Мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйесінің пайдаланушысы ретінде тіркелу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 28 ақпандағы № 321 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 14 наурызда № 16596 болып тіркелді.

      "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" 2017 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің 87-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына, 417-бабы 10-тармағының 2) тармақшасына және 419-бабы 4-тармағының 2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйесінің пайдаланушысы ретінде тіркелу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті (А.М. Теңгебаев) заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электрондық түрдегі көшірмелерін Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдануын;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр Б. Сұлтанов

  Қазақстан Республикасы
Қаржы министрінің
2018 жылғы 28 ақпандағы
№ 321 бұйрығымен
бекітілген

Мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйесінің пайдаланушысы ретінде тіркелу қағидалары 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйесінің пайдаланушысы ретінде тіркелу қағидалары (бұдан әрі – Қағида) "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" 2017 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің 87-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына, 417-бабы 10-тармағының 2) тармақшасына, 419-бабы 4-тармағының 2) тармақшасына сәйкес әзірленді және мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйесінің пайдаланушысы ретінде тіркелу тәртібін айқындайды.

      2. Мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйелері (бұдан әрі –МКО АЖ) арқылы тауарлардың кедендік декларациялауы жүзеге асырылатын веб-технологияларды қолдана отырып іске асырылады.

      3. МКО АЖ-де ішкі және сыртқы модульдер бар.

      4. МКО АЖ-гі ішкі модуль кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың және (немесе) сыртқы экономикалық қызметтердің субъектілері, оның ішінде уәкілетті экономикалық операторлар үшін қол жетімділіктері шектеулі болып табылады.

      5. МКО АЖ сыртқы модулі жалпыға бірдей қолжетімді болып табылады.

      6. МКО АЖ сыртқы порталы МКО АЖ жүйесі пайдаланушыларының тіркеуін қамтамасыз етеді.

      7. Осы Қағидаларда пайдаланылатын ұғымдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қолданылады.

2-тарау. Мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйелерінің пайдаланушысы ретінде тіркелу тәртібі

      8. Жаңа пайдаланушыларды тіркеу, егер МКО электрондық ресурстарына қол жетімділіктің ішкі қағидаларында өзгеше белгіленбесе, интернетке шыға алатын құрылғыдан МКО АЖ сыртқы модулінде Қазақстан Республикасының Ұлттық куәландырушы орталығының (бұдан әрі – ЭЦҚ ҰКО) электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы дербес жүргізіледі.

      9. МКО АЖ сыртқы модулінде тіркеу рәсімін өткен кезде:

      1) пайдаланушыға қатысты типті таңдау қажет:

      кеден өкілдері;

      кедендік тасымалдаушылар;

      уақытша сақтау қоймасының иесі;

      кеден қоймасының иесі;

      бажсыз сауда дүкенінің иесі;

      еркін қойма иесі;

      уәкілетті экономикалық оператор;

      өз тауарларын сақтау қоймасының иесі;

      зияткерлік меншік объектілерінің иесі;

      сыртқы экономикалық қызметтің субъектілері.

      2) жеке сәйкестендіру нөмірін/бизнес сәйкестендіру нөмірін көрсету;

      3) АЖ-ға бұдан әрі кіру үшін еркін нысанда пароль құру;

      4) электрондық пошта мекенжайын көрсету;

      5) пайдаланушыны сәйкестендіру үшін электрондық цифрлық қолтаңбаның сертификатын таңдау немесе МКО уәкілетті органынан логин паролді алу;

      6) электрондық цифрлық қолтаңба болған жағдайда онымен қол қоюды жүзеге асыру;

      7) АЖ-да тіркелуді растау үшін электрондық мекенжайға жіберілген сілтеме бойынша өту қажет.

      10. Пайдаланушыны тіркеу процесі АЖ-ның веб-порталында тіркелу расталғаннан кейін, аяқталған болып есептеледі.

      11. МКО АЖ-де тіркелу үшін сыртқы портал жұмыс істемеген жағдайда, МКО АЖ қолдау көрсету қызметіне жүгіну қажет.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады