Бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі уәкілетті тұлға (бөлімше) туралы үлгілік ережені бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің 2018 жылғы 23 ақпандағы № 50 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 12 наурызда № 16550 болып тіркелді.

      "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" 1999 жылғы 23 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 4-3-бабының 12-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі уәкілетті тұлға (бөлімше) туралы үлгілік ереже бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік саясат департаменті:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электрондық түрдегі көшірмелерінің ресми жариялау және Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмелерінің мерзімді баспа басылымдарына ресми жариялауға жіберілуін;

      4) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ақпарат және коммуникациялар министрі
Д. Абаев

  Қазақстан Республикасы
Ақпарат және коммуникациялар министрінің
2018 жылғы 23 ақпандағы
№ 50 бұйрығымен бекітілген

Бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі уәкілетті тұлға (бөлімше) туралы үлгілік ереже 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, ведомстволардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың (Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметін қоспағанда) бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі уәкілетті тұлғаның (бөлімше) мақсатын, міндетін, функцияларын, құқықтары мен міндеттерін айқындайды.

      2. Бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі уәкілетті тұлға (бөлімше) лауазымы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітілген штат саны лимиттерінің шегінде құрылады.

      Бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі уәкілетті бөлімше немесе бөлінетін уәкілетті тұлға лауазымы қайта ұйымдастыру немесе жою жағдайларын қоспағанда, жоюға немесе мемлекеттік органның штаттық лауазымынан алып тастауға жатпайды.

      3. Бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі уәкілетті тұлға (бөлімше) өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" 1999 жылғы 23 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң), "Мемлекеттік қызмет туралы" 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі уәкілетті тұлға (бөлімше) тікелей мемлекеттік органның бірінші басшысына бағынады.

      5. Бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі уәкілетті тұлға (бөлімше) қызметінің ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

2-тарау. Бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі уәкілетті тұлғаның (бөлімше) мақсаттары, функциялары, құқықтары мен міндеттері

      6. Бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі уәкілетті тұлғаның (бөлімшенің) мақсаты мемлекеттік органдар құзыретіне жататын мәселелер бойынша ақпаратты уақтылы және сапалы тарату болып табылады.

      7. Бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі уәкілетті тұлғаның (бөлімшенің) міндеттері:

      1) мемлекеттік органның оң имиджін сақтау;

      2) мемлекеттік органда бірыңғай ақпараттық саясатты қалыптастыру үшін мемлекеттік органның бөлімшелері арасында тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету болып табылады.

      8. Бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі уәкілетті тұлға (бөлімше) келесі функцияларды жүзеге асырады:

      1) пайдаланушыларға мемлекеттік органның құзыретіне, сондай-ақ оның қызметіне жататын мәселелер бойынша анық және қажетті ақпарат беру;

      2) бұқаралық ақпарат құралдарында сұхбаттар, түсіндірмелер, жарияланымдар әзірлеуге жәрдемдесу;

      3) журналистерді және бұқаралық ақпарат құралдарының басқа да өкілдерін уақытша немесе тұрақты аккредиттеуден өткізу, сондай-ақ оларға мемлекеттік органның құзыретіне, сондай-ақ оның қызметіне жататын мәселелер бойынша ақпаратты неғұрлым толық және кеңінен тарату үшін жәрдемдесу;

      4) лауазымды адамдардың бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен баспасөз конференцияларын, брифингтерін, сұхбаттары мен кездесулерін ұйымдастыру;

      5) интернет-ресурстың қызметін техникалық қамтамасыз ету, оны кешенді реконструкциялау, дизайнын жетілдіру, жаңғырту және жаңа технологияларды енгізу мәселелері бойынша ұсыныстарды әзірлеу және енгізу;

      6) ақпараттарды пайдаланушылардан келіп түсетін сауалдарға уақтылы жауаптар дайындау;

      7) мемлекеттік органның және (немесе) оның бірінші басшысының интернет-ресурсында ақпарат орналастыру;

      8) таратылуына Қазақстан Республикасының заңдарында немесе заңды күшіне енген сот актілерінде тыйым салынған немесе өзге де түрде шектеу қойылған ақпаратты қоспағанда, мемлекеттік органның құзыретіне, сондай-ақ оның қызметіне жататын мәселелер бойынша ақпаратты барынша ашуға ықпал ететін өзге де функциялар болып табылады.

      9. Бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі уәкілетті тұлға (бөлімше):

      1) пайдаланушылардан келіп түскен сауалдарға жауап беру және мемлекеттік органның және (немесе) оның бірінші басшысының интернет-ресурсына ақпаратты орналастыру үшін қажетті ақпаратты құрылымдық бөлімшелерден сұратуға;

      2) интернет-ресурстың қызметін техникалық қамтамасыз ету, оны кешенді реконструкциялау, дизайнын жетілдіру, жаңғырту және жаңа технологияларды енгізу мәселелерін шешу мақсатында ақпараттандыру саласындағы сарапшыларды тартуға;

      3) бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті органның бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі уәкілетті тұлғағасынан (бөлімшеден) консультативтік қызметтер алуға;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен біліктілікті арттыру курстарынан өтуге;

      5) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтарға құқылы.

      10. Бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі уәкілетті тұлға (бөлімше):

      1) бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті органмен Заңның 4-3-бабы 12-2) тармақшасына сәйкес бекітілетін бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі уәкілетті тұлғаның (бөлімшенің) уәкілетті органмен өзара іс-қимыл жасау қағидаларына сәйкес өзара іс-қимыл жасауға;

      2) ақпаратты пайдаланушылардан келіп түскен сауалдарға уақтылы жауап беруге;

      3) мемлекеттік органның және (немесе) оның бірінші басшысының интернет-ресурсына ақпаратты уақтылы өзектендіруге;

      4) медиакеңістікте қоғамның теріс пікіріне әкелетін ақпарат анықталған жағдайда мемлекеттік органның бірінші басшысын уақтында хабардар етуге;

      5) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де міндеттерді сақтауға міндетті.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады