бөлімдерінің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгіленген жеңілдікті шарттармен зейнетақы тағайындау үшін 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда Ұлы Отан соғысы кезеңінде қызмет өткерген әскери қызметшілеріне, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы Ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына бір рет - 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия құрамына кірген әскери бөлімдерде, штабтарда, мекемелерде штаттық лауазымдар атқарған не сол кезеңдерде майдандағы армия бөлімдерінің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгіленген жеңілдікті шарттармен зейнетақы тағайындау үшін 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда болған Кеңес Армиясының, Әскери-Теңіз Флотының, бұрынғы КСР Одағының Ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік әскерлері мен органдарының ерікті жалдамалы құрамының адамдарына бір рет - 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия мен флоттың құрамына кiрген бөлiмдердiң, штабтар мен мекемелердiң құрамында полк балалары (тәрбиеленушiлерi) және юнгалар ретiнде болған адамдарға бір рет - 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      екiншi дүниежүзiлiк соғыс жылдарында шет елдердiң аумағында партизан отрядтары, астыртын топтар және басқа да фашизмге қарсы құралымдар құрамында фашистiк Германия мен оның одақтастарына қарсы ұрыс қимылдарына қатысқан адамдарға бер рет - 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағы Қатынас жолдары халық комиссариатының, Байланыс халық комиссариатының, кәсiпшiлiк және көлiк кемелерiнiң жүзу құрамы мен авиацияның ұшу-көтерілу құрамының, Балық өнеркәсiбi халық комиссариатының, теңiз және өзен флотының, Солтүстiк теңiз жолы бас басқармасының ұшу-көтерілу құрамының арнаулы құралымдарының Ұлы Отан соғысы кезеңінде әскери қызметшiлер жағдайына көшiрiлген және ұрыс майдандарының тылдағы шекаралары, флоттардың жедел аймақтары шегiнде майдандағы армия мен флот мүдделерi үшін мiндеттер атқарған қызметкерлерi, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының бас кезiнде басқа мемлекеттердiң порттарында еріксіз ұсталған көлiк флоты кемелерi экипаждарының мүшелерiне бір рет - 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Ленинград қаласындағы қоршау кезеңінде қаланың кәсіпорындарында, мекемелері мен ұйымдарында жұмыс істеген және "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтарға бір рет - 60 000 (алпыс мың) теңге мөлшерінде;

      Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңінде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердегі, геттолардағы және басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарындағы кәмелетке толмаған тұтқындарға бір рет - 1 000 000 (бір миллион) теңге мөлшерінде;

      1986-1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тікелей қатысқан адамдарға бір рет - 150 000 (жүз елу мың) теңге және ай сайын - 35 000 (отыз бес мың) теңге мөлшерінде;

      басқа елдердегі майдандағы әскери контингенттерге қызмет көрсеткен және ұрыс қимылдарын жүргiзу кезеңiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі не ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болған тиiстi санаттардағы жұмысшылар мен қызметшiлерге бір рет - 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      1944 жылғы 1 қаңтар – 1951 жылғы 31 желтоқсан аралығындағы кезеңде Украина КСР, Беларусь КСР, Литва КСР, Латвия КСР, Эстония КСР аумағында болған халықты қорғаушы жойғыш батальондардың, взводтар мен отрядтардың жауынгерлерi мен командалық құрамы қатарындағы, осы батальондарда, взводтарда, отрядтарда қызметтік мiндеттерiн атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы немесе мертігуі салдарынан мүгедек болған адамдарға бір рет - 60 000 (алпыс мың) теңге мөлшерінде;

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық сынақтардың салдарынан мүгедек болған адамдар және мүгедектігі ата-анасының бірінің радиациялық сәуле алуымен генетикалық байланысты олардың балаларына бір рет - 150 000 (жүз елу мың) теңге және ай сайын - 35 000 (отыз бес мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі және мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға бір рет - 100 000 (жүз мың) теңге және ай сайын - 10 000 (он мың) теңге мөлшерінде;

      1941 жылғы 22 маусым - 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталмаған адамдарға бір рет - 30 000 (отыз мың) теңге мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтің өзге де міндеттерін (қызметтік міндеттерді) атқару кезінде жаралануы, контузия алуы немесе мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан қаза болған (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшілердің, партизандардың, астыртын әрекет етушілердің, осы Заңның 4 - 6 баптарында аталған адамдардың отбасыларына бір рет - 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысында қаза тапқан, жергiлiктi әуе шабуылына қарсы қорғаныстың объектiлiк және авариялық командаларының өзiн-өзi қорғау топтарының жеке құрамы қатарындағы адамдардың отбасылары, Ленинград қаласының госпитальдары мен ауруханаларының қаза тапқан жұмыскерлерінiң отбасыларына бір рет - 30 000 (отыз мың) теңге мөлшерінде;

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және басқа да радиациялық апаттар мен азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі авариялардың зардаптарын жою кезінде қаза тапқан адамдардың отбасыларына бір рет - 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық сынақтардың әсеріне белгіленген тәртіппен байланысты болған сәуле ауруының салдарынан қайтыс болған немесе қайтыс болған мүгедектердің отбасыларына бір рет - 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысының қайтыс болған мүгедегінің немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне теңестірілген адамның екінші рет некеге тұрмаған жұбайына (зайыбы), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығу, жұмыста мертігу және басқа да себептер (құқыққа қайшы келетiндердi қоспағанда) салдарынан мүгедек деп танылған, Ұлы Отан соғысының қайтыс болған қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушiнің, "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған жұбайына (зайыбы) бір рет - 30 000 (отыз мың) теңге мөлшерінде;

      1988-1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдарға бір рет - 150 000 (жүз елу мың) теңге және ай сайын - 35 000 (отыз мың) теңге мөлшерінде;

      қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен, қайтыс болған) адамның асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақы төленетiн балалары мен басқа да асырауындағыларға бір рет - 30 000 (отыз мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысында қаза тапқан (қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен) жауынгерлердің ата-аналары және екінші рет некеге тұрмаған жесірлері; екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайы) бір рет - 30 000 (отыз мың) теңге мөлшерінде;

      3) 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституция күні:

      барлық топтағы мүгедектерге, он алты жасқа дейінгі мүгедек балаларға және он алты жастан он сегіз жасқа дейінгі бірінші, екінші, үшінші топтағы мүгедек балаларға жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай бір рет - 50 000 (елу мың) теңге мөлшерінде беріледі.

      7. Өмірлік қиын жағдайға тап болған мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын) көрсетіледі:

      1) барлық санаттағы мүгедектерге, жан басына шаққандағы орташа табысы Атырау облысы бойынша 2 (екі) еселік күнкөріс деңгейінен төмен болған жағдайда бюджетте көзделген қаражат шегінде бір рет - 50 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерде көрсетіледі.

      2) азаматқа (отбасына) өмірлік қиын жағдай туындаған сәттен бастап өтініш көрсету мерзімі алты айдан кешіктірмей дүлей зілзаланың немесе өрттің салдарынан оларға не олардың мүлкіне зиян келтіргені бойынша - тұрғын үй (тұрғын үй құрылысы) меншік иелерінің біріне 1500 (бір мың бес жүз) айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде біржолғы жәрдемақы төленеді;

      3) жан басына шаққандағы орташа табысы белгіленген шектен аспайтын отбасыларға (азаматтарға) ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста бір рет - 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      4) қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінен босатылған, сондай-ақ пробация қызметінің есебінде тұрған тұлғаларға табыстарын есепке алмай 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көрсетіледі.

      5) өмірлік қиын жағдайда, оның ішінде әлеуметтік мәні бар аурулардың және айналадағыларға қауіп төндіретін аурулардың салдарынан тыныс-тіршілігінің шектелуі деп танылған азаматтар (отбасы):

      қатерлі ісікке шалдыққан адамдарға жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай, бір рет 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіштер мөлшерінде.

      туберкулездің әр түрлі түрімен ауыратын науқастарға емдеу мекемесінің ай сайын ұсынатын тізіміне сәйкес, амбулаториялық ем алу кезеңіне отбасы табыстары есепке алмай 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әлеуметтік көмек белгіленсін.

      адамның иммунитет тапшылығы вирусын жұқтырып алған балаларға, Қазақстан Республикасы бойынша 2 (екі) ең төменгі күнкөріс мөлшерінде, ай сайын;.

      6) мүгедек балалардың ата-анасына немесе өзге де заңды өкілдеріне және 1-топтағы мүгедектермен еріп жүретін адамдарды санаторий-курорттық емдеуге жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай Үлгілік қағидалардың 13-тармағында көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып, өтініш негізінде 55 (елу бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көрсетіледі.

      Әрбір жекелеген жағдайда көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшерін арнайы комиссия айқындайды және оны әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындыда көрсетеді.

      8. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі Үлгілік қағидаларға сәйкес айқындалады.

      9. Мереке күндеріне әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей, уәкілетті ұйымның не өзге де ұйымдардың ұсынымы бойынша жергілікті атқарушы орган бекітетін тізім бойынша көрсетіледі.

      10. Әлеуметтік көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру Атырау қаласы бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүргізіледі.

      11. Әлеуметтік көмек ақшалай нысанда тиісті банк операциялары түрлеріне лицензиялары бар ұйымдарда ашылған банк шоттарына аудару жолымен екінші деңгейлі банктер арқылы жүзеге асырылады.

3-тарау. Қорытынды ереже

      12. Әлеуметтiк көмек көрсету мониторингi мен есепке алуды уәкiлеттi орган "Е-Собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесiнiң дерекқорларын пайдалана отырып жүргiзедi.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады