Консультациялар жүргізу қағидаларын және мерзімін бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 23 ақпандағы № 264 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 12 наурызда № 16552 болып тіркелді.

      "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" 2017 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің 65-бабы 15-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Консультациялар жүргізу қағидалары және мерзімі бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті (А.М. Теңгебаев) заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электрондық түрдегі көшірмесін Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдануын;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейінгі күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр Б. Сұлтанов

  Қазақстан Республикасы
Қаржы министрінің
2018 жылғы 23 ақпандағы
№ 264 бұйырығымен
бекітілген

Консультациялар жүргізу қағидалары және мерзімі 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Консультациялар жүргізу қағидалары және мерзімі (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" 2017 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 65-бабы 15-тармағына сәйкес әзірленді және әкелінетін тауарлардың Кодекстің 68 және 69-баптарына жауап беретін кедендік құнын айқындау үшін құндық негізді негіздеп таңдау мақсаттарында мемлекеттік кірістер органы мен декларанттың арасында консультациялар жүргізу тәртібін және мерзімін айқындайды.

      2. Консультацияларды жүргізген кезде мемлекеттік кірістер органы мен декларант коммерциялық құпия туралы Қазақстан Республикасының заңнамасы сақталған жағдайда өздерінің қолда бар ақпаратпен алмаса алады.

      3. Мемлекеттік кірістер органдары коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты заңсыз таратқаны және (немесе) пайдаланғаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауапкершілікте болады, ал осындай тарату және (немесе) пайдалану нәтижесінде декларантқа келтірілген залал Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес өтелуге жатады.

2-тарау. Консультациялар жүргізу тәртібі және мерзімі

      4. Мемлекеттік кірістер органы мен декларант арасындағы консультациялар, егер мемлекеттік кірістер органы тауарлардың кедендік құнын Кодекстің 68 және 69-баптарына сәйкес айқындаған жағдайда, тауарларды кедендік декларациялау кезінде олар шығарылғанға дейiн де, шығарылғаннан кейiн де жүргізіледі.

      5. Мемлекеттік кірістер органының лауазымды тұлғасы ақпараттық жүйе арқылы немесе жазбаша нысанда декларантты тауарларды кедендік тазарту сатысында не кедендік тексеруді жүргізу барысында консультациялардың жүргізілуі және осындай консультациялар шеңберінде декларантта қолда бар құжаттамалық расталған бағаланатын тауарларға біртекті немесе бірдей бағаланатын тауарлармен жасалатын мәмiленің құны туралы мәліметтерді, оның ішінде жазбаша түсіндірмелерді ұсыну мүмкіндігі туралы хабардар етеді. Сонымен қатар мемлекеттік кірістер органының лауазымды тұлғасы бағаланатын тауарларға біртекті немесе бірдей бағаланатын тауарлармен жасалатын мәмiленің құны туралы ақпарат болған кезде осындай ақпаратты декларантқа жолдайды.

      6. Декларант Кодекстің 68 және 69-баптарына сәйкес тауарлардың кедендік құнын айқындауға мүмкіндік беретін мәліметтер бар болған кезде осы ақпаратты электрондық немесе жазбаша нысанда мемлекеттік кірістер органына бір жиынтықпен (бір мезгілде) Кодекстің 193-бабына сәйкес тауарлардың шығару мерзімінен кешіктірмейтін не Кодекстің 417 және 418-баптарына сәйкес кедендік тексеру жүргізу мерзімінен кешіктірмейтін мерзімде табыс етеді.

      Егер осындай мәліметтер ұсына алмайтын және (немесе) жоқ болған жағдайда, декларант мемлекеттік кірістер органды осындай мәліметтердің жоқтығы туралы Кодекстің 193-бабына сәйкес тауарлардың шығару мерзімінен кешіктірмейтін мерзімде не Кодекстің 417 және 418-баптарына сәйкес кедендік тексеру жүргізу мерзімінде хабарлайды.

      7. Декларанттан алынған бағаланатын тауарларға біртекті немесе бірдей бағаланатын тауарлармен жасалатын мәмiленің құны туралы мәліметтерді, оның ішінде жазбаша түсіндірмелерді қолдану мүмкін болған жағдайда, мемлекеттік кірістер органының лауазымды тұлғасы оларды Кодекстің 68 және 69-баптарына сәйкес тауарлардың кедендік құнын айқындау кезінде назарға және есепке алады.

      8. Егер, декларанттан алынған бағаланатын тауарларға біртекті немесе бірдей бағаланатын тауарлармен жасалатын мәмiленің құны туралы мәліметтерді, оның ішінде жазбаша түсіндірмелерді, мемлекеттік кірістер органының лауазымды тұлғасы Кодекстің 68 және 69-баптарына сәйкес тауарлардың кедендік құнын айқындау кезінде қолданыла алмаған жағдайда, мемлекеттік кірістер органының лауазымды тұлғасы тауарлардың кедендік құнына қатысты шешімді оның иелігінде бар мәліметтер негізінде қабылдайды және бұл туралы ақпараттық жүйе арқылы немесе жазбаша нысанда декларантты хабардар етеді. Бұл ретте консультация аяқталған деп есептеледі.

      9. Осы Қағидалардың 6-тармағында көрсетілген мерзімде декларант сұрау салған мәліметтерді ұсынбаған жағдайда, мемлекеттік кірістер органының лауазымды тұлғасы тауарлардың кедендік құнына қатысты шешімді оның иелігінде бар мәліметтердің негізінде қабылдайды. Бұл ретте консультация аяқталған деп есептеледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады